Сыр-сұхбат

Астана мен Баянауыл арасында

   Қазақтың Мәшһүр Жүсіпі

Адам баласы жаратылысынан руханиятқа құштар келеді. Ел аузында жүрген жерлерді көзімен көру үшін көбіміздің алыс жолдан қиналмайтынымыз  да сондықтан. Астананың дәл іргесі болмаса да аса қашық емес, Баянауылдың Ескелді ауылы маңында қазақ тарихындағы қасиетті тұлғалардың бірі – Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кесенесі бар. Қазақ мәдениеті мен әдебиетінде, тарихында орыны бөлек, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қазақ халқының ұлы ойшылы, атақты фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, дінтанушы. Сарыарқаның сары белдерінен асып, әулиенің жатқан жеріне зиярат етіп, Жасыбайды айтпағанның өзінде, жолай  Сабындыкөлге аттың басын шалып, асықпай Астанаға оралғанға әрісі екі күндік демалыс та жеткілікті. Баян тауларының ну ормандарында самалдап, арқаның көлдеріне салқындап, серпілгісі келгендерге  де, ішкі туризм үшін де бұл таптырмайтын бағыт.

Сансыз баптың мекені Түркістан өңірімен салыстырғанда Сарыарқадағы әулиелі жер онша көп емес. Оңтүстіктегі қасиетті орындарда болып, ол жақтың  әруақ сыйлау, зиярат ету салтымен жақсы таныс болған себепті де арқа өңіріндегі осы үрдіс қалай екен деген ойдың болғаны да рас.  Әрине, мұндай киелі мекенге бару үшін жолбасшыға да көп нәрсе байланысты. Егер ол осы өлкенің тау-тасын жаяу аралаған, аймақтың өткен-кеткен тарихын жақсы білетін адам болса онда жолыңыздың  болғаны. Осындай тамаша тарихшымен бірге керемет сапарға аттанудың сәті өткен жазда түскен еді.

Күн шығып, арқан бойы көтеріле бергенде тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев және қытайтанушы Тұрсынхан Зекенұлымен «Мәшекеңнің» жатқан жеріне зиярат ету үшін жолға шықтық. Назар аударсаңыз, алғашқыда «Мәшекең» деп әңгіме бастаған Жамбыл ағамызға мен де таң қалғанмын. Дүниеден өткендер жайында бұлай атау тек тарихшыларға тән шығар деп анығын сұрасам, мұндағы жұрт та  Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы есімін еске алатын болса, «Мәшекең» деп атайды екен. Анық-қанығына терең бойламасам да қасиетті әулиенің мұрасы мен артында қалған аңыз-әпсаналарын, өмірден өткеннен кейінгі жайттарды саралай келе, жарықтықтың жарқын бейнесін тірі адамдай қабылдатқызатындай бір тылсымның барына көзім жетті.

Сонымен басынан бастайын. Бұл өңірде, тіріге зияны жоқ, «Алла хаһ» деп өз-өзімен жүретін, әулие тектес жарықтықтардың кейбірін «диуана» деп атайды. Арқада өмір кешкен көрнектілері көркем әдебиеттерде де айтылады. Осындай бір елдің қадірлі диуанасының денесін жуып жатқанда Мәшһүр Жүсіп: «Мына төбеміздегі шоқ бұлтты көрдіңдер ме, ол бізге көлеңкесін түсіріп тұр. Әбжалаб тегін кісі емес» дейді. Кейін бейіт басына барып, мәйітті ораған кілемді ашып қараса онда әулиенің мүрдесі жоқ болып шығады. Сол арада үстерінен ұшып кеткен бір топ шағалаға қарап Мәшһүр-Жүсіп: «Әбжалабтың денесі көрде жатпайды, менің денем 40 жыл шірмейді» деген  екен. Халқының қадірлеп, әлі күнге дейін «мәшекең» деуінің бір сыры осында жатыр ма деп қалдым. Осы ойымды бекітетін жайттарды сапар барысында жалғастырамыз.

Сонымен Баянауылды бетке алып, қаладан шығып кеттік. Радиодан саңқылдап олимпиада жеңімпаздары жайында айтылып жатты. «Төрт жылда бір шуылдап қана қоятын осы ермек  үшін қыруар қаражат бөлудің не қажеті не? Одан да білім мен ғылымға жұмсалған тиының сауабы бар» деген  тарихшының сөзін біздер де қостадық. Қарап отырсақ, саусақтың санындай спортшыларымызға бар жағдай жасалып, еліміздің тарихын өлкеміздің байлығын білгісі келетіндердің тілегі ескерілмей, дала төсіндегі таным мен білім мен салт-дәстүріміздің ізі ескерусіз жатыр. Саусақпен санарлықтай  ғалымдар мен өлкетанушылардың білгені көпшілікке жетпей, насихаты болмаған соң не болғаны?!

