Мәулана Шамсуддин Мұхаммед Ружи
Мәулана Ружи Мәулана Сағдуддин Қашқаридің ізбасарларынан болған. Бірнеше жыл Ғираттың жамиғ-мешітінде шәкірттерді Хақ дағуатына шақырған. Ғират шаһарының құбыла тұсында тоғыз фарсах қашықтықта орналасқан Руж ауылында дүниеге келген.
Ол кісі 820 жылдың (қыркүйек 1487) Шағбан айының ортасында Барат түнінде туылған. Риуаяттар бойынша оның анасының бес жасқа толған бір ұлы шетінеп сол оқиға оның жанына қатты батқан екен. Сол түні түсінде пайғамбарымызды (с.а.у.) көріп, ол кісі: «Қам жеме, діліңді хош ұста. Хазіреті Хақ Тағала саған бір дәулетті, ғұмырлы бала береді» – депті. Осыдан соң біраз уақыт өткеннен кейін мәулана Мұхаммед туылады. Оған анасы әрдайым «Маған сүйінші ретінде берген перзент сенсің» – дейді екен.
Мәулана Шамсуддин хазіреті кішкене күнінде оңаша жүретін, өзі құралпы балалармен араласпайтын болыпты. Әкесінің үйінде өзіне бір арнайы хылуетхана істеп алып көп уақытын сонда өткізеді екен. Оның әкесі мен ата-бабалары саудагер, керуен жүргізген байлар болған. Барлығы да тұрмыс-тіршілігінде сауданы кәсіп қылған. Мәулана ешқашан ата кәсібіне мойын бұрмаған.
Ол кісі өзі жайында былай дейді: «Әрдайымғы арманым пайғамбарымызды (с.а.у.) түсімде көру еді. Бір күні үйге кірсем шешем табындас бір топ Әйелдермен бір кітап оқып отыр екен. Мен олардың мәжілістеріне қосылдым. Тыңдасам анам бір дұға оқып жатыр екен. Кімде-кім ол дұғаны жұма күні түнде бірнеше рет оқып жатса сөзсіз пайғамбарымызды (с.а.у.) түсінде көреді делінген. Мұны естіген соң менің арман, тілегім арта түсті. Айтқандай сол түн жұма түні еді. Мен шешеме «Мен бүгін түнде осы дұғаны оқиын, мүмкін тілегім орындалар» дедім. Ол кісі: «Бар, орында мен де оқиын» деді. Содан өзімнің хылуетханама барып кітапта жазылған шарттар бойынша оқи бастадым. Сондай-ақ біреулерден кімде-кім жұма түнінде үш мың салауат айтса хазіреті пайғамбарды түсінде көреді дегенді естіген едім. Мұны да істедім. Осылай түн ортасына жақындады. Кейін басымды жастыққа қойып ұйқыға кеттім.
Түс. Түсімде өз үйіміздің есігінен ішке кіріппін. Шешем сыпаның шетінде тұр екен. Мені көре сала «Балам, неге кеш келдің? Мен сені күтіп отырмын. Шынында да, хазіреті пайғамбар (с.а.у.) біздің үйге келді. Жүр, сені оның шарапатты құзырына алып барайын» деп, мені қолымнан ұстап сыпаның екінші шетіне жетеледі. Қарасам пайғамбарымыз (с.а.у.) сыпаның шетінде арқасын құбыла тарапқа беріп отыр екен. Сондай-ақ ол кісінің төңірегінде көп адамдар жайғасқан. Тағы бір топ жамағат алқа құрып түрегеп тұр. Хазіреті елші (с.а.у.) әлемнің түкпір-түкпіріне хат-хабар жіберіп жатыр екен. Пайғамбардың алдында бір кісі отыр. Хазіреттің бұйрығымен әрбір хатты сол жазып жатыр. Менің аңдауым бойынша ол тәңірлік ғұламалардан тақуалық пен діндарлықта өз заманының бірегейі болған мәулана Шарафуддин Осман еді. Бүгінде мазары әулиелер мен жалпы халықтың зиярат жайына айналған.
Анам мені оның құзырына алып барды. Ол кісі бізге назар аудара қоймады. Оның жуық арада босай қоятынына шүбаланған анам пайғамбарымызға барып «Ия, Расулулла, дәулетті, ғұмырлы перзент уағда еткен болатынсыз. Бұл сол бала ма, жоқ па?» деп сұрады. Хазіреті пайғамбар мен тарапқа назар тастап жымиып «Иә, бұл сол перзент» деді. Содан кейін мәулана Шарафуддин Османға қарап «Бұл үшін де бір хат жаз» деп бұйырды. Мәулана қолына қағаз, қалам алып жаза бастады. Қарасам үш қатардай жазу жазды. Ол жазулар құжат соңына жазылатын анықтама сияқты аралары ашық, бір-бірінен ажырап тұр еді. Өте көркем жазумен жазылған бұл хатты мәулана бүктеп менің қолыма ұстатты. Мен ол хатты қолыма алып кері қайттым. Жолда өз-өзіме сен хаттың мазмұнын түсіне алмайсың. Артқа қайтып мұны пайғамбарға (с.а.у.) көрсет. Саған мазмұнын түсіндіріп берсін дедім. Дереу артқа қайтып пайғамбар хазіреттің құзырына келіп «Ия, Расулулла, бұл хатта не жазылғанын білмеймін» дедім. Ол кісі хатты қолымнан алып оқи бастады. Хазіреттің (с.а.у.) хатты бір қайталап оқуымен ол үш қатар жазу түгелдей ойымда сақталды. Хатты бүктеп қайта қолыма берді. Мен тағы бір нәрсе сұрайын деп оқтала бергенімде кенет құлағыма есіктің ашылған дыбысы келіп оянып кеттім. Қарасам шешем қолына шам ұстап есіктен ішке кіріп келеді екен. Ол маған «Ей, Мұхаммед! Түс көрдің бе?» деді.
