ҚҰЛБОЛДЫ (ҚҰЛ-МҰХАММЕД) ИШАННЫҢ ОРАЗАЙ (РУЗИ) ИШАНҒА БЕРГЕН ХАТЫРШАТЫ (ХАТ-ИРШАД) ЖӘНЕ МӨРІ
«Хатыршат» – бүгінгі тілмен айтқанда «диплом» деген сөз. Тарихта өткен діни тұлғалар туралы айтылған әңгімелерден «пәлен ишан – түген пірден шатырхат (хатыршат) алған екен, ана ұстаз – мына ахунға шатырхат (хатыршат) берген екен» деген сөзді жиі естиміз. Расында, ұстаз бен шәкіртті білім деген қасиетті ұғым байланыстырса, олардың осы тағылымды ісінің оң нәтижесі мен жарқын дәлелін бір сөзбен «хатыршат» деп атауға болады. Бұл сөз – араб-парсы тілінде «ілім таратуға, елді рухани тәрбиелеп, тура жолға бастауға (иршат қылуға) лайықты шәкіртке ұстаз тарапынан берілетін анықтама хаты немесе рұқсатнама қағазы» деген мағыналарды білдіреді. Ал «шатырхат» cөзі – «хатыршат» сөзінің буын ауысуынан пайда болған деген пікірдеміз.
ІЗДЕНІС ЖОЛЫНДА
Құлболды ишанның Оразай ишанға берген хатыршаты біздің қолымызға оңайлықпен тиген жоқ. Біз бұл ізденіс жолына Сармолда ақынның (Балмағамбет Балқыбайұлы) өмірі мен шығармашылығын зерттеу барысында келдік. Иә, аталмыш құнды құжат пен Сармолда ақынның арасында қандай байланыс болуы мүмкін? Ең алдымен, осы сауалға жауап берейік.
Балмағамбет Балқыбайұлы (1891-1967) бір өлеңінде «Қожа Ахмет Ясауи, Силсиласы – силсилам, Атын білген бар ғалам. Хилафлық қылып ол затқа, Сөз айтпаған бір кәләм» (Балқыбайұлы Б. І том. Хадис-назым. – Алматы, «Алаш», 2005., 99-бетте) деп айтады. Осы жолдардан оның Әзірет Сұлтанның сопылық жолы мен хикмет айту дәстүрін жаңғыртушы екенін аңғарамыз. Ақын дүние-танымының қалыптасуына оның өскен ортасы, әсіресе өзі оқыған Қарнақтағы Халфа және Шаяндағы Аппақ ишан медреселері ерекше әсер еткен. Тарихтан белгілі, Халфа медресесін (Сопы Аллаярдың «Мәсләкул-муттақин» еңбегін парсы тілінен түрік тіліне аударған) қарнақтық Хафиз қожа ұлы халифа Қозы қожа әт-Түркістани (XVIII ғ.) ашқан. Ол Самарқандтағы Нақшбандия-Мужаддидия сопылық мектебінің үлкен өкілі Мұсахан қожа Дехбидидің ең үздік халифаларының (халифа – орынбасар, «Халфа медресесі» осы сөзден шыққан) бірі еді. Бұл дерек Мулла Жумақули Хумулидың еңбегінде келеді (Ташкент қ., Әбу Райхан Беруни атындағы ШИ-ның қолжазба қоры, №37. «Тарихи Хумули», 212 в бетте). Сондықтан да Мауаранаһрдың белді оқу орындарынан кем түспейтін білім ордасынан тәлім алған Сармолда ақынның рухани әлемі көп қырлы, сан сырлы сипатқа ие.
