Қаңқасыз халық өмір сүре алмайды
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев:«Әрбір халықта, әрбір дұрыс тіршілікке бейім этноста қаңқа болады. Қаңқасыз халық өмір сүре алмайды. Құрып кетеді не ассимиляцияға ұшырайды. Қазақ халқының дәстүрлі этно-әлеуметтік қаңқасы өте мықты болған» деген ойы тамызық болып, тарихшы ағамыздан тарқата айтып беруін өтінген едік.
«Кертолғауларда» өтпелі кезеңнің көрінісі бар
– Өз еңбектеріңізде жалпылама атпен «Зар заман» немесе «Кертолғауларды» «ХІХ ғасырдағы төл деректердің ең мол қоры» және «қазақ поэзиясының осы бір ғаламат үлгісі тарихи тұрғыдан талданбай келеді» деуіңіздің себебі неде?
– ХІХ ғасырдың ортасына қарай Қазақ халқы – экономикалық тәуелсіздігінен біржола айырылып, ұлттың бүтін болмысы дағдарысқа ұшырап, этностың қан тамырлары сияқты қоғамдық байланыстар, ру, жұртшылық, қауым, билік – отаршылдардың тегеуірінен шыдамай ыдыраған кезін басынан өткерді. Осы уақыттың поэзиясы терең ғылыми деңгейде саралануды керек дейтініміз, мұнда осы бір өтпелі кезеңнің сипаты бар.
Жалпы мына біздің тарихшылар көбінесе тек қана архивтерді, тарихи деректерді қуалай беріп, үлкен бір қателік жасайды, заманның рухын түсінбейді. Фактологиялық архивтен жинаған дерек заманды толық ашып бере алмайды. Оның ар жағында бір шенеуіктің жазулары, есебі жатыр. Ол заманның ағымын, қазақтың ішіндегі болып жатқан құбылыстарды ол түсіне алмайды.
– ХІХ ғасырдың табиғатын осы «зар заман» өкілдерінің мұрасынан таптым дейсіз ғой.
– Сөз болып отырған ғасырдың жартысында өткен оқиғаларды зерттеуімнің басы кандидаттық диссертация қорғайтын кезеңім. 1986 жылы аспирантураға түсіп, 1989 жылы аяқтап шықтым. Тақырыпты ашу үшін сол ғасырды, сол кезеңдегі қазақ қоғамын, оның табиғатын түсіну керек еді. Бұл істе сол кездегі ұлы тұлғалардың шығармашылығы көп көмектесті. Одан кейінгі көп үзіліс болып, Қарнақта болған сапарымда зар заман жырауларының мұраларын қайта сараладым десем болады.
Қарнақ – қазаққа сан ғасыр астана болған қасиетті Түркістан қаласының солтүстік-батысына қарай 25 шақырым жерде, Қаратау бөктерінде орналасқан. Он бес мыңдай халқы бар бұл қалашық қазір Атабай ауылы аталады. Ауылдың дәл ортасында төрт бұрыштап топырақ дуалмен қоршаған, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай жүз метр және солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа карай екі жүздей метр биік төбенің орны байқалады. Қамалдың кіре беріс қақпасы оңтүстік-батыс іргесінің орта тұсында.
Қарнақ революцияға дейінгі кезеңде 22 мешіті, 4 үлкен медресесі болған үлкен шаһар. Қазіргі Қазақ ғылым академиясы деген бар ғой, одан басқа университет дегендеріміз бар. Меніңше, Қазақ хандығының ғылым академиясы да университеті де осы Қарнақ.
Одан басқа енді Қарнақтың елшілерді қабылдайтын қонақ үйі болған. Енді былай деп айтсақ та болады. Мына қазақ хандығы мемлекет үшін өмір сүруі үшін оған толып жатқан қызмет атқару керек қой. Біріншіден, оның ілім-білім білетін адамы болуы керек. Сыртқы елдермен саясат жүргізетін елшілерінің барлығы Қарнақта дайындалған.