Мен: «Иә, көрдім» – дедім.
Ол: «Мен де көрдім» – деп түсін әңгімелей бастады. «Мен зумустани* сыпаның шетінде тұр едім. Пайғамбар (с.а.у.) үйімізге келіп сыпаға мүбәрәк арқасын құбыла тарапқа беріп отырды. Мен сені күтіп тұрдым. Кенет сен есіктен ішке кірдің. Мен сені қолыңнан жетектеп хазіреттің алдына алып бардым. Ол кісіден «Ия, расулулла! Маған уағда етілген перзент осы ма?» – деп сұрадым. Ол: «Иә, осы» – деп жауап берді. Бір кісі алдында жазу жазып отырды. Пайғамбар (с.а.у.) оған сен үшін хат жазуды бұйырды. Ол бір параққа нама жазып сенің қолыңа ұстатты. Сен ол наманың мазмұнын түсіну үшін оны хазіреттің мүбәрәк қолына бердің. Ол кісі хаттың мазмұнын оқып беріп, оны қайта қолыңа ұстатты».
Мен де дәл сол түсті көргенмін. Анам түгелдей ежіктеп айтып берді. Екеуіміздің түсіміз бас-аяғына дейін бір-бірінен айырмашылығы жоқ еді».
Ол кісі айтады: «Әуелде Руж ауылында едім. Бойымда осы жолға үндеу пайда болды. Кейбіреулерден «Ғираттан шыққан бір әзіз бар ма? Қызметіне барайын деген едім» – деп сұрастырдым. Олар шейх Садриддин Уаси атты бір әзізге ишарат етіп, оның шейх Зайнуддин Хауафидің халпелерінен екендігін, бүгінде сопыларға мүршидтік, ілім талапкерлерге тәлім берумен шұғылданатынын айтты. Мен мұны естіп шаһар тарапқа бет алдым. Шаһарға кірмей жолда хазіреті шейх Зайнуддин Хауафидің мазарына бұрылдым. Шейх Садриддин сол уақытта сол жерде тұратын. Айтқандай дәл мәжілісінің үстінен түстім. Біраз уақыт мәжілістерінің шетінде тұрып, сұхбаттарын тыңдадым. Ешқандай әсер алмадым. Ол жерден шығып, шаһарға жол тарттым. Жолда Хафиз Ысмайылды жолықтырдым.
Рашахат авторының айтуынша, бұл Хафиз Ысмайыл Руж ауылынан еді. Мәулана Шамсуддин Мұхаммед Ружимен ауылдас болатын. Хафиз Ружи әуелде Сағдуддин Қашқариға барып, шарапатты қабылдауында болып, ол кісі дүние салған соң мәулана Әбдірахман Жамиге жол тартып бұл сапардан үлкен бахрам алған кісі еді.
Мәулана Мұхаммед Ружи айтады: «Хафиз менен «Қайдан келесің? Не мәселемен жүрсің?» – деп сұрады. Мен оған жағдайымды айттым. Ол маған: «Үлкен мешітке бар. Онда бір әзіз бар. Кейде мешіттің дәлізінде сұхбат құрады. Оны көр. Менімше оның сұхбаты сенде әсер қалдырмай қоймас» – деді. Одан бұл сөзді есітіп дереу үлкен мешітке бардым. Айтқандай хазіреті мәулана бір топ әзіздермен мешіттің дәлізінде үнсіз отыр екен. Мен есіктің сыртында дуалға сүйеніп оларға және олардың үнсіздігіне назар салып, шейх Садриддин хазіретінің зікір алқасы мен оның шәкірттерінің шуылын пікір еттім. Өз-өзіме ол жанұшыру мен мазасыздық не, мына үнсіздік пен төзімділік не? – дедім. Кенет хазіреті мәулана мүбәрәк басын көтеріп маған қарап: «Пірадар, бері кел» – деді. Мен оған жақын келдім. Ол кісі мені қасына отырғызып, былай деді: «Мырза Шахрухтың құзырында қызмет ететін құлдардың, не қызметкерлердің бірі әрдайым мырзаның алдына барып дауыстап «Шах-рух, Шах-рух» десе әдепсіздік, көргенсіздік болады. Ал әдептілік қызметкердің патша алдында, құлдың қожасының құзырында безектеп, шуламай үнсіз, оның қызметіне әзір тұруы» – деп мына бәйітті оқыды.
Шүбасыз надан, ақымақ ісі
Зікірде жөнсіз безектеу
Біз жақын сырын түсінбей
Ғайып пен аян секілді жат етеміз.
Менің қолыма қарап саусағымдағы жүзікті көріп «Әлдебіреуге бір қажеттілік үшін өтініп барған адамның қолының бос болғаны жөн» – деді. Мен дереу қолымнан жүзікті шешіп тастадым. Хазіреті мәулана орнынан тұрып, мешіттің ішіне кірді. Сол жерде отырғандардан біреулер артынан бар деп ишарат етті. Мен ол кісінің артынан ілестім. Бір жерге жайғасып, мені қарсы алдына отырғызып, тариқат тағылым етті. Ол кісі маған былай деді: «Мешіт ғажап мәртебелі жер. Сен осында тұрып әрекет ет». Мен ол кісінің нұсқауын қабыл алып, айтқанымен шұғылдана бастадым. Анам мұны есітіп Руждан хазіреті мәулананың қызметіне келіп одан тариқат алды.
