Сыр-сұхбат

Менің қасиетті сапарым

Қажылықтың бірінші күні - Минада

(Қажылық кезінде суретке түсіруді жөн көрмедім сол себепті суретсіз жариялап отырмыз) 

Таңғы үште Қажылық парызымызды өтеуге ниет етіп, Меккеден Минаға келдік. Бұл алғашқы қажылық қадамымыздың басталатын жері. Мина атауы құрбандыққа шалынған малдың қанымен байланысты ұғымды білдіреді дейді. Мұнда шалынған малдың қаны жерге тигенше пенденің күнәсі де төгіледі екен. Бір қызығы, Меккеде майда қара шыбын болса да, миллиондап мал сойылып, қаны ағып жатқан жерге үймелеген шыбынды көрмедік. Қызыл жоса қанға қанға құс та жоқ. Бұл да Алланың әмірімен болып жатқанға ұқсайды. Құрбандыққа шалынатын тоқтылар үш қатарлы торға тоғытылып үлкен мәшинелармен алып келіп жатты.

Сонымен Минадағы қаз-қатар тізілген палаткалардың шетінен біздің елден келгендерге де жай белгілеген екен. Ол биік бөктердің дәл етегінде, палаткалар мен таудың арасын шағын көше бөліп тұр. Бастаушыларымыз әрқайсымызға 50 см орын белгілеп, қатар орналастық. Басымызға Меккеден ала шыққан шағын сөмкемізді жастандық. Маған бұйырған жер желдеткіштің асты екен, онша жақтырмасам да үндеместен, сәл-пәл мызғып алмақ болдым. Біраз уақыт өткен жоқ, етжеңділеу келген бір келіншек, «сізбен орын ауыстыруға болады ма, маған желдеткіш болмаса, демалысым қиындау болып тұр» деді. Қуана келісіп, келіншекпен орын ауыстырып, жетпістердегі бір апаның жанына бардым. Қалада жүргенде көп қажылардың арасынан кездеспеген екенмін, жылыұшырап сөйлестік. Ботан деп өзін таныстырған апамыз оңтүстіктен келгенін айтты. Бас жағында электр шәйнегі тұр екен, «ешкім алып кетпесін, қарап қой» деп өзі ұйқыға кетті. Үлкен кісінің сөзіне жымиып, ақырын орнымнан тұрып сыртқа шықтым. Жан-жағыма қарап, палатканың бір шетіне шүберек байлап (адасып кетпес үшін белгім ғой) қоршаудан асып, шағын тауды бетке алдым. Ақырындап өрлеп келіп, ортан беліне жеткенде бір тасты тасалап, жайласып, палаткалар қалашығына көз салдым.

Керемет! Керемет! Айтуға сөз жоқ дейтіндей! Бүкіл әлемнен келген қажылар ағы, қарасы сарысы бар, барлығы мына Мина тауының баурайына үлкен бір мерекеге жиналғандай. Дәл осы көңіл-күй әркімде де бар. Кеше кешкісін біз түскен қонақүйдің иесі, мешіттің имамы және қонақүй орналасқан көшенің ақсақалдары мен шейхтары жиналып біздерге қонақасы берген еді.

«Сіздер Алланың қонағысыздар. Мекке сіздердің екінші отандарыңыз», өз үйлеріңізге, өз бауырларыңызға келдіңіздер» деп, ықыластарын білдірген-ді. Жайшылықта «екінші отан» деген сөзге көп күмәнім болатын. Бұл ретте өте орынды айтылғандай. Иә, біздер рухани Отанымызға келіппіз. Үлкен дастархан басында жиналып, қолдың басындай ғана ет салынған арабтардың асылған күрішін жедік. Дастархан үстінде біздің жақтың адамдары сұрақтарын қойды. «Неге басымызды құбылаға беріп ұйықтаймыз?», «екі кештің арасында неге ұйықтамау керек?» тағысын тағылар. Шейхтар сөзінен жаңылып, сұрақтың мәнін түсінбеді де. Бірақ осының алдында уағызда айтылған жайттарды қайталап сұрап, оның жауабын алып отырыстың сәнін бұзбады. Бұл жерде елдің салт-дәстүрін исламға теліген біздің жақтың адамдары қателескен сыңайлы. Тағы бір тартынып қалғаным, көшеге кілем төсеп тастап, дастарханды жайған арабтардың қонақжайлығына күмәнмен қарадым.  Өйткені  біздер қонақ келсе мейрамханадан бір-ақ шығарар едік, бұлар олай етпей, көшені қолайлады. Егер өздері де кілемнің үстінде шынтақтап жатса, теңіндей көргені, әрі еуропалық мәдениет жетпегені дер едім. Бірақ шейхтарымыз креслоға жайғасып, дастархан басында тізілген біздерге төбеден қарап отырды. Бұл әрине, қонақ аз отырып көп сынайдының кері ғой.

