Жарық нұрдың сәулесі

Хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) – рақымшылдық пен мейірімділік елшісі

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен

 Ардақты Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамзаттың ең толық шынайы үлгісі ретінде барлық адамдарға адал әрі мейірбан болды. Осындай мақтауға тұрарлық қасиеті бар асыл тұлға 23 жыл ішінде талай жүректі өз мектебіне ғашық етіп, адасушылық батпағынан тура жолға сала білді. Алланың мейірімі жалпыға ортақ болып, барлық адамдарды – мүміндерді де, кәпірлерді де қамтитыны сияқты, ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) барлық дәуірде және барлық жерде адам баласына рахымшылық етті. Сыбайлас жемқорлық пен қиратушылық, қатыгездік пен зорлық-зомбылық жер бетін жайлап, жан-жақтан соғыс оты лаулап, осы әлем алпауыттары әлсіздерге қысым көрсетіп жатқан қазіргі әлемде мейірімділік ұғымы өзекті болып табылады. Алла елшiсiнiң осы зұлымдықты, азапты, зұлмат күндердің бәрiн тоқтататын әрі тақуалардың билік етуіне алып келетін наным-сенім жүйесін алып келуінен асқан мейiрiм бар ма?! Әнбия сүресінің 105-аятында айтылғандай:«Расында Таураттан кейінгі Забурда: «Жерге игі құлдарым мұрагер болады» деп жаздық». Сондай-ақ, осы сүренің 107-аятында Пайғамбарымызға қаратылып: «Біз сені бүкіл әлемге рахмет етіп қана жібердік» делінген. Пайғамбар (с.ғ.с.) адамдарға құрметпен қарайтын, олардың теріс қылықтары мен абыройсыздықтарын елемей, басқалардың қателіктерін оңай кешіретін. Ол жүрегінде ешкімге кек сақтамаған әрі кек алуды жөн көрмеді. Нәпсінің қалаулары мен ішкі өкпе-реніштерден жоғары тұрған оның құдіретті жан дүниесі кек алудан гөрі кешірімділікті артық көрді.

Сондықтан, Құранда пайғамбардың (с.ғ.с.) «رحمه للعالمین» (рахмат-уль-алемин), яғни әлемге рақымды болуы оның ерекше белгісі ретінде ұсынылған. Пайғамбардың (с.ғ.с.) бұл сипаты үшін екі мазхабтың (сүннит, шиіт) тәпсіршілері үш негізгі мағынаны алға тартты, олар: жалпыға ортақ және мәңгілік, бақыт пен қайырлы ақырет және илаһи азаптан сақтану. Осы жағдайларды қарастыру нәтижесінде дүние жүзіндегі барлық адамдар, мейлі мүмін болсын, мейлі кәпір болсын, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мейіріміне борыштар және пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мақсаты соғыс, қантөгіс және кісі өлтіру емес деген қорытындыға келеді. Себебі ол ешқашан ешкімді қарғамаған және Құдайдан ешкімді жазалауын сұрамаған. Сондықтан, Пайғамбар (с.ғ.с.) әлемнің соңына дейін барлық уақытта және барлық жерде барша адамдарға рақым болып табылады; себебі оларға мәңгілік бақытқа жетуге көмектесетін нәрсені әкелді. Алланың сөзі Құран – Пайғамбардың мұғжизасы және Мұхаммедтің пайғамбарлығының ең айқын дәлелі. «Иджаз» сөзінің мағынасы «дәрменсіз ету» дегенді білдіреді және ол Құранда тікелей қолданылмаса да, қарсыластарына Құран сүресіне ұқсас он немесе тіпті бір сүрені айту ұсынылады және оны ешкім ешқашан жасай алмайтыны баса айтылады. Құран тарихы, мағынасы және ғылыми деректері жағынан иджазға ие және ол мәңгілікке жалғасады. Сонымен қатар, Мұхаммедтің шешендігі (с.ғ.с.) – бұл егер оған уәхи етілмеген болса, оған Жаратушы тарапынан жіберілген шабыт арқылы келген өнер екені сөзсіз және мұның бұлтартпас дәлелі – оның сөздерінің көркемдігінде. Оның шешендігі Құдай тарапынан берілген сый екені сөзсіз. Ол бос сөйлеген жоқ, сөзін жасанды құралдармен әшекейлеген жоқ. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қасиеті Құран туралы былай дейді: «Кім Құранды құрметтесе Алла Тағаланы құрметтегені, ал кім оны кемсітсе, Алланы кемсіткен болады». Сондай-ақ: «Құран саған болсын, оны өзіңе жолбасшы ет, өйткені ол әлемдердің Раббысының сөзі. Ол Одан шығады және Оған оралады, сондықтан олардың ұқсастығына иман келтіріп, оның нақыл сөздерінен кеңес ал».

Сегізінші имам әл-Реза (ғ.с.) имам әл-Кәзімнің (ғ.с.) сөзін келтіреді:

«Бір адам имам Жафар әс-Садықтан (ғ.с.) сұрапты: Құран қанша оқылып, қанша жарияланса да оның тазалығы мен балаусалығының арта түсетіні қалай? Сонда имам Садық айтыпты: «Себебі, Алла Тағала оны белгілі бір кезең мен адамдар үшін жаратқан жоқ, сондықтан, ол қияметке дейін әр жаңа дәуірде, әр халық үшін өзекті әрі жаңа болмақ».

Хазірет Әли (ғ.с.) да былай дейді: «Ең жақсы сөз болып табылатын Құранды оқып, оның жүректің қайнар көзі, жүректің емшісі екенін біліңіз. Оның жарығынан ем іздеңіз. Оны жақсы оқыңыз, себебі, ол ең пайдалы әңгімелер».

Швецияда қасиетті Құран Кәрімді қорлауға қатысты соңғы оқиғаларда көрнекті діни және саяси қайраткерлер мен түрлі жаһандық ұйымдар тарапынан айыптаулардың ауқымды толқыны орын алды. Осыған байланысты Иран Ислам революциясының мәртебелі жетекшісі аятолла Хаменеи Швециядағы қасиетті Құранға қатысты жағдайды қастандық және ащы әрі қауіпті оқиға деп атады.

Осыған байланысты ҚР президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының 78-ші Бас Ассамблеясының жалпы отырысында зорлық-зомбылық әрекеттері мен Құранның өртелуін айыптады. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының «Бейбітшіліктің жаңа күн тәртібін» құптай отырып, ол былай деп атап өтті: «…Бұл стратегиялық құжат әлемде белең алған сенімсіздік пен өшпенділікке қарсы тұруы керек. Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс…».

Әли Акбар Талеби Матин, ИИР-ның ҚР-дағы елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button