Сыр-сұхбат

Хафиз Асадтың сыйлығы

Есімде, Егемендіктің алғашқы уақыттарында Қалтай көкем шет елге іс сапармен көп шығатын болды. Бұл жолы Түркияға барып қайтқан еді. Сондай кезекті сапарынан кейін көкеме сәлем беруге үйіне барғанмын. Көкем кабинет бөлмесінде столдың басында Қолында қағаз бен қалам, өзінің үйреншікті жұмысы, жазумен айналысып отыр екен. Амандасып болғаннан кейін:
-Көке, ат көлігіңіз аман, Түркияға барып қайттыңыз ба? Сапарыңыз оңды болып қайтқан шығарсыз Қандай шаруамен барып едіңіз ол жаққа?- деп сұрағанымда,
Осы жылы мәуліт айында пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с) туылған күніне бүкіл Ислам елдерінің діни басшылары жиналып Симпозиум өткізді, соған Қазақстанның атынан бас Мүфті-Рәтбек қажы және мен Заман-Қазақстан бас редакторы, екеуміз жолға шықтық.
Стамбулға жақындағанда бір тосын жағдай болды, бала,- деп кеңк етіп бір күліп алды да, – Ойпырмай, бұндайда қызықтар болады екен өмірде!
Ұшақтың салонында екеуміз қатар отырғанбыз. Бір мезгілде Рәтпек қажы маған,
Қалеке, сізге бір өтініш болып тұр,- деді
Иә, айта бер, қандай өтініш?
Бүгінгі болатын сипозиумда әр елдің бас мүфтиі мінбеге
Шығып баяндама жасау керек екен. Мен оған дайын емеспін. Ондай жерде сөйлей алмаймын, бүлдіріп алып масқара болып қаламыз ба деп қорқамын! Сондықтан менің орныма сіз баяндама жасасаңыз өте жақсы болар еді.
Бұны естігенімде есімнен танып қала жаздадым. Бұл қалай сонда, дүние жүзіндегі Ислам елдерінің діни басшылары бас қосқан мұсылмандар үшін маңызы зор жиынға келе жатқан мүфтіміздің түрі мынау болса… Сенген сиырым сен болсаң күйсегеніңді ұрайын,- деген екен бір қазақ.
-Ау, Рәке бұныңыз қалай Сіз Түркияға баратыныңызды күні бұрын білдіңіз. Неге дайындалмадыңыз баяндамаңызды? Қолыңыздан келмесе маған Алматыда жүргенде неге айтпадыңыз? Бұндай өте маңызды халықаралық жиынға жауапкершілікпен қарап, мұқият дайындалып келу керек еді ғой, оны сіз менсіз де білесіз. Енді келе салып маған жиынға екі сағат қалғанда өтініш айтасыз. Рәке бұл қай сасқаныңыз? Мен енді қай кезде дайындалам? Қазір ұшақтан түскен соң қонақ үйге барып орналасу керек, жуынып-шәйіну керек. Маған дайындалуға да уақыт қалмайды ғой. Жоқ, мен келіспеймін. Өзіңіз жасаңыз баяндаманы. Шындап келгенде бұл сіздің міндетіңіз,- деп жер жебіріне жетіп ұрсып тастадым. Сондағы жылағандай болып жалынып айтқаны:
-Қалеке, құлың болып кетейін құтқаршы мені, дүние жүзіне масқара боламыз ғой. Ауылға қайтқанда президенттің бетіне қалай қараймыз,-деп жалбарынып қоймағасын, абыройдан айрылмас үшін өтінішін қабылдауға мәжбүр блдым. Басқа амал қалмады. Өйткені Рәтбек сөйлесе де, сөйлемесе де масқара болатын түріміз бар. Амалсыздан келісім бергенімді естігесін, қуанып кетті, бейшара.
