«Әкең – сүдір, сен – орақ, Мәмедәлі Содан-ақ көрмейсің бе кемдігіңді»
2007 жылы жарық көрген «Мәделіқожа» кітабында батырдың бұрын талай мәрте жарияланған 12 шумақтан тұратын Майлықожа ақын екеуінің арасында болған айтыстың бұрын кем тараған тағы 4 шумағы алғаш рет басылған болатын. Ол шумақтардың алғашқы екі екеуі бұрыннан белгілі нұсқасындағы сөз жолдарымен үндес келгенімен, соңғы екі шумағында бар тың деректер біраз ой тудырғаны бар-ды. Бұл 2 шумақ мынадай болып келеді:
Мәделіқожа:
Ақтабоз атқа саламын терлігімді,
Дұшпанға қылып жүрмін ерлігімді.
Әкем Жүсіп тәуір-ақ адам болса
Қай жерімнен көресің кемдігімді?
Майлықожа:
Ақтабоз атқа саласың терлігіңді,
Дұшпанға қылып жүрсің ерлігіңді.
Әкең – сүдір, сен – орақ, Мәмедәлі
Сонан-ақ білмейсің ба кемдігіңді?!1
Бұл төрт шумақты аталмыш кітапты баспаға дайындап жатқанымда, Мәделіқожа мен Майлықожаның дүниелерін жинастыруда алдына жан салмаған жыршы Тұрсынәлі Айнабековтың «қалып қалмасын, Абдолла қарымен хабарласып кіргіз» деп сәлем айтып жібергеннен кейін, інім Сералыны жіберіп жаздыртып алғанмын. Осы шумақтарды жатқа білетін Абдолла Жолдасов елге танымал діндар ғалым, ХХ ғасырдың екінші жартысында Бұқардағы әйгілі Мір-Араб медресесін бітірген алғашқы қазақ екенін, мұның барлығын кейіндері есітіп білгенмін. Кітап шыққан соң, бірнеше жыл тастап осы кісінің өзімен жүздесудің сәті түскенде, Абдолла қары осындағы Майлықожа ақынның ауызға алған «сүдір» мен «орақ» сөздерінің нені білдіретінін, неге батырдың аты «Мәмедәлі» болып айтылғаны жөнінде әңгімелеп берген еді. Ағамыздың айтуынша Мәмедәлі делінетіні – оның бала кезінде бабасы Қожаханнан естіген, жадында осылай сақталып қалған батырдың есімі болып шықты. Қожаханның әкесі Имат ишан Майлықожа ақынмен туыстық қатынаста болған, сол себепті бабасы әйгілі ақынмен қарын бөле боламын деп айтып отырады екен. Абдолла қары әңгімесінде бұрынғының қариялары Мәделіқожаны – Мәделі датқа, ал Майлықожаны – Майлы ақын деп айтатын, қазір оның бәрі қалды дей отырып, Қожахан бабасынан сүдір мен орақтың не білдіретінін сұрағанында, ол кісі: «Орақ – датқа дегеннің қазақша түрі, ал сүдірді сол бойы біле алмадым» деп жауап берген еді деп есіне алды. Содан Абдолла ағамыз талай жылдар бойы осы мансабтың не білдіргенін, оны иемденген адамның қандай құқықтарға иелік еткенін білгісі келіп біраз уақыт ізденіпті. Төменде Абдолла қарының осы мәселеге қатысты диктофонға айтып бергенінен үзінді келтірейін:
«Бірде менің қолыма Әбул Хасан-ат Әбдулхай Маргулани деген ғұлама ғалымның бір кітабы тиді. Кітаптың маңдайында қасқайтып «Садыр Ағзам» деп жазып қойған екен. «Садыр» сөзі «сүдір» сөзінің жекешесі де, «сүдір» көпшесі. «Садыр» деген, негізі көкірек деген сөз. Адамның кеудесі көрінеді ғой, содан көзге көрінетін, айтулы кісілерді осы сөзбен бейнелеген. Бірақ бәрібір бұл сөз ана сүдір дегенге дәлел бола алмайды…
Әмір Темірдің «Тузук-и Тимур» деген кітабы бар, «Уложения Тимура», сол кітапта сүдір бар екен. Сонда сүдір – ол үлкен мансап екен. Мемлекеттегі мүфтиі бар, қази, сондай кісілердің орнына, айтайық олар ауырып-сырқап қалса, кейде қателесіп жатса, жеке басында кемшіліктері болса соларды тексеруге қатысатын, ауыстырып отыратын адам болған екен. Яғни сүдірлер мемлекеттегі үлкен лауазымды кісілер болып, қази, мүфтилер оларға есеп береді екен. Сондай дәрежедегі адамдарды сүдір дейді. Жүсіп сондай дәрежеге жеткен екен. Кейін Майлықожаның Жолбарыс деген баласының айтқан мына сөзін естідім:
Амалы Мәделінің сүдір болды,
Шылауында шілтен мен қыдыр болды.
