Майлықожаның қоштасу жыры
Майлықожаның туылғанына 185-жылдығы қарсаңына
Көңлім азар дүниенің безерінен,
Ажал оғын нұсқап тұр кезенімен,
Дүние көше жүзі көне сарай,
Өтіп жатқан керуенбіз кезегімен.
Жалындым жалбарындым жаны діл мен,
Мақлухат саған зәрлі ед бәрі бірден,
Адам боп дүниеге келіп едім,
Ақиқат патша Тәңрім әміріңмен.
Көңілге салма ақырет құсалықты,
Әзәлдағы тағдырдың ісі анықты,
Сәл нәрседен себеп пен біна қылып,
Жүргіздің адам қылып мұншалықты.
Үміткермін рахметің тасқанына,
Нұрың күллі жаханды басқанына,
Хайуанат мал қылмастан адам қылып,
Шүкір еттім адамзатқа қосқаныңа.
Бірлігіңді аңдатып білдіргенге,
Дін исламның қаумына кірдіргенге,
Денелерім тебіренсем қайым болад,
Қуанамын саламат жүрдіргенге.
Жаханнан хабар алар көз бергенің
Шүкір етер тіл мен жақ сөз бергенің,
Мұхаммадқа үммат әм перзент қылып,
Үй-жай, ұл бергенің, қыз бергенің.
Үндемесем ел жұрттың бірі болдым,
Аузымды ашсам адамның дүрі болдым,
Ана жайға барғанда есіркей көр,
Бұл дүниеде оздырып жүріп едің.
Желсем өмірім жетпейді жер жүзіне,
Өлшеу жетпес тау, дария теңізіңе,
Қалын күзер үстіне қадам бастым,
Қадыр Алла сыйындым бір өзіңе.
Жалындым, жалбарындым тақсыр маулам,
Нафсім залым жанымда жанжал қауғам,
Шапағатты Әзірет есіркей көр,
Дүние мен бітейін деп тұр ғой саудам.
Пұшайманмын атадан туғаныма,
Ажал мүшкіл артымнан қуғанына,
Даргейіңе Құдая жүз мың шүкір,
Мұхаммадтың үмматы қылғаныңа.
Бес уақыт намаз, отыз күн оразама,
Қуанышым мұсылмандық ауазама,
Жақсы дәптер жаныма жазылғайда,
Қош келгей құлшылығым ол қожама.
Я, Алла жақыным жоқ сеннен жуық,
Әмірің парыз патшасың үкімің ұлық,
Өткен өмірім бір сәттей көрінбейді.
Кірпік қағып көзімді қалсам жұмып.
Я, Алла саған айттым жайымды енді,
Көрген дүнием, көлеңкем сағым болды,
Қайыр-қош, елі-жұртым ырза болыңдар,
Дүниеден енді кетер уағым болды.
Көзім жетті дүниенің қалыптарына,
Кеткен жан қайрыла алмас арттарына,
Аралап, күліп ойнап бірге жүрген,
Сәлемде қөрмей қалған халықтарыма.
Бір старшын қожа халық ағайыным,
Бәріде қалып барады жамағайымның,
Көз жас қылып өзді-өзің қапа едіңдер,
Мінеки ақыныңнан тағы айрылдың.
Көз көрген үлкен кіші ағайындар,
Дуадан жоқтаңыздар, Майлықожа Сұлтанұлын.
Бұл құнды өлең Керімбек Сәлімбекұлының қолжазба қорынан табылды. Өлеңнің құндылығы сонда, ел арасында Майлықожаның әкесінің атына талас көп болды. Біреулер Сұлтанқожа деді, біреулер Шотанқожа деді. Арқасында сөз сөйлері кем болса, жақсы адамды әр тосаттан бір тосқауыл қойып алдын шырмайтын бір ит әдетіміз бар ғой. Мына өлеңде «Дуадан жоқтаңыздар Майлықожа Сұлтанұлын» деген сөз бен Шотан атауы ізін жоғалтатын шығар. Бірақ бұл жетелі ұлға айтылады. Жетесізге дауа жоқ.
Керімбек Сәлімбекұлының қолжазбасынан (араб әрпі) аударып дайындаған Сейтомар САТТАРҰЛЫ. Сарыағаш қаласы