
Ауданбай қажы Ахметжанұлы (1938-2022) – ұзақ жылдар мемлекеттік басқару қызметінде адал еңбек етіп, зейнетке шыққаннан кейін ислам құндылықтары мен ұлттық дәстүрлерді насихаттауда өшпес із қалдырған көрнекті қоғам қайраткері және рухани ағартушы.
1961-1996 жылдар аралығында Жаңаарқа ауданында, Жезқазған облысында аудандық, облыстық мекемелерде басшылық қызметтер атқарды. Зейнетке шыққаннан кейін Ауданбай қажы Ахметжанұлы елордадағы Әбу Насыр әл-Фараби атындағы орталық мешіттің Ақсақалдар кеңесінің мүшесі ретінде имамдармен қоян-қолтық жұмыс істеп, көптеген игі істердің басы-қасында жүрді.
Ауданбай қажының ағартушылық қызметі оның қаламынан туған құнды дүниелермен өлшенеді. Ол Арқадағы қожалар шежіресін жинақтаумен қатар, қазақ халқының бай салт-дәстүрі, діні мен этнографиясы туралы мағыналы мақалалар, хадис пен ғылымның сабақтастығы туралы, ұлы Абайдың шығармаларының қасиетті Құранның аяттарымен үндестігі жөніндегі зерттеулер, намаз оқып үйренуге, араб әліпбиін үйренушілерге көмекші құрал және т.б. көптеген танымдық еңбектер жазды. Олар республикалық басылымдарда – «Ана тілі», «Ислам және өркениет», «Мұнара» газеттерінде, «Жаңа Сарыарқа», «Көкшетау» журналдарында, ҚМДБ және «KOZHALAR.KZ. Тарих.Таным.Тағлым» сайттарында, YouTube-та тұрақты жарияланды.
Ауданбай қажы Ахметжанұлының Шоң би Телғозыұлы туралы, оның өскен ортасы мен ғибратқа толы өмірі жөнінде жазған «Жақсылардың соңы – Шоң би» мақаласы бұдан бұрын бірнеше басылымдарда («Жаңа Сарыарқа» журналы, №1, 2009 ж.; El.kz сайтында және т.б.) жарық көрген еді. Шоң би Телғозыұлы 40 жылдан аса уақыт болыстық қызмет атқарған, Ақмола уезінің жер комитетінің төрағасы болып қызмет істеген.
Орта жүздің белді тармағы Арғын-Қуандықтан өрбіген, көптеген тарихи тұлғалар шыққан Қарпық ішіндегі Тоқа руының өкілі Шоң бидің ел арасындағы беделі өте жоғары болған. Алтай-Қарпық елінің игі жақсылары бас қосқан алқалы жиындарда соңғы биліктің Шоң бидің еншісінде болуы оның әділ би ретіндегі принципиалды ұстанымымен байланысты: ол даулы істерді қарауда тараптардың әлеуметтік мәртебесіне (байлығына, лауазымына не батырлығына) емес, тек заңдылық пен әділдік қағидатына сүйенген.
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағидамен өмір сүрген ұлағатты азамат Шоң Телғозыұлының ұшқан ұясы мен тәрбие алған ортасын, өнегелі өмірін халыққа таныстырудағы мақсат – жас жеткіншектің бойына адамгершілік асыл қасиеттерді сіңіріп, саналы азамат болып жетілуіне үлес қосу. Жастардың арасында осындай тарихи тұлғалардың өмірін насихаттау ұлттық сананы жаңғыртуға және заманауи қоғамның парасатты мүшелерін тәрбиелеуге ықпал етеді.
ЖАҚСЫЛАРДЫҢ СОҢЫ – ШОҢ БИ ТУРАЛЫ
Өте рахымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Халқының ұлағатты азаматы, ту ұстар ұланы, ақылгөй, батагөйі болған Шоң Телғозыұлы бабамыз Аллаға берілген, адамның ала жібін аттамай, адалдыққа қиянат жасамаған, билікте жүргенде «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағидамен өмір сүрген екен.
Шоң мырза орта жүздің ішіндегі Арғын-Қуандықтан тараған, қазақтың талай жақсы-жайсаңдары шыққан, өсіп-өніп, өркен жайған, Арқаның белді руларының бірі Қарпықтың Тоқа руынан шыққан. Уақытында Алтай-Қарпықтың жақсы-жайсаңдары бас қосып, келелі мәселелер талқылағанда көп жағдайда ақырғы сөзді Шоңкең айтып, сол кісінің тұжырымы өтеді екен. Өйткені, Шоңкең ешкімнің байлығына, батырлығына немесе атағына қарамай, істің әділін айтып, дұрыстығына қарап шешетін болған.
Алтай-Қарпықтың ұрпақтары қазіргі Қарағанды облысының Жаңаарқа, Нұра аудандарының, бұрынғы Ақмола облысының Теңіз ауданында және Қарағанды қаласында шоғырланған.
Ұлы бабаларымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, жас жеткіншектің келешекте адамгершілік асыл қасиеттерді бойына сіңіріп, тәрбиелі, тәртіпті, парасатты азамат болып жетілуі үшін ұшқан ұясы мен өскен ортасының берер тәрбиесі мол.
Шоң Телғозыұлының ұшқан ұясы мен тәрбие алған ортасы – ғасырлар бойы жинақталған халық даналығын, адам баласының бойындағы асыл құндылықтарды жоғары бағалаған, адалдықты ту еткен, адамгершілік талаптарды күнделікті тұрмысында бұлжытпай орындап өскен адамдар еді.
Шоңның ұлы бабасы Жәнкелді би өз ортасында басқа тұстастарынан қара қылды қақ жарған әділдігімен ерекшеленсе, Телғозының әкесі Зейнетпен бірге туысқан ағайынды Байғозы, Қарағозылар бірі – шешен, бірі – ісмер шебер, несібесін адал еңбекпен тапқан, адам баласына қиянат жасамауды өзіне асыл мұрат еткен тақуалығымен қатар, алып күштің иелері де болған. Сөзіміз дәлелді болуы үшін ұлы аталар өмірінің кейбір кезеңдеріне тоқтала кеткенді жөн көрдім.
Байғозы бабамыз далада келе жатып, батпаққа батып жатқан түйені көріп, дереу аттан түсіп, шылбырын атқосшысына ұстатады да, түйені екі өркешінен ұстап, ырғап-ырғап ұйықтан суырып алған екен. Сол кезде екі аяғы тобығына дейін сазға кіріп, кебісінің арты айырылып кеткен еді деп еске алады екен көргендер.
