Ясауи мұрасы

Түркістан – өлкем, Құл Қожа Ахмет Иассауий

Барлық түркі дүниесіні өзіне қаратқан асыл жәдігер «Диуана хикмет» жайында. 

Түркістан. Бұл атау бір кездері жарты әлемді алып жатқан өлкеге тиесілі еді. Әлем халқы Түркістан дегенде шығысында Ауғаныстан, Қытай, күншығыста ұлы Сібір (мәңгі мұзды) өлкесі мен Батысында Дон өзеніне дейін, оңтүстікте персілер елінің шекарасына жететін өлкені Түркістан атауымен танитын.

Бір кездегі ұлы түркі қағанаты өсе келе бөлшектеліп, оған негіз болған тақ таласының нәтижесі осы ұлан ғайыр өлкенің бірнеше мемлекетке бөлінуіне әкеп соқты. Мемлекет болып қалыптасу, күнделікті тіршілік қамы оларда қатынас құралы тіл ерекшелігін қалыптастырды.

Ерте замандағы ұлыстар өзара бірігіп шаруашылық ерекшелігіне сай ұлттар бірлестігі, жеке-жеке ұлттар қалыптасты. Бүгінгі күні қазақтар, өзбектер, қырғыздар, әзербайжан, түрік, қарақалпақ, түркмен және басқа да ұлттар осы түркі атты Ұлы көзенің сынықтары.

Жалпы адам баласының даму процессін үш өткелге бөледі: 1.Вахшият; 2.Бадауият; 3.Маданият.

Вахшият – бұл жабайы дәуір. Бұл кезеңде адамдар үңгірлерде жасап, қолына түскенін ас етіп күн көреді. Бадауият – бұл кезеңде адамдар малды қолға үйретіп, сол хайуандардың күшін пайдаланып, өнімін өз қажетіне жаратып күн көреді. Маданият – бұл дәуірде, яғни сана сезімнің өсуіне байланысты адамдар отаршылыққа ауысып, егін салу, үй-жай салу, сауда-саттық ісімен айналысып, өмір салтын белгілі бір мөлшерде қалыпқа түсіреді.

Алғашқы қауымда адамдар ара қатынасы азғана қауымның басшыға мойын ұсынуымен іске асады, мәдениет дәуірінде мемлекет жүзеге келді. Мемлекет болған соң оны алға сүйреп көркейту, оны қорғау керек болды. Бұл жайдың барлығы сөзсіз хатқа түсіру – жазу, сызу зәрулігін қажет етті. Жазу, сызу пайда болған соң, тарих атты өшпес бір асыл мұра өзінен өзі пайда болды.

Бүгінгі күні әлемді бір бірімен жалғап жатқан Ұлы Жібек жолындағы Түркістан қаласы жоғарыда айтылған барлық даму сатысын басынан өткерген көненің көзі. Біздің қолымыздағы деректер бұл жерде бір кездері Шабгар атты қала болған. Өкінішке орай, бұл қаланың сол дәуірде әкімшілік дәрежесінің қаншалықты болғаны дәл мәлім емес. Қолда  бір ғана дерек Маулана Сафи ад-дин Орын Қойлақы насабнамасында Ибрахим шайх өз мүриді Мұса қожаға «Иассы еліне барып суфра тутғыл» деп айтты дейді. Ал бұл насабнаманың тілі ескі түркі-шағатай тілі екенін ескерсек, көне көз тарихтың бір куәсі екені даусыз. (Сафи ад-дин Орын Қойлақы, Асыл мұра, Түркістан, 1992) Себебі, сол кезде, яғни XI ғасырда бұл жерде шаһар (қала) болып, халық тығыз орналасқан «Суфра» оқу орны деп қабылдауымызды керек етеді. Әдетте оқу орны халық орналасқан, көпшілік бар жерде болады. Ал халық күн көріс мүмкіншілігі бар сауда-саттыққа, егіншілікке, мал өсіруге қолайлы жерге жиналады. Айтса айтқандай, Сырдария өзенінен онша қашық емес. Қаратаудан аққан бұлақтар өзен болып бас қосатын жазық дала, құмшауыт тегіс жер шаруашылыққа өте  қолайлы болуымен қатар Еуропада, Византиядан бастау алып, Орта Азия, Индия, Шын, Машын еліне өтетін Ұлы Жібек жолы осы жерден бір тоқтап, тоғыстап есін жиятын. Осы өлкеге дейінгі жерде Сырдария өзенінен басқа мардымды өзен, су жоқтың қасы. Сырдарияның жағасы көк өрісті, тоғайлы болғанымен керуен көлігінің негізі болған түйе мен атқа қолайсыз. Құжынаған масасы, сонасы талап тастайды. Қаратаудан бастау алатын өзендер көкорай шалғын, бау-бақшаға оранған өлке талып жеткен жолаушыларға жәннәттай сезілері сөзсіз. Оның үстіне Иасы қаласының түстігі ұлы дала, мал баққан көшпелі халықтың бұл өңірде ішерлік шай қанты мен киім-кешек, қол-өнер заттарын, тұтыну әбзелдерін де осы қала базарларынан алуы қаланың қаланың өркендеуіне, қол-өнер мәдениетінің дамуына өз үлесін қосады. Қала ішінде «Суфрахана» яғни медресенің болуы халқының басым көпшілігінің сауатты болуының бір жүйесі екені даусыз. Осы және басқа да басы ашылмаған жайттар Шабгар, Иасы-Түркістан қаласының Орта Азия өлкесінің алғашқы табалдырығы, есігі сипатына ие етеді.

Соңғы жылдары Түркістан қаласы маңындағы «Шоқтас» атты жерден табылған пәленбай мың жыл бұрын өмір сүрген адам екенін Түркістан қаласындаға халықаралық «Құл Қожа Ахмет Иассауий» атындағы қазақ-түрік университетінің ғалымдары тауып, бұл өлкені адам баласы мекен еткеніне бірнеше дәуір (эра) болғанын дәлелдеп отыр.

Міне, осы жайлардан келіп, бір кездегі алып өлке Түркістан бірнеше мемлекет, патшалыққа бөлінген заманда, сол ұлы қағанаттың көзіндей, асылдың сынығындай жақсыдан қалған жәдігер Түркістан қаласы қалыптасты. Әрине, сол Түркістан қаласының дәл іргесінде Сауран қаласының қалдығының дәл бүгінге дейін тұруы, Иасы қаласы дәл қазір Түркістан қаласы тұрған жер ме, болмаса осы аймақ па, ол тарихтың үлесіне қалды.

Бізге дәл қазіргі Түркістан қаласы тұрған жерде XI – XII ғасырда үлкен білім ордасының болуы бүкіл түркі дүниесін осы Иасы-Түркістанға қаратқан, Түркістанды өзіне қаратқан ұлы ғұлама шайх ақын Құл Қожа Ахмет Иассауиидің осы жерде тұрып, осы жерде өзінің өлмес мұрасы, түркі халықтарының идеологиялық тұғырнамасы «Хикметін» дүниеге келтіргені айдан анық. Ұлы шайхтың дүниеге келуінен бұрын әкесі Иброхим шайхтың өз мүриді Мұса қожаны Иасыға жіберуі, өзі кемел білім иесі болған кезде:

Уа, дариға не қыларман ғарыптықта,

Ғарыптықта ғұрбат ішінде қалдым мен-а.

Хорасан мен Шам, Ирак ниет қылып,

Ғарыптықтың көп қадірін білдім мен-а,- деп білім іздеп қанша жерлерді шарлап, ақыр соңында:

Құл Қожа Ахмет, сөйлегенің хақтық жады,

Тыңдамаған достарына қалсын пенді.

Ғұрбаттанып өз шаһарына қайтып жанды,

Түркістанға мазар болып қалдым мен-а, – деп, өз отанына келіп Иасы-Түркістанда қалғаны сол дәуірде Иасы қаласы көптің көзін тіккен білім ордасы екеніне дәлел.

