Сыр-сұхбат

Менің қасиетті сапарым

Үміт байлаған үмра

Осыдан бес жыл бұрын, елімізде «нео-исламның» өршіп тұрған кезі болатын. Меккеге келген күннің ертесіне-ақ, өзімізбен бірге келген кейбір қыз-келіншектер сол елдің қара жамылғысына оранып шыға келді. Ақкөңілділері  100 реалға алдық деп сусылдаған жібек көйлектерін көрсетіп, төркініне келгендей қаздаң басып ақыл айтатын болды. Ол кез кәзіргідей емес, балағы қысқалардың бетіне келе қоймайтын, тіпті кейбіріміздің осылардың айтып жүргенінде шындық бар шығар деп  дүбара халде жүрген кезіміз ғой. Кейде асханада тамақ үстінде бас қоса қалғанда «ақ қойдың кәллесі, қара қойдың кәлласы, мен Құдайдың пендесі» деп жүрген біздерді түрткілей бастады. Олардың псевдосалафилердің (уахабилердің) итаршыларынан екенін біліп отырмыз. Тіпті, сорақысы, «маған салса, қолыңыздағы тәспіні лақтырып жіберер едім, христиандардың заты ғой» деп соқты. «Аллаһу акбарды» дұрыстап айтыңдар, екпіні дұрыс болмаса басқа мағына береді деп те үркіте бастады. Содан не керек қазақ апалар жиналып алып, «білгіштерді» біраз бүріп алдық. Содан кейін алдымызды кеспейтін болды.

Тағы бір сенімімізге кедергі болған нәрсе, тоқтаған жайымыздың жанындағы шағын мешіттің имамы, оларша шейхтарының сөзі болды. Үлкен қажылығымыз басталмай тұрып бірер күн ерте келген біздер, оның үмрасын жасап болдық. Енді қайтыс болып кеткен бабаларымыздың аруағы үшін үмра қажылығын жасауға кіріскенбіз. Шейхымыз уағызында: «Сіздер өлген туыстарыңыз үшін үмра жасап жүр екенсіздер. Болмайды. Ол үшін арнайылап, өз еліңізден  ниет етіп келу керек» деп шықты.

Мынадан кейін тосылып, басшымызға қарадық. Ол:«Үндемей, ешкімге айтпай жасай беріңіздер. Бұл үшін жақын жердегі Айша анамыздың мешітіне барып, екі бас намаз оқып, ниет етіп, орныдасаңыздар болады» деді. Тағы да ескертіп, «Атынан үмра жасағыңыз келген адамыңыз өмірінде коммунист болып, құдайға сенбей кетсе құлшылықтарыңыз артық» деді. Егер қарт ата-аналарыңызға арнап үмра жасағыңыз келсе, ол адам қарттықтан не аурудан орнынан тұра алмайтын, және көзі көрмейтін болса ғана рұқсат. Басқа жағдайда өздері өтеуі тиіс деп түсіндірді.

Сонымен, дүниеден өткен анамыз үшін, төсек тартып жатқан әкеміз үшін де сауаптан болсын деп, үмра қажылығын өтедік. Алда біраз күн бар. Құдайдың берген денсаулығы арқасында күніне екі мезгіл харам мешітіндегі «әл-бәй-түл-һарамға» тауап етіп, үмраның орындаудың міндетті шарты Сафа-Мәруаның ортасын жеті айналып, жаратқаннан дұға тілеп жүрдім.

