Сыр-сұхбат

Әнімен әлемді аралаған Алмасбек  

Қазақстан Республикасына Еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, жырау, педагог, фольклор зерттеуші-ғалым, ұстаз, «Парасат» орденінің иегері Алмасбек Алматов Нұрмаханұлы мерейлі 60 жасқа толған тойы өзі қызмет жасап жүрген Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының ұжымы жерлесіміздің  мерейтойының мерейін шығарып атап өтті.

Академия ректоры – Айман Мұсаходжаева мән берген бұл тойға Мырзатай Жолдасбеков бастаған ғұлама-ғалымдар, өнер қайраткерлері қатысып, той иесінің мерейін асқақтатты. Сыр өңірінен облыстық мәдениет басқармасы Ержан Абдрахманов басқарған делегация құрамында ҚМУ ғалымдары да болдық. Университет ректоры, профессор Қ.А.Бисенов құттықтау хатымен бірге, ескерткіш сый-сияпат та жіберді. Республикалық баспасөз беттерінде Алмасбек жайлы мақалалар да жарық көрді. Қазақстанның түкпір-түкпірлерінен келген жырау-термешілер Алмасбектің шәкірттері Астана аспанын ән-жырға бөледі.

Ия, қанша құрмет жасалынса да қазақтың жыраулық өнерін әлемдік деңгейге көтерген Алмасбек інімізге жарасып-ақ тұр! Қызылорданың педагогикалық институтының «Ән және музыка» факультетін бітірген  А.Алматовтың кезінде оқу бағдарламасында жырау-жыршы, термеші сияқты қазақтың дәстүрлі өнеріне байланысты пәндер болған жоқ. Сондықтан Алмас Әли Байжолов сияқты принципшіл ұстазының алдына талай барғанын жасырмайды. Бірақ «Сырбай Мәуленовке де емтиханда екі қойғанмын» деп шабыттана айтатын Байжолов ағамыздан гөрі, Сырбай Мәуленовты Алты Алаш түгіл бүкіл әлем таныған жоқ па?

Бұны айтып отырғаным таланттардың бағасын халық, ел беретін болғандықтан, оларға сандық баға беру өмір шындығына жатпайды. Ал тума талант оқып білім алу, ізденумен бірге табиғаттың өзі берген сыйымен келетініне ешкім дау айта алмас. Сондай таланттардың қатарына – Алмасбек өнері де жатса керек. Студент кезіндегі қазақтың дәстүрлі өнеріне деген немқұрайлы қөзқарас, кейін А.Н.Алматовтың жетекшілігімен (1998 жылы) «Дәстүрлі өнер-Жыр» мамандығының мемлекеттік стандартын, оқу жоспарын, оның толық оқу-әдістемелік кешенін жасауға итермеледі. Сөйтіп қазіргі Қызылорда облысының әкімі – Қырымбек Көшербаевтың министр болған кезінде аталған стандарт бекітіліп, ЖОО-на арнаулы мамандық ретінде енгізілді.

Осы уақыттан бастап Қазақстанның жоғарғы оқу орындарына «Дәстүрлі өнер – Жыр» мамандығы бойынша студенттер қабылданып, бастауында Алмасбек тұрған қазақтың жыраулық дәстүрлі өнері кең қанат жайып, оның мектебі қалыптаса бастады. Өнер жолында жүзден астам шәкірт тәрбиелеп, халықаралық, республикалық конкурстардың  лауреаттарын дайындады. 1987-88 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ғылыми ізденушісі болып, аталмыш оқу орнында ашылған «Халық әні» кафедрасын ұйымдастырушы және алғашқы меңгерушісі болып сайланды.