Меккенің қапырығынан тынысымыз тарылғандай болушы еді. Минаның  қоңыр салқыны, арасында үп еткен самалы бар екен. Құмырсқаның илеуіндей жыбырлап жүрген адамдарға қарап бір ойға кетесіз. Бірін-бірі білмейтін мың сан адамдар нәсіп бұйырып,  бір таудың етегінде жарты метр жерге тұмсығын тыққанына дән ризалықпен  Алладан үміт күтіп жүр. Қалай түсіндірерсің. Әрқайсысы Алланың сүйікті  құлы өзі екенін сезініп, құлшылығымен жақындай түседі. Осыншама нөпірдің ортасында жүріп те, Алланың алдына келген жалғыз өзіңдей сұхбаттасасың. Бөктердің бір қалтарысына  тізе бүгіп, айналаңа көзің салып отырғанда көңіл толқып көзге жас келеді. Жер ортасына жеткен біздердің жоқтайтын нәрселеріміз көп болса керек-ті, осындайда о дүниелік болғандар көз алдымызға елестеп, тілге келгендей. Ешкімге айтылмаған бар сырың көз жасымен шығып, пенделік қателерің жүрекке тікен болып қадалады екен. Жүрегіңді көз жасыңмен ақтарып болып, әлі де құдайдан үмітің үзілмей жаныңда жүргендердің өміріне шуақ сұрайсың. Көңіл сарайың көз жасымен тазарып, бір Аллаға деген құлшылыққа ғана орын қалған сияқты.

Ойымды «Аллаһу акбар» деп, тауды тебірентен топ бөліп жіберді. Қарасы мол түріктер екен. Айшықты қызыл туын желбіретіп, жерді жарып жіберетіндей екпінді. Біздің елден келгендердің де аз емес шығар. Бірақ шоғырланып, байрағын желбіретіп жүргенін байқамадым. Момын пейіліне қарай болар, бар-жоғы сезілмей, шашырап жүреді. Байқамын тауға өрмелегендер көбейіп келеді. Күн көтеріліп арқамды қыздыра бастады. Менде әдемі отырған жерімді тастап, Алланың әмірімен жайылған ақ шатырыма барайын деп шештім. Біздің палаткалар Австралия, Еуропа, Түркия мұсылмандарына арналып тігілген тізбектің арасында  тұр. Шешен, Тәжікстан, Қырғызстан республикаларының тулары желбіреп, қатар қонғанын көрсетіп тұр.

Арафатта ағылған көз жасы

Минада күнімен болып, бір түнеп, ертесіне Арафатқа жеттік. Мұнда күн батқанға дейін болу шарт. Бұл құлшылық күні. Арафатқа табанымыз тиісімен  тік тұрып, дұға-тілектерімізді айтып, көпке дейін тізе бүкпедік. Бұл жерде тұрып, күнәм кешірілмейді деп ойлаудың өзі күнә делінеді. Расында да, ең жақсы дұға, Арафатта айтылған дұға. Пайғамбарымыздың өзі (с.ғ.с) «Қажылық-Арафатта тұру» деп айтқан екен. Ендеше алыс елден табан тоздырып келгендегі бар дұғамыз осы жерде Арафат жазығында айтылады, осы жерде айтылған дұға қабыл етіледі.

