Ішер асымыздың мәні де, дәмі де өзгерді
Марат СӘРСЕНБАЕВ, «Қазақстан Республикасының халал индустриясы» қауымдастығының төрағасы:
Елімізде халал өндірісі қанатын кеңге жайып келеді. Десек те, шешімін таппай келе жатқан шетін мәселелер әлі де жоқ емес. Бұл туралы әңгіме барысында «Қазақстан Республикасының халал индустриясы» қауымдасты ғының төрағасы Марат Сәрсенбаев мәлімдеді.
Тауық тумаған жұмыртқаны жеп жүрміз
– Халал тағамның орны қашанда бөлек. Алайда, гендік модификацияға ұшыраған кейбір шекара асып келген өнімдердің құрамында доңыз майының түйіршіктері бар деседі…
-Ғылымның дамығаны сонша, АҚШ-та кәдімгі күріштің тұқымына адамның бауырынан алынған ДНҚ-ны қосады. Сол сияқты картоп пен бәйшешекті будандастырып, нәтижесінде зиянды жәндіктер жоламайтын түрін алуда. Кезінде елімізде мысықтың ДНҚ-сы қосылған бидайдың тәркіленгені белгілі. Халық көп тұтынатын жүгері, арахис, бидай, қызанақ, секілді өнімдердің де құрамында осындай жағдайлар кездеседі. Қазіргі уақытта құс өсірушілердің өзі тауықтың бас-сирағын, жүн-жұрқасын ұнтақтап, оған химиялық зат қосып, тірі тауықтарға жем қылып беруде. Әрине, мұның бәрі харам. Халал индустрияда мұндай өнімдерді тұтынуға тиым салынады.
-Бұл ішер асымыздың мәні өзгергенін білдіре ме?
–Әрине. Қазір тамағымыздың мәні де, дәмі де өзгерді. Сол үшін шырылдаймыз. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргендіктен қымтап отыратын шекара жоқ. Оның үстіне кәсіпкерлер қай жерде арзан тауар болса, соны әкеліп сатуға мүдделі. Жуырда бір көз көрген танысым: «Мәке, басқа-басқа халал жұмыртқаны түсіне алмай-ақ қойдым. Қазіргі уақытта Араб елдері халал жұмыртқаны ғана талап етеді екен. Сонда әтеш пен тауық алдын ала «бісіміләсін» айтып, неке қиятын болғаны ма?!» деп мысқалдап сұрады. Қылжақтайтын реті жоқ. Бүгінде жұмыртқаның көбін тауық тумайтын болған. Оның бәрі химия, синтетика, парафин, гипс. Мұны Қытайдың жасағанына біраз уақыт болды. Оның сары уызында доңыздан алынатын «желатин» бар. Сондықтан, жұрттың халал жұмыртқа іздейтіні заңдылық.
–Осы ретте елорданың өзінде халал су сататын фирмалар көбейді. Оның жәй судан айырмашылығы неде?
-Бүгінгі таңда кім құдықтың немесе бұлақтың таза суын ішуде? Үлкен мегаполисте тұрамыз. Жуынамыз, шайынамыз, дәрет сындырамыз. Мұның бәрін небір химиялық, биологиялық, бактериялогиялық үлкен сүзгіден өткізгеннен кейін, айналып өзіміз пайдаланамыз. Осы сүзгінің ең соңғы сатысы – белсендірілген көмірден өтеді. Оның мұнайдан, сүйектен, кокостан алынатын түрі бар. Егер сүйектен жасалған болса, ол доңыздың сүйегі әбден болуы мүмкін. Сондықтан Малайзия ішер судың 99 пайызын халал түріне көшірді. Біздегі халал су сататындардың көбі малаизиялық, яғни кокостан алынған түрін қолданады.
–Жуырда ғана отандық БАҚ-та елімізге келіп жатқан еттің де құрамында доңыздың қаны бары айтылды…
-Қазір Қытай деген халықтың ойлап таппайтыны жоқ. Олар «сиыр пастасы» дегенді шығарды. 25 келі доңыздың етіне 5 литр паста қосса, дәмі, түсі, иісі, құрамы кәдімгі сиырдың етіне айнала келеді. Оны тек иммунохроматографиялық жолмен ғана анықтауға болады. Ал Жапония бұдан да асып түсті. Жапон ғалымы Мицуюки Икеда кәріз қалдықтарын қайта өңдеу арқылы «ет» ойлап тапты. Ол адамдардың нәжісін қайта өңдеуге қабілетті бактерия жасап шығарды. Оған түрлі күшейткіш қоспалар қосу арқылы етке айналдырды. Қазіргі уақытта «шитбургер» аталып кеткен еттің айналымда жүргеніне 5-6 жыл болып қалды. Еттің халал немесе харамдығына қарамасақ, өз нәжісімізді жеп кетудің қауіпі бар. Ғылым дамыған сайын, адам санасына келмейтін дүниелер ойлап табылуда. Сондықтан ет мәселесіне жеңіл-желпі қарамауымыз керек.
Әлемде мемлекеттік құрылымдар айналысады
–Әлемде халал индустриясының ахуалы қандай?
–Әлемнің кейбір еледері халал индустриясын үкіметтік деңгейде қолға алуда. Мәселен, Малаизия үкіметі «Джаким» атты агенттік құрды. Индонезияда да «Халал» агенттігі жұмыс істейді. Еурапаның бірқатар мемлекеттерінде Халал комитеті бар. Көптеген мұсылман елдерінде бұл мәселемен мемлекеттік құрылым айналысады. Ресейдің өзінде халал сертификат беретін отыздан астам орталық бар.
