Бір суреттің сыры

Абайдың шкафы Тереңөзекте тұр

ХӘКІМ АБАЙДЫҢ КІТАП СӨРЕСІ СЫР ЕЛІНЕ ҚАЛАЙ ЖЕТТІ?

Бізде «Абайды оқымаған қазақ – қазақ емес» деген қағида қалыптасып қалған. Содан болса керек-ті дана Абайды айтқанда елең етпейтін қазақ жоқ. Оның поэзиясы, философияға толы қара сөздері, шығармалары, бәрі-бәрі тура жолға бастайды, адалдық, адамгершілік, имандылыққа үндейді. Қандай мәселе болсын, түйінін іздесең Абайдан табатының анық.

«Абайды айтқанда елең етпейтін қазақ жоқ» дегенді бекер айтқан жоқпыз. «Ауданда Абай тұтынған жиһаз бар» дегенді естігенде көңіліміз соған ауды. Бірден аудандық тарихи-өлкетану музейіне барып, қазақ ойшылының ұстаған дүниесін көрдік. Сол кездегі кітап салатын шкаф. ХХ ғасырда жасалған дүние бізге жетіп отыр. Аздап тозыңқыраған, бірақ әуелгі қалпы сақталған. Көзбен көрген соң бұл құндылық «сонау Арқадан Сыр өңіріне қалай жетті?» деген сауал туындап, тарихына үңілдік. Оны бізге өлкетанушы Жәнібек Маханбет тарқатып, қағазға түсіріп берді.
Заманында Құнанбай қажы қазақтың заң­ғар жазушысы М.Әуезовтың атасы Әуезді еліне діни бағытта білім беру үшін ша­қырғаны тарихтан белгілі. Осы кісімен бірге Сыр елінен діни білімі бар бірнеше жас еріп барыпты. Солардың ішінде бүгінгі Сырдария ауданына қарасты Ақжарма елді мекеніндегі «Азат» деген жерден Дәрібай есімді жігіт болған. Арқаға барғанда сырбойылық діндар жігіт Құнанбай әулетінен шыққан, әкесінің есімі белгісіз Тұрған есімді қызбен тіл табысады. Алайда, қыздың әулеті жалғыз жігітке қыздарын бермейтін болады. Сол арада Дәрібаймен мүдделес азаматтар екі жасқа жарамды екі ат тауып беріп, жасырын түрде Сыр еліне аттандырыпты.
Қос ғашық елге аман-есен жетіп, отау құ­рып, үйлі-жайлы болады. Олардан Құл­жан, Тасжан, Қосжан есімді ұлдары, Патыма, Зейнеп, Зере, Гүлсім есімді қыздары дүниеге келген. Қазақы салт бойынша тұр­мысқа шыққан қыз балалы-шағалы болып, қолдары өз аузына жеткенде ғана төркіндеп баратын болған. Сол үрдіспен Арқаның қызы еліне баруға қамданады. Әри­не, ұзақ жолға барлық ұл-қызын ертіп бара алмайды. Өзімен бірге ұлдарының ішіндегі болымдысы Тасжанды алып кетеді. Өз жұртына төркіндеп барғанда Абайдың дүниеден оз­ған кезі екен.
Тұрған ағайын-туыспен көрісіп, ел жағ­дайы­на қанық болады. Сол арада төркін жұртына ұлы Тасжанның алғырлығы ұнаса керек. Сыр еліне қайтар шақта оған арнайы «жиен сыбаға» деп нағашысы Абайдың кі­тап сөресін сыйлапты. Абай тұтынған дү­ние осылай елге жетеді. Алайда, біршама уақыттан кейін кітап сөресін сыйға алған Тасжан өмір­ден озған екен.
Осы тұста, Дәрібай мен Тұрғаннан тара­ған ұрпақтарға талдау жасасақ. Екеуінің үлкен ұлы Қосжанның ұрпақтары белгісіз. Ал Құлжаннан облыс, ауданға белгілі ақын, қаламгер Балашбек Шағыров тараса, Патымадан Маутай, одан Жеңіс тарайды. Зейнептен Палкүл, Гүлсімнен Гүлдерайды өр­бітеміз. Ал осы мақаланы жазуға себепші болған Зере (Зөре) Абайдың кітап салатын шкафын Асқар Тоқмағамбетов ауылына әкелген. Енді осыған арнайы тоқталсақ.
Зеренің есімін Тұрған Абайдың әжесінің құрметіне қойған. Ол осы Ақжарма топы­ра­ғында туған Бабай ишанға тұрмысқа шығады. Сол кезде анасы Тасжанға берілген нағашы жұрттың кітап сөресін қыз жасауына қосып беріп жіберген. Бабай ишан туралы аудандық газеттің 2001 жылғы 22-24 сандарында «Бабай ишан кім?» деген мақала жазылған. Сол мақалада да аталған дүниенің Сыр еліне қалай келіп-жеткені айтылған. Бірақ алғашқы зерттеу мақалада Бабай ишанның шын есімі Ибрагим деп беріліпті. Ол кісінің шын есімі Рахымбаба екенін Қызылордада тұратын бір ұрпағы Орынбай Құлымбетов ақсақал айтып, түзеткен.
1905 жылы Бабай ишан Балталы Найман руының Бегімбай, Қараман, Нысанбай, Емжар секілді игі жақсыларының шақы­руы­мен А.Тоқмағамбетов ауылына келеді. Елді мекеннің арқа тұсындағы қазіргі «Бабай ишан» деген жерге қоныстанған. Сол жерге халық күшімен мешіт салынып, ишан діни сабақ береді. Рахымбаба мен Зереден Иман, Әбдіәли, Қалымбет, Абдулла есімді ұлдар, Қалжан, Әсия, Балжан, Қадиша, Үмбіш есімді қыздар тарайды.