Құл Қожа Ахмет Иассауидің туған жылы мәлім емес. Бірақ көптеген ғалымдар бұл ұлық заттың (1166-1167) Хижра есебімен 562 жылы дүниеден өткенін дәлелдейді.  Әкесі шайх Ибрахим Сайрам  (Сарай Ом) қаласында жасап, сол жерде дүниеден өткен, Турбаты сол жерде. Сарай Ом ескі шағатай тілінде Ом көпшілік орны, көркем сарай, ғажайып қала деген мағынаны білдіретінін ескерсек, отырықты жерде тәрбиеленген, білім ордасында өскендегін аңғарамыз. Шайх Ибрахимнің арғы тегі Хазреті Әліге барып тірелетінін жоғарыдағы Сафи ад-дин Орын Қойлақы «Насаф намесінде» көреміз. Ислам діні Орта Азияға алғаш келіп, өз үкімін жүргізе бастаған 684-750 жылдар көлемінде бір ғана Самарқан қаласының өзіне 6 мың үйге жақын арабтар, Құрайыш тайпасының адамдары келіп орналасқан. (Өзбекстан халықтары тарихы, Ташкент, 1992 ж).

Хазреті Әлидің нақ осы құрайыш тайпасынан екені анық. Шайх Ибрахим Хазіреті Әлінің Мұхаммед Ханафия атты баласының ұрпағы. Алланың расулы (с.ә.у.) Хазіреті Әлінің білімін өте жоғары бағалаған. Міне осы жайларды ескерер болсақ, Құл Қожа Ахмет Иассауии Алла зікірін бесікте жатып есітіп, ана сүтімен бойына сіңіргенін білеміз. Хадис: Мұхаммедке (с.ә.у.) бір араб әйелі келіп:

– Ей, Алланың расулы. Мен баламды неше жастан тәрбиелей бастайын?- дейді.

– Балаң неше жаста?

– Бала 6 айлық.

– Онда 6 айға кешігіпсің. Бірақ тәрбиелеп өсір.

Бұл жердегі 6 айға кешігіпсің демектің мағынасы  –  сәби дүниеге келгеннен белгілі бір мезгілде тамақтанып, белгілі бір мезгілде ұйықтап, белгілі бір мерзімде қолға алынып ауынуы – тәрбиенің ең негізі. Осы жайлар сәбидің дыбысты аңлай бастағанынан құлағына сіңген Алла зікірін, Алланың атымен, яғни Бисимиллахи рахмани рахим деп ерніне тиген ана сүтін қосыңыз.

Сол  себептен ұлы шайх: «бір жасымда әруақ маған үлес берді» деп, тілі шыққанда Алла есімін зікірін айта шыққанын ескеріп отырсақ керек. Көптеген ғалымдардың дәлелдеуіне қарағанда Құл  Қожа Ахмет Иассауии жастай анасынан, 7 жасында атасынан айрылады. Осы кезден бастап жас Ахмет Арыстан баба немесе Бабтың тәрбиесінде болады. Ел арасында Арыстан баб туралы әр түрлі аңыз әңгімелер көп. Мұхаммед (с.ә.у.) уақытында бұл зат тірі, бар екен. Алланың расулының тапсыруымен аманат құрмасын жас Ахметке жеткізіпті. Және бірінде Арыстан баб – Салман Фарси екен деген аңыздар бар.

Осы екі аңызда да негіз бар. Себебі, Орта Азия, оның ішінде түркі тілдес халықтар арасында намаз, жаназа секілді шартты рәсімдердің ниеті парсы тілінде айтылады. XV ғасырда өмір сүрген ғалым Хусаин Воиз Кошифи «Футуввотномаи Султани» атты еңбегінде пайғамбар (с.ә.у.) заманында «бел байлау» мәрәсімімен, яғни әр бір исламды қабылдаған елдер, халықтарға ислам ілімін үйретіп, жолға өз еркімен бел байлап, сол ауыр да азапты міндетті өз мойындарына алған 17 кісінің атын атайды. Олар: Салман Форси, Абузар  Ғаффари, Аммор Есор, Микдор Асвод, Хисон Сабит, Абуубайт, Мавороуннахр, Хорасан, Табарстан, Ирақ және Ажамның бел байлаған мәрттерінің дәлелі Салман Фарсиға тиесілі.

Егер Салманның удумы (есеп дәлелі) қандай деп сұраса айтқын: әрбір қауымның өз есебі  бар. Себебі Салман Фарси Ансоридің белін байлады. Әли Ансари Ашжан  Маданидің белін байлады. Ол өз кезегімен Абумуолим Хорасанидің белін байлады. Осы жолмен әр бірі екіншісінің белін байлағанда тапсырмалар берді. Демек, Хорасан, Ирак, Мавороуннахр халқының Салман Форсиға алып берген тақалатын әрбір бел байлаған кісісі кәміл мәрт есептелінеді. Өз кезегінде бел байлаудың байлау және шешу шарттары бар. Олар он екі байланатын және он төрт шешілетін шарттар.

Енді байланатын амалға не жатады? 1) көзді арам нәрселер мен қарауға күнә болатындардан бекіту; 2) есіту жайсыз нәрселерден құлақты бекіту; 3) айтылуы дұрыс болмаған сөздерден тілді тыю; 4) керексіз нәрселерден пікірді сақтау; 5) көкіректі кектену мен кінәдан сақтау; 6) көңілді күмәннән шет ұстау; 7) қолды халық азар болатын және арамнан сақтау; 8) ләпсіні тыйым салған тағамдардан сақтау; 9) футуббат (мәрттік) сырын зінадан және жаман амалдардан сақтау; 10) аяқты жала жабылатын және лас жайларға барудан сақтау; 11) көңілді пайдасыз пікірден сақтау; 12) бақылдық және дәме ету жолын бекіту.

Ашылатын амалдарға мыналар жатады: есікті қонақ үшін ашу, дастархан жаю, адамдармен кездескенде жүзің ашық болуы, пірді және мүридтерді көру үшін көздің ашық болуы, құлақты пір мен Орифтер  (ғалым) сөзін есіту үшін ашық ұстау, тілді Алла тағала зікіріне істету, қайрат пен қайырымдылық үшін қолды істету, адамдар мұхаббатына көңілді ашу. Аллаға іңкәрлікке көңілді ашу, ақиқатты білу үшін пікір есігін ашу, ізгі хикметтерге қуаныш терезесін ашу, сахабат және көңіл аулау есігін ашу, ізгі дәптерге жол ашу (Хусаин Воиз Кошифи, Футуббатномои Султони, Тошкент, 1994).

Демек, Орта Азия халықтарына ислам ілімін таратуды алғаш қолға алып өз кезегімен ұстаздар дайындалып, сол молда, ешан, шайхтар арқылы ілім парсы тілінде үйретілді. Сөз басында айтқанымыздай көптеген ниет, дұғалардың парсы тілінде болуының негізі осы. Ал, Салман Форсиға келер болсақ осы жолдың басында тұрғандықтан сол ұлы заттың атымен аталуы заңды құбылыс. Аты айтып тұрғандай, Салман өзі парсы тілді адам болғандықтан ізбасарларын да көбіне сол халықтан таңдап алумен қатар білім-ғылым жолында парсы тілінде (өз ана тілі) дамытуы және ілгері  сүруі ешқандай оғаштық емес. Тек қана ұлы шайх:

Міскін, заиф Қожа Ахмет, жеті пұштыңа рахмет

Парсы тілін білсе де, күп айтады түркіні,- деуі ілім жолын парсы тілінде парсы тілінде үйренгенімен өз тәлімен өз ана тілінде түркіде жайғанын мақтан тұтады.

