Білген Шайыр айтады

Қисса Салсал (жалғасы)

Жылағанын бұлардың көзі көрді,

Әбілмәжін батырдың іші күйді.

Қылышын суырып алып “Иә, Алла” деп,

Сансыз қолға ақырып жалғыз тиіпті.

 

Ақырып қалды батыр араласып,

Астын-үстін болыпты кәпір сасып.

Әбілмәжін кәпірді қойдай қырды,

Қалғандары шаһарға кірді қашып.

 

Әбілмәжін соғысты айғай салып,

Кәпір кірді шаһарға қашып барып.

Сансыз қолды Әбілмәжін қырып салып,

Қыз білән Сәдуақасты қалды алып.

 

Пайғамбар үшін қинады олар жанды,

Әбілмәжін сол жерде соғыс салды.

Бір азырақ кәпір шаһарға қашып барды,

Қыз білән Сәдуақасты алып қалды.

 

Кәпірлерді шоқпарменен төпеледі,

Ол түні сансыз кәпір көп өледі.

Сау-саламат екеуін шешіп алып,

Шүкір қылып бұлар да жөнеледі.

 

Үшеуі жад қылады бір Құдайды,

Амандасып бір-бірінен сөз сұрайды.

Бұлақтары жақ-жаққа ағып жатқан,

Бұлар да тапты дейді бір жақсы жайды.

 

Кәпірге бұл үшеуі салды бүлік,

Ол түні сансыз кәпір қалды өліп.

Сол бұлақтан су ішіп, тамақ жеп,

Енді үшеуі отырды шүкір қылып.

 

Оларға жалғыз Құдай қылған жәрдем,

Кәпір жаны орын алар тамұқ нардан.

Ол үшеуі сол жерде жата тұрсын,

Біраз кеңес айтайын Пайғамбардан.

 

Бәлеге қалды киік іздей барып,

Пайғамбар жүр бұларға қайран қалып.

Әбілмәжін, Сәдуақас келмейді деп,

Пайғамбар айтты жұртын жиып алып:

 

– Жақсы болды жиылып келгендерің,

Бар ма еді ат үстіне мінгендерің?

Көп күн болды екеуі келмейді ғой,

Бар ма хабар олардан білгендерің?

 

Көп күн болды, жарандар, келмей олар,

Тамам сонда жиылған сахабалар.

Пайғамбар жұртын жиып сөз сұрайды:

– Бар ма, – деп, – һеш олардан білген хабар?

 

Пайғамбарды Хақ десең таптың сауап,

Күшің жетсе, Меккеге қылшы тәуап.

Өзгелері үндемей тұрған екен,

Бір кісі керуеннен берді жауап.

 

Иман білмес кәпірлер надан екен,

Имансыздар тамұқта қалған екен.

Бір адам Пайғамбарға жауап берді,

Таланған керуеннің адамы екен.

 

– Керуен едік жүрген түзде, – деді,

Үлкен ләшкер жолықты бізге, – деді.

Кәпір екен, біздерді талап алды,

Біз сиынып жыладық сізге, – деді.

 

Ләшкер қойдай керуенді талап алып,

Сонда бізді аяды Жаппар Халық.

Мүбәрак атыңызды ауызға алып,

Шуылдасып жыладық айғай салып.

 

Біз таң қалдық екі адам күштеріне,

Жаңа түсті сол уақиға естеріме.

Үшбу істі бастаған, ей, жарандар,

Екі батыр бар екен іштерінде.

 

Сонда бізге рақым қылды Хақ Тағала,

Жарандар, бұ сөзімді тыңдап қара.

Біздің дауысты естіген соң екі батыр,

Өз қолын қырып салды пәре-пәре.

 

Жылаған ол аяды халімізді,

Ол екеуі қуантты жанымызды.

Сол екеуі өз қолын тамам қырып,

Алып берді ол тартып малымызды.

 

Керуен болып бір сондай көрдік бүлді,

Екі батыр күшіне көңілім толды.

Екеуінің білмедік кім екенін,

Жарандар, ойлап қара енді соны.

 

Қайран қалды бұ сөзге шаһариарлар,

Қайран қалды бұ сөзге сахабалар.

Бастарына мүшкіл іс түскен-ді деп,

Ішінен біледі хақ Пайғамбар.

 

– Қайда, – деп шақырды, – Әли Хайдар,

Бәлеге дұшар болды ғой, жаным, олар.

“Аттан!” деп ер Әлиге жарлық қылды:

“Екеуінен келші, – деп, – алып хабар”.

 

– Қызметің қылайық, ей, жан ата,

Тыңдамасам қызметің болұр қата.

Зұлпықар мен Дүлдүлін мініп алып,

“Ата, бергіл біздерге, – [дейді], – жақсы бата”.

 

Батасын хақ Пайғамбар берді сонда,

Бір Құдай ер Әлиді өзің оңда.

Осылайша батасын бергеннен соң,

Аллаға тәуекел қылып түсті жолға.

 

Бір Құдай пана берсін бастарыңа,

Ұзын ғұмыр ол берсін жастарыңа.

Амандасып ер Әли түсті жолға,

Қанбарды жолдас қылып қастарына.

 

Қанбарды алып ер Әли жүріп кетті,

Ол жолда бес күн, бес түн күндер өтті.

Басы көкке тақалған, ей, жарандар,

Бес күннен соң бір үлкен тауға жетті.

 

Ол тауға жетіп барды Әли батыр,

Бірге барды жолдас болып Қанбар пақыр.

Қарап тұрса, ол таудың арт жағында

Бек тамаша бір бұлақ ағып жатыр.

 

һеш нәрседен қорықпайды Әли сабаз,

Кәпірлер бұ дүниеге болады мәз.

Екісі ол бұлақтан таһарат алып,

Сол жерде алды екеуісі оқып намаз.

 

Қанбарға айтты: – Бұ тауға мінейін, – деп,

Не тамаша бар екен көрейін, – деп.

Қанбарға осы жерде тұр деп айтты,

Тауға шығып, айланып келейін, – деп.

 

Әли кетті ол шығып биік өрге,

Қанбар қалды манағы айтқан жерде.

Тау басында бір үлкен аждаһаны,

Бір күн, бір түн жүрген соң көзі көрді.

 

Демімен ол аждаһа тартып алды,

Жүндей ұшып аузына жетіп барды.

Жұтылар жерге жеткен соң тақсыр Әли,

Зұлпықарын суырып салып қалды.

 

Зұлпықар аждаһаны кетті бөліп,

Екі бөлек ол болып қалды өліп.

Бір тамған қаны жүз мыңнан, әй, жарандар,

Ер Әлимен соғысты дию болып.

 

Зұлпықарын ер Әли қолына алды,

Күн батқанынша диюмен соғыс салды.

Бір тамшы қаны жүз мыңнан дию болып,

Соғысының бәсінен жер қозғалды.

 

Күн батқанша диюмен соғыс болды,

Дию қырылып, қандары судай ақты.

Жалғыз дию қалдырмай қырып болып,

Тақсыр Әли ол күні сонда қонды.

 

Бұрынғының қарашы ерлеріне,

Жан көрінбес Әлидің көздеріне.

Таң атқан соң ер Әли жетіп келді,

Манағы Қанбарды қойған жерлеріне.

 

Қанбарды іздеп ер Әли келе жатыр,

Кәпірге тұтқын болыпты Қанбар пақыр.

Манағы қойған жерге жетіп келсе,

Қанбарды көре алмайды Әли батыр.

 

Ол жерге мың сан кәпір келген екен,

Бір күн, бір түн арада өткен екен.

Сансыз кәпір сол жерде душар болып,

Қанбарды ұстап алып кеткен екен.

 

Ер Әли Пайғамбардың тілін алды,

Тілін алып екеуін іздеп барды.

Осы жерде жоғалып Қанбар кетті,

Қайсы жаққа жүрерін біле алмады.

 

Ер Әли осы жерде қайран қалды,

Жанынан қорқып ер Әли аянбайды.

Пайғамбардың бұрынғы жарлықтарын,

Әли Арыслан осы жерде ойына алды.

 

Расулдың жарлығын қылайын деп,

Бір жаратқан Құдайға жылайын деп.