Сол Байғозы 37 жасында екі әйелі мен бала-шағасын, тәп-тәуір байлығын, тәркідүние етіп (дүниеден безіп), Әзірет Сұлтанға сапар шегетінін айтып, ризашылық алысу үшін ағайын-туыстарын жинайды. Әзірет Сұлтанда, Алланың ризалығы үшін Аллаға құлшылығына қоса еңбек етіп, тапқанын жоқ-жітік, кедей-кепшікке таратып беретіндігін, қалған өмірін осы мақсатқа арнайтынын айтып, өткен өмірінде кеткен кемшіліктері болса, кешірім етулерін өтініп, бауырларымен ырзалақ алысады. Бәкеңді қимаған туыстары мен елдің жақсы-жайсаңдарының «басың жас, балаларың да әлі өз бетімен кетіп, ер жете қойған жоқ, байқастай тұрсаң қайтеді» дегеніне көнбей, «ағайын, мені сыйласаңдар сапарыма бөгет болмай, ырзашылықтарыңды беріп аттандырыңдар, сендерге бір Аллаһ жар болсын!» деп сөзін түйіндеп жолға шығады. Елден бір күндік жол ұзап шыққаннан кейін артынан кіші әйелі қуып келіп, бірге түнеген екен. Сонда Бәкең «мен кетерде сенің қасыңнан аттанып едім ғой, ендігі кезек бәйбішенікі, оған қиянат жасамайық, менің қолымды құшақтап жатып дем ал, соған риза бол» деп кіші шешемізді ертеңіне елге қайтарған екен.
Елден ұзап шыққаннан кейін Бәкеңді қимай, орталарынан жібергілері келмеген елдің жақсы-жайсаңдары артынан қуып келіп, араларындағы қара сөздің майталманы, шешендіктен алдына жан салмаған Тұңғышбай шешен Бәкеңнің алдын орап, «елде жақсы көретін дос-жолдастарың, туған-туыстарың, Аллаһ қосқан қосақтарың қалды, Аллаһқа құлшылықты үйде отырып жасасаң да болады ғой» сияқты жалынды сөздер айтып тоқтатпақшы болғанда: «Тұңғышбай, сөз білем деп, алды-артымды орап, жолыма бөгет болдың ғой, жеңгеміздің арқасында отындық ағаштан оқтау шығып ең, сен айтты деп кері қайтпаймын, әуре болма, қайта бер!» деп тыйып тастайды.
Тұңғышекең үйіне келген соң аттан түспей, «Шеше, әкемді айт!» деп сыртта тұрып алыпты. Сонда шешесі ақылды адам екен: «Менің арқамда сен Байғозыдан ғана жеңілдің, әйтпесе, күнде жеңілетін едің, күн ыстық, шөлдеген шығарсың, аттан түсіп, сусыныңды іш» депті.
Бәкең Әзіреті Сұлтанға барған соң егін егіп, мал бағып тынбай еңбек етеді. Алла қолдап, еңбегі жемісті болып, салған егіні бітік шығып, малдары өсіп-өнеді. Тапқан табысын елге таратып, өзі үшін дүние жинамай, өмірін өткізеді. Арада біраз уақыт өткеннен кейін кіші шешемізді ертіп, ағайындары артынан іздеп келгенде, ел-жұрттың, жалпы ағайынның амандығын сұрағаннан кейін Бәкең «мен осылай қарай сапарға шыққанда Қарағозының үйіндегі келін екіқабат еді, аман-есен босанды ма, не туды?» деп сұрайды. Сонда іздеп келген ағайын «мына Байғозының ақыл-есі дұрыс па, елдің жақсы-жайсаңдарын, өз бала-шағасын, мал-мүлкін сұрамай қайдағы бір тоқалдың ішіндегі шаранасын сұрайды!» деп таңданғанда: «Ей, бейбақтар-ай, ертеңгі күні сол баланың ардақты азамат болып ер жетіп, кейін менің басыма белгі орнатып, құран оқып, Аллаһтан мені жарылқауын тілеп, дұға етпесін қайдан білесіңдер?!» деген екен.
Бабкеңнің ерекше сұраған баласы өзінің інісі Қарағозының кіші әйелінен туған Бозмұхаммед (л.а. Бозайғыр) еді. Баланың Бозайғыр аталу себебі мынада екен: Ертеректе үлкендер жаз айларында жас жеткіншектерді жинап алып, бір жағы қызық үшін, екінші жағы жастардың дене тәрбиесіне де пайдалы екенін ескеріп, балаларды күрестіріп, жаяу жарыстырып, ат үстінде әртүрлі сайыстар ұйымдастырып отыру әдетке айналған жағдай болатын. Балалар арасындағы жаяу жарыста Бозмұхаммед алдына жан салмайтын жүйрік болып өсіпті, сондықтан үлкен кісілер оның жүйріктігіне сүйсініп, Бозайғыр деп атап кеткен екен. Сол Бозайғыр жастайынан еңбекке ерте араласып, оқу-білімді де жақсы меңгеріп, білімді де дәулетті, қатарластарының алды болып ер жетеді. Азамат болып, өз қолы өз аузына жеткен соң «Бозайғыр қажылық парызын өтеп, Байғозы бабасының қабірін Қожа Ахмед Яссауидің кесенесінің жанынан тауып, басына белгі орнатып, арнайы Құран бағыштап, кейін Алладан ол кісіге жарылқау тілеп, дұға оқып отырушы еді» деп еске алатын көзі көрген үлкен кісілер. Осылайша, Байғозы бабамыздың Бозмұхаммед туралы айтқан көрегендік сөзін Алла қабыл қылған сияқты.
