Ғалымның хаты

Бет алдың Құбыла

Мұхтар Әуезов - 125

Қазақ даласының XVII- ғасырдың соңы мен XVIII-ғасырдың басында алапат сұмдықты басынан өткізгені жалпыға белгілі. Шығыстан кірген жау жолындағының бәрін жайпап, Сырдың жағасына барып бір-ақ тоқтады. Ақтабан шұбырындыға ұрынған халық Алқа көлге жетіп, сұлап түсті. Халық есін жиып, жиылып бір мәмілеге келіп, қол жасақтап, қолбасшы сайлап, жауға қарсы тұруға дейін 20-30 жыл өтіп кетті. Жауды елден қуып шығуға және 20-30 жыл кетті. Жаудан азат болған өз жайлауы мен қыстауына келіп қайта орналасу үшін кемінде 40-50-жыл және кетті. Міне, осы бір ғасырға созылған қасірет халықтың жоңғар шабуылынан алдыңғы тарихының көпшілігін есінен шығарып жіберді. Олай деуге бірден бір дәлел – осы күнгі Семей өлкесін мекендеген Тобықты руы Атбасардан Шыңғысқа дейін 40-жылға жуық көшіпті. Демек, алғашқы толқындағы үдере көшкен қауымның ішінде он жасар бала ілесіп кетсе, бір ғасырдан соң сол он жасар баланың шөбересі мен шөпшегі қайтып келді. Қазақта «мүшел ішіндегі бірге қартаяды» деген сөз бар. Бір мүшел он үш жас. Ал алғашқы үркіншілікте алпыс жаста елден кеткен бейшараның өзі тұрмақ баласы, немересі де жат жұртта қалды ғой. Елдің өткенін, ата тарихын білетін, міне, осылар еді. Аламан-тасыр, алма-ғайып замандағы көп жайттар осылай қолдан шықты.

Үш толқын ұрпақ шетте қалған соң елдің өткенін білетін, тарихын айтатын ешкім қалмайды. Бүгінгі күнгі қасірет осы жерде. Елге оралу жай оралу емес, ер өліп, елдік сынға түскен, ата мен ата, ру мен ру болып жағаласқан заман болды. Осы жайлардың барлығы ел ішінде елең етер еті тірінің маңдайына жазылып, таңдайына татитын тауқымет еді. Ал елдің тарихын бажайлап, ара жігін ажыратып, саралайтын да көзі ашық, көкірегі ояу осы аз ғана топ еді.

Ислам дінін бұл алқапқа алғаш кім алып келгені жайлы дерек жоғарыдағы қасіреттің салдарынан естен шыққан. Бірақ, бұл жердегі халықтың мұсылман екеніне еш күмән жоқ. Олай деп айтуымыздың және бір дәлелді себебі – осы өлкенің абызы болған Әнет бабаның жоңғар қырғыны кезінде Сырға ауғанда түйенің қомында кеткен бала болғаны, кейіннен ер жетіп, Бұхарада білім алғаны және жасы келіп қартайғанда елге орала алмай, қарт Қаратаудың күн батыс бетінде, жол жиегіндегі жаппа тастың үстінде отырып, Алты момынның елге бет түзеген көшін көзі мен шығарып салуы. Ислам діні бұл арада болмаса Әнет баба қайда барып оқуды және кімнен оқуды білмеген болар еді. Исламнан хабары жоқ елдің перзенті ислам оқуын іздеп, ислам туын тіккен елді-мекенді, қаланы дұрыс таңдап алмаған болар еді.

Ал «Ақтабан-шұбырынды» кезінде бұл елдің Сырдың төменгі ағысына қарап шұбағанына қарағанда жоғарыдағы біз айтқан Исхақ бабтың мектебінен сабақ алып, ел ішінде ислам қағидаларын насихаттап жүрген қауымның болғанына күмән қалмайды. Қазақ қаумында «бет алдың құбыла» деген мәтел бар, мағынасы жөн таппасаң құбылаға қарап жүр. Яғни, саған тілеулес ел құбылаңда, сол жақтан басыңа пана табасың деген сөз.

