Бисмиллаһиррахманиррахим
1-хикмет
Бисмилла деп баян еттім, хикмет айтып,
Талибтерге дүрр гауһарын шаштым, міне,
Құлдық ұрып, қайғы жұтып, беттен қайтып
«Дәптер сана» бар сырымды аштым, міне.
Сөзімді айтам, кімдер болса дидар талап,
Ашық сөйлеп жан ашырдай жанға балап,
Ғаріп, пақыр жетімдердің көңілін аулап,
Пейілі бөтен халайықтан қаштым міне.
Қайда жүрсең көңілі жұмсақ сырдаң болғыл,
Мүсәпірлер жолда қалса, қорған болғыл
Махшар күні дәргәһіна құрбан болғыл,
Менменсіген меңіреулерден қаштым міне.
Ғаріп, пақыр, жетімдермен Расул тұрды,
Дәл сол күні Миғраж шығып дидар көрді,
Жерге түсіп пақырлардың халін білді,
Мен де сол ғаріптікке түстім міне.
Үммәт болып, кем-тарлардан алғыс алғыл,
Аят, хадис айтқандарға құлақ салғыл,
Ризық, несібе не берсе де, қанағат қыл,
Мен де солай сыр шарабын іштім міне.
Мәдинаға Расул барып болды ғаріп,
Ғаріптықтан михнат тартып болды хабиб.
Жапа тартып Жаратқанға қолды жайын,
Мүсәпірдей тар жол-тайғақ кештім міне.
Ақылды алсаң ғаріптардың көңілін аула,
Мұстафадай, жетімдердің жанын жаула,
Дүниепарас пасықтарға үйір болма,
Бойды жиып дария болып тастым міне.
Ғашық сырын Тәңірге ашу маған тиді,
«Топырақ қылам, әзір бол»-деп мойнымды иді,
Исрафілдей бұрқыраған уахи келді,
Қаусап қалдым, қалмады еш ұсқын міне.
Ділім өатты, тілім ащы, өзім залым,
Құран оқып, мойынсұнбас жалған ғалым,
Ғаріп жанды құрбан қылар жоқ дүр халім,
Хақтан қорқып отқа түспей пістім міне.
63-ке жасым жетті, өттім ғафіл.
Хақ әмірін қатаң тұтпай өзім жәһіл,
Руза намаз қазақ қылып болдым күпір.
Иман іздеп Жақсылардан күстім міне.
Уа, дариға, махаббаттың дәмін тарттпай,
Дүние-мүлік, малдан-жаннан аулақ қашпай,
Күнә толы кір-қоқыстан бойды тартпай,
Шайтанға еріп, жан берерде састым міне.
Иманыма пәнжім ұрып қалды бірақ,
Кәміл пірім: дайын бол деп жақты шырақ,
Шайтан малғұн менен қашып кетті жырақ,
«Бихамділла», иман нұрын құштым міне.
Кәміл пірім қызметіңде зыр жүгірдім,
Зыр жүгіріп кірпік ілмей, әзер тұрдым.
Медет қылды, әзәзілді ұстап-ұрдым,
Одан кейін қанат қағып ұштым міне.
Ғаріп-пақыр, жетімдерді қылғыл шадман,
Қалқа болып, ғазиз жаның болсын құрбан,
Асың болса жаныңменен қылғыл мейман,
Хақтан естіп, бұл сөздерді айттым міне.
Ғаріп-пақыр, жетімдерді сыйлап тұрар,
Пенделерге риза болар Пәруәрдігер,
Ей, бейхабар сен бір себеп, Өзің асырар.
Хақ Мұстафа хадисінен айттым міне.
Жеті жаста Арслан бапты таптым аман,
«Хақ Мұстафа аманатын бер» -деп маған,
Ол кезде мен 1001 зікір еткем тамам,
Нәпсім өліп, Ләкәманға ұштым міне.
Құрма беріп, басым сипап назар салды,
Сәлден кейін, Мәңгілікке сапарланды,
Хош айтысып тәннен бөліп шыбын жанды.
Ұлығатты мектеп көріп, қалдым міне.
«Іннә фәтахнаны»* оқып алып мағына білдім,
Нұрға шомып, естен танып, дидар көрдім.
Ұстаз ұрысып: «Тоқтат!»-деді үн қатпадым,
Жасым төгіп, жаутаң қағып тұрдым міне.
«Ей, балақай, солай»-деді айтты, білдім,
Содан кейін шөлдер кезіп хақты іздедім.
Қуаттанып Әзәзілді жайдақ міндім,
Салмағыммен белден басып ездім міне.
Зікірін таусып, өттім міне диуанаға,
Хақтан өзге тіл қатпадым тірі жанға,
Жарық іздеп шәкірт болдым пәруанаға,
Ақырында, күйіп-жанып, өштім міне.
Атын дұрыс атай алмай, «Лә-лә» дедім,
Алла атын айта-айта, «іллә» дедім,
Ақырында тілім келіп, Алла дедім,
«Фанафи алла»*-мақамына бастым міне.
… Мүһмін түгіл, кәпірге де берме азар,
Көңіл қара, ділі арамды құдай табар,
Құдай ақы! Ондай құлға дозақ даяр!
Даналардан бұл сөзді естіп айттым міне.
Сүннеттерін берік ұстап үммәт болдым,
Жер астына жалғыз еніп нұрға толдым,
«Хақ парасат» мақамына әбжіл болдым,
Найза ұшына ит нәпсіні шаныштым міне.
Нәпсі мені жолдан бұрып қор қылды ғой,
Телміртумен халайыққа зар қылды ғой,
Зікір айтпай сұм шайтанға пар қылды ғой,
Қу нәпсінің басын енді ездім міне.
Құл Қожа Ахмет ғафілдықпен күнің өтті,
Уа қасірет, көзден, тізден қуат кетті.
Қайғым үдеп, өкініштің уақыты жетті,
Амалым жоқ, керуен болып көштім міне!
2-хикмет
Аяу, достар, құлағың сал мына сөзге,
Не себептен 63-те ендім жерге?
Мағражда Хақ Мұстафа рухым көрді,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Хақ Мұстафа Жебрейілге қойды сауал:
«Бұл неліктен тәнге кірмей тапты кәмал?
-Көзі жаста, халқы бірге, жаны адал!..»
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Жебрейіл айтты:»Үммет ісі сізге бір Хақ,
Көкке шығып, періштеден алар сабақ,
Нала қылса сыйлар оған «Жеті табақ»,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
«Перзентім» деп хақ Мұстафа қылды кәләм,
Одан кейін барша әруақ берді сәлем.
«Нұр дариядай толып, тас» деп айтты маған,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Рахымына пида болдым уахи келді,
Зікір салдым, жан-дүнием балқи берді.
«Перзентім» деп Хақ Мұстафа үлес берді.
Сол себептен 63-те ендім жерге.
«400 жылдан кейін шығып үммәт болғай,
Өмір бойы жасап елге басшы болғай,
144 мың мұждаһидтер қызмет қылғай»
Сол себептен 63-те ендім жерге.
9 ай, 9 күнде жерге түстім,
Тоғыз сағат тағат таппай көкке ұштым,
Ғаршы-гүрсі баспалдағын барып құштым,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Ғарышта мен намаз оқып, тізе бүктім,
Ризалықпен Хаққа қарап жасым төктім,
Жалған ғашық, сұм сопыны жүндей түттім,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Жаннан кешпей үһілеудің бәрі жалған,
Жалтақтардан жөн сұрама, жолдан қалған,
Жаны адалды әр уақытта қолдайды Аллам,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Бір жасымда әрауақ маған аян берді,
Екі жаста пайғамбарлар келіп көрді,
Үш жасымда шілтен келіп халім білді,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Төрт жасымда Хақ Мұстафа хұрма берді,
Адал пейіл жолға салдым қанша елді,
Қайда жүрсем Қызыр бабам бірге жүрді,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Бес жасымда белді буып тағат қылдым,
Руза тұтып, намаз оқуды әдет қылдым,
Ертелі-кеш зікір салып мадақ қылдым,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Алты жаста тұра қаштым халайықтан,
Көкке шығып, дәріс алдым мәләйіктан,
Күдер үзіп пәни дүние ғажайыптан,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Жеті жаста Арслан бабам іздеп тапты,
Кемісімді көрген замат бүркеп жапты
«Бихамділла, көрдім-ау» деп бетімді өпті,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Арслан баптан алды ажал «Аманатты»
Хор қыздары ақ торғынмен бетіп жапты,
70 мыңдай періште кеп зар жыласты,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Жаназасын оқып, жерден алды олар,
Бір мезетте ұжмақ жайға барды олар,
Рухын алып, жәннат сарай салды олар,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Алла оған жер астынан мекен етті,
Мәңкүр-нәңкүр:Кім раббің?-деп келіп жетті,
Арслан бабам:-Ислами!-деп баян етті,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
…Ақылды алсаң, жараңдарға қзмет қылғыл,
Адал жолды тұтқандарға ізет қылғыл,
Арамдықтан қайтқандарға құрмет қылғыл,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Сегізімде сегіз тарап жол ашылды,
Хикмет айт-деп басым ғажап нұр шашылды,
Бихамділла, Кәміл пірім бал таттырды.
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Кміл пірім: -Мұстафаны шәксіз білгін,
Қайда жүрсең уағызына тағзым қылғын,
Жалбарынып Мұстафаға үммәт болғын,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Тоғызымда толық түстім тура жолға,
Тәбәріктей алып жүрді қолдан-қолға.
Қуанбадым бұл сөздерге, жүрдім зорға,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Он жасыңда оғлан болдың, Құл Қожа Ахмет,
Қожалыққа мойын бұрдың бұл ғанибет.