Демек кейін Мәделі де сүдірге қолы жеткен екен деген қорытынды шығады бұл сөзден»2.
Сөз соңында Абдолла қары «сүдір» ауыр қылмыс жасаған кісіні жеке өзінің шешімімен өлімге кесуге құқығы болған дегенді де қосып, бұл мансап жайлы арнайы мақала жазғанын, онысын Қазақ Ғылым Академиясының бір ғылыми жиынында оқып, жинаққа енгізгенін де айтты.
Міне, енді осы, бүгіндері мағынасы мүлдем ұмытылған жоғары екі лауазым туралы сөз бастамас алдын, сүдірдің де, орақтың да Қоқан хандығында қолданыста болған мансаптардың қатарына жатпайтынын ескертіп,3 олардың тек Бұқар әмірлігіне қатысты қарастырылатыны жөнінде басып айтқым келеді. Алайда, ескілікте, «орақ» дегенді білмедім, ал «сүдірдің» Орта Азия хандықтарынан басқа да мұсылман елдерінде әр замандарда қолданыста болғаны жөнінде мәліметтер бар болып шықты.
Сонымен әкелі-балалы батырлар Жүсіпқожа мен Мәделіқожаға айтылған осы бұқарлық мансаптарға оралсақ, олар жайлы мәліметті 1948 жылы шыққан «Советское востоковедение» жинағының V-томында жарық көрген «Трактат о чинах и званиях и об обязанностях их носителей их в средневековой Бухаре»4 – «Ортағасырлық Бұқардағы лауазымдар мен мансаптар жайлы, және оларға артылатын міндеттер хақында жазба» атты зерттеуден оқып білудің сәті түсті. Қолжазбаны аударған орыс совет ғалымы А.А. Семенов бұл шығарманың қағазға түсірілген кезін ХХ ғасырдың басы екендігін баяндай келіп, оны түрлі ескі қолжазбалардан алынған бөліктер құрағанын арнайы атап өтіп, мәтіннің негізгі бөлігінің жазылған уақытын XVIII ғасырмен шектеуді дұрыс көріпті.
Осыған байланысты, Абдолла қарының сүйенген «Тузук-и Тимур» кітабындағы «сүдір» туралы мәліметтің бұқарлық қолжазбада келтірілген деректерден кемінде 2-3 ғасыр бөліп тұрғанын ескеріп, «Трактат о чинах и званиях и об обязанностях их носителей их в средневековой Бухаре» қолжазбасындағы мәліметтердің біз үшін әлде-қайда жақын жатқанын, ондағы деректердің салмағы әлдеқайда маңыздырақ екендігін мойындауымыз керек. Оның үстіне кейбір лауазымдардың мән-мағынасы заман ағымына қарай біртіндеп өзгеріп кетіп, кейбірде тіпті мүлдем қолданыстан шығып кететіні тарих беттерінен белгілі. Алысқа бармай-ақ, Түрік Қағанаты, Алтын Орда хандығы мен Осман сұлтандығында мағынасы өте жоғары болған «хатун» атауының қазіргі күні қазақ арасында қандай аянышты күй кешіп жүргенін есімізге алсақ, соның өзі де көп нәрсені аңғартады.
Енді жоғарыда аталған екі лауазым жайлы Бұқар әмірлігінің тарихында соңғы болып жоғарғы қазылық қызмет атқарған – кази-кәлан болған Шарифжан-мағзұмның ескі қолжазбаларға сүйене отырып жазған еңбегінде не делінгенімен жақын танысып шығалық.
