«Қазақ әулие»
Тәжікстан Республикасы астанасы Душанбеден жүз шақырым жерде орналасқан Қорғантөбе қаласынан аса қашық емес жерде Батырабад деген елді мекеннің қорымында «Қазақ әулиенің» зираты бар. Мұнда Аққожа ишанның немересі Әлмұхаммед қажы Мамырайымшайхұлы жерленген. 29 жасында қажылыққа барған қасиетті әулеттің ұрпағы, отызыншы жылдары қожа-молдаларды қуған кезде елден асып кеткен екен. Аңыздың айтуынша, Қажы үрім-бұтағымен Ауғанстан асып бара жатып, намазын қаза етпей, бір төбеде кідіреді. Көшті оздырып жіберіп, Аср намазын оқып болып, көшті қуып жетеді. Артына қарап алаңдаған баласына «Мен өлгенде намаз оқыған төбеге қойыңдар» дейді. «Ауған асып бара жатып, ненің төбесі?» деп баласы мән бермейді. Шекараға жете бере, көш алдарынан тосып тұрған қызылдарға ұрынады. Қызылдар бұларды кәрі-жасына қарамай байлап-матап, бар малын тартып алып, Қорғантөбеге алып келеді. Содан көп ұзамай Әлмұхаммед қажы дүниеден өтеді. Қариялар жиналып, баласынан «не өсиет етті?» деп сұрайды. Қым-қуытта қарттың сөзін ұмытқан баласы үндемейді. Сонда қариялар «әкеңнің аяғына жат, бір белгісін берер» дейді. Баласының көзі ілініп кеткен екен, бір төбенің басында екі ақбоз үй тігіліпті дейді. Біріне әкесі, біріне анасы кіріп барады екен. Ұйқысынан оянған баласы атты ерттеп мініп, ай жарығымен төбеге келіп орнын белгілеп, әкесін жерлейді.
Бүгінде жергілікті халық «Қазақ әулие» деп атап, басына зиярат ететін орынға айналдырыпты.