Айта кететін жайт, Сармолда сопылық ілімде Ясауия жолы мен Нақшбандия тариқатын қатар ұстанды (қазақ елі Нақшбандия тариқатын Қазақ хандығы құрылған кезеңдерден бастап ұстанып келе жатыр). Әсілі, бұл екі тариқаттың аттары бөлек болғанымен, рухани миссиясы ортақ деуге болады. Бұл сөзімізге ақынның мына бір өлең жолдары дәлел:
Дүнияда диуанадан болса қалған,
Қалар ед Баһауддин Балагардан [бәлені қайтарушы – Б.М.],
Жеті жыл бір тақияны өзі тігіп,
Тозақтың алты есігін сатып алған (Балқыбайұлы Б. І том. Хадис-назым. – Алматы, «Алаш», 2005., 71-бетте).
Бұдан бөлек Сармолданың «Қожа Баһауддиннің екі мүриті» деген жырмен өрілген шағын хикаясы бар. Ақын ұлы әулиеге арнаған жырын қара сөзбен былайша түйіндейді: «Қожа Баһауддиннің шын аты – Мұхаммед еді, анасы Қызыр пайғамбардың анасымен нәсілдес еді. Бір тақияны жеті жыл тігіп, инені бір шанышқанда «Лә иләһа илаллаһ, Мухаммад расулаллаһ» деп 70 мәрте айтар еді» (Балқыбайұлы Б. ІІ том. Хадис-назым. – Алматы, «Алаш», 2005., 298-бетте). Сондай-ақ қазақ әдебиетінде есімі енді ғана мәлім болған ақындардың бірі – зеренділік Ибраһимнің 1902 жылы Қазанда жарық көрген «Қожа Баһауддин хазіретлері» қиссасының желісі де («Белгісіз ақынның белгілі қиссасы немесе зеренділік Ибраһим кім?», «Ана тілі» газеті, 21 қыркүйек 2023 жыл, №38) Сармолданың жоғарыдағы шығармаларымен толық үндеседі.
Иә, Сармолда ақынды туған жері Ұлытаудан Түркістан өңіріне барып білім алуға үгіттеген Ахмет ишан (1861-1926) еді. Оны жұрт Бұхара медресесін бітіріп, өзі ұстаған мешіт-медреседе дін сабағымен қатар, пәндік (дүниелік) оқуды қолға алған; «Қазақ» газетінің шығуына қаржылай қолдау білдіріп, газет бетінде қазақ балаларының оқулығына бәйге жариялаған алаш қайраткері ретінде жақсы таниды. Осындай ағартушылық һәм демеушілік қызметімен, адамгершілік ізгі қасиетімен үлгі шашқан Ахмет ишан Сармолданың өмірлік ұстанымына ерекше ықпал еткені анық. Ал енді Ахмет ишанның бойына дәстүрлі құндылықтарды сіңіріп, алғаш діни сауатын ашқан әкесі – Оразай ишан туралы айтайық.
Оразай ишан Бұғыбайұлы (1807/09-1898) – халық әулие атап кеткен діни тұлға. Ол ел ісіне араласа бастаған шағында іскерлігімен Түркістан өңірін билеген өзбек әмірінің көзіне түседі. Өзбек әмірі оны қазақ ауылдарынан алым-салық жинайтын уәкіл (бек) етіп сайлайды. Көп өтпей ол бұл кәсіптен қол үзіп, ишандық жолға ден қояды. Оған Оразай ишанның Құлболды ишанмен (1785-1860) кездесу оқиғасы себеп болады.
