Ақжал атты Мұзаппар ишан

Көкшетауда оншақты күн денсаулығын түзеп, Елордасына асығыс келген белгілі Мәдениет қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Әміреқұл Әбуов ағамызбен кездесуді мен де асыға күткенмін. Естеріңізде болса, осыдан біраз бұрын нағашы атасы Бөрбек Ахметұлы туралы айтып берген еді. Бұл жолғы әңгімемізге Қарлыбай аға да қосылып, әулие аталары туралы сыр-сұхбатқа ұласты.
–Қарлыбай аға: Әкем – Мұзаппар ишан Әбуов (Әбубәкір) 1888 жылы, сиыр жылында қазіргі Түркістан облысы Келес ауданы Бірлік совхозына қарасты Сырдария өзенінің жағасында «Жамантоғай» деп аталатын тоғайда туып өсіпті.
–Әмреқұл аға: «Жамантоғай»Түркістан облысының оңтүстігінде, Сырдария мен Келес өзендерінің алабындағы шағын жер атауы. Бір кездері судың екі жағасында өскен қамысты орып, үй тұрғызуға пайдалану үшін көрші елдерге тасиды екен.
–Қарлыбай аға:Ишан – әкесінен жалғыз өзі аман қалыпты. Әкесі – Әбубәкір (Әбу), анасы – Ұмсынбибі. Ол кісі де сейітқожаның қызы болыпты.
Әкеден жастайынан жетім қалған әкеміз бір ғасыр жасаған анасының қолында өскен. «Бір кем жүзге келіп қайтты» дейтін әкем. Дүниеден өтерінде анамыз «балалардың тұсауын кеспеңдер» деп, өсиет етіпті. Өйткені перзенттері тұрмаған соң, менің әкем туғанда тұсауын кеспеген екен, содан аман қалды деп сеніпті. Біздің әулет баланың тұсауын кеспейді.
-Әмреқұл аға: Анамыз ел сыйлайтын, «Бибі» деп атайды екен. Әкеміздің жас күні. Бұрындары сабантой өтетін, киіз үйлер тізгіп, мал сойылып, көкпар тартып, балуандар күш сынасып дегендей екі-үш күндей тойлайтын. Сол тойдың үстінде Ергеш әкеміздің 12-13 жасар кезінде Мұзаппар атамызды қарақұрт шағады. Арнайы тігілген ақшаңқан үйге іргедегі Өзбекстаннан келген кәтта молдалар -құрметті қонақтар түскен екен. Бәрі «мен шығарамын, мен шығарамын» дейді. Бес-алты молда ортаға алып қанша оқыса да қара құрттың уытын шығара алмайды. Арада 4-5 сағат өткенде тілі байлана бастағанын қорыққан атамыз «Анамды шақыр, (Атамыздың анасын) ырзашылығын алайын дейді. Үйге дейін 12 шақырымдай жер екен. Астында жақсы аты болған сонымен Ергеш шауып барған. Анасына айттым дейді. «Мұзаппар балаңыз қысылып, кетіп бара жатыр, жүріңіз» дейді. Анасы ана түйіншекті, мына түйіншекті ашып-буып, сандығын ақтарып жүріп алады. «Сенің түйіншегіңді неғылады, әкем кетіп жатыр» дейді шыдамы таусылады. «Әкең өлмейді» деп атқа мінгеседі. Үлкен кісі қатты жүріске жарамайды. Ылаждап жетсе, жағы қарысып атамыздан тіл кетіп қалған.
