Намыссыздық – дауасыз дерт
Белгілі қаламгер Кәмел Жүністегінің биыл жарық көрген «Көгілдір күмбез» кітабындағы хикаяттары мен әңгімелерінен басқа азаматтық толғаныстарын «ой иірімдерінде» топтап баяндапты. Бұдан басқа, «Дос көңілі», «Көне хикая», «Көксеңгірдің тасында», «Соңғы абыз», «Шырағдан», «Көксеу», «Қоңыр құлжа», «Арманым оттан өрілген», «Темір астау», «Едіге» романдарының авторы, тәуелсіздік жылдары «Құба белдер» атты үш кітаптан тұратын трилогиясын оқырмандарына ұсынған еді. Елін сүйген намысшыл азаматтың отаршылық, тоталитарлық пиғылға қарсылығы ғұмырының мәніне айналып, біраз жыл қапаста болады. Жазушымен бір кездесуімізде күреске толы күндерінен сыр шерткен еді.
«Қымыз» қалай жазылды?
– Қайсы бірін айтайын, бостандыққа шыққан соң да саяси қылмыскердің құқығы мүлдем кесілген заман болды ғой. Үйіңнен бір парақ қағаз тауып алсақ, он жылға кетесің деп ашық айтқан. Шешем байғұс та жаны қалмай, «қойсайшы» деп жылап отыратын. Содан 8-9 жыл қолыма қалам ала алмай жүрдім. Өзіңді ұмытып, іштегі күйіп тұрған ызаны басу үшін аңға шығамын. Атқа мініп, тау-тасты кезіп кетуші едім. Сөйтіп жүргенде аңдығандардың көзін ала бере түртіп қойған жырларымды алып, Алматыдан бір-ақ шықтым. Ол кезде Одақта Олжас отыр, ақын Қадыр Мырзалиевке жолығып, өлеңдерімді тастап кеттім. Айтқан уақытында Жазушылар одағына қайта бардым. Қадыр сұңғыла адам ғой. «Мынау «Қымыз» деген өлеңді қайда жүріп жазғансың? Бірдеңенің иісі бар екен» дегені. «Қадеке, орыстың ормандарын еріксіз аралап келген адаммын» дегенімде «Әй, жігітім, мұңайма, бабаларың ол ормандарды басқаша аралаған» деді. Жазушы Қалихан Ысқақов та сонда екен. «Мен сізге кеше айтып едім ғой, мына жігіт басынан іс кешкен адам» деп әңгімеге араласты. Қалихан сол арада «лагеріңді сағынып жүрмесең, прозаға кет» деп кеңес берді. Қадыр: «Не дейін енді, осындай өлең жаза бер деп айту болмайтын шаруа ғой» десе, Олжас та мұндай жырлардың ешуақытта басылмайтынын айтып, басқа жолын іздеу керектігін ескертті.
– Сол «Қымыздың» жырын бізге айтып берсеңіз…
– Лагерьден босаған бетім. Елге жол тартқалы тұрмын. Жолай бірінші кездескен жерден қымыз сатып алып, сіміріп салдым. Әбден сусап қалған екенмін, өн бойым бусап, терім бұрқ ете қалды. Тіпті ақ су болып кеттім. Түріме қарап тұрған тергеушімнің не болды дегеніне, аяқ астынан суырып салып айтқан жауабым еді ғой.
«…Тамшылап аққан терімнен,
Дірілдеп кеткен ернімнен,
Ешбір мұңды іздеме,
Сағыныштан басқаның.
Қымызын ішіп мас деме,
Көзінде неткен жас деме,
От болып еніп кеудеме.
Тұлпар болып шауып дүрліге,
Жаныштап кетті қанымды.
Ішкем жоқ сүтін биенің,
Жұпарын іштім даланың,
Қасиетті анамның…»Төгіліп шыққан жырдың екпінінен не ұққанын қайдам, «мынау не дейді» деп күбірлеп, тергеуші теріс айнала берген еді.
– Орыс ормандарын еріксіз аралауыңызға не себеп болды?
