Сыр-сұхбат

Әкем – құпия қалпында дүниеден өтті

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темір Қызылорда облысы Сырдария ауданы қазіргі А.Тоқмағанбетов ауылында дүниеге келген. 1970 жылдардан бастап, шетел, орыс, қазақ классиктерінің шығармаларын сахналаған режиссер. 1967-1990 жылдары Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облысы драма театрында а ктер, режиссер, бас режиссер, 1992-2003 жылдары Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрында бас режиссер болып қызмет етті. 2003 жылы Қызылорда драма театрының көркемдік жетекшісі. 20-дан астам рөлде ойнап, екі жүзге тарта қойылымды сахнаға шығарған. Режиссер ағамыздың қазақ театрын дамытудағы елеулі үлесі өзгеше. Алайда бұл жолғы әңгімеміздің тақырыбын тегіне қарай бұрғанды жөн көрдім. Себебі ағамыздың әкесі – Жүсіп қожа елінің қадірменді қариясы ретінде есімізде қалған жан еді. Бұл күнде өзі де Сыр өңірінің сыйлы азаматы атанған Хұсейін ағаның әкесі туралы ойларынан ұрпақтар арасындағы өзгеше сырды түсінуге тырыстым.

-Өмір деген қызық қой, көкемді жақсы білемін деп айта алмайды екенмін. Соншалықты жабық, құпия қалпында дүниеден өтті. Ашылып сырын ашпай, өзін біздерден оқшау ұстауының себебі – жалғызы, маған өзі көрген бейнеттің салқынын тигізгісі келмегендіктен болар. Өткен ғасырдың басындағы қожалардың басына төнген нәубет біздің әулетті айналып өтті. Алайда ізінше басталған екінші дүниежүзілік соғыста әкем немістердің тұтқынында болады. Одан кейінгі дамылсыз тексерістердің тегеуіріні де ықтырған болар деп ойлаймын. Ал мен болсам, әкемнің тауқыметінен бейхабар, алаңсыз өстім. «Ықылас» сүресін бес жасымда үйренген екенмін. Одан кейін не әкем, не әкемнің ағасы Құран оқытып, бір дұға үйреткен емес, не үйрен деп айтқан жоқ, үйренуге біз де құмартқан жоқпыз. Құран оқып, діннің жолына түсіңдер деген әңгіме ешқашан айтылған жоқ. Заманның ағымымен пионер, комсомолға өтіп, атеист атандым. Бұл бізді аталарымыздың жолынан адастырып, туған әкемізден де алшақ етсе де, бүкіл қожалардың басына қара бұлт болып үйірілген кеңестік идеологияның салқынынан сақтады. Әмір-темір әкеміз діндарлығымен бірге медицина жағын меңгеріп, «келді-қайтты» уақытта ауыратын науқастарды көбірек емдеген екен. Одан басқа дем салып, ішірткі беріп, небір кеселдердің бетін қайтарған. Науқастар үйде екі-үш күндей жатып емделеді екен. Салжан жеңгеміз адамдардың көптігі соншама «табақтың түбінде бармақпен жалайтын да жұғын қалмайтын» деп еске алатын. Күніне қой сойылып, қазан асылып жатқанымен науқастардың өздерінен артылмайтын болғаны ғой. Айналамдағы ата-ағаларым қожа атына лайық, тірі жанға жәбірі жоқ кісілер болған ғой. Тіпті, аталарымыз дастарханға қант сеуіп оның үстіне қара шыбын қожынап қонғанда дастарханды дереу шыбынымен қоса жинап алып, ауылдың шетіне апарып қағып, шыбынын ұшырып жібереді екен. Атамыздың көзі өткірлігінен, бөтен ауылдың шетіне жеткенде «Әмір-Темір келе жатыр, баларын көрсетпесін» деп, алдын-ала хабар айтып жібереді екен. Ол қасиет әкемнің ағасы – Әли ағамызда болды. Адамға тіке қарамайтын. Бізді дауысымыздан танып, «ә-ә, сенбісің, келдің бе?» деуші еді. Мен оныншы сыныпқа дейін Жүсіпов болып, одан кейін тегімді Хұсейін Теміров деп өзгертіп алдым. Бірақ, тегімді ауыстырғанымды құптамағанын ашып айтпаса да әкемнің қапаланғанын сездім. Бірде үйге алып келген театр афишасынан анам: «Хұсейін Жүсіп ұлы» деп жазылыпты ғой деп әкеме қуана көрсетті. Сонда әкемнің ризалықпен жымиып қарап тұрғанын байқадым. Жалпы әкем баланың бетінен қағып көрмеген, маған келгенде тіпті, бір ауыз қатты айтқан сөзін естімедім. Шектен шығып жатсам, қатулы көздерімен қырын қарағанының өзі жетіп жатушы еді. Өте сауатты, көзі қарақты адам Қазақстанда шығатын газеттердің «Барлық елдердің пролетариаттары бірігіңдер» деген ұранынан бастап, «редакторы» деген сөзіне дейін қалдырмай оқитын. 1975 жылы белгілі режиссер Райымбек Сейтметов біздің елге спектакль қоюға келді. Бір демалыста ауылға алып келдім. Мен бір шаруамен айналып келсем, үйде қалған Райымбек терлеп-тепшіп отыр екен. Әкем одан елде, одан қалды әлемде болып жатқан жағдайларды сұрастырып, оған мардымды жауап бере алмай Райымбектің қатты қиналған беті екен. Көкем ауылда арнайы бекітілген жұмысы болмаса да бригадирлік атқарды деп ойлаймын. Жұмыс қолы жетпей жатса, бастықтар жүгіріп әкеме келетін. Әкем олардың сөздерін жерге тастамай, «галангар-касангарларды» (өзі солай атайтын) жинап барайын деп, ауылдағы өзі қатарлы немесе ауру-сырқаулы болса да жұмысқа жарайтындарды жинап, совхоздың үлгермей жатқан шаруасының бір шетінде жүруші еді.