Арафат жазығы құмдауытты келген, Минадағыдай емес бұл жерде аракідік ағаш өскен. Қажыларды темір қоршаулы орындарға, әйелдер жағын күннен қалқа ілінген, таза жерге төсеніш жайылған ашық жерге жайғастырды. Жайды ойлап отырған ешкім жоқ. Әрқайсысы өздерімен өздері болып, құлшылықтарын жалғастыруда. Бір мезетте «көптің тілегі қабыл болады деген, осындай да осындай жағдай еді, бәріміз бірігіп құлшылық жасайық» деген өтініштер шыға бастады. Барлығымыз жабылып айтқан адам үшін де Жаратқаннан дұға тіледік. Бұл күнде қайыр-садақа беру керектігі айтылған. Соны біледі ме, қайыршылар арлап өткенде қолымыздағы жеміспен қоса ақша қыстырып ризаладық. Негізі ақша беруге тиым салынған нұсқауды алған болатынбыз. Бірақ тамақ беруге рұқсат. Біздердің жеміске ақша қыстырғанымыз сол жердің заңына томпақ келмей, садақамызды да бергендегіміз еді.

Күні бойы бір Алланың ризалығына бағыштаған дұға-тілектерін, нәпіл намаздарын оқып болып, айналамдағы жұрт ентігін басқандай болды. Кәсіби қызғушылық мұнда да тыным таптырмады. Тоқтаған жерімізден ұзаңқырап, айналамызда не бар екен дегендей бір шолып келуге бел байладым. Ресей мұсылмандарың қосыны мен мұндалап тұр. Олардың жайы бізге қарағанда абаттылау көрінді. Шашлық жасайтын  да жайласып отыратын  жайы да  бар екен.

Енді сәл ұзасам Рахман тауы деген төбе тұр, оған да өрмелеп жатқан жұртшылық. Бірақ біздер оған шығуды мақсат етпедік. Бар күшімізді сарқымайық деп түстен кейінгі көпшілікке арналған дұғада болуды қаладық. Сонымен  жол бастап келген имамдарымыз бәрімізді жинап, дұға оқылды. Қасиетті күннің сипатын тағы еске салды.

Маған әсіресе, күннің қызарып, батып бара жатқан сәті ерекше көрінді. Кейбір қажылардың басы кеудесіне салбырап, сақалдарынан жас тамшылап,  екі иығы селкілдеп еңіреп отыр. Екі қолын көкке жайып, екі көзден аққан жасы беттерін жуып жатқанын көрдім. Әйелдерге қарағанда ер-азаматтар бостау екен деген ойға келдім. Қызарып, ұясына қонған күнді көзімізбен ұзатып салып, Мұздалифаға аттандық.

Мұздалифа. Жер-Ананың жатырында жатқандай

Түнемелікке Мұздалифаға келдік. Таудың биік жалғыз шоқысының баурайына барлық қажылар жиналды. Ашық аспанның астында бастарын құбылаға беріп, жантайған қажыларға қарап ойға берілесің. Күні бойы бойыңдағы барлық күш те, көз жасы да сарқылып, тек қана діттеген жерге жетіп, демалу ғана қалғандай. Екі намазды қосып оқып болған соң, ертесіне шайтанға ататын тасты да осы жерде жинау керек. Оны іздеудің қажетті аз, жері майда қиыршықты тасты. Оның арқамызға батқанын қолымызбен сыпырып тазалап алып, керегін санап, қалтамызға түйіп салып қойдық. Аспан ашық, жұлдыздар самсырап тұр. Мекке де қол созымдай жерде, жарық айы алыстан көрінеді. Дүрсін-дүрсін автобустан төгілген қажыларға қарап біраз уақыт өткіздік. «Ләббайка», «Аллаһу акбар» деп  дауыстаған қажылар өз елінің туын желбіретін келіп, көптің арасына  еніп жоқ болып кетеді. Қатарымыз көбейіп, ине шаншар орын қалмағанда жұлдызды аспанды жамылғы етіп  тыным табуға тырыстық. Бір қызығы, мұндай жаныңда жүрген жанды елемейсің. Айналаңдағы шу, адамдардың  әрлі-берлі қозғалысына елең етпейсің. Жер ананың құрсағында жатқандай қамсыз, еш қорқынышсыз жүрегіміз тынышталып, таңнын атқанын күттік.