Сол Бозайғыр бабамыздың Әбдірахман атты баласын қартайған шағында көзім көрді: ұзын бойлы, ірі денелі, артық етжеңді емес, бір саусағының өзі осы күнгі адамдардың екі саусағындай ұзын да жуан, салалы, өзі сексенді алқымдаса да тік тұрып, тік жүретін еді. Бірде сол кісімен осы күнгі Атасу стансасынан қысты күні бір ат-шанамен арасы 20 шақырымдай жердегі үйімізге бірге қайттық. Ат айдаушының орнына мен, ол кісі артқы орындыққа жайғасты. Біраз жүріп ауылдан ұзап шыққан соң артыма бұрылып: «Ата, сізден бір сөз сұрасам, ренжімейсіз бе?» деп рұқсат сұрадым. Сонда ол кісі «Сұра, айналайын, неге ренжиін, білсем айтамын ғой» деді. Мен «Сіз ертеректе ат үстінде тұрып жаныңыздағы аттылы адамды атынан жұлып алып қасындағы аттылы адамға қарай лақтырып жібергенде, екеуі аттан бірге құлапты. Осы рас па?» деп сұрадым. Ол кісі «Шырағым, мен жас болып топқа түсіп күресіп, барымта, ұрлыққа шығып сайысқан жан емеспін, сондықтан күшімнің қандай екенін білмеймін. Сен сұраған жағдайдың болғаны рас, бірақ мен ешкімге күш-өнер көрсетейін дегенім жоқ. Ол былай болған еді. Ертеректе тойға, асқа жиналған жастар қымызды көп ішіп қымызмасы болып, қызып қалатын еді де «құнти» деген бір жағымсыз ойын ойнаушы еді. Ойынның мәні: оншақты жігіт жиналып, бір адамды ортаға алып, бірі бөркін, бірі белбеуін, бірі шапанын, бірі аяқ киімін жабылып шешіп алып, жалаңаш қалдырып кететін. Сондай бір тойда қымызға қызған жігіттер аттарын тебініп, мені қоршап, Әбдірахманды «құнти» жасаймыз деп жақындады. Оларға «Әй, жігіттер, мен сендерге көнбеймін, әуре болмаңдар» дегенімді тыңдамай, жақындап келіп қалды. Сол кезде өзімді қорғау үшін жақын келген біреуін аттан жұлып алып екіншісіне лақтырдым, сол кезде екеуі бірдей аттан құлап түсті, қалғандары бата алмай тарап кетті» деп әңгімесін аяқтады қарт.
Әбдірахман атамыздың алып күш иесі болғандығының тағы бір мысалы: жаздыгүні ел жайлауда отырғанда елге белгілі батыр, ат үстінде 15-20 жігітпен жалғыз өзі сойылдасып, аттан түсіріп кететін әлді Кәріпбай деген батыр Бозмұхаммед қажымен бір шаруаға келіспей қалып, тапа-талтүсте желісін кесіп, сауып отырған биелерін, кейбіреулердің айтуынша, ауылдың маңында жайылып жүрген түйелерін қосып, алдына салып айдап, ауылдан 5-10 шақырым шығып, тосып тұрыпты. Бозайғыр қажының үлкен баласы Ысқақ белдеудегі атына міне сала артынан жетіп, тосып тұрған Кәріпбайды ұрмақшы болып сілтеген сойылын Кәріпбай жұлып алып, лақтырып жіберіпті. Әбдірахман қажы қысы-жазы кермеде бедеу бие ұстап, жаздыкүні мол ақ көйлек пен ақ дамбал киіп, аяғына жеңіл кебіс іліп жүреді екен. Малды айдап кеткенін естіген Әбекең кермедегі бедеуіне жайдақ міне салып, қолына іліккен бақанын алып, Ысқақтың артынан жетеді ғой. Тосып тұрған Кәріпбай: «Әбдірахман, қайт, шешеңнен туған жеріңе қайта тығып жіберемін» дейді. Сонда Әбекең: «Сені тапқан шешең сияқты менің шешем де бір аяқ май ішкен шығар» деп, сойылын сілтеп қалғанда Кәріпбайдың басы жарылып, ат жалын құшып кете барған екен. Арада оншақты күн өткеннен соң Кәрекең Бозайғыр қажының үйіне ат-шапан айыбымен келіп, «Мені Әбдірахман күші жетіп ұрған жоқ, әруақ-құдайға шет болдым» деп келгенде, Бозмұхаммед қажы оны құрметтеп қарсы алып, арнайы мал сойып, астына ат мінгізіп, арқасына шапан жауып мерейлесіп тарқаған екен. Сонда мен осы жағдайды айтқан әкемнен: «Бозайғырдың малын тал түсте айдап әкеткен Кәріпбай кіналы емес пе, оған Бозмұхаммед қажы неге мал сойып, қол қусырып қарсы алып, ат-шапан айып төлейді» деген сұрағыма, әкей: «Ей, шырағым-ай, Кәріпбай аса батыр адам, оны Әбдірахман қажы ұрып, ат жалын құштырды деп, онымен жауласып отыра ала ма, келешекте арада ашу-араздық өршімесін» деген ниетпен Бозмұхаммед «Саған ініңнің қолы тиді» деп ат-шапан айып бергені ғой» деген еді.
Әбекеңнің ел есінде сақталған тағы бір ерлігі – қарусыз қолымен қасқыр өлтіруі. Бір жылы қыста қой қораға қасқыр түседі. Қасқыр қойларды бірінен соң бірін тамақтан орып қыра береді, қасқырдан қорыққан мал бір бұрышқа тығылып, бірін-бірі басып өлтіреді. Елдің сасқалақтағанын көріп, қорқаудың қылығына қаны қайнаған Әбекең «шамды менің артымнан ұстаңдар» деп өзі қой қораның есігін ашып, екі аяғын талтайтып есіктің алдында тұра қалады. Адамдардың айғай-шуынан қорыққан қасқыр шам жарығына қарсы жүгіріп, Әбекеңнің екі аяғының арасынан өтіп бара жатқанда ол кісі қасқырдың мойнынан екі қолымен қапсыра ұстап қатты қысып, қасқырды қылқындырып өлтірген екен. Сонда қасындағы екі жігіт Әбекеңнің қарысып қалған екі қолын бір сағаттай уқалап қасқырдың мойнынан әрең босатып алды дейтін көргендер.
