Бір суреттің сыры

Жалаңаяқ Әздер ұрпағы Қадыр қожа

 Жалпы мұсылман әлемінде, әсіресе біздің қазақ жұртында қасиетті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ұрпақтарының алар орны, олардың атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Сан мыңдаған әулие-әмбиелер, діни сопылар, ғұламалар, діни шамшырақтар, көріпкелдер, аса құдірет иелері осы әулеттен шыққанына талас жоқ.

Ұлы Жаратушының сүйікті құлының ұрпақтарынан тараған ерекше қасиет иелерінің барша әлем жұртшылығына шапағаты тиіп жүргеніне дау жоқ. Басқаны айтпағанда, осы қазақ жеріндегі киелі әулиелер қаншама. Солардын бірі де бірегейі, кешегі ұлы ханымыз Абылайға сүйеуші пірі болған Жалаңаяқ Әздер.

«…Абылай ханның өлгенін естігенде Жалаңаяқ Әздер үш күн, үш түн жылаған екен. – Тақсыр мұнша неге жылайсыз деушілерге: – Есіл  Абылай баяғыдан бері жүріп-жүріп, Сарыарқада өлмей, сарттың қорғанында өлді. Енді хандық сартта қалды, қазақтан бақ кетті, құт қашты, – деген екен.» (Мәшһүр Жүсіп жазбалары.)

Абылай ханға ақылшы болып, дұға батасын беріп, болашағын болжап, келер күннің қалай боларын ескертіп, қажет кезде алдағы шайқас тағдыры қалай шешілетінін болжап, қауіп-қатерден сақтандырып отырғанда осы Жалаңаяқ Әздер әулеті болған.

Жалаңаяқ Әз бабамыздың шың аты Ер Құлмұхаммед екен. Үнемі қысы-жазы жалаңаяқ жүргендіктен Жалаңаяқ Әз атанып кеткен. Осы әулиелер Әзіреті Әлиден тараған Имам Мұхаммед Қанафия ұрпақтары. Біз сөз ететін Қадыр қожа Сейдахметұлы осы әулеттің жалғасы.

Жалаңаяқ Қожадан Пірмұханбет әулие, одан Ибрахим, одан Қожан,  Қожаннан Жалмұханбет, Аймұханбет туады. Жұрт Аймұханбетті әулиелігі үшін бала қажы атаған. Бала қажы «Шұбаркөл» көмір бассейінен Ұлытауға қарай 30 шақырым жерде жерленген. Ал Жалмұханбеттен Сейдахмет, Сейдахметтен Қадыр, Қадырдан Нұрлан, Нұрланнан Дархан туады. Қазір бұл ұрпақтары Арқалық қаласында тұрады.

Жоғарыда есімі аталған Бала қажы әулие өз заманында еліміздің барлық аймағына танымал, айтқаны қабыл болатын, дұғасы қате кетпеген, науқас адамдары дертінен жазған емші атанған. Әсіресе, оның аты  Орталық Қазақстан мен Оңтүстік өңірге жақсы мәлім. Осы күнге дейін Ұлытау халқы  ол жайында тамсанып айтады. Бала қажымен бірге туған  Жалмұханбеттің баласы Сейдахмет те  діни сауатты, көріпкел, айтқаны қате кетпеген, емшілік қасиеті бар азамат. Жүйке ауруымен ауырғандарды кигіз үйдің ішіне бос жіберіп сыртынан есікті жауып қоятын көрінеді. Ауру адам айғайлап, бақырып, жылап, жұлынып жатқанда Сейдахмет әулие кіріп келгенде, науқас ешқандай емсіз, дұғасыз сырқатынан айығып кетеді екен.