<span;>Ұмсынбибі асықпай жан-жағына қарап, самауырын қойып жүрген келіншектерге «бес самауырды тоқтатпастан бұрқыратып қайнатыңдар» деп бұйрық беріп үйге кіреді. Келсе, денесі құрысып қалған баласын айнала, молдалар отыр. «Әй дүмшелер, болдыңдар ма, оқып». Анамыз дауыстай сөйлеп, барлығын үйден шығарып жібереді. Қол-аяғы құрысып қалған баласын бөстекке жайғастырып, жан-жағын көрпе-жастықпен қоршап қойып отырғызады. Айтқанындай сақырлап қайнап тұрған алғашқы самауырынды алдырады. Аузына бір түйір дән салып, жағын күштеп ашып қайнаған судан жұтқызады. Қайнақ су құрысқан денесін бусантып, біраздан соң өзі іше алатындай шамаға келеді. Бір самауырынның суы сарқылғанда, кідіртпестен екіншісін алып келеді. Үшінші, төртіншісі біткенде атамыздың астына төстеген бөстек су болып ағып жатыр екен. Дереу киімін ауыстырып, құрғатып қайта киіндіреді. Әбден тері басылған кезде Мұзаппар атамыз беті бері қарап, тілге келіп, «Ана, маған не бердің?» деп сұрайды.
– Ей, сендердің әкелерің көреген еді. Бір күні болмаса бір күні балаларыма қарақұрт тиюі мүмкін. Сол кезде қайтаратын адам бола ма, болмай ма, қайтара алмаса осы дәріні беріп қайтарасың деп, табыстаған, деп жауап береді. Сандықтың түбіне жатқан дәрінің пайдасы сонда тиген екен. Оны «шахида» деп атаған, көкнәрдан алған дәрі болса керек. Қойдың құмалағынан үлкен екен.
–Қарлыбай аға:Атамыз бірінші және екінші дүниежүзілік соғысты көрді. Арасында болған ашаршылық, қуғын-сүргін жылдарды да басынан өткерді. Атамның өзінің айтысы бойынша, 1912 жылдардың шамасы. Болыстықтан біраз жігіттерді жинап, патша әскеріне көмек қол ретінде қара жұмысқа алып кетеді. Сол жігіттермен бірге атамыз да ібір-сібірді көріпті. Барған жерінде орман шетіндегі мұсылман татардың үйін паналайды. Бай біздің атамызға «жарамды жігіт екенсің» деп атқосшылыққа алады. Оны біраз паналап, қайтар жолын қамдап, еліне қайта оралған.
-Әмреқұл аға: Туған жері – Жамантоғайына аман жеткенде ел торығып, бай талау болып, қызыл белсенділердің наны жүріп тұрған кез екен. Әкемнің әкесі Мұзаппар ишан қожаның, молданың баласы ғой, жайына қойсын ба? Оны да НКВД аңдиды. Ол кісі күнделікті кешке жақын су жағалап, ау салады екен. Таңертең ауға түскен балықты өздеріне қарасты ауылдың отыз-қырық үйіне аяғымен барып, таратып шығады. Ізіне салып қойған НКВД адамы «бұл кісіні намаз оқымақ түгіл, әулие десе де болады. Тиісуге болмайды. Қаншама адамның несібесін өзі тауып, арқалап өзі апарып береді» деп әрі қарай түртпектемепті. Әкем ол кезде жас. Айтайын деп отырғаным, қуғын-сүргін кезінде кәмпескеге түскен 40-тан астам адамды Дариямен Кировке, Жетісайға өткізбек үшін айдап алып келеді. Сол күндері ауа райы бұзылып, Дария тербеліп тұрады. Тынымсыз жағаға ұрған толқынның басылуын күтіп, бес қызыл жағалының қарауында тұтқындар жіпсіз байланып қалады. Ел ішінде атуға алып кетіп бара жатқандар деген әңгіме тарайды. «Құдай адамды жаратқан болса бір күн болса да жейтін несібесі бар ғой» деп атамыз балықты қайнатып сорпасымен апарып береді. Алдында бергізбейді, кейін қызылжағалыларды көндірген екен. “Өздерің де жеңдер, мыналар да жесін” деп, күніге тамақ тасиды. Олар кәнігі қылмыскерлер емес, бірі бай, бірі орташа, бірі молда болса керек. Екі-үш күн өткенде таң азанымен атамның қолын қайырып үйінен алып кетеді. Жағдай былай болған екен. Дарияның тыншығанын күтіп отырғандардың арасынан бір әулет түгелімен қашып кеткен. 