Тұрмысың аман-есен, Ордабасы
Тұрмысың аман-есен, Ордабасы,
Не көрмес тіршілікте бастың жасы,
Алдынан қыз-қатынды шұбыртқан соң
Қоқанның қырғын тапты бозбаласы.
Тұрмысың аман-есен, Бадамым-ай,
Қаһар қып атқа мінді адамым-ай,
Көргенше енді сені көп қой деуші ек,
Үш жылда қайтып тиді қадамым-ай.
Тұрмысың аман-есен, Қотырбұлақ,
Мырзаби зекет алды жаудай бұлап,
Өлтіріп Мырзабидің өтін алып,
Еліміз төмен ауды Арыс құлап.
Сағындық Құрысай мен Бөріжарды-ай,
Көтерген ауыр жүкті мен бір нарды-ай,
Алдынан қыз-қатынды өткізген соң
Қалшаның қырып салдық бәрін малдай.
Құйғаны Бөрі жардың Арысым –ай,
Қоқанға қабыл болды намысым-ай.
Алдынан қыз қатынды шубуртқан соң,
Қоқанның қырып салдық бәрін малдай
Арыстың суы ағады жарыменен,
Байлар қозы тасиды нарыменен,
Өлтіріп Мырзабиді өтін алып
Қолымның ет асадым қаныменен!
Арыстың өткел бермес суы тасып,
Мырзаби қаша алмады қара басып,
Зекетке зерделі ел тұра алмады,
Қыз-қатын көштен шықты шуылдасып.
(Жүсіпқожа қолжазбасы-850 бет).
Мәделіқожа Жүсіпқожа ұлының (1816-1888) «Тұрмысың аман-есен, Ордабасы» деген өлеңі Шымкент маңындағы Қоқан хандығының езгісіне қарсы күресті ұйымдастырушы болғанын және бұл мәселеде шешуші роль атқарғанын дәлелдейді.
1858 жылы Мырзабидің өліміне байланысты Қоқан хандығынан 10-жылға елден қуылған Мәделі батыр Бұхар әмірлігінен пана іздейді. Мәделіқожа өмір сүрген уақытта бұл маңда саяси жағдай бойынша Сырдың күн батыс беті Бұхар әмірлігіне қарайтын. Ал,Сырдың күн шығыс беті Қоқан хандығының иелігінде еді. Самарқанд маңында, Ақдария ауданы, Пышақшы қышлағында Мәделіқожа әулеті мен туыс ағайынның бір атасы осы күндеріде өмір сүреді. Ағайын арасында барыс-келіс әлі үзілмеген. Бұл әулеттен Кенжеқожа, Әулие жан ишандар қожалар арасында біраз жерге белгілі. Жер ауып барған Мәделі қожа ең алдымен осы ағайынға барады. Кенжеқожаның өз уақытында Бұхара хандығының алдында беделінің зор болған. Жолбарыс ақын сол жақтағы ағайынның ішіндегі бір белдісі Абдулла ишан қайтыс болғанда былайша көңіл айтқаны белгілі.
Өлмек парыз, тумақтық суннәт еді
Хақтың ісі мойынға міндет еді
Абдулла Ишан дүниеден аттаныпты
Пайғамбардың бір әзіз үмметі еді.
Есіз Ишан дүниеден өтті қалай
Тура келген амалға дауа бар ма-ай?
Халық көзіне тұт басса бүзрік еді
Енді жайы жәннәттің төрінде болғай.
Жасынан оқығаны ілім болып
Танытты араб-фарсы тілін берік
Әулиелік мақамға жетіп еді
Құдай тала адасыз білім беріп.
Таһат қылып нәпсіге әзіз болып
Не сұраса тауабы әзір болып
Әмір-мағруф айтудан тоқтамастан
Озған ед барша халыққа манзур болып.
Мәлім болып Самарқанд, Бұхараға
Пір болып жалпы қоңырат жұрт арада
Кәрәметін көргендер болжап еді
Көңілі жай таппастан бұлтараға
Имам Хусеин ар жағы әулеті болып
Нәсілінен исламға дәулетті боп
Жақып қожа ишанның дәріпі зор
Жұртқа жайылған атағы сәулеті боп.
Кенже ишанның жұрт айтар караматын
Тигізіп тарыққанда дараматын
Қоңырат елі басынан пір тұтынған
Нәзір қып нар мен қошқар, жарар атын.
Кенже ишан көп жұрттарға танытты жол
Қанша адам мойын иіп, тапсырған қол
Қоңыратта әсіресе көктің ұлы
Мұрт болған бас аяғы ықыласы мол.
Кенже қожа ишанның қадыры асық
Ар жағы өңкей бүзрік, бәрі де асық
Әр жыл көктем мұрттарға кеп көрінсе
Қуанып ел жүрер жабырласып-деп дәріптеген Кенже ишанның ол кез тірі уақты, демек Бұхара хандығы алдында Мәделіқожаның тірегі, сөз сөйлерінің бар. Бұхара мен Қоқан Ислам дінін ұстанған. Алым салық, пітір, зекет барлығыда тек исламдық жүйемен алынуы керек. Мәделінің мойнына қойылған Қоқанның салықшысын өлтірдің деген айып. Бірақ шариғатта адамнан зекет алынсын деген заң жоқ. Ислам дініне қарсы келген адамға соғыс жариялау барлық мусылманның міндеті. Міне осы жүйені алдына қалқан қылған батыр Самарқанд еліндегі қази, муфтилердің алдынан өтіп өзінің айыпсыз екенін, тек шариғатты қорғағанын айтып ақталған.
Ал бұл ағайын түбі Бұхарадан көшіп келген, демек Бұхара мен етене араласып отырады. Бұхар әмірінің қол астына барған соң Мәделіқожа сол маңдағы ағайын арқылы ескі байланыстарын іске қосып өзінің айыбы жоқ екенін, істеген жұмысының ислам шариғатына тұра амал екенін дәлелдеп, биік мәртебелі уламалардан пәтуа алып үш жылдан соң туған еліне Бұхар әмірінен «Сүдір» деген атақ алып қайтып келеді. Бұхар, Хиуа, Қоқан хандықтанда исламдық жүйенің орны басқа заңдардан артық болып, ел ішіндегі көп жағдайларға Қожалар араласып шешіп отырған. Билік басындағы, әр бір ханның өз пірі болған.Сол себепті елден қорлық көрдім деп барған Мәделіқожаның сөзін ең алдымен билікке жақын жүрген дін қайраткерлері сөйлейді. Бұл өлең сол оқиғаға байланысты туады.
Сейт-омар Саттарұлы
Керемет жарияланым!