Бұл бір кем дүниенің бірі ғана. Бағытымыздан ауытқымай елорда шекарасынан өтіп, облыстың сүрлеуіне де түстік. Қаладан қол созым жерден ұзағанда жолбасшымыз:«мына төбенің арғы жағы – Жұмабек Тәшеновтің дүниеге келген жері, қазір ауыл көшіп кеткен деп бір қапталымызды нұсқады. Жамбыл ағамыз айтпаса білмейміз, осы жолды басып өткендердің бәрі айта жүретіндей бір белгісін қою жергілікті әкімдердің ойына келмесе керек. Ержүрек тұлғаның кіндік қаны тамған жерін білдіретін белгісі болса,  жолдан бұрылып, соға кететіндер де табылар еді. Жалпы патриоттық, отансүйгіштік жайында жиі айтамыз, құрметке лайық тұлғаларымызды әспеттемесек, оның өмір жолын зерделемесек онда ол қасиетті қайдан аламыз?!

Теміртаудың Ақтасынан асып, Қарағандыдан өтіп, Бұхар жырау ауданының шекарасына жеттік. Өлкетану саласын жолға қойып, оны жаңа көзқараспен тарихи дәрежеге жеткізген Жамбыл Артықбаевтың ғалымдарының арасында шоқтығы биік. Профессордың Астана туралы зерттеулерін жақсы білеміз, оны кезінде газетте  үзбей жариялап, халыққа жеткен болатын. Бұхар жырау  ауданы туралы еңбектері де бір төбе.  Жалпы, қайда сапар шексеңіз де алдымен тарихын танып, өлкенің өткен-кеткен аңыз-әңгімелеріне қанығып барып, көзіңізбен көрсеңіз әсеріңіз еселене түседі. Десек те, Бұхар жырау ауданы тарихында біз білмейтін мәліметтер көп екен. Оны профессор ағамыздан сұрадық. Ауданның   Ботақара елді мекеніне кіре бере, тарихшы ағамыз маңдайымыз тіреліп тұрған тауды және оң жағымыздағы алыстан мұнартқан белесті көрсетіп, оның бірі Ботақара мен Шешенқара деп аталатынын айтты. Қазақ батыры Ботақара болса қалмақ қызы Шешен қара деген қос мұңлықтың  әдемі аңызы да бар екен.

Шорман ауылының тұсында

Міне,  екі тауды артқа тастап шыға бергенде, алдымыздан бергі тарихтың белгісіндей Жыржыс қажының мешіті шықты.  Осы өңірдің тумасы Жыржыс – 1919 жылы Мекке-Мәдина барып, қажылық парызын өтейді. Сол жолда онымен атақты Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантай кездеседі. Мешіттің ішіне кіріп, қажыға  сәлем беру үстінде Имантай қажы о дүниеге аттанады. Бұл жөнінде Мәшһүр Жүсіптің өлеңі де болған соңғ бұл тақырыпты таратып отырғанымыз.

«Сол уақта осынау өлкеде Мәшекеңнің айтуынша, 70-тен астам адам қажылық парызын өтепті. Осы сапардан келісімен өз қаржысымен қазіргі Ақжар ауылынан 7 шақырым «Үш сала» деген жерден мешіт пен медресе салады. Бұл жерді халық күні бүгінге дейін «мәдрәс» деп атайды. Онда маңайдағы Қарқаралы, Қайнар, Баянауыл төңірегінен балалар жинап, діни дәріс береді. Бұл Сарыарқадағы Құнанбай мешітінен кейінгі екінші діни ошақ десе де болады…» Бұл Жыржыс қажы жайындағы деректерден үзінді.

Жыржыс қажыны 1929 жылы айдауға екі милиционер келеді. Қажы: «Алла, кәпірдің көзін көрсетпе!» деп тілек тілейді. Қоштасып жатқан жақын-жуығына: «Жыламаңдар, қазір біраздан соң ораламын» деп елден ұзап кетпей-ақ көз жұмады. Жаназасы қыстың қақаған мезгіліне дөп келіп, көктем туа Мәшһүр Жүсіп көңіл айта келеді. Сондағы айтқаны: «Құдайдың істе дегенін Жыржыс істеді, Жыржыстың істе дегенін Құдай істеді. Аллаһу әкбар», – деп бетін сипап, дұға қылған екен» деген аңыз әлі де айтылып жүр.

Жамбыл Омарұлы ағамыз ежелгі қазақ мемлекеттігінің құрылымын көп зерттеген. Төрелер, қожалар, төлеңгіттерді сол құрылымның бір бөлігі ретінде зерттеу нысанына айналдырған. Өзінің нағашы атасы осы қажыға қол берген пірадар болған, анасын да пірадардың қызы деп бүкіл ауыл құрметтеген екен. Арқаға аты шыққан қажы туралы  ілтипатпен айтып берді.