Қанбарды бір Құдайға тапсырдым деп,

Екі сахаба артынан аяңдайды.

 

Ер Әли жалынады бір Құдайға,

Қанбар байғұс ол кетті әлде қайда.

Бір күн өтіп және түн болған шақта,

Бір нәрсе қатты ақырып болды пайда.

 

Не нәрсе деп қарайды Әли сонда,

Құдай Тағала бастайды мұндай жолға.

Даусыменен жер жарған аждаһадай,

Түнде Әлиге бір нәрсе болды пайда.

 

Сілтейді ер Әлиге келіп найза,

Түнде Әли не екенін танымайды.

Найзасын сілтегенде қағып қалып,

Денесіне жеткермей қылды қайла.

 

Зұлпықарменен бұ дағы қалды шауып,

Өлтіргелі ойлайды ебін тауып.

Зұлпықарменен бұ дағы салған шақта,

О дағы тигізбестен қалды қағып.

 

Бір-біріне екеуі қылды қайла,

Қылыш шауып, сілтейді бек көп найза.

Шоқпарменен және екеуі ұрысады,

Қаруменен һеш нәрсе қыла алмады.

 

Япырым-ай, зұлпықарға нетті дейді,

Қару тастап, бір-біріне жетті дейді.

Ат үстінен бір-бірін аламыз деп,

Жағаларын суырып кетті дейді.

 

Әли батыр жолықты мұндай ерге,

Жеңілмей олар жүр бірме-бірге.

Таң атқанша екеуі алысады,

Аттары жүр тізеден кіріп жерге.

 

Таң атқанша екеуі алысады,

Шоқпар ұрып, қылыштар шабысады.

Бір-бірлерін жеңе алмай қоя беріп

Жай-жайына қайтысып барысады.

 

Жеңілмей бір-бірінен айырылады,

Сөйлесіп бір-біріне қайрылады.

“Зұлпықарменен ол маған не болды?” деп,

Бек қатты Әли Арыслан қайғырады.

 

Сол қайғыны көңіліне алды дейді,

Өзіне таң-тамаша қалды дейді.

Пікір қылып, қайғырып жатқанында,

Әлидің көзіне ұйқы барды дейді.

 

Сол қайғыны алып жатты естеріне,

Өзінің көңілі толмай күштеріне.

“Әй, балам, қайғырма” деп хабар берді,

Нұр Мұхаммед ол кіріп түстеріне.

 

“Ол адамға қайғы жеме, Әли балам,

Әбілмәжін батыр түнде келген саған.

Біріңді-біріңнен сақтады Хақ Тағалаң,

Таң атса жолығарсың тағы да соған”.

 

Әли Арыслан осылайша бір түс көрді,

Нұр Мұхаммед түсінде хабар берді.

Көзін ашса таң атып келе жатыр,

“Иә, Алла” деп орнынан түрегелді.

 

Бұны дос деп алады көңіліне,

Осындай бір түс көрді Әли сонда.

Екі ракағат шүкіріне намаз оқып,

“Иә, Алла” деп мінеді Дүлдүліне.

 

Келе жатып қарайды жан-жағына,

Бір Құдай, жәрдем бергіл тіл-жағыма.

Бір адам намаз оқып, азан айтқан,

Естіледі ер Әлидің құлағына.

 

Азан айтқан ол жаққа түсті жолға,

Бір Құдай батырларды өзің оңда.

Әбілмәжінді көреді жетіп барса,

Намазын жатыр екен оқып сонда.

 

Ер Әли жетіп оған барды дейді,

О да оқып намазын алды дейді.

Арысланды ол танып сәлем беріп,

Көрісіп, құшақтасып қалды дейді.

 

Қуанады бір-бірін танып қалып,

Оларды артық жаратқан Жаппар Халық.

Әбілмәжін, әй, жарандар, ер Әлиді,

Жөнеледі бір шаһарға бастап алып.

 

Кәпірге жалғыз ойран салған екен,

Әбілмәжін бір шаһарды алған екен.

Әбілмәжін шоқпарынан қорыққанынан,

Ол шаһар мұсылман болып қалған екен.

 

Қалай мықты, жарандар, ол шаһбазың,

Сөге көрме сөзімді, болса жазым.

Ер Әлименен шаһарға жетіп келіп,

Қауым болып оқиды таң намазын.

 

һеш нәрседен қорықпайды, батыр олар.

Ашуланып кәпірге ойран салар.

Әбілмәжін батырдан ер Арыслан:

“Сәдуақас қайда?” – деп сұрды хабар.

 

Науадирде қыз білән қойдым, – деді,

Кәпірлермен көп болды ойыным, – деді.

Жалғыз келіп мен мұнда соғыс қылып,

Бұ шаһардың кәпірлігін жойдым, – деді.

 

– Ер Арыслан, сұрасаңыз бұ хабарды,

Науадирде қойғанмын мен оларды.

Кәпірлер ләшкерінің қисабы жоқ,

Көп те болса оларға жоқ зарары.

 

Әбілмәжін бұлайша сөз айтады,

Көп кешігіп тұрмайды, тез айтады.

Екеуі осылайша тез сөйлесіп,

Науадир шаһарына жол тартады.

 

Екеуі жолға түсіп жүріседі,

Науадирге жетіп келіседі.

Науадирде Уақас пенен Диләфрузге,

Сау-саламат бұлар да көріседі.

 

Сәдуақасты көрді көзі Әли Хайдар,

Бұларды о да көрді бейшаралар.

Кәпірдің көптігінен Уақас қорқып,

Жазғытұрғы жаңбырдай жылайды зар.

 

Қорлықтар Уақас көрген бірталай-ды,

Арысланды көрген соң зар жылайды.

Есендік-саулық сұрап ол көрісіп,

Көп шүкірлік қылады бір Құдайға.

 

Шаңдақ басты қап-қара күннің көзін,

Жарандар, тыңдап отыр айтқан сөзім.

Дариядайын толқыны қисабы жоқ,

Кәпір қолы басып тұр жердің жүзін.

 

Жарандар, сол уақытта күн кеш болды,

Кәпірлерге ол жердің жүзі толды.

Есендік-саулық сұрап бір-бірінен,

Үшеуі шүкірлік қылып бірге қонды.

 

Көрді сансыз кәпірдің қамағанын,

Күнәһлі өлсең, қиналар шыбындай жаның.

Таң атып соғысқалы майдан түзеп,

Кәпірлер қағады ұрыс барабанын.

 

Төртеуі сиынып тұр Құдіретке,

“Қолда” деп жалынады Мұхаммедке.

Науафил деген кәпірден бір палуан,

Күндей күркіреп шығыпты жекпе-жекке.

 

Төртеуі кәпірлерге қаттанады,

Бұлар да ұрысқалы аттанады.

Өзін-өзі көтеріп, әй, жарандар,

Ақырып әлгі кәпір мақтанады.

 

– Адам болмас қылышым ұрған адам,

Рүстем Дастандайын бар-ды халім.

Бірме-бірге біреуің маған келсең,

Тірі болып қайтпассыз, кетер сәнің.

 

Науафил деген кәпірден шықты бір ер,

Бек қатты палуан екен Пәруардигар.

Ақырғаннан, япырым-ай, ол кәпірдің,

Көк жаңғырып, қозғалды жеті қат жер.

 

Төртеуін қамап алды мұнша дұшпан,

Кәпір естіп жиылды һәрбір тұстан.

Науафил күндей күркіреп тұрған шақта,

Қарсы шықты алдынан Әли Арыслан.

 

– Мінгенім астымдағы Дүлдүл еді-ау,

Зұлпықарым кәпірді бүлдіреді-ау.

Пайғамбардың күйеуі Әлимін, – деп,

Бұ да өз жайын кәпірге білдіреді-ау.

 

– Нұр Мұхаммед – жәрдемші бабам, – деді,

Тәңірі Арыслан деп ат қойған маған, – деді.

Жұбайым Фатима, жолдасым – төрт шаһариар,

Хасен, Хұсайын – ол менің балам, – деді.

 

Кім қорықпай, қайтып маған ұмтылар, – деп,

Кәпір қор болып қолыма тұтылар, – деп.