Бүгінде Араб елдерінде, Таяу шығыста, Парсы әлдемінде, Оңтүстік шығыс Азияда халал сертификат талап етіледі. Біздің елімізде де ірі компаниялар сыртқы саудаға шығу үшін халал сертификатынсыз мүмкін емес екеніне көз жеткізді, көзқарас өзгерді. Сондықтан бізбен келісімшарт жасасуға мүдделі. Неге бізбен? Өйткені біз әлемдегі халал эталоны саналатын Малаизияның «Джаким» орталығында аккедиттеуден өттік. Оған әлем бойынша 60-тан астам ұйым өтсе, ТМД бойынша жалғыз ұйым – біздің қауымдастық.
-Бір сөзіңізде Ресейдің өзінде халал сертификатын беретін отыздан астам ұйым бар дедіңіз. Бірақ, Ресейде халал белгісі бар сыраның сатылымға шыққанын өз көзімізбен көрдік. Бұл халалдың деңгейін түсірмей ме?
–Кезінде Ресейдің бір муфтияты «Балтика» маркалы сыраға халал сертификатын беріп қойды. Халықаралық стандарт бойынша тыйым салынған нәресені қалай беруге болады? Олар өзім білемге салынған. Мәселен, 1524 ингридент болса, оның халалы мен харамы болады. Оны медреседе оқытпайды. Тікелей технологтардың жұмысы. Ал технолог дінді оқымайды, бірақ білуі тиіс. Көрдіңіз бе, мұнда қос қанатты адамдар ғана жұмыс істеу керек. Бұл терең мәселе. Халалға деген сенімді құртатын – осылар. Бұл жерде исламға қарсы құйтырқы саясат жүргізіліп жатыр. Өзінің денсаулығын ойлаған адам халал жеу керек.
Арнаулы заң қабылдайтын кез келді
-Қазіргі уақытта халал банкинг, халал қонақүй, халал сақтандыру, халал қаржыландыру секілді түрлі салалар кеңінен қанат жайды. Сонау 2006 жылдары халал терминін түсіндірумен айналысқаныңызды білеміз. Енді отандық өнімдерді сыртқа саудаға шығарудың жолын көрсетіп келесіз. Қандай қиындықтардан өттіңіз?
–Дұрыс айтасыз, алғашқы кездері халал деген терминді түсіндіру, насихаттау жұмыстарымен айналыстық. Малды дұрыс союдан бастап қарапайым тілде түсіндірдік. Мәселен, ет өндіретін кейбір кәсіпорындарда малды электр тогымен, пышақпен ұрып өлтіру тәсілі қолданылады. Ал мұндай жолмен өлтірілген малдың бойында қан ұйып қалып, инфекцияның тез таралуына жол ашады. Қорыққан сәтте малдың бүйрек тұсындағы бездері шошынады. Бұл етті жеген адамның ағзасында қатерлі ісік ауруының қоздырғышы пайда болады. Бауыздалмаған малдың етінен жасалған тағамдар харам болып саналады.
Осылайша, түсіндіру жұмыстарынан кейін экономикалық үлесін айқындауға кірістік. Үйреттік. Енді халықаралық деңгейде жұмыс істейтін кез келді.
-Елімізде қанша кәсіпорын халал сертификатын иеленді?
-Осы уақытқа дейін 600 кәсіпорын халал белгісін иеленді. ТМД бойынша жалғыз көшбасшы болғандықтан шетелдік өнімдердің де сұранысын қанағаттандырудамыз. Мәселен, Өзбекстанның ірі кондитерлік фабрикасы, Белоруссияның 70-ке жуық кәсіпорыны, сонымен қатар Украина, Тәжікстан, Иран елдерінен де өтінім келіп түсті.
Біздің елімізде халал сертификатын Муфтият жанынан ашылған арнайы бөлім де береді. Бірақ ол сертификат ел ішінде жарамды болғанымен, сыртқы нарыққа жарамсыз.
-Жуырда ғана Петропавлдан шығатын «Максимальный размах» өнімінің бірінде «халал» таңбасы қойылған доңыз етінен жасалған шашлық дүкен сөрелерінен табылды? Оны сіздер бердіңіздер ме?
–Әрине, оны біз бермедік. Бұл заңның осалдығынан болып отыр. Бізде «Халал белгісін қою» туралы заң қажет. Әлгі компанияға хабарласқанымызда, басшылары кешірім сұрап, алып тастайтындықтарын айтты. Айналып келгенде, кінә типографиядан кеткен қателік деп құтылды. Міне, сотқа сүйрей алмаймыз. Арнаулы заң болмағаннан кейін, құзырлы органдар қауқарсыз. Ресми түрде 600 компания халалға өтсе, бір Алматының өзінде ресми емес 2300 компания бары айтылуда. Оларды тексеріп, халалға өткізген кім? Әрине, ешкім. Өз беттерінше саудасын жүргізу үшін белгіні қоя салады. Халықты адастыратындар да – осылар. Менің ойымша, елімізде арнаулы агенттік құрылып, заң қабылдайтын болсақ, әлемдік жүйеде еркін жұмыс істеуге мүмкіндік кеңейетін еді. Өйткені, елімізде халал өнімдеріне деген сұраныс үлкен. Еліміздің ішкі сұранысын толық қамтамасыз ету үшін халал мәселесіне мемлекеттік деңгейде назар бөлінгені жөн.
Гүлмира Аймағанбет