Байғозының баласы Ібіштен туған немересі Саққұлақ қарияны мен 11-12 жасымда көрдім. Бұл қырқыншы жылдардың соңы, елуінші жылдардың бас кезі еді. Соғыстан кейінгі жылдар, ел әлі ішсе тамаққа, кисе киімге жарымаған уақыт болса да, елдің пейілі кең еді. Олай деуге себеп, үйде жағдай бар ма, жоқ па оған қарамай келген қонақты жылы қабақпен қарсы алып, бар мәзір, жоқ-жайымен сыйлап, «қаз тойғанына емес, орғанына семіреді» дегендей, қонақ та ырза, үй иесі де ырза болып, «бір әңгімелескеннің өзіне бір жасап қалдық» деп тоқ пейіл танытып отырушы еді. Сол жылдары Сақаң ара-тұра үйге қонып, әкеммен таң атқанша өткен-кеткенді айтып әңгімелесетін. Сақаң кеткеннен кейін әкем – тәтем: «шіркін, Сақаң сөздің шебері, арғы-бергіні көп білетін көшелі адам ғой» деп ырза болып, мақтап отыратын. Сол Сақаң естігенін есінде сақтау қабілеттілігі өте жоғары адам болған. Біз осы күні араласып-сыйласып жүрген азаматтардың өз аты-жөні мен келіншегінің атын ғана білеміз, осы уақыттағы аса көп емес бірлі-жарым балаларының бірінің атын білсек, екіншісінің атын біле бермейміз. Сақаң болса, ел аралап, көп жүрген, алыс-жақында білетіндері өте көп, сол білетін адамдарының әке-шешесінің, бала-шағасының, немере-шөберелерінің аты-жөнін толық біледі екен. Бірде қасында Жолдекей ақын бар, екеуі бір ат-шанамен Нұрадан елге қайтып келе жатады. Жолай кездескен жолаушылардың бәрін Сақаң жете танып, үй-ішінің, бала-шағасының, туған-туыстарының тегіс аттарын атап сұрап, жүріс өнбей келе жатады. Күн кешкіріп, батуға еңкейген уақытта қарсы бір атты адам жолығып, тоқтамай, бас изеп өте шығады. Сақаңның жолаушыны танып, тоқтап амандаспағанына таңданған жолдасы «жаңағы жолаушыны танымадың ба?» деген сұрағына Сақаң «жоқ» деп жауап береді. Сонда Жолдекең атты доғара бастайды. «Не істеп жатырсың?» деген Сақаңның сұрағына «Жаңағы кеткенді қуамын, сен танымасаң ол шайтан шығар» деген екен. Бір жағы ол кісілердің жастары қатар болғандықтан өзара қалжыңы болса, екінші жағы Сақаңның көп білетіндігінің айғағы.
Шоң бабамыздың өмірден өткен әке-аталары мен кейінгі іні-балаларының бастарынан кешкен қызғылықты оқиғаларын баяндаудағы мақсат – Шоңкеңнің өскен ортасы мен ұшқан ұясының мүшелерінің Алланың бұйырғанын орындап, адалды пайдаланып, харамнан тыйылған тәрбиелі, талғампаз болғанын кейінгі ұрпаққа үлгі, тәлім-тәрбие ретінде ұсыну.
Адам баласы тіршілікте арамнан қанша қашық жүремін дегенімен, қоршаған, өмір сүрген орта, адамды тікелей арамды пайдалануға мәжбүрлей алмағанымен шүһба келтіретіндей жанама жағдай туғызады. Адалдыққа толық мойын бұрған адамның да кейде мұндай шүбһалық жағдайдан өзін арашалап ала алмайтын жағдайлары ара-тұра болса да кездеседі.
Шоңкең 40-50 жыл болыс және Ақмола уезінің жер комитетінің төрағасы қызметтерін атқарғанда, адалдықтан аттамағандығын, Шоңкеңмен қоныстас, қатар өмір сүрген, жұмысты бірге істеп, бірге тұрған қариялар жыр қылып айтып өтсе, олардан естігенін кейінгі жастар осы уақытқа дейін еске алады.
Бірде Шоңкең бір топ жора-жолдастарымен ел аралап қайтып келе жатса, қонысы Қарағаштың ішінде бір айғыр үйірлі қысырақтың матаулы тұрғанын көріп, жақындап қараса, өз жылқыларының және маңайдағы жақын-жуық ағайындарының жылқыларының ен-таңбаларынан бөлек, бөтен жылқылар екенін байқайды. Үйіне келісімен бәйбішесі Әйімкүл мен биі әрі немере ағасы Қаспақты шақырып, «Қасеке, Әйімкүл, Қарағаштың ішінде матаулы қысырақтың үйірін көрдім, ен-таңбасы бөтен, біздің елдің малының ен-таңбасына ұқсамайды, бұл не қылған мал» деп сұраса, екеуі; «Мырза, біз білмейміз» депті. (Шоңкеңді өзінің азан шақырып қойған атын атамай, ел- сыйлап «Мырза» атап кеткен екен). Шоңкең: «Ә, білмесеңдер, Әйімкүл, Қасеке, сол жылқылар өз иесін табатын болсын!» деп үш қайтара шегелеп айтып шығып кеткен екен. Шоңкең өзінің ақыл-парасатымен талдың арасындағы матаулы жылқы ол кісінің қонысына тегін келмегенін, яғни, бір ісі түскен адамның өз сөзін өткізу үшін алдын-ала жіберген пара малы екенін, оның мән-жайын бәйбішесі мен биінің білетіндігін түсініп, олардан жылқыларды иесіне қайтаруды талап еткен екен. Өзінің билігі жүрген маңайда Шоңкеңнің сөзі екі болмаған, сондықтан қысырақтың үйірі өз иелеріне айтқан уақытында қайтарылып еді» деп отыратын үлкен кісілер. Әдетте, көп ретте пара, суық қол арқылы келген мал үйдегі бәйбіше мен жақын жүретін билері арқылы өтіп кететіндіктен, Шоңкең әйеліне үнемі: «Әйімкүл, ертеңгі күніңді ойлай жүр» деп қайталаудан жалықпайды екен. Шоңкеңнің бұл сөзімен таңдамахшар, яғни, Алланың соты күні бүкіл адам баласы өзінің жалғандағы істеген ісі үшін жауап беретіндігін бәйбішесінің есіне салып ескерткендігі еді.
Шоңкеңнің жас бозбала кезі болса керек. Айттырған қалыңдығы Әйімкүлдің төркіндері мен Шоңкеңнің туғандарының арасында қалыңмалға байланысты келіспеушілік болғандықтан шығар, отау тігу уақыты аздап созылса кетсе керек. Мұны сезген Шоңкең әкесіне айтпай, қайын-жұртына «Қалың малға алатын малдарыңды алып кететін кісі жіберіңдер» деген хабар жібереді. Шоң келген кісілердің алдына он қысырақтың үйірін салып айдатып жібереді. Мұны естіген әкесі Шоңкеңе: «шырағым, қыздың қалыңдығы 47 бас емес пе еді, сенің 100 жылқы айдатып жібергенің не?» дегеніне «Телғозыға мал керек, Шоңға қатын керек» деп тұрып кеткен екен.
Жас та болса Шоңкеңнің бұл қылығы ел жақсыларына «азды аясаң, көптен құр қаласың» деген халық мақалының мағынасын түсіндіріп, «ағайынмен аз шаруа үшін бет жыртысып, араларыңды ашпа, сыйластықтың қаймағын бұзба» деген ескертуі сияқты.
