Майлықожа

Майлы ақыннан қалған жәдігерлер

Майлықожаның шкафы

Шкафтың көлемі шағын, аласа, тартпалы, есігі бір ашпалы, сырты тұтастай қаңылтырмен көмкерілген. Ою-юрнек түрлері қаңылтырға шкафтың пішіміне қарай үйлесімділікпен безендірілген. Майлықожа ақын шкафты 1895 жылы баласы Исабек туғанда қағаз, қалам, кітабын салсын деп қасиеттеп, Ташкент базарынан сатып әкелген. Шкафты музейге Абдулла Жұмашев арқылы Исабектің баласы Илиясхан тапсырған.

Майлықожа ақынның қаңылтырмен қапталған өрнекті аласа шкафы. ХІХғ.

Майлықожаның отбасы тұтынған ағаш табақ

Табақты ақынның Қожатоғай ауылында тұратын ұрпағы Бархатов Мансұр музейге Абдулла Жұмашев арқылы мынадай қолхатпен тапсырған: «Майлықожаның ағаш табағы – Майлықожа бабамыздың дәм татқан бұл ағаш табақ баласы Жолбарысқа, оның баласы Бархатқа, оның баласы Орынхан қожаға мұраға қалып отырған. Бұл табақты Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің жанындағы ақындар үйіне Орекеңнің жұбайы Бархатова Әсия мен немересі Бархатов Мансұр 1986 жылғы 8 май күні тапсырды».

Ағаш табақтың өлшемі: диаметрі 38 сантиметр; орташа биіктігі-8 сантиметр. Осындай бір құнды жәдігерді созақтық шежіре қарт, кезінде ұлы Мұхаң (Мұхтар Әуезов) үйінде болып, әкесі Үрмізіден талай-талай аңыз-дерек жазып алған Файзолладан алдық. Ол кісі табақтың тарихын былай тарқатады: «Мына ағаш табақ үлкен әжеміздің келіншек кезіндегі табағы екен. Әжем айтушы еді, менің келіншек кезімде осы табақты сыйлы меймандар келгенде ауыл болып алатын еді. Екі-үш үй бөлек отыратын едік. Сонда зергер төре (Шәді Жаһангерұлы. А.Ж.) талай ас жеген табағы еді деп. Әжем Шәдімен жасты тұғын; 1855 жылы туған». Шәді ақын дәм татқан табақ жайпақ, ернеуі жалпақ, кемері тік келген. Ыдыстың көлемі: 46х5,5 сантиметр.

 

Майлықожа ақынның отбасы тұтынған үш аяқты темір ошағы. ХІХ ғ.
Майлықожа ақын қамшысының тобылғы сабы

Майлықожа ақынның қасқыр қақпаны

қақпанның құрамы-бір төсек (шеңбер), қандыауыз, сыңар серпер тәрізді бөліктерден құралған. Уақыт табынан қақпанның темір не киіз тиегі сақталмаған. Қақпанды  шеңбер мен қандыауызын, серперін жеке-жеке сом темірден соғып, сомдап жасап, содан соң қандыауыздың екі жақтауын қосып, серпердің шығыршық тәрізді екі басынан өткізіп, шеңбердің екі жағындағы құлақшаларға тойтарма шегемен шығыршықтап бекітіп құрастырған. Қақпанның барлық бөліктерінің, әсіресе қандыауызы мен серперінің суын жақсы келтірген. Қақпанның өлшемі: қақпанның бір төсегінің (шеңбердің) диаметрі 28 сантиметр; қақпанды құрғандағы қандыауызының диаметрі 27 сантиметр; қақпанның серперінің ұзындығы 40,5 сантиметр; серпердің тұтқа иінінің диаметрі 6,5 сантиметр; серпердің екі басындағы шығыршық тәрізді тесіктерінің диаметрі 3,5 сантиметр; қақпанның шеңбер темірінің жалпақтығы 1,5 сантиметр; шеңбер темірінің қалыңдығы 0,8 сантиметр; қақпанның серпер темірінің жалпақтығы 2 сантиметр; серпер темірінің қалыңдығы 1 сантиметр; қақпанның қандыауыз темірінің жалпақтығы 1,5 сантиметр; қандыауыз темірінің қалыңдығы 0,5 сантиметр.

Майлықожа ақынның қасқырға қойған қақпаны. ХІХ ғ

Дайындаған Сейітомар Саттарұлы

Әдебиеттер:

Отырар энциклопедия. – Алматы, 2005;Балтабай шығармалары. Жинап зерттеп құрастырып шығарған Жұмашев Абдулла. – Шымкент, 2010;

Жұмашев А. Отырар алқабындағы қолөнер қолөнер. – Алматы, 2017;Айтаханов Қ, Жұмашев А. Отырар жәдігерлері.  – Алматы, 2004.Шымкент, 2018; Жұмашев А. Отырар алқабының ақындары. – Шымкент, 2011, 2019.

                                                                                        Абдулла Жұмашев

Метки

Похожие статьи

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Кнопка вернуться наверх
Закрыть