Сыр-сұхбат

Абылайдың ақ үйіндегі аян

«Елін сүйген ерлер» партиясының соңғы төрағасы   Кәмел Жүністегімен сұхбат

  Белгілі жазушы, қоғам қайраткері Кәмел Жүністегі Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы кентінде тұрады. «Дос көңілі», «Көне хикая», «Көксеңгірдің тасында», «Соңғы абыз», «Шырағдан», «Көксеу», «Қоңыр құлжа», «Арманым оттан өрілген», «Темір астау», «Едіге» романдарының авторы. «Едіге» романы үшін «Құрмет белгісі» орденімен сыйланған. Елін, ұлтын сүйген патриот жазушы ағамыз тәуелсіздік жылдары оқырман қауымға «Құба белдер» атты үш кітаптан тұратын трилогия ұсынып, көпшіліктің алғысына бөленді.

    Кәмел ағамыз – әуесқой композитор. Оның «Арқа самалы», «Аюлым», «Домбыра», «Туған жер», «Жаз келді», «Жас Алаш маршы» атты әндері көпшілікке кеңінен танымал. Ағамыз – көне мұраны зерттеуші. Көп жылдар өлкетану ісімен шұғылданып, халықтың көнерген бұйымдарын, саз аспаптарын жинаумен қатар, оны елге танытып жүр.

-Сіздің тағдырыңызда Абылайдың ақ үйі нысаналы болған сияқты. Өзіңізді өлімнен арашалап қалған ақ мекен болған деп те естідік…

– Абылайдың ақ үйі қайта қалпына келтіріліп, мұражай ашылғанын естіп, 2014 жылдың жаз айында Петропавлға арнайылап бардым. Хан сарайы, бұл ақ үй 1963 жылдары түрме болған. 1963 жылы көктемде айдалып келіп, сонда үш қонғам.

-Сол күндерді бір сәтке есіңізге түсіріңізші.

-Неше күн жүргеніміз есімде жоқ. Әбден қалжыраған тұтқындарды  Петропавлдегі  үлкен ғимаратқа әкеліп қамады. Ғимараттың қақпалары бір түрлі. Бұрын сәнді болғаны, шығыс үлгісіне ұқсастығы мені таңдандырды. Есіктің маңдайшалары доға тәрізді иілген, ою өрнегі өшіп, табы ғана қалыпты. Мұнда шығыс үлгісі қайдан келгенін білгім келіп, айдауылдан сұрап көрсем деген ой келді. Бір қондық. Ертеңінде дәретке шығарған кезде жасы егделеу мұртты орыс айдауылдың тамырын баса мақтаңқырап: – Сіз көпті көрген адам сияқтысыз. Құрылыстың үлгісі бөлектеу екен, бұл қай жер, – деп сөзге тартым. «Доғар!» деп, зекіп алып. «Бұл сендердің бұрынғы хансымақтарыңның сарайы болса керек. Кешеден бері сіз сол сарайда дем алып жатырсыз. Мемлекетке қарсы шығушы «батырым» деді. Шала естіп қалған  қасындағы солдат «қайдағы, қандай сарай?» деп сұрап қалғаны. Оған мұртты: «Бұл бір кездері қазақ ханының патша ұлықтарымен кезіккенде орналасатын үйі екен. Хандары құлаған соң, иесіз қалыпты. Білетінім, әскери казарма, бертін түрме болған» деп айтқаны құлағымның түбінде қалды.

-Содан тағы сол үйде  тағы қондыңыз ғой?

– Екінші күні болар, есік ашылып, менің атымды атап, «шық!» деп шақырды. Шықтым, мосқал және жас солдат алдына салып айдады. «Қайда апарамыз?» деген жасына мосқалы: «Қайдасы несі, ажал камерасына (камера смертников) апар деген жоқ па. Несіне таңданасың, аузыңды бақ» деп ашуланды.

