Майлықожа мен Айман қыздың айтысы
Майлықожа:
Ақбұлақ, біздің ауыл Бадамдарда,
Сөз айтпа ақпа құлақ надандарға,
Түркістанның келемін шаһарынан,
Біздермен айтысқандай адам бар ма?
Айман қыз:
Арық ат семірмейді жабу жаппай,
Семіз ат арымайды көкпар шаппай,
Үйімде сөйлескендей адамым жоқ,
Келдің бе сөйлесуге адам таппай
Майлықожа:
Ақ жаулық, кім қарайды орамалға,
Жігіт те әуес орамал орағанға,
Құдаша сонша неге шамдандыңыз
Әшейін адам жайын сұрағанға?
Айман қыз:
Мұхаммет барша жанды үмбет қылған,
Үмбетіне шапағат, құрмет қылған,
«Қай жерден келесің?» деп кім сұрады,
Бәйәдеп жүрген жолын міндет қылған?
Майықожа:
Алым па ем көлеңке қып күн жағыңды,
Қашан пешкеш қылып ем тіл-жағымды,
Қатынбысың, қызбысың, қалай едің
Кекетпей сөйлемейсің бір жағымды?
Айман қыз:
Иір-иір шығады айтқан сөзің,
Ұрма бөрі секілді екі көзің,
Жылынғандай сөзің жоқ, жылмаңдаған,
Жігітпісің, шалмысың, кімсің өзің?
Майлықожа:
Құдаша, кімге ұқсайды менің түсім,
Танымайтын екенсін болмаса ісің,
Шамданбай жай-күйіңді айтшы маған
Жігіт пе еді, шал ма еді сүйген кісің?
Айман қыз:
Бәрін маған таңдата ап кеп пе едің,
Көңілімнің сүйгенін тап деп пе едім,
Қыздарды сүйгенімен болсын деген
Бегіңнен жарлық хатты ап кеп пе едің?
Майлықожа:
Жарлық хат берген емес менің бегім,
Әшейін айтып тұрмын сөздің тегін,
Бұл жерде ұялғандай кай адам бар,
Көңіліңнің сүйгенін айт, сүйдім дегін!
Айман қыз:
Салмашы көкірекке жанған отты,
Жаныма осы сөзің әбден өтті,
Жарлық хатың болмаса алып келген
Көбейтіп не қыласың ішкі дертті?!
Майлықожа:
Айман сұлу, сөйлеген сөзің пайым,
Жігітке мен секілді өзің қайым,
Кесел болсаң баққандай тамыршы едім,
Кеселіңнің қалайша айтшы жайын?
Айман қыз:
Ей жігіт, алуан-алуан сөйлейсің гәп,
Тамыр ұстап, тәуіп боп көрдің бе нәп?
Әйтеуір кеселімді біл деп айттым,
Кеселді тәуіп болсаң сұрамай тап!
Майлықожа:
Айман қыз, қайым өлең жақсы айтады,
Ғайып істі сұрамай бақсы айтады,
Кеселдің түрін айтпай қайдан білсін
Болмаса Майлы ақынның ақ сайтаны!?
Айман қыз:
Біреуді ондай, біреуді мұндай қылды,
Не қылса да еркі бар Құдай қылды,
Кімге берсе кетеді шарасы жоқ
Құдайым қыз байғұсты мұңды ай қылды.
Майлықожа:
Ал, сөйлейін жаныңа тигелі мен,
Өлеңімді айтамын түйдегімен,
Әкең бай жаман жарға берген болса
Қашып кетсең болмай ма сүйгеніңмен?
Айман қыз:
Батырлар жауды шаншар жақтасқанда-ай,
Қазақы ат шаба алмас қарт басқандай,
Құр өсекке екінің бірі қояр,
Сай жігіт табылмай жүр ап қашқандай.
Майлықожа:
Өсек болар ойнаған ойындаса,
Көп ойын боп аяғы қойылмаса,
Түн қатпай ма ап қашып кім болса сол,
Қыз қашпаққа шынымен мойындаса?
Айман кыз:
Арқа деген жылқылы өрдің жері,
Бетегелі көк майса жердің жері,
Құры өсекке екінің бірі қояр,
Ұруда ап қашады ердің ері.