Енді келіп жолда қалсаң, сол қасірет!
Сол себептен 63-те ендім жерге.
3-хикмет
Сұхбат әуез сыбырласа құлағыма,
Көңілім қалап зікір айтып жүрдім міне,
Ынтасыздар ермей қалды, көрдім жолда,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Он бірімде нұр дария толып тасты,
«Алла»-дедім, шайтан менен жырақ қашты,
Әуейілік, менмендікте белден асты,
Сол себептен 63-те ендім жерге.
Он үшімде нәпсі аранды қолға алдым,
Қу нәпсіме жүз мың бәле айдап салдым,
Тәккәббарды табаныма байлап салдым,
Он төртімде қара жердей болдым міне.
Он бесімде хорлар маған қарсы жүрді,
Басын иіп, қол қусырып, тағзым қылды.
«Фардус» атты ұжмақ жайдан хабар келді,
Дидар үшін барлығында қойдым міне.
Он алтымда барлық әруақ қоршалады,
«Сіз ғой бізге тәбәрік»-деп ортаға алды,
Перзентім деп құшып-сүйіп көңілімді алды,
Он жетімде Түркістанда тұрдым міне.
Он сегізде Шілтенменен жолығыстым,
Зікір айтып, кеудемді ұрып күйіп-пістім,
Риза қылып, жәннәт кіріп, хорлар құштым,
Хақ Мұстафа дидарында көрдім міне!
Он тоғызда жетпіс мақам сараланды,
Зікір айтып, жан сарайым тазаланды,
Қайда барсам Қызыр бабам қасына алды,
Ғаус әлғияс* шәрбәт берді, тойдым міне.
Жасым жетті жиырмаға айттым мақам,
Бихамділла, пір қызметін еттім тамам,
Жаһандағы жанды жәндік қылды сәлем,
Сол себептен Хаққа жуық болдым міне.
… Мүһмін емес, хикмет айтып жыламаса,
Жарандардың айтқан сөзін тыңдамаса,
Аят-хадис, құран сөзін аңламаса,
Бұл рауаят ғарышта жүр көрдім міне.
Рауаятты көріп Хақпен тілдестім мен,
Жүз мың түрлі періштемен жүздестім мен,
Сол себептен Хақты айтып күн кештім мен,
Жан-ділімді оған пида қылдым міне.
Құл Қожа Ахмет жиырма бірде «арқаң жауыр»,
Не қылғайсың, күнәларың таудан ауыр,
Қиямет күн азап қылса Раббім Қадір…
Ей, достарым, не деп жауап бердім міне?
4-хикмет
Хош ғайыптан құлағыма ауаз келді,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне,
Барша әулие жиылды да аян берді,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне.
Жиырма екі жаста жетіп, фана болдым,
Жанға шипа дерттілерге дана болдым,
Жалған ғашық шын ғашыққа куә болдым.
Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне.
Аяу, достар, жиырма үшке жасым жетті,
Жалғандыққа тағаттарым зая кетті,
Қиямет күн не қылам деп маза кетті.
Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне.
Жиырма төртке келдім қазір Хақтан жырақ,
Ақыретке барар болсам қані шырақ?
Өлгенімде аямай ұр жүз мың таяқ!..
Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне.
Жаназамнан кейін маған тастар жаудыр!
Аяғымнан сүйреп барып көрге аудыр!
Хаққа құлдық қылмадың деп тепкіге алдыр!
Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне.
Жазған басым, жасым аттай, жиырма бесте,
Сұхбан ием, зікір үйрет «көкей тесте».
Көкіректегі көп сауалды өзің шеш те,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне.
Жиырмаға келгенімде «саудаластым»,
Мансұр сипат дидар үшін дауға бастым,
Пірсіз жүріп шер-шеменмен қайғы басты…
Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне.
Жиырма жеті жаста өзім пірді таптым,
Көргенімді көрмегендей бүркеп жаптым,
Босағасын, басқан ізін сүйіп жаттым,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне.
Жиырма сегіз жасымда мен ғашық болдым,
Түн бойы мехнат шегіп жасып болдым,
Одан кейін дәргәһіңа асық болдым,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне.
Бір кем отыз жасқа келдім халім қарап,
Ғашық отын жаға алмадым күшім жарап,
Халім харап, бауырым кәуәп, көзім бұлақ!
Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне.
Отыз жаста отын қылып жандырды дерт,
Барша әулие дүние ісін қойдырды кеп,
Ұрып-соғып нәпсі ылаңын таттырды бек,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне.
Құл Қожа Ахмет, нәпсі сұмнан безсең не етер?!
Көкірегіңнен шыққан жалын көкке жетер,
Жан берерде Хақ Мұстафа жәрдем етер!
Сол себептен Хаққа сиынып келдім міне.
5-хикмет
Ғайыптан пайда болып бар әулие,
Хақ ғашығын көңіліме салды достар,
Қызыр бабам қолтықтап мейірін төге,
Медет қып алдымды орап алды достар.
Отыз бірде берді шәрбәт Қызыр бабам,
Әзәзілдан азат болып әммә ағзам,
Құлдық ұрдым, кешті бәрін Хақ тағалам,
Хақ жолына содан кейін салды достар.
Отыз екі жаста жетті Хақтан пәрмән:
«Пенделікке Қабыл етпе арман,
Жан берерде иман нұрын құйдым саған»
Ғаріп жаным шат-шадымен болды, достар!
Тәңірімнен хабар жетті, шәкір болдым,
Көрсем де, өзім азар-ақырет, сабыр қылдым,
Көзімді ілмей таң аттырып әзір болдым,
Менмендіктің түтіні сөнді, достар!
Отыз үште сахи болып, шәрбәт шаштым.
Бал шәрбәтқа тоямын деп толтыра іштім.
Қуаттанып шайтанмен шаншыластым,
Бихамділла нәпсі біткен өлді, достар!
Отыз төртте білім қуып дана болдым,
«Хикмет айт!-деп, -Сұбхан айтты куә болдым.
Шілтендермен шәрбәт ішіп, кәмра болдым.
Тұла бойым Хақ нұрына толды, достар!
Отыз бесте мешіт кіріп дәурен сүрдім,
Тәлибтермен ғашық жайлы ұлфат құрдым,
Теріс жолға түскендердің бетін бұрдым,
Хақтан мейір ғашықтарға келді, достар!
Отыз алты жаста болдым сахиб кәмал,
Хақ Мұстафа көрсеткесін маған жамал,
Сол себептен көзім жаста, бойым дел-сал,
Құштарлықтан жүрек бауыр жанды, достар!
Отыз жеті жасқа келдім, ойланбадым,
Ынсап қылып Алла сырын толғанбадым,
Сәһарларда зарымды айтып зарланбадым,
Тәуба қылдым, Ием қабыл қылды, достар!
Отыз сегіз жасқа келдім, өмір өтті,
Не қылайын, өлер күнім жақын кепті.
Ажал келіп пәйманасын табыс етті,
Білмей қалдым, ғұмырым ақыр болды, достар.
Отыз тоғыз жаста келді қайғы қамап,
Уа, дариға, өтті өмірім қайда тағат?
Тағат тұтқан Хақ қасында тапты рахат,
Қызыл жүзден нұрым тая солды, достар.
Сақал мен шаш әппақ қудай, көңілім жара.
Махшар күні кешірмесең, мен бейшара,
Амалым жоқ, өзіңе аян, көп дүр күнә!
Періштелер айыбымды жазды достар.
Бихамділла, жарылқады нұрға баттым,
Кәміл пірім қайырымының дәмін таттым,
Жол табам деп басым қатып, түндер қаттым,
Көңіл құсы Ләмәканға жетті, достар.
Қияметтің азабына ақылым қайран.
Көңілім қорқып, жаным үркіп, көкірек ойран,
Сырат атты қыл көпірден ділім харзан.
Ақыл кетіп, естен танып қалдым, достар!
Құл Қожа Ахмет нәпсіңді тый, келді қырық.
Мұнда жылап, онда жасқа болсаң қарық,
Иман шарты: шариғат дүр, мәні: Тарих,
Тарихқа енген Хақтан үлес алды достар!
6-хикмет /5-34/
Иә, Іллаһим, атыңды атап хикмат айттым,
Заты ұлық сиынып келдім Ием, Саған.
Тәуба қылып көп күнәмнан қорқып қайттым,
Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.
Қырық бірде ықылас қылдым жол тапқалы,
Жарандардың ойын біліп сыр тартқалы,
Кәміл пірдің ізін сүйіп қолдатқалы,
Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.
Қырық екімде тәлиб болып жолға ендім,
Ықылас қылып жалғыз Хаққа көңіл бердім,
Ғаршы-гүрсі, Лауөы өтіп ғалам кездім,
Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.
Қырық үшімде Хақты іздеп нала қылдым,
Көз жасымды ағызумен сала қылдым,
Баябанда тұрағымды дала қылдым,
Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.
Қырық төртімде махаббаттың базарында,
Жағамды ұстап жылап тұрдым гүлзарында,
Мансұр сипат бас беруге дар алдында,
Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.
Қырық бесімде сенен медет тілеп келдім,
Тәубе қылдым, қатемді ойлап жүдеп келдім,
Иә, ілләһим! Рахматыңды ұлық білдім!
Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.
Қырық алтымда көңіл қошы шалқып тасты,
Рахматыңнан нұрым тасты, шайтан қашты,
Хақтан хабар, мейірім болып қақпаны ашты,
Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.
Қырық жетімде жетті жеті хабар құтты,
Сахи болып бал шарабын Қожам тұтты,
Шайтан келіп, ит нәпсіні өзі жұтты,
Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.
Қырық сегізде ғазиз жаннан безер болдым,
Күнә дерті кесел қылды, өлер болдым,
Хақтан қорқып, қалауына көнер болдым,
Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.