Біраз уақыттан соң бес уақыт намаз оқылатын бір үлкен мешіттің күмбезінің астында тахажжуд оқып «мурақабада» (бақылауда) отыр едім. Кенет бір шырақ секілді нұр пайда болып ол нұрдың сәулесімен күмбез шатырын анық көрдім. Ол нұр артып үлкен бір алаудай болды. Күмбездің іші онымен күндіздей жарық тартты. Бұл жағдай біраз уақыт сақталып тұрды. Аздан соң таң атты. Бұл мағынадан менде бір мақтаныш пайда болды. Осы сезіммен хазіреті мәулананың мәжілісіне келіп отырдым. Ол кісі ашуланып мен тарапқа қарап: «Сенде мақтаныш сезімін көріп тұрмын. Біреу тазалық нұрын көрумен мұншалықты астамшылыққа түсер ме?! Мен ол кездерде мәулана Низамуддин Хамуш хазіреттің қызметінде едім. Түнде жүрген жерлерімде оң жағым мен сол жағымда он екі нұр жарық шашып қай тарапқа жүрсем де менімен бірге ілесіп жүретін. Ешқашан оған көңіл аудармайтынмын, оны есепке алмайтынмын» – деді. Ол осыны айтып сабасына түсіп «Отырма, тұр. Аулақ жүр. Бұл сипатпен менің алдыма келуші болма» – деп мені мәжілісінен шығарып жіберді. Мен өкінішті оймен сыртқа шығып, ол жағдай үшін Алладан кешірім сұрадым. Ол астамшылықты бойымнан кетіру үшін қияли талпыныс жасадым. Ақыры мәулана хазіреттің оң ілтипатымен менен ол астамшылық зая болды. Сол нұр секілді бір нұр анама да көрінді. Алайда анам одан түгелдей дәреже несіп етіп оны көруден қиыс іске ұрынған жоқ.
Сол нұрды көрген кездерім болатын. Бір кісі маған келіп аса кішіпейілділікпен жағымпазданып, биязылық көрсетті. Ақыры мен одан «Маған мұншалықты кішіпейілділік пен биязылық көрсетуіңнің себебі не?» – деп сұрадым. Ол: «Бір түні мешіттің бөлмесінің ішінде отырғанмын. Кенет бір кісі ішке кірді. Бөлме түгел нұрланып жарық болып кетті. Қарасам сіз екенсіз. Білсеңіз мүлдем шам жоқ еді. Қалай шығып кеттіңіз солай бөлме қараңғы тартты» – деді. Ол кісі рас айтқан еді.
Мәулана Шамсуддин айтатын: «Әуелде хазіреті мәулананың қызметіне келгенімде үлкен қожалардың ныспатының менде пайда болмағанына қатты абыржулы едім. Түндерде мешітте басымды сәждеге қойып зар илеп жылайтынмын.
Ал күндіз мен шөлдалаға барып, жылап жалбарынатын едім. Жеті-сегіз ай халім осылай кешті. Бір күні мәулана хазіреті менің қайғырып жүргенімді көріп, маған былай деді: Бауырым сен жылау мен жалбарынуыңды көбейт. Сен осылай ғана өз орныңа жетесің. Өйткені бұл жылап жалбарынудың үлкен әсері бар. Мен де осылай көп жылайтынмын. Ол осы сөзін айтып жатып маған бұрылып қарады. Бір сөзбен айтқанда, менде әзіз кісілердің ныспатының бір әсері пайда болды. Бұл нәрсенің пайда болғанынан кейін, мен түні бойы жамиғ-мешіттің кіреберісінде күзетіп отырдым. Түн ортасы болғанда мені ұйқы басты. Ұйқымды кетіру үшін орнымнан тұрдым. Кенет мәулана хазіретінің артымда күзетіп отырғанын көрдім. Оның қашан келіп отырғандығын сезбегендіктен таңдандым. Мен оның алдына барып отырмақшы болдым. Сонда ол басын көтеріп пәленше сен неге қалдың деді. Мен ұйқымды кетіру үшін қалдым деп жауап бердім. Осы сөзін айтып жатып ол маған ілтипат көрсетті. Менде әзіз кісілердің ныспаты пайда болды.
Мәулана Шейхабуддин Ахмет Чунди хазіреті былай дейді: Бір күні таңертең мәулана Сағдуддин қызметіне бардым. Ол маған былай деді: Бүгін түнде Сарабанның баласының жансарайы ашылды. Үлкен қожалар ныспатының бірі пайда болып, жеті аспандағы періштелер оған қызғанышпен қарады.
Мәулана Шейхабуддин хазіреті былай деді: Мәулана Сағдуддин хазіретінің бұл сөзінен мынаны түсінуге болады: Сарабанның баласы мәулана Мухаммад Ружи. Өйткені оның әкесі (дауабасар) болған.
«Рашахат» кітабының авторы айтады: Мәулана Мұхаммед хазіреті айтты: Ұстазымыз мәулана Сағдуддин хазіретінде бір күш бар. Ол қашан да қалаған адамына әзіз кісілердің ныспаты шарабынан дәм ұсына алады. Және ол бір жағдайдан өзін тұта алмай талып қалатын еді.
Бір күні мәулана хазіретімен бірге бір мешіттің есігінің алдына келдік. Шам намазының азаны айтылды. Мешітке кіріп, бірге намаз оқыдық. Сол мешітте хатым-құран аяқталған екен. Онда шырақ жағылып, хафиздермен бірге көп адам жиналған еді. Мәулана хазіреті бір сапқа кіріп, құблаға қарап отырды. Мен де алдына жақындап, оған қарадым. Кенет ол басын көтеріп, жан-жағына қарап менің қасыма кел деп ымдады. Мен орнымнан тұрып оның қасына бардым. Ол сонда отырған еді. Сол кезде ол маған бір ілтипат көрсетіп мені есімнен тандырды. Оның бір рет қарағанынан қалай отырып қалғанымды сезбедім. Біркезде есімді жинасам, азаншы құптан намазына қамат айтып жатыр екен. Мен сонда оқылған құран мен шерлерді байқамаппын. Халықтың көптігінен де хабарым жоқ еді.