Ең соңғы қазақ хандары – Кенесары, Наурызбай сол Қарнақта оқыған, ел басқару ісіне дайындалған. Қарнақтың тарихы дегеніміз сонау көне заманның түкпіріне кетіп қалады екен. Енді қазақ хандығынан біз бергі заманды ғана білеміз, арғы заманын онша тарата алмаймыз. Мына Әнет бабам кезінде, Бұхарада білім алып келіп осы Қарнақта қызмет жасаған, Түркістанда қызмет жасаған. Одан кейін Әнет бабаның ізімен Бұқар жырау Көкілташтан 12 пәннің білімін алып келіп осы Қарнақта мүддәрист болған. Мүддәрист деген енді қазіргі тілмен айтқанда профессор. Бұлар діни білімді де жақсы берді, зайырлы білімді де жақсы біледі саясатқа қатысты, сонымен бірге мына қазақ хандығына, қазақ мемлекетіне қазақ хандығының қазақ халқына жаны ашып кәдімгідей қызмет істеу сондай бір мұрат болған сол кезде. Өйткені бұл Қазақ хандығының интелектуалдық біліммен қамтамасыз етіп отырған орталық осы. Сол зеттеуімде Мұрат Мөңкеұлы, Дулат Бабатайұлы мен Шортанбай Қанайұлының мұрасына шолу жасалған еді.
«Майыр» болды сиынғаның
Сөздің басын Қарнақтан бастағанымнан белгілі болған болар, Мен Шортанбай Қанайұлына ерекше тоқталғым келіп отыр. Оның бір себебін биылғы 200 жылдық мерейтойымен де байланыстырсам, одан бөлек, барша бес атаның ортасында заманын жырлап, жырымен жалау болған, ақырында осы жерден топырақ бұйырған ақын. Зар заман ақыны – Шортекеңнің өмір жолы осы Қарнақтан басталады.
Оның заманы тура ХІХ ғасырдың ортасына сай келді. Ол өтпелі кезең дәстүрлі құрылымдар мен дәстүрлі құндылықтар өмір сүруін тоқтатқан, я болмаса әлсіреген кезі еді. Жаңа құндылықтар әлі орнығып болған жоқ. Мына қазір қазақ халқы дәл осындай өтпелі кезеңді бастан өткізіп жатырмыз ғой, я сондай бір кезең. Хандардың заманы өтті, сұлтандардың заманы кетті. Жыраудың уақытында қазақтың тәуелсіздігі жоқ.
Жырау сол кезеңнің өзгерістерін өз атауымен айтады. Соның бірі «орыстың майыры» деген сөз – аға сұлтандарға көмекші болып бекітілетін екі заседательді «майорды» айтады. Аға сұлтаннан бұрын солардың билігі күшті болды, олардың жанында тілмаштары жүрді. Қазақтың орасынан шыққан тілмаштар көбінесе, отаршыларға бейімделді. Сол жүйеге қызмет жасады, қазаққа олардың да тізесі батып отырды. Сондықтан да қазақ даласындағы екі билік жүйесі бір бірімен қатар өрлеп, орыстық жүйе жылдан жылға күшейіп келе жатады, қазақтық жүйе жылдан жылға әлсіреп келе жатады. Зар заманды тек қана моралистік дүние деп есептеуге болмайды, заманның ағымын түсіндіруге болатын, қазақтың хал-ахуалын түсіндіруге болатын бұларда тарихи дерек бар.
Екінші бір мәселе. Зар заман ақындары тек қана бір торығулық, күйзелісті дүниелерді ғана жырлап қойған жоқ, олар тығырықтан шығатын жол іздеді. Жаманды жақсыдан айырып көрсетіп отырды да. Тек қана адам баласының жаман-жақсысын емес, біз қазір адам баласының жақсы-жаманын айыра алмайтын жағдайға жетіп қалдық қой, олар қоғамның, жалпы халықтың жақсылығы мен жамандығын аңдап отырды-дағы, мынау – жақсы, мынау – жаман деп көрсетіп берді. Ал ол бізге қазақ халқына 19 ғасырдың соңыменен 20 ғасырдың басындағы ауыр кезеңдерде көмек көрсетті. Өйткені құндылықтар шкаласын қалыптастырды. Ондай құндылықтар шкаласы болмаған халықтың жағдайы трагедияға айналады, жақсы не жаман айыра алмаған халық көпке шыдамайды.