Бұрынғы жатқанымыз үстіңгі қабат болатын. Сықырлаған сатымен төменге түсірді. Артымнан итеріп әкеліп, бір есікке кіргізіп, қолымды шешіп, сыртын бекітіп тастады. Бұрын көп үрейге берілмеуші едім. Әлгілердің сөзінен соң бойым тітіркеніп, жүрегім бір түрлі болып, жеткен жерім осы болған екен. Елімді көгертем деген арман адыра қалған екен. Өлім деген осындай қорқынышты, тез бе деген ой сап етті.

Уақыттың қанша болғанын білмедім. Білген дұғаларымды айтып, күбірлеп отырып, талығып ұйықтап кетіппін. Түс көріп жатыр екенмін. Шұңқырға түсіп кетіппін деймін. Біреулер айқайлап шақыратын сияқты. Шұңқырдың ауызына бір ақсақалды шал еңкейіп, бірдем айтады, мен естімеймін. Қолын созады. Мен жетпеймін. Секірейін десм, тұра алмаймын. Әупірімдеп тұрып, қолымды созып, секіріп қалғанда, ақсақалдың қолына саусақтарым жеткендей болды. Ол да тартып қалды, шұңқырдан сопаң етіп иығыма дейін шыға келдім…

-Түс аян береді деуші еді. Шұңқырдан басыңыз шықты.  Аман қалатын шығармын деген ой келді ме?

-Шудан оянып кетсем, мен жатқан камераның да есігі ашылып, атымды атап: «сыртқа шық!» деген өктем үн естілді. Далада біршама адам сапта тұр екен. Соған қосты. Офицер қағазға қарап, бірдеңе оқып тұр. Менің де атым шыққандай болды. Басқа жаққа айдағалы жатқанын түсіндім. Жалғыздың жары – бір Құдай деп күбірлеп қоям. Тірі шығатыныма да көзім жеткендей. Дәл сол сәтте түсімде көрген ақсақал Абылай шығар… Мүмкін, әулие ата-бабаларымның бірі шығар деген ой келді. Аман қалғаныма қуанғаным сол, көзім жасаурап, бойым шымырлап, еріксіз өлең шумақтары ойыма орала берді.

-Сонда қандай жаламен ұсталып қамаққа түсіп жүрсіз?

-Өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың басында Сарыарқа даласында жастардың жасырын ұйымы құрылған еді. Бұрындары құрылған «ЕСЕП» партиясының жарғы, мақсатымен танысып, ізгі істерін тікелей жалғастырушы, мирасқоры болдық.

-Ұйым құруға түрткі болған жайды оқырмандарға түсіндіріп берсеңіз.

– Өз жеріңде ұсақталып, азшылыққа ұшыраған қазақтың халі, өзгелердің кеуде көтеріп, дандайсуы, тіл мен дәстүрдің далада қалып, діннен түбегейлі алыстауы, біздей жас жігіттердің көкірегіне шер болып қатты. Діннен айырылдық, бізге жаназа шығаратын молда табылмайды, жаназасыз, табытпен, ағашпен қаптап, жумай көметін болды деп, үлкендердің жылаған зары құлағымызда жаңғырушы еді.

Қазақтың хан, би, батырларының бәрі жаман, «халық жауы» болып шығуы көңіліне бір күдік ұялатады. «Неге қазақтың бетке ұстарлары жаман болады?» деп налыған кездеріміз де болды. Ақырында, әскерден келген досым Зейнолла екеуі ақылдасып, «ЕСЕП» деген партия құрумен ұласты.

-Партия туралы айтып өтсеңіз?

-Ол  «ЕСЕП» (Елін сүйген ерлер партиясы) деп аталды.  Бұдан бұрын 1950 жылдар болар, жастардың осындай атпен партия құрғанын білемін. Сол партияның лидерлерінің бірі – Бүркіт Ысқақовпен бірнеше мәрте жолықтым.