Шоңкең қыздарын ерте айттырып, құда болмаған. Қызы бойжеткеннен кейін көрші отырған кіші жүздің сыйлы азаматы Жәнібек (кіші жүздің адамдары Жәкеңді хан деп дәріптеген) Шоңның қызын ұлына айттыруға жаушы жібереді. Шоңкең, келген жаушыларды (қыз айттырушларды) құрметтеп сыйлап, қайтарында былай дейді: «Жәкең ренжімесін, кіші жүз рулары мал жағдайына байланысты қысы-жазы көшіп-қонып жүреді. Бұл кеш жатып, ерте тұрып, қысы-жазы бел шешпей ат үстінде болуға, ас-суын уақытында ішпеуге соқтырады. Біздің ел бұдан гөрі отырықшы өмір сүруге дағдыланған, жастайынан басқа жағдайда тәрбиеленгендерге көшпелі өмір сүруге үйрену қиынға соғады және көндігіп кетуі екіталай, сондықтан қызымды баласына бере алмаймын» деп қайтарады. Бұл Шоңкеңнің, өмір сүру жағдайында екі түрлі тәрбие алған адамдардың бір ортадан екінші ортаға барып сіңісіп кетуінің қиындығын түсініп, қысы-жазы көшіп-қонып жүретін тіршілікке көндіге алмай, баласының қиындық көретінін сезіп, қызына жаны ашығандығы еді. Сол қызын кейін саудамен айналысатын ауқатты адам баласына айттырып, қалың малын төлеп келін қылып алады. Шоңкең өзінің маңайында қалжың сөзге ұтқыр, күлдіргі, ұтымды көңіл ашар сөздердің білгірі Төлебай салды және салиқалы, ұстамды, орнымен сөз тауып сөйлейтін Бек шешенді ұстаған. Қыз ұзатылып, оның отауының көшімен Әйімкүл шешемізбен бірге Бекті жібереді. Шоңкең қазақтың: «жақсыға да бір шіркін, жаманға да бір шіркін» дейтін, біткен іске әйтеуір бір мін тағылатынын алдын-ала ескеріп, Бектің қолына 5 тиын бақырды ұстатады да, егер құда қыздың жасауына «олай, бұлай екен» деп жатса, осы бақырды құданың қолына ұстатып, «берген қалың малыңыздың қалғаны осы деп, Шоңкең сізге қайтарып бер» деп берген еді дерсің» дейді. Құданың аулына отау барып қонып, ел жайғасқаннан кейін құда «Шоң мырзаның қызының жасауында біз көрмеген заттар бола ма десек, бәрі өзіміз көрген мүліктер екен ғой» деп өзінше сын айтады. Сонда Бек, «Құда, Шоң мырза құданың берген қалыңмалынан қалған мына 5 тиын бақырды, сіздің қолыңызға тапсырарсың деп беріп еді» дегенде, құда өзінің ағаттық айтқанын түсінген екен. Қазақ халқында, қызына қалыңмал алған қыздың төркіні қалыңмалдан пайда тауып байиды деген түсінік қалыптасқан. Шоңкең бұл түсініктің қате екенін, баласына жаны ашыған ата-ана қалың малдан келген пұлды сол балаларға отау жасауға, үй болуға керек-жарақ мүлікті түгендеп, солардың келешекте таршылық көрмей жақсы өмір сүруіне жағдай жасауға жұмсайтындығын меңзеген.
Шоңның тұстастары туралы
Шоңкеңнен тұстастары, «Мырза, Алтай-Қарпықта, өз қатарыңыздың ішінен сізден ақыл сұрамағаны болды ма?» деп сұрағанда, «Менен үш адам ақыл сұрамады, екеуінің өз ақылы өзіне жеткендіктен, ал біреуі-кесірлігінен» деген екен. «Бұл кімдер» дегенде «Қаңтарбайдың Исасы мен Сайдалы сары Тоқа өз ақылдары өзіне жеткендіктен, ал Кеттебек – кесірлігінен» деген екен. Бірақ осы сөз айтылғаннан кейін біраз уақыт өткеннен соң Кеттекеңнің басына іс түсіп, Шоңнан ақыл сұрауға мәжбүр болады. Кеттекең бір шаруалармен кіналанып, ісі үкіметте қаралып, жазаланатын жағдайға тап болады. Іс насырға шапқан соң бір ақылын тапса, «шоқынды» ғана тауып, жұмысты жаптырады деген үмітпен Шоңкеңе кісі жіберген екен. Сол замандағы орысша оқып, орыс тілін меңгерген аз адамның бірі Шоң болғандықтан оны құрдастары «шоқынды» деп те атаған екен. Кеттебектен келген кісіге Шоңкең «Кеттебекке айта бар, ақыл башайдың басында, ақыл башайдың басында, ақыл башайдың басында» деп қайтарып жібереді. «Ақыл башайдың басында» деу себебі, осы жағдайдан бұрын, Кеттебекте алашағы бар бір адам, Шоңкеңе келіп «осындай алашағым бар еді, Кеттебек теңдік бермеді» деп шағымданады. Шоңкең Кеттекеңе арнап хат жазып, шағым иесінің қолына ұстатып, «Кеттебекке осыны алып бар» деп жібереді. Алашағы бар адамның Шоңға арызданғандығын, ол кісінің оған хат жазып бергенінен хабардар болып отырған Кеттекең алашағын даулап жүрген кісінің келе жатқанын естіп, үйінің төрінде аяғын айқастырып жатып қарсы алады. Келген адам қатты айтуға шамасы жетпей «Кеттеке, сізге Шоңкең мына хатты бер деп еді» десе, Кеттекең екі бақайының арасын ашқан екен. Хат әкелген адам қолындағы хатын Кеттекеңнің башайының арасына қыстырып кетіп, болған уақиғаны Шоңкеңе айтады. Осы жағдайды Шоңкең Кеттебектің есіне «Ақыл башайдың басында» деп салған еді. «Менің жазған хатымды қолыңмен алып оқымай, аяғыңның башайымен қабылдадың, енді сол бақайыңнан ақыл сұра» деп, Кеттекеңе ағаттығын ұқтырған екен. Бірақ, «ағайын өкпеге қиса да, өлімге қимайды» дегендей Шоңкең Кеттекеңнің білместігін кек тұтпай, басына түскен ісінен құтылуға ықпал жасап құтқарған.