Халық даналығы бұл жерде алдаған жоқ. Бас бірлігі кетіп, азып, тозған ел, Сырдың бойынан басына пана тауып, түгел қырылып қалудан аман қалды. Шәкәрім қажының айтуынша, тобықты Мұғаджар тауларына дейін төмендеп барып қайтқанға ұқсайды. Соғыстың аты соғыс, өлгенінің артынан өлмек жоқ. Есін жиып, етегін жапқан халықтың елін көздейтініне күмән жоқ. Бір ғасырдан артық жер ауған халық өз отанына қайтуды арман етсе де асығыстық жасаған жоқ. «Аузы күйген айранды да үріп ішеді». Елден хабар алып отырған ел ағалары Мамай батыр бастаған топ Шыңғыс аймағы қалмағы мен жоңғары тұрмақ, кері қайтқан Алтай, Тарбағатай маңының тумалары, өз туыстарымызда ата қонысты босатқан кезді күтіп, қолайлы сәті келгенде ғана ата қонысқа келіп орналасқан.

Келгені Тобықтының осы маңға

Мың жеті жүз сексенге тақағанда.

Елді бастап әкелген Мамай батыр,

Орда, Көкен, Ащысу, Доғалаңға,–дейді Шәкәрім қажы.

Бахшайыш қожалардан «Ақтабан шұбырындыдан» соң Шыңғыс маңына алғашқы келген кім? Қабдеш Жұмаділов «Ақтайлақ би алып келді» деген пікір айтады (Прометей алауы).

Ақтайлақ би Байқара ұлы 1742- жылы дүниеге келіп 1838-жылы дүниеден өткен адам. Әкесі Байқара би Құттыбайұлы 1716- жылы дүниеге келіп, 1791- жылы дүниеден өткен.

Аягөз қаласында Бағдад Оралбаев деген азамат тұрады. Сол маңның перзенті. Сонда ер жеткен, оқыған, қызмет істеген, үйленген, өскен, өнген жан. Семейдегі Әділбай бауырымның нұсқауымен осы Бағдадты іздеп таптым. Бағдад сол маңайдағы туған-туысқанды тапты. Сол маңдағы қожалардың үш ғасырдан бергі ата қонысы Қарабұлаққа барғанымызда жасы тоқсаннан асқан Ыбыраев Тойтан есімді ақсақалмен кездестік. Тойтан қария айтады:

– Бұл қожалар Арқаға ең алғаш Аягөз маңына келген. Ұл өсіп, қоныс кеңейген соң, қыз өсіп, өріс кеңейген соң бұрынғыдай елге сыя бермей, малдың өрісіне, көштің қонысына елара алакөздік пайда бола бастаған соң, Қарақол өзенінен төменірек Жанама деген жерге келіп тыныстайды. Қожалардың үлкені Кәдірбайдің ұлы бастап, орыс билеушілеріне тоқсан сиыр сыйға беріп, Ақшәуліден Мыңбұлақтың асуына дейінгі алпыс мың га жерді түпкілікті қоныс етіп, кестіріп алған. Міне, осы Кәдірбай ұлы (қазірше аты мәлімсіз) осы маңдағы қожалардың басын қосып, жоғарғы билікке жер туралы арыз жазғанда барлығын бір атаның баласы етіп, Саяқтың балалары – Саяқовтар деп қол қойған болады. Ал шын мәнінде Өзбек қожа мен Сұлтанқожа туысқан болуы мүмкін.

Тойтан ақсақал 1938- жылы әскер қатарына шақырылып, екі жылдан соң енді елге қайтамыз деп тұрғанда Ұлы Отан соғысы басталып, тағы да төрт жыл әскерде болады. Міне, осынау қанды қасапта біз әрдайым Саяқып бабаны ауызға алып, сыйынып отыратынбыз. Ел арасында бәйгеге ат қосқанда ұранымыз Саяқып болатын, балуан күресте қожалардан түскен балуан «Я! Саяқып баба!» -деп айқайға басатын дейді. Осы сөзді бір кездері күреске түсіп өз қатарынан кейін қалмаған Әлсейітов Тұртай аға да мақұлдап, «өзім талай ауызға Саяқып бабаны алғамын» деп отыр. Бұл ағайын тегіс өздерін Саяқыптың ұрпағымыз деп біледі. Бірақ, Бердіқожамен туыстығына күмән келтіреді.