Заман қашанда ауыр. ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басы әсіресе кеңес үкіметі келгеннен кейін біз небір зобалаңнан, небір ауыр кезеңдерден өттік. Сонда жаңағы Шортекеңдер қалыптастырған құндылықтар бізге қызмет жасады, біздің азып кетуімізге тосқауыл болып, болашақтан үміт сәулесін көрсетіп отырды. Тығырықтан халықты аздырып жібермей, «әй, мынау жақсы, мынау адал, мынау дұрыс» деп бағыттап отырған сол Шортекеңдер болды. Сондықтан біз Шортекең алдында, Шортанбай Қанайұлы сияқты басқа да «зар заман» ақындарының алдында үлкен қарызбыз.
– Сол заманның тынысын дәл табу үшін, екі ғасырды артта тастаған бүгінгі заманның адамдарының дайындап, оны қоғамдық құрылыммен қатар қарау керек болар. Мұны да түсіндіріп кетесіз ба?
–Шортекеңдердің поэзиясына келетін болсақ, біріншіден сол кездегі ел билейтін адамдарға көңілі толмайды.
Әуелгі қорлар зор болды,
Сондай зорлар қор болды.
Әуелгі барлар жоқ болды,
Сондай жоқтар тоқ болды,
Жан білмеген жамандар
Ел билейтін бек болды, -дейді. Ел билеу деген оңай емес қой. Жеті атадан бері жалғасып келген ел билеу дәстүрін патша үкіметі ығыстырып саяси аренадан шығарды. Хан, сұлтандардың билігін, тіпті мына қоғамдағы олардың орнын жойып, жаңа әлеуметтік топтарды шығаруға тырысты. Сол кезде елге беделді мықты адамдар орыс үкіметіне қызмет жасағысы келген жоқ. Неге дейсіз ғой Қазақтың билігі шектелгендігі сондай, мықты деген азаматтарымыздың билігі болыстықтан аспай қалды. Ал болыстық деген не? Ол 2000 үйдің маңайы. Мысалға Мұса мырза сияқты азаматтар қалай 2000 үйге басшылық жасайды. 2000000 халыққа басшылық жасап жүрген үлкен тұлғалар ғой. Сондықтан олардың орнына ұсақ адамдар өтіп кетіп отырды. Жүз басы, елу басы, онбасы дегендер шықты. Содан кейін жөн білмеген надандар ел биледі деп айтатыны содан.
Қазақтың дүниетанымында «қайыр» деген мәселе қасиет орын алады ғой. Бізде сонау Асан қайғы заманынан бастап халықтан қайыр кеткенін қауіп ететін. Шортекеңде нарықтық қарым қатынастар, сауда өсімқорлық капиталы кіріп жатқанынан сескеніп, «қайыр кетіп бара жатыр», ағайын-туыстың өзі бір-біріне қайырылмайтын болды, әсіресе өсімқорлыққа жалпы ислам құндылықтарына жат, қазақтың табиғатына да жат дәстүрлерден сақтандырды.
Мынау ақыры заманда
Алуан алуан жан шықты
Қайыры жоқ бай шықты
Сауып ішер сүті жоқ,
Мініп көрер күші жоқ,
Ақша деген мал шықты. Және «кедей қайтып күнін көрер, сол себептен қорқамын – дейді. Осылайша, әлеуметтік диференсация басталып кетті. Ағайын-туыстың бір біріне қайыры азайып барады. Шортекеңдердің жылап жүргені де сол.