Бірде мынадай оқиға болды. Үмра қажылығын жасау үшін жиналып жатқанмын. Науқастанып қалып, саяға көп шыға бермейтін Камалат деген апамыз бос бөтелке беріп, зәм-зәмнан алып келуімді өтінді. Сол күні Әбдәли атты әжемнің ағасының аруағына бағыштап үмра жасауға ниет еткен едім. Ол мешітте имам болған, қуғындалып Тәжікстанға кетіп, сол жақта ұсталып, 1937 жылы 8 жылға Сібірдің Ангарск деген жеріне айдалған. Соғыстың соңына қарай Тайшет қаласынан «аурумын, көшеде жатырмын, жүре алмаймын келіп алып кетіңдер» деген хат келеді. Бұл кезде әкесі Бабай ишан қайтыс болып, ағасы Қалымбет атылып кетіп, артында қалған жетім-жесірлер қайдан барсын. Сүйегі сол жерде қалады. Соңғы жылдары зерттеулер жүргізіп, Тәжікстаннан іс-қағаздарын алдырып, осы жайға қаныққан едім. Енді сәті түскенде ислам жолында мехнат шеккен бабамыздың аруағына тие берсін деп үмра шартын орындап, ақырындап автобус тұрағына бет алдым. Иығыма асып алған қалтамда Камалат апаның аманаты. Келе жатып, әлі кетіп құлап жерде жатқан бір азаматтың (еуропалық) үстінен  шықтым. Екіншісі не істерін білмей қасында тұр. Көз алдыма Тайшеттің бір жерінде аурудан қиналып жатқан Әбдіәли атамыз елестеді. Ол да осылай қиналған болар, аузына тамызсын деп қолымдағы бір бөтелке суды ұсттатым. Қонақ үйге жеткен соң, Камалат апайға жағдайды түсіндіріп, суды келесі жолы әкеліп беремін деп уәде еттім. Мүмкін кездейсоқтық болар, дегенмен, уақыт дөңгелегі кері айналғандай  көрінді.

Бауырлары атылып, итжекенге жегіліп кетсе де, ишан әкесінің тәліміне адал болып, бес мезгіл намазын қаза қылмаған Әсия әжеме үмрамды бастап,  Қағбаны айналып келе жатсам,бір кәрі әже пакистандық болу керек, қолын менің білегіме қойып жымиып маған қарады. Мен қарсылық білдірмей  қарияны қолтықтап, Қағбаны айналып біраз жүрдім. Ішімнен, әжемнің белгісі болар деп жүрегім жылыды.

Меккеде болып, жұма намазын Харамда оқымау миға кірмейтін жайт қой. Ол үшін ертерек келіп,  әйелдерге арналған бөлігіне жиналамыз. Соның бірінде үндістан жақтан келген мұсылман әйелдерінің ортасына түсіп қалдым. Хат танитындары Құран оқып, тәспісін тартып, азанды күтіп отыр. Менің жаныма жайғасқан  жастау әйел тіпті ақкөңіл екен. Мені жатсынбай  телефонындағы ер-азаматтың суретін көрсетіп күйеуім қайтыс болды, соған арнап үмра жасап келдім деп  айтты. Мен құптап, «қабыл болсын» дегендей басымды изедім. Ол қазақша мен ағылшынша білмесек те бір-бірімізді жақсы түсіндік. Байғұс келіншек бұл да шайыхтарға білдірмей үмрасын жасап жүр екен ғой деген ой келді.

Мешітке бара жолда, футбол алаңындай ашық жерде кептерлер  мекен етеді-ау. Байқаймын мешітке келген жұрттың бәрі арнайылап пакеттке салып қойған бидайды сатып алып құстарға шашып жатады. Бұл да осы жердің салты шығар деп  қоям. Содан не мен де бидай сатып алып, аяқасты етіп, шашуға қолым бармай, қос уыстап екі жерге бөліп үйіп қойдым. Өзгелер шашқан бидайды басуға дәтім шыдамай, секектеп басып, тұтасқан жерлерінен аттап өтіп келемін. Артыма бұрылып қарап едім, құстар мен қалдырған қос уыс бидайды шұқып жеп жатыр екен. Әкемнің дастарханнан нан қиқымы түсе ренжитіні еске түсті. Көрсе дереу, қолымен теріп алатын, біздерге де жинатқызатын. Біздің отбасында нан қастерлі еді. Тіпті малға жем салсақ та бір уыс дәннің шашылуынан сақтанатынбыз…

Үмра қажылығы туралы біршама дерекпен бөлістім. Тағы да орындалуы тиіс шарттары бар, оны  бастап барған басшыларыңыз түсіндіреді деп ойлаймын. Ескеретін нәрсе бар. Қағба мен Сафа-Мәруа арасын аралап жүргенде жүріп өткен жолының санынан жаңылысып кетеді. Кейбір қажылардың қолынан саусағына іліп алған  жіпке тізілген жеті моншақты сақинаны көріп жүрдім. Оны қайдан сатып алуды білгенім жоқ, бірақ қажет зат екенін ұқтым. Өзімде ол болмаған соң, Қағбаны әр айналған сайын орамалымның шетін түйіп, Сафа-Мәруаның арасынында түйіндерді тарқатып отырдым. Осылайша жүргенімде бір күні бір қара көйлекті қажы осы моншақты қолыма ұстатып кете барды. Міне, мұндай да болады екен.