Бұл қолжазбада Бұқар әмірлігінде билік басында отырғандардан кейін екінші қатарда төрт лауазым, олардан бір саты төмен тұрған төрт-төртке бөлінген сегіз лауазым болған деп айтылған екен. Осы екінші сатыдағы мансаптардың алғашқы төртеуі Әзіреті Әлінің ұлы имам Құсайынның тікелей ұрпақтарына жататын сейіт қожалардың ғана меншігінде болыпты. Солардың ішінде үшінші дәрежедегісі «ұлы орақ» деп аталыныпты. Оның міндетіне – әскер қатарындағы тегі сейіт жауынгерлерді шариғатқа сай басқару, солардың басшысы қызметін атқару жатыпты. Әсте, сейіттердің бұл әскери тобы Бұқар әмірлігінде еуропалық «гвардия» іспеттес қарастырылған болса керек. Бұдан бөлек аталмыш қолжазбада Бұқар әмірлігінде «кіші орақ» деген де лауазым бар болып шықты. Оның иесі әмір мен оның жанындағы басқа да ұлықтардың жеке қызметшілерін (бас киімдерді сақтайтын, аяқ киімдерге жауапты, атқосшы, т.б.) басқарған екен. Жалпы орақ мансабын иемденген мемлекеттік қайраткерлер ХХ ғасырдың 20-шы жылдары Бұқар әмірлігі жойылғанша кездесіп отырған. Мысалы, Бұқар әмірлігі Ресей империясына тәуелді болған соң, 1893 жылы Сейіт-Абдул-Ахад-Баһадүр-хан Санкт-Петербургке барған кезінде жүргізген күнделігінде оның бас уәзірлерінің қатарында Абул-Феш-Қожа-Орақ деген кісінің есімі аталады.5
Ал енді екінші сатыдағы қалған төрт мансапты Бұқар әмірі кез-келген адамға – қожасы болсын, өзбегі болсын, тәжігі болсын, шыққан тегіне қарамастан тапсырып отырыпты. Міне осы төрт мансаптың ішіне «садыр» да, «сүдір» кіретін болып шықты. Садырға мемлекеттің ішкі аймағы – Қасиетті Бұқар алып жатқан кеңістігінің әрбір фарсаңға (8,5-9,5 шақырым – Е.О.) тең жерінің уәкфтерін (іс-қағаздарын) жазу, тіркеу мен тексеру жүктелген болса, сүдірге оның сыртында жатқан жерлердің іс-қағаздарын жүргізу тапсырылған екен. Бір қызығы, жоғарыдағы Бұқар әмірінің Ресейдің астанасына жасаған сапарына қатысты күнделігінде Қажы-Абул-Фейіз-Қожа-Сүдір деген адамның да есімі ұшырасады.6 Бұл сирек мәліметтерге сүйенсек Мәделіқожаның әкесі Жүсіпқожаға Бұқар әмірлігіне бағынышты қазақтардың көшіп-қонатын даласы немесе оның әлдебір қомақты аумағы міндеттеліп, рулардың арасында орын алған жер дауларының әділ шешімін тауып, Бұқар әмірінің атынан үкім шығару тапсырылған болып шығады.
Бұл «сүдір» мен «орақ» жайлы біздің күнге жеткен тарихи деректер. Енді Мәделіқожаның өзіне қайта оралып оның «ұлы орақ» па, әлде «кіші орақ» болған ба, соны анықтап көрелік. Батыр 1858 жылдың көктемінде Ордабасы бөктерінде зекетші Мырзабиді өлтіруді ұйымдастырған соң Бұқар жаққа ауып кетуге мәжбүр болғаны туралы көп айтылады. Алайда Мәделіқожа ол жақта ұзақ болмастан бар-жоғы 2 айда қайтып оралғанын өзінің «Тұрмысың аман-есен, Ордабасы» өлеңінде айтып өткені де белгілі. Сол себепті оның осындай қысқа мерзімде «кіші орақ» болып Бұқар әмірі мен оның соңынан ерген уәзірлерінің қызметшілерін басқарды деуге ауыз бармайды. Шындап келгенде осы екі айдың ішінде, Бұқарға келе сала оның «ұлы орақ» болып сайланып, үстеріне шынжыр сауыт киген, белдеріне қылышын ілген, садақ асынып қолдарына найза ұстаған сейіттер тобын басқарып шыға келуі де екіталай мәселе. Жоқ, ондай әскери құрамды басқару оған түкке де тұрмағанын айтпаса да түсінікті. Алайда тура сол жолы оның «ұлы орақ» атанғанына нану қиын. Жоқ, Мәделіқожа үшін Бұқар әмірлігі көз көрмеген, құлақ естімеген ел емес, ол онда медреседе оқып тәлім алып, діни сауатын ашқаны белгілі. Бірақ 1858 жылы батырдың ол жаққа кеткен шағында жоғары лауазым алып, сосын іле-шала ондай екінің біріне тапсыратын қызметті аяқ-астынан тастап кетуі көңілге қонбайды.