Осы әулиенің баласы Қадыр қожа Сейдахметұлы 1918 жылы 29 қазанда қазіргі Қарағанды облысы Шұбаркөл көмір бассейні маңайындағы  Үйшат, Қарабайшат деген жерде Смағұл Қарабалаұлы болыс болған аймақта дүниеге келген. Сейдахметтен 6 ұл, 3 қыз тараған. Алты ұлдың үшеуінен тұқым бар. Әукеннен 1 ұл, 3 қыз, Қадырдан 6 қыз, 2 ұл, Жұмасейіттен 5 ұл, 3 қыз тараған. Сейдахметтің үш қызының біреуінен ғана тұқым бар. 1932 жылдың аштығында қожалар оңтүстікке ауа көшкенде  Түркістанға жетпей Сейдахметтін әйелі қайтқан. Түркістанға жеткен соң балаларын «балалар үйіне» өткізіп, Қадыр атты ұлын ертіп Сейдахмет Шымкент қаласына жетеді. Бұрыннан бұл аймаққа танымал Сейдахметті қалалық мешітке  молда қылып бекітеді.

Міне, осындай кие қонған адамның баласы Қадыр ағамыз 1940 жылы 22 жасында  Шымкенттен  әскер қатарына алынып, сонда жүргенде соғыс басталады. Адам қырғыны көп болған Сталинград майданында соғысады.   Қанды қырғында ауыр жараланып,  ұзақ уақыт госпиталда жатады. Сырқатынан айыққаннан кейін Манжурияға жіберіліп, халқын-гол маңындағы жапон әскерлерімен болған соғысқа қатысады. 1945 жылы 9 тамыздағы Америка әскерлерінің Жапонияның  «Нагасаки», «Хирасимо» қалаларына тастаған атом бомбасының зиянын шегарада тұрған кеңес әскерлері тартады.   Сол бомбаның зардабынан  Қадыр аға өмірден ерте озды.  Бұл кісі әскерде  сегіз жыл жүріп, 1948 жылы елге оралған.