Ол былай деп айтты: Бір күні «Мәснауи» кітабын оқып, жамиғ-мешітінің дәретханасының алдында тұр едім. Кенет мәулана хазіреті есіктен ішке кіріп, ұстап отырғаның қандай кітап деп сұрады. Мен «мәснауи» деп жауап бердім. Ол былай деді: «Мәснауиді» оқып қоюдың пайдасы жоқ, оны жүректе сақтау керек.
Ол былай деді: Бір күні мәулана хазіреті менің хужрама кіріп, қалтадағы құранды көріп, бұл қандай кітап деп сұрады. Мен мусхаф (құран) деп жауап бердім. Ол маған: Бұл бекершіліктің белгісі. Өйткені тариқатты бастаушыға алдымен нәфи және исбатпен (қайтару және дәлелдеу) айналысуы керек. Ал құран оқу орта буындағылардың ісі. Нәпіл намаз оқу бітіруші буындағылардың ісі. Бастау иелерінің негізгі міндеті қайтару мен дәлелдеу.
Ол айтады: «Мен мәулана Сағдуддинмен кездесіп жүретін кезде, көп еңбектенетінмін. Көп әрекет жасау арқылы өзімді әзіз кісілердің ныспатына қосатын едім. Түндері онымен толық айналысудан рахат, лазат алу үшін таңға дейін отырып, тіземді жаюға әлім қалмайтын еді. Егер тізем алдына жаңғақ немесе бадам сияқты тастар шықса да қайтпайтынмын. Соншалықты беріліп кеткенімнен оларды алып тастауға мүмкіндігім болмайтын».
Ол былай деді: «Айналысуымды бастап, мешіт ауласында бақылап молдасоқынып отыр едім. Кенет бір дыбыс есітілді. Біреу «ей, бейәдеп! құлдар патшалар үйінде осылай отыра ма деді. Мен есімді жия алмай, әрең дегенде екі тіземмен отырдым. Тіземе тастар батып қатты сыздатты. Сол кезден қырық жыл өтті міне молдасоқынып отырмаймын».
Ол былай деді: «Піріміз мәулана Сағдуддин хазіреті, шейх Баһауиддин Умриді көру үшін атпен кетіп бара жатқан еді. Мен олардың алдында есекке мініп келе жатқан болатынмын. Жолда қатты шөлдедім. Су ішетін мүмкіндік таба алмадым. Мәулана хазіреті маған қарап, шөлдедің-ау деймін деді. Мен ия дедім. Ол қаладан шыққаннан бері шөлдей бердім. Оның себебі сен екенсің ғой, деді.. Біраз су ішкеннен кейін шөлім басылды. Мәулана хазіреттің де сусыны басылды. Сөйтіп айтылған жерге жеттік. Мен Мәулана хазіретінің аяқ киімдері мен аса таяғын алып, алысырақ жерге отырдым. Шейх мәулана хазіреті сұхбатты бастады. Одан ұзақ отырғандықтан сұхбатын есіте алмадым. Бекер отыру жақсы емес деп, шейх тарапқа бұрылдым да ол жайлы ойлай бергенім сол еді, Шейх Баһауиддин: Ей, Сен не істеп отырсың? – деді де күлімсіреді.
Рашахат авторы айтады:
– Мұндай дәрежеде бағытталу өте аз еді, ол бір сәттің өзінде көбеймейтін. Үлкен әсер пайда болып, мені бір күш баурап алатын. Төрт-бес күнге дейін уақыт-уақытымен биік рұхқа себеп болған күш жауып жатқан жаңбыр сияқты тоқтамай келетін.
Біраз уақыттан кейін мәулана хазіретінен сұрадым: Бір бишара шын жүрегімен бағытталды. Неге оныкі шектеліп, оның бәрін көтеруге шамасы келмейді. Ол айтты: Себебі оның әр дайым Хақ Тағаламен қатнасы бар. Ізбасарлары оған бағытталған кезде, оны мен Хақ Тағала арасында бір тосық пайда бар тосық пайда болып, тасталғанша онда бір перде пайда болады. Сондықтан ол жалынып-жалбарынады.
Ол айтты: «Алдынғы кезде, бір күні жамиғ-мешіттің ішінде, шығыс сөресіне жақын жерде отыр едім. Менің айналысып жатқан ісім бар еді. Кенет хафиздер орнының жанынан бір кісі көрінді. Оның ұзын бойы үйдің төбесіне жететін. Басы Үнді жаңғағы сияқты кішкентай, жұпар иісі көшеге таралатын. Тістері аппақ, мойыны жіңішке әрі ұзын еді. Мен оның тұрған жерінен маған бұрылып, жайлап жүре бастағанын көрдім. Кейде жығылып, кейде туырланып әртүрлі қимыл жасайтын еді. Мен өз-өзіме, бұл дәу сені әзіз кісілер ныспатынан шеттетіп, ісіңді бекерге шығармақшы дедім. Мен тариқатқа бар күшіммен беріліп, толығымен өз ісіммен айналыстым. Ол мені осы халімнен түсіру үшін әртүрлі іс-қимылдар істесе де амалға аспады. Қанша рет сол жақтан келсе де мен оған берілмей өз ісіммен айналыстым. Ақыры ол маған өте жақын келіп, менің бұл ісімнен қайтпайтынымды көріп, жоғары қарап мойныма мінді, аяқтарын қайыс сияқты беліме орады. Мен сабырлық сақтап, мазасызданбадым. Біраздан соң аяқтарын белімнен алып, құрт сияқты ауаға ұшып ғайып болды. Содан кейін ондай нәрсе көрмедім».
Ол айтты: «Бір күні түнде жамиғ-мешітте, қарилар орнының алдында бір өзім аспанға қарап жатқан едім. Аспан жұлдыздарын көкжиекке еніп, бірдеңенің маған бағытталып жақын келгенін көрдім. Егер қолымды созсам, жұлдыздарға тиетін шығар деп ойладым. Бұл жағдайды көргеннен кейін менде үлкен бір көңіл-күй пайда болды. Мен есімнен танып қалдым. Бұл таңға шейін жалғасты».