– Адам баласы бір күнде, бір себеппен таңдау жасамайды ғой. Құйма құлақтығым мен қызуқандығымды алдымен әкем аңғарған болу керек. «Сыбырлап» айтылатын сөзі бар басқосуларға мені жолатпайтын. Ондайда ақырындап есіктің сыртында тұрып, ақсақалдардың әңгімесін тыңдаушы едім. Әкелерімнен естігендерімнен кейін «маймылдан жаралдың» деген мұғалімнің сөзін санам қабылдамай, сұрақтың астына алатынмын. Тарих сабағында орыстың Петрі, Иван Грозный болғанда, қазақтың елге жанашыр бір ханы болмауы мүмкін емес, елді қорғайтын батыры жоқ халық баяғыда жер бетінен өшіп кетуі керек еді. Ендеше қазақтың тарихы неге дұрыс жазылмайды деп сабақ үстінде дау көтеретін едім. Әдебиет сабағында орыстың Державині бар болса, қазақтың Бұқар жырауы, Асан қайғысы, Шортанбайы неге оқытылмайды дегенді көлденең тартып, мұғалімді тығырыққа тіредік. Сөйтіп жүріп мектеп бітірдім.
Жасырын ұйым
– Сіздердің жастық шағыңыз Арқадағы тың көтеру кезеңімен тұстас келді ғой?
– Иә, тың игерушілердің бірнеше мыңы біздің ауданға да қоныс теуіп, бір демде көпшілік болып шыға келді. Көшеде келе жатқан қазаққа олар шекесінен қарады. Клубта қазақша ән айту біржолата тоқтады. Үлкендердің сыбырласқан сөзінен «ЕСЕП» деген ұйым болғанын естіп қап жүрдік. Осы партияны қайта тірілтуді мақсат тұтып, жасырын ұйым құрдық. Оның атын «Елін сүйген ерлер партиясы» деп атадық. Кеңесті құлатып тастай алмайтынымызды да білдік. Мақсатымыз – халықтың көңіліндегі өшіп қалған отты қайта маздатып жағу. Осы кезде Жұмабек Тәшеновтің елдің тұтастығын сақтау үшін басын қатерге тіккен әрекеті бізді жандандыра түсті. Біз Тәшеновті қолдап, жаңадан ондаған листовка тараттық. Қазақ елі жерінің тұтастығына алаңдап, жер мәселесіне өз үнімізді қосуға бекініп, үнпарақтарымызды «Жас Алаш», «Жас Қазақ» деген атпен жазып тараттық.
– Қозғалыс қанша жылдай өмір сүрді?
– Нақты тұрағымызды ешкімге білдірмеу керек болды. Сол үшін өзіміз тұратын Қарағанды аймағында тарататын үнпарақтарды да басқа қалалардан поштаға салып, институттарға жіберіп тұрдық. Үнпарақтарды қаладан келген жастар ауылдарына да жеткізді. Шет ауданындағы Аюлы тауындағы бір үңгірде жиналып, сол жерде машинкаға басып, пошта, вагондармен жер-жерлерге салып жібереміз. Істің басында жүрген бес жігіт Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарындағы намысты жастарды біріктіре білдік. Осылайша, екі жарым жыл өтіп кетті.
Күндердің күнінде тықыр таянып, ұсталатынымызды білдік. Содан жігіттерге ескертіп, бір-біріңді ұстап бермеңдер деп, барлық байланысты үздік. Мені қолға түсіре алмай, бір жыл аңдығанын кейіннен тергеушінің: «не пәлең бар, не сөзіңмен, не ісіңмен ұстатпадың» деген сөзінен білдім. Осылайша, біздің арамызға салған жансызының көрсетуімен 22 жасымда сотталып кете бардым.
«Өзімді ұстап берген қорқақты өлімнен құтқардым»
– Орыс ормандарындағы күндеріңізге тоқталмас бұрын өзіңізді ұстап берген адаммен кездескен сәтіңізді айтыңызшы…
– Тергеушілер тепкіге алып жатқанда да басыңда «ешкімді ұстап берме» деген ой ғана болатын. Сананың пәктігі, рухани тазалық адам баласына зиян келтірмей, жақсылыққа ұмтылу қиын кездерде де адамшылықтан ажырамауға себепші болды.
1988 жылы немере ағам қайтыс болып, оны қара жердің қойнына беріп, үйге қайтып келе жаттым. Ауылға 25 шақырымдай қалғанда, жол бойынан бір қара көрінді. Түн жарымынан асқан қарлы боранда тұрған мынау кім деп тоқтадым. Көрінген қара мәшиненің есігін ашты да, дереу жаба қойды. Менің де тілім байланып қалған. Әлгі екінші рет тағы есікті ашып басын сұқты да, ізінше қайтадан жапты. Үшінші рет есікті ашқанда, барып «кір» дедім. Тұрғанына көп болыпты, әбден суық өтіп қалш-қалш етеді. Тіс жарып үндеместен, ауылдың шетіне келгенде «кет, иттің баласы» деп арс етіп, көліктен түсіріп жібердім.