Қырық тоғызда ышқы отына күйіп-жандым,
Мәжнүн сипат қиял қуып, естен тандым,
Қилы-қилы жапа тартып өліп-талдым,
Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.
Елуімде ермін дедім пиқылым зағип,
Қан төкпедім көздерімнен бауырды езіп,
Нәпсім жүрген жерде жүрдім итше кезіп,
Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.
Құл Қожа Ахмет, Ер болмасаң өлген жақсы,
Нарттай жүзің қара жерде солған жақсы,
Топырақ сипат жер астында болған жақсы.
Заты ұлық сиынып келдім, Ием, Саған.
6а-хикмет
Таң сәріде дүйсенбі күн қылует кірдім,
Мұстафаны аза тұтып ендім жерге.
63-те «сүннет»,-деді, естіп тұрдым,
Мұстафаны аза тұтып ендім жерге!
Жер үстінде жарандарым аза тұтты,
Күллі ғалам сұлтаным деп қастер тұтты,
Хақты тапқан шын сопылар қайғы жұтты,
Мұстафаны аза тұтып ендім жерге!
Қош айтысып жер астына басымды идім,
Жарық дүние харам болып, Хақты сүйдім,
Зікіріммен жалғыз қалып, жалғыз күйдім.
Мұстафаны аза тұтып ендім жерге!
Намаз оқып күні-түні қайым болдым,
Кеште намаз, күндізінде сайым болдым,
Сол қалпыммен жер астына дайын болдым.
Мұстафаны аза тұтып ендім жерге!
60 күн, 60 кеште бір дәм татам,
Таң атқанша намазымда бір тіл қатам,
63-те ғұмырым ақыр болды тәмам,
Мұстафаны аза тұтып ендім жерге!
Мұстафаның рухы келіп болды Имам,
Бар періште жер астына болды ғұлам,
Көп жыладым, Хақ Мұстафа етті дәрман,
Мұстафаны аза тұтып ендім жерге!
Мағраж түні нұры түсіп: «Перзент» – деді,
Қолымды алып: «Сен лайық үммәт»-деді.
«Сүннетіңді берік ұстау, міндет»-деді.
Мұстафаны аза тұтып ендім жерге!
«Қиямет күн адассаң сен жолға салам,
Мұхаммед деп, серік болсаң қолыңды алам,
Перзентім деп өзіңді ертіп жәннат барам».
Мұстафаны аза тұтып ендім жерге!
Ей, жарандар бұ сөзді естіп көңіл тасты,
«Үммәт» – деді жан дүнием нұрға батты,
Нұр дидарын Хақ көрсетіп сәуле шашты,
Мұстафаны аза тұтып ендім жерге!
Дидар көріп, рухым ұшты, ғарыш бардым,
Мұса сипап жан дүнием күйіп-жандым,
Мәжнүн сипап, қиял қуып естен тандым!
Мұстафаны аза тұтып ендім жерге!
Жер астында қорлық көрдім көп машахат,
Төсек, жастық тастан жастап шектім мехнат,
Ей, жарандар, бұ дүниеде жоқ дүр рахат!
Мұстафаны аза тұтып ендім жерге!
Көп машахат тартпайынша Тәңір қайда?
Жан қиналмай құр әурелік бермес пайда,
Жан-тәніңді ете алмасаң Хаққа пида.
Мұстафаны аза тұтып ендім жерге!
Дел-сал болып жер астына өзім ендім,
Көзімді ашып Мұстафаның жүзін көрдім,
Күнәсі көп үммәттардың халін білдім.
Мұстафаны аза тұтып ендім жерге!
Иә, перзентім, маған келген сен бе үммәт?-
Үммәт айтты: кеудем толған қайғы-қасірет!
-«Үммәт үшін қасрет шегу маған міндет».
Мұстафаны аза тұтып ендім жерге!
-«Хақ тағала жұма сайын күнәсін кеш!»
-«Алып келгін ей, Мұхаммед сен оны тез»,
Хаққа жылап сәжде етемін ертелі кеш!»
Мұстафаны аза тұтып ендім жерге!
-«Әр жұмада үммәттардың күнәларын,
Арқалаған ей, Мұхаммед сен бе бәрін?
Бірақ олар көзге ілмейді-ау мұның бәрін».
Мұстафаны аза тұтып ендім жерге!
Жер астынаендім достар би ықтияр,
«Әумин» деңдер сахабалар, әм шадияр,
Үммәттардың күнәсін кеш, Пәруадігер!
Мұстафаны аза тұтып ендім жерге!
Қожа Ахмет дәптерінен сана айттым,
Бал шарбатқа бұл әлемнің бәрін саттым,
Өлмес бұрын жан ышқының зәрін таттым,
Мұстафаны аза тұтып ендім жерге!
7-хикмет
Тәңірім менің құдіретімен назар салды,
Ризалықпен жер астына ендім міне.
Ғаріп пендең бұ дүниеден сапарланды,
Махрұм болып жер астына ендім міне.
Зікір салып, шәкірт болып, Хақты таптым,
Дүние қамын харам қылып допша қақтым,
Дел-сал күйде рәсуа болып жаннан кештім.
Бейғам болып жер астына ендім міне.
«Бұл сұмдық»-деп тау да, тас та тілдеп мені,
Сөгіп жатып айтты:тапқан пайдаң кәні?-
Ғашық болсаң әуел барып Хақты таны!
Мәрһәм болып жер астына ендім міне.
Сізді, бізді Хақ жаратты тағат үшін,
Бұл бір ғажап ішпек-жемек рахат үшін,
«Қалу бәлә!»-деді, рухым:мизнат үшін.
Адһам болып жер астына ендім міне!
Құлдың да мен құлы болып қызмет қылсам,
Топырақ сипат аяқасты жолы болсам,
Ғашықтардың күйіп-жанған күлі болсам!
Һәмдәм болып жер астына ендім міне!
Нәпсім мені әуреледі Хаққа бақпай,
Күндіз-түні бейғам жүрдім жасым ақпай,
Қуыс кеуде менмендікті отқа жақпай,
Пәрғам болып жер астына ендім міне!
Жаннан кештім, михнат тарттым, бәндәм-деді,
Қайғы жұтып, «Алла» дедім, жәрдем берді.
Отқа түсіп қалмасын деп қамым жеді.
Харам болып жер астына ендім міне!
Жасым жетті 63-ке өстіп жүріп,
Уа, дариға, Хақты таппай көңілім сұлық,
Жер үстінде Сұлтанмын деп болдым ұлық.
Шәкір болып жер астына ендім міне!
Шейхпын деп шиім шығып жолда қалдым,
Сәлдемді мен көк тиынға сата салдым,
Нәпсім мені алдап кетіп, сорлап қалдым!
Бидәм болып жер астына кірдім міне!
Басым топырақ, өзім топырақ, тәнім топырақ,
Хақ асылға жетсем дейді рухым бірақ,
Күйдім-жандым, күндей баттым шашпай шуақ,
Шабнам болып жер астына кірдім міне!
Кәміл пірім ыхлас қылды шәрбәт іштім,
Шәблиге ұқсап зікір айтып, жаннан кештім.
Масаң болып ел-жұртымнан қашып-пыстым,
Зәм-зәм болып жер астына ендім міне!
Құл Қожа Ахмет, дана болсаң өзіңе бол,
Ғашық болсаң жаннан безіп біржола өл!
Надандарға ісің, сөзің бұралаң жол,
Мәхкәм болып жер астына кірдім міне!
8-хикмет
Бұл опасыз дүния барша жұрттан өтеді,
Мақтанбаңдар малыңа, бәрі қолдан кетеді,
Ата-ана, қарындас, қайда кетті ойласаң,
Төрт аяқты «ағаш ат», бір күн саған жетеді.
Кісі малын жемегін, Хақтан өзге демегін,
Дүние үшін қам жеме, сырат алдан тұтады,
Елің-жұртың, қарындас ешкім болмас жан жолдас,
Мәрдана боп ғаріп бас, ғұмырың желдей өтеді.
Құл Қожа Ахмет, тағат қыл, ғұмырың қалды неше жыл?
Асылын білсең:Су мен күл, Иннакілге кетеді!
9-хикмет
Аяу, достар, пәк ғашықты қолға алдым,
Бұл жалғанды дұшпан тұтып, жүрдім міне.
Жағамды ұстап Хазіретке сиынып келдім,
Ғашықтықта Мансұр сипат болдым міне.
Махаббатқа мүптәлә боп Мансұр өтті,
Белін буып, Хақ жолына ышқы кетті,
Зәбір-жапа, өсек-аяң көптеп жетті,
Ей, мүһминдер, мен де сондай болдым міне.
Ғашық мансұр «Әнелхақты» зарлап айтты,
Жәбірейіл оның зарын бірге айтты,
Одан кейін: «Басыңды тік тез!» деп айтты,
Дарға асылып дидарыңды көрдім міне.
Мансұр келіп, дар иіліп өзі алды,
Көзбен көріп көп халайық қайран қалды.
Сәуле шашып Алла өзі назар салды.
Бек қуанып, Хақ дидарын көрдім міне.
Хабар келді осы дарға:-Бұға берме!
Мансұр айтты:-Ебіл-себіл аға берме,
Жұртқа айтты:-Әмір тұтып, тие көрме,
Лаукұлмағфуз тақтасында көрдім міне.
300 молда жиылып айтқан бітті рауаят,
Шариғат қой мен де айттым бір хикаят,
Тарихатта, хақихатта жар болар Хақ,
Басым беріп Хақ сырларын білдім міне!
«Әнәлхақтың» мағыналарын білмес надан,
Дана керек бұл жағдайда пәки мардан,
Ақыл құлдар Хақтың жадын айтты жаннан,
Жаннан кешіп, жан ананы сүйдім міне!