Ол айтты: «Бір күні әкемнің алдында отырған едім. Маған күшті бір халет бағытталғанын сездім. Есімнен танарлықтай болып тұрғанымда әкеме: Менің есімнен танып қалуым мүмкін. Қанша уақыт жатар екенмін, бақылап көріңіз, дедім. Осы сөзді айтып болысыммен есімнен танып қалдым. Көзімді ашсам, әкем бас жағымда жылап отыр екен. Мен оған неге жылап отырсыз дедім. Ол неге жыламайын, үш күннен бері өлік сияқты жатсың. Мен сенің өміріңнен үмітімді үзген едім деді. Мен есептеп шықсам он бес уақыт намазы өтіп кетіпті. Жылдам тұрып қарызымды өтедім».
Ол айтты: «Алғашқы кездері, бір күні жамиғ-мешітте онымен сүннет намазын оқып болғаннан соң өзімнің (шұғлыма) ісіме кірістім. Кенет мені бір мазасыздық баурап алды. Біраз уақыттан кейін ол халет менде мәңгі қалды. Әр екі-үш күнде сол халет менде пайда бола бастады. Күннен-күнге екі-үш рет көрініп, артынан көбейе бастады. Бір кезде тоқтамай келіп, мен мазасызданып талып қалатынмын. Кейін жай азая бастады. Оның өзімде азая бастағанын сезген кезде, мәулана хазіретінің ауып өтуінен қорықтым. Сол себепті, мен өз мазасыздығымды оған жеткіздім. Ол айтты: Қорықпа, есінен көп тану ішкі дүниенің әлсіздігі. Ішкі жан дүниең біршама күшейіп ол халет жойылып кетеді. Енді сезіну сезінбеуге байланысты. Сонда менің дәрежем мақам болды».
Сопылық терминінде хал Хақ Тағала тарапынан берілетін дарын. Хақ Тағала оны шабыт арқылы береді. Ал халдің келіп кетуінде иесінің еркі болмайды. Қуану, ренжу және сараңдық пен жомарттық сияқты. Ал халдің шарттарының бірі, ол міндетті түрде жойылады, оның орнына сол сияқты бір ерекше бір күйге түстім. Дегенмен хал онымен жүруші кісінің мүлкі болып, онда орнығып қалса, оны мақам дейді. Ал мақам осы ағымның түсінігі бойынша Илаһи дәрежелер мен мәртебелер қатарынан болып, оны ұстанушының мүлкіне айналады. Және оның қол астында болып, жойылмайтын бір дәреженің бірі болып саналады.
Хал деп мынаны айтады. Егер ол ұстанушыдан үстем болып, оның қызметінде болмаса және ұстанушы кісінің болуы оған байланысты болса. Ал мақамды былай дейді: Ұстанушы кісі оған иеленіп, ол соның қол астында болады. Сол себепті сопылықта былай деген сөз бар Халдар Алладан берілетін дарын, ал мақамдар кәсіп бөліміне жатады.
Ол айтты: Алғашында, мәулана хазіретінің әмрімен Ғираттағы жамиғ-мешітіне байланып қалған едім. Түндері таңға дейін мешіт ішінде тұрып зарлап жылайтынмын. Ныспаттың пайда болмағандығынан басымды мешіттің қабырғаларына ұрғандықтан басымда, маңдайымда жаңғақ сияқты жаралар пайда болар еді. Мен мешіттен еш уақытта шықпайтын едім. Тек қана дәрет алу немесе тазалану қажет болған жағдайда шығып тұрдым. Бір кездері қырқ күн шаһар қақпалары жабылып қойылатын.
Ол кездері халық жамиғ-мешітке көп келетін. Жұма күннен басқа күндері бұл недеген халық деп сұрамадым. Сыртта не болып жатқанынан мүлде хабарсыз болдым. Қаланың қақпасының не үшін жабылғаны жайлы адамдардың бір-бірімен гүбірлесіп сөйлесіп жататынын еститінмін. Олардың біреуінен «Қала не үшін жабылды?» деп сұрадым. Маған адам көрмегендей қарады да: «Сен не аспаннан түстің бе?» -деді. Мешітте үш күн, үш түн отырғандықтан тамақ жемедім. Аш болғандықтан бойымнан әл-қуатым кетті. Біраз жүрек жалғау жасайын деген ниетпен сыртқа шықтым. Мешіттің есігінен сол аяғымды басып шыға бергенім сол еді, ішімнен бір дауыс естілді: «Біздің сұхбатымызды бір үзім нанға айырбастамақпысың?». Аяғымды қайта тартып алып, бетіме шапалақпен тартып жібердім. Бетімнен ұрғаным соншалық, қолымның ізі бір аптаға дейін кетпеді. Өз-өзімді ұрғаннан кейін мешіттің бір бұрышына барып отырдым. Сөйтіп өз-өзіме «Енді аштан өлсем де тамақ үшін сыртқа шықпаймын», деп ант еттім. Сол кезде менің бойымды тоқтық сезімі билеп ала берді. Сол сәтте мешітке бір кісі кіріп келді. Бір ауыз сөз айтпай алдыма бір дорба тамақ әкелді де шығып кетті. Оның бұл әрекеті мені қатты қуандырды.
