Ясауидің кереметтері мен шәкірттері
Жеті жасына дейін жоғары рухани шендерге ақырын-ақырын көтерілгеннен кейін Арыстанбабтың тәрбиесінің арқасында шыңдалып, дамуының шарықтау шегіне жеткен кішкентай Ахметтің бірте-бірте атағы, даңқы жер жүзіне жайыла бастайды. Онсыз да әкесі шайқы Ыбырайым шексіз кереметтері, аңыздарымен аты әйгілі болған бір адам болатын. Сондықтан жерлесінің, отандасының сөздерін толық құрметтеген бұл тұйық, томаға мінезді кішкентай баланың ата-тегі тұрғысынан да, мәні жағынан да үлкен орын алатынын білетін. Сол кезде болған әдеттен тыс оқиға Ахметтің даңқын бүкіл Түркістанға жайған еді. Сол дәуірде Меуреннахр мен Түркістанда Ясауи деген бір билеуші билік құрып тұрған. Қыста Самарқанда тұрып, жазда Түркістан тауларында өмір сүретін. Барлық түркі билеушілері сияқты аң десе ішкен асын жерге қоятын бұл падишаһ жазды Түркістан тауларында аң аулаумен өткізетін. Бірде жаз уақытында Қарашық тауында аң ауламақшы болғанымен, таудың ойы-қыры оған кедергі жасап, бұл ойынан айнытады. Қарашықта сөйтіп ешқандай аң аулай алмайды. Сол себептен бұл тауды тегістеп тастамақшы болады. Өзі билік жүргізген жерлерде қанша әулие болса, соның бәрін жинап алады да, олардың дұғаларының берекетімен бұл тауды алып тастауларын сұрайды. Түркістан әулиелері билеушінің бұл өтінішін қабыл алады. Ихрам киіп (қажылық заманында киілетін киім) үш күн бойы осы тауды жойып жіберу үшін жалбарынып, сиынады. Бірақ бұл сиынулар, жалбарынулар үміт еткендей болмастан, нәтижесіз қалады. Себебін іздестіреді. «Бұл өңірдегі білгіш, әулиелерден келмеген бар ма?» – деп сұрастырады. Сол кезде шайқы Ыбырайымның ұлы Қожа Ахметтің әлі кішкентай болғандығы үшін [керемет көрсетуге] қатыспағаны жеткізіледі. Дереу Сайрамға адам жіберіп, шақыртып алады. Бала әпкесімен кеңеседі. Әпкесі: «Әкеміздің өсиеті бар. Сенің ортаға шығатын уақытыңның келіп-келмегенін білдіретін нәрсе-әкемнің мазарындағы байлаулы тұрған дастархан. Егер оны ашуға құдіретің жетсе бар, бағыңды сынап көр. Сол кезде белгілі болар»,- дейді. Бала содан кейін мазарға барып, дастарханды ашады. Сөйтіп ортаға шығатын уақытының жеткеніне көзі жетеді. Дереу дастарханды алып Ясы қаласына келеді. Барлық әулиелер сол жерде дайын боп тұрады. Дастарханындағы бір тілім нанды дуалайды. Мұны қабыл етіп Фатиха оқиды. Сөйтіп нанды жиналғандарға бөліп береді. Барлығына жетеді. Әулиелерден және падишаһтың әмірлері мен әскерлерінен 99000 адам сақадай сай тұрады. Олар бұл кереметті көргенде, Қожа Ахмет Ясауидің ұлылытына бас иеді. Қожа Ахмет әкесінің бешпентін киіп, әкесінің батасының (дұғасының) соңын күтіп отырады. Сол кезде кенеттен көк жүзінен сел ағып, жер атаулы судың астында қалады. Шайқылардың жайнамаздары толқын үстінде қалқиды. Сол себептен бәрі айқайлап-шулап жалбарына бастайды. Қожа Ахмет бешпенттен басын шығарады. Кенеттен дауыл тоқтай қалады да, күн жарқырап шығады. Тау жаққа қараған кезде Қарашық тауының жым-жылас жоқ боп кеткенін көреді. Қазір ол тау орнында Қарашық деген қалашық бар. Ол жер – Қожаның ұрпақтарының мекені және Отаны. Бұл кереметті көрген билеуші Ясауи атының, есімінің қияметке дейін жиһанда мәңгі бақи қалуы үшін Қожадан жәрдем сұрайды. Қожа бұл тілекті қабыл алып: «Әлемде кім бізді жақсы көрсе сенің атыңмен бірге еске алсын» дейді. Міне осыған байланысты сол күннен бері «Қожа Ахмет Ясауи» деп еске алынатын болды.
(Материалдар “Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты аңыз, әпсана, хикаялар” кітабынан алынды. Құрастырған ф.ғ.к., Б.Қорғанбек. Алматы: “Эффект”, 2011ж.)