Үлкен жамараттың ауыр жолы

Таң намазынан кейін Мұздалифадан Минаға қайта оралдық. Бүгін үлкен жамаратқа тас ататын күн. Құрбан айттың бірінші күні. Жөнбасшымыз бізден хабар келмейінше күтіңіздер деген соң, шайтанға ататын тасымызды сайлап отырмыз. Бір кезде «құрбандықтарыңыз шалынды, жолға шығамыз» деген хабар жетті.  Жол бойында ішерміз деген суды алып сыртқа шыға бергенімде меннен ертерек жеткен Ботан апамды кездестірдім. Суды қайдан алдың деп сұрады. Мен палатаға қайта оралып, бір бөтелкені Ботан апаға ұстаттым. Үлкен көшенің бойында басқалары жиналғанша күтіп тұрмыз. Менің жанымда тұрған келіншектің күйеуі аяғыма қарап: «мынауыңыз жарамайды, бар болса басқасын киіңіз, Аяғыңыз ісіп жүре алмай қаласыз» деді әйелінің аяғындағысын көрсетіп, Ондай суға киетін сүйретпем бар болатын, жүгіріп барып ауыстырып келдім. Сәнді, алды-арты жабық топылиымді шешіп қойдым. Жол ұзақ, екі туннелден өтеміз деп еткертті. Қалың нөпірде бір-біріңізден ажырап қалмаңыздар деп тағы айтты. Аллаһу акбар деп  жамаратқа қарай бет алдық. Бір бүйірімде Ботан апам. Апам  кішкентай торғайдай бір ұшып, бір қонып жүргендей  көрінді. Аяғын жылдам басып тынбастан «ләббайканы» дауыстап айтып келеді. Апама:«Ләббайканы ішіңізден айтыңыз, шаршап қаласыз» деймін жаным ашып. Апам адымын тежеп, біраз күбірлеп келіп, қайтадан дауыстап кетеді. Сірә толқыған болар. Оны да түсінуге болады. «Ләббайка» аспанда жаңғырып тұр. Еріксіз қосылып кетесің. Бір кезде артымыздан екі-үш таныс әйел қуып жетті. Апамыз арасынан танысын көріп, жүрісін жылдамдатып еруге талаптанды. Әп-сәтте апамыз арқасын беріп, нөпірдің арасында жоқ болды да кетті. Мен алыс жолда шаршамайын деп аяңдай басып келемін. Қысқа туннельден өттік, екіншісіне ендік. Ауа жоқ, адамдар лықа толған тар жолда жүрегің қысып, лықсып кетеді екен. Жан-жағыма жалтақтап келемін, арқамда қырғыздың қызыл жалауы желбірейді. Қажылардың арасында ресейдің көкалажолағы бар. Еуропа елдерінің шағын белгілері желбірейді. Алға қарай ұмтылсамда біраз жүріп тағы да арқама қарайлаймын. Адамдардың төбесінде тек жалаулар желбіреп келеді. Қажылар: «Аллаһу әкбар, Аллаһу акбар, Аллаһу акбар, Лә иләһә иллаллаһу, Аллаһу акбар,  Аллаһу акбар, уә лилләһил-хамд» деп тәкпірлеткенде тау тітіркеніп, туннелді тұндырып жіберді. Осы сөз бәрімізге қуат бергендей тар жолдан лықсып сыртқа шықтық. Кеудені толтырып дем алып, адымызды жылдамдаттық.