7-8 адам. Соны сен қашырдың, бұл жерді сен жақсы білесің. Балықшысың, қайығың бар деп атамды тұтқындардың арасына әкеліп байлап-матап тастайды. Осы кезді әкем де айтушы еді: Мен баламын әкемді байлап тастаған. Мына жақтан анам бар, мен бармын жақындай алмаймыз. Жақындайын десем ұзақтан қуады. Біздің көзімізше әкемізді ұрып-тебеді. Баламын ғой, шырылдап жылаймын. Содан не керек, дүрбелең басталады. Басшылары Шыназ деген жерде болса керек, сол жерге хабар береді. Атамның айтуы бойынша, «Ішімнен иманымды үйіріп жатқан едім, біздің жатқан жерді бетке алып үш атты келе жатты. Жақындағанда қарасам ортасындағы өз інім – Қызылкөз. Өзі милицада істейді. Алла Тағала бауырымды жіберіп жатыр екен деп өзіме келдім. Шені үлкені сол екен. Келді де, маған шүйіліп келіп, тілге келтірместен ұрып тастады. Наганын шүйдеме кезеп, «Атып жіберейін ба» деп екіленеді. Жиналған жұрт бір уыс болып қалды. Атып жіберсе қолдарынан ешкім алмайтынын бәрі біледі. Жатқан жерімнен тұрғызбастан кәдімгідей тепті.
-Мына жерде қырық-елу адамсыңдар, Осы ғой, иә қашырған, осы ғой деп сұрайды. Кәні кім куә болады? Айтыңдар, растасаңдар сендерге жеңілдік болады. Айнала тым-тырыс. Атып жіберейін ба? Маған қайтадан шүйлігіп теуіп кетеді. Бір кезде үрпиіп отырғандардың арасынан бір кісі шықты да:
-Әй, мен айтайын, мыналардың бәрі үндемей тұр ғой, қаштырған бұл емес. Кеткендердің барлығы менің бауырларым. Мен қашсам да өлемін, ажал келсе бұл жерде қалсам да өлемін, деп қалып қойдым. Артынан ерместен. Оларды қашырған мына өзіңнің қызыл жағалыларың. Өздері тұр ғой мені қаншама үгіттеді, ешкімге айтпайсың деп. Ал мына кісі қанша күн бізді тамақтандырды, сорпасын берді. Біз осындағы 40-50 адам көзімізше атқызып жіберейін деп отырмыз. Әй, құдайдан қорқу керек қой. Алланың алдында жауап береміз ғой,- деп сөзін аяқтайды. Қызылкөз әлгі бесеуін шақырып алып, қолындағы қаруын жоғарыға қарап атып-атып жібереді. -Мынаның айтып тұрғаны рас па, мойындамасаңдар тура осы жерде бесеуіңді де атып тастаймын,- дейді. Рас, босат! Қызылжағалылар, тізе бүгіп, қылшылбыр осы бесеудің мойынына ілінеді. Атамыз осылайша қатерден аман қалған. Бұдан кейін де бекерден жала жабылғанын білеміз.
–Қарлыбай аға:Қызылкөз – Зиннурайын, әкеме немере іні. Менің Мұзараппар әкемнің әкесі Әбубәкір (Әбу) болса Әбудің туған ағасы – Сәдір. Сәдірдің баласы Жапардың ұлы. Сонда немере інісі. Екінші дүниежүзілік соғыстан аман қайтып, рота командирі, аға лейтенант болған.
-Әмреқұл аға: Қызылкөз деген атпен танымал болған. Көзі өте өткір, біреуге «оһ» деп қараса мұрттай ұшатын болған. Көзі түскен мал да, адамда тұрмай қалатын дейді. Оның көзіне қарауға болмайды екен.
