Рабғұзи

Қисса Шұғайып ғалайһи-уәссәләм

Менің Раббым – Алла тағала сіз жасаған күнәні білуші, күнәліге жаза жібер!» – деп, уағыз айтқан Шұғайып ғ.с. еді.

Тәурат иелерінің айтуынша: Шұғайып ғ.с. атасы Масғоқ, оның атасы Снақ, Снақ атасы Сабит, Сабит атасы Мәдин, Мәдин атасы Ібраһим ғ.с. еді. Алла тағала айтқан: «Мәдин шаһарына өздерінің қандасы Шұғайыпты пайғамбар етіп жібердік. Мәдин шаһарын Ібрахим ғ.с. ұлы Мәдин тұрғызған еді. Сол үшін бұл шаһарды Мәдин деп атады. Мәдин қауымы пұтқа табынушы бай ел еді. Істері саудагерлік болатын. Бірақ таразымен өлшеуде қиянат қылып, кемітіп өлшеп сататын. Шұғайып ғ.с. қауымына: «Әй, менің қауымым! Алла тағаланы жалғыз деп біліп, Алла тағалаға ғибадат етіңіз. Алла тағаладан басқа тәңірі жоқ. Өлшемді кемітіп бермеңіз һәм таразыны кемітпеңіз. Адамдардың ақысын алып қалмаңыз. Мен сіздерді мұңсыздар деп білемін, өйткені сіз байларсыз. Сіздердің істеріңізді көріп, ақиқаттан мен қорқамын. Арамдықтан құтылмасаңыз, ешқайсысыңыз азаптан құтылмас боларсыз. Әй, менің қауымым! Өлшеуіңізді арттырмай, кемітпей өлшеңіз. Жер жүзінде өлшеумен кемітіп, бұзықтық іс қылмаңыз. Алла тағаланың сізге адалдан берген пайдасының өзі жақсырақ. Егер сіз Алла тағаланың жалғыз екеніне сенсеңіз. Алла тағалаға ғибадат етсеңіз, һәм әміріне бой ұсынбақ сізге парыз», – деген.

Тәпсір Қази рәуәйәтінде: Шұғайып ғ.с. қауымына бұл істі уағыз қылып, Алла тағаланың әмірін естіртті. Қауым Шұғайып ғ.с.-ның намазын қорлап: «Әй, Шұғайып! Сенің намазың біздің ата-бабамыз ғибадат еткен нәрсені тастауға бұйыра ма?» – деп күлді.

Шұғайып ғ.с: «Әй, менің қауымым! Сіз білмейсіз, маған Алла тағала ғалымдық һәм пайғамбарлық берді. Сонымен бірге, Алла тағала маған адал мал берді. Енді Алланың бұл бергендеріне разы болып, Алланың әмірін сіздерге жеткіземін. Мен сіздердің бұ дүниеде де, ахиретте де дұрыс болғаныңызды тілеймін. Менің халім Алла тағаладан ғана, істерімді Алла тағала ғана біледі. Менің барар жерім де Алла тағаланың алды. Әй, қауымым! Сіздің маған дұшпан һәм қастық қылуыңыз Нұһ қауымы, Худ қауымы, Салих қауымы, Лүт қауымы сияқты азаптарды тартпасын деймін. Менің айтқандарымнан сабақ алыңыз. Ақиқатта, менің Раббымның рахматы бар», – деді.

Сонан соң қауымы: «Әй, Шұғайып! Біз сенің көп сөзіңді аңғармаймыз. Егер қауымың болмаса, сені таспен ұрып өлтірер едік. Сен бізге қадірлі һәм қуатты емессің», – дегенде, Шұғайып ғ.с: «Әй, менің қауымым! Сіз өз тілегеніңізді істеңіз, мен өз орнымда амал қыламын. Сонда көрерсіз, азаптың кімге келерін. Кімнің жалғаншы екенін де тез уақытта білерсіз. Менің айтқан сөзімнің ақырын күтіңіз, мен де сізбен бірге күтемін».

Шұғайып ғ.с. қауымы пайғамбар сөзін жалғанға жорыған соң әлек болды. Сонан соң Мәдин қаласы тып-типыл болды.

Шұғайып ғ.с. қауымы әлек болғаннан соң Мұса ғ.с. перғауыннан қашып, Мәдин шаһарына барды.

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button