Бір қызығы осы «орақ» мәселесіне қатысты халық мұрасын жинауда орасан еңбек атқарған, бүгіндері есімі тіпті ұмыт болып кетуге жақын тұрған жерлесіміз Қысыраубек Амантаевтың жазып алған аңыз-әңгімелерінің ішінде мынадай қызық мәлімет бар болып шықты.
«Бір күні Сырдың ар жағында жау көрініпті. Ұлық:
– Бұл жай кім екен, бір адамын ұстап әкеліп, тіл алып беретін адам болса, сыйлық берем! – депті.
Бұған Кенжехан Ақтабоз деген атын мініп, Сырдың суыныан өтіп барып, қалың әскерден біреуін алып тақымына басып, суға түсіріпті. Ол да мықты жау екен. Суда біраз жүргенде Кенжеханды аударып тастап, өңгеріп алып, атқа мініпті. Осылай алмасып жүріп жағаға шығыпты. Ол жау Патшалық Ресейдің әскерлері екен, бір үлкен әскербасысын алып келген екен. Басшысы жауға түскен кейінгі жау шегініп қашып кетіпті. Ұлық Кенжеханды шақырып:
– Орақ амал деген амал берейін, – депті.
Кенжахан:
– Мен көкпарға құмармын, маған амалдың керегі жоқ, мына Мәделі ағамызға беріңіз! – депті. Мәделі екі бірдей амалдар боп тұрған екен».7
Бұл аңыз-әңгімедегі әсіреленіп айтылған Кенжеханның ерлігін шетке алып қойып, біз үшін әлдеғайда маңызды мәселе – «орақ амал» дегенге тоқталсақ деймін. Себебі, әңгіме желісінен аталмыш мансаптың өз заманында расында да елеулі лауазым болғанын көре аламыз. Әрине, бір адамның басына «екі бірдей амалдар» мансабын телу артықтау болар, алайда әңгімелеуші бұл жерде Мәделіқожаның бойына біткен батырлығымен қатар елді де басқара алатын дәрежесі болғанын көрсеткісі келгені анық көрініп тұр. Бұл әңгіме бүгіндері зерттеушілер сонысымен ғана құнды. Себебі мұнда «орақтың» жалпы не білдіретіні жайлы әңгіме тіпті де жоқ.
Сонымен, Жүсіпқожа даланы мекендейтін илатийа – көшпенді халықтар ішінде «сүдір» болғандығы және оның бел баласы Мәделіқожаның «орақ» қызметін атқарғаны күмән тудырмайды деп қабылдайтын болсақ, онда ол екеуі қай кездері және қалайша бұл мансаптарға қол жеткізді екен, мәселе осында. Мұның жауабын табу үшін ең алдымен бұл екі лауазымның да тек Бұқар әмірлігінде қолданыста болғанын еске ұстағанымыз дұрыс. Себебі тек солай болған жағдайда ғана әкелі-балалы батырлардың бұл мансаптарға қол жеткізулеріне жағдай туындайды. Мәселе енді бұл әрекеттерінің қай кездері орын алуы мүмкін, сол бағытта ізденсек деймін. Ол үшін тарих беттеріне қайта үңілуіміз қажет.