-Қарлыбай аға: Атамның айтуы бойынша 1945 жылғы соғыстан кейін әлі де Сталинның қаһары қайтпаған кезі. Ауылының бір барды көре алмайтын, оңбайтыны атамның үстінен жазыпты. «Бұл дінмен уландырушы қожа. Жұрттар үйінен жейтін нәрсе таба алмай отырса, бұл қожаның үйінде үш-төрт қап бидай бар, 5-6 сиыры мен он бес шақты қой бар». Онысымен қоймай, келіп мақтанып, «Мен сен қожаны құртамын» деп айтып кеткен.
-Алпыстан асқан уақытым еді. Енді шал бола бастағанымда, рахат көремін ба дегенде құдайдың бұл көрсеткені не болды, деп қырға шығып ойға батып отырғанымда көкжиектен бірнеше салт атты келе жатты дейді. Қырдан асып бері қарай ылдилап түскендердің астындағы аттары қып-қызыл, батқан күннің шапағына шағылысып көрінді ма, үстеріндегі киімдері де қып-қызыл. Иықтарында мылтық, белінде наган. Атам «лаган» деп айтатын. Өзімнің “Қызылкөзім” екен. Келе сала «көке, үстіңнен жазған қазақтың үйін айт» дегені. Ашуын басқанша, жазған адам келіп, соны “атам да атам” деп тұрғанда қорыққанымнан араға түстім. Қызылкөзімнің сұсы қатты ғой, әлгі бейшара, еңбектеп жылап еңіреп, жаздым-жаңылдым дейді. Қалтасынан суырып алған бір бет қағазды арызқойдың өзіне жыртқызды. Біздің Келес – Шыназ ауданы бергі жағында, осы аймақ өзіне қарайтын милициясы болғандықтан хат өзіне жетіп, жоғарыға жеткізбей, аман алып қалған еді,-деп айтып отыратын.
–Әмреқұл аға: Өмірі қауіп-қатерде өткен. Бірде Шыназ деген жерге базарға барады. Жолай атпен кешіп өтетін өткел бар екен. Сол тұстан ат шалдырып өтпек болғанда, тосыннан жол торыған қарақшы тарпа бас салады. Мені тонап суға лақтырып жіберемін деп әдейі күткен ғой. Ірі денелі сойқанмен алыса кеттім. Құдай күш беріп, жол аңдыған қарақшыны мен суға атып жібердім. Ар жағы Шыназ, тездетіп жетіп алып, демімді алып отырғанда әлгі қарақшы үсті-басы лай-батпақ болып кіріп келді. Қарасам, тұрпаты мен оны емес, мені лақтыратын адамның өзі. Құдай қолдап тұр ғой, мен оны жығыппын, Құдай мені сақтаған екен деп сонда тәубеме келдім» деуші еді.
– Қарлыбай аға:Атаның өзінің аузынан естігенім, атамыз бақуатты өмір кешкен, жүйрік баптап, көкпар шапқан. Бір көкпарда жығылған ба, ұрылған ба, басы қоймай ауыра беріпті. Атам науқасы үдеп бара жатқан соң жігіттерді жинапты. Басы сиятындай етіп шұқыр қаздырыпты. Қолдарына бір-бір тоқпақ ұстатыпты. Мықты етіп бекіткен бақанға аяғын матаған арқанның екінші ұшын ашасынан жіберіп, көтеріңдер дейді. Аяғын аспаннан келтіріп ақанды тартқан кезде, басын шұқырға тіреп, жан-жағынан тоқпақпен ұрғызып, топырақты нығыздапты. Бір кезде болды деп, миы жайына түскен кезде айтса керек.