Құран бойынша, құрбандық шалу өзінің бастауын Алланың Ибрахимге жіберген сынағынан кейін пайда болғанын айтады. Пайғамбар, 86 жасына дейін бала сүймеген көрінеді, тек 86 жасқа келгенде ғана Исмаил дүниеге келеді. Бір күні Ибрахим түсінде Алланы көреді, ол оған жалғыз ұлын құрбандыққа шалуды айтады. Жаратушының өтінішіне қарсы келе алмаған Пайғамбар баласын ертіп, арқан мен пышақ алып осы жерге келеді. Баласы екеуі келе жатса, ібіліс ақсақалға айналып, «әкеңнің қайда алып бара жатқанын білесің ба?» деп бала мен әкесін ниетінен тайдырмаққа әрекет етеді. Сонда ібілісті қумақшы болып тас лақтырған екен. Енді  бір айналып ібіліс орта жастағы адамның кейпіне келіп те бала болып та алдынан шығады. Қазір біріншісі жамараттың үлкеніне тас атпақпыз.

Осы әпсана есіме түсіп, Ибрахим пайғамбардың Алланың үкімін орындауға тырысқан әрекетіне кедергі келтірмек болған шайтанға тас атқалы келе жатқан жайымды ойладым. Неше ғасырлардан үзілмей жалғасын тапқан бұл әрекет мұсылманның бірі мені Аллаға жақындатқандай. Мұның Алланың үкімін қолдау ғана емес, шайтанға тас ату арқылы өзіңнің де зор күнәңді лақтырып тастағаның. Қиямет қайымда лақтырған тастарың  Жаратушының алдына  барғанда жаныңда жатады дейді бір хадисте. Осы ойлар алыс жолды қысқартып, үлкен жамаратқа жақындап келдік. Тұтасып теңселіп келе жатқан жұрт Алланы көмекке шақырғандай: «Аллаһу акбар….» Жүгіре басып Үлкен жамаратқа жеттік. Тасыр-тұсыр. Құлақтың түбінен зуылдап өтіп жатыр. Мен де уысымдағы тасты шұңқырлы қабырғаға дәлдеп атып, жамараттан ұзай бердім. Қайтар жолымызда іркілмедік. Әлденеден қашқандай палаталар қалашығына жеткенімде алдымнан Ботан апамнан әрірек орналасқан әйел қарсы шықты. «Сені іздеп жатыр едік. Жүрші» деп басқа  палатаға алып келді.

-Танисың ба, Ботан апа осы ма, бәрі сені таниды деп жатыр деді. Палатаның төрінде бір тарамыс денесі селкілдеп біреу жатыр. Бір әйел басына сулы орамал басып, екінші аяқ-қолын ұстап отыр. Ес-түссіз жатқанның үстіне төнгендер абдырап маған қарайды. Екі-үш күн көрші болған адамының  түрін есте сақтайсыздар ма? Ботан апаны танымай қалдым, онсызда арық еті тартылып жағы қушиып, мұрын зорайып кеткен. Өзім де қорқып кетіп, сол деуге тілім бармады. Көйлегін жанына шешіп қойған екен: -Егер мына көйлекті осы кісіден шешсеңіздер, онда Ботан апа осы, – дедім дауысым дірілдеп. Бір кезде өзіміздің дәрігер келді. Есіме алдындағы екі күнде  тұмауатып отырған  соң, парацетамол бергенім есіме түсіп, дәрі ішкенін айттым. Оған дәрігер елең етпеді. Ентелеген әйелдерге ауаны тарылтпаңдар деген соң, басқалары апаның жанында екі әйелді ғана қалдырды. Енді жедел жәрдем күтіп отырмыз. Одан әріге жүрегім дауламай сыртқы шығып кеттім.

