Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Заманақыр кезінде

Шортанбай Қанайұлы

Заманақыр кезінде

Қожасы жоқ құл азар,

Қонысы жоқ бай азар,

Өрісі жоқ тай азар.

Азғанының белгісі,

Байдың тілін жарлы алмас,

Ханның тілін қара алмас,

Өлінің тілін тірі алмас,

Өздері ғақыл біле алмас.

Екі үлкен егесіп,

Қошқардай басын теңесіп,

Сүзісуге ұялмас.

Ел болуға сия алмас.

Өйткен соң жұрт оңалмас.

Оңалар заман дер едім –

Жауға алдырдың әуел бас.

Іс асқынды болмастан,

Қарындастық азайып,

Мейір, шапқат кем болып,

Шын сөз кетті сырластан,

Ойын кетті құрдастан,

Жастар үміт үзіпті,

Жұрт тосынған жолдастан.

 

Заманақыр кезінде

Қойында қатын жатпады,

Ұрса тілін тартпады.

Күнәсі асқан бұл пенде,

Құдайдан әсте қорықпады.

Шешесіне болысып,

Ұлы шоқпар саптады.

Алжыған кәрі қақпас деп,

Келіні тұстан боқтады.

 

Қатыным қолы тоңар деп,

Қар жауғанда үй қақтың.

Балам адам болсын деп,

Ұйқыдан безіп мал бақтың.

Асыраймын деп баланы,

Желіп бір жортып аулақтың.

Балаң халал болмаса,

Азаматтар, жігіттер,

Пайдасы жоқ, шырақтың.

Харам туған баланың,

Бетінде жанған оты бар,

Белгісі бар дозақтың.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button