Енді, Шортекеңдерді қалай сіз енді байшыл, зар заманшыл, кері тартпа деп айтасыз? Өз заманының әлеуметтік мәселесін нақты аңғарып, соны айтып отырса, патшадан кейін келген кеңес өкіметінің ойлағаны кедейдің қамы емес пе еді?! Совет үкіметінің екі жүзділігі керемет! Міне, кедей мәселесін айтып нақты айтып отыр ма, отыр. Бірақ, неге оны халықтан аластатып, қудалап тастады?
Қазіргі күнде де осы мәселелер қазақ қоғамында өршіп тұр. Шортекең поэзиясын қазір жан-жақты зерттеуіміз керек, терең зерттеуіміз керек, және халық та білуі керек. Осы Шортекеңнің арқасында қазақ қоғамы 19 ғасырдың ортасында өтпелі кезеңнен жақсы шықты. Жақсы шыққанының арқасында Абай сияқты ұлы тұлғаны дүниеге әкелді. Титан ғой Абай деген өз заманының данышпаны. Абай осы зар заманның зарын естіп, соның арқасында шыңдалып шыққан ақын. Зар заманның жыры Абайдың дүниетанымындағы бір саты болды.
-Қазіргі заманда неге Абай жоқ деген сұрақ қою орынсыз емес пе?
-Өйткені біз бүгінгі «тар заманнан» өтуіміз керек. Жаңағы кедей деген кім, бай деген не, билік дегеніміз не мәселе, біз жақсылап тұрып талдауымыз керек. Келесі Шортекеңде айтылатын нәрсе – тәрбие мәселесі. Бұл өте бір өзекті дүние. Бүгінде қазағым осындай жақсы тәрбиеге сусап отыр. Тәрбие жайын айтқан азаматтарды сондай бір жақсы көріп отыр қазіргі қоғам. Бала тәрбиесі, ер азамат қандай болу керек, әйел-ана қандай болуы керек деп әңгімелер айтылып жатады, менің шәкірттерім де дүркін-дүркін сауал беріп жатады. Көкірегінде жылт еткен шуағы бар адам адал мен арамның арасын ажыратқысы келеді. Мына туыстық жүйенің ішіндегі ең бір жылы да маңызды ұя – отбасы. Отбасындағы дағдарыс бізде өте күшті жүріп жатыр. Бұл Шортекең заманында басталған дағдарыс.
Ол заманда рулық, тайпалық құрылым ыдырады, Бірақ ата-ана мен ұрпағы деңгейінде отбасы құндылықтары сақталып қалды. Шортекеңнің, халық жырауларының насихатының арқасында, сақталып қалды деп айта аламыз. Ер деген тұлғаны, азаматты біз мектепте тәрбиелей алмаймыз. Оны қоғам болып, отбасы болып тәрбиелейді, ер мінезді елжанды, рухты адамдар отбасында тәрбиеленіп шығады. Осы Шортекеңнің айтып отырғаны осындай дүние.
Бізде, Қазақи руханият күшті болды. Зар заман ақындары заман илеуінен аман қалу үшін қазақи руханияттың мықты тетіктерін іске қосты. Сөйтіп халықты сақтап қалды. Мен жалпы Шортекең жырлаған 19 ғасырды жаман заман деп айта алмаймын. Өтпелі кезең болды ауыршылық болды қиындық болды, бірақ қазақ халқы сол дәуірден өзін, азаматтық тұлға ретінде адалдығын сақтап өтті.
Сөйтіп біз Абай деген ұлы тұлғаны туғыздық, Алашорда деп атап жүрген азаматтарымызды тудырдық. Бұлар енді кілең мықтылар ғой, сайдың тасындай мықты азаматтар, бұл енді әлемдік интелектуалдық тіршілікте өзі бір құбылыс!
Бұл 19-шы ғасырдың қазаққа үлкен пайда келтіргенін көрсетеді. Ал жанағы тығырықтан халықты аздырып жібермей, ай мынау жақсы, мынау бұрыс, мынау жаман деп бағыттап отырған сол Шортекеңдер болды.
-Шортанбайлармен қатар оңтүстікте Майлықожа өмір сүрді. Осылардың арасында байланыс болды ма?