Әлқисса. Бір күні Оразай өзен жағасынан ұзап бара жатқан қайыққа «кері қайт» деп айқайлайды. Бұл бұйрықты естіген қайық жүргізушісі аз-кем ойланып, не істерін білмей, абдырап қалады. Жолаушылардың арасында отырған Құлболды ишан жүргізушіге «оны өзімізбен бірге ала кетейік» дейді. Сөйтіп, жағаға қайтқан қайыққа Оразай мінгесіп алады. Оған Құлболды ишан елдің жанын қатерге тігіп, жолынан қалдырғанын айтып ескертеді. Ал Оразай шаруасының қауырт екенін айтып ақталады. Бұл оқиға Оразайдың Құлболды ишанмен алғаш жүздесуі еді. Осыдан кейін Оразайдың дінді терең оқуға деген ынтасы оянса керек, Ақмешіт, Түркістан, Ташкент өңірлеріне аты шыққан ишаннан рухани тәлім-тәрбие алуды көксейді. Көп өтпей Оразай Құлболды ишанды ауылына іздеп келеді. Намаз оқып тұрған ишанды сырттай бақылап, оған көңілі толмай, «мына кәрі шалдың қай жерінде білім бар дейсің» деп қайтып кетеді. Ол үйіне жете бергенде белгісіз дертке шалдығып, төсек тартып жатып қалады. Оразай бұл кеселдің себебін ишанға жасаған құрметсіздігімнен болды деп, нөкерлері арқылы ишанды айттырып, өзіне дем салып беруін өтінеді. Құлболды ишан «Оразай атқа мініп келе алмаса, оны арбаға салып әкеліңдер» дейді. Ақыры дәрменсіз қалған Оразай Құлболды ишанның алдына келіп, аяғына жығылып, кешірімін алады.
Бұдан кейін ол кәміл пірдің құзырында бірнеше жыл қызмет етіп, дін ілімдерін үйренеді. Бірақ, Оразайдың алғырлығына бәзбір шәкірттер қызғанышпен қарайды. Мұны сезген Құлболды ишан оларға «жайылымда тұрған өгізге дем салыңдар» дейді. Бірақ олардың деміне өгіз селт етпейді. Ал Оразай бір дем салғанда өгіз жерге «гүрс» етіп құлап, тағы бір дем салғанда шоңқая көтеріледі. Осыдан кейін Оразай ұстазының ықыласына бөленіп, ақ батасын алады. Оған Құлболды ишан Нақшбандия тариқатының алтын тізбегі жазылған әрі өзінің жеке мөрі басылған хатыршатты табыстайды (бұл оқиға Қ. Шағырұлының «Құлболды ишан» және «Тіней шежіресі» (Алматы, 2001) кітаптарында кеңінен баяндалған).
АЛҒАШҚЫ «СҮЙІНШІ ХАБАР»
Хатыршат туралы мағлұмат кейбір деректерде келгенімен, оның асыл мәтіні мен мазмұны әлі ғылыми айналымға еніп үлгірмеген. Тіпті біз бұл құжатты осы күнге дейін Оразай ишанның ұрпақтары сақтап келе жатқанын да білмедік. Қателеспесек, хатыршат туралы алғашқы «сүйінші хабар» – 2015 жылы «Қазақстан Қарағанды», қазіргі «Сарыарқа» телеарнасы түсірген Ахмет ишан Оразайұлы туралы деректі фильмде айтылды. Онда «Оразай ишанның хатыршаты» деп бір беттік көне қолжазбаның суреті «жылт» етеді. Ал біз ол бейнені ақырын тоқтатып, бажайлап қарағанымызда, оның Нақшбандия тариқатына қатысты құжат екенін байқадық. Бірақ түсірілімде оның бір ғана бөлігі көрсетілген-ді. Сөйтіп, біз хатыршаттың өзімен толық танысу мақсатында, Оразай ишанның ұрпақтарын іздестірген едік. Құдайға шүкір, құжат Оразай ишанның кіші ұлы Жармұхаммед ишанның Алматыда тұратын немересі – Фархат Сұлтанұлының жеке қорынан табылды.