Енді өз мақсатымызға қайтайық. Сонымен Арыстан баба жеті жасар Ахметке жол көрсетіп, өз ілімінен сусындатқанымен ғана емес Алланың расулының аманаты – ислам қағидаларын толық берген. Себебі Алланың расулы дүниеден қайтар кезінде: «Ей, халайық, мусылман қауымы, мен сендерге үш аманат қалдырып барамын. Бірі Алланың кәлімі – Құран, екіншісі менің хадистерім, үшінші менің әулетім, – деген. Міне, біздің іздеп жүргеніміз осы ілім.

Ал Арыстан баб сөзіне келер болсақ, бұл сөздің екі мағынасы бар. Бірінші – Баб – қақпа (дарбаза) деген сөз. Бұл жерде білім шаһарына кіретін қақпа назарға алынады. Яғни, өте білімді, көпшілікке білім, ғылым таратушы адамды айтады.

Екінші мағынасы: Мұхаммед (с.ә.у.) пайғамбарды көрген, соңынан ергендерде сахаба дейді. Сахабаны көргендерді тобин, тобинді көргендерді тоба тобин, тоба тобинді көргендерді баб дейді. Арыстан бабтың өмір сүрген  дәуірі бұл нұсқаға келмейді. Егер аңыздағыдай пайғамбар (с.ә.у.) дың соңына ерген болса сахаба болуға лайық. Бұл екі жорамал да жоққа шыққан жағдайда Арыстан баба нұсқасы  жүзеге келеді. Яғни, көпті көрген, білімді, көсем деп түсінуіміз керек.

Міне, осы ғалым бабадан жиырма жыл тәлім-тәрбие алып, Арыстан баб дүниеден өткен соң, сол ұстазы, бабасының нұсқауымен Бұхара қаласына келіп Қожа Юсуф Хомаданидан сабақ алып, ілім үйренеді. «Туған жерім ол мүбарақ Түркістаннан, Бауырыма тасты ұрып, келдім мен-а, – деп туған жерді, елді, жұртты тастап, тек білімін тереңдету мақсатында келгенін айтады. Осы кезге дейін Құл Қожа Ахмет Иассауии мұрасын зерттеуде ақынның дәруіштік, яғни білім іздеп дүние кезуі. Біздің қолымыздағы бұл мәліметтер бұл жайында еш қандай дерек бермейді. Ал хикметтер не дейді? Жоғарыдағы:

Уа, дариға, не қылармын ғарыптықта

Ғарыптықта ғұрбат ішінде қалдым мен-а

Хорасан мен Шам, Ирақ ниет қылып

Ғарыптықтың көп қадірін білдім мен-а,- деген жайлар біраз жайдың бетін ашатын сыңайлы. Жалпы, ұлы ақынның шайх атануына, дәруіштік жолдың азабын көріп, сол заманның білім іздеу жолындағы халайықтың ізімен жүрген деген пікірге осы жолдар жетелейді. Себебі, Юсуф Хомадани Хорасандық ғалым, қолына келіп білім алған Қожа Ахметке сол зат жол сілтеуі мүмкін. Бұл жайға сілтеме жасайтын және бір жай ұлы шайх өз хикметтерінде Хорасан, Ирак жерінде өмір сүрген ислам ғалымдары жайлы көп мағлұмат береді.

Шайх Мансур өз басыны дара көрді

Партав (нұрын) салды Хақ дидарын анда көрді, – немесе:

Шайх Шибли ғашық болып, білмей өтті

Шайх Боязит жетпіс жолы өзін сатты – және:

Сәлім болып сап болды Жунаид, Шибли

Ләпсі теуп қаһар  қылды Хасан Барси

Халықты қойып Фано  болды Зунин Мирси

Әзіздерге мутабағат қылғым келер, – жолдардан ұлы шайхтың жоғарыдағы Орифтердің білімдерімен өмір жолдарынан көп нәрсе білгенін, хабардар екенін көреміз.

Жалпы ислам ғылымының негізі болып саналатын сопылық, Тасаввуф ілімі IX ғасырдың басында жүзеге келді деп есептейді өзбекстандық ғалым Н. Комилов. Сол сопылық – саф (таза), суф (жүннен істелінген киім, қарапайымдылық), суффа (төменде отырушылар, кішіпейілді) адамдардың жолын, ғылыми көз қарастарын Тасаввуф деп атайды.

Бұл ілімнің алғашқы дәуірінде мақам (тұрақ, басқыш) тариқат (жол, іздену, кемелдену) негіздерін жүзеге келтірген орифтер Зүннун Мисри (796-861), Боязит Бистоми (875), Жунаит Бағдади (910), Мансур Халлаж (858-922) болған. Орифтердің еңбегі сөзсіз ұлы шайхтың  өмірінде, қалыптасу дәуірінде өшпес із қалдыруымен қатар, келешекте түркі әлемінде бірінші  болып өз тариқатын, сілсаласын құрып Яссауия жолын салуына   басшы болған. Олай дейтініміз, жоғарыда көтерілген хикметтерде сол орифтерді дәріптеумен қатар, сол заттарға ілескісі, жолын ұстанғысы келетінін өзі де жасырмайды. Қожа Ахмет хикметтерінде  мағрифат, шариғат, тариқат, хақиқат жайы ең үлкен мәселе болып көтеріліп, әр қайсысы өз кезегінде өтелуге тиісті, орындалуы даусыз қағидалар. Мағрифат ілім іздеу жолы. Шариғат өмір сүру қағидалары. Тариқат  пенделік кемелдену, өз болмысын толық анықтап алып, Алла пендесінің дидарына лайық болу. Хақиқат толық кемел пенде.

Мағрифаттың мінберіне мінбегенше

Шариғаттың істерін білсе болмас

Шариғаттың істерін ада қылмай

Тариқаттың маңдайына кірсе болмас.

Айтқанымыздай, ең бірінші білімге ұмтылу, белгілі дәрежеде білім алмаған, үйренбеген адам шариғат жолын түгел біле алмайды. Шариғат жолы ағаш бесіктен жер бесікке дейін өмір сүру қағидалары. Ал, шариғат ең алдымен ақылы толық пендеге ғана парыз. Ақылды адам өзін Аллаға лайықты деп білетін, яғни арамнан сақтана алған жан.

Сонымен бірге шариғат ислам жолын таратуға бел байлаған орифтердің қанша шарты барын жоғарыда айтып өттік. Демек, шариғатқа мойын ұсыну, исламды қабылдаған жан өзін неден тыю керек екені айдын болады және бел шешу рәсімінде қайсы амалдарда бел шешуі, яғни ашылыуы керек екені айқын. Міне, осы амалдарды дәлелдеумен бірге әр бір қауымныың өз әдет ғұрыптары мен бағытталған сілсала, яғни тариқат мақамдары жүзеге келеді. Ориф (ғалым) мағрифат білімінсіз, ізденусіз өз дәрежесін көтере алмайды. Неғұрлым ілімге бойлап енген сайын сол білім теңізіне тереңдеп жүзе бастауы, егер тура жолда болса хақиқатқа, шындыққа жеткізері сөзсіз. Ал бұл жолда нағыз ақиқат Алла дидарына лайық болу.