Ол айтты: «Мәулана хазіретімен жолығып, оған қызмет істеп жүрген кезімде бір сұлуға ғашық болдым. Менің махаббат сезімім күшейіп, сондай дәрежеге жетті. Көңіліме ол туралы ойлар келіп, басқа кісілермен сөйлеспей тіпті пірге де баруды, бағытталуды қойдым. Махабаттың ыстық сезіміне бөленіп, сол кездері мәулана хазіретімен кездесуге бармай қойдым. Өйткені бұндай түрмен оның құзырына баруға ұялдым. Менің қарабет болғаным соншалық кейде мәулана хазіретін көріп қалсам бір көшеге кіріп жасырынып қалатынмын. Мұндай халімнен қатты ұялатынмын. Бірақ ол кісіні жақсы көретінмін. Біраз уақыттан кейін бір жерде келе жатып мәулана хазіретін көріп қалдым. Қарсы алдымнан шығып қалды. Жасырынуға да ешқандай мүмкіндік болмады. Қобалжығанымнан басымды жерге салбыратып тұрып қалдым. Ұялғанымнан тұла бойым терге малынды. Мәулана хазіреті қолын желкеме қойып, мәснауиден мына екі бәйітті оқыды:
Сенің ярың менің, ей халқадағы адам;
Көңіліңді байлаған жерден бір сәт айырылма!
Сонда ол шын жүрегімен маған бір илтипат көрсетті, оған деген махаббатым мен құштарлығым, ыстық сезімім мен көңілім мәулана хазіретіне ауып өтті».
Ол былай риуаят етеді: «Піріміз мәулана Сағдуддин Қашқаридің кездесуінде Ташкенттік бір кісі бар еді. Ол әрдайым ісімен жеке өзі шұғылданғанды жақсы көретін. Ол да біреуге ғашық болады. Оған деген құштарлығы оның жандүниесін жеңіп, оны өзіне тартар еді. Ол көп жұмыс істеп, алтын мен сыйлықтарды ғашығының өтетін жолына қоятын. Басқа біреу сыйлығын алмау үшін ұзақтан бақылап тұратын. Ғашығы осы жерден өтіп сыйлығын алады деп ойлайтын. Мен оның бұл халін көргенде былай дедім: «Сен қызмет істеп, бір нәрсе тауып, оның жолына бар. Ол келе жатып сенің қойғаныңды білмейді. Бірақ сен бір жолын тауып оның сенен екенін білдіру керек. Мен осылай айтқан кезде. Ол бишара уһілеп, ішінен ғашықтық үнін төгіп былай деді: Сен не айтып тұрсың? Менің бұл істегенім өзіме ұнамайды. Мен бұл ісім үшін одан ештеме сұрамаймын». Оның осы жауабына қатты таңырқап, нағыз махабаттың қандай болу керектігін түсінгендей болдым».
Ол айтты: Бір күні мәулана Сағдуддин хазіреті маған былай деді: Бәлен кісінің хал-жағдайы қалай білесің бе? Ол таңданарлық ғалым әрі ізденуші. Алыс аймақтан Ғиратқа білім алу үшін келген. Ол мәулана хазіретінің кездесуінде болып, кейін ілім алуды толығымен тастап, мәулана Жалалиддин Қани медресесінің бір бөлмесінде жалғыз өзі тұратын еді. Ол мәулана хазіретінің шәкірттерімен араласпай көбінесе сөйлемей мұңды болып жүретін еді. Мен мәулана хазіретіне оның жағдайын білмеймін -дедім. Білуімше, ол әрдайым шұғыл іс-әрекет үстінде. Ол маған былай деді: Сен бір күні оның халінен хабар ал. Оның жағдайын анықтамағанша алдынан кетпе. Мен де мәулана хазіретінің әмірімен сол білім іздеушінің бөлмесіне бардым. Оның хал-жағдайын сұрап былай дедім: Сіз хужра ауласында жалғыз отырып, қатарластарыңызбен араласпайсыз. Бұны қалай түсіндіресіз? Ол былай деп жауап берді: Мен бишараның басқа адамдармен қатынас жасау қабілетім жоқ, әсіресе, мәулана хазіретінің шәкірттерімен араласуды жақтырмаймын. Сондықтан оларға сабақ уақытында бармаймын. Мен күмәнданып, әрине сіздің бұлай етуіңізде бір себеп бар және сіз маған оны айтуыңыз керек -дедім. Ол бұл орынсыз күмән, сіз асырып жібердіңіз -деді. Мен бұл жерге мәулана хазіретінің айтуымен келдім, мен сенің жағдайыңды білмейінше сен менің сұрағымнан құтылмайсың -дедім. Ол менің сұрағымның кімнен екенін білген кезде уһлеп былай деді: Менің басыма таң қаларлық жағдай келді. Сөзбен айтып түсіндіріп бере алмаймын… Бірақ қолымнан келгенше айтып көрейін: Бір күні құптан намазын жамағатпен оқып, хұжрама* келіп, үлкен қожалар тариқатымен айналысып отыр едім. Бір сағат өткеннен соң маған шексіз көп нұр түсіп, жан-жағымды орап алды. Мен сол нұрды көрген кезде есімнен танып, таңға дейін есімді жинай алмай жаттым. Ал күндіз ақшамға дейін оған байланып қалған халім осы. Оның жағдайы маған белгілі болды. Оның сөзі маған қатты әсер етіп, көздерімнен еріксіз жас ақты. Мен онымен қоштастым. Мәулана хазіретінің менен оның жағдайын анықтағанымды сұрамағанда мен мынаны түсіндім. Мәулана хазіретінің мақсаты, өзінің тәрбиесінде сол кісі сияқты адамдардың бар екенін және маған үлгі көрсету үшін білдіру екен.
