Бір күні Қожа Ахмет Ясауи шәкірттерін оқытуды аяқтап болған соң, оларға дүние жүзіне исламдінін, сопылық идеяны уағыздауға тапсырма береді. Сөйтіп асасын терезеден лақтырып жібереді де, аса ұшып кеткен соң мүриттеріне қарап: «Кім де кім менің таяғымды маған әкеліп берсе, соған Фатиха сүресін оқып беремін» дейді. Барлық мүриттері шулап, асаны іздеуге мешіттен шығып жүгіре жөнеледі, жалғыз Шопан ата мешіттің есігіне дейін жетіп, тұрып қалады, бірақ сол сәтте-ақ қайтып келіп, орнына отырады. Қожа-Ахмет оған қарап: «Сен неге отырсың?» деп сұрайды. – «Мен кетер едім, аса бұл жерден өте алыста, батыста, ол үлкен теңіздің жағасындағы Маңғышлақта, егер сіз маған қазір Фатиха сүресін оқып берсеңіз» – деген екен Шопан ата. Осы кезде аса таяқтытабаалмағандармешіткеқайта орала бастайды. Қожа-Ахмет оларға қарап былай дейді: «Мұнша көп оқушыларымның арасынан мен жалғыз ғана мақтауға тұрарлық және дос таптым». Содан соң Шопан атаға арнап Фатиха сүресін оқиды және онымен мәңгіге қоштаса отырып, оған Маңғышлақ жеріндегі асаны іздеуге рұқсатын береді. Шопан ата жолға шығады, бірнеше айлар жүріп, ақырында жаратқанның нұсқауымен Маңғышлаққа Қожа-Ахметтің асасының түскен жеріне келеді. Ал ағаштың түбінде Шопан атаның келетінін білген тәрізді оны бір құрметті адам күтіп отыр екен. Олар танысып, Шопан ата оның қызына үйленеді және осы жерде мәңгілік тұрақтап қалады. Шопан ата тау етегінде жебесі түскен жеріне жер астындағы мешітті салады. Көп кешікпей, барша Маңғышлақ жұрты Шопан атаның келуі, оның оқымыстылығы мен даналығы жайында хабардар болады. Адамдар оның ақыл-кеңестерін тыңдауға келе бастайды. Атаның мешітінде мұсылманшылықтан дәріс беріліп, балалар құран жаттаған.
КЕРЕМЕТІМЕН КӨПКЕ ҰНАҒАН ХӘКІМ АТА
(Балаларға арналған аңыздар топтамасынан)
Құрбан айында бір күні Қожа Ахмет Ясауидің теккесінде (медресесінде) 99 000 шайық жиналады. Қожа имам болып, намаз бастайды. Оң жағында Хакім ата, сол жағында Мұхаммед Данышпан тұрады. Намаз кезінде Қожаның даусы оқыс шығып кетеді. Жамағат «Имамның әбдесті (дәреті) бұзылды» деп ойлайды. Қожа болса тырп етпейді, намазын жалғастыра береді. Ақырында сәлем бергеннен кейін Қожа: «Мен мұны сіздердің тариқаттағы мәртебелеріңізді аңғару үшін әдейі жасадым. Әйтпесе, ол дауыс менен емес, беліме таққан ағаш бөлшегінен шықты. Түсінікті болды, менің бір бүтін шәкіртім, бір жарты шәкіртім ғана бар екен, қалғандары надан екен» дейді де, Хакім атаға: «Ертең таңсәріде саған бір түйе келеді, оған мінесің, қай жерде тоқтаса, сол жерде түсесің» деп бұйрық береді.
Түйе Түркістаннан шығысқа қарай жүреді. Қорасан қаласының батыс жағында «Бейнеу арқасы» деген жерге келіп тұрады. Қанша қинаса да, шөккенінен тұрмай, бақырып-шақырады. Осыған байланысты, ол жерді «Бақырған» деп кетеді. Түйе тұрмаған соң Хакім ата жерге түседі. Ол жер Боғра ханның жылқыларының жайылатын өрісі екен. Жылқышылар оны әрі-бері қуып жібермекші болады. Ол болса «Мен – дәруішпін, ешқайда кетпеймін», – дейді. Жылқышылар қолдарындағы құрықтарымен оған шабуыл жасауға кіріседі. Сол кезде Хакім ата өсіп тұрған ағаштарға: «Мыналарды ұстаңдар!», – деп, әмір береді. Ағаштар үшеуін қатты ұстап алады, ал қалған екеуі қашып әзер құтылып кетеді де, болған жайды Боғра ханға айтып барады. Хан бұл оқиғаға таң қалады. Бәсе «үш күннен бері мұрныма әулиенің иісі келіп еді.
Демек, елімізге бір әулие кісі келген екен ғой» деп, істің мән-жайын анықтау үшін Абдулла Садыр деген қызметкерін жұмсап жібереді. Абдулла Садыр келген дәруіштен кім екенін, не қалайтынын сұрайды. Ол өзінің Ясауи шәкірттерінің бірі Хакім Сүлеймен екенін айтады. Абдолла жылқышылардың ағашқа байлаулы қалғандарына көзі жетіп, жақындағанда ағаштардың: «Осылай істегеннің жазасы осы» деген дауыстарын естиді. Бұл дәруіштің ұлылығына көзі анық жеткен Абдулла Садыр қайтып барып, ханға хабар береді. Боғра хан бұл дәруіштің ризашылығын алып, өзіне жақын тарту үшін, оған Әнуар деген қызын ұзатады. Жасау-жабдығын қоса жасайды.