Қожа Ахмет Иассауии ең алдымен өз дәуірінің перзенті. Сол кезде бел алып  тұрған ілімнен сусындаған. Сол дәуірдің қайғысымен қам көңіл болып, сол дәуірдің шаттығымен көңіл көтерген. Өзі  өмір кешкен ортаның пәлсапалық деңгейімен ойлану бардағы, ілімді келешек үшін дамыту бар. Ұлы түркі қағанаты тарқап, бірнеше мемлекетке бөлінуі тақ таласынан туындаған өз ара қырылыс. Ұлы шайх өмір сүрген дәуірде бел алып тұруымен бірге ислам ілімінің де Құран мен Хадистерден бастау алып, дамып, өз керегесін кеңейте түскен шағы тұғын. Кез келген ілім егер ол дамымаса, өміршең болмағаны, халайықтық көңілінен шықпағаны, қалың жұрттың қолдауына қолайсыз, керексіз болғандығы. Әсіресе, қызыл болып жарқ етіп көрінгенмен уақыт тұңғиығына батып кетіп жатқандары аз емес. Міне, осы тұрғыдан Құл Қожа Ахмет Иассауидің ілімі қай кезде де халайық кәдесіне жарап келген, көңілінен шыққан және өз күшін жоймайды да – талассыз жай. Себебі, бұл ілім Алланың Құранымен, ұлы елші Мұхаммед (с.ә.у.) сүннәттәрінә негізделген. Ал, Құран Кәрім мен пайғамбар (с.ә.у.) тек қана адам зат кәдесі, қажеті үшін жаратылған дүние болғандықтан және адамзаттың адамдық кемелі жайлы сөз қозғап, амалда нақты қолдануды үндейді. Қожа Ахмет Иассауидің мұрасында ұзын-ырғасы  тек қана Алла достығы, пенде кемелдігі. Бейнетсіз рахат жоқ, пенде қандай дәрежеге қол жеткізбесін, тек қана еңбегінің арқасында жетеді.

Бисмиллах деп баяндайын хикмет айтып

Тәліптерге дүр мен гауһар шаштым мен-а

Риязатты қатты тартып, қандар жұтып

Мен «дафтари сани сөзін» аштым мен-а

Сөзді айттым әркім болса дидар талап

Жанды жанға таластырып, рәкті (негіз) аулап

Ғаріп, жетім, пақырлардың көңілін аулап

Көңілі бүтін халайықтан қаштым мен-а, яғни сөзді Алланың атамен бастаймын, талапкер іздеуші болса дүр мен гауһар осы сөздерде. Риязат қам көңіл, жоқ іздеуші, бұл жолдардың бейнетінен қашпайтын болып белді будым, бекіндім, сол ауыр жолда қандар жұтып азап-бейнетін көріп «Дафтари сани» екінші кітап жаздым дейді.  Бұл сөздерді Алла дидарына талап еткендер болса соған айттым.

Өз жанымен сезінген, өзім бейнетін кешіп, рахатына қарқ болған жайларды өзгенін жанына да лайық көріп отырмын. Ғарып, жетім, пақыр (бейшаралардың) көңілін ауладым. Мақсатым рәк (негіз) пенделік, сол себептен көңілі бүтін – ештеңені ойламайтын, өзінен басқамен жұмысы жоқ халайықтан қаштым дейді.

Ғарып, пақыр, жетімдерді әркім сұрар

Разы болар ол пендеден пәруәрдігәр

Ей, бейхабар, сен бір себеп өзі асырар

Хақ Мұстафа пәндім естіп айттым мен-а.

Кім де кім ғарып, пақыр, жетімдердің қалын сұрап жәрдем етсе, ол пендеден Алла разы, негізгі асыраушы, несібе беруші өзі, сен соған себепшісің. Денің сау, қайратың мол, өзіңнен артық мал дүниең болса, ол хақ тағала саған берген мәртебесі. Енді сен де кембағалдарға жәрдем ет, нашарлармен бөліс, хақ Мұстафа сөзі осы дейді.

Негізінде амал (әрекет) амал арқылы, ілім білім арқылы ғана түсінікті. Өзі амал етпеген, Алла разылығы жолында бір қадам баспаған жан басқаның амалын қалай түсіне алсын. Оның (наданның) түсінігі түйсігі бойынша бұл жай ғана көпшілік орындау қажет нәрсе. Кім болса ол болсын, мен емес.

Сұрады: Біз қайыр садақа берсек, ізгі және тура амалдарды орындағанымыз үшін тәңірден қайтарым, жақсылық күтсек, біз үшін залал емес пе? Яғни, ізгілігімізге ақы сұраған болып қалмаймыз ба?

Жауап: Оллахи! Иманды және үмітті болу керек. Қорқу мен үміт дегеніміз сол. Үміт бір көркем дүние.

Ал, енді қорқу деген не? Деп сұрады: Маған қорқыныш жоқ үмітті көрсетіңізші. Бір адам өнімінен үміт етіп дән сепсе, шықпай қалуынан қорқып суарады. Өнім аз  болуынан қорқып, азықтандырады. Хайуан болмаса адамдар таптап кетпесін деп қарып, қарауылдайды. Міне, бір ғана үміттің қаншама қорқуы бар. Демек, қорқыныш үміттің қарауылы. (Ж. Руми).

Хасан Басри: ұйқыдағы көңілімді оят деген жамағатқа: «Ұйқыдан көңіл ояту оңай және қолайлы. Бірақ, сіздің көңіліңіз өлген, сондықтан ешнәрсеге әрекет етпейді, – деді. «Онда бізді қорқыт», –  деді. «Егер бүгін Алладан қорқсаңыз, ертең берілген боласыз. Көңілінде қорқыныш жоқ кісінің жағдайы өте аянышты», – деді.

Біз қайыр садақа бергенде, жақсылық, ізгілік еткенде, міне осы жағдайды ескеру керек. Яғни, үміт ету арқылы ізгілік іздеп, қорқыныштан сақтану керек. Ұлы шайх жетім-жесірдің жайына қара, бірақ сен себепшісің, Алла тағала қайыр садақа ету мүмкіндігін саған өз басыңды сақтау үшін берді демекші.

Соңғы уақыттарға дейін біз Қожа Ахмет Иассауи мұрасын сөз етсек, ақыретті ғана дәріптеуші, дүние тіршілігінен бетін ары бұрған деген ойларды айтып келдік. Ал енді:

Ғарып, пақыр, жетімдерді қылған шадман

Алқа қылып, әзіз жаның етсең құрбан

Тағам тапсаң жаныңменен қылған мехман

Хақтан естіп, бұл сөздерді айттым мен-а,- деген жолдан осы насихатты тыңдап отырған адамның пайдасы емес пе?

Алқа құру – көпшілікті жию, көпшілік үшін әзіз жаныңды құрбан ет, көз қарасы, адам адамға дос, ізгілік ету, бір біріне жәрдем беру барлық адам баласының міндеті. Оның ішінде мұсылман екенсіз, ешкімге азар  беруге қақың жоқ.

Сүннәт еткен кәпір болса берме азар

Көңілі қатты тілазардан Құдай безер

Алла хақы ондай құлға дозақ даяр

Даналардан бұл сөз естіп айттым мен-а.

Егер кәпір болса азар берме, бұл пайғамбар сүннәті. Көңілі өлген, көңілінде аяушылық жоқ адамның тілі ащы болар. Алла хақы, ол адам дозақы, даналар солай дейді, – деп дәлелдейді.

Діннің негізгі мақсаты адамдарды күнәдән сақтандыру. Сол сақтанудың ақысына қуаныш, шаттық уәде ету. Адам болған соң, күнә істемеуі мүмкін емес. Бірақ, сол күнәні жуып-шаятын тәубе, тағадат, ғибадат бар. Істеген күнәнің есесіне жақсы амалдар бар.

Себебі, пайғамбарымыз (с.ә.у.)дан «Көңіліңнің жұмсауын және мұратыңа жетуді қалайсың ба? Бір жетімнің басынан сипа және өзің жегеніңнен оған да жегіз (бер). Сонда көңілің жұмсайды және мұратыңа жетесің. (1001 хадис).

Қожа Ахмет Иассауи көп тілге алатын Баязит Бистоми айтады екен: «Күнәдән тәубе біреу, тағадат мың. Яғни, менмендік күнәдән ауыр. Орифтің кемтар дәрежесі сол, махаббат отына жанып күл болғай. Бір сәттік мағрифат кісі көңілінде «Фирдаустағы мың дәрежеден артық.Халықтың тәубесі күнәдән, Баязиттің тәубесі «Ләиляха илла Алладан» басқасын айтудан. Яғни, күнә істеген адам өз айыбын сезіп, жедел тәубе етсе, нақ сол күнәсінә кешірім табуы мүмкін. Ал, тағадат, ибадатта мың тәубе бар. Себебі, Алла алдында өзін әлсіз, бейшара сезініп иілген көңілден тәкәппарлық кетеді. Көңілге менмендің кіруі қайсы бір күнәдән да ауыр.