Бұқар әмірлігі мен Қоқан хандығы арасында үнемі түрлі соғыс әрекеттері жүріп отырғаны тарих беттерінен белгілі. Ол шиеліністердің қашан басталып, қалай өткенін қазбалап жатпастан тек Мәделіқожаның туған 1816 жылынан бастап, әрбір жігіттің жарқыраған шағы – 25 жаспен шегеріп, яғни 1843 жылмен шектелсек соның өзі де көп нәрсенің бетін ашып беретін секілді. Себебі, батырдың бұл шағы оның әкесінің де бақуат, әбден толысқан кезіне сай келеді.
Сонымен, 1816-1843 жылдар аралығында Бұқар менен Қоқанның арасында не жағдайлар орын алды, соларға қысқаша тоқталып көрсек, бұл жылдары осы екі мемлекеттің арасында Ұра-Төбе, Қаратегін, Кермене, Шархисабз, Самарқан, Зәамин, Жызақ үшін көптеген соғыс әрекеттері мен ірі шайқастар орын алғандығынан хабардар боламыз. Тіпті Бұқар әмірлігі 1842 жылы Қоқан хандығының астанасын жаулап алып, Ташкентті де өзіне қаратуға шейін барған екен. Міне, осы аталған үлкенді-кішілі шаһарлардың ішінде Жызақтың алатын орыны біз үшін ерекше екендігін басып айтуымыз керек. Себебі бұл қамал ашық далада, қоңырат елінің, жалпы көшпелі қазақ қауымының атам-заманнан қоныстанған жері екені белгілі. Оның үстіне Жызақ қыстағы талай ғасырлар Бұқар әмірлігінің еншісінде болып, қоқандықтар оны жаулап алу үшін жасаған көптеген әрекеттерінен мардымды ешнәрсе өндіре алмағаны тарих беттерінен белгілі. Сөздің реті келіп тұрған соң айта кетейін – Жызақ өңірі 1956 жылы Мәскеудің шешімімен біржолата Өзбек ССР-ның құрамына кіргенінше Қазақстанға қарасты «Голодная степь» (Жалаңаш дала) ауданының ауқымды бөлігі болған. Осының өзі де көп нәрсені аңғартады. Міне, осы қалың қоңырат елі атам заманнан мекендеген, кейінгі кездері Бұқар әмірлігіне қарасты аймақ әкелі-балалы Жүсіпқожа мен Мәделіқожа үшін табан тіреп, «сүдір» мен «орақ» секілді мансаптарға қол жеткізе алатын ортаға айналған деуге толық негіз бар. Әсіресе Жызақ өңірі бұқар әскерінің 1842 жылы Ташкентті жаулап алған кезінде 25-ке қараған Мәделіқожаның нағыз батыр атанып, даңқының ел ішіне жайыла бастаған уағында оған қыран құстың қонақтайтын тұғыры іспеттес болған деп қарастырса болады.
Ұзын сөздің қысқасы, Мәделіқожа сол жылдары бұқар әскерінің Қоқан мен Ташкентті жаулап алған жорығына қатысқан болса, онда оның сейіт қожалардан құралған әскери жасақты басқарғаны көңілге қонады. Олай болса батыр сол жолы «ұлы орақ» мансабына ие болғаны да ақиқатқа саяды. Егер бұл тұжырымды қабылдасақ, онда Мәделіқожаның кейіндері, талай жылдар бойы қоқандықтардан қудалау көріп, кейбірде ажал аузынан соңғы сәтте ғана сытылып шыққаны жайлы баяндайтын «Өзім де әділет үшін қызмет еттім», «Мәделі мен Байтақ ақын» өлеңдерінің тамыры осы жерде жатқан болып шығады. Cол себепті де Сыр өңірінің тарихын терең білетін жазушы Әдіһам Шілтерханов өзінің «Мәделіқожа» атты зерттеуінде Жүсіпқожа бұқарлықтар жағында Қоқан хандығына қарсы көп соғысқанын ауызға алып, «Бұқар әмірі Ташкент қаласын басып алып, жер-жерге әкім тағайындағанда, Жүсіпқожаның баласын – жас жолбарыстай назарға ілігіп үлгірген Мәделіқожаны Жызаққа әскербасы етіп бекітеді»8 деп жазады.