Әли Арыслан аужарын айтып бір ақырды,

Кімде-кім иман айтса, құтылар, – деп.

 

Әлидің ақырғанын таң көріпті,

Жекпе-жекті Науафил сән көріпті.

Науафил аттан жығылды ақырғаннан,

Он екі мың кәпірлер жан беріпті.

 

Он екі мың кәпірдей қалды өліп,

Әли сондай ақырды кәрі келіп.

Науафил жығылғанын көзі көріп,

Әбілмәжін тастайды екі бөліп.

 

Әли кетті кәпірменен араласып,

Кәпір толған ол жердің жүзін басып.

Тамам кәпір жабыла ат қояды,

Құрт-құмырсқа, масадай дуылдасып.

 

Жердің жүзін басып тұр кәпір-доңыз,

Кәпір өскен жер екен, қылып қоныс.

Төртеуі де ақырып қолға кіріп,

Бет-бетімен кетіпті қылғалы ұрыс.

 

Ой жерлер қыр, қыр жерлер ой болып тұр,

Кәпірлерге бұл үлкен той болып тұр.

Кәпірлер – қамыс, бұлар от секілді,

Бұлар – қасқыр, кәпірлер қой болып тұр.

 

Көп кәпірлер айырылды жандарынан,

Көп бас бөлек болыпты тәндерінен.

Әли Арыслан жығыпты кәпір туын,

Кәпірдің ат жүрмейді қандарынан.

 

Қитарды Әли Арыслан өлтіріпті,

Төртеуі көп кәпірді зыттырыпты.

Туын жығып падишасын өлтірген соң,

Қалғандары Хаққа иман келтіріпті.

Мұсылман болған төртеуін құрмет қылып,

Бастап алып жөнелді шаһарына.

 

Төртеуі қосылып бірге жүрді,

Шаһардағы бұларды көзі көрді.

Шаһардағы бәрі де дінге кірді,

Патша сарайына барып кірді.

 

Қызық қылып шаһарда қылды тойды,

Шоқынатын суреттің бәрін жойды.

Мәсжид, медресе салдырып, дін үйретіп,

Сарманд деген уәзірді патша қойды.

 

Бірнеше күн дін айтып тұрды сонда,

Бір Құдай батырларды өзің оңда.

Отыз түйе жүк жөнелтіп алтын-күміс,

Қанбарды іздей төртеу түсті жолға.

 

Бір күн, бір түн енді олар жол жүріпті,

Ақылдасып төртеуі бірігіпті.

Бір күн, бір түн жол жүрісіп келе жатса,

Көздеріне бір шаһар көрініпті.

 

Солардан да өтіпті бір дүние сұм,

Көрінеді бір шаһар бек үлкен тым.

Көрінген шаһар жаққа жол тартысып.

Арасында өтіпті үш күн, үш түн.

 

Жарандар, таусылмайтын бұл не жүріс,

Қолда – шоқпар олардың, белде – қылыш.

Шаһарға кірсе, онда һеш адам жоқ,

Іші толған шаһардың алтын-күміс.

 

Шаһарға таң-тамаша қалысады,

Түйеге толғанша алтын салысады.

Иесі жоқ шаһарда сол төртеуі,

Жатып біраз тыныштық алысады.

 

Шаһарға таң қалады бұлар сонда,

Нұр Мұхаммед, бұларды өзің оңда.

Ұйықтап алып, сиғанша алтын алып,

Аллаға тәуекел қылып, түсті жолға.

 

Шаһардың алтынына қалады таң,

Бұлардан басқа онда һешбір жоқ жан.

Жарты күн жол жүрісіп келе жатса,

Будақ-будақ алыстан көреді шаң.

 

Бұлардың көздеріне көрінеді шаң,

Жағыма жәрдем бергіл, иә, Сұбхан.

Керкүдән деген астына мініпті аң,

Ол шаңнан шыға келді [бір] адам.

 

Қарап тұр ол адамның сөздеріне,

Жетіп келді бұлардың өздеріне.

– Жандарыңнан безген неткен жандарсың, – деп,

Бұларды тіпті алмайды көздеріне.

 

Қырармын дию, пері жын да болса,

Қанжар – белде, шоқпарым – қолда болса

Ақырады: – Қойман, – деп, жалғызыңды,

Бір-біріңнің жаныңыз мың да болса.

 

Ол палуан жолы түсіп жатқан екен,

Жолыққанды шөптей-ақ қаққан екен.

Мұсайып палуан кәпір екен, өзі дінсіз,

Шойын шоқпары сегіз жүз батпан екен.

 

Шоқпарымен ер Әлиді келді де ұрды,

Әли Арыслан қалқан тұтып, қарап тұрды.

Шоқпардың салмағы қол күшіменен,

Дүлдүлі тізесінен жерге кірді.

 

Тізесіне шейін Дүлдүлі кірді жерге,

Әли Арыслан жолықты сондай ерге.

Зұлпықарын шабады, кәр қылмайды,

Сексендей қару қылды бір-біріне.

 

Бір-біріне сілтесті және найза,

Қаруменен һеш нәрсе қыла алмайды.

Бірталай ат үстінен аударысып,

Тағы да аттан бір-бірін ала алмайды.

 

Ашуланып ер Әли іші күйді,

Ашуланып ер Әли күшін жиды.

Ақырып, киімдерін түгі тесіп,

Көтеріп Мұсайыпты жерге ұрды.

 

Үшеуі тұр сиынып, оңтайланып,

Батты жерге Мұсайып кәпір, көзі жайнап.

Өлтірмеді мұсылман болар ма деп,

Тас қылып қол-аяғын алды байлап.

 

Мұсайып ол байланып түсті қолға,

Өз атына артады оны сонда.

Байлаулы Мұсайыппен бесеу болып,

Қанбарды іздей тағы да түсті жолға.

 

Тау басында екеуі ауға шықты,

Қанбар байғұс мұңлық болып жауға кетті.

Бір күн, бір түн бесеуі жол жүрісіп,

Тағы да бір үлкен, биік тауға жетті.

 

Ол тауда біраз ғана тыныштық алды,

Тыныштық алып, тағы да жүріп кетті.

Күні-түні он бес күн жол жүрісіп,

Хиуаранның шаһарына жетіп кепті.

 

Шаһардың жандарында тұра қалды,

Тұрайық деп кеңесті құра қалды.

Аттарынан түсті де тыныштық алды,

Қанбар болса шаһардан сұрағалы.

 

Саудагер деп ойлайды енді олар,

Айбат білән қарайды Әли Хайдар.

Әлидің тұлғасына қайран қалып,

Шаһар халқы падишаға берді хабар:

– Бұ дүниеде, падиша, теңдесі жоқ,

Көрер болсаң ішінде бір жігіт бар.

 

– Олай болса көрейік ақыр, – дейді,

Жолдасқа лайық болмасын батыр, – дейді.

Лайықпенен оны жіберейін деп,

Көруге жарлық айтып, шақыр, – дейді.

 

Қаруларын асынып жандарына,

Тәубе қыл, мұсылмандар, жан барында.

“Патшамыз сіз тақсырды шақырады”, – деп,

Келіпті ер Әлидің алдарына.

 

“Құп болар” деп кәпірмен кетті жүріп,

Зұлпықарын байланып, Дүлдүл мініп.

Патшаға жетіп барып, қайран қалды,

Дүниеде салтанатын артық көріп.

 

Таң қалар ол патшаға батыр Әли,

“Патшалыққа лайық, – дейді, – пәлі”.

Сол жағында – ол сансыз сұлтандары,

Оң жағында – саны жоқ отыр ханы.

 

Оң жағында отырған көп хандары,

Сол жағында саны жоқ сұлтандары.

Айналасын қамаған, әй, жарандар,

Аждаһадай ақырған палуандары.

 

Жарандар, құлақ сал кеңесіме,

Келген Әлиді ол патша көрмесін бе.

Арысланды көрген соң падишаның,

Тітіреу пайда болыпты денесіне.

 

Ер Әли мұндай жерге жолықты кез,

Жалғызбын деп қорықпайды, сірә, һәр кез.

Тұла бойы қалтырап кеткен патша,

“Кімсің?” деп ер Әлиден сұрайды сөз.