Ләпсім мені жолдан ұрып қор болдырды

Тіксіндіріп, халайыққа зар болдырды

Зікір айттырмай шайтанмен жар болдырды

Аулақ тұр деп, ләпсі басын шаныштым мен-а.

Нафс мен, мен өлмей пенде көңілі төмен түспек емес. Махаббат өзінен басқаны жақсы көруі, сүю кереметі көңілге симайды. Бір көңілде екі үкім жүруі мүмкін емес. Сол себепті ориф көңілі тек қана өзін жоқ етіп, Алласын сүйе алады. Тасаввув тілмен айтсақ «Өлмей тұрып өлу, ұлы шайх өз күнәсінә толық пейіл – шын көңілмен күнәкәр екенін мойындайды.

Руаят: Бір күні бір кісі келіп, жан-жағына қарап тұрды. Баязит: «Кімді іздеп тұрсың»- дейді. Келген кісі: «Баязитті іздеймін» – дейді. Шайх: «Баязитті менде отыз жылдан бері іздеймін, таба алмаймын» дейді. Бұл Зұннун Мисриға жеткен еді. Ол «бірадарым Баязитті және оның жамағатын Алла тағала жарылқасын. Хақ жолында жоқ болыпты және өзін таусыпты» – дейді. Міне, меннің пендеден арылуы деп осыны айтады. Яғни, бұл адам өзінен кешіп, түгелдей Аллаға жетті, бір көңілде,  ділде жалғыз ғана Алла қалды.

Зәкір болып, Шәкір болып Хақты таптым

Дүние ұқпа, арам қылып жаншып тептім

Шәйда болып, рәсуә болып, жаннан өттім

Қамсыз болып, жер астына кірдім мен-а.

Қорлық, зарлықпен зар жылап, түндер қатып, Хақты таптым. Дүние, ұқпа (ақырет) жетістіктерін өзіме арам қылдым. Менің негізгі мақсатым Хақ дидары еді. Сол жолда рәсуә, қор болып, жаннан өттім. Өзімнен кештім. Арманыма қолым жетті, қамсыз, қауіпсіз болып жер астына кірдім.

Баязит хазірет айтыпты: «Мен Құрб(жақындық) мақамына жеттім, не тілейсің?,-  дейді. Мен: – Хақты тілеймін,- дедім. Хабар келді «Қашан Боязиттің болмысы тірі екен, бұл тілекке жету мүмкін емес (өзіңді жоқ етіп, онан кейін бізге кел. Ф. Аттор).

Зұннун Мисри: «Пендені Алласына шындық және хилвет жеткізеді. Үш нәрсе ықылас нышаны болар:

  1. мақтау мен қаралау ол үшін бірдей болар;
  2. амалдарын ұмытар, күнәләрін есіне алар;
  3. Алладан басқасын көңілінен шығарар.

Пенде пенде болмас, Алла әміріне қайым болмағша. Шәкірт ұстаз болмас, ұстазына қайым болмағанша. Әркім қорықса Аллаға қашсын. Кім Алланы паналаса, нажат табар. Әркімнің көңілінде туралық болмасы, иесінен рахмет алмас. Жалғаншының сөзінің қасиеті болмайды. Ал туралыққа пенде өзін-өзі тежеу, қайраттану, ойлану арқылы жетеді. Бұл амалдар Хилветсіз амалға аспайды. Ой теңізіне еркін жүзіп, өз пенделік кемелін таныған, өз бағасын білгенге сенің мақтағаның болмаса, қаралағаның ешбір әсер етпейді. Оның әсілі сен айтқан, дәріптегеніңнен басқа. Ол жайға бұл ілімнен хабарсыз адамның зердесі жетпейді. Сол себептен ұлы шайх:

Махаббаттың дариясына ғаууас  болып

Мағрифаттың гауһарын алғым келер

Тариқаттың маңдайына пәруаз қылып

Ол «туби» дарақтына қонғым келер.

Алла махаббатына шексіз беріліп, қарқ болып, батып Мағрифаттың Хақ ілімінің «гауһарын» қолға кіргізу. Сол гауһардың нұрымен жүрер жолын анықтап, тариқат майданына қарап өрлеу, қанат қағып «туби» (жаннат) ағашына барып қонғысы келеді. Ұлы шайхтың пайымдауынша дүние әуресі қараңғы зұлмат дүниесі болып көрінеді. Қолына шам алған адам өзі жүретін жолын ғана көреді. Айнала төңіректе болып жатқан жаймен оның шаруасы жоқ. Көріп тұрғанды назарға ілмеу, алаң болмау, өз мақсатына жеткенше тоқтамау шын ғашықтың әрекеті.

Ғашық болсаң көз жасыңды шашып жүргін

Боязиттей дүние, ұқбын теуіп жүргін

Адхам сыпат, тақ пен бақтан кешім жүргін

Химмат (бағасы) берсең дүние ұқбан теугім келер.

Бұл жердегі Ибрахим Адхам Әуелі Балх қаласының патшасы. Керемет көріп, патшалықты тастап, дәруіш болып, Хақ жолын іздеп кеткен адам еді. Бұл ұлы заттан қалған сөздер: «Момын кісінің белгілері: сүкүт (үндемеуі), пірір болар, қарағаны ғибрат болар, жүргені тағадат болар», «Бір адам (ынсан) үш пердені көңілінен шығармағанша оған дәулет есігі ашылмас: бірінші – оған барлық дүние берілсе де сүйсінбеу, сүйсінсе қызыққаны, дүниеге қызығу тірліктен махрум; екінші – дүние кәусәрін (әсілін) өзіне беріп және қайтып алса да қапа болмау; үшінші – мақталған шағында көтерілмеу (қуанбау), жамандалған шағында қайғырмау.

Әркім әулиелер мәртебесіне жетуді қаласа, дүние және ақыретке мойын  бұрмай, тек жалғыз Алла тағалаға қалбын беріп, адал ас жесін. Өзінен бұрынғы ғалымдар еңбегімен жете танысқан сол кәусәр бұлақтардан қанып ішкен ұлы шайх, толық мәнін түсінген соң, сол жолдармен жүруі, сол орифтерді мақтауы заңды құбылыс. Оның үстіне аламан тасыр кезеңде тақ пен байлық үшін бір-бірінің етін жеп жүрген дәулет қызметкерлерін көріп, әсілінде осы қырылыстардың не үшін  болып жатқанын аңлаған:

Замана ақыр болса, ақыл кеткей

Адам ұлы бір-бірін түтіп жегей

Дүние үшін иман, ислам дінін сатқай

Ақылдарға бұл сөздерді айтқым келер.

Бұл жолдар жоғарыдағы аты мақталған Ұлылардың көз қарасы екенін көріп тұрмыз. Ұлы шайх сол дүние танымдарын қабылдап алып, өз кеудесінде пісіріп жетілдіріп, өңдеп, халайыққа тәлім-тәрбие ретінде түркі тілінде паш етіп отыр. Ақылды сөз – түсінетіндерге ғана. Өткендерді (тарихты) жақсы біліп, өз дәуірінің тынысын толық аңдаған жан сөзсіз келешекті болжай алмақ. «Ақыл парасат – ілім керемет болады» – деген қанатты сөз осыдан шыққан. Ал, ұлы шайх өзінің бұрын өткен ориф-ғалымдар ілімін, Құран мен Хадистерге байлап, мән шығарып отырғандығын хикметтерден көреміз. Өткендер ілім, мағрифат жолын иеленуде қандай амалдар етіп мәртебеге жеткен, қайсы бір амалдармен өз жолдарына зауал жеткізіп, барар жеріне жете алмай жолда қалған. Міне, осы амалдардың жиынтығын тариқат жолы деп білген.