Бірде көкем қатты науқастанды. Дәрігерге көрінуге келіспейді. Өкпе ауруына ұшырады ма деп күмәндандық. Сол жылдары Базарбай Атабаев деген кісімен көрші тұрдым. Ол кейіннен облыстық денсаулық сақтау басқарма бастығының орынбасары қызметін атқарды. Көршімнің тамыр ұстайтыны бар еді, жағдай айттым. Дәрігер емес пе, әкеммен сөйлесіп, ауруханаға жатуға көндірді. Жағдайын күнде біліп жүретін Базекеңмен көкем тез тіл табысып кетті. Базарбайға «Балам жалғыз еді, сен де жалғыз екенсің, сен балама аға бол, мен өкіл әкең болайын» деген тілек айтып, сыйластығы туыстыққа ұласты. Көкемнің ерекше ықыласының себебін кейіннен Нұрилла ағамыздан сұрап білдім. Базарбай Атабаев – Мұстафа Шоқайдың немере ағайындары екен. Көкем соғыс жылдарында немістердің тұтқынында болды деп айттым ғой. Азап лагерінде ауыр жұмыс пен аштықтан өлмей аман қалуына Мұстафа Шоқайдың тікелей көмегі тиіпті. Ол әкемді алдымен зауыттың ауласын сыпырушы, артынан дәрігердің көмекшісі етіп жұмысқа қойыпты. Туралап келген ажалдың тырнағынан жұлып алған Мұстафа Шоқайдың бауырына өкіл әке болуының бір себебі осы екен. Әкем егде тартқан шағында молдалығынан бөлек, аталарымыз ұстаған емшілік жолын жаңғыртты. Науқастарды бөлек бөлмеде қарайтын. Тіпті, ауылдың шетінен келіп-кетіп жататындардың хабарын көп адамда білмеуші еді. Сол өңірге өте танымал Айсұлу есімді емші қыз өзіне келіп қаралғандардың кейбірін әкеме жіберіп отырады екен. Бір қызығы, екеуі бұрын-соңды кездеспеген, бірін-бірі танымайды. Бір тылсым арқылы дерегін беріп жүрді ме кім білсін. Әкемнің тағы бір әдеті болды. Құранның жыртылып қалған беттерін жігін білдірмей жабыстырып, түптеп қалпына келтіретін. Өзінің төрт-бес кітабы болушы еді, әкеміз дүниеден қайтқанда шешем бейіттің басын апарып қойыпты. 81 жасында дүниеден өтті, өзі 1902 жылғы еді. Әкем қожа-қарасының арасында беделі болды. Өз жолынан танған жоқ. Заманның ағымымен кетпей, өз ісіне, ұстанымына адал болды. Қарасын қамқ ор болып қожалығын да ұстап өтіпті. Ол қызметі менің көз алдымда өткен жоқ, қазір елдің аузынан естіп жатамын. Әкем айтып отырушы еді «дініміз – бәрібір келеді, дінсіз мемлекет болуы мүмкін емес, әй, мүмкін емес. Бәрі дұрыс, бірақ діні жоқ болған соң бәрі күйрейді-ау» деп отыратын. Сол «дінсіздіктің» салқыны қожа баласы бізді де шарпып өтті.