Бұл тарихтың іздерін де басып өтіп, Жыланды тауына жеттік. «Жыланды» болатын себебі мұнда алтынның қоры бар деп Тұрсынхан ағамыз аңғарып өтті. Ғалым жолда төселген құмға да қарап  құрамындағы  нілді байқап үлгеріпті. Осылайша біз байқамай кел жатқан жайттарды аңғарып отырды. Әрине, қазақтың ежелден ата-қонысында өскен қытайтанушы ғалымы Тұрсынхан Зекенұлының білімі бөлек әңгіменің арқауы болмақ.

Тарихшылардың тағлымды әңгімелерін тыңдап отырып, екі ортаға да жетіп қалдық. Алдымыздан ағылып өткен жылқыларға жол беріп біраз кідірдік. Көп жылқыны күнде көріп жүрген жоқпыз, оңды-солды суретке түсіріп жатырмыз. Бұл қай ауыл деп сұрағанымызда, ағамыз Шорман ауылының жылқысы деп айтты. Бұл жерде  Шорман туралы да айтып өтуіміз керек. «Шорманның Мұстафасы атымды алып» деген Жаяу Мұсаның әнінен кейін бе, Шорман атын естігенде бөтен пікіріміз қылаң берететін анық. Бірақ тарихшы Жамбыл ағамыз мән-жайды орына қойып, Шорманның  өте беделді адам болғанын, халқына қамқор болып әділетпен елін билегенін айтты. Бір қызығы, осы өңірде жылқының тұяғының дүбірі басылмаған. Бір бітсе, Арқаның бар жылқысы осы жерге біткен екен. Бұл да жылқылы жұрттан  қалған дәстүрді сақтап, бабын білген мол тәжірибе арқылы жылқы бағу үрдісінің үзілмегенін білдіреді.

Жолдың үстінде Жамбыл ағамыздың туып-өскен ауылы бар екен. Сол жердегі бауырының үйінде  кірмес бұрын,  жол шетіндегі қорымға кіріп, марқұмдардың рухына бағыштап құран оқыды. Осы жерден Павлодар қаласына шыққандармен кездесіп, қатарымыз толып, Мәшһүр Жүсіп ауылына үш мәшине болып  аттандық.

Елмен елді жалғаған Ескелдіде бар әулие

Осы жерден кідіріс жасап, жазушы Дихан Әбіловтың 1956 жылы Қазақ әдебиеті газетінде жарық көрген мақаласынан үзінді келтірейін.

«Ескелді сорының бауырындағы жалғыз биіктің үстінде бұрын Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің  асты жерден қазылып, үсті кірпіштен қаланған екі қабат бейіті болатын. Кіре беріс бөлмесінде өз қолымен жинап кеткен  кітапханасы, қазандығы, пеш, шәйнегі, насыбай шақшасы, дөңгелек үстел секілді заттары тұратын. Енді бұрынғы шырқы бұзылыпты, моланың үстіңгі қабаты  тас-талқан болып қиратылған, құлаған кірпіш пен  топырақ  Мәшһүр Жүсіптің ашық жатқан  денесін де көміп жіберіпті.  Далада түбі сындырылған екі қазан ғана жатыр басқа мүліктерін не топыраққа қоса көміп жібергенін, не біреудің  иеленіп кеткенін біле аламадық» деп налып жазады. Енді осы мақалаға анықтама бере кетелік.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өлерінен бір жыл бұрын бейітін салдырып, «Мен өлгеннен кейін Ескелдіде ел болмайды. Киров колхозының жолаушылары өгізбен сол шыққан күні Жаңажолға жете алмайды. Жолда Ескелдіге қонады, ал бұл араның бораны елден ала бөтен қатты болады. Кейде сол жолаушылар екі-үш күн қонып та қалады. Ал енді Ескелдіде ел жоқ, не болады. Ол бейшаралар өгізі де, өздері де қырылып қалмай ма? Ойласаңдаршы, шырақтарым! Адам адамға жақсылық істеу керек, мен өлсем де шарапатым тисін және олар келгенде өзімде бір аунап жатам ғой. Сондықтан осы ыққы үйім солардың бекет үйі болсын. Тірі күнімде ыққы үйімді беретінмін. Мәшһүр өлген соң, далада қалып құрыдық қой, демесін. Сондықтан, бұл Мәшһүрдің мекені болсын, жолаушының бекеті болсын. Текке жатқанша, адамға пайдам тиіп жатайын, – деп айтыпты-мыс.