Ал ілім игеру жолын ұлы шайх:

Құл Қожа Ахмет Хақ сөзін сөйлеп өтті

Айнул – Якин тариқаты боздап өтті

Илмулл – Якин шариғатты сөйлеп өтті

Халқұл – Якин ақиқаттан айттым мен-а, – деп жырлаған.

Софылар ақиқатты иелену жолында адамдар иеленген ілімдерді төмендегідей белгілеген: А) «Илмул Якин» – ақыл жолы арқылы құжат, дәлелдерге негізделген білім. Мурит қалбын зікір қуаты билеуімен бір сәттік пайда болған «Мұходора» (экстаз – өзінен кету) дейтін білімге де «илмал-якин» деп атаған. Ілімнің бұл басқышы зохир (амал) ұламасы мен жаңа бастаған сақилықтарға тиесілі ілім. Софылар пайғамбардың (с.ә.у.) Ұлы Хақтан алып білдірген шариғат және діни үкімдерін қабыл етіп, ақыретке және Алланың сипаттарына тиесілі берген хабарларына қажет сенімді «илмал-якин» мәртебесі сипатында қабыл еткен. Бұл «якин» ілімінің ең төменгі дәрежесі. «Қусиди Тавхид» мәртебесіндегілердің ілім дәрежесі осы. Б) «Айнул – якин». Бір нәрсе жайында дәлелге қажет сезбей-ақ білім иесі болса, сезім және пайымдау (ой) өзі көру; сол себепті басқа беретін хабарға қажет сезбеу мағынасындағы «айнул-якинда» күдік жоқ. Көңілдің пәктігі және пенде мен ғайып әлемі арасындағы перделердің көтерілу нәтижесінде пайда болған бұл ілім «Мутаввасид» (орта дәрежелі) салиқтар ілімі болып, «Мухиді тавхид» мәртебесіндегілерге лайық. В) «Хаққұл – Якин» – пенденің сипаты Хақ сипатында жоқ болып, ілім шахуд (сезім) және хал мәртебелерінен хақ сипатымен бірігу. Хазіреті Әли «хаққұл якинді» былай дәлелдеген: «Хаққұл Якин» әзел таңында шыққан бір нұр болып, оның әсері таухид қауымының денелері үстінде көрінеді. (Усман Турар, Тасаввув тарихи, Тошкент, 1999).

Білімсіз өмір жоқ. Адам баласы дүниеге шыр етіп келген сәттен бастап, сезім түйсік арқылы білімін жетілдіре бастайды. Жан ілімі, яғни өзін-өзі тану кезеңі ақылы қалыптасқаннан басталғанмен, көпшілік әсіл негізді іздеуге көп әуре  бола бермей, қоршаған ортаның әуені мен күнделікті тіршілік күйбеңінен шыға алмай, өмір кеше береді.  Ұлы шайх мұндай өмірге разы емес, жәнге сол әсілді іздемегендерге тіпті қарсы:

Наданды менен сұрама, көксім жара

Хақтан қорқып, матам құрсам күлер ха-ха,

Аузы ашық, нәсілі ұлық, місілі лақа

Надандардан қорқып саған келдім мен-а,- деп менен надандар жайын  сұрама, онысыз да көкірегім жара, әсілі Алладан қорқып, «матам» тағадат, ғибадат етсем, өзімді  тыйсам мазақ қылады, маған күледі. Өздері ләпсілерін тыя алмай дүниемен әуре, кез-келгенді жұта беретін лақа балық. Солардың кесірінен қашып, өздерінен қорқып, саған келдім деп Алласына зарын айтады.

Жоғарыда айтып өткен ілімнің үш жолын (басқышын) ең алғашқы «Илмул-Якиннің» өзін толық меңгермеген, ләпсі әурейінен құтылмағандарға:

Ләпсі жолына кірген кісілер рәсуә болар,   ( мәңгүрт)

Жолдан азып, тойып, тозып, Гумрах болар (меңіреу)

Жатса тұрса шайтанмен Ғурмах болар (дос)

Ләпсіні тепкін, ләпсіні тепкін, ей, болкидар (бахытсыз)

Ләпсіден құтылмасаң, яғни өзіңнен кетпесең, өз тілеуіңнің құлы болып қаласың. Алла жолына ғашықтық саған жоқ. Хазіреті Сарри Сақоти айтар екен: «Ләпсім менен қырық жыл бойы бал тіледі, бермедім. Ләпсімнің сұмдығынан күніне бір рет айнаға қарайтын жүзім қара болды ма екен?» Мансур Халлаждың ұлы Ахметке айтқан өсиеті: «Атамнан соңғы кешінде одан өсиет талап еттім. Айтты: «ләпсіні бір шұғылаға сал, болмаса ол сені шұғылаға салар». Яғни, ләпсі сені бағындырмай тұрғанда сен оны бағынышты ет ( Әлішер Науаи). Құл Қожа  Ахмет хикметтерінің ұзын ырғасында бір адамның ғана, нақты шайхтың өз басының қайғы қасіреті  мен азабы, шыққан мәртебесі сөз болады. Сол өз басынан өткен жайлар арқылы «міне мынау амал мен мәртебеге жеттім, мынау амал мені қор етті»,-  деп, анықтап сөз ұғатын «дидар талап» болса өнеге айтады. Ислам ұғымда «Адам – адамның айнасы» деген қағида бар. Бір адам екінші адамдағы барлық жетістіктер мен кемістіктерді өз бойынан көруі керек. Кім қандай амал, әрекетпен мәртебеге жетті? Кім қандай әрекет ету арқылы өзін қор етті? Демек, мен де сол адамдардың біреуімін, мен өз келбетімді алғаш менен бұрын өткен софы, арифтер айнасынан көрдім. Сол көрген бейне маған лайықты, жағымды көрінді. Сол көргендерімді қайталау, толықтыру арқылы осы мәртебеге жеттім. Толығырақ етіп айтсақ:

Мадинаға Расул барып болды ғарып

Ғарыштыққа мехнат тартып болды һабиб,

Жапа тартып, жаратқанға болды карип,

Ғарып болып ұқпалардан астым мен-а.

Алланыың Расулы Мадинаға барып, ғарым болды. Расул суретінен өзімді көрдім. Алланың досы-елшісі Мадинаға қандай амалдан мен халайықты дінге үгіттеп, жол көрсетсе, мен де Түркістанда сол жолмен ғарымтық тартып халайыққа дін жолын көрсетіп жүрмін.  Өзім үшін қам жемедім, мәртебе (ұқпа)лерден болып, басып өттім, – дейді. Бұл жерде бір айта кететін жай, соншалықты білімі бола тұрып, кейбір молда, қазы, мүфтилер секілді ұлы Шайх өз жайын күйттемейтіндігі көрінеді. Алланың Расулының жүрген жолы ұлы шайх үшін мәртебе.

Он сегіз мың бұл әлемге саруар болған Мұхаммед

Отыз үш мың асхабқа рахбар болған Мұхаммед

Жалаңаштық, аштыққа қанағатты Мұхаммед

Асы, жаны үмматқа шапағатты Мұхаммед.

Түндер жатып ұйықтамас, тіл абатты Мұхаммед

Ғарыппенен жетімге Мураватты Мұхаммед.

Адам баласындағы барлық жақсы қасиеттердің жиынтығын бір ғана адамнан көру сол адамға деген махаббаттың, ғашықтықтың белгісі. Ал, ұлы шайх  өз суретін пайғамбардан көруі Алланың бефрген  (салған) жазбасы (тағдыры). Яғни, бұл зат жерден, көктен, барлықтан тек қана Алланың ғажайыптарын көрді. Ал, Алла ғажаыптары Мұхаммед (с.ә.у.) ілімі арқылы келгенін, сол арқылы өз санасына жарық  сәуле түскенін, өзі істейтін амалдарда Расул жолын таңдап алғанын паш етеді. Сол жолдағы көңіл қойғанан ұмтылу нәтижесінен Алланың разылығын іздеді.