Бұрынғы «ЕСЕП» партиясының мақсат қойған қазақ халқының мүддесі, жаңа партияның да мүддесіне сай болып, партияны қайта жаңғыртып, кеңейтуді мақсат тұттық.

Алдыңғылардың әлеуметтік, мәдениет, салт-сана, тілімізді тірілтуге ұмтылған ұмтылыстарына, Қазақ елі жерінің тұтастығына алаңдап, жер мәселесіне өз үндерін қосуға бекіндік.

-Оған сол кездегі Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу мәселесі де түрткі болды деп ойлайсыз ба?

– Сол алпысыншы жылдары ұлы жүгеріші атанған Кеңес қожайыны Н.Хрущев Қазақстанның бес облысын Ресейге қосуға ұмтылды. Бұл да біздің жүрегімізге тікендей қадалды. Сол кездегі қазақ жерін бөліске салдырмаймын деп арыстандай алысқан Жұмабек Тәшеновтың ерлігін жастарымыз аңыз ғып айтып жүрді. Бірақ ашық қолдауға құдірет қайда?! Жасырын қолдау білдіріп, үнпарақ тараттық.

Иә, әрекетіміздің басты себебі қазақ жерінің тұтастығын қорғау арпалысы десем дұрыс болар. Жұмысты бастамас бұрын, қазақ жерінің шекарасын, жер байлығын, Алашорда көсемдерінің жазғандарын іздестіріп тауып, оқып, өзімізше ой түйіндеп, зерделедік. Одан басқа, Тың игеруде қазақ жерін бөліске салмақ болғандардың әрекеті «халқымның мәдениеті жойылды, әлеуметтік жағдайы нашарлады» деп жүрген жастарды жаңаша ойлауға мәжбүр етті. Айта берсек, патша заманындағы қара шекпенділердің қазақ жеріне қоныстануы. Қоныстанып қоймай, шұрайлы жерлерге құнығып, қазақтарды шөлейт жерлерге ығыстыруы бәрі біздің санамыздың көтерілуіне ықпал етті.

Жатпай-тұрмай, жасанды аштық жасап, халықты бір қырса, бас көтерер зиялыларын құйтырқы әрекеттермен құртқан Голощекин бастағандардың теріс пиғылын жастар зерттеп, «неге бұлай?» дегенге жауап іздедік.

-Жауабын тапқан сайын қоғамға жауыға түстіңіздер ме?

– Іздеген табады. Дерек көздері арқылы ол жайды тауып білдік… Қазағы қырылып, иен қалған жерге Голощекин бір жарым миллион өзге ұлтты қоныстандыруды жоспарлағанда, Смағұл Сәдуақасовтар қарсы шығып, қазақ жерін аман алып қалды. Бірақ елі, жері үшін өзі құрбан болып кете барды. Иә, қанша ұлтымыздың арда ұлдары тәуелсіздік жолында құрбан болып кетті. Оны халық бертін білді. Біз сол кезде-ақ біліп қойғанбыз.