 

– Шақырғанда тартынбай келіп кірдің,

Не естідің, не білдің, нені көрдің?

Атыңыз кім, жол болсын енді өзіңе,

Қайдан келе жатырсың, қайда жүрдің?

 

– Әй, патша, менің айтқан сөзім ұста,

Саудагермін, қосым бар осы тұста.

Атымызды сұрасаң, Қашимшим-дүр,

Күнбатыстан барамын күншығысқа.

 

– Әй, батыр, сөзіме аң-таң қалармысың,

Күншығысқа жол тартып барармысың?

Әли үшін он мың қол жіберіп едім,

Құлын алып келді, танырмысың?

 

Әлиді таппай, құлын келді алып,

Таппай қайтты, Әлиді іздей барып.

Әлидің құлы ма екен, өзі ме екен,

Білсеңіз айырып бер, соны танып?

 

– Ол, сірә, Әли құлы болмас, – дейді,

Падиша өзіңіз де ойлашы, – дейді.

Әлидің құлы болса мен танырмын,

һеш жанға Әли оны қоймас, – дейді.

 

Әли деген ол асқан бір батыр, ер,

Құлы болса жақсы қылыпсыз, сақтай көр.

Әлидің құлы болса жанға қоймас,

Жақсы қылып сақтаңыз, әлі-ақ келер.

 

Жер жүзін Әли кезген Дүлдүлменен,

Патша “Қанбарды келтір” деп жарлық берген.

Патша айтқан соң Қанбарды алып келді,

Қол-аяғын байлаған шынжырменен.

 

Қанбарды ер Әлидің көзі көрді,

Шынжырмен байлап қойған Қанбар ерді.

Бермеді кәпірлерге бұлар сырды,

Сыр берместен, үндемей қарап тұрды.

Кәпірлер қарасып тұр сонда бәрі,

“Зынданға таста” дейді, ол Қанбарды.

 

Қанбарға келді патша ашулары,

Бір зынданы бар екен салатұғын.

Кімде-кімнің көп болса күнәһлары,

Қанбарды сонда апарып салды кәпір,

Ол зынданның түбі жүз сексен қары.

 

Ер Әли сабырлықпен ой ойлаған,

Көп кәпірлер қуанып, той тойлаған.

Тыс жақтан естиді бұлар дауыс,

Шуылдасып, жыласып, ойбайлаған.

 

Шуылдасып, жыласып жетіп келді,

“Қашимшим атынан жетпіс кісі өлді.

Қашимшим аты біреуді тірі жұтты” деп,

Жыласып падишаға хабар берді.

 

Патша бұған аң-таң қалып тұрды,

Жылағанын бұлардың көзі көрді.

“Қашимшим аты тыста бүлік салып,

Кәпірден жетпіс кісіні қырды”  дейді.

 

Хабар берді бұлайша падишаға,

Ер Әли сиынып тұр «бір Алла»ға.

Патша хан-сұлтанын жиып алып,

Ат көргелі шығыпты тамашаға.

 

Көргелі тамам кәпір қамданады,

Білдірмеді өз-өзін сонда Әли.

Көрсе, Дүлдүл кәпірді қырып жатыр,

һеш жан бармай қасына, таң қалады.

 

Бәрі шулап: – Бұ қалай ат? – деп айтты,

Қашимшим, бір ақылды тап, – деп айтты.

Патша көріп атын тамаша ғып,

Қашимшим: – Осы атыңды сат, – деп айтты.

 

– Пұлына мұның сатып батамын, – деп,

Бұ шаһарда сауда қылып жатамын, – деп.

Ер Әли падишаға жауап берді:

– Бәсі келсе, атымды сатамын, – деп.

 

һеш өнерден құр емес атың, сірә,

Атыңның артық көрдім затын, сірә.

Падиша ер Әлиге сөз айтады:

– Атыңның лайықтап хақын сұра.

 

Дүлдүлін батыр Әли[дің] сатып салды,

Падишадан бір қалта алтын алды.

Ер Әли қалта алтынды қолына алып,

Дүлдүлінің қасына жетіп барды.

 

Таң қалды ерлік патша қылғанына,

Атын сатып, ол жаяу болғанына.

Ер Әли бір қалта алтынды алып барып,

Дүлдүлінің сыбырлайды құлағына:

 

– Білдің бе, сені орысқа бергенімді,

Бір қалта алтын алып келгенімді.

Өкпелеме, бір түгіңе дүние алман,

Кәпірлерге көрсетемін ерлігімді.

 

Кәпірдің Дүлдүл қалды албарында,

Әли Арыслан жалынды Жаппарына.

Дүлдүлді сатып бір қалта алтын алып,

Әли келді жолдасының жандарына.

 

Ер Әли жаяулап қайтады енді,

Осылайша Дүлдүлін сатады енді.

Әбілмәжін, Сәдуқасқа жетіп барып,

Көргенін бастан-аяқ айтады енді.

 

Енді олар бір Құдайға сиынады,

Кәпірлер құмырсқадай жиылады.

Әли сатып кеткен соң әлгі Дүлдүл,

Тыңдап тұр, ол кәпірге не қылады.

 

Ұстағалы атшылар барды қамап,

Бәрі де жетектеуге қылды талап.

Падишаның он екі атшыларын,

Ол Дүлдүл бір тепкеннен қылды һәлак.

 

Дүлдүл енді тулайды қызып-қызып,

Кімін теуіп, кімінің басын үзіп.

Жүз жетпіс кәпірді һәлак қылды,

Ойран қылды шаһардың ішін бұзып.

 

Падиша дал болады қайран қалып,

Дүлдүл жүр ол шаһарға ойран салып.

Падиша ер Әлиге хабар салды:

“Қашимшим кете көрсін атын алып”.

 

Әли келіп Дүлдүлді шақырады,

Қолын бұлғап, Дүлдүлге “келгіл” дейді.

Дүлдүл көріп Әлиді құрмет қылып,

Әлидің аяғына бас ұрады.

 

– Әй, батыр, көңілім толды сөзіңізге,

Таң қалдым ерге біткен жүзіңізге.

Патша мақтап Әлиге қайран қалды:

– Бәрәк Алла атыңыз менен өзіңізге.

 

Бұ іске, Қашимшим, қайран қалдым,

Ерлік қылып атыңды сатып салдың.

Көңілім разы болды ғой өнеріңе,

Алтынымды һәм бердім, атыңды алсаң.

 

Дүлдүлін мініп алды үстіне енді,

Дүлдүлден тамам кәпір қашты ма енді.

Бір қалта алтын алып, Дүлдүл мініп,

Әли келді жолдасының қасына енді.

 

Дүлдүлін мініп Әли қамшы басты,

Қасына барып, көңілі судай тасты.

Әуелі шығарғалы Қанбар жасты,

Қостағы үшеуіне ақылдасты.

 

Әли айтты: – Зынданға барайын, – деп,

Арқан салып Қанбарды алайын, – деп.

Бұларға “сабыр қылып тұр” деп айтты,

Соғысты келгеннен соң салайын, – деп.

 

Үшеуі “жарайды” деп қалды сонда,

Дүлдүл мініп, Зұлпықар алды қолға.

“Мен келгенше соғыспай тұрыңыз”, – деп,

Қанбарды іздей ер Әли түсті жолға.

 

Зынданға жетіп келді бір заманда,

Зұлпықар менен Дүлдүлін қояды анда.

“Қанбарды өзім алып шығарам”  деп,

Ер Әли өзі кірді ол зынданға.

 

Ер Әли өзі кірді ол зынданға,

Әбілмәжін қостағы кетіпті аңға.

Кәпірлер Диләфруздің көркін көріп,

Патшаға хабар берді барып таңға.

 

Әли батыр зынданда жатады енді.

Әбілмәжін құлан-бұлан атады енді.

Кәпірлер көріп қызды қайран қалып,

Патшаға бұл хабарды айтады енді:

 

– Жан көрдік, патша, бір ай жүзді,

Жалғаншы деп ойлама, тақсыр, бізді.

Саудагерлер қасында, тақсыр патшам,

Көріп келдік күн жүзді біз бір қызды.