Ағамыздың туған інісі Ғабдолла Сейдахметұлы да 1941 жылы 21 жасында Оңтүстік өңірден   соғысқа алынып, орыстың  генералы Власовтың армиясы құрамында ұрысқа кіреді. Кейін осы армияның жауынгерлерімен бірге Ғабдолла да қоршауда қалып, тұтқынға түсіп, Германиядағы әскери концлагерден бірақ шығады. Сол жерде Мұстафа Шоқайды көрдім деп отыратын. Германиядағы болған кезеңдерін ешкімге ашып айтпайтын, сөзді байыппен сөйлейтін, әр сөзін сақтықпен айтатын, сауатты, парасатты азамат еді. Соғыс аяқталғаннан кейін Ғабдолла неміс жерінде қалып, неміс әйелге үйленген. Ол жердегі тағдыры жайлы ешкім еш нәрсе білмейді. Неміс тілін таза менгерген азамат елшіліктерге қайта-қайта арызданып 1950 жылы Шымкентке жалғыз оралған. Осылайша екі туған бауыр тағдыр тәлкегімен 10 жылдан кейін ғана бір бірімен кездеседі. Енді аман-сау болып, бейбіт  еңбекке араласамыз деп жүргенде Ғабдоллаға «Власов армиясының жауынгері» деген айып тағып,  25 жылға бас бостандығынан айырады. Қадыр қожа інісін жаладан құтқарамын деп облыстық, республикалық, сол кездегі Кеңес одағының  жоғары сотына арыз жазады. Ешқандай нәтиже болмайды. Тіпті, бауырының қандай түрмеде отырғаны да жұмбақ. Одан ешқандай хабар-ошар болмайды. Амалы таусылған азамат жұмысты тастап ешкімге тіс жармай жасырын түрде елден шығып туған бауырын іздеуге аттанады. Саяси тұтқындар отырған түрмелерді аралайды. Қарағанды, Жезқазған, Ақмола төңірегінде түрмелерден іздестіреді.  Қияндағы Маңғыстауға да сапар шегеді. Ақыры,  Куйбышев қаласына келіп, сондағы түрмеде бауырының отырғанын біледі. Содан осы шаһардағы почтаға хат тасушы болып орналасады.Осындай жағдайда жүріп Бағданұр Зейноллақызына кездесіп бас қосады. Жағдайы жақсарып, отбасылы болған соң колония маңынан  жұмыс іздеп, ақыры сырттан колонияға ат арбамен азық-түлік таситын жұмысқа жегіледі. Жеңгеміз сол мандағы асханаға аспазшы болып кіреді. Осылай жылжып уақыт өтеді. Осында жүргенде Қадыр ағамыз кездейсоқ түрме басшысы Каримов деген кісімен кездесіп қалады. Екінші рет кездескенде Қадыр ағадан жөн сұрайды. Қадыр аға болған жағдайды түрме басшысына айтып береді. Ұлы Жаратушы түрме басшысының ықыласын аударып Ғабдолланы жасырын шығарудың жолдарын қарастырады. Ақыры түрмеде отырған Рашит деген кісінін көмегінің арқасында інісін жасырын түрде босатып алады. Түрме басшысы бұл кісіге шарт қояды. «Ініңді босатам, қолыңа құжаттарыңды дұрыстап беремін, бірақ үш жыл көз көрмейтін, құлақ естімейтін жерге алып кетресің» деп айтады. Содан ағамыз әйелі мен інісін алып, алдымен Амангелді ауданының Қайынды ауылында тұратын Мәулен ағасына келеді. Ол кісі бұларды шалғайда жатқан Жыланшыққа жібереді. 1959 жылы Рахмет ауылында Жыланшық өзенінің деңгейін қадағалайтын гидрометбюро ашылады. Осы қызметті Қадыр аға өмірден өткенше атқарды. Ал Ғабдолла ағай мектепте балаларға қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ берді. Бұл кісі өте сауатты, парасатты, көркем жүзді, келбетті  адам болатын. Өлең жазатын, айтыса да білетін қабілеті бар еді.  Бұл жайында  ақын Ғабдол-Ғазез Әмірхамзин айтады. 1963 жылы Жыланшық бойынан Родник совхозы бой көтерді. Отызыншы жылдардағы аштықтан жан-жаққа ауып кеткен елі қайтадан туған жерге оралды. Ол кезде елі іші қазақы дәстүрді берік сақтайтын кез. Жұртшылық «киелі қожа әулетінің тұқымдары» деп оларды төрге шығаратын. Әкем марқұм Омарұлы Байділда Қадыр ағаны өзі өмірден озғанша інім деп сыйлап, құрметтеп өтті. Әкем өлгеннен кейін Қадыр аға маған ағалық қамқорлық жасады. Тәуке ханның төре мен қожаны туыс деп жариялаған жарғысын ата-бабаларымыз, бүгінгі ұрпақ бұлжытпай орындап келеді. Бұл сыйластыққа негізделген шешім болатын. Қарап отырсам,  осы екі ағайынды азаматтың оқу оқуға ешқандай жағдайлары болмады.  Тағдырдың түрлі теперішін көп көрді.  Бірақ олардың ой жүйесі, ақыл-парасаты, іскерлігі, сөз саптауы мен қарым-қабілеті жоғарғы білімді азаматтардаң кем емес еді. Яғни, атаның қаны, ананың сүтімен келген ақыл-парасат, тектілік оқумен өлшенбейді. Кешегі қазақтың жақсы мен жайсаңдары, билері мен шешендері, батырлары мен бектері оқымай-ақ ердің құның екі ауыз сөзбен шешті. Осындай текті азаматтар біздің киелі Торғай өлкесінде көптеп саналады. Солардың бірі, биыл туғанына жүз жыл толып отырған, тектінің тұяғы Қадыр қожа Сейдахметұлы. Бүгінде  бұл әулет мәуелі бәйтерекке айналды.

Шөптібай Байділдин,      өлкетанушы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button