Олардың ұлт, ел үшін істеген істері жария болмады. Неге жазаланып, қырылғаны жасырылып қалды. Мұны басқалар білмесе де, біздің партияның мүшелері тегіс білді. Оны елге түсіндіруге ұмтылдық. Тың игеруде қанша келімсектер келіп, жерді тіліп, халықтың ой-санасын бұзды. Қазақ халқы екінші сортта қалды. Қазақтың рухы құлады. Үнпарақтарымызды «Жас Алаш», «Жас Қазақ» деген атпен жазып тараттық. Себебі «ЕСЕП» десе, білініп қалады деп ойладық. Тұрағымызды білдірмеу үшін өзіміз тұратын Қарағандыда тарататын үнпарақтарды сыртқа жеткізіп, басқа қалалардан әкеліп таратып жүрдік. Үнпарақтарымызды басында қолмен, артынан ептеп жүріп машинка тауып алып, сонымен жаздық. Мақсатымыз түңілген жұрттың санасын оятып, жастардың көкірегіне ой салып, халықтың намысын жоқтау еді. Біз үнпарақтарымызды көп жерге, барлық жоғары оқу орындарына тараттық. Бізден үлгі алған жастар басқа қалаларда таратқаны естілді. Қаладан келген жастар ауылға да таратты. Біз де түк білмегендей жүрдік. Бірақ үлкендер шет жағасын білді. Ақылдарын айтты, «қойыңдар!» деп жалынды. Бірақ темірдің қызған кезі болғандықтан, қоя алмадық. Керісінше, партия мүшелері көбейпі, ықпалымыз артып, кең етек ала бастады. Ұсталатынымызды да білдік. Қызу мінез, жүректегі жалын қойдырмады. Амал не, біз де ұсталдық. Бірақ партия екі жылға таяу өмір сүрді. «Отанға опазыздық жасау» бабы бойынша сотталып тындықТүрме деген оңай ма, оның үстіне саяси тұтқын болсаң! «Халық жауы», «Отанына опасыздық жасаған» деп сотталсаң. Сұрақпен азаптың талайын көрдік. Небәрі 22 жасымда сотталып, Ресей ішіне жазамызды өтеу үшін Қарағандыдан, Петропавл арқылы, Ресейге айдалдық.

Ажалдан алып қалған Абылайдың ақ үйін іздеуімнің себебі – осы.

***

Төменде «Отанға опасыздық жасау» бабы бойынша сотталған Кәмел Жүністегінің хан сарайы алдында (сол кездегі түрме) толғап, лагерьде қағазға түсірген, осы күні Абылай ханның ақ үйінің төрінде оқыған өлеңі.

Хан сарайы, ажал камерасы

Оу, Абылай, Абылай!

Әруағыңа сыйындым.

Тағдырым бопты күрделі,

Қолым да, міне, күрмеулі,

Артымда екі айдауыл,

Сүңгілі мылтық сайлаулы.

Хан сарайын сен салған,

Айналдырған қапасқа,

Бұйырыпты осы жер,

Біздердей сан сабазға.

Жиырмадан асқан жас едік,

«Камерасын смертниктің»,

Естіп те бұрын көрмеген

Самал жел ғана тербеген,

Еш жерім жоқ мертіккен,

Жаңылмағам мәрттіктен.

Күңкілдескен айдауыл,

«Тым молодой, не үшін

Өлтірмекші мұнда әкеп»

«Жас деп мұны мүсіркеп…

Қылмысы оның мол жетеді,

Өлді дерміз бір мүскін,

Қол қоярмыз актілеп»

Тас қабырға, тар қапас,

Екі метр, қол созым,

Терезе жоқ, саңылау бар,

Ажал күткен бір өзің.

Кімдер сатты, сауал көп,

Өзімсінген досың ба?

Өзің сенген сұлу ма?

Ашындырған іштей жеп,

Шындықты іздеп, шырқырап,

Таусылған бар төзім.

Тас қабырға мелшиген,

Күңіреніп кеткендей,

Ауасы тар, сыздауыт,

Тас қабырға тершіген.

Шөліркеп әбден, әл бітіп,

Соның суын емінгем.

Ажалды күтіп, көз ілмей,

Тас қабырға мен сені,

Қорғаушымдай сезінгем.

Үш күн өтіп біткенде,

Қайта шықтым қапастан,

Ажалым алыс кеткен бе?

Әлде қанішер келмеді, әлде, әлде…

Өлтіруге бұл жерде

Тағдыр рұқсат бермеді.

Қайта шықсам жарыққа

Тор терезе, дәліздер,

Кен дүниедей көрінген,

Біздейлерді кім іздер,

«Жаусың» деп бәрі жерінген.

Оу, Абылай, хан ием

Әруағың сенің сақтаған,

Ізгі ниет ісімді,

Бабаларым жақтаған.

1963 жыл, Қызылжар (Петропавл)

Дахан Шөкширұлы Жәмшітегі

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button