Ишара еттім, дана болса ғибрат алсын,
Ғалым халдан оқып айттым нышан қалсын.
Дүрр гәуһар әр сөзімді еске салсын,
Хал-жайды айтып ғашықтарға бердім міне.
Ессіз Мансұр бұл қорлықтан болды ада,
Біз сөзбенен жарандардан болды жада,
Хал-жағдайын ешкім білмес, Тәңірім куә,
Қайғы жұтып мен де куә болдым міне!
Шах Мансұрдың «Әнелхағы» тегін емес,
Жолды тапқан біз секілді жегін емес,
Надандарға «Әнелхақта» мәлім емес,
Керектерге Хұданы еске салдым міне.
Бір күндері ғаріп Мансұр көп еңіреді,
Нұрын шашып Алла өзі көңіл бөлді.
Одан кейін Шілтен көріп, шәрбат берді,
Даналарға бұ сөздерді айттым міне.
Надандарға есіл сөзім жәй бір хикмет,
Адаммын деп адамсиды, қайда құрмет?
Дүние үшін бір-біріне қылмас мезрет,
Залымдарға тұтқын болып өлдім міне!
Залымдарда ар-ождан жоқ, бізде күнә,
Дәруштардың құлқы өлген, етпес дұға,
Сол себептен патша тағар бізге кінә.
Аят-хадис мағынасынан айттым міне.
Залым егер, зорлық қылса, Алла дегін,
Қолың жайып, дұға қылып, бой ұсынғын.
Хаққа жадың жетпес болса, сабыр қылғын,
Хақтан естіп бұл сөздерді айттым міне.
«Залым егер, қорлық берсе, маған жыла,
Жасың төгіп, тәуекелге белің байла,
Арам асты тәркі етумен жүрек жалға,
Залымдарға 100 мың бәле бердім міне».
«Залымдардың затын, тегін Мен жаратқан,
Жаратқанды мүсе тұтпай, сен ұнатқан,
Менен безіп, айлакерді арқа тұтқан,
Залымдарға сосын ерік бердім міне!»
Саған жаза, жаратқанға албармадың,
Түндер тұрып Алланы айтып аңырамадың,
Хақиқаттан сөздер айттым, тыңдамадың,
Залымдардың қолын ұзын қылдым міне!
Ей, бейхабар! Хақты ойламай суықтадың,
Дүние харам, одан көңіл суытпадың,
Нәпсіге еріп, Алланы ойға жуытпадың.
Сол үшін мен, зарлап қайран болдым міне!
«Залымдарды айыптама, залым өзің,
Арсыз болсаң әсер етпес жұртқа сөзің,
Дүние-малын түгел бердім тоймас көзің,
Қарауларды қараңғыға салдым міне!»
Балдан тәтті тілмен Расул айтты мұны.
«Жаным, ділім, үммәттарым көз раушаны,
Хаққа құлдық, маған үммәт болған кәні?»
Шын үммәттің санасына құйдым міне!
Құл Қожа Ахмет Хақтың сөзін қозғап өтті,
«Ғайналиахин» тарихатта боздап өтті.
«Хилмулиахин» шариғатты сөйлеп өтті.
«Хаққулиахин» хақиқаттан айттым міне!
10-хикмет
Хақ тағала ғашықтарға берді ышқын,
Өз еркіммен өртеп жанды күйдім міне.
Екі ғаламың көздеріме болып ұшқын,
Көрінбеді, жалғыз Хақты сүйдім міне.
Жаннан безіп жалғыз Хақты жанға қостым,
Одан кейін, дария болып, толып тастым,
Ләмәкәнді үнге қосып махам аштым,
Дүние қамын 100 мың талақ еттім міне!
Хақ алдында ақылы кәміл дат қыла алмас,
Ғашық өрті лапылдаса, жанды қоймас,
Көбелекше отқа ұрынған өзін салмас,
Бұ жалғанның тылсымына тойдым міне.
Тарихаттың жолдарының азабы көп,
Ышқың кетіп, ғашық болмай тәуекел жоқ,
Күн-түн қатпай Хақ дидарын көруде жоқ,
Көзімді ілмей дидарыңды көрдім міне.
Тарихатгың жолы ауыр, басыр басты,
Басым қатты, кәміл пірге қарай қаштым,
Пір етегін ұстап қана көзімді аштым.
Рәсуә болып, дала кезіп жүрдім міне.
Тарихаттың жолдарында жетеді азап,
Бұ жолдарда қанша ғашық болды мазақ,
Ғашық жолға түскендердің халі харап,
Жарандардан жол мәнісін білдім міне.
Тарихаттың жолдары ауыр, өте ұзақ,
Риза еткен пендесіне Тәңірім жақ,
Ышқы өртіне шыдас бермес жеті тозақ!
Ей, жарандар, ғазиз жаннан тындым міне!
Хақиқаттың мағынасына енген кісі,
Естен танып күйіп-жанар іші-тысы,
Қан аралас көздерінен ағар жасы,
Көз жасымды көлдей қылып бардым міне!
Шариғат дүр ғашықтардың әпсанасы,
Нағыз ғашық тарихаттың дүр данасы,
Қайда барса бауырласы, бас панасы,
Бұл ғажапты ғаріптерден көрдім міне.
Махаббаттың бағын кезбей ғашық болмас,
Қорлық-зарлық көрмейінше нәпсің толмас,
Азабының дәмін татпай мейірің қанбас.
Көңілім тынып хас гәуһарын алдым міне.
Ғашық отқа күйген жанның өңі қашар,
Бұл фәниді бақыл етіп, бақи асар,
Мұнда болған көңіл кірін сонда ашар
“Дүние жапа”-депті Расул, қойдым міне.
Хақиқатшыл ғашықтардың жүзі сынық,
Айна алдында айнымаған сөзі тұнық.
Өзі қайран, көңілі ойран, көзі тұнып,
Құдыретіңе қайран болып қалдым міне!
Алла айтты “Көп жылама көрсең Мені,
Зар илесең бәндемсің деп айтам сені,
Жаннан кешіп мені тыңдар ғашық кәні?”
Әлһам келді құлағыма құйдым міне.
Шын көңілден күйгендерге дидар ғата,
Жалған ғашық жолға түссе, бәрі қата,
Шын ғашықтың көзі жаста, көңілі қапа,
Қайғы шегіп жер астына ендім міне!
“Хақиқаттық шын ғашыққа орын берем,
Махшар күні не болдың деп халін білем,
Шыр айналып шапағатты үйіп-төгем!”…
Рахматыңнан үміт қылып келдім міне!
Құл Қожа Ахмет, Хақтың сөзін есте сақта,
Хақтан қорқып тынбай жыла, түнде жатпа,
Намаз оқып, руза ұста, әр уақытта,
Осылайша мұрадыма жеттім міне!
11-хикмет
Рахман Ием рахым етіп мені ойласа,
Қай бетіммен хұзырыңа барам енді?
Тәубе қылып, теріс жолдан кері айдаса,
Қай бетіммен хұзыретіңе барам енді?
Пендесінің ықтиярын қолына алса,
Хақ іллаһим рахматымен рахым қылса,
Кәміл пірім пәруәнә боп жолға салса,
Қай бетіммен хұзыретіңе барам енді?
Бір күндері ажалыңды жуық етсе,
Саған, маған, жан мен тәнге үкім жетсе,
Өлмей тұрып, жанның зәһәр дәмін татса,
Қай бетіммен хұзыретіңе барам енді?
Замандасың, сырластарың асық кетті,
Жеделдетіп о дүнияға асып кетті,
Жарға соққан дариялардай тасып кетті,
Қай бетіммен хұзыретіңе барам енді?
О, құдырет, күндіз-түні қылмай тағат,
Хақ расул үммәті үшін татпай тамақ,
Бар көргені біздер үшін қайғы, қасірет,
Қай бетіммен хұзыретіңе барам енді?
Хақ Расул дүние үшін қайғырмады,
Үмметі үшін өз сөзінен айрылмады,
Бұл фәниде зәрре арам алдырмады,
Қай бетіммен хұзыретіңе барам енді?
О, дариға, махшар күні раушан болса,
Тәңір өзі қазы болып назар салса,
Ақ-қарамның айырмасы даяр болса,
Қай бетіммен хұзыретіңе барам енді?
Ертелі-кеш тынбай жыла, Құл Қожа Ахмет,
Зарыңды айтып Хақ расулға болғын үммет.
Қамқор болып үммәт десе, сол ғой құрмет.
Қай бетіммен хұзыретіңе барам енді?
12-хикмет
Құдауанда мені салғыл өз жолыңа,
Нәпсіге еріп, арып-ашып болдым міне.
Қарау пасық, толып-тасып, шектен асты,
Қара басып, күнәм асып, болдым міне!
Дүние түлкі қызықтырды, итше ердім,
Ұстаймын деп құйрығынан күн-түн қудым.
Әмірін тұтпай Хақ жолында көзді жұмдым,
Қайда барам, естен достар,-тандым міне?!
Нәпсі шайтан тұтқын қылды адам ұлын,
Еркін алып, байлап қойды екі қолын,
Адасқаннан айыра алмай оң мен солын,
Уа, дариға, қасірет шегіп кеттім міне!
Мендей сұмпай пенде болмас бұ ғаламда,
Бола алмады маған риза Халқи Құда,
Тартты міне ақыры менің жүзім қара,
Уа, Жаратқан, неге әуелде болдым бінә?!
Аялаған ғазиз жанды білмедім мен,
«Жан-тәніммен әзірмін»-деп тұрмадым мен,
Оң бетімді дәргәһіңа бұрмадым мен,
Иә Рәббана, не қылсаң да келдім міне.