-Шортекең заманында Түркістаннан арқаның қазағының іргесін ажыратпаған кезең еді. Ол кезде ауылға молда керек болса, қожа керек болатын болса біздің ата-бабаларымыз, сол қырық жылқысын айдап Қартаудың арғы жағына асады-дағы, қазіргі Жаңақорған дейміз ол кезде Сығанақ, Қаратаудан қожасын алып келеді.
Арқаға әйгілі Мәшһүр Жүсіптің өміржолына қарап отырсаң, тіршілігі оңтүстікпен, Түркістан, Қарнақ, Бұхарамен тығыз байланысты болды. «Тақ Сүлейменге дейін бардым» дейді. «Түркістан азаматтарымен бірге, Ташкенттің түбінде наймандардың ортасында жүрдім» дейді. Барыс-келіс те, рухани байланыс та өте жақсы болған. Сондықтан Мәдәліқожа, Майлықожа поэзиясын, мына Арқа жеріндегі зар заман өкілдерінен бөліп қарастыруға болмайды. Бұлар бір заманның ұлы тұлғалары. Бір заманның рухани кемеңгерлері жол бастаушыларымыз.
Жаңа біз Қарнақ туралы айттық. Ол Ұлы даланың ілім орталығы, қасиетті Қаратаудың, оның бөктеріндегі өркениеттің ең көне орталықтарының бірі болды. Мен осы жолы Қарнақта екі кісімен кездестім. Біреуі 95-ке, екіншісі 85-ке келген, жасы үлкен қариялар. Мен бұрын ойлап жүруші едім, білім бізге Бұқарадан келді, ал Қарнақтан қазақ далаына тарады деп. Қариялар «біздің алдымыздағы үлкендер: «ілім-білім Қарнақтан Бұқараға барып еді» дейді. Біздің эрамызға дейінгі мыңдаған жылдар бұрын. Қашанда бұл өлке, Сырдың бойындағы отырықшы өлке Қазақ руханиятының көзі болды. Бұл бірталай замандар бойы жүріп келе жатқан. Арыстан баб тарихы Әзірет сұлтанға дейінгі уақыттан, Қарахандар дәуірінен басталады білесіз ғой. Исламды қабылдамаған заманда сол жерде рухани орталықтар болған, бір тәңірге табынған үлкен руханият орталығы болған. Кейін енді қожалар әулеттері қалыптасты. Ал енді сол қожалардың қалыптасқан ортасы бұл Қаратаудың бойы. Қазақ хандығы дәуірінде біз бір жағы Бұхарға, бір жағы Қаратауға, бір жағы Арқаға байланысты болдық. Ұлан ғайыр Еуразиялық алқап Қазақ хандығының қарамағында болды.
– Тәуке хан заманында Қазақ қана емес, қазақ хандығының құрамына қырғыз да кірді, қарақалпақ та кірді, құрама да кірді Ташкенттің маңайындағы. Олардың барлығының рухани өміріне қожалардың қатысы болды ғой.
– Жеті жарғының кеңесінде қазақтың қара билерімен бірге қожаның үлкен ғұламалары бірге қатысып отырды. Ол заманда төрелерді – Шыңғыс хан әулетін ақ сүйек дейді, қожаларды – асыл сүйек деп атайды.
Солтүстіктен кірген патшалық отарлауды өркениеттер күресі деп айтуға болады. Өркениеттер күресі. Ресей енді Батыс өркениетінің өкілі есебінде жылжыды. Өйткені солардың қару жарағын пайдаланды, зеңбірегін пайдаландыдағы мына Астрахань Қазанды, башқұртты алғаннан кейін-ақ қазақ жеріне қарай бастады. Олар Қазақ жері – Қытайға, Үндістанға сондай бір есік дарбаза ретінде түсінді және солай қарай жылжи бастады. Енді кеп тұрып орыс біздің шекараға, қазақ та өз жері үшін алаңдады. Түркістан жеріндегі қысқы қоныстарынан, Арқадағы жайлауынан айырып, Арқаның жеріне қолын сала бастады.
