Майлықожа ақынның термесі
Атамыз Адам пайғамбар,
Топырақтан жан боп жаралды.
Мұсылман, кәпір халық болып,
Сол Адамнан таралды.
Ораза, намаз бұйырды,
Айырғалы араңды.
Алланың аты ашады,
Көңілдегі қараңды.
Сақиды мақтар кітапта,
«Санасыз» дейді сараңды.
Ағарып келер таң алды,
Мұсылман сүйер халалды.
Обақ-шобақ дүния,
Әзірейіл бір-бір жан алды.
Ысыраплдың барша жан,
Түтігіне қамалды.
Адамның бәрі молла боп,
Қолына бір-бір нама алды.
Ол қатты күн танытпас,
Қатын менен балаңды,
Іні менен ағаңды.
Малға кедей бес күндік,
Иманнан кедей жаманды.
Ақыретте көрерсің,
Бай мен жарлы адамды.
Белгісі деген бейіштің,
Жазғы салқын самалды.
Тарлығы деген тозақтың,
Қысқы суық самалды.
Сақилық қылсаң көрмейсің,
Ешнәрседен залалды.
Зиярат қыл, қағбаңды,
Атаң мен сыйла анаңды.
Сыраттың желі соққанда,
Ораза-намаз панаң-ды.
Ауылдың малы бұралқы,
Ақылы жоқ жаманға.
Пайда екен деп ұқпайды,
Насихат айтсаң наданға.
Атаңды адам ескермес,
Әзіргі қарар қадамға.
Талып ниетті қас болар,
Жақсылық қылған адамға.
Мегежіндей мейір жоқ,
Қайыр болмас қабанда.
Ажары жоқ жігіттен,
Хайуан жақсы жапанда.
Алыс-жақын тамырың,
Абайлап сыйлар шамалға.
Атасын алдар баласы,
Не десе болар заманға?
Таймайды деп сенбе,
Тайқы туған табанға.
Малың, жаның саяңда,
Жоқ табылмас аянба,
Болмағанның бәрі алыс,
Ерлі-зайып араңда.
Кесапат көп адамда,
Береке жоқ сараңда.
Қасиеті көп болар,
Зекеті болса қараңда.
Көзіңді ашып қарасаң,
Ай мен күн жаһан жарығы.
Он сегіз мың ғаламның,
Онымен себеп барлығы.
Ұстынсыз аспан жаратқан,
Құдайдың күшті жарлығы.
Сол күштіге жалынсаң,
Бар ма екен, сірә, арлығы?
Кәрілік, кедей қабаттап,
Ұласса үлкен тарлығы.
Жігіттікте кедейлік,
Жүк емес о бір нарлығы.
Опа жаққан әйелдің,
Көңлінде бар-ды қарлығы.
Көштің көркі қоңыраумен,
Қалайы текше сандығы.
Ас құяры кең адам,
Арылмайды аңдығы.
Батыр болып, би болса,
Жігіттің патша хандығы.
Қалыңға құсты қашырсаң,
Қайтып қонбас қолыңа.
Қалып ниетті карындас,
Ілессе қиын соңыңа.
Жақсыменен жанассаң,
Ісің келер оңыңа.
Дос қуанар зорыңа,
Дұспан қарар қорыңа.
Жаманға түссе жұмысың,
Жағаңнан алар сорыңа.
Қас сорлының саяты,
Қара құс түсер торыңа.
Әркім тайып жығылар,
Өзінің қазған орына.