Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Шортанбайдың жұрты

Қарағанды облысы, Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыдан 15 ша­қы­рым жердегі Қатпар тауының етегінде атақты ақын Шортанбай Қанайұлының мекен еткен жұрты жатыр.
Бұл тұлғаның қазақ тарихындағы орны зор. Тіпті ақынның отты жырларын академик В.Радловтың өзі бағалап, оның жарық көруіне жол ашқан екен. Одан кейін бұлғақ заман бұлдырап тұрған тұста Шортекең жырлары Қазан қаласынан жарық көрген. Мұхтар Әуезов Шортанбайға қазақ әдебиетіндегі «Зар заман» деп аталатын әйгілі кезеңнің ірі өкілде­рінің бірі деп баға берген. Ақынның бүкіл саналы өмірі ел ертеңі үшін бұл­қынумен өткен. Әсіресе туған хал­қының отаршылдық езгідегі ауыр халін, оның болашағының күмәнді мән-жайын жырға қосқан. Яғни өзі куә болып отырған заманның мерезін өзгелерден бұрын сезініп, соны аяусыз әшкерелеуге аянбай атсалысты.

Ақын белгілі бір ортаның емес, барша халықтың мұң-мұқтажын толғады, көптің жоқтаушысы болды. Ресей отаршылдығының зорлығын көзімен көріп, жанымен, тәнімен сезінген ол өзінің «Зар заман», «Бала зары», «Тар заман», «Опасыз жал­ған», т.б. толғаулары арқылы ақиқаттың аста­рын ашып көрсетті. Толғау­лары­ның ішіндегі көпшілікке кеңінен тараған туындысы «Келер заман сипа­ты» атты шығармасы. Онда халық­тың болашағын болжай білген ақын елі үшін қабырғасы қайыса отырып, тығырықтан шығар жол іздейді. Келер заманның кескін-келбетін көре­ген­дікпен көрсете келіп, өз тарапынан тұжырым жасайды, баға береді.

Екі жыл бұрын замана запыранын ақтарып, шер толғауын төккен ақын-жырау атамыздың 200 жылдық мерейтойы қарсаңында жергілікті жанашыр ағайындардың ұйтқы болуымен ескі жұртқа белгітас қойылып, оған «Шортанбай жыраудың үйінің орны» деген мәтінсөз қашалыпты.

Өлкетанушы, шежіре-жазушы Кәмел Жүністегінің айтуы бойынша, бұл жұрт ақынға нағашы атасы Нақып қожадан мұра боп қалған дейді.

«Көне қонысқа Жалпақсаздың сулы қойнауын қуалап, Қатпар тау­дың тарғыл тасты бөктерін жанай өтіп, дала жолымен баруға болады. Ақынның байырғы мекені жал­дың үстінде тұр. Қазіргі жағдайы қоян­жон үйіндіге айналған. Бажайлап қара­саңыз, томпайған топырақ жиегінен бірнеше бөлікке бөлініп, бірін-бірі қуалай орналасқан қоржын тамның сұлбасын анық байқайсыз» дейді ақынның мұрасын жинақтаушы Айгүл Уәйсова қарындасымыз.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл жер нулы-сулы, малға пана жайлы қоныс. Қатпар таудың жықпыл-жықпылына қасқыр ұялайды. Ертерек те, шамамен тоқсаныншы жылдары жазушы Кәмел Жүністегі дәл осы маңда аң қуалап жүріп, таудың етегін жайлап отырған Тиышбай деген шопанның шаңырағына келіп түстенбей ме. Сөзден сөз шығып, үй иесі ай­тады: «Анау тұрған биік жал Шор­танбай атаң жұрты. Тіпті елуінші жылдарға дейін, там үйінің қабыр­ғалары құламай бүтін күйінде тұрды». Шортекең жұрты осылай табылыпты.

Бекен Қайратұлы

Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.egemen.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс / Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на egemen.kz: https://egemen.kz/article/255962-shortanbaydynh-dgurty
© egemen.kz

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button