Ғақлиат

Мешіттегі игі істер

Бисмилләәһир-рохмәәнир-рохиим.

Жаңа кірген жылдың қаңтар айының бірінші жұмасы. Таң намазынан кейін жуынып-шайынып, жұма намазын мешітте жамағатпен бірге атқаруға мешітке келіп, намаздың басталуын тосып отырғанмын. Мешіттің төргі есігінен кірген Бас имамның қасында ұзын бойлы, дөңгелетіп сақал-мұрт қойған Еуропа халықтары тектес, орта жастан асқан азамат және қандастарымыз кіріп, жамағатқа қарап, қатар-қатар тұрды. Күнделікті намазға жиналған жамағатқа қарағанда түр-түсі өзгешелеу көрінген азаматты Астанаға кейінгі кезде жиі келетін Еуропа елдерін мекендейтін, ислам дінін ұстанатын қонақтардың бірі шығар деген ой келді. Артынша мешіттің найб имамы алға шығып, Еуропа тектес азаматты жиналған жамағатқа таныстырды. Еуропадан келген азамат деп сәуегейсіп отырғаным, өзіміздің Қазақстанымыздың азаматы, 1952 ж. Ресейдің Свердловск қаласында дүниеге келген Голубев Сергей Львович атты жоғарғы білімді дәрігер, оның ішінде хирург, онколог және гинеколог мамандығы бар  азамат болды. Найб имам Сергей Львович мырзаның ешқандай әлде біреулердің мәжбүрлеуінің әсерімен емес, өз еркімен ислам дінін қабылдауға тілек білдіргендігін намазға жиналған жамағатқа жеткізді. Найб имам мұсылмандықтың алғы шарты «Әшхаду-әл лә илаһа иллаллаһу уа әшһәду әннә Мұхаммадан аабдуһу уа расуулуһ» деп Кәлимаһ шәһадәһты айтқан кезде, ол да соңынан қайталады. Кәлиманы қайталағанда тілі жатық, дұрыс қайталаған соң, бұл азамат исламды қабылдамас бұрын көп ойланып, дайындалып, ислам дінінінің Алланың ең ақырғы діні екеніне анық көзі жетіп келген болуы керек деген ой түйдім. Қарттық жасқа келгенде, осыған дейінгі ұстанған діни сенімін өзгертіп, Исламға келуіне қандай себеп болды деген сұрақ мені қызықтырып, айтылмыш азаматты жұмыс орнына іздеп бардым. Баруын барсам да, «менің қай дінді қалай қабылдағанымда сіздің не шаруаңыз бар, ол менің тек өз басымның ғана жұмысы, мені мазаламаңыз» десе не айтамын деген ой да мазалады. Мен келген шаруамды тіке айта алмай, алыстан орағытып, сөзге тартып, келген себебімді жайлап жеткіздім. Сергей, исламды қабылдағаннан кейін, Абдулла деген ат алды. Абдулла мен ойлағандай емес, өте ақжарқын, ашық адам болып шықты. «Исламға келуге сізге не себеп болды?» дегеніме: «Мен отыз үш жасымда шоқындыру рәсімінен өтіп, христиан дінін қабылдадым. Інжіл, Таурат, Забур кітаптарын оқыдым. Бірақ кейінгі он жылдың сегіз жылын Шаманизмге арнадым. Шаман дінін қуаттап, бүкіл Еуропаны шарладым. Осыдан екі жыл бұрын жолым түсіп, Қазақстанға келдім. Бұнда тұрған халық маған өзінің кең пейілі, қонақ жайлылығымен ұнаған соң, осы елде қалуды көңілім қалап, осында тұрақтадым. Бірде Москваға баратын болып, жолай оқуға Османовтың аудармасындағы Құран Кәрім кітабын ала шықтым. Құран Кәрімді үш қайтара оқыдым. Осыдан кейін «ең асыл, әзіз дін – Ислам» деген шешімге келіп, суффизмді зерттеп оқыдым. Осы ойда жүріп, Бішкек қаласында бір азаматқа жолығып, оған ойымды айтқанымда, ол «Түркістанда Мақсум баба атты адам бар», сол кісімен ақылдасуыма кеңес берді. Кейін білгенімде, Мақсум баба о дүниелік болған екен, маған жолығуды жазбапты. Осындай ойда жүріп Астанада Марат қажыға жолығып, Исламды қабылдағым келетінін айтып, Исламды қабылдау үшін не керектігі жөнінде кеңес беруін өтіндім. Мені тыңдап, Марат қажы маған «Сіз – мұсылмансыз» деді. Ол қалай дегеніме Алланың бірлігін, Мұхаммедтің (с.ғ.у.) Алланың елшісі және құлы екендігін мойындаған әрбір пенде – мұсылман» деді. «Содан қасиетті Жұма күні мешітке келіп, Исламды қабылдау рәсімін өздеріңізбен бірге өткіздік, ол өзіңізге белгілі» деді. Абдулланың айтқандарынан кейін менің ойыма жақында мерзімді баспасөз беттерінен оқыған ғылыми жаңалықтар ойыма оралып, Алланың құдыретіне тамсанып, бас идім. Сөзім жалаң болмас үшін сол ғылыми жаңалықтарды қысқартып, шамам келгенше жамағатқа жеткізу игілікті іс деген шешімге келіп, қолыма қалам алдым.