Рас, ол мені аяған жоқ, Сібірге айдатты. Алла Тағала мынадан кегіңді ал дегендей алдымнан шығарды. Егер мен жолықпасам, түтеген боранда үсіп өледі, не қасқыр жейді. Мен болсам өз таңдауымды жасадым.
Жыл – он екі ай жайында
– Сібірдің ормандарында өткен күндердің салауаты болды ма?
– Қазақтың небір жақсылары мен рухы күшті жандарды сол жерлерде кездестірдік. Саяси тұтқындар лагерінің айырмашылығы бар. Мұнда өңкей жазықсыз, жалалы болған зиялылар жазасын өтеп жатты. Кәнігі баукеспе қарақшылармен лагерьден лагерьге ауысқанда түйісіп қаламыз. Жан үшін жекпе-жек сонда өтеді.Айдауда жүрген жылдары көк аспанға үңілуіме, одан кейін де ерекше шұғылдануыма түрменің төрін бермеген, 33 жылдан бері қамауда жүрген ақмолалық Құнанбай Бейсенұлымен бірге өткізген кездерім себеп болды. Жасы жетпістен асқан ақсақал менің қызығушылығымды білді. «33 жыл аман жүрген едім, сен өлтіретін болдың ғой» деп күлуші еді. Барактан шығуға рұқсат жоқ, сонда да басымызды оққа тігіп, үйілген ағаштардың астында жасырынып, қазақтың «Киіз» кітабына үңілеміз.
«Киіз» кітап дегеніміз – тұрмыс-тірліктің, дүниетанымның ілімі. Қазір қарап тұрсам, жұлдыздардың қазақы атауын ешкім біле бермейді. Жұлдыздардың тууы, төрт мезгілдің мінезін жұлдызға қарап болжаған. Қазір ай-жұлдызға қарап малдың жайын жасап, көшіп-қонып жүрген қазақ бар ма?! Жоқ, қазақ тек тілі мен ділінен емес, иен далада еркін жүретін, бағыттаушы кілтінен айырылып қалды.
Ал жұлдызшы атаулының күні не болғанына отызыншы жылдар куә. Бүкіл ғұмыры табиғат аясында өтетін табиғаттың төл баласы, көшпенді ел көк аспанның жымыңдаған сансыз жұлдызына ат қойып, сол тұңғиық көкті қай күні бұлт торларын не қар борап, не жаңбыр сіркірерін дәл айта білген.
Қазақ жұлдызшы-есепшілері, әсіресе, қысылтаяңы көп қыс айын болжауға аса күш салған екен. Сол алты ай қыстың қаһарлы бораны мен қатты аязын Ақырап айының алты күніне болжаған. Бұл жөнінде кейіннен біраз ой қосқан Зекен Бәкірұлын, Төкеннің Жұмабайы сынды ақсақалдардың есімін де атап өткен жөн шығар. Қазіргі жұлдызшылардың долбары қазақы танымнан алыс жатыр. Ауа райын, жұлдыздар әлемін қазақы көзімен тани алмайды.
Жыл – он екі айлардың амалдары «Бес қонақ», Құс қанаты», «От амалы», «Қызыр қамшысы», «Бүршік жарған», «Қызыл жұмыртқа», «Құралай желі», «Үркердің батуы», «Үркердің толғағы», «Таразының тууы», «Сүмбіле жұлдызының тууы», «Боқырау», «Ақыраптың алты күні», «Қараша қаздың қайтуы», «Қырбастың қызылы», «Теке бұрқыл», «Күн таласы», «Сары аяз», «Үркер ауған амалдарын», «Толқыма» мен «Май боран» деп табиғат құбылысын белгілейтін. Мұны анықтап білмек түгіл, қазіргі күні атауларының өзі екінің біріне жат естіледі.
Қайткен күнде де ауылды сақтау керек
– Қалам ұстағанның дені әдеби ортасы бар үлкен қалаларға қыстырылатын еді. Ауылдан аттап шықпағаныңыздың өзі өр мінезіңізден бе?