Мәулана Сағдуддин хазіретінің атасы, қожа Калан хазіреті былай дейді: Мен кейде әкемнің әмірімен сол білім алушыға тамақ алып баратынмын. Ол үш-төрт күнде бір тамақ жейтін еді. Ол қолын тағамға тигізгенде әрең тамақ жейтіндей әрекет ететін. Қожа Қутбуддин Хисари сол дәуірдің жомарт кісілерінің бірі еді. Ол сол баланың халінен хабар алып тұратын бір құлды тағайындап қойған еді. Құл әркүні үлкен қожалар тамағынан оған бір кесе дәмді тамақты медресеге жақсылық жасау мақсатында алып баратын. Бірінші күні құл тамақты алып барды. Ол құлдың жанында отырып, оған тамақты жегізетін еді. Сөйтіп құл бос кесені алып барып, қожаға былай дейді: Ол молда сіздің берген тамағаңызды жақсы тәбетпен жеп, сіздің артыңыздан дұға етті. Қожа бұдан ырза болады. Ал құл алып барған тамағын күнде ілім алушының әмірімен өзі жеп қоятын. Оны олар жасыратын еді. Шамамен бір жыл өткеннен кейін қожа мұны біліп қойып, құлына ұрсып, медресеге тамақ жібермейтін болды.
Мәулана Мұхаммед Ружи хазіреті былай деді: Бір күні менің әкем мәулана хазіретінің құзырына келіп отырды. Мен оларға қызмет жасап жүрдім. Кенет әкем маған қарап, Мұхаммед бәленшенің кеңесін тыңда – деді. Сонда мәулана хазіреті: Ей, бәленше бұл сен білетін Мұхаммед емес деп жауап берді.
Содан бір хикая айтып берді: Қожа Баһауиддин Нақшыбанди хазіретінің әкесі ауырып қалыпты. Қожа хазіреті оған екі дәруішті қызметші етіп тағайындайды. Қожа хазіретінің әкесі оларға жаман қарым-қатынас жасайды. Қожа хазіреті мұны білген кезде әкесінің төсегіне келіп былай дейді: Ей, әке бұл дәруіштер бізге Хақ Тағаланың ризалығы үшін келген. Ал біз Хақ Тағаланың ризалығын іздеп келген кісілерге құрмет көрсетіп, қызмет жасауымыз керек. Неге сен оларға жаман қарым-қатынас жасайсың? Қожа хазіретінің әкесі былай деді: Ей, Баһауиддин! сен менің әкем бе едің маған насихат ететін. Сонда қожа хазіреті былай деді: Ия, мен сізге насихат етіп жатырмын. Сырттай сіз менің әкемсіз, бірақ шын мәнінде, мен сіздің әкеңізбін. Сіз маған сырттай тәрбие бірдіңіз, ал негізінде мен сізді тәрбиелеп жатырмын. Қожа хазіретінің әкесі бұл сөздерді естігенде қатты өкініп, өз қателігін мойындайды. Өйткені мәулана хазіреті былай дейді: Әкем қатты әсер алып, маған қызмет етуімді айтпады. Және маған әрдайым құрмет көрсетіп тұрды. Мен оған қаншама кішіпейілділік пен биязылық танытсам да ол маған қарап қалмай құрметі мен әдебін асыра түсетін. Ол жолда кетіп бара жатып менен кейін жүретінді шығарды. Маған менен алда жүр дейтін еді.
Мәулана хазіреті айтты: Әзізіміз, мәулана Сағдуддин Қашқари хазіретінің қатты ауырып жатқан кезінде, бір күні «Силсилай халуатиядан»* (Тариқат кітабы) шейх Музаффар Кадкуни былай деді: Бір ұлық кісі мүридімен мәулананы көруге келеді. Біраз уақыттан соң әлгі шейх егер рұқсат болса, өз тариқатымыз туралы біраз айтып берсем – деді. Мәулана хазіреті өте орынды – деді. Шейх пен әлгі мүриді дауыстап бір шама сөйледі, кейін бір сәт тынышталып, күзетіп тұрды. Соң шейх басын көтеріп, мәулана хазіретінен сұрады: Сіз сейіт екенсіз ғой? Мәулана хазіреті ия деп жауап берді. Шейх бұл насабыңызды жасыруға болмайды. Бір таң қалатын сейіт сіз өміріңіз бойы сейіт екендігіңізді жасырғандығыңыз – деді. Сонда мәулана хазіреті былай деді: Әкем қайтыс болғанда бізге бір шежіре, насабнама қалдырған еді. Оны жұрттарға көрсетіп, сейіттігімді айтудан ұялдым. Ол шежірені дуалдың жарығына қойып, үстінен лаймен сыбадым. Егер менен сұраса бұны жасырмаймын деп ниет еттім. Өмір бойы мұны ешкімге айтпағанмын. Бүгін сіз сұрадыңыз, мен жасырмадым, оқиғасын да айтып бердім. Содан кейін шейхтан менің сейіт екендігімді сұраудан мақсатыңыз не еді деп сұрадым. Шейх былай деді: Мен осы бақылауымда мынаған куә болдым: Хазіреті пайғамбарымыз (с.а.у.) маған көрініп, былай деді: Менің ұрпағым Сағдуддин өз мүридтерінен екі кісіні бізге ертіп, әулиелік дәрежеге жеткізеді. Мәулана хазіреті жымиып, ол хазірет де асырып жіберген болуы керек – деді. Сонда шейхтің мүриді былай деді: Менің ұстазымның құлағы дұрыс естімейді. Ол хазірет отыз екі кісіні айтқан еді. Шейх екі кісі деп түсінді. Мәулана хазіреті сенің сөзің рас деп, сол мүридтің алғырлығына және зеректігіне әдемі сөздер айтты. Соң ол былай деді: Хақ Тағаланың көмегімен шәкірттерімізден отыз екі кісі әулиелік дәрежесіне жетеді.
Мәулана Мухаммад Ружи хазіреті былай дейді: Мәулана хазіреті осы сөзді айтып жатқан кезде мен сол отыз екі кісінің ішінде болмай қалсам деген ой келді. Мәулана хазіреті менің осы ойымды біліп, маған қарап жымиды. Бірақ қолын көтеріп сен олардың қатарына кіресің немесе кірмейсің де деген жоқ.