Кешегі Кеңестік кезеңнің байлар мен молдаларға қырғидай тиген зобалаңы бұл әулетті айналып өтпесе керек. 1929 жы­лы аталған жүйенің тауқыметі тиіп, Бабай ишан әулеті бұл жерден Тәжікстанға көшуге мәжбүр болады. Көшер кезде тек алып жүруге ыңғайлы дүние-мүлікті жиыс­тырып, қалғанын осындағы азаматтарға аманаттап кетіпті. Сөз етіп отырған кітап сөресін ауыл азаматы Тумыш алып қалған көрінеді. Өздері тәжік елінің Октябрь ауданы «Сохтомони Вахш» колхозындағы «Карача» қыстағына қоныс тебеді. Бұл жер Қорғантөбе қаласынан үш шақырым әрі орналасқан.
Зерттеу барысында Шымкент қаласында тұратын ұрпағы Нәмән ақсақалдан Зеренің фотосуреті алынды. Ал діндарлардың суретке түспеуіне байланысты Бабай ишанның суреті табылмаған.
Рахымбаба мен Зере Тәжікстанда дүние салған. Оның ұлы Иман Ташкент облысы төменгі Шыршық ауданындағы «Буденный» колхозы «Қызыл коммуна» бөлімшесіндегі «Қожа» ауылына қоныстанған. Қалымбет пен Әбдіәлиді «халық жауы» деп 1936 жылы НКВД ұстап әкетіп, содан хабар-ошарсыз кеткен. Абдулла Тәжікстанның Нөрек ауданында прокурор қызметінде жүргенде соғысқа аттанып, оралмаған. Ал қыздарының үлкені Қалжан тәжік елінде өмірден өтеді. Балжанның ұрпақтары Шым­кентте тұратын болса, Хадишаның ұрпақ­тары Жетісайда. Үмбіш ұрпақтары ауданға қарасты Шіркейлі ауылында тұра­ды.
1942 жылы Әсияның ұрпақтары Ахметбек, Мамадияр, Әбдіраман Асқар Тоқмағам­бетов ауылына қайта көшіп келеді. Елге келісімен Әсия әке-шешесінің Тумышқа аманаттап кеткен дүниелері, оның ішінде Семейден келген шкафты қайтарып алады. Ғасырлық тарихы бар бұл дүниені 2006 жылы Ұлы Отан соғысының ардагері, Зеренің немересі Ахметбек Іскендіров музей қорына тапсырады. Ол кезде ауыл тұрғыны 80 жаста екен. Бұған дәлел болу үшін сол кезде Ахметбекті кітап сөресінің жанына тұрғызып, суретке түсіріп алған. Ол аудандық газеттің бетіне жарияланған.
Музейде тұрған жәдігерді суреттейтін болсақ, төменгі жағы топсалы екі есікті шкаф түрінде жасалса, жоғарғы бөлігі үш бөлікті беті ашық кітап сөресі. Шкафтың жалпы биіктігі – 125 см болса, ені – 45 см, жалпақтығы – 50 см. Заманында бел­гілі тұлғалар тұтынушыға лайық етіп орыс шеберлерінің жасағаны көрініп тұр. Алғашқы кезде қызыл-қоңыр бояумен сырланса, кейіннен ақ эмальмен сырланып, шкаф түрін өзгерткен. Мұны ұстаған кісілер төменгі шкаф үстінен 4-5 см биіктікте жо­ғары бөлігін кесіп тастаған.
Кезінде осы құнды дүние туралы зерт­­теу мақаланы жазуға өлкетанушы Ж.Ма­хан­­­бетовке аудандық музейдің негізін қа­лау­шы марқұм Сейітмұрат Ембергенов ұсы­ныс айтқан. Соның ізімен алғашқы зерттеу мақала жазылған. Бұл зерттеу мақала тарихи құжаттарға сүйене отырып емес, ел ішіндегі осы жәдігерді бұрын тұтынған кісілердің ұрпақтарынан естіген деректер бойынша жазылып отыр.
Енді бір айта кететін жәйт, аудандық музей қорында тұрған кітап сөресінің хәкім Абай тұтынғандығының растығын анық­тау қажет-ақ. Көршілес орыс халқы А.С.Пушкиннің сүрінген тасына тәу етіп, оны сақтап отырғанда, Батыс елдері Бет­ховеннің бір тал шашын пір тұтып отыр­ғанда шығыстың шырағы Абай ұстаған жәдігерді қастерлеп, оның анық-қанығына жеткен жөн. Бұған еліміздегі абайтанушылармен бірге тарихшылар, іскер азаматтар мән беріп қараса, құба-құп. Өйткені, бірнеше жыл бұрын зерттеу материал жарық көрсе де «Шынымен осындай құнды дүние аудандық музей қорында сақтаулы ма?» деп сұрап келген кісі болмады. Оның үстіне, қазіргідей заманауи технологияның дамыған кезеңінде шкаф ағашын ғылыми зертханаларға апарып, Абай өмір сүрген уақытқа сай келетініне көз жеткізсе, бұл тарихи жәдігер өте құнды болары сөзсіз. Егер де осы дәлелденіп, жоғарыда біз айтқандай болып жатса, «Қазақтың бас ақыны Абайдың кітап сөресі бізде тұр» дегенді ерекше мақтанышпен, нық сеніммен айтар едік.

