Қожа Ахмет Ясауидің қабіржапқышы қалпына келе ме?
Мамандар қайталанбас өнер туындысының түпнұсқасын жасауға шебер тұрмақ, техниканың да қауқары жетпейтінін айтады. Матасы түйе жүнінен жасалып, алтын жіппен кестеленген құнды дүниені қалпына келтіруге шетелдік мамандар да қызығушылық танытып отыр. Түйе жүні мен жібек жіптен тоқылған қабіржапқыш 7 ғасыр өтсе де, түсін бермеген. Үстінен алтын жіптен өрнек түскен. Ең қызығы, жас малдың тарыдай терісіне де әр жерден алтын мен күміс қадаған. Алайда қабіржапқышты кім, қанша уақыт жасаған белгісіз. Зерттеушілер оның әу бастағы ұзындығы 4, ені 2,5 метр болған деп топшылайды.
Рахия Жүзбаева, «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының қызметкері: – Әмір Темір заманынан қалған ескерткіштерден құнды заттың бірі – осы қабіржапқыш. Өзі 2 қабіржапқыш негізі. Қолдан кішкене қылып біреуін жабамыз деп ойласа керек. Кейіннен құлыптастың үлкендігі есептелді ме, жоқ әлде жанында анамыздың қабірі бар деп айтады ғой, мүмкін соның үстін жабуға есептелген бе, ол жағы әлі белгісіз. Бірақ 2 қабіржапқыш. Біздің қолымызға жеткені – сол екеуінің үзінділері. Қабіржапқышты сұғанақтар қолды қылған кезі де болған. 1926 жылы белгісіз біреу оны 25 рубльге сатып жіберген. Содан кейін жәдігер Алматының орталық музейіне түскен. Уақыт өте сапасы жоғалған дүниені музей қызметкерлері жарамсыз деп танып, есептен шығарған. Тек 1978 жылы ғана Өзбекәлі Жәнібековтің қолына түсіп, құнды мұра өз мекеніне оралды. Бұдан бөлек, Ясауиге тән қоңырат, қалы деп аталатын кілем түрлері де бірге келген.
Рахия Жүзбаева, «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының қызметкері: – Сол кілемнің үлгісін әкеліп, сол кездегі Алматыдағы кілем тоқитын фабрика бар. Сол фабрикаға бермей ме, есептеп, бояуының түрін қараса, 18 түрлі бояу бар екен. Содан Алматы фабрикасы 5-ақ бояу тауып отыр. 18 бояу шығара алмады олар. Содан бізге 5 түрінен 10 метр қылып, тоқым әкеліп берді. Түрлі қиындықпен қолға түскен қабіржапқышты Қожа Ахмет Ясауидікі емес дегендер де болыпты. Оны дәлелдеу де оңайға соқпаған. Кесене қызметкерлері қабіржапқыштағы Пайғамбарымызға және 12 имамға арналған салауат сөзін бүгінде ғимаратта сақтаулы тұрған Әмір Темір сыйға тартқан лауқада да бар екенін дәлелдеген. Қабіржапқышта сол 12 имамның 8-інің ғана есімі сақталған. Қалғаны өшіп кетіпті.
Ұлықбек Жүнісбаев, «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының кіші ғылыми қызметкері: – Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ата-бабаларымен бірге осы 12 имамның да кім екені, кімнен тарағаны ол туралы айтылған. Міне, солардың бәрін қорытындылай келе, бұл қабіржапқыштағы жазуды біз қалпына келтірдік. Көне қабіржапқышты сақтауға мамандар ерекше мән береді. Қазір құнды жәдігер ылғал пен жарығы есептелген арнайы орында тұр. Бірақ сапасы күн санап нашарлап барады. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев биыл Сарайшықта өткен Ұлттық құрылтайда осы көнежапқышты қалпына келтіріп, оны сақтауды тапсырған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: – Осы орайда Ясауи кесенесіне қатысты көне жәдігер туралы айтқым келеді. Ислам елдерінде әйгілі дін қайраткерлерінің бейіті міндетті түрде жапқышпен жабылады. Талай заманнан келе жатқан көне жапқышты қалпына келтіру жұмысы біраз жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған. Мен құзырлы мемлекеттік органға осы құнды мұраны тезірек сапалы жөндеуден өткізіп, тарихи орнына қайтаруды тапсырамын. Алайда Ясауи қабіржапқышының түпнұсқасын қалпына келтіру мүмкін емес. «Бүтіндейміз деп бүлдіріп алуымыз мүмкін», – дейді салаға жауаптылар. Бүгінде жәдігердің көшірмесін жасауға шетелдік ғалымдар тартылып жатыр. Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.
Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/m-denie/item/656969-ozha-akhmet-yasauidi-abirzhap-yshy-alpyna-kele-me
Қолданылған материалдарға міндетті түрде 24.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс