Қожалардың қолы тиген Құрандар
Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасында беттері алтынмен өрнектелген, Фатиха сүресінің әрбір әрпін алтынмен аптаған көне Құран кітабы бар. Бұл 18-ші ғасырда Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне арналып жазылған құран кітабының толық нұсқасы. Кітаптың қай жерде жазылғаны белгісіз. Онда 114 сүре жазылған және әр сүренің астына парсы тіліндегі нұсқасы бар. Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорының қызметкері Айхан Бекболатованың айтуынша қорға 1936 жылы түскен. Сол жылы Алматыдағы КСРО ғылым академиясының филиалына Түркістандағы қараусыз қалған Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің, ондағы кітапхананың аянышты тағдыры, кітаптардың тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатқаны туралы суық хабар келіп жетеді. Бұл аздай, ташкенттіктер келіп, сол кітаптарды ат-арба, есек-арбаларға тиеп алып кетіп жатты. Содан академия қызметкерлері арнайы экспедиция ұйымдастырып, қалған азын-аулақ кітапты Алматыға алып келеді. Бірақ зобалаң заман ғой, сол кітаптар бір айдай академияның ауласында жатады. Кейін, сол жылы ұлттық кітапханада сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры құрылған соң, библиограф ғалым Нығмет Сәбитов пен сол кезде кітапхана қызметкері болған, атақты ағартушы ғалым, өлкетанушы Қоңырқожа Қожықовтың ұлы Құлахмет Қожықов екеуі кітапты кітапханаға өткізген.
Ұлттық кітапхана 1931 жылы 12 наурызда ашылса, алты жыл өткен соң кітапханаға Қожа Ахмет Йасауи кесенесінен үш қолжазба Құран келіп түседі. Олардың ішіндегі ең көнесі – куфи Құраны. Евфраттағы Куфа қаласының атымен аталатын, араб жазуының ең көнесі, бұл әріптермен Құранның алғашқы нұсқалары таңбаланған.Қолжазба кітапхана қорында № 3903-46 ретпен тізімделген, ХІІ ғасырда жазылған, 667 парақтан тұратын қасиетті кітаптың көлемі 396х320 миллиметрлік пергаментте, салмағы 5,400 кг. Құран сүрелері қара, қою қызыл және қызыл және алтын бояулармен жазылған. Әр парақ 17 жолдан тұрады. Әр беті сүйір өрнекпен әшекейленген. Қолжазба кейінірек түптелген болса керек. Әрбір беттерінде герб секілді таңбалы өрнектер бар. Мұқабасы жұмсақ бұзау терісімен қапталған. Жасыл түсті бедерлі өрнегі бар. Ортасында ромбик тәрізді жасыл өрнекке қоңыр бояу жазылған. Жасыл түсті бедерлі өрнегі бар. Ойып басылған мөрде кітап иесі молла Ходжа Ғабдырахман деген жазу бар. Қолжазбадағы жазбаларда бұл Құран кітап Санжар Салжұқ (1118-1157 жж. өмір сүрген) сұлтанның қарындасының иелігінде сақталғандығы туралы деректер бар.
Қожа Ахмед Яссауидің тікелей ұрпағы Мұхаммад Али ал-Джуни Йасауи-зада хижра жыл есебімен 1352 жылы бірінші джумада айында кесенеге келген кезінде (1933 жылдың тамыз-қыркүйек айлары) бұл жазуларды қазіргі қалпынан да тәуір кезінде көрген болуы мүмкін, мынадай жазу қалдырыпты. Яғни, бұл жазба селджүқ сұлтаны Санжардың (1118-1157жж) қарындасына үйленген Ғазневидтер әулетінің (963-1187жж) билеушісі Мас‘уд ибн Ибрахим (1134-1152жж) билігі кезінде Әбу Усман Омар ибн Әби Бакр ибн Йусуф ал-Варрақ ал-Фараби қолымен ас-султан ал-А‘зам Малик ал-Ислам көшіріліп жазылған.
Шынында да, көне қолжазбаларды зерттеуші мамандардың пікірлері бір арнада тоғысады-дейді шығыстанушы ғалым Әшірбек Муминов. Бұл Құран жазылуы мен көркем безендірілуі жағынан Ауғанстан қолжазбаларына ұқсайды. Жәдігер Францияның Ұлттық кітапханасында сақтаулы тұрған № 6041 қолжазбамен салыстырылды. Франциялық баламасы Буст аумағында 1111-1112 жылдары куфи қарпімен таңбаланған. Бұл қолжазба 205х150 миллиметрлік, 125 парақтан тұрады. Тағы да куфи жазбаларының бір көрінісін Ғазнидегі осы кезеңдегі құлпытас жазуларына ұқсаттық. Осыған қарап, Қазақстандағы ислам өнерінің баға жетпес ескерткішінің шыққан аймағы мен уақытын дәл анықтап айта аламыз. Бұл – ХІІ ғасыр Газневидтер мемлекеті.
Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи кесендегі куфи жазуымен жазылған көне құранның болуы йасауилық шайхтардың басқа да кіндіказиялық сопылық тариқаттардың «ең көнесі, ежелгісінің» бірі ретінде қарауға мүмкіндік береді. Орта ғасырларда нақшбандия, кубравийа, қадирия және ишқия сопылық тариқаттары арасында өз ықпалын асыру үшін тартыстың болғаны белгілі. Бәсекелес жақтар өздерінің түпкі исламмен ертедегі байланысын, өз бағытының «шынайылығын» нақтылау мақсатында түрлі жәдігерді дәлел ретінде ұсынады. Ол «суфра» – дәуріштер қалтасы, «кулах» – бас киімі, «хирқа» – киімі, «саджжада» – жайнамаз және басқалары. Жәдігерлердің арасындағы Құранның көне жазбалары маңызды рөл атқарған. Демек, куфи Құранның бірнеше ғасырлар бойы кесенеде сақталуы йасауи шайхтарының басқа тариқаттар арасында басымдық алғанын жоққа шығаруға болмайды» дейді шығыстанушы. Сонымен бірге ҚР Ұлттық кітапханасында 1930 жылдардың басына дейін кесененің қорында болып келген көне Құрандардың үш нұсқасы бар.
Алып-Құран
2002 жылы бұрындары Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің иелігінде болған «Алып-Құранның» табылғаны белгілі. Кітап терімен қапталған, түптеуші қари Ибадаллах ибн Әділ қожа. Құранды соңғы рет пайдаланушы қазақ тілінде жазбалар түсірген, арасынан 1937-38 жылдардағы кеңестік тиындар табылған. Құранның шығарылған жылы көрсетілмеген. Алайда палеографиялық мәліметтерге қарап, оны ХVІІІ соңы мен ХІХ басы деп нақты айтуға болады.
Жәдігер – алып құрандардың қатарына жатады. Салмағы 40 кг, көлемі 825х490 миллиметр, 497 парағы сақталған. Оны халық көп жиналатын мешіттер мен медреселерге қоюға арналған. Орталық Азия ханафиттері ХІ ғасырдың өзінде-ақ, мұсылмандардың қасиетті кітабын көру діни рәсім ретінде пәтуа шығарған болатын. Мұны «ибадат» деп атаған.
Орта Азияның билеушілердің бірі Темірдің (1370-1405) кезінде өз мемлекетінің астанасында алып-Құранды көрмекке қоятын дәстүрі болған. Бұл мемлекеттің құдіреттігінің, елдің тәуелсіздігі мен баянды биліктің белгісі болған. Бұл үшін шебер-каллиграфияшы Омар Ақта‘ға жасатуға бұйырған. Алып кітапты Темірдің немересінің құрметіне «Байсұнқар Құраны» деп атаған. Кейіннен Ұлықбек Самарқандтағы Бибі ханым мешітінде 2,3х3 метрлі лаух жасатқан. Бұл дәстүрді басқа да билеушілер жалғастырып отырған. Алып-Құранның ерекше қолданысын ескере отырып, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің билеушілерінің де куәлік белгісі ретінде қолданылуы мүмкін. Демек, бұл Құран қазақ мемлекетінің нақты айғағы ретінде құнды жәдігер деп қарауымызға әбден болады.(Әшірбек Муминов)
Соғысқа барып келген Құран
Әулелі Ақкөл-Жайылма мекен еткен Исабек ишанның ұрпағы Жандарбек қожаның әулетінде атаның өз қолымен көшіріліп жазылған Құран кітабы бар. Бұл қолжазбаны Жандарбек ата соғысқа өзімен бірге алып кеткен. Сол қырғында қойыннан түспеген, шапағаты тиіп, аман-есен оралуына себеп болған қасиетті жазба.
Қазіргі күнде көптеген қожа әулеттерінде атадан балаға қалдырып, қасиеттеп отырған құран кітаптары баршылық. Соның бірі Қызылорда облысындағы Смаил әздердің қазіргі қара шаңырағында ескі Құран кітабы мен тәспісі сақтаулы тұр.
Осыдан он шақты жыл бұрын Жетісайлық Тұрсынай Қалиева анамыз аталарынан қалған Құранды көрсетіп еді.
Ең, ең, ең…
Интернетті алып қарасаңыз, Құран туралы мәліметтер жетерлік. Әлемдегі ең оқылымды баспа өнімі ретінде кең таралған, бүгінде 3 миллиард данасы бар бар екен.
Жарты тонналық 218 беттен тұратын ең алып құран Ауғанстанда жасалыпты. Каллиграфия шебері Мұхаммед Сабир Хедри тоғыз шәкіртімен бірге 5 жылда бітірген. Құран парақтарының ұзындығы 2,28 метр және ені 1,55 метр. Бұл әлемдегі ең бағалы кітап. Құран мәтіні алтын әріппен жазылған және ою-өрнектермен әдіптелген. Мұқабасына 21 ешкінің терісі пайдаланылған.
Мұның алдында ең алып Құран иесі Иранның Мешхед қаласында жасалған алып Құранның салмағы Ауғанстанда шыққан Құранға жетеғабыл, 3,5 тонна тартады. Құснихат шебері Али Акбар Кучани жеті жылдың ішінде қасиетті кітапты бір өзі жазып шыққан. Одан бөлек отыз суретші Құран беттерін безендірумен айналысқан.
Көрші Татарстанда да алып Құран бар. 2011 жылы 17 қарашада Италиядан ұшақпен Қазан қаласына өлшемі 2-1,5 метр, салмағы 500 келі құранның баспаханадан басып шығарылған алып нұсқасы жеткізілді. Татарстан Республикасының Президентіне сыйға тартылған алып Құранның барлық беттері тек шотландиялық қағаздан жасалған, ал 120 келілік мұқабасы асыл тастармен безендірілген. 2 метрлік қасиетті кітаптың құны 460 000 долларды құрайды.Бұл Құран әлемдегі ең үлкен баспа кітабы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Алғашында ол Құл Шариф мешітінде сақталып, 2012 жылы 21 мамырда Бұлғарға жеткізіліп, ғимараттың орталық залында Еділ болгарларының 922 жылы исламды ресми қабылдауы құрметіне арналған ескерткіш белгі ретінде қойылған.
Ағаш Құран
Индонезияда олар мәтіні ағашқа бедерленген әлемдегі ең үлкен Құранды жасады. Әл-Құран әл-Акбар (Ең Ұлы Құран) әрқайсысының ұзындығы 140 сантиметр және ені 17 сантиметр болатын 315 ағаш панельден тұрады. Панельдердің қалыңдығы 2,5 см, әрқайсысының салмағы 50 кг. Панноның екі жағына Құран аяттары ойылған, төңкеруге болады. Қазір жұмыстың жартысы аяқталған. Дайын панельдер Палембангтың (Оңтүстік Суматра) бас мешітінде көрсетілген. Жоба авторлары ағаш құран қондыратын арнайы 11 қабатты ғимарат салмақшы. Каллиграфтар, оюшылар, ағаш шеберлері және суретшілер тобы 2002 жылы термиттерге төзімді мәңгі жасыл тембусу ағашынан ою алып ағаш Құранмен жұмыс істей бастады. Жоба жеке қайырымдылық есебінен қаржыландырылады.
Кішкентай Құран
Құрандардың алақанға сиятындай кішкентай түрлері де бар. Arab News сайтының хабарлауынша, 2004 жылы Ұлыбританиядан келген пәкістандық дәрігер, доктор Мухаммад Карим Бибаниге тиесілі Құран Гиннестің рекордтар кітабына енген кітап бар. Бұл артефакт 1875 жылы Каирде жасалған, ұзындығы 1,7 см, ені 1,28 см, қалыңдығы 0,72 см.Кітапта 571 бет бар. Олардың біріншісінде каллиграфтың есімі – Әли Усман көрсетілген. Мұхаммед Карим Бибани бұл Құранды 2003 жылы Англияда сатып алған.
Микроминиатюра техникасында жұмыс істейтін түрік каллиграфы Неджати Коркмаз жасаған микроскопиялық қолжазба Құранның өлшемдері небәрі 0,98 х 1,3 см, бірақ ол үлкен құрандардың барлық бөлшектерін дәл қайталайды. «1,5 жылға жуық уақытты алған бұл жұмыс өте нәзік болды. Мен бәрін ұсақ-түйекке дейін қайта жасадым. Беттерінің шеттері алтын жалатылған. Мен де өлең жолдарының арасын алтын жалатумен безендірдім, т. барлығын үлкен құран ретінде құрастырған. Қылқаламмен түлкінің мұртының бір тал жүнінен өзімді дамыттым, күйеден жасалған сияны да қолдандым», – дейді каллиграф. Бірақ бұл Құран толық емес, небәрі 8 жүзден тұрады. Неджати Коркмаздың тағы бір рекорды бар – ол інжір дәніне Ықылас сүресін жазған. Бұл жұмысты бітіруге жарты жыл кеткен.
Ең қымбат Құран
Осы уақытқа дейін ең қымбат Құран қолжазбасы 2020 жылы 25 маусымда Лондондағы Christie’s дүкенінде 8,6 миллион долларға (7 016 250 фунт стерлингке) сатылған Ақғойунлы Құран болып табылады, бұл оның болжамды құнынан шамамен 12 есе жоғары. Ираннан келген бұл қолжазба 15 ғасырға жатады. Ол 22,6 x 15,5 см өлшемдегі 534 парақтан тұрады және Қытайдың Мин қаласында жасалған. Бұл ел мен Иран арасындағы бай өнер алмасудың үлгісі деп аталады. Қолжазба беттері қызғылт, күлгін, кілегей, қызғылт сары, көк және көгілдір түстермен боялған, ал кейбіреулерінде пейзаждар, гүлдер, ағаштар мен құстар бейнеленген. «Ерекше» деп сипатталған каллиграфия ерекше назар аударуға тұрарлық. Кітап Сефевидтер дәуірінен қалған түптеумен жабылған.
Ең көне Құран
Ең көне Құран деп Ұлыбританиядағы Бирмингем университетінің кітапханасында сақталған қолжазба деп жарияланды. Ол 9 беттен тұрады және ешкі терісінен жасалған пергаментке жазылған. Радиокөміртекті талдау оның жасы 1370 жыл екенін көрсетті. Сонымен, қолжазбаның 568-645 жылдары жасалғаны айтылады, б.а. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) көзі тірісінде болуы мүмкін. Екінші жағынан, кейбір ғалымдар тек пергаменттің радиокөміртекті күні болғанын және мәтіннің өзі кейінгі дәуірде жазылған болуы мүмкін екенін айтады. Мысалы, түріктің ислам өнері бойынша маманы, Ялова университетінің оқытушысы Сүлейман Берк Бирмингем Құран Кәрімді Умайядтар дәуіріне, VII ғасырдың соңы – VIII ғасырдың басына жатқызады.