Бұрын аздаған қалашықтар, хандардың жазғы ордалары болатын. Біздің ханның жазғы ордасы осы Ақмола Қараөткелдің дәл жанындағы Күйгенжар деген жердегі жазғы орда. Енді жазғы орда болмайтын болды, қысқы қонысты да осы жерден салу керек болды. Сол кезде осы жердің қысқа ыңғайлы деген жерлердің бәріне тау- таулардың бөктерінде Қазақтар қысқы қонысын салып осы жерде қыстай бастады. Бұл деген оңай дүние болмайтын. Түркістан маңайында Сырдария маңайында жана өзіңіз айтқан анау Қызылқұмға қыстап қонған, Бұхара, Жеделбайсынға дейін барып қыстап жүрген қазақ үшін Арқада қыстау оңай болмайтын. Бұрын арқа деген тек сарыжайлауымыз болатын біздің, жазда емін еркін жүздеген миллиондаған жылқыны бағып жүретін жеріміз болатын. Енді келіп осы жерге тығылды. Бұл деген өте қиын уақыт болды. Уақыт өте қыстауға үйрендік па дегенде рухани жағынан бізге бір тірек керек болды.
Оңтүстіктегі медреселерді солтүстікке қарай көшіре алмайсыз ғой. Бұхараны, Қарнақты көшіріп алып келе алмайсыз. Амал жоқ Қаратау бөктеріндегі қожаларымызға бардық. – Ей, Қожеке енді бізбен бірге болыңыз, солтүстіктегі қиналған елдің, айдалған елдің, орыстың шекарасында жүрген елдің өтінде болыңыз, руханиятымыздан айырылмайық. Рухы бар халық қашанда жеңеді емес пе? деп қолқа салдық.
Сібір хандығы заманында басталған ғой бұл дәстүр. Ділнәсіл қожа деген Көшім ханның өтінішіменен Абдулла ханның заманы ғой, Бүкіл Хорезмнің, Бүкіл Бұхараның мықты мықты деген азаматтары жиналып 2000- нан аса қожа Сібір хандығына көшіп барған ғой. Ислам әлемінің алдыңғы авнгарды есебінде Сібір хандығын сақтайық деп. Бірақ ақпатша іргесіндегі Сібір хандығын сақтатпады. Қожалар Ділнәсіл қожаның тұқымдары әлі сол жерде өмір сүріп жатыр. Мен сол жерде болдым, көрдім сол қожалардың тұқымдарын.
Енді келіп Қазақ хандығын сақтау керек болды, қазақтың ұлттық шекарасын сақтау керек болды. Сонда біздің аталарымызға еріп қожа балалары осылай қарай келді. Енді құр қол бармай, Түркістан маңайынан, мал баққан елміз ғой, сол Әзірет Сұлтанға барсақ сол 40 жылқыны айдап барамыз, пантионға аталарымызды жерлегіміз келсе. Ал қожаларға 100 жылқыны беріп қожа балаларын алады, әлпештеп өсіреді, орталарында ұстайды, «қожеке», «жарықтық» деп. Оларда тегі мықты, жақсы дайындалған балаларын жіберіп отырды. Жалпы енді, көшіп қону, басқа жерлерге бару, бір ортаға сіңіп кету дегенді екі адамның бірі жасай алмайды. Оны мықтылар ғана жасайды. Шешімді адамдар ғана тәуекел етіп, көшіп кете алады. Сондықтан да қожекеңнің балалары, қожа тұқымдары жақсы үлкен еңбек сіңірді. Бертінге дейін біздің руханиятымыздың иесі осы Қожекең болды. Баланы шүмектеген кезден бастап үлкен руханиятқа дейінгі дүниелерді қожекеңдер атқарып отырды. Біздің бала кезімізге дейін солай болды.