Мешітке барғанда жәшікке садақа тастау біздің әдетімізде бар нәрсе. Бірақ бұл  жерде ондай дәстүр жоқ. Харам мешітінің айналасында қайыршылар да көрінбейді. Оларды қуалап, мешітке жолатпайтынын байқағанмын. Тағы бір нәрсе өзге елдің адамдары тазалық сақтау жағына жегілген. Қолдарынды қоқыс салатын қапшық ұстап, жерге түскен нәрсені жинап жүреді. Қағбаның айналасын  тазалайтындар да бар, олар арабтың ұлттық киімін киген ер-азаматтар. Оны тазалау да бір көрініс. Қызыл лентамен алдынан екі адам жүріп отырып, тауап етушлерді ысырады. Олардың ізінен 3-4 еркек қатар жүріп, ұзын шбабрамен көбікті сумен  еденін тазалап өтеді. Сайдың тасындай іріктелген азамттардың еңсесі биік, Қажылардың жолын жуғанын мақтаныш еткендей. Ал алдыңғылар бірыңғай көк  киім киіп алған, бойлары қораш, түрлері жасық. Ұсақ ақша ұстатсаң, қабыл алады. Осылайша өз әдетімнен жаңылмай, амалын таптым.

Жалпы, қырғыз, өзбектердің арасында жүрген адам болмаса, түрлерін   ажырата бермейді ғой. Менде малайазия, индонезия, филиппиндіктерді айыра алмадым. Әйтеуір сол жақтың қаптап жүрген, үстеріне бірдей киім киген жап-жас қыздарына қарап таң қалам. Қай уақытта намазын оқып, зекетін беріп, ораза ұстап, қалай қажылығын жасағалы жүр деп қоямын. Бірдей киім кигендердің тобын біздіңше айтқанда молдасы бастап, соңында тағы бір азаматы жүреді. Алдыңғысы қолындағы кітабынан дұға оқыса, ізіне ергендері жамырап дауыстап соны қайталап жүргені. Сөйтсем, бұл елдің дәстүрі бойынша қыз бойжетіп ұзатылар алдында үлкен қажылығын атқару міндет екен. Біздің ит тартқандай жыртық джинси киіп жүргендерді Меккеге топырлатып жіберіп жатса қалай болар екен дегендей ой келді. Тек олар ғана емес, қажылыққа келген жас қыздар көп кездесті. Солардың бір тобы Мадина қаласынан келдік деді. Дәрет алатын жерде қара жамылғыларын шешкенде, күн шалмаған терісіне қарап таң қаласың. Олардың мына ыстықта тек осындай киіммен жанын сақтап жүргеніне көзің жетеді.

Әр елдің салты басқа дегеннен шығады, өз мазхабы бойынша Қағбаны айналғанда жүгіріп өтетіндері де бар екен. Бойлары екі метр еңгезердей қара түсті еркектер тұсыңнан желдіртіп өте шыққанда еріксіз тықсырып жібереді. Жалпы, қандай мазхабта болмасын,  қажылардың бәрі бір-біріне кішіпейіл, бір мұсылман баласы екені білініп тұрады. Осы мейірім мен кішіпейілдік арқасында қалада еркін басып, өз үйіңде жүргендей сезіндіреді.

Осылайша, үлкен қажылық алдында біраз нәрсені аңғардық. Тағы ескеретін бір нәрсе бар. Біздің елден барғандардың бір текті киімдерін білетін боларсыз. Көйлектің сыртынан киетін камзолымыздың арқасында «Қазақстан» деп жазылған. Кейде желкемізде келе жатқандардың осы сөзді қайталап оқығанын естігенде, дереу иығымызды түзеп, бойымызды жинап ала қоямыз. Барша мұсылмандар жиналған жерде, қазақтың баласының да еңсесі биік болғанын қалайды екенсің.

 Айгүл УАЙСОВА

жалғасы бар. Басы:

Менің қасиетті сапарым

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button