Ал енді Мәделіқожаның әкесі Жүсіпқожаның қай жылдары «сүдір» болған деген сауалға жауапты нақты құжаттардан табу қиындық тудырса да, оны Жызақ қамалының тарихына қатысты мәліметтер арқылы анықтап көруге болатын секілді.
Мысалы, Т.К. Бейсембиевтің «Кокандская историография» кітабында келтірілген Қоқан хандығының жылнамасында (хронология) берілген мына бір деректер, осы мәселеге қатысты біраз ой тастайтындай болып көренеді. Онда:
«Поездка Аталык-бека в Бухару. Соглашение о передаче им Джизака Бухаре на условиях бухарской помощи против Коканда (соглашение отвергнутого соплеменниками Аталык-бека – йузами и кырками). Взятие Ура-Тюбе Мухаммад-Али-ханом»9 – деген дерек келтірілген екен. Бұл оқиға 1828-1829 жылдары орын алған делініп, бұдан кейін Жызақ қамалы жөніндегі келесі дерек 1839 жылдың 20 шілдесімен белгіленіп, онда:
«Поход Мухаммад-Али-хана на Джизак и закладка им (в нарушение договора с Бухарой) крепости Пшагар с гарнизоном в 1.000 чел.»10 – деп жазылыпты.
Мұндағы екі оқиғаның арасын баттай 10 жылдан астам уақыт алып жатқанымен, Жызақ даласы мен Шардара өңірі баяғыдан қоңырат руларының ата қонысы екенін қайтадан есімізге алсақ, онда оларға күйеу болып келетін Жүсіпқожаның осы аралықта «сүдір» болған деуге толық негіз бар болып шығады. Он жыл болмай-ақ қойсын, соншама ұзақ уақыттың жарты мерзімінің өзі де оның қазақ арасында мәртебесін аспанға дейін шарықтатып, даңқы жер жарып шыға келетіні сөзсіз. Олай болса әкелі-балалы қос батыр Жүсіпқожа мен Мәделіқожаға қатысты бізге жеткен ауыз әдебиет үлгерінің түбінде шындық жатқаны анық көрінеді.
Сөз соңына жоғарыда Абдолла қарының өз әңгімесінде айтқан:
«Кейін Майлықожаның Жолбарыс деген баласының айтқан мына сөзін естідім:
Амалы Мәделінің сүдір болды,
Шылауында шілтен мен Қыдыр болды.
Демек кейін Мәделі де сүдірге қолы жеткен екен деген қорытынды шығады бұл сөзден» – деген сөздеріне қысқаша тоқталып кетпесем мұным дұрыс болмас. Бұл сөз Жолбарыс ақынның «Үш даңдар» өлеңінде кездесетін мәлімет және онда олар жолдар сәл басқаша баяндалады. Дұрысы:
Мәделінің амалы сүдір болды,
Шылауында шілтен мен Қыдыр болды, – деп келеді.
Ал енді Абдолла қарының 2009 жылы берген мәліметінің қаншалықты шындыққа жанасатыны жөнінде бар айтарым – алғашқыда менің ойыма бірден орала кеткені: не себепті Майлықожа өзінің туған нағашысы Мәделіқожаның қартайып, денсаулығынан қалған шағында арнайы келіп көңілін сұрап айтқан «Мәделі батыр ағамыз»11 өлеңінде, батырдың «сүдір» болғаны жайлы бір сөз айтпайды, мәселе осында болды. Сол себепті кезінде мұнда бір ақтаңдақ орын алған шығар деп, қазбаламай-ақ қоя салғаным бар. Сөйтіп жүргенімде «Мәделі батыр ағамыз» атты шығарманың тың, толығырақ нұсқасы сарыағаштық Қалқожаұлы Жүсіпқожаның қолжазбасынан табылып, оны Сейіт-Омар Саттаров 2010 жылы жариялап, бұрыннан белгілі бұл өлеңнің міне осы жаңа үлгінде бұрынғы нұсқасында кездеспейтін:
Амалың жетіп сүдірге
Бұқардың елі мақтасты,12 – деген екі жол бар болып шықты.