Осы жерде және бір қажетті мәлімет алдық. Мен қолда бар деректерді айтып, Арқаға Түркістаннан Бақшайыш қожаларды алып келген Кеңгірбай би ме, әлде Ақтайлақ би ме? деп сұрадым. Тойтан ақсақал:

– Бұл сұрағыңды Аягөздегі марқұм Шайханқаридің кемпірі, атақты Камал молланың келіні, Үміткен карияға бар. Сол кісі бәрін айтып береді. Мен жақын арада сөйлестім, айтқанынан жаңылмайды деп кеңес берді,- деді.

Ертесіне Бағдад екеуміз Үміткен апаны іздеп таптық. Жетпісті жарылап қойған адам секілді емес, қария шын мәнінде әлі тың. Бізбен бірталай уақыт әңгімелескенде тіпті шаршамады. Бұл әже былай деді:

– Шайхахмет ата бірінші келіп ноғайдың қызын алады, аты Шәріпжамал болуы керек. Бұл кісінің келуінде бір талай хикая, кереметтер болған. Алғаш келгенінде сол елдің мешітінің имамының түсінде «Ертең елдеріңе бір қонақ келеді, күтіп алыңдар» деген аян болады. Ертесіне жұрт жолға қарап жүрсе өзеннің арғы бетінен бір салт атты көрінеді. Өзенде сең жүріп жатқан мезгіл екен. Жолаушы арғы бетте атынан түсіп, дәрет алып екінді намазын оқиды. Бергі бетте халық не болар екен деп күтіп тұрады. Намазды оқып болып атқа мінген жолаушы атты өзенге салады. Аттың тұяғының астына кілем пайда болып, ат сырғып өзеннен өте шығады. Күтіп тұрған халайық алдынан шығып тосып алады. Жолаушы іркілмей мешітке келіп, сапар намазын оқып болып көпшілікпен араласады. Байғара би ел шетіне бір оқымысты жас бала келді деген соң адам жіберіп шақыртып алып, қонақ етеді. Қонақтардың ішінде бір бай баланы менсінбей, осы баланың кереметін мен көрейін, қолынан түкте келе қоймас деп түйеді. Бай үйіне келген соң бәйбішесі тырдай жалаңаш шешініп тастап, жылқыдан өмірінде жүген, құрық тимеген айғырды ұстап мініп, жалын екі айырып тізгін істеп шауып жөнеледі. Бай мұны көріп өзінің жаңылысқанын біледі. Жалма-жан атына міне шауып, молда бала мейман болып отырған ауылға келіп: «Тақсыр жаздым, жаңылдым. Мен Сізді сынайын деп едім, мені Алла сынады. Бәйбішемді қайтадан қалпына келтіріңіз,– деп өтініш жасайды. Жас бала ештеңе деместен жай жымиып күледі де:

– Барыңыз, қайта беріңіз,– деп батасын беріп қайтарады. Келсе бәйбіше киімін киіп, баяғы қалпында үйінде отырады. Бай ертеңіне баланы үйіне шақырып, бір жылқысын сойып қонақ етіп, алдына үйірлі жылқы салып береді. Байқара би баланың кереметін көрген соң Созақтан көшіріп алады. Мұны осы маңдағы халық қолдап осында мекендеп қалады. Өзі осы маңнан үйленеді. Балаларына көбінесе осы Аягөз маңынан қайын жұрт таңдайды. Міне, осыдан біздің әулет Байғараны көп айтады.

Ақтайлақ бұл араға кейіннен қосылады. Міне, осылай келіп Шайхыахмет – Камал – Шаяхмет – Әлима – Мырзағали – Нұрқия –Үміткен болып тарайды. Үміткен қазір жетпістің үстінде. Үміткеннің ұлы мен немересін қоссақ тоғыз атаға барып жығылады. Әр атаға отыз жылдан берсек екі ғасырдан асады.

Байғара би әлемнен 1791- жылы өткен, арада екі жүз он жеті жыл бар. Егер қожаларды Арқаға алып келген Байғара би болса, бұл 1780- жылдардың көлемі болмақ керек. Себебі, Аягөз маңындағы қожалар ауызға Байғара биді алады. Бірінші көргені Ақтайлақ би болса, осы кісіні аузына алуы керек еді. Мал сойып, басына түнемегі Ақтайлақ биге тиесілі болар еді.

Біздің қолымыздағы дерек бойынша Әуезхан Бердіқожа ұлы 1830- дүниеге келген. Егер Бердіқожа Әуезханнан 40 жас үлкен болса 1790-жылы туған болады. Әбдіқожа Бердіқожадан 40 жас үлкен болса 1750- жылы дүниеге келген болады.