Әншейінде «қажылықта қайтыс болды, Меккеде өлді» деп жатамыз ғой. Аталарының осында өлгенін мақтанышпен айтатындар да бар. Бейтаныс жандардың алдында жан тапсырғанның жақсылығы жоғын сезініп, Меккедегі өлім осы ма дегендей қиналып кеттім. Шынын айтайын, ажалдың дәл осылйа келгенін қаламадым. Көзіме жас тұнып, әл үстінде жатқан апаға да қайырым болмай, сыртқа безіп кеткім келді. Шығар есікке жақындай беріп едім, «қажы, қажы» деген дауысқа қарадым. Палаткаларымыздың қоршауын айнала   африкалық әйелдер бірдеңе сатып отыратын. Олардың  шарбақтың ішіне кіруіне рұқсат жоқ. Дауыс шыққан жаққа қарасам есікте бір ақсақал тұр. Соны көрсетіп, қара қыздар шулап тұр екен. Үнді көсемі Махатма Гандидің суретін көргеніңіз бар ма? Дәл сондай, екі бүктелген, қолында таяғы бар бір қария. Жақындап келіп, сұрап едім, Өзбекстаннан келген екен. Адасып қалдым дейді. Мен бос тұрған ерлердің бір палатасына апардым. Оның адамдары келесі бөлігінде жиналған-ау, ешкім көрінбейді. Қарияға су беріп, жатқызып, өзім өзбекстанның палатасындағыларға хабар беретін адамды іздеп кеттім. Жақсы жері, астаналық өзбектер қоғамының төрағасы Шерзод Пулатовты кездестіріп едім. Соны тауып алып, жағдайды айтып едім, өзбектерге адам жібертті. Өзім ақсақалды күзетіп сыртта тұрмын. Қария шаршаған екен, ақырын тыныстап жатыр. Сол екі арада өліп қалады ма деп те қорықтым. Ботан апаның халін көргендегі сөздерімді  қайтып алып, мына тоқсанға жеткен қарияның мына халіне қызықтым. Осы жасқа келіп, Меккені ниет етіп, парызын орындаған мына ақсақалдың иманының беріктігіне, ниетінің мықтылығына таң қалдым. Алдында ғаан жылт еткен күпірлігімнен қысылып: «Аллам,  кешіре гөр, осы жасқа келіп, осындай асыл сеніммен алдыңа келсем, ала бер» деп қайталадым. Алланың үкіміне қарсы шығып, асылық айтқанымды түсініп, шын жүрегімнен кешірім сұрадым. Құдайдың қалауына қарсы келгенімді түсіндім. Бір кезде қол арбаны сүйретіп қажылықтың қызметкері келді. Атаны тұрғызып, арбаға сүйемелдеп отырғыздық. Қарияның алғысын алып, көшеге шықпақ ойымнан қайтып палатама келдім. Келсем, мана алдымнан шыққан әйел үрпейіп отыр. Қолында апамыздың телефоны. Он шақты рет звондаған сияқты. «Щука ғой, баласы» деді. Есіме апаның шәй ішіп отырғандағы айтқан сөздері түсті. «Жармаймын-ау деп едім, Щукаға, қойыңыз жарайсыз деп жіберді. Немерем мен кетерде тас қылып құшақтап, «онда өліп қаласыз ғой» деп жылап еді». Не істейміз? Тәуекел деп телефонның тетігін бастым. «Апамыз ауырып қалды» дедім, айтпақ ойымнан қайтып. Ар жақтан:«Астағфируллах!»  Баласы шошып кетті. «Ол кісіні басқа жерге жатқызды, ал телефоны қалып қойды»-дедім. Көрші келіншекке қараймын. Қазір хабар айтсақ, виза алып, шешесінің сүйегін алып кетуге жағдайы жете ме? Скорый алып кетті, бірақ не болғанын білмейміз ғой. Біржағынан шындықты айтпай алдағандай көріндік. Бірер сағат өткеннен кейін, ападан бір хабар болмаған соң, телефонды жолбасшыға өткіздік.

Үлкен жамаратқа тас атқан күні осылайша ауыр өтті. Осы күні байқағаным, адамдардың бәрі сапырылысып, терілеріне сыймай кеткендей. Кездескен жерде дауырығып, қатты дауыстап сөйлеп, сөзге келіп қалғандар да болды.  Барлығының көздері шатынап, бейнебір момын мұсылмандарды қолмен ауыстырып қойғандай. Кейінірек сұрастырып едім, алғашқы шайтанға тас атқан күні  кейбір қажылар осылайша теңселіп кетеді екен.