 

Патшаға осылайша хабар берді,

“Күң шығар, сатып әкел!” деп бұйрық айтты.

– Бұ қызыңды сатамысың? – деп ол кәпірлер,

Сәдуақас қасына жетіп келді.

 

– Қатынды бар ма санаңда сатпақ, – дейді,

Неге келдің, әдепсіз, қақтап, – дейді.

– Бұ менің қатыным-дүр, әй, кәпірлер,

Ұятсыз, кетің әрмен, бетпақ, – дейді.

 

Патшаға қайтып барды енді олар,

Осының түбі жаман ойран болар.

“Қатыным” деп ол айтып ұрысты” деп,

Патшаға осылайша берді хабар.

 

Шақырады, жарандар, ашуын сол,

Құмырсқадай патшаның ләшкері мол.

Патша “тартып әкел” деп жарлық қылып,

О қызға аттандырыпты жеті мың қол.

 

Бұ қолды Уақас батыр көзі көрді,

Майданға кіріп жалғыз көбін қырды.

Қолдың көбі қырылып, жете алмай,

Қалғандары шаһарға қашып кірді.

 

Ашуланды падиша тағы да тым,

Солардан да өтіпті бұ дүние сұм.

“Өлтіріп, қызды тартып алып кел” деп,

Ләшкер тағы жіберді жиырма мың.

 

Уақас жалғыз кәпірлерге араласты,

Кәпір қанын ол жерде судай шашты.

Соғыстың басымынан күннің көзін,

Бір-бірін көре алмайды, шаңдақ басты.

 

Қыз да ұрыс қылғалы оңтайланды,

Кәпірлер Сәдуақасқа аң-таң қалды.

Байлауда Мұсайыптың іші күйіп,

Сонда қызға бір сөзді айтып салды:

 

– Әйелде көп бола ма күш, – деп айтты,

Бұ сөзімнің мәнісіне түс, – деп айтты.

Бұларменен соғысты мен салайын,

Диләфруз, қол-аяғым шеш, – деп айтты.

 

Қыз айтты: – Осы күнде сен де дұшпан,

Әли батыр байлаған, тіпті, шешпен.

Қол-аяғың шешейін, иман айтып,

Шын көңіліңмен, Мұсайып, бол мұсылман.

 

– Оның рас, осы күнде мен де дұшпан,

Имансыз ақыретте болар пұшман.

Диләфрузым, білгеніңше үйрет иман,

Не деп айтсам, болармын мен мұсылман?

 

Қыз үйретіп, мұсылман болып қалды,

Иман нұры көңіліне толып қалды.

Хақ мұсылман болғанын білді де қыз,

Мұсайыптың қол-аяғын шешіп алды.

 

Сегіз жүз батпан шоқпарын қолына алды,

Кәпірлер мұны көріп қайран қалды.

Ақырып “Иә, Расул Алла, иә, Алла” деп,

Мұсайып кәпірлермен соғыс салды.

 

Мұсайып шақырады кәрі-жынын,

Қол-аяқтан шешкен соң ол шынжырын.

Кәпірлердің қанынан ат жүрмейді,

Мұсайып жоқ қылыпты жеті мыңын.

 

Мұсайып тақсыр асқан батыр күшті,

Кәпірлерге көрсетті теперішті.

Қалған кәпір шаһарға қашып кірді,

Мұсайыпқа жетпіс жерден жара түсті.

 

Таусылмайтын көрген жоқ мұндай елді,

Қалжыратты он екі қайран ерді.

Жердің жүзін басқан кәпір тағы келді,

Үшеуі де соғысқа бірдей кірді.

 

Кәпірден және он мыңды қырып салды,

Аттары өліктерден жүрмей қалды.

Үшеуі жаралы болып қалжырады,

Қыз білән екі батырды ұстап алды.

 

Кәпірлер үшеуін де ұстап алды,

Кәпірлерге тұтқын болып олар қалды.

Патша әлгі қызбен ойнаймын деп,

Алтынды бір аулақ үйге алып барды.

 

Қыз жалынып жылайды бір Құдайға,

“Медет қыл” деп жылайды һәм Пайғамбарға.

Осы қыздың тілегі қабыл болып,

Қыз жанынан бір аждаһа болды пайда.

 

Жұтқалы патшаға ұмтылады, аузын ашып,

Қыз сонда қуанады судай тасып.

Қыз түгіл, жанымен қайғы болып,

Падиша ессіз болып, шықты қашып.

 

“От жақ” деп бұйрық берді тамам жұртқа,

Есі кетіп, ол қашып шығып сыртқа.

“Дұшпанымыз тұтыпсыз, бұйрық қыл”  деп,

“Құдайым” деп бас ұрды жанған отқа.

 

Патша қыздан кереметті мұндай көрді,

“Құдайым” деп жалынып отқа келді.

“Ол үшеуі сиқыршы, өлтірің” деп,

От ішінен шайтан келіп хабар берді.

 

– Ол үшеуі сиқыршы, қас, – деп айтты,

Жақын бармай, жанынан қаш деп, – айтты.

Сіздерден, халайықтар, разы болам,

Жұртты бұзар, дарға ас, – деп айтты.

 

Патшаның осы сөзге көңілі толды,

Саны жоқ кәпірлерден жиды қолды.

Шайтанды білмей кәпір Құдайым деп,

Енді үшеуін дарға аспақ болды.

 

Иманды құл өлгенде ұжмақ табар,

Үшеуі жата тұрсын, әй, жарандар.

Манағыда ол кеткен іздеп Қанбар,

Әли Арыслан батырдан алың хабар.

 

Әли көрген зынданда қиындық көп,

Қанбарды шығарыпты батыр ептеп.

Қанбарды ол зынданнан алып шықса,

Қойған жерде зұлпықары мен Дүлдүлі жоқ.

 

Фируз, Нәһар, Жәмшид патша келген екен,

Мың қолмен аң аулап жүрген екен.

Бұлар осы зынданға душар болып,

Иесіз ат, қылышты көрген екен.

 

Бұлар көріп қалыпты тамашаға,

Бір ат пен қылыш тұр оңашада.

Екі патша Дүлдүлді ұстағалы,

Мың сан кәпір айналып қамасады.

 

Дүлдүл тістеп зұлпықарды, аспанға ұшты,

Дүлдүлден кәпір көрді мұндай істі.

Ұстай алмай кәпірлер қайтып кетті,

Дүлдүл ұшып бір алыс жерге түсті.

 

Ұшып Дүлдүл түсіпті жырақ жерге,

Батырлар душар болды мұндай елге.

Фируз патша аң аулап жүрген екен,

Дүлдүл мен қылышты о да көрді.

 

О да көрді Дүлдүлді ұстағалы,

Мың сан кәпір Дүлдүлді ол қамады.

Зұлпықарын тістемей ұшып кетті,

Дүлдүл кетті, зұлпықар сонда қалды.

 

Дүлдүл түсті бір жерге ұшып барып,

Кәпірлер қалды оған аң-таң қалып.

Дүлдүл өзі ұстатпай ұшып кетті,

Зұлпықарды Фируз да кетті алып.

 

Фируз патша зұлпықарды алады енді,

Суыра алмай қайранға қалады дейді.

Суыра алмай жанына салып қойып,

Фируз көзі ұйқыға барады енді.

 

Құдайдың таң қаласың істеріне,

Әлидің жан шақ келмес күштеріне.

Фируз патша ол ұйықтап жатқанында,

Әли Арыслан кіріпті түстеріне.

 

“Дүлдүл менен зұлпықарым менің” деді,

Кәпірлік, иман білсең, дінің” деді.

Үмітің болса Хақтан ұжмақ үшін,

“Пайғамбар – Хақ”  деп дінге кірің” деді.

 

Фируз патша осылайша бір түс көрді,

Әли Арыслан осылайша хабар берді.

Көңіліне иманның нұры толып,

Көрмейінше Фируз да дінге кірді.

 

Құдайым оған салды жақсы ойды,

Кәпір дінді ол қолдың бәрі жойды.

Дүлдүлдің қастарына зұлпықарды,

Мұсылман болып апарып бұлар қойды.

 

Кәпірдің қара сансыз жиылғанын,

Батрылар төкті сансыз кәпір қанын.