Тақатым жоқ қарап тұрсам өз күнәма,
Тәубә қылып қажып келдім ал панаңа,
Рахматыңмен назар салғыл Құл Қожаңа,
Не қылсаң да бейбақ басым келді міне!
13-хикмет
Аяу, достар, надандармен ұлфат болып,
Бауырымды езіп, жаннан безіп, өлдім міне!
Тура айтсам да, қисык жолға бетін бұрып,
Қайғы жұтып, зар-зәһарға тойдым міне!
Надандармен өткен өмір ақырет-азар,
Жақындатпай дозағыңда одан қашар.
Топастармен дозаққа да шекпе сапар,
Надандықпен қазан ұрып солдым міне!
Мінәжат қыл, надандардың жүзін көрме,
Алла жар боп, жанына да жақын келме,
Арам қатсын, олардың сен халін білме.
Солардан мен 100 мың жапа көрдім міне.
Зар илесем Хаққа зарым жетер ме екен?
Көкіректегі қайғы шерім кетер ме екен?
Күллі надан бұ ғаламнан өтер ме екен?
Солардан мен 100 мың жапа көрдім міне.
Хақ асылын іздеп таппай қайғыратын,
Зар жылаған көңілі қапа диуанамын,
Хал сұрасаң, мен бір бейбақ бейшарамын!
Медет сұрап пақыр болып келдім міне!
Жер астына қашып кірдім надандардан,
Қолым жайып, дұға тілеп әз жандардан,
Ғаріп жаным жүз тасаттық даналардан,
Дана таппай жер астына ендім міне.
Надандарды көрген кезде көңілім қапа,
Хақган корқып, құлдық ұрсам, күлер “ха-ха”.
Жайын ауыз, нәпсісі зор, нағыз лақа.
Сондай жаннан қорқып Саған келдім міне.
Күдеріңді үз надандардан, қадір қалмас,
Зұлмат барып жол адассаң, жолға салмас,
Жалбарынып жалынсаң да, қолыңды алмас,
Надандардан үміт үзіп келдім міне.
Ақырында, жақсылар жоқ, қалдым жалғыз,
Надандардан естімедім бір де алғыс,
Дана кетті, надан қалды, – атсын қарғыс!
Жол таба алмай, қайран болып қалдым міне.
Қайғы, қапа бауырымды езді, қаным тасқан,
Дана жерде надандардың көңілі аспан,
Лят-хадис айтсаң, күлер ұялмастан,
Көкірек күпті, дерт кайғыға толды міне!
Қайғы мен дерт тұралатты бар ма дауа?
Мұң-шерімді Саған айтам Қадір Хұда!
Менен басқа үлес алды,-мен бейшара!
Үлес тілеп, сағым сынып, келдім міне!
Мал-жаныңды тәрк етсең де үлес алғыл,
Ей, бейхабар, дүние қамын кейін қалдыр,
Сахи Алла мейірін төксе риза болғыл,
Көремін деп, бәрін тастап келдім міне!
Жәдігерге қалды сізге дәптер сана,
Әруағымнан медет сұрап, оқып қара,
Дұға қылам, қабыл еткей Хақ тағала!
Рахман Ием, арыз айтып келдім міне!
Хикматымнан бәһрә алған көзге сүртсін,
Ықыласпенен көзге сүртіп дидар көрсін,
Шарты сол дүр, қанағатқа мойынсұнсын,
Жан пида ғып жанананы көрдім міне!
Дидар үшін пақыр болдым «Әумин”- деңдер,
Ей, тәлибтер, халім көріп, қамың жеңдер.
Кейін калған Қожа Ахметке жол беріңдер,
Жолды іздеп пақыр болып келдім міне!
Құл Қожа Ахмет пақыр болсаң Хаққа болғыл,
Басыңменен жарандарға қызмет қылғыл,
Хақты тапсаң, алқа құрып, сұхбат кұрғыл,
Халық ішінде ұлық болдым енді міне!
14-хикмет
Көңіл көзін қуантпайсың тағат қылса,
Дәргәһіңа ұнамды емес білдім міне,
Хақиқатта бұ сөздерді бек үйреніп,
Ләмәкәнда Хақтан сабақ алдым міне.
Жалғыз Ием сабақ берді сәуле шашып,
Жер мен көкте тұра алмады, шайтан қашып,
Сайран салып, бал шәрбәттан көңілім тасып,
Ләмәкәнда Хақтан сабақ алдым міне.
Мұнда жапа шеккендерге дидар тақыт,
Махшар күні Алла сыйлар оған бақыт,
Жаратушы жарылқайды болсаң ғашық,
Ләмәкәнда Хақтан сабақ алдым міне.
Көздерімнің қанын төгіп жад етпедім,
Жүз мың түрлі михнат салдың дад етпедім,
Сенен қорқып көңілімді әсте шат етпедім,
Ләмәкәнда Хақтан сабақ алдым міне.
Алла дерті жабысады сақ болмасаң,
Кәміл пірдің қызметінде ақ болмасаң,
Хақ жолына түсіп болмас, пәк болмасаң,
Ләмәкәнда Хақтан сабақ алдым міне.
Ғашық патша, ғашық пақыр, қайта оралмас,
Хақтан пәрмен болмайынша сөйлей алмас,
“Алла”-деген дүнияға көзін салмас,
Ләмәкәнда Хақтан сабақ алдым міне.
Құл Қожа Ахмет 7 жаста алдың сабақ,
Сегізінде дүние қамын еттің талақ,
Тоғызымда Құдайымды көңілім қалап,
Ләмәкәнда Хақтан сабақ алдым міне.
15-хикмет
Рахматыңнан шет қалдырма мен ғаріпті,
Дамыл таппай, дұға қылам, жылап Саған!
Ертелі-кеш безер болдым таң атқанша,
Көзімді ілмей дұға қылам, жылап Саған!
Дәргәһіңа енді келдім, белді байлап,
Жаным күйген, жүрегімді алдың баурап,
Жағамды ұстап еткеніме шындап жылап,
Ықыласпенен еңіреп, дұға қылдым Саған!
Көңіл бағы гүлзар екен білмей жүрдім,
Ғұмырым гүлі көктей солды енді білдім,
Дүние талақ, дін жолына қадам ұрдым,
Азардастан жылап дұға қылдым Саған!
Бұл бағдарда жанды аяп қалмас болар,
Жанын баққан бұ жолдармен жүрмес болар,
Пайда-зиян екенін де білмес болар,
Осы халмен жылап дұға қылдым Саған!
Құл Қожа Ахмег нәпсі тауын басып асты,
«Фанафи Алла» мақамына ұр құлашты!
Жүрек, бауырын жосалатып, қайнап тасты,
Осы жолмен дұға қылам, жылап Саған!
16-хикмет
«Разаклуаллаһу қасирин» деп аят келді,
Зікір салып зар илеумен жүрдім міне,
Хақ дидарын көрсетем деп уағда қылды,
Ышқым кетіп, жанды қинап жүрдім міне!
Шын ғашықты Алла сүйіп бәндәм деді,
Орта жолда калмасын деп қамын жеді,
“Жалғаншылар дидарымнан махрум”,-деді
Ғашықтықты мәхкәм тұтып жүрдім міне!
Ақылды алсаң көрстаннан хабар алғын,
Сен де солай боларыңды ойға салғын,
“Мәуута қабыләнтамутаға” пейіл қылғын,
Бұл хадисті ойға тоқып алдым міне.
Хабар берер “Фәлизанхуа кәлила”,-деп,
Және айтар: “уәлибәкуа қасира”-деп,
Бұ аяттың мағынасынан хабар ал деп,
Бұ дүнияда бір күлмей-ақ жүрдім міне.
Бейхабарлар қарқ-қарқ күліп, арам жүрер,
Пәрменіне мойынсұнған жылап жүрер,
Ертелі-кеш жанарында ылғал жүрер,
Кез жасымды бұлақтатып жүрдім міне.
Нәпсі безіп, шын ғашықтар деді: Алла жар!
Сәһәр тұрып, құлдық ұрып, көзі талар,
Рахым етіп Алла сонда назар салар,
Содан кейін дария болып тастым міне!
Залым нәпсім қоймай қуып, отқа салды,
Тұла бойым өз-өзінен күйіп-жанды,
Мүшриктердің имандарын шайтан алды,
“Ағузыбиллаһи, бисмилла” деп, жүрдім міне
Күнәһарлар дозақ барып, күйіп-жансын!
Имандылар жанбай, оттан аман қалсын!
Имансыздар мәңгі бақи отта қалсын!
Бір Алладан иман тілеп жүрдім міне.
Нәпсім мені жынша арбады, жалаң қақтым,
Бас сауғалап пірімді іздеп, солай қаштым,
Құл Қожа Ахмет, О дүнияға жақындастың,
Ұшқан құстай Ләмәкәнға кеттім міне!
17-хикмет
Уа, дариға, не істемекпін ғаріптікке,
Содан да мен кезбе болып қалдым міне.
Шам, Хорасан, Ғирак жаққа бет түзедім,
Ғаріп жайдың мағынасын білдім міне.
Басқа түссе, көрмек керек, – ол Құдайдан,
Жүсіпті де айырды ғой Ол Кәнғаннан,
Туған жерім – киелі жер Түркістаннан,
Іш-бауырымды елжіретіп келдім міне!
Ғаріп мирас Мұстафадай әз жандардан,
33 мың сахабадай жарандардан,
Әбубәкір, Омар, Оспан, Мұртазадан,
Олардың да ғаріптігін айттым міне.
Киімге де, асқа да еш жарымаған,
Ғаріптікте жетілер тек жарым адам.
