Сыр-сұхбат

Ала өгіздің оқиғасы

Ауданбай қажы Ахметжанұлы

Атама далада Смайыл деген құрдасы жолығып, есен-саулық сұрасқаннан кейін, «Әуесқан, сен ала өгіздің қызметін білесің бе?» деген сұрағына мүдірместен «иә, білем» депті. Смекең: «білсең айта қойшы» дегенде, «жарайды, сен білмесең, мен саған айтып білгізейін: «ала өгіздің қызметі сендерді сүзіп өлтіру» деп жауап қайырыпты. «Қой, сен бізге жала жауып тұрсың, біздің елде өгіздің сүзгенінен опат болған ешкім жоқ» деген Сымекеңнің қарсы жауабына, «жарайды, сен қазір мойындамай тұрсың ғой, мүмкін білмейтін де шығарсың. Қазір ауылыңа жетісімен, үйіңе соқпай Жұмаш ағаңның үйіне барып содан сұра. Егер ағаң «өй, ондай жағдай біздің елде болған жоқ, Әуесқан қате айтады» десе, сонан соң сөйлесерміз» дегеннен кейін Сымекең бұл тақырыпқа кейін жоламапты.

Қазақ халқында «байлық мұрат емес, жоқтық ұят емес» деген қанатты ұлағатты сөз жиі айтылғанымен, осыған сәйкес амал жасалынбайды. Ашығын айтсақ, сөз бір түрлі, күнделікті іс пен амал басқа түрлі.

Жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында бір апамыздың жастай айттырған адамы кенеттен қайтыс болып, құдалар жағы қыздарыңды алып бере қоятын басы бос баламыз жоқ. Өлген күйеу балаларыңның ағасына, қатын үстіне беріңдер деп сөз салыпты. Әйел үстіне баруға апамыз келіспеген соң, қызын жылатып беруге дәттері бармай, құдалардың ұсынысынан бас тартып, балаларын әйел үстіне бермейтіндігін айтса, құда жағы берген қалың малды қайтаруын талап етіпті. Кім білсін, байлыққа ұмтылмағандығынан ба, қожа әулетінде байлар көп болмаған, күнделікті таршылық көрмей өмір сүруіне ғана жеткілікті малынан басқа, басы артық малы болмаған отбасына бұрын алып жұмсалып кеткен қалың малды қайтара салу аса оңайлыққа соқпайды.

Дегенмен, құдаларға алған қалың малын қайтарып бергеннен соң сол жылы мінер атқа зәрулік көріп, үлкендеріміздің бірі, ел арасына өгіз мінген уақыты болған сияқты. Сымекең «ала өгіздің қызметін білесің бе» дегенде  жақындарымыздың бірінің өгіз мінгендігін бетіне баспақ оймен айтқаны ғой. Бірақ, ертеректе Сымекеңнің ағайындарының қыстауын жазғытұры күрт еріген қар суы басып қалыпты. Үйлері су астында қалғандар жан-дәрмен жеңіл-желпі дүниелері мен ұсақ малдарын құрғақ жерге шығарып әкеткенде қорада бақанда байлаулы өгіз қалыпты. Өгіз иесі басқа малдарын құрғаққа шығарып, қайта келіп өгізді алып шығу үшін бас жібін шешіп жатқан сәтінде суық судың ішінде ұзақ тұрып қалған ашулы өгіз мүйізін шайқап қалғанда иесіне бата тиіп бейшараның ажалына өгіз себеп болған жағдайы болған. Оны Атам білетіндіктен, Сымекеңе осы жағдайды тұспалдап «ала өгіздің қызметі сендерді сүзіп өлтіру» депті. Біздің халықтың түсінігінде өгіз сүзіп өлтіруді масқарашылық санайтындықтан Сымекең бұл тақырыпқа қайта айналып соқпапты.

Смекеңнің жиені, апасының баласы Балтабаймен орта мектепте бірге оқимыз. Ол жылдары барлық үй бірлі жарым сиыр ұстап соның сүтімен қоректенеді. Балтабайдың әкесі Сүлеймен шарғы жүдеу адам болатын. Өрістен қайтқан сиырды байламақшы болған Сүлекеңді, сиыр мүйізімен жасқап құлатып, әйелі барса сұлап жатыпты. Бұны көрген жұбайы «Жалғыз балаға ат байлап кеттің» деп  дауыс қойып жыласын. Бұны естіген мен мына кісінің  «Жалғыз балаға ат байлап кеттің» дегені несі, жұбайын жоқтап жаламай» деп таң қалдым. Алла сақтап Сүлекең тірі екен, біраздан соң есін жиды. «Аллаһты бір, пайғамбар «с.ғ.с» хақ, жақсылық та, жаманшылық та – бір Алладан» деп иман келтіре тұрып, «байлық мұрат емес, кедейлік ұят емес» деп ұрпағына ұлағатты сөз тастай тұрып, адам өмірінде жаңағыдай келеңсіз жәйттер кездессе, мұндайды «Алланың ақ бұйрығы осылай болып, байғұстың пешенесіне осыны жазған ғой» деп түсінудің орнына, үлкен бір масқарашылық, ұятты жағдай ретінде түсініп, соған қорлануының себебін осы күнге дейін түсіне  алмадым.

Нұрмұхаммед бабамыздан тараған ер ұрпақтарының үлкені Атам інілеріне айтқанын істететін. Рымқожа әкеміз өзінің қыздай алған әйелін тастап байы өлген, соңында жас қызы бар әйелді аламын дегенде, «қой, өзіңнің қыздай қосылған қосағыңнан айрылма» дегеніне  көнбедің деп ағамызды бақанмен ұрып, басын жарып қойыпты. Ұлы Отан соғысынан қайтпаған інісін сағынып,  «Басын жарғанымда да алдымнан шықпады ғой» деп, кейін көзіне жас алып отыратын. Аллаһ нәсіп етсе, бұл жәйтке де алда толығырақ тоқталамын ғой деп ойлаймын.

жалғасы,

Басы: http://kozhalar.kz/20197450-omirding-kejbir-kezengderi

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жабу