Бұдан бөлек Оразай ишан мен оның ұрпақтарына тиесілі жәдігерлер де осы күнге там-тұмдап жетіп отыр. Солардың бірі – Ахмет ишанның жеке мөрі. Бұл жәдігер Ахмет ишанның Мұртаза деген ұлының немересі – Файзоллаұлы Рахаттың жеке қорында сақталған. Мөрдің екі жағында «Ахмад хожи бин Рузи халифа» (Халифа Оразай ұлы Ахмет қажы) деген жазу бар. Сондай-ақ мөрдің бірінші бетінде – (һижри) 1318 жыл, екінші бетінде – (һижри) 1319 жыл деп көрсетілген. Бұл уақыттар милади 1900-1901 жылдарға сәйкес келеді. Демек, Ахмет ишан жеке мөрін 39-40 жастар шамасында жасатқан болу керек. Сонымен қатар біз мөрді зерделей отырып, Оразай ишанның сопылық тариқатта «халифа» дәрежесіне жеткеніне көз жеткіземіз. Расында, Құлболды ишаннан хатыршат алған Оразай ишан «пірдің жолын жалғастырушы «халифа» (орынбасар)» деген атаққа ие болған. Әрі осы мөр арқылы Оразай ишанның тарихи құжаттардағы есімі – «Рузи» болғанын білеміз. Бұл сөз парсы тілінде «күн» деген мағынаны береді. Мәселен, адамды таң атқаннан күн батқанға дейін, яғни күні бойы ішіп-жеуден тыятын құлшылық түрін «руза» (ораза) деп атайды (арапша – «саум»). Бұл сөз Абай өлеңінде де көрініс тапқан: «Руза, намаз, қажылық – талапсыз іс, Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс» («Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінен).
ХАТЫРШАТ (ХАТ-ИРШАД) МАЗМҰНЫ
Хатыршат (парсы тілінде жазылған) – аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен басталады. Жаратушыға мақтау айтып, дұға жасалады. Нақшбандия тариқатының қасиетті шежіресінде келетін ұлық пірлердің есімдері кезекпен тілге алынады:
«Алланың елшісі Хазірет Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) – Хазірет Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) – Хазірет Салман Фарси – Хазірет Қасым бин Мұхаммед бин Әби Бәкір – Хазірет Имам Жағфар Садық – Хазірет сұлтан әл-‘арифин Баязид Бастами – Хазірет Шейх Әбулхасан Харақани – Хазірет Әбу Әли Фармади – Хазірет Әбу Юсуф Һамадани (Хамадани) – Хазірет Қожа Абдулхалиқ Ғыждуани – Хазірет Қожа Ариф Ривгари – Хазірет Қожа Махмұд Әнжир Фағнауи – Хазірет Қожа Әли Рамитани (ол Қожа Азизан атымен мәшһүр) – Хазірет Баба Мұхаммед Саммаси – Хазірет Сейіт Әмір Күләл – Қожа Бузург (Ұлы) Хазірет Баһа ул-Хақ уәд-Дин (Баһауддин) Нақшбанди – Хазірет Мәулана Яқуб Чархи – Хазірет Қожа Убайдулла Ахрар – Хазірет Мұхаммед Зәһид – Хазірет Мұхаммед Дәруіш – Хазірет Қожа Имканаги – Хазірет Қожа Бақибилла – Хазірет шейх Ахмет Сирһинди «мужаддид әлфи сәни» (мың жылдық жаңартушы) – Хазірет Мұхаммед Ма’сум (Мағсұм, Мақсұм) «’урату әл-усқа» (берік тұтқа)».
Бұл тізімде Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) рухани іліміне мұрагерлік қылған 23 әулиенің аттары аталса, құжаттың жалғасында «Хужаттулла» (Діннің құжаты) Хазірет Нақшбанди есімі келеді. Кейбір деректерде оны «екінші Нақшбанди» (Нақшбанди сәни) деп атаған.
Кейінгі кезекте «Муружуш-шари’а» (Шариғат насихатшысы) Хазірет шейх Убайдулла – Хазірет Қожа Мұхаммед Парса – Хазірет Шаһ Мұхаммед Раса – Хазірет шейх Абдулла және «жәнәб» (мырза), «қутбул-ақтаб» (құтыптар құтыбы), «мужаддид әл-уақт» (заманның жаңартушысы) Хазірет Шаһ Фазл Ахмет Ма’сумидың (Мағсұми, Мақсұми) есімдері аталады.
Одан әрі Хазірет Шаһ Фазл Ахмет Ма’сумидың аталары туралы мағлұмат келтірілген: «Хазірет шейх Нияз Ахмет ибн Хазірет шейх Мир Сафар Ахмет ибн «саид әл-‘ашиқин» (ғашықтардың сейіті) Хазірет шейх Мұхаммед Фазлулла ибн «‘амил хасанат ән-нәуәдир» (игі жақсылықтарды жасаушы) Хазірет шейх Абдулқадыр, олардың барлығына Алла Тағала разы болсын!»
Содан кейін Нақшбандия тариқатының 31-пірі – Құлболды ишан Оразай ишанға пірлік қылып, шәкірт тәрбиелеуге рұқсатын (ижазат) береді:
«Тариқатқа кірген аса мәртебелі, Алла сырларын қасиетті етсін, фәзилет пен кемел ақиқат саясында болған әрі мағрифат білгірі – Халифа Оразай ибн Бұғыбай узбик – ‘алия (мәртебелі, ұлы) Нақшбандия тариқаты сабақтарының тәртіп-түзімін басынан-аяғына дейін бітірді. … Алла Тағаланың разылығы үшін оған Нақшбандия тариқаты бойынша тәлім беруге ижазат (рұқсат) берілді».
Сондай-ақ Құлболды ишан бұл хатыршатты мынадай шарт негізінде бергенін айтып өтеді: «Шейхтық қылған тариқат жолының бекітілген шариғат талаптарын мүлтіксіз орындау және адал жолмен мал табудың парыз екенін әрдайым есте сақтау».
Сөз соңында «Алла Тағала осы тариқаттың ұстанушыларына көмекші болсын әрі биік мәртебелерге жеткізсін» деп, Пайғамбарымыздың қадір-қасиетін дәріптеп, оның ізінен ерушілерге биік дәрежелер нәсіп болуын тілейді.
Хатыршат һижра жыл санауымен 1271 жылы (милади 1854 жылы) берілген.
МӨР ҚҰПИЯСЫ
Құжатта Құлболды ишанға тиесілі мөр екі жерден басылған. Мөрде: «Султан хожа, Қул Мухаммад хожа» деген жазу бар. Мұндағы «Сұлтан қожа» – Құлболды ишанның әкесі болса, «Құл Мұхаммед қожа» – Құлболды ишанның өзі деген сөз. Бұл уәжімізге Құлболды ишанның немересі Әбдіхалық Фазылұлының 1906 жылы Мәдина қаласындағы «Махмудия» медресесінде жаздырған шежіресі дәлел. Онда Құлболды ишанның тегі – Хазірет Әлидің баласы Мұхаммед-Ханафиядан тарайтындығы көрсетілген. Хазірет Әлидің 35-ші ұрпағы – «Сұлтан Қожа», ал оның баласы – «Кәміл мүршит Мұхаммед Құлболды» деп жазылған (Шағырұлы Қ. Құлболды ишан. – Алматы: Arna-b, 2022., 273-бетте). Бұдан шығатын қорытынды, мөрдегі «Құл Мұхаммед қожа» мен шежіредегі «Мұхаммед Құлболды» – Құлболды ишанның түрленген есімдері. Тіпті мөрдегі жазу Құлболды ишанның шын есімі – «Құл-Мұхаммед» болғанын айғақтай түседі.
ҚҰЛБОЛДЫ ИШАННЫҢ ПІРІ КІМ?
Тарихи еңбектерде Құлболды ишанның Бұхара медресесін бітіргеннен кейін, білім жолын жалғастырып, Ауғанстанның Герат деген жеріне барғаны айтылады. Ол онда Айқожа, Марал, Қосым ишандармен бірге Суфи Мұхаммад Ислам шейх Каррухи Бұхари деген дін ғұламасына шәкірт түседі. Сөйтіп, олар төрт жылда оқуды үздік аяқтап, кәміл пірдің қолынан хатыршат алады. Бұл жайында Айқожа ишанға тиесілі хатыршатта анық айтылған: «Ишан Айқожа, біздегі ілім иелерінен өзінің ықыластығымен тариқат жолында ілгері ілім алып, ілімі Нақшбандия, яғни асхабтардың жолынан және бұл жолдағы амалымен біздерге лайықты болғанын көрсеткені үшін ижазат (рұқсат), яғни дипломын Ислам Шейх ұстазынан алып және бұл құжатты алуға мұстахақ, яғни құқылы екенін ағайын-туыстарынан ынталандыру болып, оған түсіндіріп және қадалаған…» (А. Уайсова. Айқожа ишан: Әулеттің асыл мұрасы. – Алматы: «Типография Print House Gerona», 2023., 15-16 бб.).
Енді мынаған назар аударайық, Құлболды ишан Оразай ишанға хатыршат бергенде, онда Нақшбандия пірлерінің соңынан өзінің (Ислам шейх) пірін атауы тиіс-тұғын. Бірақ құжатта ондай тұлғаның есімі кездеспейді. Демек, Суфи Мұхаммад Ислам шейх Каррухи Бұхари – Құлболды ишанның пірлерінің бірі болуы мүмкін. Өйткені, Оразай ишанға берілген хатыршатта Құлболды ишанның пірі – Хазірет Шаһ Фазл Ахмет Ма’суми деп көрсетілген.
Хазірет Шаһ Фазл Ахмет Ма’суми (Мағсұми, Мақсұми) – Пәкістанның Пешавар қаласындағы сопылық ілімнің әйгілі өкілдерінің бірі. Ол ел арасында «Хазірет Жио Сақып» (Ḥaz̤rat Jio Ṣāḥib) деген лақап атпен белгілі. Шын есімі – Ғұлам Мұхаммед болған. Бұл есім оның жеке мөрінде жазылған. Мөр хижраның 1225 жылы (м. 1810) жасалған. Ал мөрдің көшірмесі Пешевар университетінің сирек қорында сақталған (MSS 95/131).
Ата тегі – исламның екінші халифасы Омар ибн әл-Хаттабқа (р.а.) және Имам Раббани Ахмет Сирһиндидің үлкен ағасы Шаһ Абдурраззақ Фаруқиға барып тіреледі: Шаһ Фазл Ахмет – шейх Нияз Ахмет – Мир Сафар Ахмет – шейх Фазлулла – шейх Абдулқадыр – шейх Мұхаммед Әмин – шейх Абдурраззақ – шейх Абдул-Ахад Сирһинди (Имам Раббанидың әкесі)…
Шаһ Фазл Ахмет, шамамен, хижраның 1151 (1738) жылы Үндістанның Сирһинд қаласында дүниеге келген. Ол жастайынан білімге қызығып, фиқһ, хадис, тәпсір сияқты дін ілімдерін терең меңгерді. Нағашы атасы шейх Мұхаммед Расаның рухани тәрбиесінде болып, Нақшбандия-Мужаддидия жолын жалғастырды. Кейінірек ол шейх Абдул-Ахад Уахдат Сирһиндидің орынбасары Сейіт Абдулла Бұхаримен сұхбат құрып, одан Қадария және Чиштия тариқаттары бойынша изажат (рұқсат) алды. Ол бір сөзінде: «Мен ардақты Мир Сақыпқа (Сейіт Абдулла) көп қызмет еттім. Бұл нығметтерге (берекеттерге) оның жақын бауырластығы мен жақсылығының арқасында жеттім» – деп айтқан.
Оның ханакасы (білім ордасы) бұрын өзі тұрған Пешаварда болды. Нақшбандия тариқатын тарату үшін ол көптеген жерлерді аралап, Пешавардан Бұхараға дейін кемінде бес рет сапарға шыққан. Ол Ауғанстан мен Орта Азияда бірқатар ислам орталықтарын құрды. Тарихта оның Нақшбандия тариқатын алыс-жақын аймақтарға таратқан жүздеген халифасы (орынбасары) болғаны айтылады. Жергілікті билеушілер мен патшалар өздерін оның шәкірттерінің қатарына жатқызды. Соның ішінде Бұхараны билеген Әмір Шахмұрат пен Әмір Хайдар оны пір тұтқан.
Ол халыққа уағыз айтып, ізбасарларына фиқһ пен тасаууфтан сабақ беретін, әсіресе, Имам Раббанидың мактубаттарын (хаттарын) оқып, түсіндіретін. Бұл тариқатта пірлердің шәкірттерге «мактубат» үйретуі – қалыптасқан дәстүр саналады.
Шаһ Фазл Ахметтен «Рисолаи мардон», «Рисалаи фазлия», «Рисолаи шариф» атты парсы тілінде еңбектер қалған. Нақшбандия-Мужаддидия тариқатының әдіс-тәсілдерін баяндаған 8 беттік «Рисалаи шариф» еңбегі – Өзбекстан Республикасы Самарқанд қаласындағы Имам Бухари атындағы Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының сирек қорында (инв. №277) сақталған (Мехрожиддин Аманов. Орта Азия Нақшбандия-Мужаддидия тариқаты (XVIII-XIX ғасырлар). – Алматы, 2023. 32-бетте).
Ол хижраның 1231 жылы (1816) 30 зүл-хиджада қайтыс болды және Пәкістанның Пешавар қаласына жерленді. Оның қабірі мен ғибадатханасы (Мохалла Фазл-е Хақ (Mohalla Faz̤l-e Ḥaqq), Якатут) – рухани ізбасарлары үшін қасиетті зиярат орны болып табылады.
Ол туралы бұхаралық мүриттердің бірі – Сейіт Низам әд-Дин Балхи Мазари парсы тілінде «Тухфат әл-муршид» (Пірдің тартуы) деген еңбек жазған.
Шаһ Фазл Ахметтің өмірін зерттеген ғалым Валид Зиядтың айтуынша, Сібірдегі ұлы сопы ғұламалардың рухани силсиласы Фазл Ахметтен бастау алады. Шыңжаңдағы ең үлкен оқу орталықтарының бірі – Чоң медресесі де Қырғызстанның Ош қаласы арқылы оның рухани шежіресінің бір бөлігін құрайды (Валид Зиёд билан суҳбат, uzanalytics.com).
Шаһ Фазл Ахметтің өзінен бастап Хазірет Мұхаммед пайғамбарға дейінгі ұлық пірлер Құлболды ишанның Оразай ишанға берген хатыршатында толық жазылған. Ал Шаһ Фазыл Ахметтің өзінен өрбитін негізгі тізбектің пірлері мыналар: Шаһ Фазл Ахад Ма’суми (1286/1870 ж.ө) (ұлы) – Шейх Фазл Құддус (1324/1904 ж.ө) (немересі, Қоқанда өмір сүрген) – Шейх Фазл Ғаффар – Мәулана Шуджа ән-Нұр – Мәулана Абдулла Жан Фаруқи (2004 ж.ө). Бұдан бөлек Шаһ Фазл Ахметтің екі ұлы – Шейх Фазл Хақ пен Шейх Ғұлам Қадыр және күйеу баласы – Мир Ғұлам Ма’сумның аттары ерекше аталады (Shaykh Fazl-i Ahmad Faruqi Naqshandi Mujaddidi (1231 AH), maktabah.org).
Біздің қолымызда Құлболды ишанның пірінен алған «рұқсат хаты» болмаса да, оның Оразай ишанға берген хатыршаты үлкен маңызға ие. Яғни, біз осы құжат арқылы Құлболды ишанның пірі – Шаһ Фазл Ахмет Ма’суми болғанын білеміз.
Сондай-ақ, бір уақытта қатар өмір сүрген Құлболды ишан мен Айқожа ишанның рухани шежірелері Имам Раббани Ахмет Сирһиндидің баласы – Хазірет Мұхаммед Ма’сумға барып тіреледі.
Оразай ишан – Құлболды ишан – Хазірет Шаһ Фазл Ахмет Ма’суми – Хазірет шейх Абдулла – Хазірет Шаһ Мұхаммед Раса – Хазірет Қожа Мұхаммед Парса – Хазірет шейх Убайдулла – Хазірет Нақшбанди сәни (екінші) – Хазірет Мұхаммед Ма’сум – Имам Раббани Ахмет Сирһинди…
Айқожа ишан – Суфи Мұхаммед Ислам шейх Каррухи Бұхари – Суфи Ғайыпназар – Суфи Аллаяр – Суфи Навруз Шахрисабзий – шейх Хожи Хабибулла Бұхари – Хазірет Мұхаммед Ма’сум – Имам Раббани Ахмет Сирһинди… (А. Уайсова. Айқожа ишан: Әулеттің асыл мұрасы. – Алматы: «Типография Print House Gerona», 2023., 32-бетте: Айқожа ишанның силсиласы жазылған).
Бұйыртса, алдағы уақытта Құлболды ишанның хатыршаты мен мөрі, оқыған медреселері, тәлім алған пір-ұстаздары және Оразай ишан секілді ілім үйреткен шәкірттері туралы көлемді зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарымызда бар.
Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, ұлт тарихындағы үлкен орны бар тұлғаларымызды тануда – «хатыршат», «мөр» сияқты құнды жәдігерлерді зерттеп, ғылыми айналымға енгізудің маңызы өте зор. Сондай-ақ Құлболды ишан, Айқожа ишан, Оразай ишан секілді ардақтыларымыздың тағылымынан нәр алып, өскелең ұрпақтың бойына сіңіру де – біздің басты міндетіміз болмақ.
Бауыржан МЫРЗАҚҰЛ, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, ақын
Хатыршат иесі Фархат Сұлтанұлымен
(Оразай ишанның кенже баласы Жармұхаммед ишанның немересі)
(Алматы қ., 2023 ж.)
Оразайұлы Ахмет ишанның мөрі
«Ахмад хожи бин Рузи халифа (Халифа Оразай ұлы Ахмет қажы)», «А» бетте: һ. 1318 ж. (м. 1900 ж.)
«Б» бетте: һ. 1319 ж. (м. 1901 ж.)
Құлболды ишанның пірі –Хазірет Шаһ Фазл Ахмет Ма’сумидың мөрі Жасалған уақыты: һ. 1225 ж. (м. 1810 ж.) Көшірме Пәкістанның Пешавар университетінің сирек қорында сақталған (MSS 95/131)
ҚҰЛБОЛДЫ (ҚҰЛ-МҰХАММЕД) ИШАННЫҢ ОРАЗАЙ (РУЗИ) ИШАНҒА БЕРГЕН ХАТЫРШАТЫ (ХАТ-ИРШАД) ЖӘНЕ МӨРІ атты мақаласын жариялаған ғалым МЫРЗАҚҰЛ Бауыржанға Бұғыбай ұлы Оразай Ишанның ұрпақтары атынан Алғысымды білдіремін. Мақаладағы мәліметтердің біразы бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған, нағыз ғылыми жаңалық деп түсініп отырмын. Ол мәліметтер тек қана Оразай Ишанның ұрпақтарына ғана емес, Түркі тектес діні Мұсылман барлық халықтарға өз тарихын біле жүруіне көп септігін тигізетініне кәміл сенемін. Таңдаған бағытынан таймай, еңбектерін жалғастырып, халықтың алғысы мен жоғары бағасына ие болуына тілектеспін.