Дана болар өсе келе дарынды адам,
Соның үшін Түркістанға келдім міне.
Сол ғаріптік өмір бойы болса “мейман”
Бақыт, тақыт бәрі оған болар зындан,
Ғаріптікке кұлдық қылған Махмуд сұлтан.
Ей, жарандар, ғаріп болып күйдім міне!
Ғаріптікті Арслан бабам іздеп тапты,
Кем-кетігін біліндірмей, бүркеп жапты,
Бихамділла, көрдім-ау, -деп қайран қапты.
Үшбу сырды көріп, қайран қалдым міне!
Емірендім ел жұртыма, уәләйатқа,
Мен сиындым Ұлық баба әруаққа,
Баба рухы салды-ау мені бұл азапқа.
Біле алмадым, тақсыр неден жаздым міне?!
Құл Қожа Ахмет айтқандары Хақтың жады,
Естімеген достарымның балқыр жаны,
Ғаріп болып шаһарына кайта оралды,
Түркістанда мазар болып қалдым міне!
18-хикмет
Ғұмырым ақыр болғанда, не қылармын, Құдая!?
Жан алушы келгенде, не қылармын, Құдая!?
Жан бермектің зарынан, Әзірейілдің кәрінен,
Болмай жатса шапағат, не қылармын, Құдая!?
Жан бермектің азабын жеңілдеткіл, иа Жаппар!
Сенен өзге жоқ қамқор, не қылармын, Құдая!?
Жаным шығып болғанда, тәнім мұнда қалғанда,
Табыттан көрге салғанда, не қылармын, Құдая!?
Өлік болып жатқанда, періштелер жеткенде,
“Раббің кім?-деп сұраса, не қылармын, Құдая!?”
Көсілтіп көрге қойғанда, жеті қадам тайғанда,
Жауап талап еткенде, не қылармын, Құдая!?
Зәрін төгіп тұрғанда, тас қараңғы зынданда,
Жалаңдасып жармасса, не қылармын, Құдая!?
Құл Қожа Ахмет сен бәндә, нәпсі алдында шәрмәнда,
Махшар күні болғанда, не қылармын, Құдая!?
19-хикмет
Айыбына Омардың ішкен дәмін татыңыз,
Пір қолынан шарап ап, нұр сәулеге батыңыз!
Ахман менен Қараман сүрген еді көп дәурен,
Пейіл қылып атаға, аят айтып… жатыңыз.
Ибраһімге шәк қылған, от жағып күлін аттырған,
Иланбасаң келіп көр, көрмей жүрмес датыңыз.
Шайтанға еріп адасқан, Ахметке тас атқан,
Тахтәлсары тахнада дүмбар болсын хатыңыз!
Әулиелікке жеткендер, дүниеден мына өткендер,
Ықылас қылып алқадан, мүддесін мұрат татыңыз.
Құл Қожа Ахмет өзің біл, өз күнәңді әзір қыл,
Наданнан топас сақтағыл, шайтанға сыр шашпағыл!
20-хикмет
«Фәлиағламуна әлғалмунды» оқыр ғалым,
Мағынасына мән бермей болар залым,
Мағынасын білмегеннің жайы мәлім,
Ондай зұлым “ғалым” болмас, достарым-ау!
Ғалым ол дүр, тас жастанып, тақсил қылса,
Ертелі-кеш Тәңірісіне зар жыласа,
“Фәлизаһхуа” аяттарын тәбсір қылса.
Сондай білгір ғалым болар, достарым-ау!
“Уалибақуа қасира”-ол,-Тәңір сөзі,
Ғалым білер мән-мағынасын ұққанда өзі,
Жылай-жылай бұлақ болар екі көзі,
Сондай білгір ғалым болар, достарым-ау!
Ғалым ол дүр, шариғатка әбжіл болса,
Тарихаттың базарына жанын салса,
Махаббаттың дариясынан гәуһар алса,
Сондай білгір ғалым болар, достарым-ау!
Ғалыммын деп кітап оқыр мәнін білмес,
Көп аяттың мағынасын өзі сезбес,
Тәкәббарлык, менмендікті дін көтермес
Ғалым емес, олар жәһіл, достарым-ау!
Тәкәббарлық әзәзілге не боп тиді?
Өзгеріп ол таухи лағнат тонын киді.
Сәжде қылған періштелер басын иді,
Солар ғана имам болар, достарым-ау!
Ғалым екеу, тән мен жанды серік қылар,
Жан ғалымы Құдіретке сеніп тұрар,
Махаббаттың шәрбатынан беріп тұрар,
Сондай білгір ғалым болар, достарым-ау!
Тән ғылымы залымдарға теңдес дейді,
Бір аятта, итке сүйек бермес дейді,
Жәһәннамда тынбай жанып сөнбес дейді,
Зәһәр, заққұм ішіп жылар, достарым-ау!
Құл Қожа Ахмет шын ғалымға қызмет қылғыл,
Ғалымдардың сөзін тыңдап ізет қылғыл,
Ізет қылып Хақ жолында жанын бергіл!
Ізетсіздер дидар көрмес, достарым-ау!
21-хикмет
Іллаһи, Кадри, Кәрім Пәруардигар!
Рахым қыл пендеңе ей, Гардигар.
Сиындым кұдіретіне ей, Ілаһим,
Жаратқан барша ғаламды панасың,
Жарылқау Сенен, менен мінәжат,
Ей, Іллаһи, Зулжелал баршаға хажат.
Кәріміңмен кешіргіл, ей асыл зат!
Азапты ақыреттен қылғыл азат.
Іллаһи, сары сайтаннан Сен сақтай гөр!
Жаза басып, жаңылсам Сен ақтай гөр!
Тәубә қылдым жаза басқандарыма,
Айықтым мастықтан, кешір ағат басқандарыма.
Демеймін мен: Шыбын жанды қайырма,
Ақырет күні иманымнан айырма.
Іллаһи, баршаның зарына рахым ет,
Қам қөңіл бейшаралар датына рахым ет,
Күнәһәр құлынның Сен наласын көр,
Жаны дертті бейдауаның дауасын бер.
Іллаһи, Сен кешіргіл тағатым жоқ.
Алдыңда ылайықсыз ағатым көп.
Іллаһи, пәкизатыңның һұрметімен,
Сақтағыл бізді шайтан зақыметінен!
Іллаһи, баршаға құл болуды нәсіп ет.
Менмендіктен бізді әркез қашық ет.
Дауалық тауфиқ суынан ішкізе гөр,
Кәріміңмен өз күнәмді кешіре гөр.
Білместікпен мен күнәмді молайттым,
Көңілдерді қалдырып, зорлығымды зорайпым,
Күнәһар да болар бәлкім рахымға лайық,
Ей, Ахмет сен де бір сәт дұғаға бол муафих!
22-хикмет
Тынбай ғашық уһілер, бір Кұдайға жалбарып,
Жүрер оған ғашық боп, ертелі-кеш сарғайып,
Зар илеген ғашықтың, есіл-дерті Құдайым,
Ғашығы үшін күнәсін, кешірер Құда ылайым.
Күйіп-жану ғашыққа әлімсақтан мінәсіп,
Мансұр бір күн жылады, Ирандар рахым қылады,
Шілтен шәрбет сыйлайды, Мансұрмен бас құрасып.
Мансұр айтар «Әнелхақ», Ирандарда жалғыз Хақ,
Молдалар айтар: – Бұл наХақ, – кәлимадан сыр ашып,
Айтпағын, «Әнелхақты» деп, кәпір болдың қатты деп,
Құраннан аят айтшы деп, өлтіріпті шуласып.
Білмейді ғой молдалар, «Әнелхақтың» мағынасын,
Кем ақылға хал ғылым, Хақ көрмеді мінәсіп.
Рауаяттар таусылды-ай, надандықтан жансынбай,
Әулиені Мансұрдай, қойды апарып дарға асып!
Әфсәнә дүр шариғат, фәрзәна дүр хақиқат,
Дүр дана тұр тарихат, ғашықтарға жол ашып…
Жыламаған қалмады, Мансұр деп бәрі зарлады,
Дос жарандар Мансұрдың қалды артында жыласып.
Тәубә қылғыл Қожа Ахмет, болғай Хақтан рахмет,
Әулиелер көп өткен, сыры сырға ұласып.
23-хикмет
Басымды басты қайғы қара судайын, – Мұхаммед!
Мен сенің үшін күйейін де шыдайын, – Мұхаммед!
Кім үммәт болса «хамду сана» тынбай айтар,
Жаңылсам ете бер мені рәсуа-и, Мұхаммед!
Көңіліме салып ғашық құштарлығын Іллаһим.
Еткіл мені сен де ғашық екі жақтап, Мұхаммед!
Мәжнүндейін мені де бездір екі жәһәннан.
Диуана ғып жіберсең де ризамын рәсуа-и Мұхаммед!
Өлтір! Күйдір! Бар михнатты түгел салғыл,
Лайық деген жазаңды бер, аяма мені – Мұхаммед!
Дәйім сормаңдай үммет, жесін, жемесін нығмет,
Бар кәрәмат өзіңде, өзіңе жылайын, – Мұхаммед!
«Үммәтім деумен ертелі-кеш тартып әбден қасірет
Көкірегімнен шығарам жүрек жалының – Мұхаммед!
Үммәттардың күнәсін тілер ол шаһтардың шаһнашаһы
Ол лайық жаза берер ықырар дад һауасы – Мұхаммед!»
Безсең дағы бәрінен де ал Мұхаммед пейілін
О, Алла! Жалғанның жалғыз куәсі, – Мұхаммед!
Бір өзіңнен тілейтінім Жаратушым!
Салғыл менің кұлағыма дау-дамайды, – Мұхаммед!
