Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы
Іздеушісі жоқ демеңіз
Жуырда фейзбук парақшасында Шортанбай жырауға байланысты жазба жарияланды. Бастауынан оғаш көрінген жазбаны оқыған кезде автордың ұстанымы түсініксіз болды. Онда Шортанбай Қанайұлын Мұхтар Әуезовтың «Зар заман» деп атаған кезеңнің бір көрнекті ақыны» деп келтіріп, одан әрі оқығанда ақынның шығармашылығына сын көзбен қарау керектігін айтыпты. Оны сарт деп өзге ұлттың өкілі ретінде танитынын жазыпты. Оған арамызға өзбек, қырғыз, татар ұлтының өкілдері де сіңісіп жүр ғой деген сыңайда пікір қалдырыпты. Белгілі зерттеушілер мен әдебиеттанушылардан деректер ұсынған. Қала берді Дулат, Бұқар жырауларды Абай Құнанбайұлы сынап айтқан деген өлеңін де беріпті. Бір қарағанда жазылған мәліметтердің мазмұны ХІХ ғасырдың тұлғалы азаматын біршама сынап-мінегендігі көрініп-ақ тұр. Міне осы жазба біздің ақынның шығармашылығы мен тұлғалық қасиетін зерттеп жүрген біршама ізденушілерге түрпідей тиді.
Жалпы алғанда, жазбаның мазмұнын бағамдағанда бір кикілжіңнің бары аңғарылады. Алайда өзара келіспеушілік пен түсініспеушіліктің салдарынан танымал тұлғалардың атына оғаш сөздер айтып, оның құрметіне өзгеше бір танымдық сипат тудыру қаншалықты қажет болды екен. Айтпағымыз, мұндай жазбалармен өткендерімізге тіл тигізіп алмасақ игі. Өйткені кез келген материалды жазуда кімді сөз еттік, неге ондай пікір айттық, оның шын мәнінде сондай болғандығына сенім қайдан қалыптасты деген мәселелерді де негізге алған дұрыс болар.
Автордың жазбадағыдай келтірген «Зар заман» деп атаған кезеңнің бір көрнекті ақыны» қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орнын қалыптастырған, М.Жармұхамедұлы айтқандай «Зар заман» деп аталатын әйгілі кезеңнің ірі өкілі – Шортанбай Қанайұлы». Кезінде Мұхтар Әуезов бұл атауды бір дәуірдің өн бойындағы ақындарға таңып, жоғары бағалаған. Ол да Шортанбай ақынның өлеңінің аты.
Ал сыни көзқараспен қарауымыз керек деген пікірге айтарымыз заманына орай «ақын еңбектері бір жақты ғана талданды, оның көзқарасы мен өлеңдерінің өзгешеліктерін түсінуге, оларды бар болмысымен, жетістік-қайшылықтарымен тұтас күйінде қарауға мүмкіндік болмады» деген С.Қирабаевтың айтқаны орынды болса керек. Себебі кешегі кеңестік кезеңде әдебиеттік таптық әрі партиялық көзқарастар шындықты айтқызбады. Десе де, Шортанбай мұрасын зерттеуші ғалымдар М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Т.Нұртазин, т.б. оның мұраларын бірде мақтап, бірде сынап шығармаларын тасада қалдырмай, азды-көпті жариялауға тырысты. Мұның басты негізі олар Шортанбай шығармаларының ұлттық рухани мұраларындағы айтылғандарды дұрыс ұға білді, қилы заман келбетін суреттеген өлеңдерін көре білді. Сондықтан оның үлкен талант иесі екенін танытуды мақсат етті.