Түркістаннан қожаларды Байғара бидің айтуымен Ақтайлақ би алып келген болса 1780- жылдарына тура келеді. Бұл Ақтайлақ бидің 40-жас ердің кемеліне келген кезі. Олай болса қожаларға басшы болып келген Әбдіқожа (шежіреде Әбибіқожа) болады. Әбдіқожа Арқаға келгенде 30-35-жастың арасындағы жігіт ағасы.

Исабаев Бекен ағаның жол бастауымен Бетағаштағы қожалар қорымын іздеп, Архат тауына келдік. Архат ауылының әкімі шын ықыласпен көмектесуге пейіл білдіріп, тездікпен түскі шайды ұйымдастырып үйге бастады. Бұл ол азаматқа меймандарды дәм татқызумен бірге жол басшыны ұйымдастыру да керек екен. Біз шайланып болғанда осы маңның бір білгірі Зікеш Мағзұмұлы дайын болды.

Архат тауындағы қожалар бейітіндегі мол тас үйіп өз алдына белгілеп қойған моланы Архат ауылының тұрғыны Зікеш Мағзұмұлы жаңылыспай тауып барды. Моланың маңында бір қыдыру мазарлар бар. Бір қам қыштан соғылған қорғаншаның құлап қалған орны бар. Және бір таспен қоршалған қорымның ішінде бес-алты адам қойылған қарамы көрінеді. Жалпы, қорымдағы қойылған мүрденің қарамына қарап қожалар бұл жерді кемінде 20-30-жыл мекен еткенге ұқсайды.

Бізге жол басшы болып жүрген Зікеш аға:

– Біз білетін қожалардың қорымы осы. Осында келіп ел тасаттық береді. Зиярат қылады. Құрбандық шалады. Мына қоңырда қожалардың күл төкпесі, жұрты бар,– деп қолмен қойғандай етіп түсіндірді. – Мен білетін қожаның аты Саяқ, Саяқып деген атау кейін шығып жүр. Саяқ бұл қожаның лақап аты. Шын аты Әбдіқожа,– деді. Үйіне ертіп барып 2001- жылы баспадан шыққан «Тобықты-Шыңғыстау» шежіресі атты кітаптың 101-102- бетіндегі «Шыңғыс таудағы қожалар» атты бөлімінде қожалардың басына Саяқып жақша ішіне (Әбдіқожа) деп жазып, соңынан осы ұрпақты өрбіткенін көрсетті.

Біздің іздеп жүргеніміз де осы Әбдіқожа ата. Шежіреде Әбибі қожа деп жазылған. Әбибіқожа мен Әбдіқожа бір адам.

Саяқып (Әбдіқожа) деп басталатын шежірені Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің музейінде көрген едім. Бұл жайды Төкен Ибрагимов ағаға айтқанымда аға: «Саяқып қожаны қосып жүрген біз едік»,– деді-дағы, арғы жағын айтуға құлқы болмады. Әлдеқалай айтуға болмайтын жай бар шығар деп менде қазбаламауды жөн көрдім.

Бекен Исабаев айтады: «Саяқып, Берді Архат жеріне Мамай батырмен бірге барды. Қожаларға Архаттан қонысты Мамай батыр алып берді дегенге қатысты пікіріміз былай: Алдымен Кеңгірбай мен Мамайды елді Шыңғысқа бастап әкелуде, орнықтыруда бір-бірінен бөлектемеу керек. Ол кез Архатты найманның Ақымбет атасы жайлап отырған. Одан соң қожалар олармен ере келсе ол басшылар Ақымбеттен Архатты алып бере қойдының реті жоқ. Ол кезде Шыңғысқа сыймай жатқан тобықты әулеті көп емес. Кеңгірбай мен Мамай өздеріне ере келген пірлерін өз қастарында ұстаса керек. Қалай десең де Шыңғыс жерінде « Әнеттің Қызыл шоқысы» мен Бөріліден өзге қожалар қоныс еткен жер жоқ»[1].