Шоңкеңнен ақыл сұрамағандардың ішінде аты аталған Алтай–Қарпықтың игі жақсыларының бірі – Сайдалы сары Тоқа, Шоң мырзамен жас шамасы қатарлас, асқан күйші композитор болған адам. Ол кісінің күйшілік өнері мен музыкалық шығармашылығын бағалаған ұрпақтары қабіріне ескерткіш орнатып қадірлесе, Шоңның ұрпағы, Сайдалы Сары Тоқаның жиені, күйші, композитор Қанай ұлы Мұхаметжан Сайдалы Сары Тоқаның күйлерін кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында және келешекте ұмытылып қалмауын ескеріп, нотаға түсіріп, жас жеткіншектерге үйрету жолында көп еңбек сіңіруде. Сол Сары Тоқа бір жылы қыс айында Шоңкеңнің үйіне кештетіп келіп, есіктен кірмей, үйдің терезесін теуіп кіріп, төрге барып жастық салып қисаяды. Үйдегілер «Мынау қайтеді-ей?!» деп тіксініп реніш қылғанда, Шоңкең маңайындағыларға «Абыржымаңдар, бұл Сары тентек (ел ішінде тұстастары оны еркелетіп «Сары тентек» деп атайды екен) бірдеңеге ренжіп келген ғой, қонақасыларыңды дайындаңдар» деп болған істі жайма-шуақтатады. Әлден уақытта, дастарханға шай дайындалып, жайланғаннан кейін Сары Тоқа «Шоң, көш бұл жерден» дейді. «Сен мына төменгі жақта орналасқан Алтай мен Сайдалының елін қыстың көзі қырауда қырамысың?» деп әрі өкпе, әрі арыз айтады. Мұның себебі, Алтай мен Сайдалының руының ауылдары Ортау, Қызылтау, Ақтау деп аталатын жерлерді қыстайды. Ол уақытта қазіргі Жаңаарқа ауданының тұрғындары егін екпей, бірыңғай мал шаруашылығымен айналысып, егін өнімдерін Нұра ауданындағы егін шаруашылығымен айналысатын елден сатып алады екен. Егін өнімдерін алып келу үшін күзгі жиын-терін біткеннен кейін қар жауып, жол түскен соң, ел қыстауға орналасқан соң жолға шығып, айлап жүріп елге оралады. Ол заманда жол бойында қонақ үй, асхана дегендер болмайды, сондықтан жолаушылар жолдағы елге қонақтап күн көреді. Сол жылы қыс қатты, қар ерте түсіп, Нұраға қатынайтын жолдың бойында орналасқан тоқа руының ауылдарының да хал- жағдайлары онша болмай, қонақ күтетін жағдайы жоқтар Нұрадан қайтқан Сары тоқаларды үйлеріне қондырмай жібереді. Осыған ренжіген Тоқа сол елдің болысы және бетке ұстар азаматы Шоңның үйінің терезесін сындырып кіріп, базынашылық жасаған ғой. Тоқаның ренішін дұрыс түсінген Шоңкең «Сары тентек, сен ашуыңды бас, тамағыңды ішіп дем ал, бір жағдайы болар» деп тоқтау айтады. Келесі күні Шоңкең Нұраға баратын жол бойында орналасқан елдің бәріне шабарман жіберіп, «Жол бойында орналасқан ауылдардың барлық үйінің есігі жолаушылар үшін қысы-жазы ашық болсын. Жағдайлары барлар, қонақты күтіп тамақтандырып, жағдайы жоқтар түнделетіп келген жолаушыларды қондырып, көліктеріне қораларынан орын берсін. Бұны орындамағандар отырған қыстауларынан өзінің қалаған жағына көшсін» деп жарлық берген екен. Осыдан кейін, жол бойында орналасқан елдің тарапынан қонақты қондырмаған жағдай кездеспеген екен.
Бірде Шоңкең бір топ жолдастарымен Сайдалы сары Тоқаның үйіне қоналқыға тоқтайды. Шоң мырзаға кішігірім мал союдың ретін таппай, соя қоятын ірі семіз жылқының реті болмай Тоқа қысылады. Сол кезде күтушілердің бірі Шоң мырзаның мінген атының семізден жарағанын айтады. «Ендеше сол атты бата сұрап, соя беріңдер де, осы маңайдағы аттың ең тәуірін әкеліп мырзаның ерін ерттеп қойыңдар» деп Шоңкеңнің мініп келген атын сойып қонақтарды сыйлайды. Ертеңінде Шоңкеңнің ері ерттелген аттың басқа ат екенін байқаған мырзаның атқосшыларының бірі «Мырза, сіздің атты өзгертіп жіберіпті» дегенде Шоңкең, «Үндеме, түндегі жеген семіз етің сол аттың еті екенін білмедің бе, ат орнына ат тұр ғой!» дейді. Тоқаның қонақасыдан қысылып, өзінің атын өзіне қонақасыға сойып берген еркелігін Тоқаның бір еркелігіне және тапқырлығына бағалап, Шоңкең ат жөнінде бір ауыз жақ ашпастан аттанып кеткен екен. Мұндай мәрттік, замандасының базынашылығын жарға секірген лақтың «ойыны» деп білген Шоңкеңнің ғана қолынан келетін даналық пен маңғаздық!
Сайдалы сары Тоқаның үйіне, ақын соқыр Шөже кіре бергенде, сірә жастары қатар болса керек, Тоқаң: «Әй, соқыр, сол жерде тұрып мені бір ауыз өлеңмен мақташы» дегенде Шөкең:
Шоң шықты Дәулетбике деген елден,
Сандыбай Ерден шықты төменгі елден.
Жақсысы бес Мирамның бас қосқанда
Ей Тоқа! Бәрі келіп, саған сәлем берген, дегенде,
Тоқаң: «асыра мақтадың, асыра мақтадың» деген екен.
(Ерден – найманның аға сұлтаны болған. Елі хан деп құрметтейді). Бұрынғының жақсылары бірін-бірі осылай құрметтеп, сыйлаған. Шіркін, баяғының жақсылары-ай, бірін-бірі түсінген, сыйлаған, бірінің жетпегенін екіншісі жеткізіп қолдап, бірінің қатесін екіншісі түзетіп отырған!
