Ел аузында жүрген сөз

ТӨРЕНІҢ ЖЕРІ БОЛМАЙДЫ, ЕЛІ БОЛАДЫ,
ҚОЖАНЫҢ ЖҰРТЫ БОЛМАЙДЫ, МҰРТЫ (МҮРИТІ) БОЛАДЫ
Оңтүстік Қазақстан облысының қазіргі Отырар ауданы жеріндегі Маңғытай руының Шытты деген қонысын атқамінерлер өздеріне қаратып алмақ болыпты. Мұндай зорлыққа ел наразылық білдіріп, «сөзімізді сөйлесін» деп туыс, ұраны бір Маңғытай, Саңғыл руларының қамқоры Дүйсенбіні шақыртады. Шытты үшін сөз сайысы ұзаққа созылады. Әкім ұлықтар:
– «Маңғытай – бай ел, қонысы көп, сол үшін жерден таршылық көрген төрелер ме қожаларға Шыттыны қисын», – дегенді айта беріпті. Сонда Дүйсенбі: «Төренің жері болмайды, елі болады, қожаның жұрты болмайды, мұрты (мүриті) болады. Шытты – ата бабамнан қалған жер, оны қандассам да, жаулассам да ешкімге бермеймін», – деп отырып алады.
Сонда Шыттыға сұқтанғандар Дүйсенбінің уәжіне қарсы ештеңе айта алмай, амалсыз райынан қайтқан екен.
Жоғарыдағы сөз тіркесінің ел аузында «Төре ел иесі болғанда, қара қазақ – жер иесі», «Қара халыққа – хан ие, қара жерге – халық ие» деген нұсқалары да бар. Бұл сөз тіркесін белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділов былайша түсіндіреді: «Қазақта: «Төре ел иесі болғанда, қара қазақ – жер иесі» деген сөз бар. Бұл «Төреде меншікті қоныс жоқ, қай елді билесе, соның жерін жайлап жүре береді» дегенді білдіреді».
Сол сияқты негізі арабтан тарайтын қожалар да ел аралап, дін таратып, дін орындарын басқарғанымен, ел, жұртқа билігі жүре бермеген.
СЫРЛЫ СОЗАҚ
Әлеуметтік желіден алынды