Әркім үмбетпін десе, Расул ісін қоймаса

Шапағат күні болса, махрум қалмас Мұхаммед.

Жолға шыққан жанның мақсаты – барар жеріне жету. Жер жыртқанныың мақсаты – сол жерден өнім алу. Әркім өз еңбегінің нәтижесін көру үшін еңбек етеді. Ұлы шайх сол бейнеттің барлығына да разы, тек қана өз мақсаты орындалса болғаны. Ал, оның мақсаты пенделерді Аллаға лайық ету.

Жаратқан бір уа барым жолын іздеп,

Шайтын лағнет жолдарынан қайтың достар,- деп азғырушы, жолдан аздырушы «шайтан» лағнет айтқанына ермеңдер, жалған сөйлемеңдер, хақ жолын таңдап алыңдар деп жар салуда.

Махаббаттың маңдайында жаулап қылған

Ақиқаттың дариясынан гауһар алған

Мағрифаттың матасыны ішке салған

Жүрсе, тұрса дүрмен гауһар шашар достар

Махаббат майданында соғыс қылғандағы мақсат «Ақиқат» (негіз) дариясына бату. Дариядан «гауһар» алу. Мағрифат «ғылым» жолына сол гауһар нұрын халайыққа шашу.

Ұлы шайх бұл ұмтылыста өте жоғары нәтижеге жеткендігі бүгінгі тарихтан белгілі. 800 жылдан артық уақыт қаншама аламан-тасыр соғыс өзгерістер жүз берді. Қанша ел билеушілер, саясаткер ауысты, бірақ Ұлы шайх саясаты ауысқан жоқ. Түркістан атты өлке бірнеше мемлекетке бөлінді. Түркі (түркеш) атты халық бірнеше ұлттқа бөлінді. Сол өлкеде Құл Қожа Ахмет атты ғалымның «ақиқат» дариясынан алып шыққан «гауһары» ісі түркі халқының кәудесіне өз сәулесін түсіріп тұр. Олай дейтініміз, Түркістан, Мавироунхар жерлерінде алғаш рет ислам жолын жүйеге түсіріп, тариқат жолын салған да осы ұлық зат. Кувравия, Нақшбандия және басқа да тариқаттар өз бастауын осы ұлық заттан алады.

Руаят: Қожа Бахуддин түсінде Хакім ата (Сулеймен Бахирғани)ды көреді. Хакім ата оған өз дәруіші Халилдің жолына сілтеме жасайды. Қожа Бахуддин бұл түсті анасына айтады. Анасы: «Ей, перзентім, саған түрік машайықтарынан несібе болар», – дейді.

Бір күні Қожа Бахуддин Бұхара базарын айналып жүргенде Халилді ұшыратады және оны түсіндегі белгілерінен танып қалады. Қожа Бахуддин: «көңіл сүйінші оның сұхбатында көп болады. Оның сұхбатында ғажайып ахуалдар аңлауға болар еді. Халил атаның ұзтазы Хаким ата Қожа Ахмет Иассауидің шәкірті екенін ойға алсақ, ұлы түрік машайыхы (шайхтар шайхы) кім екендігі аян болады.

Құл Қожа Ахмет Иассауидің Әмір Темірге пір болғаны баршаға аян. Бұл екі заттың өмір сүрген дәуірлері екі ғасыр араға салып өтеді. (Маққам Махмудов. «Ғайыптар қиялынан  жанған шырақтар»).

Бір күні Әмір Темір Қызыр әлейхиссаләммен бірге Бұхараға баруды ниет етеді. Жолда батагөй пірі Иассауидің зиярат етпек үшір Түркістанға келеді. Түнде Әмір Темірдің түсіне Қожа Ахмет Иассауий кіреді. Шайх: «Ей жігіт, тездетіп Бұхараға бар. Алла қаласа сол жердегі шахтың өлімі сенің қолыңда. Сенің басыңнан көп ғажайып істер өтсе керек. Қазір Бұхара халқы саған ынтығып отыр», – деп аян беріпті.

Әмір Темір таңертең Түркістан әкімі Ноғайбекті өзіне шақырып алып, шайх Иассауий қабіріне бір астана құруды бұйырады. Ол үшін әкімге жетерліктей пұл береді. Солай етіп Түркістан қаласында бір зейнетті жай құрылады.

Қожа Ахмет Иассауий жайында Әмір Темірдің өз аузынан былай деп айтылады: Рум жұртына жүрістен алдын, әуелі Хазіреті Шайх Иассауий жайына келдім, сол ұлық жайды зиярат еттім. Шайх аян беріп айтты: Әр кез басыңа қиындық түссе, мына рубайды оқырсың:

Зұлмат кештерді шат-шадыман еткен

Бір сәтте әлемді Гулстан еткен

Кел, ауыр ісім тұр, оңай еткін

Ей, баршаның ауырын жеңіл еткен.

Мен бұл рубайды жаттап алдым. Рум әскеріне бетпе-бет келуден алдын бұл рубайды жетпіс рет оқыдым. Жеңіс қолға кірді (Ариф Усман, «Мулақат» журналы).

Иісі түркі халқының ұлы ақыны Алишер Науаи:

Әркім кемел болса, онда бар хақ пенделігі

Оннан өзге деме кәсіп ойламаңыз

Жалған әлем үшін реніш, машақат шекпеңіз

Мал үшін ғам жемеңіз, малға пікір ойламаңыз

Түрк пірі секілді әлемнен етік сілкі

Достықтан өзге ешнәрсеге көңіл қоймаңыз, – деп өзі пір тұтқан ұлы шайхтың поэтикалық жанрын өз жырларына қосып «Мал үшін хам жемеңіз» деген сөзбен «дүние үшін ғам жеме,  Хақтан өзгені деме «палсанасын әрі қарай өрнектейді. Сол сәтте «Түрк пірі» секілді дүниеде «етек сілкі» деп айтпақшы ойы ислам дүниесіндегі «ибадат он қысым (бөлек), соның тоғызы адал өмір сүру» деген қағиданы назар тұтса керек.

Әлішер Науаи замандасы «Нақшбандия» тариқатының ұлы шайхы Абдурахман Жоми:

Дар сурати обу,гил, аен, ғайри ту кист?

Дар хилвати жану дил, нихон, ғайру ту кист?

Яғни,   Сумен топырақ суретінде болған аян – сенен өзге кім?

Жан мен ділің хилветінде болған нихон – сенен өзге кім?, – деп ұлы шайхтың: «Әсілің білсең обу, гил» және «гилге кетер-а» деген жолдарын екінші жақтан назарға алып, осы тұрысың, яғни су мен топырақтан тұрған сен емеспісің? Жан мен ділдің құпия хилветінде тұрған сен емеспісің? – деп тежейді өзін.  Құл Қожа Ахмет Иассауий: әсілің білсең «обу гил» дегенде обу – су, гил – топырақ. О басында топарақтан жаратылған денең өз әсіліне, топараққа барады, – деген ойды айтады.Ұлы шайхтың хикметтерінде топырақ «кәлимесі» сөз көп қолданылады. Топырақ сөзі әлемнің негізгі есебінен, топырақ ұлы мәртебе сыпатында баяндалады.

Шын мәнінде негізді алып қарасақ барлықтың (Мавжуидат) негізі топырақ емес пе? Алла жаратқан барлық жан-жануардың өсіп-өнетін жайы топырақ, қоректенетін жайы топырақ. Адам затқа керекті байлықтың шығар жері топырақ. Толық етіп айтар болсақ, топырақ – Отан, жер – Ана. Топыраққа  (жерге) бір салсақ, он етіп береді. Топырақ қайырымдылық белгісі. Топырақ барлық жануардың аяғының астында. «Топырақ болғын, әлем сені басып өтсін басып өтсін» деген сөз біздің түсінігімізге әрине оғаттау көрінуі мүмкін.