Әуежайда бізді күтіп алып қонақ үйге апарып орналастырғаннан кейін жуынып шәйініп болған соң симпозиумға алып кетті. Келсек халық жиналып қалыпты. Үлкен конференц зал лық толы адам. Бізді алдыңғы қатарға апарып отырғызды. Жан-жағыма қарасам залдың үш қабырғасына осы жиынға келген делегаттардың елдерінің туларын желбіретіп іліп қойыпты. Біздің елдің де туы тұр екен арасында. Сәлден соң призидиумның төрағасы жиынның ашылғанын хабарлады. Конференция белгіленген жоспарымен басталып кетті. Бір мезгілде келген қонақтарға сөз беріле бастады. Баяндамашылардың бәрі тамаша дайындалып келген, мінбеге шығып баяндамасын қағаздан оқып беріп жатыр. Дайындалмаған Рәтбек екеуміз ғана. Отырмыз көздеріміз бақырайып мектептегі үй тапсырмасын орындамаған нашар оқушылар секілді. Бір мезгілде бізге де кезек келді. Рәтбектің орнына мен шықтым, ешқандай дайыдықсыз. Қолымда папкіде жоқ қағазда жоқ. Мінбеге шығып алғаннан кейін сайрадым. Күн тәртібі бойынша белгіленген тақырыпты түгел қамтып, Алланың сүйікті елшісі пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с) адамзат тарихындағы алған орны, Исламның ғылым мен білімің өркендеуіне жасаған ықпалы туралы айта келіп және де қазіргі таңдағы ислам аясындағы мемлекеттердің арасында болып жатқан жағдайлар ескере отырып, баяндаманың соңында:
“Шіркін-ай осы залдаға қабырғадағы ілулі тұрған мұсылман елдерінің тулары бірігіп Мухаммед пайғамбарымыздың жасыл туының астына жиналса, мұсылмандарға ешкімнің тісі батпас еді,- деп сөзімді аяқтап едім залда отырған бүкіл халық ду қол шапалақтап орындарынан тұрып кетті, 15-20 минуттай қол соғып ризашылығын білдірді. Соған қарағанда менің жасаған баяндамам тыңдаушылардың ойларынан шыққан болуы керек.
Келесі күні таңертең таңғы асқа баруға дайындалып жатыр едім, сырттан біреу есік қақты, есікті ашсам бір ұзын бойлы жас араб жігіті келіп тұр екен. Қолында пакеті бар.
-Қалтай бей сіз боласыз ба,-деп сұрады.
– Ия, мен боламын.
– Мына пакетті сізге Сирияның презденті Хафиз Асад беріп жіберді, қабыл алыңыз,-деп қолындағы пакетті қолыма ұстатты да иіліп қоштасып кетіп қалды.
Мен аң-таңмын. Пакетті ашып қарасам ішінде салмақты қызыл тысты қорап жатыр екен. Қорапты ашсам, мұқабасы қып-қызыл арабша басынан аяғына дейін алтын әріптермен жазылған Құран кітабы болып шықты. Мұқабасының ішкі жағында Х. Асад мынандай қолтаңба қалдырыпты: “Құрметті мұсылман коммунист Қалтай бейге аса жоғары ризашылықпен. Х. Асад”.
Әңгімесін тәмамдағаннан кейін, өзінің жұмыс бөлмесіне апарып Сирияның президенті Хафиз Асадтың сыйға берген Құран кітабын көрсетті. Кітапты қолыма ұстаған кезімде төбем көкке бір елі жетпеген шығар, кеудемді көкеме деген мақтаныш сезімі кернеп кетті. Ойпырмай, сол кезде Рәтбектің қасында Қалтай көкем болмағанда жағдай не болар еді?- деген ой келді.
Қайран көкем-ай, талай жерде халықаралық алаңдарда осындай тығырыққа тіреліп тұрған жағдайда еліміздің беделіне дақ түсірмей одан әрі асқақтатып алып шыққан кездеріңізді қалай ұмытамыз!
Әбдібек Мұхамеджанов, 12.09.2023ж

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button