Зынданнан шықса Дүлдүл, зұлпықар жоқ,

Жамағат, тыңда Әлидің не қылғанын.

 

Әли бақты қайран болып жан-жағына,

Бір Құдай, жәрдем бергіл тіл-жағыма.

Есі кетіп, ер Әли қарап тұрса,

Шуылдаған дауыс келіпті құлағына.

 

Зынданда Әли көрген қиындық көп,

Қосқа қарай жүріпті олар беттеп.

Қосқа келсе, өліктен таулар болыпты,

Жолдасының ол қоста жалғызы жоқ.

 

Көрсе, кәпір таудай болып көп өліпті,

Қостағы бір бәле кез келіпті.

Әли Арыслан сол жерде қайран қалып,

Манағы дауыс жаққа жөнеліпті.

 

Дауыс жаққа ер Әли енді жүрді,

Шуылдаған дауысқа жетіп келді.

Мұсайып, Уақас пенен Диләфрузды,

Дарға асып жатқанын көзі көрді.

 

Ер Әли қаһарланып айғай салды,

Құлағына Дүлдүлдің даусы барды.

Он екі күндік жерден дауысын танып,

Зұлпықарды  тістеп алып жетіп қалды.

 

Әбілмәжін де бек асқан батыр екен,

Олардың жалғыз жүрген салты ма екен?

Әли Арыслан ол айғай салған шақта,

Диюларменен соғысып жатыр екен.

 

Әбілмәжіннен диюдың көбі өлді,

Ер Әлидің дауысын о да білді.

Қырып жүрген диюын о да тастап,

Көз жұмғанша сол дарға жетіп келді.

 

Дар астына екеуі қылыш ұрды,

Ол жиылған кәпірдің бәрін қырды.

Сәдуақас, Мұсайып, қыз үшеуін,

Сау-саламат кәпірден халас қылды.

 

Төртеуі қосқа келді жолға түсіп,

Қуанады Қанбарменен һәм көрісіп.

Бесеуі бір Құдайға шүкірлік қылып,

Отырады асын жеп, суын ішіп.

 

Хиуаран патша бұларға қайран қалды,

Не қыларын бұларды біле алмады.

“Бір айтатын сөзім бар, Қашимшим” – деп,

Патша ер Әлиге кісі салды.

 

Патшаның қара ақылының молын енді,

Шақырған соң ер Әли атқа мінді.

Жасырып палуандарын патша қойды,

Әлидің келетұғын жолына енді.

 

– Түсірейік Қашимшимді қайлаға, – деп,

Келсе қылыш, мылтық, найзала деп.

Палуандарға беріпті темір арқан,

Бұғып тұрып, тұзақтап, байлап ал деп.

 

Палуандар жасырынып қалысады,

Қылыш, арқан қолына алысады.

Ер Әли хабары жоқ келе жатқан,

Тұзақ салып, қылышпен шабысады.

 

Арысланның қарап тұр ойынына,

Кәпірлер жабылады бәрі сонда.

Қылыш шабылып басына ер Әлидің,

Жетпіс арқан түсіпті мойынына.

 

Тұзақ салып, жабылып кәпір тартты,

Ер Әлидің басына қылыш шапты.

Ақырып жетпіс арқанды быт-шыт қылып,

Шын атын кәпірлерге сол жерде айтты.

 

Зұлпықармен палуанның бәрін қырды,

Жетпіс арқанды бір тартып, пәре қылды.

“Әли – менмін, қайтып кәпір ұстарсың”, – деп,

Жайын, кебін айтуға қарап тұрды:

 

– Атам – Мұхаммед, жолдасым – төрт шаһариар.

Халал жұфұтым – Фатима, білсеңіздер,

Соғыстағы бір атым Әли Хайдар,

Қылышым үш: – қамқам, самсам һәм зұлпықар.

Дүлдүлім айшылықты алты басар,

Қайтіп мені аларсың, әй, кәпірлер.

 

Әли осылайша сөз айтып, шығып кетті,

Қостағы қалғандар жетіп келді.

“Қашимшим емес, бұ келген Әли екен” деп,

Патша Хиуаранға хабар жетті.

 

Патша осы іске қайран қалды,

Қырық күндей төрт жақтан жиды қолды.

Жақ-жақтан қисабы жоқ ту көрініп,

Қайыстырып келеді қара жерді.

 

Жарандар, ол бесеуі жатсын сонда,

Бір Құдай, батырларды өзің оңда.

Пайғамбардан айтамын біраз кеңес,

Құлақ салып, жарандар, сөзім тыңда.

 

Бұ сөзімді тыңдаңыз, әй, жарандар,

Пайғамбармен отыр екен шаһариар, сахабалар.

“Бір Аллаң сәлем айтты”, – деп Пайғамбарға,

Жәбірейіл бір күн келіп берді хабар.

 

– Иә, Мұхаммед, сәлем айтты саған Құдай,

Асығып келіп тұрмын мен де бұлай.

Көктегі сансыз толған періштелер,

Салауат айтты, – дейді, – шулай-шулай.

 

Айтсам келген жұмысым білерсің, – деп,

Құдіретін бір Алланың көрерсің, – деп.

Бір Аллаң жарлық етті: – Мәлікаждарды,

Бас қылып, ер Әлиге жіберсін, – деп.

 

Хиуаранның үстіне барсын, – дейді,

Әлиге қосылып соғыс салсын, – дейді.

Хауарзамин дегенде Жәмшид патша,

Оның дағы шаһарын алсын, – дейді.

 

Жәмшидтің бар бір үлкен темір шаһары,

Ойран қылсын, – деп айтады, – тағы оларды.

Мәлікаждарды бас қылып қол аттандыр,

Мұхаммед достым, Алланың бұ хабары.

 

Осылайша білдірді айтып-айтып,

Жәбірейіл айтты дағы кетті қайтып.

Мәлікаждар жөнелді ер Әлиге,

Қырық мың қол жиып алып, шеру тартып.

 

Осылайша Мәлікаждарды хабарлады,

Қырық мың қолмен Мәлікаждар жөнеледі.

Енді олар солайша бара тұрсын,

Тыңдаңыз, ер Әлиден сөз келеді.

 

Жарандар, тыңдап отыр енді сөзім,

Келістіріп сөйлейтін болды кезім.

Хиуаран қолы Әлиді қамап алып,

Қайыстырып жатыпты жердің жүзін.

 

Бесеуі қолды көріп қайғырады,

Қорыққанынан Аллаға зар жылайды.

Қолды көріп, бір өзің қуат бер деп,

Мінәжат қылып ер Әли зар жылайды.

 

Жарандар, естідің бе Әли сөзін,

Шаңдақ басты қап-қара күннің көзін.

Бесеуі де Аллаға зар жылайды,

Құмырсқадай басты кәпір жердің жүзін.

 

Кәпір соқты ол ұрыс барабанын,

Ұрысқа бұлар да жиды қамын.

Адина Масқара деген ол кәпірлер,

Жекпе-жекке шығарды бір палуанын.

 

Жүз батпан күрзісі бар қолдарында,

Лат, Манатқа “қолда” деп жалбарынады.

Ақырып Адина Масқара шыққанында,

Мұсайып ғазы шығыпты алдарына.

 

Мұсайыпты ол соқты жүзіқара,

Тұта берді қолына қалқан ала.

Адина Масқараның шоқпарынан,

Мұсайыптың қалқаны болды пәре.

 

Екеуі бір-бірлерін ұрысады,

Қарудан һәрбір қайла қылысады.

Қарумен һешнәрсе қылыса алмай,

Қайран болып екеуі де тұрысады.

 

Жағаласып, аттан түсіп бек көп жүрді,

Мұсайыпқа Құдайым жәрдем қылды.

Адина Масқараны жерге ұрды,

Күл-күл болып жаһаннамға жаны кірді.

 

Мұсайыптың ойыны бар алуан-алуан,

Кәпірлер қайратына аң-таң қалған.

Күн батқанша Мұсайып бірме-бірге,

Кәпірден һәлак қылыпты жетпіс палуан.

 

Кеш болған соң барабан кәпір қақты,

Соғыстан кеш болды, күн де батты.