Мен маңдайды ұрғылайын хош көңілмен, О Алла!
Бір-ақ тамшы таттыр шәрбат дарияңнан – Мұхаммед!
Жол беруші: Рахман, Рахим, Ғафар, Саттар.
Қылма мені шәрмәндә күмраһи. – Мұхаммед!
Әуелден-ақ гамшы шарап болғандай маған нәсіп,
Болайын дән риза хамдинға данау-и, Мұхаммед!
Рауи сайһің сур қадами пір мұғанға,
Ләтиф айтса берер дейді бейнеу-и, Мұхаммед!
Мақсатыма жеткер мені, ей, Халық бичун!
Мен дүр талиб, зәліф саман сан, – Мұхаммед!
Жүзіңнен бет пердеңді көтер де Ахмет, анықтап өзің карағыл,
Мен жердегі пендемін ол бір мүсін «Пай, пай, Мұхаммед!
Міскін Яссауи арзуи рауза, Хазірет,
Болғайда Мисрам, Хақ, Каф, Пан Мұхаммед!»
24-хикмет
«Үммәтім емес кәззәптар», – деген екен Мұхаммед.
Жалғаншыны иттей жек көреді екен Мұхаммед.
Кұдай жолын таңдаған, одан әсте таңбаған,
Адал жанды үммәтқа, сенеді екен Мұхаммед.
Тәңір Тағала сөзіне, Расулланың өзіне,
Иланбаған үммәтін, үммәт демес Мұхаммед.
Үммәтін деп жүргендер, бұйрықтарын бұзғандар,
Қайтіп үміт етерсің, онда іздемес Мұхаммед.
Мүшкіл күнәһар бәндә, үммәтпін десе онда,
Рәсуә болып махшарда, мүһмін демес Мұхаммед,
Кімде кім үммәтпін десе, Расул ісін бір десе,
Шапағат күні туғанда, кір шалдырмас Мұхаммед.
Үммәтім дер Мұхаммед, шын сөйлесең Қожа Ахмет,
Қиямет күн туғанда, құр қалдырмас Мұхаммед!
25 – хикмет
18-мың ғаламға, сәруар болған Мұхаммед,
33-мың асхабқа, Сардар болған Мұхаммед,
Жалаңаш пен аштыққа қанағатшыл Мұхаммед,
Соры қайнаған үммәтқа, шапағатшыл Мұхаммед,
Түн баласы ұйықтамай, таң атырған Мұхаммед,
Ғаріппенен жетімге, жаны ашыған Мұхаммед,
Жолдан азған күмраға, жол аршыған Мұхаммед,
Күні түскен адамға, жәрдемдескен Мұхаммед,
Әбужәһіл Лаһабқа, қарғыс айтқан Мұхаммед,
Жаны таза жандарға, алғыс айтқан Мұхаммед,
Намаз, руза қылғанға, ғибадатшыл Мұхаммед,
Тынбай таспих тартқанға, риадатшыл Мұхаммед,
Малғұн-Лағын шайтанға, арбалмаған Мұхаммед,
Шариғаттың ақ жолын, нұрландырған Мұхаммед,
Тарихатқа жол басшы, адастырмас Мұхаммед,
Хақиқатқа да ол басшы, шатастырмасМұхаммед,
Дұғалары бек қабыл, болатұғын Мұхаммед,
Жамандыққа жақсылық, қылатұғын Мұхаммед,
Тауфих берген залымға, жалалатшыл Мұхаммед,
Сәжде еткенге жығылып, ибадатшыл Мұхаммед,
Бес уақыттық намазда, имаматтық Мұхаммед,
Мағраж ұшып барғанда, шаһадатық Мұхаммед,
Ғаршы-гүрсі үстінде, сайрандаған Мұхаммед,
Сегіз пейіш егесі, жайраңдаған Мұхаммед,
Міскін Ахмет үмметін, ырза қылған Мұхаммед,
Ғаріп, пақыр, жетімге, мырза болған Мұхаммед,
Періштеге, адамға, тұлға болған Мұхаммед!
26-хикмет /қаз қалпында/
Біздің даруд басияр, Иә, Мұстафа Мұхаммед!
Тариқатты би шамар, Иә, Мұстафа Мұхаммед!
Иә саид әл мурсалин, Иә, Мұстафа Мұхаммед!
Иа нади әл Мұзлин, Иә, Мұстафа Мұхаммед!
Яииһа әл малсар, Хақ айтты: “Қум қаназар”.
Уәрбак фәкбар, Иә, Мұстафа Мұхаммед!
Хұзырыңда сен мағзам, құрбанда сен Мүккарам;
Әнбияға Мұқаддам, Иә, Мұстафа Мұхаммед!
Сен, Сен хабиб халқи Хақ, дәргәһіңа лайық,
Қалау етсе халайық, Иә, Мұстафа Мұхаммед!
Асыл уәжуд адам, Мұрсал нәбиін хаттам,
Зар нәһәнга махрум; Иә, Мұстафа Мұхаммед!
Тоба, Қап, Қосын, Қамараш бақ күнін.
Баршаға қаратқайсың, Иә, Мұстафа Мұхаммед!
Ғаршы-гүрсіден асқан, хұзыретіңе ұласқан.
Тоқсан мың зар айтысқан, Иә, Мұстафа Мұхаммед!
Жер-көкті жарар мағмурың, Сахабалар мәнзурің.
Жүмлә үммәт мағфурың, Иә, Мұстафа Мұхаммед!
Әркімдерде болса мұң, көтерер Хақ азабын,
Ғалам сенің сабырың, Иә, Мұстафа Мұхаммед!
Бәрі саған сиынар, тамұқтан ол құтылар,
Ұжмақ тола нұрың бар, Иә, Мұстафа Мұхаммед!
Жанымды пида қылсам, хошнуд Лауқыны алсам,
Арман жоқ жерде өлсем, Иә, Мұстафа Мұхаммед!
Құмнан да көп күнәм бар, кешіргейсің, Иә, Жаппар!
Жарытып не қылғаймын, шапағатын қолдаймын.
Үммәтіңнен болғаймын, Иә, Мұстафа Мұхаммед!
Өзіне үммәт болғандар, шапағатын алғандар.
Жаны пейіш барғандар, Иә, Мұстафа Мұхаммед!
Мұраты Ахмет өзіңсің, зікір аяты да өзіңсің,
Тірлік – тірегі де өзіңсің, Иә, Мұстафа Мұхаммед!
27-хикмет
Хақ Тағала фазылыменен пәрмен қылды,
Естіп, біліп қылуетке енді Құл Қожа Ахмет.
63-те сүннеттерін берік тұтып,
Естіп, оқып қылуетке енді Құл Қожа Ахмет.
Жер үстінен пар кештім де, тірі өлдім,
63-те “сүннет”-деді соған көндім.
Жер астында құлдықұрдым, күңірендім,
Естіп, оқып, қылуетке енді Құл Қожа Ахмет.
Жарандардан пәтуә-пайыз көре алмадым.
125-жыл жасасам да біле алмадым.
Хақ Тағала тағаттарын қыла алмадым,
Естіп, оқып, қылуетке енді Құл Қожа Ахмет.
Болар ма екем Мұхаммедтің шын үммәті.
Үммет қылса міскіндердін ең қымбаты…
Шекер-балдай болар маған бар михнаты,
Естіп, оқып, қылуетке енді Құл Қожа Ахмет.
Біздер үшін жан қинаған – ол Мұхаммед,
Адал болып қам қылмайды жалған үммет,
Шын үмметтер табар сонда жаны рахат,
Естіп, окып, қылуетке енді Құл Қожа Ахмет.
Елу жаста еске түсті өлім бары,
Әр үмметтің болғаны абзал ар-иманы.
Махшар күні оған даяр Хақ дидары
Естіп, оқып, қылуетке енді Құл Қожа Ахмет.
Ей, мүһміндер, бұл дүниенің баяны жоқ,
Өлім анық бүл сөзімнің жалғаны жоқ,
Кім білмесе бір Алланы, иманы жоқ,
Естіп, оқып, қылуетке енді Құл Қожа Ахмет.
Асылым топырақ, нәсілім топырақ, баршадан қор,
Басып өтсең мүрдем жатқан қазылған көр.
Ондайлармен жын-шайтанның әуресі мол.
Естіп, оқып, қылуетке енді Кұл Қожа Ахмет.
Шын зәкірге құда өзі қылар рахмет,
Таңда барса жәннәт кіріп көрер кұрмет,
Махшар күні дидар көріп қонар дәулет,
Естіп, оқып, қылуетке енді Құл Қожа Ахмет.
Пенде болсаң, михнат тартқыл ғафіл адам,
Ақылды алсаң, ғанибет қой саған одан,
Аманат қой ғазиз жаның жүрме бейғам,
Естіп, оқып, қылуетке енді Құл Қожа Ахмет.
63-те сүннет болды жерге енбек,
Расул үшін екі әлемге жарық бермек,
Ғашықтардың сүннеті дүр тірі өлмек,
Естіп, оқып, қылуетке енді Құл Қожа Ахмет.
Үммет болсаң, өстіп тірі өлмейсің бе.
Мүстафаға жаның қүрбан қылмайсың ба.
Жаның түгіл, иманыңды қимайсың ба?
Естіп, окып, қылуетке енді Құл Қожа Ахмет.
Құл Қожа Ахмет 63-те “ғайып” болды,
Әдеп сақтап, Мұстафаға найып болды,
Сұлтан болды, михнат шегіп, кәріп болды,
Естіп, оқып, қылуетке енді Құл Қожа Ахмет.
28-хикмет
Қаһар атты қаһарыңнан қорқып жылар Қожа Ахмет.