– Сексенге жақындап қалған өмірімде екі-ақ мекенжайым болыпты. Бірі – саяси лагерь, екіншісі – Шет ауданы. Қала – мен үшін жат дүние. Алматыға барамын ғой. Алайда екі-үш күн боламын да, төбемнен бір нәрсе төніп, екі бүйірімді бірдеңе қысып тұрғандай күй кешемін. Шет аудан деп әдеби ортадан шеттеген жайым жоқ. Бұл ел – қазақ-қалмақ ұрысында Абылай ханға Жидебай, Байғозы, Жарылғап, Сазанбай, Итқара сияқты батырларды серік етіп шығарған ел. Бұл ел, Тұрсынбек Кәкішев айтқандай, ХІХ ғасырда орыстың зұлым саясатын жеріне жеткізе әшкерелеген Шортанбай жыраудың, оның ізбасарлары – Диа қажы, Нармамбет, Оқа, Қақпан, Түсетай, Маясар ақындардың елі. Бұл ел – өнердің ордасы. Шертпе күйдің шаңырағын аспандата білген Қыздарбек күйші мен оның 1931 жылы оққа байланған шәкірттері – Әбди, Сембек, Мақаш, Кенжеғара, Ақмолда, Кәрібек сынды өнер иелерінің елі. Бұл ел өршіл рух қанына сіңген топырақ еді.
– Сол елдің алыс ауылдарының тіршілігі қалай өтіп жатыр?
– Айналайын-ау, ауылдың әңгімесін менен сұра. Тағдыры қиын ауылдың болашағы бұлдыр-ау деп қорқамын. Бүгінгінің әкім-қарасының ішінде ауылдың жайын ойлайтыны бар, оған басы ауырмайтыны бар. Елде жұмыс жоқ. Бірде жиырма жыл газет оқымаған малшымен кездестім. Бұрын алыс ферманың өзінде газет-журналы, ауыз суы мен жарығы жеткізілетін. Бұл болмаса адамның неге айналатыны белгілі. Ауыл айналасында бірер қара өсіреміз. Күз болса оқушының киімі мен оқулығы үшін шаруа адамы базарға мал шығаруға мәжбүр. Оны үлкен қалаға жеткізу күш, жылмаңдаған пысықайлар жылда келіп дәнігіп алды. Жай келмей, өгізді бұзаудың бағасымен сатып алып кетіп жатыр.
Қайткен күнде де ауылды сақтау керек. Ол жоғалса, қазақтың иен даласын кімге тастаймыз? Көзін алартып отырғандар алдымен босап қалған жұртты жағалауы мүмкін. Бәрі қалаға келсін делік. Сонда не болады? Қазақтың санын толтыратын – ауылдың қазағы. Егер жағдайын жасасаң, ауылдың әйелі бес-алты баланы тауып береді. Бала таба алатын әйелге ең болмаса Ресейдегі анаға қамқорлықтай бір жақсы ниет танытсақ екен. Қаланың әйелдері туған бір-екі баладан қазақтың саны өспейді. Осы қатты ойландырады. Қазір шағын ауылдардағы мектепті жаппай жабу науқаны басталған сияқты. Оған жоғары жақтан түскен «мектеп жасындағы 40 бала болмаса, мектепті жабыңдар» деген басшылық бұйрығы себеп болса керек, 39 оқушысы бар мектептің жабылғанын көрдім. Осыған ішің ашиды. Енді мектеп жабылса, қалаға көшіп жатқандардың қатары одан сайын үдере түседі. Мектепте сабақ беріп көрмеген министрлер не ойлайды екен?!
Тіпті ауылдың мектебін толтыра алмаса, қаладағы жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқандарды ауылға тартсын. Жәрдемін берсе, оларды ауылдың көп балалы әйелдері де асырап алады. Өзінің бес баласы сыйған жерге алтыншысы сыймайды дейсің бе? Ол жетімнің де көз жасы құрғап, ауылда өсіп, табанымен құм басып көлге шомылар еді. Өзге бауырларындай тайды бас білдіріп мініп, қазақтың баласы екенін сезінер еді. Оны ойлап жатқан кім бар?!