Екі ләшкер бір-бірінен айырылысып,

Қайтысып жай-жайына барып, жатты.

 

Түнде тыныштық екі қол алысады,

Күндіз ұрысып, қылыштар шабысады.

Таң атып, екі жақтан майдан түзеп,

Ұрысатұғын жеріне барысады.

 

Кәпірлер жайылады құрттай қайнап,

Кәпір шықты жекпе-жекке қару сайлап.

Ол күні бірме-бірге Әбілмәжін,

Жетпіс палуан кәпірді алды байлап.

 

Кәпірлер шыдамайды ерлеріңе,

Қылыштарын байлаған белдеріне.

Күн кеш болып, барабан тағы соғып,

Қайтады қайтатұғын жерлеріне.

 

Келер күні майданға тағы барды,

Ол күн Сәдуақас даярланды.

Күн батқанша Сәдуақас бірме-бірге,

Жетпіс палуан кәпірді байлап алды.

 

Бесеуі жалынады Құдайына,

Үзілмей соғыс болды ұдайына.

Күн кеш болып, барабан тағы соғып,

Екі ләшкер қайтады жай-жайына.

 

Бұлардан кауіп қылады кәпірлер сұм,

Бірме-бірге келуден қорқады тым.

“Таң атса, – деп патша жарлық қылды,

Бір-біріне ат қой”, –  деп он екі мың ерді.

 

Таң атып ол Мұсайып тағы кірді,

Мұсайыпты кәпірлердің көзі көрді.

Мұсайыпқа келуге бата алыспай,

Қойдай ғана ұйлығып қарап тұрды.

 

Кәпірлер һеш келмейді бірме-бірге,

Қорқу салды Мұсайып батыр мұнша елге.

Жекпе-жекке кәпірлер келмеген соң,

Мұсайып бір сөз айтты кәпірлерге:

 

– Мен тұрмын жалғыз келіп алдарында,

Ұрысуға жисаңшы қамдарыңды.

Бірме-бірге қорықсаңыз, бәрің жабыл,

Жаһаннамға жіберем жандарыңды.

 

Мұсайып батыр қарамайды тірі жанға,

Тамам кәпір жабыла соғыс салды.

Мұсайып жалғыз өзі соғыс қылып,

Үш мың кәпірді жіберді жаһаннамға.

 

Кәпір, әслә, қырудан таусылмайды,

Бесеуі де кәпірлерге салды найза.

Кәпірдің өлігінен ол күн қырылған,

Әй, жарандар, болыпты таулар пайда.

 

Күн кеш болып кәпірлер тағы қайтты,

Бесеуі де орнына барып жатты.

Хиуаран патша Жәмшид патша інісі екен,

– Біздер ойран болдық, – деп хабар айтты.

 

Хабар барса, қол жібер бізге, – деді,

Дұшпан қатты көрінді көзге, – деді.

Хатпен хабар айттым, сақтана көр,

Бізді алған соң, ол бармақ сізге, – деді.

 

Жәмшидтің хаты жетеді қолына енді,

Ашуланып сыймайды тонына енді.

Екі жүз мың палуанға Имлақты басшы қылып,

Хиуаранның түсірді жолына енді.

 

Бірнеше күн жүріп, бұлар кетті-ау,

Бірнеше түн арада күндер өтті-ау.

Екі жүз мың палуанды Имлақ бастап,

Хиуаранның шаһарына жетіп кепті-ау.

 

Келген соң қуанышты болысады,

Қайғыны көңілдегі жойысады.

Бәрәк Алла, хош келдің, қуаныш қылып,

Шаттық бірлән ол түнде қуанысады.

 

Патша айтты: – Тыңдап отыр сөзімізді,

Тез келген тәуір көрдім өзіңізді.

Жабыла бәрің бірдей ұрыс қылың,

Бірме-бірге барудан безіңіз-ді.

 

– Солай жарлық қылдың ба, жаным, сірә,

Бұ дұшпаннан түңілеміз арың, сірә.

Біз келген соң, падиша, қайғы жеме,

Жалғыздың қоймаспын жанын, сірә.

 

Кәпір қорықты соғыста бірме-бірден,

Имлақ соғыс қылды жолдасымен бірге келген.

Күн батқанша бек қатты соғыс қылды,

Батырлар жаралы болды жетпіс жерден.

 

Кәпірлерді жапырады қырып, жойып,

Бір-біріне жатады барып, қонып.

Бесеуі жарасына дәрі жағып,

Бір Аллаға жатады шүкір қылып.

 

Ер Әли қорықпайды, өзі мықты,

Ұрысып көп кәпірді жерге тықты.

Әли кіріп майданға бір ақырды,

Он екі мың кәпірдің жаны шықты.

 

Ол күні батыр Әли соғыс салды,

Жер жүзіне ағызды судай қанды.

Өзгелері жаралы болып тауға шықты,

Кәпірлер төбе-төбе өліп қалды.

 

Бесеуі жад қылады бір Құдайды,

Тау басында бесеуі алды жайды.

“Бір Алла, бізге жәрдем бер өзің” деп,

Бесеуі таң атқанша зар жылайды.

 

Кәпірлерге ол толған жердің жүзі,

Қараңғы болды шаңмен күннің көзі.

Таң атып өзгелері қалжырапты,

Ер Әли соғыс қылыпты жалғыз өзі.

 

Жердің жүзін ол басқан кәпір екен,

Жалғыз соғысқан Арыслан батыр екен.

Кәпірлердің оғынан жан таба алмай,

Ер Әли жалғыз соғысып жатыр екен.

 

Бір Құдай, ер Әлиді өзің сақта,

Жалғыз соғысқан мың санмен соны мақта.

Күншығыстан бірталай шаң көрінді,

Арыслан бұлайша ұрысып жатқан шақта.

 

Бір Құдай, ер Әлиге өзің жар бол,

Бірталай ләшкер екен көрінген сол.

Шаң ішінен бірнеше ту көрініп,

Сол жақтан жетіп келіпті сексен мың қол.

 

Баяғы зұлпықарды көрген екен,

Зұлпықарды көріп, дінге кірген екен.

Мұсылман болып ол патша қолын жиып,

Арысланды көргелі келген екен.

 

Кітаптың тап осылайша  хатын айтсам,

Мұсылман болып келгендер санын айтсам.

Мирзинһар шах, Фируз, Шаһаур патша,

Үшеуінің осылайша атын айтсам.

 

Жалғыз жүрген Әлиді бұлар көрді,

Арыслан асығам деп жылдам жүрді.

Сексен мың қолымен бұ үш патша,

Кәпірлерге келді де қылыш ұрды.

 

Кәпірге бұлар салды ақырзаман,

Арыслан қайраттанды онан жаман.

Бұлар келіп Әлиге қосылысып,

Кәпірден жетпіс мыңды қырды тамам.

 

Күн батқанша ұрысып жүріседі,

Кеш болған соң қайтысып келіседі.

Үш патша қайтқаннан соң ләшкерменен,

Ер Әлиге келісіп көріседі.

 

Қайғыда болып жатты ол күн кәпір,

Басына түскеннен соң заманақыр.

Ас ішіп, мұсылмандар бірге қонып,

Таң намазын қауым болып оқып жатыр.

 

Кәпір ұрды дағы ұрыс барабанын,

Мұсылман оқып алды таң намазын.

Майданға қарсы шықты, ей, жарандар,

Ер Әли бастап алып мұсылманын.

 

Ұрыста жүр кәпірдің бәрі қаптап,

Мұсылман да қаруын алды оңдап.

Екі ләшкер дариядай толқын болып,

Қарсыласып тұрысты тұтысып сап.

 

Кәпір қолы дариядай қисапсыз көп,

Қараңғы болды шаңмен сонда аспан-көк.

Фируз патша қолында бір палуандары,

Атын айтады екен Самандүр деп.

 

Мұсылман жалынады Құдіретке,

Жалынып “жар бол” дейді Мұхаммедке.

Керкүдәнін Самандүр мініп алып,

Кәпірге шықты ақырып жекпе-жекке.

Кәпірден және біреу қарсы келген,

Ол да палуан жалғыз шыққан сонша елден.