Біздің бала кезімізде орамызда, ауылымызда бір-екі қожа болатын. Мал сойсақ соның терісін әкеміз Қожаға апарып бер, батасын ал деп бізді жұмсайтын. Қазақтың көп мейрамы кетсе де, айттан біз айырылған жоқпыз Совет заманында айт басталатын уақытта қожаларға келіп, қожаларды шақырыңдар, дұға оқысын деп, ортамызда қожекендердің барлығын да сыйлап отырдық. Енді олардан кейінгі балалары қожа болмай кетті ғой. Бірақ әкелеріміздің заманында қожа – қожа еді, төре – төре еді. Сонда әкелеріміздің айтатын бір сөзі бар еді. «Құнанбай қажы, Құныкең айтты деп. «Тіріміздің иесі төре болған, өліміздің иесі қожа болған» деп қожаны неге сыйлаймыз, неге апарып беруіміз керек деп сұраған уақытында баламыз ғой сонда әкеміз осылай айтушы еді. Ал өлі деген сөз не? Өлі деген сөз рух. Рухқа ие қожа деген сөз.
-Енді мына ағартушылық саласында қожалар қызмет етсе, ал осының элитасы мына Шортанбайлар болып тұр ғой сонда?
-Мен өзімінің ғылыми үлкен жұмысымды үлкен кандидаттық диссертациядан бастадым, ол қазақ қоғамының этно-әлеуметтік құрылымы деген тақырыппен жазылды. Этно-әлеуметтік құрылымы деген нәрсе қазақ халқының әлеуметтік этникалық қаңқасы. Қаңқа қалай көрінеді? Әрбір халықта, әрбір дұрыс тіршілікке бейім этноста қаңқа болады. Қаңқасыз халық өмір сүре алмайды. Құрып кетеді не ассимиляцияға ұшырайды. Қазақ халқының дәстүрлі этно-әлеуметтік қаңқасы өте мықты болған. Оның басында төрелер тұрады. Олар бір жабық этно-әлеуметтік топ. Субэтникалық топ деген ұғымды қолданамыз біз бұл ғылымда, ол корпаративті болады. Оның өзінің әдет-ғұрып заңдарын ол заң ережелерімен заңдастырады.
Мәселен біреуге қолыңыз тиіп кетсе, тіліңіз тиіп кетсе, бір адамды өлтіріп алсаңыз құн төлейсіз. Кәдімгі қарапайым халыққа төленетін құнды төрелерге 7 есе етіп төлейсіз. Оның алдында алыстан «Алла жарлап!» сәлем бересіз, оған жүгіріп барып қол бере алмайсыз, төре баласы алыстан иығыңызға қол тигізсе сол үлкен мархабат болып есептеледі қазақ үшін. Қожалардың да құқықтары әдемі реттелген асыл сүйек пен ақ сүйектің бір-біріне деңгейлері жақын. Қожалардың ішіндегі мына қызмет істеп жүрген, елге белгілі қожаларға жанағы оларға да алыстап сәлем беру қожеке деп, шарт негізгі шарт. Құн төлеген уақытында қара қазақтардың құны көп болатыны да негізгі шарт біздің әдет-құрылымдарында. Төреге қандай құн болса қожаға да сондай. Қожалардың да өз ішінде жабық коорпаративтік топ есебінде, қазақ халқының құрамында. Бірақ, ішкі құрылымы бөлек, топ есебінде өмір сүрген Қожа қыздарын аса бір сыйлас адамдары болмаса, қара қазаққа бере қоймайды. Төрелер мен қожалар қыз алыса береді. Сосын олардың жер иеліктері мәселен, оңтүстікте вахаб дейді вахаб ол жер иеліктері заңдастырылады, әрбір халық, әрбір сұлтан, жанағы мысалы пәленше медресе оның төңірегіндегі ауылдар, пәленше қожалық ретінде бекітіледі деп, заңдастырып мөрін қойып береді. Қазақтың далалы қоғамында да осылай болады пәленше рудың, пәленше атаның қожасы деген, мысалы арғынның қожалары дейміз, арғынның ішінде өзі бөлек бөлек қуандықтың қожалары, қанжығалының қожалары, қаржастың қожалары деп жеке-жеке бөліп алып кетеді. Яғни қаржастан түсетін зекет ғұрыпқа байланысты дүниелердің бірі болса, ол қожа әулетіне тиесілі деген сөз. Яғни халықтың үстінен күн көру қақысы берілген қожаларға.