– Тағы да өмір жолыңызға үңілсек, мектепке дене шынықтыру сабағының мұғалімі болып келіп, сол жерде оқу ісінің орынбасары болып көтерілдіңіз…
– Бостандыққа шығысымен бірден мұғалімдікті берді. Орыс мектебі деген аты болмаса, әр сыныпта екі-үштен ғана өзге ұлттың баласы бар. Қалғаны – өзіміздің қаракөздер. Алдымен ардың ісі бар. Қанша қадағаласа да, қарап жүре алмадым. Балаларды білгенімше тәрбиеледім. Сол жылдары мектеп директоры болған Суворова «Сіз келгелі үзілісте балалар қазақша сөйлей бастады» деп шыр-пыры шығатын. Ол аздай, шырша мерекесінде оқушылар 12 мүшел жылының хайуанаттарының суреттерін салдырып ілгізетін болдым. Суворова тағы шырылдайды, мен болсам өз ісімнің дұрыс екенін білемін. Асылы, өзіміздің намысымызды шабақтап, өзіміз алға ұмтылмасақ, біз үшін ешкім бойымызға сіңген әдеттен арылта алмайды. Егер өзгенің айтқанына көніп, ығып жүре берсек, онда сол кеткенің – кеткен.
Алаш азаматтары кезінде «Оян, қазақ» деп бекер айтқан жоқ, оян да әрекет қыл. Сонда өз дегеніміз болады. Тәуелсіздік алдық, бірақ қазақы қалпымызды таба алмай, адасып жүрміз. Елу мен сексеннің арасындағы кәрі-құртаң мен кемпір-сампырлардың арақтан озып кете алмай жүргендігі жас ұрпаққа қандай үлгі болмақ?!
«Аяқты қия басу жоқ,
Орыстың салған жолы бар.
Емін-еркін заман жоқ,
Ендігі жүрген жігіттің
Маңдайында соры бар!» деп осы жердің тумасы Шортанбай Қанайұлы заманның уытын алдымен айтып кетіп еді. Өкінішке қарай, сүйекке сіңіп қалған жат әдеттен құтыла алмай жүрміз. Кешегі партком, бүгінгі төрге шыққандардың кейінде «Шортанбайың неге керек, ақын-жазушың кімге сән» деп көкігенін де естідік.
– Шортанбай жырауды өз жерінде ұлықтай алмай отырғанымызды қалай түсіндіресіз?
– 1980 жылы жігіттерді ұйымдастырып, Шет ауданынан 5 шақырым жерде жатқан Шортанбайдың басына тас қойдық. Сонда ел болып, 175 жылдығын абыроймен өткіздік. Бір кездері қарсы шыққандардың халықтың алдына шығып, «Шортанбайға мәңгі қарыздармыз» деп теледидардан сайраған екіжүзділігіне еріксіз тосыласың. Ұлы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген екен. Бесігіңді түзеу – қазақы қалпыңды түзеу, елдігіңнің тіреуі – ата-баба дініне мойын ұсыну, жеке бастың өзеуреген намысы емес, ұлттың намысын қорғай білу, сол үшін басыңды қатерге тіге білу. Намыссыздық пен қараңғылық кес-кестеп алдыңнан шыққан сайын қаның қарайып, «зар заманды» жырлаған жыраулармен бірге жүрегің егіледі.
«Зар заман» деген ағымның бастауында тұрған Шортанбай Қанайұлының дүние есігін ашқанына келесі жылы 200 жыл толады. Қарағанды облысы Шет аудандық музейі Шортанбай жырау есімімен 15 жылдан артық жұмыс істеді. Мұнан кейін жыраудың мұрасын да, атын да жергілікті биліктің «мүйіздей» бастағанының куәсіміз. Аса ықтияттылықпен бір бөлмеге жиналған жыраудың мұралары ұстағанның қолында кетті. Шортанбайға мұның қажеті жоқ, алайда жырау есімін атай отырып, сол кездегі бүкіл қазақтың таным жүйесін, психологиясын, білім деңгейін, отарлаудың осы өңірдегі ауыр салдарын елге түсіндіруге мүмкіншілік молая түсері анық. Қазақ баласының келешегі үшін зарланған ақынның жырын айтқандардың неліктен алды атылып, соңы итжеккенге айдалғанын зерделей алар едік. Ұлы жыраудың есімін өшіріп, санамыздан аластауға тырысқандардың мына тәуелсіз заманымызда не ойлағанын кім білсін?! Тегі, намыссыздық – дауасыз дерт сияқты.
Сұхбаттасқан:
Айгүл УАЙСОВА