Абай Құнанбайұлының айтқан өлең жолдарындағы:
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі жамау, бірі құрау,
Әттең дүние-ай сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау! деген өлеңін күні бүгінге дейін кейбір зерттеушілер жөнсіз пайдаланып келгені жасырын емес. Өйткені бүгінде кестелі сөздің иесі Абай Құнанбайұлы да өз кезегінде бұл ақындарды үлгі етіп, сөз маржандарынан пайдаланғандығы айтылады. Бұл жөнінде М.Жармұхамедұлы: «Абай оларды өмірге деген көзқарастары үшін де, діншілдігі үшін де емес, өлеңдерінде шұбалаңқылыққа бой ұрып, басы артық сөздерді қолданып, кей тұстарда қалыптан шығып, ауа жайылып кететіндіктері үшін сынаған-ды. Сөйте тұра, өзіне дейінгі барлық халық қазынасы сияқты Абай олардың өлеңдерінен де нәр алып өскен», -деп келтіреді. Осыған ұқсас пікірді Шортанбай ақынға зерттеу жұмыстарын жүргізген С.Талжанов та айтқан болатын. Ол: «Абай да өзінен бұрынғы болған адамдардың ішіндегі елеулісі, іліп алары осы деп білді. Абайдай кісінің аузына ілінуі тегін емес. Ал кемшілігін көре білген Абай сол Шортанбайдың дұрыстығын да бағалай білмеді деуге болмайды», -дейді.
Ал енді өлеңі бір ғасырдың зарын жырлаған, қара халықтың мұңын жеткізуде басты тақырыпқа арқау болған «Зар заман» өлеңін тудырған Шортанбай Қанайұлын көжеге қаңсытып, сарт қылып, ауып келген келгіндінің кебін кидірген мәліметтерді жалпы оқырман қауым қалай қабылдады екен. Түп атасы Хәзіреті Әлиден тарайтын текті ұрпақтың жалғасын осылай жөнсіз «сарт» деуге бола ма?! Бұл қалай? Ақынның шыққан тегі жайлы нақты дәлелі болмаса артық сөйлеп не керек?!
Шортанбай Қанайұлының шыққан тегі шежіре тарихта хатталып, аты жөні жазылып, әкесі Әбдіхалық (Қанай лақаб аты), оның әкесі Смайыл, оның әкесі Қылыш қожа, оның әкесі Мәһди қарабайыр халыққа Мәді қожа атымен танылған ғұлама-әулиенің ұрпағы. Мұндай мәліметтер бүгінде ашық әрі қол жетімді. Ал оның бәрін көрмей-білмей «сарт» деп жазу кімге керек. Біреуге мін тағуда өзге адамдардың да ар-намысына тиеді-ау деген пайымды да ескерген орынды болар. Қала берді, бүгінгі ұрпағы болса олар қалай қабылдайды?!
Сөз жоқ, Шортанбай дегенде Кәмел Жүністегі қатар тұратыны жасырын емес. Ол ақынның шығармаларын жинақтап, баспаға ұсынып, жариялады. Оның өлеңдеріне текстологиялық талдаулар жасады. Бір ғасыр бойы зерттеліп, мәтіндері талданып келетін Абай Құнанбайұлының өлеңдеріне әлі күнге дейін түзетулер жүріп жатқанда, Шортанбай ақынның да өлеңдері, сөз жоқ, түзетіледі, өңделеді. Себебі Абай мұрасы да, Шортанбай мұрасы да қашанда зерттеліп, қателіктері түзетіліп жалғаса беретін ғылыми жұмыс.
Бұл ретте Кәмел Жүністегінің тағы бір ерекшелігі ешкім батылы барып айта алмаған шындықты айтты. Совет заманында бұл шындықты ешбір ғалым жаза алмады. Ол ақынның өзіне ғана тән мәселеде «Бағынба қазақ орысқа» деп жар салған, «Жалаңаш мін де жауға шап» деп ашық майданға шақырған Шортанбай ақын екенін бұқпаламай айта алды.
Міне сондықтан әр бір мәселені қаузағанда не болмаса тақырыпқа арқау еткенде айтар сөзіміз бен жазған сөйлемдеріміздің мазмұнына, мәніне, олардың өзге азаматтардың шәніне, әсіресе, тарихи тұлғаларды сөз еткенде олардың тұлғалық қасиеттеріне нұқсан келместей етіп сөз еткен жөн. Өйткені әр бір жанның жақтаушысы, қолдаушысы әрі ізденіс жасап жүрген зерттеушілері-ғалымдар бар. Олай дейтініміз бүгінде шортанбайтанушылар да біршама. Олар да бұл парақшадағы мәліметтерге сыни көзбен қарап, негізсіз деп санайды.
Шортанбай мұраларын зерттеуші