Бірде Шоңкеңнің үйіне, өткір тілді, орақ ауызды Сұраған шешен келіп қонады. Іңір уақытында Шоңкең Сұрағаннан «Қыздарбек, Жайма ұрлық қыла ма?» деп сұрайды. Қыздарбек те, Жайма да алсай елінің байлары, Шоңкеңмен тұстас, елдің бетке ұстарлары болатын. Сұраған шешен «Қыздарбек, Жайма ұрлық қылмайды!» дегенде, Шоңкең «Қыздарбек, Жайма ұрлық қылмайды, ұрыға ат майын береді, ұрыдан ат майын алады» деп сол уақытта өмір сүрген дәулетті, елдің сөзін сөйлейтін азаматтардың өздері ұры ұстап, ұрлықтан келген малдан үлес алатындығын меңзеген екен. Біраз уақыттан соң Сұраған: «Шоң ұрлық қыла ма?» деген қарсы сұрағына, «Шоң ұрлық қылмайды!» деп үш қайтара айтып жауап береді. Сонда Сұраған отырып, «Шоң ұрлық қылмайды, бірақ Қыздарбек, Жаймамен құда болады, қыз алып, қыз береді!» деген екен. Мұндағы Сұрағанның меңзеп отырғаны – құдалар арасында алыс-беріс болып тұратындықтан, ұрлықтан келген малдан сен де аман емессің!» дегенді білдіретін тұспалына Шоңкең ақталуды орынсыз деп түсінгені ме, әлде маңайындағы өзі қатарлы атқамінерлерді жаман әдеттен тия алмағандығына назаланғаны ма, «Сұраған сөз біледі!» деп үш қайтара айтып тұрып кеткен екен.
Шоңкеңнің Ақмола уезі бойынша жер бөлімінің төбе биі болғандығы жөнінде үлкендер мынадай бір жайды айтып отырушы еді. Қанжығалы руынан шыққан, ел сыйлайтын, «Тура биде туған жоқ, бұрған биде иман жоқ» деген халық даналығын бұлжытпай, қара қылды қақ жарып билік айтып, әділ би атанған Саққұлақ би сексеннен асып, қартайған шағында туысқандары арасынан оның жеріне көз алартушылар шығып, ағайын арасы ашыла бастағанын байқаған Саққұлақ би:
Шырағым, Шоң мырзаға сәлем деңіз,
Кім десе Саққұлақ деген ағаң деңіз.
Сегізде тісім түсті, сексенде ісім түсті,
Мал басы, одан басқа аман деңіз!, деп Шоңға бір ауыз өлең жазып, сәлем айтып арнайы адам жіберіпті. Сәкеңнің сәлем хатын алған Шоңкең: «Ее, Сақаңды қарттық билеген соң туыстары жеріне таласқан сыңайлы ғой» деп мән-жайды бірден түсініп, «Сақаңа сәлем айт, өзім жақында барып, сәлемдесіп шығамын» деп жауап қайтарыпты. Көп уақыт өткізбей Сақаңның аулына келіп, Атбасар тауын ортасынан жүріп өтіп, «мына жағы – Сақаңның жайлауы болады, мына жағы – сендердің жерлерің» деп жер жөнінде туындаған түсініспеушілікті шешіп, екі жақты да ырза қылып қайтқан екен.
Шоңкеңнің тұстасы, ауқатты аралбай Құтжан істі болып, оны Сібірге – ит жеккенге жер аудару туралы шешім шығарылып, Ақмоладан ояз бастаған комиссия Құтжекеңді Сібірге жер аударып әкетіп бара жатқан жолында Шоңның аулына соғады. Шоңкең келген оязға бөлек, Құтжекеңе бөлек үй тіктіріп, арнайы қонақасын беріп, сый көрсетіп, ояз бастаған қонақтарға «жер көрсетемін» деген сылтаумен Қарағаштың ішін аралатады. Жаз айларында Қарағаштың ішінің шөбі шүйгін, суы мол, ағашы адамға да, малға да күннің ыстығынан сая, жайлы болғанымен, ағаштың арасында бармақтай-бармақтай соналары көп болады. Неге екенін кім білсін, сол соналар жаңадан келген адамды, малды болсын шағып шыдатпайды және сона шаққан жер қолма-қол талаурап ісіп кетеді. Сол Қарағаш жерінде кейінгі Кеңес уақытының кезінде ауданның орман шаруашылығының басқармасы орналасып, шаруашылықта жұмыс атқаратын адамдар орман ішінде қысы-жазы тұрып жататын. Сол шаруашылыққа жұмыс бабымен жаз айында жолым түсіп, барып едім. Аз уақыттың ішінде қол-аяғымды, денемнің ашық жерлерін сона шағып, қып-қызыл болып ісіп шыға келді, астымдағы атым да жанын қоярға жер таппай мазасы кетіп, әбден берекеміз кетті. Сонадан қорғалап, атты қораға байлап, өзім үйге кіріп жан сауғаладым. Бір қызығы, сол жердің тұрғындары жеңіл киіммен, ашық-шашық, сонада шаруасы жоқ сияқты күнделікті тіршіліктерін жайбарақат атқарып жүр. Тіпті оларға сонаның бар-жоғы білінбейтін сияқты, малдарының да мазасызданғаны байқалмайды, күннің ыстығынан ағаштың көлеңкесін саялаған олар, жайбарақат. Сонаның шаққанынан қызарып, ісіп кеткен менің бет-жүзімді, қолымды көріп жергілікті жігіттер «ештеңе етпейді, адам да мал да біраздан кейін сонаның шаққанына үйреніп кетеді» деп күліп қояды. Неге екені белгісіз, сол жердің тұрғылықты тұрғындары мен малдарының ағзасында сонаны жолатпайтын бір қасиет пайда бола ма, әйтеуір жергіліктілерге сона жоламайды.
Міне, осындай ерекшелігі бар орман арасын аралауға шыққан ояз бен оның жанындағыларды сона шағып, шыдамай үйге қашып тығылады. Сөз арасында Шоңкең оязға «Құтжекеңді Сібірге айдап әуре болмай-ақ қойсаңызшы, мына жердің малға да, адамға да қолайсыз екенін көрдіңіз, айдалып бара жатқан адам жазасын осы жерде өткізсін, ұзап шықпауын өзім-ақ қадағалаттырайын» деген ұсыныс жасайды. Оязға бұл ұсыныс ұнап, «адамдардан оқшау отырып, бір жапа шексе, сонаға таланып, берекесі кетсін, бұл дұрыс ұсыныс екен» деп айтылған ұсынысқа келісіп, Құтжекеңді жер аударылған мерзімін сол жерде өткізуге шешім шығарып, қалдырып кеткен екен. Халқымызда «Жақсылыққа жақсылық – әр жігіттің ісі, ал жамандыққа жақсылық – ер жігіттің ісі» дейтін нақыл сөз болғанымен, жақсылықты жақсылықпен қайтару барлық адамның қолынан келе бермейді. Бірлі-жарым жыл отырғаннан кейін, тіршілікте өлім-жітімсіз бола ма, Құтжекең отбасынан о дүниелік болғандарын сол қоныстанған жеріне жерлеп, кейін сол молаларды айғақ қылып, «Бұл жер менің жерім еді, Шоң қызметін пайдаланып, уақытында менен тартып алған. Осы жерді өзіме қайтаруыңызды сұраймын» деп Шоңкеңнің үстінен жоғарғы жаққа арызданады. Бұл жағдайды естіген, ит жеккенге жер аударылып бара жатқан жерінен өз жерінен қоныс беріп, оязға беделін салып алып қалған Шоңкең Құтжанды өз жеріне көшіртіп жіберіп, «Аралбайдың бал тіліне нанба, алтын берсе алма» деп артына нақыл сөз қалдырған екен.