ӨЗ ЖОЛЫМЫЗДЫ ТАҢДАДЫҚ

Қожа-қарамыз аралас, жиын-тойларда басымыз қосыла қалған кездерде, орынсыз әңгіменің ұштығын шығаратындар жоқ емес. «Бүгінде ешкім қожаларды бағаламайды, баяғыда керемет сыйлайтын. Кезінде сауаттарыңды ашып, дінге үйреткен қожаларға бас имей кеттіңдер» дегенге саятын өкпе-наздарын естігенде іштей, «жүйесіз айтылған сөз жетім» дегеннен басқа амалың қалмайды. Қазіргі күнде санамыз өзгерді. Сонымен бірге қоғамдық қатынастар да ауысты. Ел егемендігін алып, мемлекетіміз алар биігін айшықтап, даму жолын айқындады. Ұлтқа тіреу де, сүйеу де болатын азаматтар өсіп-жетілді. Ендігі жерде ата-бабаларымыздың халқына еткен еңбегін алға тартпай, өзіміздің елге сіңірген қызметімізбен мақтанатын кез келді. Кеше Қуаныштың тойына жиналған қауымның алдында жолдастары «қожаның баласы», «қари» деп құрмет көрсетіп жатыр. Демек, ақыл-парасатыңмен өзгенің құрметіне ие болған ләзім. Бұл тек қожаларға емес бүкіл халыққа айтылған әңгіме.
Бұрынғыны қалпына келтіру қиын. Бірақ ескінің жолын жоғалтпай, дін жолында құран жаттап, қари атанған Қуанышқа көрсетілген құрмет, баршамызға құрмет деп қараған жөн. Осындай балалар өсіп жетілсе, заманына лайық ілім алып, лайықты дәрежеде көрсете алса, ескіден келе жатқан жолымыз ашылып, саралана түседі. Тіпті, дін жолы емес, өзі таңдаған жолында биікке жете білсе, ел аузында жүріп, өзгеге өнеге болып, абыройға кенеледі. Қожаға құрмет осындайдан болса керек. (Осы әулеттің ұланы Қуаныш Тоқсанбайұлы Әбішевтың үйлену тойынан кейін кездескен едік. автор)
Кейде қожалықты ұстап жүрмін бе деп өзіме сұрақ қоямын. Ол үшін үлкен сенім керек болар. Маған қарағанда, марқұм әйелім Әлия Арысбаева бес уақыт намазын қаза еткен жоқ. Мен дәл осы күнімде дайын емес екендігімді білемін. Бұл иманның жоқтығынан не Аллаға сенімнен жұрдай болғанымнан да емес. Осыншама жыл бойына адамгершілікті, міндетімізге адалдықты, атқарған ісімізге жауаптылықты сезініп, барлық әрекетімізге сол биіктен қарадық. Бұл біздің тегімізден берілсе керек. Жөн сұрасқанда тегі қандай екен деп жатамыз. Тегі мықты болса білімге ынтық келеді. Текті топырақтан жаралғандар «былай ет» деп айтқызбайтын болар. Түйсігі арқылы өз жолын тауып, өз жөнін біліп, соңына өзгелерді ерте алады. Адамның адамнан артық жері де осы шығар. Алдымызда өткен ағаларымыздың, әке-аталарымыздың өнегесін көрдік, бірақ заман талабына сай өз сүрлеуімізге түстік. Саналы таңдау жасадық. Сол таңдауымызға адал болып, аыроймен алып шығуа тырыстық. Менің өткен өмірім, қазақ мәдениетіне қосқан азғантай болса да үлесім соның дәлелі. Тіпті, басқа кәсіппен айналыссам да атыма ұят келмейтіндей етіп атқарар едім. Саналы ғұмырымды тетарға арнап, өз биігіме қол жеткіздім. Басқаша болуы мүмкін емес.
Туған топырақ деген ұғым бар. 11 жылдан астам уақыт Талдықорғанда облыстық театрда еңбек еттім. Жасыратыны жоқ, облыс таратылып, әрқилы заман болғанда мәдени ошақты сақтап қалуға барынша күш салдым. Қарап отырсам, осы жылдары исі қазақ мәдениетінің бір пұшпағын илесем де, өз жерімде жүргендей сезінбеппін. 2003 жылдан бері Қызылорда Нартай Бекжанов театрында жүрмін. Қазір өз театрымда жүргендей, өзім соның иесіндей сезінемін. Шығармашылық ортада өзінің ерекшеліктері болады. Арасында «театр сенікі ма?» деп сөз тартыстқандарды да көрдім. «Иә, менікі»,- деп те жауап бергенім болды. Артық кетпедім бе деп ойласам да, өзіме де сенімді болдым. «Менің театрым» дегенім, билеп-төстеп, менікі дұрысқа салып, кеуде соққаным емес. Театрдың барлық жүгін, оның сахнасында қойылып жатқан әрбір спектакльдың халық кәдесіне жаратып, халықтың мәдениетін көтеріп, жүрек кірін тазартып, көкірек көзін ашудағы, оның барлық жауапкершілігін сезінгеннен туындаған ой деп ойлаймын.

Айгүл УАЙСОВА

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button