Самандүрге кәпірден біреу келді,

Оның атын сұрасаң, Сәмәнт деген.

 

Екеуі бір-біріне тиіседі,

Қаруымен шаншысып өтіседі.

Бір-бірін найзаменен ала алмайды,

Он-оннан найзаларын сілтеседі.

 

Тұрған жұрт таң көреді ұрыстарын,

Бір-бірін жолбарыстай жұлысқанын.

Найзасын екеуі де тастай беріп,

Қисапсыз шабысады қылыштарын.

 

Таң қалды қайратының молдарына,

Сыймайды ашуланып тондарына.

Қылыштарын екеуі тағы қойып,

Шоқпарларын алады қолдарына.

 

Кәпірге енді бәле кез келеді,

Бір-бірін шоқпарменен төпеледі.

Самандүр шоқпарменен күл-күл қылып,

Сәмәнтті жаһаннамға жібереді.

 

Самандүр мықтылығын білгізеді,

Мұсылманды қуантып күлгізеді.

Он бес палуан кәпірден байлап алып,

Сексенді жаһаннамға кіргізеді.

 

Самандүр тұр кәпірге айғай салып,

Сексенді өлтіріп, он бесін байлап алып.

Жәмшид патшадан ол келген Имлақ кәпір,

Енді өзі шығыпты ашуланып.

 

Самандүрдің келіпті қасына енді,

Күші кетер кәпірдің асып енді.

Жұдырықпен бір ұрып Самандүрдің,

Аямады, ұшырады басын енді.

 

Мұсылман қарсысына оңтайланып,

Имлақ кәпір тұр енді, о да айқайлап.

Имлақ кәпір бесеуді шаһид қылып,

Мұсылманнан жиырма алды байлап.

 

Имлақ қаһар көрсетті асқан сондай,

Сәдуақас қайратын көрді мұндай.

Уақас тақсыр Имлаққа жетіп келді,

Бұл қылған қорлығына шыдай алмай.

 

Әуел найза өнерін қылушы еді,

Бір-біріне найзамен ұрысады.

Найзамен бір-бірін жеңісе алмай,

Қайран болып екеуі де тұрысады.

 

Шоқпар ұрып садақпен атысады,

Қылышпенен бір-бірін шабысады.

Жеңісе алмай күн жатып екі ләшкер,

Жай-жайына қайтысып, жатысады.

 

Ол күн жатты, тағы да таң да атты,

Мұсылмандар намаз оқып, азан айтты.

Майдан түзеп, соғысқа кәпір тұрып,

Барабанын жан-жақтан кәпір қақты.

 

Мұсылмандар намаз оқып алысады,

Бір-біріне қайратты салысады.

Намаз оқып, бұлар да ұрысқалы,

Майдан түзеп, сап тартып барысады.

 

Тыңдасаңыз, айтайын жақсы кепті,

Шаңдақ басқан секілді аспан-көкті.

Сәмәнт деген кәпірден бір палуан,

Және біреу ақырып жетіп келді.

 

Ол кәпірдің мүшесі бұзық екен,

Келістірсем қол-аузы қызық екен.

Екі иінінің арасы тап елу кез,

Бойының ұзындығы жүз кез екен.

 

Ақырып келді, көзіне жан көрінбей,

Керкүдән мінген Әлидің Дүдүліндей.

Қолы – шынар ағаштай, мұрны – мыстай,

Аузы бейне таудың үңгіріндей.

 

Ақырып: – Жекпе-жекке келің, – дейді,

Жалғыз мені жеңбес-ау елің, – дейді.

Даусымнан жер жарылып, көк жаңғырып,

Бұ заманның Рүстем Дастаны менмін, – дейді.

 

Ол кәпірдің дауысы көкті жарды,

Мұсылманнан Шарық деген палуан барды.

Бір ұрумен ол Шарықты шаһид қылды,

Бірнеше мұсылмандар өліп қалды.

 

Ол кәпірдің күшіне аң-таң қалды,

Бірнеше шаһид болып өліп қалды.

Бірме-бірге келгеннен соң осы кәпір,

Мұсылманнан отызды байлап алды.

 

Шыдай алмай Мұсайып батыр тұрды дейді,

Кәпірлерге қарсы қарай жүрді дейді.

Сегіз жүз батпан шоқпарын ұрған екен,

Күл-күл болып жаһаннамға кірді дейді.

 

Ат-матымен болыпты пәре-пәре,

Мұсайып батыр сиыныпты бір Аллаға.

Мұсайып ұрған шақта “Иә, Алла” деп,

Жаһаннамға кетіпті жүзіқара.

 

Кәпірлер Мұсайыптан жаман састы,

Сәмәнт палуан өлген соң, қайғы басты.

Хиуаран патша “бәріңіз жабылың” деп,

“Бірме-бірге болмас-ты” деп ақылдасты.

 

Кәпірлер қорқысты бірі келмей,

Патша тұр жекпе-жекті мінәсіп көрмей.

Патша жарлық қылған соң Мұсайыпқа

Кәпірлер ат қойыпты бәрі бірдей.

 

Жарандар, тыңдап отыр айтқан сөзім,

Кәпір қолы басыпты жердің жүзін.

Үш патша ләшкерменен соғыс салып,

Қап-қара шаңдақ басты күннің көзін.

 

Кәпірлерге ол күннің жүзі толды,

Ер Әли де кіріпті бастап қолды.

Көк жығылды, жарандар, күн тұтылды,

Дүние һәмма бұзылғандай соғыс болды.

 

Ер Әли де соғысты салады екен,

Зұлпықарын қолына алады екен.

һәр мәртебе зұлпықарын шапқанында,

Екі жүз жаһаннамаға барады екен.

 

Қылыштылар шабысады қылышпенен,

Шоқпарлы өлді, шоқпарласып ұрыспенен.

Найзалылар қырылды найзаласып,

Кетті һәркім бір түрлі жұмыспенен.

 

Қалқандылар ұрысты тұтып қалқан,

Сауыттыны келістіріп қайтып айтам?

Ер Әли ту жығарға таяныпты,

Кәпір қолын ол қылып талқан-талқан.

 

Батырларды қамады мұнша дұшпан,

Кәпір естіп жиылды әрбір тұстан.

Кәпірлер қашарға бет қойған шақта,

Және бір шаң көрінді күншығыстан.

 

Ол шаңда төрт туы бар қол көрінді,

Аз-маз кісі ол емес, мол көрінді.

Ол төрт тудың түбінде бір жүз мыңнан,

Жәмшид патша кісісі сол көрінді.

 

Мұсылманның бұларды көзі көрді,

Кәпірлерге келді де бұлар кірді.

Науадир деген палуан басшы болып,

Бес жүз палуан ішінде жетіп келді.

 

Кәпірлерден төрт жүз мың кәпір кірді,

Қайыстырды тағы да қара жерді.

Және келген кәпірлер мұсылманға,

Күн батқанша соғысты, қылыш ұрды.

 

Мұсылманды қылыпты астын-үстін,

Соғыспенен шаң қылды жердің жүзін.

Күн кеш болып екі ләшкер қайтып барып,

Жай-жайына жатады тағы да ол түн.

 

Мұсылман жатты орнына қайтып келіп,

Намаз оқып жатады бірге қонып.

Мұсылмандар өліктерін қисап қылса,

Үш мың кісі өліпті шаһид болып.

 

Өліктерін мұсылмандар көріседі,

Танып-танып алысып келіседі.

Үш мың кісі өлігін шаһид болған,

Жаназа оқып, ол түнде көміседі.

 

Жарандар, қырғын болды екі жұртқа,

Мұсылмандар, иманың һеш ұмытпа.

Ол күн өлген кәпірдің қисабы жоқ,

Өліктерін кәпірлер жағыпты отқа.

 

Қолды тағы көбейтті кәпір жинап,

Кәпір басты жер жүзін, құрттай қайнап.

Мұсылмандар ол таңды ұйықтамастан,

Отырды бір Құдайға зары жылап.

 

Қараңғы болды шаңмен сонда аспан-көк,

Мұсылман көрсе, кәпір қисапсыз көп.

Құм менен құмырсқаға сан жеткендей,

Кәпірлер онан да көп һешбір сан жоқ.

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button