Майлықожа:
Кім қашса таба алмайды сайраған жол,
Әбес сөз, Айман сұлу, айтқаның ол,
Сен секілді сұлу қыз қашпақ болса,
Түн қатып ап қашпай ма кім болса сол?
Айман қыз:
Сөйлеген сөзі шырын, шекер қожам,
Аңқаусыған монтаны мекер, қожам,
Беліңді ап қашуға байламассың,
Алып қашар осы сөзің бекер қожам.
Майлықожа:
Өлеңнің көкірегім кені дағы,
Айтсам кетер үйлесіп жөні дағы
Алдасам, көптің бірі болармын да
Бір сынасаң қайтеді мені дағы?
Айман қыз:
Мен де өзіңдей жігітке құмар едім,
Сендей жарға жолықсам тынар едім,
Не жетер ең, сөзіңе не жетпес ең,
Бір аулақ жай болғанда сынар едім.
Майлықожа:
Жердің беті айнала сай болмай ма,
Дала сайдың біреуі пай болмай ма.
Деген сөз «көңіл болса — көш жөнекей
Ондай десең бір аулақ жай болмай ма?
Айман қыз:
Айтқан сөзің мерділі жігіт ақсан,
Ашына жай болар ең бір күн жатсаң,
Өзің қандай болғанда мен де сондай,
Қандай шіркін қашпайды ебін тапсаң?
Майлықожа:
Айман қыз, алдамағын жел сөзіңмен,
Осы сөзге жауапты бер тезіңнен,
Осы бүгін ұйқымды мен бөлемін,
Мәрт болсаң айнымағын сол сөзіңнен.
Айман қыз:
Қожеке, сіз де алдама жел сөзіңмен,
Уәдеде тұрсаңыз кел тезінен,
Осы түні ұйқымды мен де бөлем,
Қожеке, сіз де айныма сол сөзіңнен!
Майлықожа:
Айман сұлу, құрыттың обалымды,
Көрмедім ашына жар боларыңды,
Екі-үш итің қабаған көрінеді,
Қайтемін қауып алса оларыңды?
Айман қыз:
Қожеке, сен құрыттың обалымды,
Көрер мө ең ашына жай боларымды.
Осы бүгін Қожеке жетіп келші,
Қауып алса тартайын обалыңды.
Майлықожа:
Ауылың шабырт, жерлерің қолай емес,
Жасырынып барғандай тоғай емес,
Біреу ұйықтап жатады, біреу ояу,
Айман қыз, өзің шыққын, оңай емес.
Айман қыз:
Ауылым шабыртты жер, қолай емес,
Жасырынып келгендей тоғай емес,
Түйе болып тұсымнан сүйкеніп ет,
Қожеке, қашу жайы оңай емес.
Майлықожа:
Айман қыз, әрбір сөзің салиқалы-ай,
Бұл сөзің әрбір жайды танытады-ай,
Жеті жыл Мәделіге ғашық болған
Қыз болсаң сертіңе жет Қалипадай.
Айман қыз:
Ер болсаң сертіңе жет Мәделідей,
Дең маңдай, қошқар түмсық әдемімдей,
Мен Қалипа болайын, Мәделі бол,
Ерліктен көңілің болса дәмелідөй?!
Майлықожа:
Қожасы, орта жүздің ақынымын,
Нақылихат сөзі бар ақылымның,
Со секілді атақты Мәделінің
Алысы емес – жиені, жақынымын.
Айман қыз:
Өнеріңді ішіңе сақтанбасаң,
Өтірік айтып бізді алдап мақтанбасаң,
Осы бүгін, қожеке, жетіп келші,
Нағашыңа шынымен тартқан болсаң.
Майлықожа:
Домбыраны саздаймын алып қолға,
Гүмбірлетіп тартамын оңды-солға,
Осы бүгін ұйқымды мен бөлейін,
Айман қыз, өзің шыққын жарым жолға.
Айман қыз:
Жігітке жиырма бес кемел бітсе,
Таспай ма аңғарылып шамал бітсе,
Айлық жерден серттесіп ап қашар ем,
Кәнеки, саған біткен – маған бітсе!