Неге мені барлығы таптай беруі керек? Менің адамдық құқым қайда? Мен неге барлығынан төмен болуым керек? Және басқа толып жатқан негелер.Ал, бұл бір жол өлеңді екінші жағынан алып қарасақ ше? Бұл жердегі «топырақ» образ, болмаса көрнекті құрал. Дін насихат деп мойындайтын болсақ, насихат халыққа айтылады.

Бір адам ғана топырақтай төмен, өнімді, берекелі, бәрінің әжетіне жарайтын болмай, барлық адамның көңілі осындай болса, ойлап көріңізші. Әлемде менмендік, жауыздық, яғни, «мен» деген көңіл қалар ма еді? Міне, ұлы шайхтың негізгі арманы осы деп білу керек секілді.

Сөз жоқ, ислам ілімі ең алдымен адам зат туралы және оның ішкі жан дүниесі, ар ожданы туралы ғылым. Қай жағынан алып қарасақ та, тек қана адам баласының кемелдігі жайлы. Ал сол кемелдік қалай қолға кіреді? Міне, ұлы шайхтың бар арман-мүддесі осыған келіп тіреледі. О баста Алла тағала сені өз махаббатынан, яғни демін үрлеп жан берген жаратқан екен. Сен де сол махаббатқа шын көңілмен беріліп, «ғашық» болып өмір кешкін. Болмашы дүниеге алданып өмірге зия өткізбе. Алдыңда есеп берер күн бар.

Ышқың қылды шайда (ғашық) мені,

барлық әлем  білді мені,

Қайғым сенсің күн-түні,

маған сен ақ  керексің!

Войздарға мінбер керек,

маған сен-ақ керексің!

Ұлы шайхтың барлық өмір жолындағы мақсаты ғылым-білім, іс-әрекет, ұстаздық, ақындық өнегесі, барлығы  – тек қана пенде кемелдігі үшін. Осы жолды ұстаған ұлы шайх пір деп білген, сол жолмен жүргендерге, жолбасшы ретінде шапағаты да дайын.

Мен «дәптері» сани айттым сізге жәдігер

Әруағым медет тілеп оның зіңһар.

Дұға қылай, уасил қылсын пәруәрдігәр

Рахман ием, арыз айтқалы келдім мен-а.

Яғни, мен сіздерге «екінші» кітап жәдігер етіп айтып қалдырдым, әруағымнан медет тілеп шын көңілмен оқып пайдаланыңыздар. Осы өсиеттерімізге лайық болсаңыздар, сіздер үшін дұға етейін, Хақ пәруәрдігәр қабыл етсін. Я Рахман ием, осы өсиеттерді қабылдаған құлдарыңа рахм ет!

Арызым, тілегім осы демекші ұлы шайх. Алған ғибрат, үйренген ілім терең ойлау қабілетімен ұштасқан. Ғұлама осы бір төрт қатар өлеңге барлық мақсатын сыйдырып, сіңіріп бергендей көрінді маған. Бір кездері дүниенің төрттен бірін алып жатқан өлке, нешеме бөлікке бөлінген тұста, жатқан жеріне сол өлкенің атын мәңгілік етіп байлап беруінің мәні мүмкін осы шығар. Хикметтің соңындағы «мінәжәт» бөліміндегі:

Ғарып Ахмет сөзі әркез ескірмес,

Егер жер астына түссе шірімес, – деген жолдар ұлы шайхтың өз бағасын қаншалықты кұрметтейтінін көрсетксе:

Менің хикметтерім пәрмені сұхбан

Оқып білсең барлығы мағыналы Құран.

Міне, осы жерде хикметің, оның жазылу мақсаты жүзеге шығады. Алла Хақ Субхан тағыла пәрмендерін түркі тілінде жазып, оқып, мағынасын шаққандаға  бұл түркі тіліндегі Құран деп айдан анық айтады. Яғни, «дәптери сани» екінші дәптері сөзі ғылымдар арасында не дәуір талас тудырып, әлде бұдан өзге және бір дәптер болған ба екен деген күдік осы жерде жойылады.

Менің хикметімді Ғашыққа айтың

Діні айнадай Садыққа айтың.

Шын мәнінде махаббат, ғашықтық, көңілдің ділі жайынан хабарсыз жанның хикметті түсінбеуі заңды. Ділі айнадай таза, көңілі пәк, садық (шындық) ісін сезетін жан хикметтің мәнін біледі.

Менің хикметімді надан есітпес

Ділі, көңілі қара пәндімді (насихат) алмас

Ол жан, яғни надан өз білгенінен артыққа ұмтылмас, қарны тойса болды.

Діні  иманы жоқ, исламы ойран

Хикмет таңы атса жолда қалған

Діні жоқта отан жоқ, отан жоқта иман жоқ

Иманы жоқта ислам не жесін?

Егер алым болса жаным тасаттық

Дүрмен гауһар сөзімді естіп ұқ

Менің сөзімнің асылын түсінетін

Ғалым табылса одан жаным садақа

Дүрмен гауһар сөзін әлемге шашса

Оқып, ұқса, хақ кәләмін ашса.

Ұлы шайхтың арманы, мақсаты хикметін ұғып, аңғарып, әлемге шашса, жайса. Бұл сөздер хақтың кәләмі, мағынасын ашып, халайық әжетіне жаратса. Ол ғалымнан аяры жоқ.

Өзін білсе ол Хақты білді

Құдайдан қорықты да, ынсапқа келді. Бұл жерде Алланың елшісінен қалған хадис амалға келеді: «Ман ағрафа нәфсәкә, фа мянағрафа Раббука

Мағынасы – «Кімде кім өзін таныса ол Алланы таниды». Имам Ғаззали бұл хадисті былай түсіндіреді: әрбір адам баласында төрт түрлі қасиет бар:жыртқыштық. хайуандық, шайтандық, періштелік. Жыртқыштық қасиет – ұру-соғу, өлтіру, зорлық көрсету; хайуандық қасиет – ішу, жеу, ұйықтау, жыныстық қатынас жасау, көбею; шайтандық қасиет – алдау,  жолдан тайдыру, біріне-бірін айдап салу, ел арасын бүлдіру; періштелік қасиет – саф таза қасиет.Адамда осы төрт  қасиеттің бәрі де бар. Оларсыз өмір сүру мүмкін емес. Бірақ адам баласына артық етіп берілген қасиет – ақыл.  Осы ақыл дәрежесі арқылы адам өзін-өзі танымақ.Өз  қасиет таныған күмәнсіз Хақты таниды. Хақты таныған Хақтан қорқады. Қорқыныш, қауіп кірген көңілге үміт, сақтану кіреді. Ислам ғылымында бұл жайды қауіп және үміт атайды. «Бұл екеуі адамның екі қанаты. Қанаттар қаншалықты қуатты және сау болса, ол соншалықты биікке ұша алады» (Ж. Руми). Демек, Құдайдан қорыққан адам ынсапқа келері даусыз.

Менің хикметтерім бір пірі Кәміл

Қайсы пенде Құдайға болса мейіл, – дей келіп,

Иассауий хикметтерінің қадіріне жеткін

Ышқы хумынан бір тамшы татқан

Ышқы хумынан бір тамшы татқан

Құдайдың мейіріне бір жола батқан.

Ендігі сөзіміз артық болар! Себебі, барлық ислам әлемін өзіне қаратқан құдірет Алланың кәләмі «Құран» – барлық түркі дүниені өзіне қаратқан асыл жәдігер «Диуана хикмет».

Сейіт-омар САТТАРҰЛЫ

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button