Келесі күні екінші жамаратқа тас атамыз. Тосыннан бұйрық келді. Енді қарт кісілер мен әйелдер тас атуға бармайтын болды. Оны имамнан беріп жіберіп,  рәсімді солар атқаратын болды. Мен бұл шешімге келіспей жолға шықтым. Байқаймын жалғыз мен емес, бірсыпрасы өзі баруды қалапты. Бұл күні бәрі тыныш өтті. Бара жатып, қағаз қораптардың бірін жыртып алып, қолтығыма қыстырып ала шықтым. Ондағы ойым қатты картон  желпуіш болар дегенім. Бара жатқанымызда бір әйелдің құлап жатқанын көріп, тұсынан өтіп бара жатып, серігіне желпуішті ұстатып кеттім. Индонезиялықтар да шүпірлеп қызыл майларын ұстатып жатыр. Қиналғанға қол ұшын бергеніміз осы ғана. Нөпірдің астында қаламыз, қайырылып қарайтын шама жоқ. Қағбаны айналып жүргенде де көргенім бар. Құлап түскен адамды жастықша сүйретіп, адамның аяғының астынан суырып алып шығып жатады. Ендігі мұндай жайттарға көзіміз де үйренейін деді.

Үшінші күні жамаратқа қарай шығар алдында автобус келіп, үлкен-кішілері  мініп алды. 150-ге тарта жұрттан 20 шақтымыз ғана шайтанға өз қолымызбен тас атуға тәуекел еттік. Мен бармын, екі қазақ апа бар. Жүгімізді беріп жіберіп өзіміз Меккеге жаяу қайтатын болдық. Таудан түсіп қалаға барамыз ғой деп, сүйретпемді шешіп жөні дұрыс топылиімді киіп алдым. (Ақылы қысқа әйел емеспіз ба).

Көлік тосатын жерге келісімен, тоса тұрыңдар деп кері қайтарды. Сөмкемізді арқалап палатамызға қайта келдік. Көп ұзамай шығыңдар деп тағы шақырды. Палатаның алдына шығып, аяқ киімімді іздеп едім таппадым. Әрлі-бері қараймын көрінбейді. Көлік күтіп тұра ма, дереу сүйретпемді киіп алып, сөмкемді көлікке тиеп, аз топпен жолға шықтық. Палаталар қалашығы Минадан Жамаратқа дейін, одан кейін Меккеге дейін ұзақ жол екен. Көк байрағымызды желбіреткен тобымыз бұзылмай жүріп келеміз. Тасымызды атып, дұғамызды жасап Меккеге бет алдық. Қажылықтың келесі шарты бойынша Қағбаны айналуымыз керек.  Жол жеткізер емес. Күн ыстық.

Қаланың шетіне кірдік. Көше толы қажылар. Көлік жүрмейді. Аяғымыздың астында бауы үзіліп қалған аяқ киімдер шашылып жатыр. Қалтамыздағы ауыз суымыз қайнап кетті. Жақсысы жолай су тарататын фуралар қойылған екен. Ыстықтан ауыздарын бақадай ашқан үймелеген қажыларға бөтелкелеп лақтырады. Қолымызға тигенінше дереу қағып алып, ішіп жатырмыз. Фурадағы үлкендерге көмектесіп жүрген жүгермектер бөтелкені тесіп, одан атқылаған суды бізге шашады. Әншейінде не дер едік, қазір сол бүріккен судың астында үймелейміз. Мына шөл таудан түскендерді де тақтан түскендерді де бірдей мүсәпір етіп қойды.

Ыстық күндегі судың қадірі осылайша өтті. 16 шақырым жерді жаяу жүріп, екі аяғымыз күп болып ісіп кетіп, Мекенің екінші шетіндегі қонақүйімізге  жеттік. Қажылықтың ендігі шарты Қағбаны айналу. Қағбаға адам сыймай, уақытша жабылды деген хабар келді.

Минадан жаяу жеткеніме қуандым. Әрі аяқ киімімнің табан астында жоғалғанына таң қалдым. Егер сол  киіммен шықсам  Меккеге жете алмай, жолда қалады екенмін. Бұл да құдайдың қарасып, қажылығымды қабыл алғаны шығар, Аллаһ ұлық деп көңілімді бірледім.

Айгүл УАЙСОВА

жалғасы.  Басы:

Менің қасиетті сапарым

Менің қасиетті сапарым

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button