Бердіқожа – Әбдіқожаның баласы, бұл бір. Екінші, қожалар найманнан Тобықтының ішіне келгенде көшті Бердіқожа бастап келген. Себебі, Мұхтар Әуезовтің өзі жайындағы мағлұматқа көз салсаңыз бұл мәселе ашыла қояды. «Тобықты ішіне менің үшінші бабам Бердіқожа бірталай туысқандарын ертіп найман ішінен келген. Ол Құнанбай заманы. Құнанбайдың шақыруымен келгенге ұқсайды. Ең әуелі шыққан жерлері ол кезде Алматы жағы болса керек. Бердіқожа тобықты ішіне келген соң бірталай өмір сүрді. Артынан бір қызын Құнанбай тоқалдыққа алған. Сонымен бұл елмен құдандалды болып, Тобықты ішінен қоныс алып, мекен етіп тұрып қалған. «Бердіқожа өзге қожаларша қожалық етіп, үгіт айтып, дінге үйретіп жүрді ме, жүрмеді ме, оны білмеймін.  «Солай қылды» деген сөзді естігенім жоқ. Одан бері үлкен әкем Әуез, өз әкем Омархан аты қожа дегені болмаса, қожалықтың жолында істеген өзге қара қазақтан бөтен ешбір іс қылған жоқ. Өйткені, тобықты іші ертеден соншалық діндар, соншалық надан да ел болмаған сияқты. Ішінен Құнанбай, Абай сияқты кісілер шыққан соң фанатизм, қараңғы наным азайып, ақылға бой ұрғыш, көзі ашықтау ел сияқты болғанға ұқсайды. Сондықтан бұл елдегі қожа да көптің ауқымына түсіп, бұрынғы ата кәсібінен жаңылып кеткен сияқты. Менің үлкен әкем 1918- жылы дүниеден өтті. Өз әкем 1909- жылы дүниеден өтіп еді. Бұлардың ішінде қайсысында да діндарлық, сопылық сияқты ерекше белгісі жоқ, қайта әр нәрсеге Абай үлгісімен, ақылымен қарауға тырысушы еді. Абайдың сондайлық ұстаздық, үгітшілдік әсерін мен кішкентай бала кезімнен өз әкелерімнің қалпынан да анық көруіме болушы еді.

Ауылымызда өздерін «қожа» деп көп айтпай, Құнанбайдың балаларымен, немерелерімен араласып кеткен туысқан есепті санайтын. Осының барлығының салдарынан менің үлкен әкемнің жас шағынан бері қарай бұл қожалардың қиялдаған нәрсесі өзге қара қазақтың әдеп-салтынан айырылмағандай болады. Ауылдың үлкендері болса, бәйге ат ұстап, ас пен тойда ат қосуды салт қылып, күрескіштікті өнер көріп, бір алуаны мал баққыш, жауынгер, ұры түсіргіштікті салт қылып, кейбірі сауықты, аңшылықты әдет қылып, көп күндері сонымен өткендей. Өзім туып, ес біле бастағанда ауылымыздың қара қазақтығы, маңайдағы елдің қалпынан биттей де айрылмайтын сияқты еді. Сондықтан бала күнімнен қожалық деген нәрсенің салт-пішіні қайсы екенін өз ауылымнан көріп білген емеспін»[2].

Т. Жұртбай бұл жерде дөп басып, Әбдіқожаның қабірі Архатта, ал Тобықтыға қожаларды Бердіқожаның бастап келгенін айтып отыр. Бұл жердегі шығатын бір ұйғарым Бердіқожаның қабірі Шыңғыстағы «Қызыл шоқыда» қалғаны. Қожалар Қызыл шоқыдан Әуездің басшылығымен кетті. Абайдан Бөріліні сұрап алған Әуез. Бұл кезде Құнанбай да, Бердіқожада өмірден озған.

Бердіқожаның сүйегі Қызылшоқы ішіндегі қоныста болуы керек. Бөріліге көшіп келгенде, шамамен 1890-95- жылдары Бердіқожа бар болса жасы жүздің үстінде болады. Осы жерде каза болса қабірі Бөріліде, болмаса Ақ шоқыда болуы керек еді. Әуез секілді исламды тұтынған, діні берік адам өз әкесінің қабірін қадір тұтпады, ұмытып кетті деу ақылға сыймайды.

Кешегі қызыл қырғындағы аласапыранда, елдік дегеннің не екенін білмейтін есерге билік тиген заманда Құнанбайдың ұрпағымен қосып аз үйлі қожаларды да торғайдай

тоздырып жіберді. Сол әулеттің бір мүшесі Ахмет Әуезов Сарыағаш қаласында тұрды. Журналист Жақыпбек Аяшев жазып алып «Бала Мұхтар» деген атпен жарық көрген шағын кітапшада осы жайға ептеп сәуле түсіреді.