Мәулана Мұхаммед Ружи хазіретінің шейх Абдулкабир Иемени хазіретімен болған кездесуі мен сұхбаттарын баяндадық. Төменде ол туралы оқиғалар әңгіме етіледі.
Сол кездері мәулана Мұхаммед хазіреті шейх Абдулкабир хазіретімен Меккеде көршілес болып, ол кісінің кездесулеріне жиі барып тұрады екен. Айтуына қарағанда, шейх Абдулкабир хазіреті атақты әрі Харам шейхтарының көсемі болған екен. Сол мүбәрәк өлкенің сенімді әрі беделді кісісінің айтуы бойынша, шейх хазіреті Иеменнен Меккеге келгенде бір жыл ғибадатқа ерекше ден қойғандықтан, тамақ та, су да ішпейтін еді. Қара тасты тауаф етуді бір сәтте тоқтатпайтын. Жыл бойы тәшәһһуд оқылатын жерде отыратын еді.
Ол былай деді: Сонда мен шейх хазіретінің сұхбатында болдым. Мәжіліске ұлы кісілер келген еді. Мен саптың соңында отыратынмын. Ол біраздан соң басын көтеріп, мен жаққа қарап, ол кім – деп сұрады. Мәжілісте мені танитын кісілер Нақшыбанди тізбегіндегі кісі – деп жауап берді. Шейх хазіреті былай деді: Жақсы, жақсы бұлар бақытқа жетуші әрі шыншыл адамдар. Әсіресе, шейх халық аузында өте сараң кісі еді. Кейде ол Жунайд пен Шиблидан бір нәрселерді көшіріп алатын еді. Егер оның ағымына сәйкес келмесе, «суық сөз, қате сөз», – деп айтушы еді.
Риуаят етіледі: Бір күні шейх хазіреті былай деді: Менің атам болатын. Ол судың үстінде жүріп, ауада ұшатын еді. Бірақ таухид жайынан мүлде хабарсыз болатын.
Бір күні мәжіліске ғалымдар мен шәкірттер және қарапайым халықтан көп кісілер жиналған еді. Шейх хазіреті бір тақырып бойынша былай деді: Хақ Тағала ғайыпты білмейді. Мәжілісте отырғандардың көбісі бұл сөзден шошып таң қалды. Көпшілік адамдар қарсылықтарын білдірді. Бір жағынан шейх хазіреті де бұл сөздің кейбір кісілердің көңіліне симағандығын байқады.
Ол өз ойынан былай деді: Хақ Тағалаға сөйлем ныспаты куәлік береді. Оған қарайтын болсақ ғайып деген сөз жоқ. Егер ғайып деген нәрсені жоқ нәрсе деп қабылдайтын болсақ, онда жоқ нәрсені білу мүмкін емес. Құранда бекерге «ол ғайыпты білуші зат» деп келмеген. Хақ Тағаланың көре амайтындығы сөйлем арқылы белгілі болды.
Рашахат авторы айтады: Ақырғы күні жеке өзім отырған кезде мәулана Мұхаммед Ружи хазіретінен былай сұрадым. Сіз кеше шейх өз бағытындағы ойынан қайтты деген едіңіз. Осы ойынан қайтуындағы оның мақсаты не еді? Ол былай деп жауап берді: Бақыт пен болмыс иесінің өз дәрежесін пайдалануында барлық қасиеттер мен толықтырулардан таза. Ал бір мәртебеге білу қасиеті қосылмаса, онда ол мәртебе ғайыпты білуші болып саналмайды.
Ол айтты: Шейх хазіреті еш уақытта мал етін жемейтін еді. Ол мүлдем ет жемейтін. Мұны ол былай түсіндіріп беретін: Мені қатты таңдандыратыны халықтың мына күйі. Екі көзі жаутаңдап тұрған жануардың тамағына қалайша пышақ салып өлтіреді? Сөйтіп түк болмағандай күйсеп тұрып жейді.
Рашахат авторы айтады: Мәулана Мұхаммед Ружи хазіретінің шейхынан нақыл етіледі: Жоғарыда айтылған сөзден мынаны түсінуге болады: Шейх сол кезде әбдал мақамына (әбдал суфизм ағымындағы бір дәреже) жеткен еді. Сол себепті хайуанға зұлым жасау, өлтіру және оның етін жеу әбдал дәрежесіне лайық емес. Сондықтан да шынайы өмірдегі көріністердің ағымын көру бұл мақамда көп кездеседі.
Ол айтады: Шейх хазіреті бір ғасыр ораза ұстаушы еді. Оның кішкентай табағы болатын. Оның ішінде бидай немесе арпа ұнтағы мен бір ағаш қасығы болатын еді. Ауыз ашар уақыты келгенде, кесені табақтан алып, оның ішіне замзам суын құйып, үш құрма салып, сол қосындыдан бір ботқа шығатын. Соны сумен қарып ішетін еді. Келесі күні де солай істейтін еді.
Мұхаммед Ружи хазіреті былай дейді. Шейх хазіретінің кездесуінен шығып, Мысыр еліне келгенде, Мысырдағы кейбір ұлы шейхтардың кейбірі аты әйгілі әулиелердің бірі соқыр болып қалғандығын түсінде көріпті. Ол екі жыл өмір сүргеннен соң қайтыс болады. Сол кезде Мысырға шейх Абдулкабир хазіретінің соқыр болып қалғандығының хабары келді. Кейін және екі жыл өмір сүріп, Мекке Мукаррамада қайтыс болған. Оның қабірі Меккеде, танымалы.
* Хұжра- медреселердің бөлмелері
* Силсилай халуатиядан- тариқат кітабы
Әли ибн Хусейн Сопының еңбегі «Рашахат айн әл-Хаят – Тіршілік көзінің сыр тамшылары» кітаптан алынды.