Ердос БЕРКІНБАЕВ,
журналист.
Жәнібек МАХАНБЕТ,
өлкетанушы
(шкаф суреті музей
қорынан алынды

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жүйелі жұмыстар бабадан қалған мұраны түгендеп, оны келер ұрпақ үшін баға жетпес қазынаға айналдыруға жол ашты. Өткеннің жәдігерлері жылдар өтсе де бағалы қасиетін жоғалтпайды. Қайта бұрынғы мен бүгінгіні таразылау арқылы санамызды жаңғыртуға сеп болады. Жуырда Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейін аралап жүріп, қарапайым дүниеге көзім түсті. Кәдуілгі шкафтың ғасырдан аса тарихы бар дегенде таңырқай қарағанымыз рас. Сөйтсек, оны ұлттық ақыл-ойдың шыңына шыққан Абай Құнанбаев тұтынған екен. Музей қорына бұл шкафты А.Тоқмағанбетов ауылының тұрғыны Ахметбек Іскендіров тапсырыпты. Бағалы жәдігерді Сыр еліне ХІХ ғасырдың бас кезінде Құнанбайдың туысы Тұрған деген кісі төркіндеп барғанда Абай тұтынған осы кітап шкафты сыйласа керек. Дүниеге келген қыз баласына Тұрған Абайдың әжесі Зеренің есімін қояды. Зере есімді бойжеткен заманында Асқар ауылына келін болып түскенде осы шкаф қыз дүниесі болып келеді. Аталмыш дүниені ақырында Зеренің қызы Ахметбек ақсақалдың анасына тапсырған. Бүгінге жеткен, сақталған жәдігерді облыс тұрғындары Тереңөзектегі мұражайдан көріп, тарихына қаныға алады.

Нұрәли САҒАТ, Қызылорда облысы

Толығырақ: https://aikyn.kz/2018/07/23/61572.html

https://tirshilik-tynysy.kz/tarih/7966-hkm-abaydy-ktap-sres-syr-elne-alay-zhett.html

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button