«Қызылшоқыға Шәкәрім (Құнанбайдың үлкен әйелі Күңкеден туған Құдайбердінің баласы) келіп, шұрайлы алқапқа көзін тігіп, үлкен қожа ауылына қаһарын төкті. Көптен бері ауыл аралас, қой қоралас жатқан атам Әуездің ауылына Шәкәрім бүлік ала келіп, әлек салды.

– Менің әкем Құдайберді де Құнанбайдан тұған. Менен басқа Құнанбайдың бар балалары қалаған жерлерінде отырғанда, мен неге тиісті үлесімді ала алмаймын. Мына қожалар отырған Қызылшоқы тап маған лайық. Алып беріңдер. Болмаса туыс емес дегендерің деп білем, -деп Шәкәрім Абайға алыста жатып сөз салды.

Абайдан жылдам жауап алмаған Шәкәрім арнайы Абайға өзі келді. Амандық біліскен соң Шәкәрім көп бөгелмей, келген жұмысын айта отырды.

– Абай аға, өзіңнің хабарың бар,– деді Шәкәрім. – Марқұм тәтеміз[3] Қисықтың Жұмақанымен жаулықты тастап, құда болған. Ақылбайға Ізханды айттырғанда Жұмақанның қалың малға сұрағаны осы Архат болған. Тәтем Жұмаханның бұл тілегін орындап, Архатты оған беріп, қожаларды Қызылшоқыға көшірген еді ғой. Мен саған-ау, Абай, жаның ауыратын нәрсе тілек етіп отырғаным жоқ. Өз сыбағам. Егер мені туысқаным десең, Қызылшоқыны маған бер. Болмаса меннен без де, кірме, қожаңмен бола бер.

Мұхтар Әуезов өз қолымен «тобықты ішіне менің үшінші атам Бердіқожа бірталай туысқандарын ертіп, найман ішінен келген» дейді. Бұл Мұхаңның ақылға толысқан, кемеліне келген шағы. Әрі десе бір қиыншылық кез емес, еркін отырып, ойланып жазатын уақыт болғанға ұқсайды. Мұхаң секілді әр бір сөздің емес, әріптің қадірін есептеп отыратын жан бір әулеттің тағдыры шешіліп тұрған сәтте көріне қиянатқа бара қоймас. Ал Ахмет ақсақал ол кезде тіпті, жас бала. Бұл сөздерді өз құлағымен есіткен жоқ, білсе де айтты-айтты мен ғана біледі. Әуез Абайға келіп:

– Абайжан құлақ сал! Қызылшоқы үшін Құнекеңнің балаларының арасына іріткі салғым келмейді. Заманның өзі оқығанды, білімдар болғанды қалап отыр. Мақсұтым балаларым мен немерелеріме орыс білімін, орыс мәдениетін беру. Мына Қызылшоқы болса Семейге 250 шақырым. Бұл дөңгелек шаруа, қолы келте, маған оңай соқпайды. Рұқсат етсең, Бөріліге бара қойсам деген ниетпен келдім.

– Әуке аға, мен де көптен бері Сізден осыны күтіп жүр едім, -деп, Абай балаша қуанды. – Иә, Халилулланың орысша білім алғанына менімен бірге қызығып, құмартатыныңызды сезуші едім. Халел мырзаның талай жазған хатын оқыған едіңіз. Менің де аяулы інім Халелге жазған хатым сіздің қолыңыздан өтуші еді. Мына ойыңызға шын ризамын. Естілігіңізді және бір рет анықтадыңыз[4].

Құнанбай Өскенбайұлы 1886- жылы әлемнен өтті. Мұхтар Әуезов 1897-жылы дүниеге келді. Әбдіқожа қабірінің Архаттың тауында жатқанына күдік жоқ. Егер Құнанбай дүние салғанша қожалар Архаттың тауында тұрған болса Бердіқожаның мазары Архаттың тауындағы қожалар қорымында болады.

Сейтомар Саттаров-«Мұхтар Әуезовтың ата тегі» Алматы-«Жібек жолы»-2010

270-277-беттер

 

[1] Ұлылар мекені, 527-бет.

[2] Т. Жұртбай. Бесігіңді түзе. 28-29- беттер             .-4-

[3] Балалары Құнанбайды тәтеміз дейтін, авт

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button