Жақсылардың өмірінен, жүрген жолынан алынатын өнеге – адамды көзінше жер-көкке сыйғызбай мақтап, сыртынан іске алғысыз қылып жамандап жүретіндердің бал тіліне нанбай, алтын берсе алмай, жақын жоламай, арақашықтық сақтап, яғни, тым араласпай да, аса араздасып та кетпей, сұлу-сыпайы қатынас сақтауға дағдылану.
Бірде Шоңкеңнің үйіне жас шамасы Шоңкеңмен шамалас, жоғалған түйесін іздеп, ел аралап жүрген Лекер келіп қонады. Сөз арасында Шоңкеңнің баласы Оспан Лекеңе қалжыңдап, «балаларыңыз ер жетіп, малға ие болатын жасқа жеткен жоқ па, қартайғанда мал іздеп, неге әуре болып жүрсіз, үйде тыныш отырмайсыз ба?» депті. Лекең: «Шырағым, жасы ұлғайған адамға мал керегі жоқ болса, қартайғанда көзіне терезесін киіп, қолына айырын ұстап әкең не ғып отыр?» деп қарсы сұрақ қойыпты. Сөзден ұтылған Оспан үндей алмай тосылып үнсіз қалады. Мұны естіген Шоңкең баласына жақтырмай тесіліп қарап, сөзге сөз қайтармаған екен. Лекердің «Әкең көзіне терезесін киіп қолына айырын ұстап» деу себебі, Шоңкең қартайған кезінде болыстықтан бас тартып, елі ол кісінің орнына баласын сайлағаннан кейін, баласын жұмысқа тәрбиелеу мақсатымен, болыстың хатшысы қызметін атқарған кезі болса керек. Баласына тесіле қарауы «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледіні» білдіргені. Айтатын сөзіңді ойлап айтпайсың ба?! Сенің ағат айтқан бір ауыз сөзің маған сөз келтірді» деп баласына жасаған ескертуі дейтін. Шоңкең басқалардың жақтырмаған ісі мен сөзіне, оларға ұрсып, сөгіп сөз шығындамай, жақтырмай қарау арқылы ұқтыру әдеті болушы дейтін үлкендер.
Бірде Шоңкеңнің үйінде Талжан би қонақта болады. Шоңкең үйінің келген қонаққа қонақтың сыбағасы деп бөлек табақ жасатып, өзі маңайындағылармен бөлек табақтан тамақтанатын әдеті болатын. Тамақты жаңа ала бергенде Шоңкеңнің еркелеткен сөз шебері, өзі сері, өзі сал Төлебай сал сәлем беріп кіріпті. Қалыптасқан әдет бойынша қонаққа тартылған тағам –қонақтың ризығы, қонақтың иелігі саналғандықтан, сырттан келген кісіні табағына шақыру шақырмау қонақтың еркінде. Келген кісіні, қонақ өзіне арналған табаққа шақырар деп, үй иесі кідіреді. Талжан бидің, Төлебай салға өкпесі бар ма, әлде менсінбеді ме, өзіне тартқан табаққа оны «кел» деп шақыра қоймайды. Қонақ табағына шақырмаған соң Шоңкең биді өз табағына шақырады. Төлебай сал ел аралап келген соң, Шоңкеңе келіп сәлем береді екен, ал Шоңкеңнің салдан «не көрдің, не білдің» деп ел арасының жай-жапсарын сұрау әдеті екен. Сал, жайғасқан соң әдетінше: «Төкім, не көрдің, не білдің» деп сұраса, Төлебай сал, «Мырза, мына жақта Аманғұл деген ел бар екен, Амантау деген тау бар екен, Шошқакөл деген көл бар екен, Шошқакөлге жақындап келгенде алдымнан бір топ шошқа қалың ну қамысқа қарай қашты. Екі тазым шошқаны қуып қамысқа кірген соң, тазыларым аң алып жүрген ерен жүйрік жақсы иттер еді, шошқа жарып тастамасын» деп атымды тебініп келсем, шошқа – Талжандай, ит – мендей», біріне бірі ежірейіп қарап тұр екен дегенде, өз қатесін түсінген Талжан би орнынан тұрып «Сал, менен бір қателік болды, енді бұл сөзді ешкімге айтпа» деп, салдың қолын алыпты. Бірақ «отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылады» деп халық даналығы айтпақшы, бидің адамды сыйлау, адамдар арасындағы қарым-қатынас әдебін сақтаудағы жіберген қатесі, табанда өткір ұтымды сөзбен сынап бетіне айтқан ауыр сын сөзі ұрпақтан ұрпаққа айтылып келеді. «Өнер алды – қызыл тіл» деп сөз қадірін түсінген сол уақыттың адамдары сөзден жеңілгеніне және өзіне айтылған сынның қанша ауырлығына қарамай айтқан адаммен өштесіп, араздаспай, қайта өз мінін мойындап, келешекте қайталамауға әдеттенген. Біздің заманымызда біреудің қателігін жай сөзбен айтсаң да сол жіберген қатені мойындап, келешекте жібермеудің орнына «менің арым былғанды» деп соттасып жату әдетке айналып барады. Әрине, мұндай жағдайда дана Абай айтқан «ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» нақылы азаматтардың санасына сіңуі қиындау.
Шіркін, әр қадамын саралап, салмақтап, талдап, қатесін келешекте қайталамай, дұрысын елге өнеге етіп ұсынған тәрбиелі де, тәртіпті даналарымыздың әрбір іс-әрекеті бізге күнделікті өміріміздің бұлжытпай орындайтын әдебіне айналса, кәне!
Ауданбай қажы Ахметжанұлы, 2007 ж.