Мұны азсынсақ сол Жүсіпқожа Қалқожаұлының қолжазбасынан табылған Майлықожаның батыр нағашысы қайтыс болып, оның жақындарын көп қоңыраттың би-болыстары «қожалар кішкентай әулет, оларға ауылнай сайлауға үй саны жетпейді» деген желеумен шеттетіп жібергенде, амалсыздан орыс ұлықтарының шешімімен Бұқар әмірлігіне қызметке ауысқан Сейітжаппар төреге жазған өлең-хатындағы:
Он мың үйлі қоңыратқа басшы едік
Қоқан, Бұқар мұсылман уағында, – деген сөздер бар болып шықты.
Әрине, Майлықожаның мұнда айтқандары (әсіресе Сейітжаппар төреге жазғаны) оның баласы Жолбарыстан қалған сөзден әлде-қайда құнды мәлімет болып табылады. Өйткені ақын Мәделіқожаның замандасы, ізбасар інісі. Сол себепті бұл мәселеге тағы оралғанымыз жөн. Менің ойымша, Мәделіқожаның «орақ» мансабынан кейін «сүдір» лауазымына да ие болған уақытын – Бұқар әмірлігінің Ресей империясына бодан бола бастаған 1868 жылмен, әсіресе 1873 жылы екі мемлекеттің арасында қабылданған келісім-шартқа сай, дұрысы Бұқар әмірлігінің Ресей империясына толық тәуелді болуымен тікелей байланыста қарастыруымыз керек секілді. Міне, осы тарихи құжаттың бірінші бабында екі елдің шекарасы өзгеріссіз қалсын деп көрсетілген екен. Олай болса Жызақ даласы мен Шардара өңірін алып жатқан кеңістік бұқарлықтардың еншісінде қалып, Мәделіқожа батыр қысқа мерзім болса да осы жерлерге «сүдір» ретінде бас болуы әбден мүмкін жай. Себебі Бұқар әмірлігі атты «қуыршақ» мемлекеттің астанасын 1920 жылы қызылдардың әскерлері жаулап алып жаңа Бұқар Халық Совет республикасы етіп жарияғанынша бұл Орта Азияның ескі хандығы өзінің қоғамдық басқару жүйесін жоғалтпастан, өздеріне түсінікті күн кешу қалпымен келе жатқан болатын.
Сонымен, «сүдір» мен «орақ» жайлы бар тапқаным, түйгенім осы болып тұр.
1 Мәделіқожа. Шығармалар. Оспанұлы Ә., Айнабекұлы Т. Алматы, 2009. 94-95 беттер
2 Абдолла қары Жолдасовтың сұқбаты 2014 жылы жазылып алынды.
3 Т.К. Бейсембиевтің «Кокандская историография». Исследование по источниковедению Средней Азии ХVІІІ-ХІХ веков. Алматы: ТОО «Print-S», 2009. – 1263 стр. Кітапта «орақ» лауазымы кездеспейді, ал «судур» болса Бұқар әмірлігінің лауазымы деп көрсетілген. 43-бетте
4 «Бухарский трактат о чинах и званиях и об обязанностях их носителей их в средневековой Бухаре» // Советское востоковедение (перевод А.А. Семенова). Том V. М.-Л. 1948
5 «Точный перевод дневника его светлости эмира Бухарского. Казань, 1894. перевод И. Гаспринского
6 «Точный перевод дневника его светлости эмира Бухарского. Казань, 1894. перевод И. Гаспринского
7 Қазыналы Оңтүстік, «Түркістан кітапханасы», 72 томы – Мәделіқожа Жүсіпқожаұлы. Шығармалары. «Нұрлы әлем», Алматы. 2012
8 Ә. Шілтерханов. Шығармалары, ІІ-том. Зерттеулер мен мақалалар. 45-бет. Шымкент, «Ордабасы». 2007
9 Т.К. Бейсембиев, «Кокандская историография». 150-бет
10 Т.К. Бейсембиев, «Кокандская историография». 514-бет
11 «Майлықожа», Шығармалар. Оспанұлы Ә. Алматы, 2005. 98-101 беттер
12 «Терме-арнау», Майлықожа Сұлтанқожаұлы. Алматы, «Атамұра». Құрастырған С. Саттарұлы. 2010. 220-бет
Ералы Әсілханұлы ОСПАНОВ
суретші, Шымкент қаласы