–Әмреқұл аға: Осындай ем болғанын естіген едім. Атамызды бақан асырып байласа, кейде шаңырақтан арқан тартып, науқас адамның басын киіз үйдің ортасына қазылған шұңқырға тигізу арқылы нәтижеге қол жеткізген. Мұндағы емге шипа дұғада болса керек. Ондай ілімді аталарымыз өзімен бірге алып кетті.
– Қарлыбай аға: Шымкент облысының әкімінің орынбасары Ислам Әбішев деген жұмыс істеді. Кейін су ресурсының министрі болды. Соның әкесі қайтыс болғанда оның інісі – Ералхан Әбішев әнші біздің сыныптасымыз. Бес-алты жігіт жиналып сол әкесінің қырқына бардық. Біздер ақсақалдар отырған үстелге қосты. 12 адамдық үстел ғой. Соның ішінде бір кісі сөйлеп отырды. Әуелбек Әбішев деген екен. Сосын Әбішевтермен туысқансыз ба деп сұрадық. Жоқ, фамилиясы ұқсас, өзі бір рудың басшысы, елдің алдында жүрген адам екен. Қай жердің жігітісіңдер? Бізден жөн сұрады. Ол кезде Шымкент облысы Келес ауданының Бірлік деген совхозының жігіттеріміз дедік. Ералхан құрдасымызға көңіл айтып келдік деп түсіндірдік. Әуелбек қажы жөн сұрай бастады. Көбіміздің әкемізді таныды. Маған кезек келгенде менің әкем шал кісі, қызмет басында болған жоқ, танымайтын шығар деп ойланып отырғанмын. Сұраған соң: Мұзаппар қожаның баласымын дедім. -Айналайын, жарықтық Ақ жал атты Мұзаппар ишанның баласысың ба? Мен сенің атаңды өз көзіммен көргенмін. Сонда болған оқиғаны айтайын деп сөз бастады.
Дарияның жағасында үлкен көкпар болды. Атаңның ақжал аты бар еді. Ол кісінің баланы сүндетке жатқызатынын білетінбіз, қалтасын барлық құралдары мен өткір бәкісі жүреді. Содан бір шабандоз өзінен өзі атының басын Дарияға қарай бұрып, қамшылай бастады. Аты тартыншақтайды. Қоймастан қамшылайды. Әй, мынаған не болды деп барлығымыз таң қалып тұрмыз. Көкпарды тақымына қысып алған күйінде жүйткіп барады. Сол кезде Мұзапапар атамыз артынан қуып жетіп, атпен қатарласып шауып, қалтасынан бәкісін алып шабандоздың білегінен тіліп жіберді. Қан судай атты. Екпінімен жағаға жетіп, қаны суға түсті. Аттың басын өзі тартып, бері қарай шықты. Аңтарылған жұрт не болғанын сұрағанда, ештеңе білмейді, бір дауыс шақырды да тұрды деп айтты. Су перісі ма, кім біледі, шақырып тұрған. Суға қан тамды. Содан азат болған шығар кім біледі? Мұзаппар ишанның осындай көрегендігі бар еді, соның арқасында шабандозды бір қатерден аман алып қалды деді.
Дастархан басындағылар Әуелбек қажының әңгімесін риза болып тыңдап отырды. Әкемнің жақсылықтарын естіп, менің де төбем көкке жетті.
Осы менің әкем Мұзаппарешан өзінің ақ жал атымен.
Ал мына суретте-төмендегі екі кішкенелер,оң жақта мен сол жақта менен2-жас үлкен Зарипа әпкем, ортада Мұзаппарешан және менің шешем Бүзірікешанқызы Тазагүл,оң жақта Ергеш көкемнің қызы Оразгүл әпкем сол жақта Музаппарешан қызы Гүлзада.
Шежіре

41-Мухамметәлі сейіт
42-Умбетәлі сейіт
43-Бөбейсейіт
44-Шахимардансейіт
45-Білалсейіт
46-Абубакірешан (Абу)
47-Мұзаппарешан
48-Ергешқожа,Қарлыбайқожа