Өмірде әр түрлі себептермен адамның миы ағып кетіп, немесе мидың ішінде өзге заттың қалып қоюы, тіпті миы сырқаттың әсерінен толық жарамсыздық жағдайға келсе де, ол адам басқа сау адамдар сияқты өмір сүрген жағдайлар кездеседі екен. 1917 ж. Россияның «Адам және табиғат» журналы «Мисыз өмір сүруге бола ма» деген тақырыппен мақала жариялап, мынандай жағдайды мысалға келтірген. Он жасар бала қарақұсынан сүңгімен жараланып, жарасынан миы аққан.  Бір таңқаларлығы – бала сауыққан. Үш жыл өмір сүргеннен кейін басына сарысу жиналып, ажалы содан болған. 1848 ж. темір жолдың аға мастері Финеас Гейдж жер қопару мақсатында жарылғыш салып, оны ұзындығы бір метр, диаметрі үш см темір таяқпен жарылғыштың үстін таптап жатқанда жарылғыш жарылып кетіп, темір таяқ басының сол жақ шекесінен кіріп, бастың екінші жағынан (около темени) шыққан. Ол бір сағаттан кейін есі кіргеннен соң, оташыға барып басындағы тесік жөнінде түсіндірген. Гейдж 1860 ж. қайтыс болғаннан кейін, дәрігерлер денесін ашып тексергенде мидың сол жақ маңдай бөлігі ғана бұзылмаған, оң жақ маңдай бөлігінің бүлінгенін анықтаған. 86 жастағы Систо Арьяс бұрын денсаулығы жақсы екенін, тек кейінгі кездері басы ауыратынына шағымданған соң, дәрігер ми рагына күдіктеніп, рентгенмен тексергенде бас сүйектің ішінің бос екенін көріп, өз көздеріне өзі сенбеген. Бұл жағдайды аурудың өзінен сұрағанда, науқас ертерек жас кезінде содырлар бас сүйегін тесіп, миын сорып алғанын мойындаған. Американдық Джек Мерриуизер мас болып төбелесіп жүргенде, басынан ұрған балға бас сүйекті тесіп, миға кірген. Ота жасаған оташылар балғаның ағаш сабын кесіп алып, балғаны қалдырып бастың сүйегін жапқан. Ол азамат осы уақытқа дейін тірі, емдеу орнында екендігі мерзімді баспасөзде жарияланды. Қызығы – алған жарақатынан кейін есептеу қабілетінің жоғарылағаны байқалған.

1940 ж. дәрігер Августин Итуррича мен дәрігер Ортиз таң қаларлық жаңалық айтқан. Олар 14 жасар баланы «мидың рак» ауруымен қайтыс болғанша емдеп, оның ақырғы күнге дейін ақыл-есінің түзу болғанының куәсі болған. Кейін тексергенде, баланың миының толық бұзылып, ешқандай ойлау қабілетіне жарамсыз болғанын немесе жұмыс істемегендігін анықтаған. Әрине, жаза берсе бұндай жағдайлар көп, бірақ бәрін жаза беру қажет емес. Мысал үшін осылар да жеткілікті ғой деймін.

Мидың жұмысын зерттеп, оны емдеген ғалымдар «ми – ойдың қайнар көзі, бұлағы емес, аралық байланыс пункті, оны қабылдап, әрі қарай таратушы» деген тоқтамға бой ұрады. Француз философы Анри Бергсон «Адам миы телефон станциясы сияқты. Ол ақпаратты ойлап тудырмайды, тек қана қабылдап, таратады» деген болжам жасаған. Бірақ ол кезде бүкіл дәрігерлер қауымы бұл болжамды теріске шығарып, оны бос әңгіме деген байлам жасаған. Кейін атақты дәрігер, орыс елінің неврология, психиатрия және психология мектебінің негізін қалаушы Владимир Михайлович Бехтеревтің немересі Наталья Петровна Бехтеревадан асқан ми жұмысын тексеру саласында білгілікті дәрігерлер Ресейде болған жоқ деуге болады. Міне, осы кісі көп жылдық ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысында, өзінің жеке түйсік- түсініміне сүйене отырып, екі түрлі қорытындыға келген. Оның бірі «Адам баласының миы өзінің шабыттану шағында жақсы қабылдағыш ретінде жұмыс атқарып, әлемнен ақпарат қабылдайды. Болмаса, ми өзіне өзі қолайлы жағдай жасап ұлағатты ойлар тудырады.Қалай болғанда да мидың шабыттану кезеңінің өз теңдесі жоқ, тыстан келген тарту» деген. Қазіргі нейрохирургияның негізін қалаушы, миға он мыңнан артық ота жасаған, Америка мен Канаданың дәрігерлері У. Пенфилд пен Экклзом бірігіп жазған «Адамның құпиясы» еңбегінде «Адамзатты әлдебір нәрсенің басқаратыны ешқандай күмән тудырмайды» деген қорытындыға келген. Міне, осы ойларды топшылай отырып, Алланың кәләмі Құран Кәрімнің «Мүддәссір» с. 31-а: «Осылайша Алла, қалағанын адастырып және кімді қаласа, тура жолға салады» дегендей, Абдулланы Алла жарылқап дұрыс жолға, Алланың Пайғамбар (с.ғ.у) арқылы пендеге жіберген ақырғы діні Исламға бет бұрғызып жарылқауы ма деймін. Дұрысын Алла біледі. Бұл жерде Исламның ақ жолына келуге Абдулла мырзаның ізденісі мен еңбегі себепші болғаны да даусыз. Алланың қалауы себеппен іске асатынын ескерсек, Абдулланың ізденімпаздығы Алланың бұл пендесін дұрыс жолға салу үшін себеп болған шығар.  Сондықтан, құрметті жамағат, Алланың ақ жолында болу үшін әр уақытта өздеріңіздің білімдеріңізді жетілдіруден жалықпаңыздар. Үйренген пайдалы іліміңіз, Алланы дұрыс танып, тағат-ғибадаттарды олқылықсыз толық орындап, Аллаға жақындауға көмектеседі. Баршаңызға Алладан жақсылық тілеймін.

 

Ауданбайқажы  Ахметжанұлы

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button