– Мен оқушылар назарын Алмасбектің қазақтың дәстүрлі өнерін әлемдік деңгейге көтерген талантына, табиғат берген шеберлігіне аударсам деймін. Кезінде Әміре Қашаубаевтан кейін ашылу рәсімін Францияның бұрынғы президенті Миттеранның өзі ашқан концертте (Париж) қазақтың атын Еуропаның жоғарғы деңгейдегі сахнасынан шырқаған екінші қазақ – Алмас Алматов. Дәл осы уақыттан бастап – Алмас аты әлемді аралап кетті. 1985 жылы Франция, Италия, Швейцарияда өткен «Фольклорлық музыкалық турнеде», осы жылы Монғолияда болған «Азия халықтарының музыкалық симпозиумына» қатысып, халқымыздың дәстүрлі өнерін әлемге танытты.

А.Алматов шетелдік сапарларында концерттік бағдарламалармен бірге қазақ өнері мен мәдениетінің тарихын, оның өзекті мәселелерін, жыраулық өнердің ерекшеліктерін, қазақтың жыраулық дәстүрінің бастауын, қазақ ауыз әдебиетінің ғылыми негіздемелерін дәріс түрінде терең уағыздап жүрді. Сондықтан да Алмас шығармашылығын  әлемдік дәрежедегі музыка, өнер мамандары жоғары бағалаған. Гнесин атындағы Музыка академиясының кафедра меңгерушісі, КСРО Халық әртісі, профессор Н.К.Мешко А.Алматов жайлы: «…Его одно из последних часовых выступлений, состаявщиеся в январе  с.т. в театре Шатле (Париж), имело международный резонанс. Мы лично могли убедиться в его высоком искусстве певца-сказителя на Международном симпозиуме «Музыка и эпос», а также слушая его многочисленные фоно и грамзаписи» – деп жазды. ЮНЕСКО басқармасының мүшесі, өнертану докторы И.И. Земцовский: – Исполнительское мастерство А.Алматова известно в Москве, в Ленинграде, где часто он не только исполняет эпические произведения, но читал лекции об особенностях эпической традиции казахов…. Лекции А.Алматова отличаются большим вооодушевлением и научной обстоятельностью, доказательностью и концептуальностью» – деп жоғары баға берген.

1993 жылы Париждегі «Chatlet» театрында жеке концерт беріп, осы жолы Голландияның Амстердам қаласында өткен «Музыкалық фестивальде»  өнер көрсеткен. 1996 жылы Америка, Висконсии, Медисон университеттерінде тартымды, әрі қызықты лекция-концерттер өткізеді. 2001-2002 жылдары Каирде (Египет), Лондондағы «Елизабет-Хоол» сарайында қазақтың дәстүрлі жыраулық өнерін ағылшын аспанында шарықтатқан алғашқы қазақ  жырауы да – Алмас Алматов. Келесі жылы Нью-Иорк, Вашингтон қалаларындағы Смитсонион университетіндегі лекция-концерттері табыспен өтеді. 2007 жылы Голландия, Белгияда өткен «Орта Азия халықтарының музыкалық фестивальдеріне» қатысып, Қазақтың жыршы-жыраулық өнерін күллі Еуропаға, әлемге паш етті.

А.Алматов тек орындаушы ғана емес, үлкен ғалым, бірнеше татымды ғылыми еңбектердің авторы. Сөзіміздің дәлелі ретінде Алмастың  ғылыми жетекшілігімен Токио университетінде қорғалған Норико Тодоның «Қорқыттың музыкалық мұралары»  тақырыбындағы диссертациясын Дэвид Кобектің – Американың Висконсон университетінде қорғалған «Сыр бойының жыраулық дәстүрі» атты диплом жұмысына ғылыми жетекшілік еткенін айтсақ та жеткілікті болар. Оның ақындық өнерін айтқанда өлеңмен өрнектелген Шыңғыснаманың өзі не тұрады?

Бірнеше ондаған өнер адамдарынан тұратын Құрманғазы ұлт аспаптары оркестрін «Отырар» сазы фольклорлық ансамблін, хор капелласы т.б. ұжымдар әр түрлі деңгейлерде өнер көрсеткенде, оның дирижерлары мен жеке дауыста немесе ұлттық аспаптарда ойнайтындар мен оркестрге қосылып ән орындайтындардың есімдері аталады. Ал әлемді шарлап, ұлттық дәстүрлі өнеріміздің жаршысы болып жүрген Алмас Алматов әлем сахналарынан: «Алмас Алматов – Қазақстан» деген тебірентерлік жарияланыммен жарқ ете қалады.

