Жарық нұрдың сәулесі

Тапал ахун

Мәді-Дуана қожаның екінші ұлы Қылыштан, одан Ер Көшек – Таспақожа – Дөнен – Қадір (Қадірберді) ишан туған. Осы Қадір ишанның тоғыз баласының бірі Нұрмұхаммед. Лақабы – Тапал ахун. Туған жылы белгісіз, ал дүниеден 1922 жылы озған. Атақты діндар, ерекше ғұлама болған тарихи тұлға. Үргеніштің діни медресесін үздік бітіріп, кейін үш жүздің бірнеше руына пірлік еткен.

Тапал ахун деп аталу себебі, ол кісінің бойы аласа болса керек. Содан медреседе оқып жүргенде ұстазы қойған қандай сұрақ болмасын, басқа шәкірттер ойланып болғанынша Нұрмұхаммед мүдірмей дәлме-дәл жедел жауап беріп отырады екен. Мұнысына риза болған ұстазы: «Ә,Тапалым жарайсың!» деп арқасынан қағатын көрінеді. Содан бастап Нұрмұхаммед аты аталмай Тапал болып, кейіндері «дуалы ауыз» ұстазының арқасында Тапал ахун аталынып кетіп, халық ішінде осы лақабымен танымал болады.

Тапал ахун медресіні бітіріп, сол оқу орнында біраз жыл дәріс беріп тәжірибе жинайды. Сосын ұстазының ризалығын алып елге оралып қазіргі Шіркейлі кеншарында мешіт салдырып, бала оқытады. Бірте-бірте шариғатқа сүйеніп әділ билік айтып халыққа сыйлы, елге өте беделді болады. Пірлік етіп көптің көңілін табады, тақуалығы мен әділдігінің арқасында атағы жайылады.

Сыр бойындағы ғұлама оқымысты ахундардың дүниеден ең соңғы озғаны осы Тапал ахун. Ел ішінде сақталған әңгімелердің бірінде 1916 жылы Амангелді Иманов бастаған ақпатшаға қарсы көтеріліс кезінде қазақтар бастаған соғыстың әділдігін дәлелдеп, пәтуа бекітуге батыр өзінің сенімді сарбаздарымен Омар Шипинді (Сібір Омар) Тапал ахунның батасын алу үшін Торғайдан Сырға жібереді. Тапал ахун: «Бұл соғыс – әділ соғыс» деп батасын береді. Осының өзі оның өз заманында қандай ірі тұлға болғанын білдіреді.

Қазақстанның белгілі ақыны, аудармашы, «Мұхтасарды» тәржімалаған марқұм Әбіраш Жәмішев осы Тапал ахунның туған немересі.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button