Әңгіме басында айттық, Мәшекеңнің денесі қырық жылға дейін шірімейді деп айтқан ғой. Оны өз ұрпағы филология ғылымдарының докторы, профессор Қуандық Мәшһүр Жүсіп те куәлік етеді. «73-ке дейін балталасаң да өлмеймін» деген атамыз 1931 жылы сол жасында дүниеден өтеді. Денесі өзі қаздырған қылуетте көмілмей ашық жатқан. «Мәшекеңнің немересімен сөйлескен едім. Елуінші жылдары қудалау басталғанда қайта жерлемек болған. Сол кезде үстінен 18 кебін шығыпты. Алдындағылары сарытап болған сайын сыртынан  жаңасын орап  отырған ғой. Жер қойнына бергенде тек тырнағы ғана көгерген екен деген  естелігін естідік. 1952 жылы 10 желтоқсанда “Социалистік Қазақстан” газетінде М.Ж.Көпеев діншіл, ұлтшыл деген мақала шығып, соған байланысты Қазақстан Коммунистік партиясының қаулысымен зиратты трактормен  бұзып тастайды. Содан 70-ші жылдарға дейін халық барып жүрген бейіті болатын. 2006 жылдың күзінде қазіргі кесене қайта ашылады.

Оның да қайта ашылуының тарихы бар. Оның ашылуына атсалысқан қазақтың қайраткер азаматы Ерлан Арын мұрындық болды» деп кешкісін Жамбыл Артықбаев әңгімесін түйіндеді.

Күн батпай «Мәшекеңнің» жамбасы тиген жерге де жеттік. Зиярат етіп келушілердің саны көп екен. Шырақшының үйінен бөлек, тағы бір үлкен екі қабатты кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Келе сала құрбандыққа шалынатын малды реттеп, төбенің басындағы кесенеге апаратын  сатыларды санамалап, бейітке асықпай көтерілдік. Баспалдақтардың екі жағында ақынның өлеңдері жазылған тас тақта орнатылыпты. Әрбір сөзі  жүрекке жетіп, ойыңды тербейді. Отызыншы жылдан бері бірнеше  өзгеріске түсіп, қайта жаңартылған кесенің бүгінгі қалпы көңілге қонады. Мұнда әруақ сыйлайтын дәстүр қалыптасып, осы өңірдегі үлкен-кішінің зиярат етіп келетін қасиетті жеріне айналыпты. Келген қазақтардың көбісінің тілі шұбар екен. Елуден асса да өмірінде бірінші рет басына орамал салған келін-кепшіктер де осында жүр. Арасында немересін ерткен апаларымыз да бар. Жүгіріп жүрген өзге ұлттың өкілдерін көріп те таң қалдым. Айтатыны жоқ,  адам  мұндай жерлерге  әртүрлі жағдаймен өздері үшін келеді. Әулиелі жер берекелі болады ғой, ассимиляцияға ұшыраған қазақтарды түпкі бастауларына, өз дәстүріне бастаған күштей қабыл алдым.

Мүмкін алдағы уақытта ескерілетін болар, мұнда мәшһүр атамыздың мол мұрасына қатысты материалдармен таныса алмадық. Асығыс келіп-кетіп жатқан жұрт атамыздың мұрасына қанығып,  рухани дүниесі жаңғырып қалар еді. Қасиетті жерден тәбәрікке алып кететін де ештеңе қарастырылмаған. Егер аузында «құлқуалласы» болса ештеңе емес,  құран бағыштаудан хабары жоқ жан болса онда оларды қарсы алып, құран оқып отырған ешкімді көрмедік. «Мәшекеңнің ұрпағымын» деп таныстырған жігіт шаруашылыққа қатысты жұмыстардан артылып жатқан жоқ. Егер жөн білетін бір ақсақал басында отырып,  осы өңірде өткен жайсаңдар жайында айтып, өлкенің өткен тарихымен таныстырып отырса жарасымды болар еді.

Мұндай дәстүр Түркістан өлкесіндегі қасиетті бабалардың басында жөнге қойылған. Бұл ойымды жол бастап келген тарихшы ағаларымыз да қолдады.   Әулиелі жерлердің берекесі болады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының баршаға ортақ мұрасы насихатталып, халқы жүрегінде ізгілік ұшқындарын жандыратын болса,  «мәшекеңнің» де армандағаны сол емес пе еді?!

Айгүл УАЙСОВА

Ұқсас мақалалар

3 пікір

  1. Айгүл ханым! Жамбыл ағамыздың Шорман ауылы туралы сұрағыңызға жауапты толыққанды бермеген сықылды. Шорманның шын аты Жұмабай. Күшіктің баласы. Сол кездегі беделді «қарадан шыққан Шоң бидің» ықпалымен қаракесек руына төбе би атағы жас бала кезінен берілген. Мұса Шорманның үлкен ұлы. Зейнеп Шорманның тұңғыш қызы. Сол Зейнептен Шоқан Уәлиханов туған. Ойыңыз дұрыс. Шорман туралы деректерді «Шоң би» кітабынан табасыз. Авторы Қалмұқан Исабай.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button