Алмас арқылы қазағым – ұлтым деп соққан жүрегімен ұлттық өнерімізді өзімізден гөрі шетелдіктердің танып біліп, оны зерттеп, пайдалана бастағанына бір жағынан сүйінсек, бір жағынан күйінесің де. Түркістандағы қасиетті Тайқазанды елге алып келудегі болған қиындықтар, Әміре бабамыздың жанды дауысын отанына оралтудағы оралымсыздықтар, Мұстафа Шоқайдың ғылыми-танымдық, саяси еңбектерін өз ұлтына жеткізудегі сансыз кедергілер ойымызды он саққа жүгіртеді. Токио университетінің профессоры Мори Тосонның жазып зерттеуімен шыққан                 7 томдық «Сыр бойы» жырауларының антологиясы аудиокассетасына не дейсіз?! Жапон ғалымдары біздің құлағымызға үйреншікті есептелетін Алмас пен Камшат апамыздың дауысы мен ырғағына неге соншалық қызығушылық танытты? Немесе, Алмастың жыраулық өнерін Пенсильвания (АҚШ) университетінің докторы Уолтер Зеф-Фельдманның, Колумбия университетінің магистрі, политолог Хильда Айценнің, Чикаго университетінің магистрі Бавна Давенің терең зерттеулері, тюрколог, фольклорист Хироси Онаваның Алмас шығармашылығы жайлы деректі фильм түсіруінің аржағында не сыр жатыр?

Демек, жоғарыда аталған білікті шетелдік музыка зерттеушілері басқа халықтарда кездесе бермейтін қазақтың ұлттық-жыраулық өнерінен білетіндер мен түсінетіндер үшін мен мұндалап тұратын бір ерекшелік тапты да. Немесе, Алмастың көмекейден қайырып, бірнеше ырғақтармен тыңдаушысын тебірентетін хас өнері арқылы әлемдік музыка өнеріне өз аттарынан жаңалық та қосуы мүмкін ғой. Сонда әлем назарына ілінген Алмас жайлы айтуда, оның өнерін насихаттауда ширек ғасыр тәуелсіздік жағдайда дамып келе жатсақ та, шетелдік музыка зерттеушілеріне қол жаюымыз керек па? Нарықтың шексіз үстемдігі кезінде дүниенің әр құрлықтарында қалған, Алмас арқылы жеткен – өзіміздің ұлттық құндылығымыз бір уақыттарда елімізге миллиондаған, миллиардтаған доллар сұрап оралмасына кім кепіл?

Біз мақаламызда Алмастың шетелдік өнер қойылымдарына қысқаша экскурс жасаған болдық. Оның әрбір сәтті сапарлары дара-дара шежіре. Орындаушы, зерттеуші, ұйымдастырушы, ұстаз – А.Алматовтың Қазақстанымыз үшін жасаған ерен еңбегі де жетерлік.

Мақсатымыз: алпыстың асқарына шығып, әлем таныған Алмасты біздер жете тани білдік пе? деген сауалды көпшілік назарына ұсыну.

Академик Әлкей Марғұлан: «…, Патриарх, ақын, әрі халық мүддесін білдіруші жырау топ алдында өте сирек, аса қажет жағдайларда ғана шығады» – деп түйіндепті. Қазіргі әлемдік дағдарыс пен алып мемлекеттер арасындағы араздықтар мен алауыздықтар, діни қақтығыстар, халықтың босқыншылығы жағдайында жыраулардың рөлінің арта түсетіні де шындық. Ендеше, денемізге ұлттық өнерімен нәр беріп, қанымызды жүгіртетін, Қазақстанымызбен бірге жүрегімізді соқтыратын жырауларымызды алға салайық ағайын!

 

 

Қазбай Құдайбергенов – ҚМУ профессоры.

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button