“Рахман” атты Раһманыннан үміт қылар Қожа Ахмет,
Ағаттық мол иә Іллаһім, кешіргейсің күнәмді,
Барша құлдар ішіндегі күнәсі көп, Қожа Ахмет.
Арамзалар асайды, пасықтығын жасайды,
Арам ішіп, арам жер, қорқып жылар Қожа Ахмет,
Тарихатты білмедім, хақиқатқа кірмедім,
Пір бұйрығын қылмадым, ғұзырың көп дүр Қожа Ахмет.
Ақыр заман келген дүр, патша залым болған дүр.
Арамтамақ толған дүр, қайран қалар Қожа Ахмет,
Құлыңмен бір шерменде, ғашық бұлбұл, Мен пенде,
Арслан бапқа бас ұрған құлың болар Қожа Ахмет.
Құл Қожа Ахмет тағат қыл, жыламасаң, ағат бұл,
Бәле келсе қарап тұр, Хақтан болар Қожа Ахмет.
29-хикмет
Тәубә қылып Хаққа иланған ғашықтарға,
Ұжмақ барса, төрт бұлақтан шәрбәті бар.
Тәубә қылмай Хақтан танған ғафілдарға,
Тар ләхәдта тартар азап қасіреті бар.
Ұжмақ барып барша құлдар тәубә қылсын,
Тәубә қылып хұзіретіңе жуық болсын,
Хор қыздары, ұлдарымен тағзым қылсын,
Түрлі-түрлі тағы басқа рахаты бар.
Тәубә қылған ғашықтарға нұр шашылар.
Күні-түні сайым болса көңілі ашылар.
Көрі кеңіп, өлгеннен соң шырақ жанар,
Оған арнар Рахман, рахим рахматы бар.
Астам жандар бұ дүниеден өтпейтіндей.
Өліп барып көр азабын шекпейтіндей.
Қиямет күн арасат таң атпайтындай,
Әлі алда зар илейтін күндерің бар!
Руза, намаз тәубә қылып жүргендерге,
Хақ жолына түсіп өмір сүргендерге,
Үшбу тәубә қылып Хаққа келгендерге,
Жарылқанған құлдарменен сұхбаты бар.
Намазбенен рузалар оттан сақтар,
Ғалам халқы сүйіп оны хақтан сұрар,
Қиямет күн Хақты көріп, тыңдап тұрар.
Ол құлдарға қайырымменен шафқаты бар.
Кәусар атқан ол бұлақтар кімге керек?
Тәубә қылған ғашықтарға содан беред.
Астам пенде ол кәусардан ішпеу керек.
Оған берер зәһәр, заққұм ауқаты бар.
Қияметте бір жыл, жерде 50 – мың жыл,
Мұнда қанша жылдар өтер енді есеп қыл.
70-мың жыл отта аунар тәубәсіз құл.
Тәубә қылған кұлдар күймес мәулеті бар.
Әркім хақтың құлы болса Хаққа илансын,
Хаққа иланып, пәк пейілмен тазалансын,
Құл Қожа Ахмет қалай бұған шыдай алсын!
Ертелі – кеш қорқатұғын айбаты бар!
30-хикмет
Пейіш, дозақ айтысты, айтыспақта баян бар,
Дозақ айтар: – “Мен артық, менде Пырғауын, һаман бар”
Пейіш айтар: – “Не дейсің? Не айтарыңды білмейсің!
Сенде болса Пырғауын, менде Жүсіп Кәнган бар!”
Дозақ айтар: – “Мен артық. Менде бақыл кұлдар бар.
Бақыл құлдың мойнында, оттан ескен шынжыр бар.”
Пейіш айтар: – “Мен артық. Менде пайғамбарлар бар.
Пайғамбарлар алдында, Кәусәр менен Хорлар бар.”
Дозақ айтар: – “Мен артық, тарса, жөһід менде бар,
Жөһід, тарса тартатын түрлі азап, жазам бар.”
Пейіш айтар: – “Мен артық, менде мүһмүн құлдар бар,
Мүһмүндердің алдында, алуан түрлі тағам бар.”
Дозақ айтар: – “Мен артық, менде залым құлдар бар,
Залымдарға беруге, зәһәр, заққұм, улар бар.”
Пейіш айтар: – “Мен артық, менде ғалым құлдар бар,
Ғалым құлдар алдында, аят, хадис, құран бар.”
Дозақ айтар: – “Мен артық, менде пасық, арам бар,
Арамдардың мойнында, ыстық темір аран бар.”
Пейіш айтар: – “Мен артық, менде зәкір кұлдар бар,
Зәкірлердің аддында, зікір, ілләһим, Сұбхан бар.”
Дозақ айтар: – “Мен артық, бинамаздар менде бар,
Бинамаздар мойнында, шаян менен жылан бар.”
Пейіш айтар: – “Мен артық. Дидар көрмек менде бар.
Ақ дидарын көрсетер мейірімі артық Рахман бар.”
Дозақ сонда тік тұрды, Пейіш тізе бүктірді,
Қожа Ахмет не ұқтырды? Ұқтырғушы Аллам бар!
31-хикмет
Дидарынан үміт қылсаң ей, зәкірлер,
Жаннан безіп ел алдында көрініңдер.
Жан тәніңмен Алланы айтып Хаққа налып,
Түн ұйкыңды төртке бөліп, болғыл безер.
Жанкештіге Хақ рахманы болар жуық,
Жанкештінің көзі жаста, көңілі суық,
Менмендердің жазаларын берсін тамұқ,
Тәкәббардың жайы дозақ, көргені азар!
Сенен бұрын жаралғандар қайда кетті?
Бұ дүнияға ынсап қылмай жылап өтті.
Ғұмырың бітті, ағаш табыт саған жетті,
Күнәң үшін тәубә қылғыл ей, бірадар!
Нәпсіге сен ерік берсең не тілемес?
Алла саған аңырасаң да пейіл бермес,
Қолға қонбай ұшқан құстай қайтып келмес,
Қона қалса түн ұйқыңды естен шығар.
Нәпсіге ерген кісі түбі рәсуә болар,
Жолдан тайып, азып-тозып күмрә болар,
Жатса-тұрса шайтанменен жора болар
Нәпсіңді тый, нәпсіңді тый ей, бәтшағар!
Нәпсің сені ақырында торға салар,
Діннен қуып, жақсылықтан ада қылар,
Өлеріңде иманыңнан жада қылар.
Ақылды алсаң ит нәпсіден безсең, жарар!
Пырғауын, Харон шайтан сөзін шын деп ұқты,
Сол себептен жер жарылып бәрін жұтты.
Мұса кәлим насихаттык сөздер айтты,
Құлақ аспай ол екеуі болды мазар.
Бар күнәңа тәубә қылып жылап жүргіл.
Өлім Хақ деп жан-жағыңа қарап жүргіл.
Кеткендерді көріп сенде ғибрат қылғыл.
Ғибрат алсаң жатқан жерің болар гүлзар.
Мүһмін кұлдар бар өмірін пида қылды,
Хақ жолында жанын-тәнін шәйда қылды,
Бәрін коиыгі ақыретке тәубә қылды,
Ойыңа алсаң хор қыздары болар даяр.
Құл Қожа Ахмет нәпсі тиып қыларма дад…?
Кәміл пірім болғай сонда оған жәллад,
Бейхабарлар естімейді тұрсаң зарлап,
Зар жылағыл, естіп тұрсын Пәруәрдігәр!
32-хикмет
Ғашық жолда пана болар бір Алла бар,
Не қылсаң да, ғашық қылғыл Пәруәрдігәр.
Қолым жайыл дүға қылам жар бол Жаппар!
Не қылсаң да, ғашық қылғыл Пәруәрдігәр.
Ғашық зары күйдіреді жан мен тәнді,
Ғашық зары ойран қылар дүние-малды,
Ғашық болмай танып болмас бір Алланы,
Не қылсаң да, ғашық қылғыл Пәруәрдігәр.
Ғашық жыры сыймас достар дәргәһіңа,
Барша ғашық еңіреп тұрғай алды-артында,
Жеті дозақ шыдас бермес бір аһыңа!
Не қылсаң да, ғашық қылғыл Пәруәрдігәр.
Шын ғашықты көрсет маған шүкір қылам,
Соққы көрсем Зікіриядай зікір салам,
Аюб сипат бар бәлеге сабыр қылам.
Не қылсаң да, ғашық қылғыл Пәруәрдігәр.
Ғашық дертін қалап алдым дәрменім жоқ,
Сүйгені үшін жан бергеннің арманы жок,
Бұ жолдарда жан бермеске амалың жоқ.
Не қылсаң да, ғашық қылғыл Пәруәрдігәр.
Қайдан табам ғашық еттің зарарым жоқ,
Ғашық зарын күні-түні қоярым жок,
Дәргәһіңнен басқа жерге барарым жоқ.
Не қылсаң да, ғашық қылғыл Пәруәрдігәр.
Ғашық базары ұлы базар сауда харам,
Ғашықтарға өзге әлемді ойлауда арам,
Ғашық жолға түскендерге дүние қараң
Не қылсаң да, ғашық қылғыл Пәруәрдігәр.
Ғашықтықтың мән-мағынасын ұға алмадым,
Әміріңді ұстап, ит нәпсімді тыя алмадым,
Надандықтан Хақ әмірін қыла алмадым,
Не қылсаң да, ғашық қылғыл Пәруәрдігәр.
Құл Қожа Ахмет ғашықтықтан зор бәле жоқ,
Медет күтпе, ғашық дертке дауа да жоқ,
Көз жасыңнан басқа оған куә да жоқ.
Не қылсаң да, ғашық қылғыл Пәруәрдігәр!
Хикметті бізге жеткізген Әбибулла Мұхамеджанұлы