Міне осындай ерекшеліктері бар. Енді жанағы ерекшеліктерге қатысты бізде пікірлер бар. «Өй, неге ол ерекшеліктер берілген? Неге халықтардың барлықтары бірдей болмайды?» деген сияқты. Неге бірдей болмайды деген сөз дұрыс емес, ол эгалитарлы алғашқы қауымдық құрылыстың тәртібіне түсіп кетеміз онда. Алғашқы қауымдық құрылыс эгалитарлы болды, бәрі тең, мына совет заманындағыдай. Ол құрылым бермейді. Құрылым деген ол скелет, қаңқасы. Қаңқасы болу үшін белгілі бір топтарда артықшылықтар болуы керек. Ол сол артықшылықтарға байланысты қызмет атқарады, Мәселен, Ұлыбритания король әулетін ұстап отыр ма артықшылықтарымен, ұстап отыр. Сол үшін миллиондаған, миллиардттаған ақшаларын беріп отыр ма, беріп отыр. Өйткені кароль әулеті елге үлгі. Олардың көрсеткіші, халықтың, жүріп тұруына, өзін-өзі ұстауына, аристократтық рухына тікелей әсер етеді. Бізде қожаларға жанағыдай артықшылықтар берген уақытта сонымен қатар салмақ та салады. Қазақ қоғамында, соған сай өмір сүру керек, жанағы артықшылықтарға байланысты тектілігін көрсетіп отыру керек. Қандай бір қиын сәттерде ол сынбау керек, қожа әулеті майыспау керек, елдің алдында дұрыс сөйлеу керек, адал болу керек. Әділ болу керек. Міне, осындай салмақ салынады.
-Енді осы жерде негізі қазақ көп ұлылардан құралды ғой соған мынандай пікір бар да түрік руларының қазақ хандығы мен қазақ ұлт мемлекет болуын қалыптасуында төрелер институтымен, қожалар институтының тікелей қазақтың өзінің билерімен қатар осыларды негізге алынады деп айтылады, бұған не дейсіз?
-Қазақ мемлекеті төрелерсіз, қожаларсыз құрылмас еді. Қара халық – қара халық болып қалар еді. Әуел баста, біздің аталарымыз Қазақ хандығын құрамыз деп сонау Бетпақдалада, Таңбалы тас деген жерде бас қосқан уақытта, олардың ішінде үлкендері төрелер мен қожалар болған. Енді қожалардың ішінде кім екенін біле қоймаймыз. Бірақ төрелердің ішінде Керей мен Жәнібек болған. Басқа да үлкен төрелердің болғаны рас. Сол жерде қазақтың ақсақалдары мен көсемдері жиналып отырып мемлекеттің құрылымын, идеалогиясын талқылаған. Сол жерде қазақ шежіресі деген шежіре құрылды. Шежіре неге құрылды? Қазақ хандығы азаматтық жүйені таңдады. Туысқандықпен барлығы байланысу керек болды. Бұл әлеуметтік проблемаларды азайтады. Ру – әкімшілік аумақтық бірлік қой. Соны туысқандықпен бір біріне байлады. Мәселен орта жүз деген құрылым құрылды оның ішіне алты үлкен тайпа кірді бір біріне қатысы жоқ тайпалар. Бірақ орта жүз әкімшілік территориялық облысына кірді деп айтайық, Ұлы жүзде 11 ру кірді ішінде бір-біріне байланыс жоқ, мысалы Жалайыр бөлек, Қаңлы бөлек, Дулат бөлек деген сияқты. Бірақ бір облыс жасады. Ұлы жүз, кіші жүз да солай. Сырдарияның жоғарғы жағы ұлы жүздікі, ортасы – орта жүздікі, Сырдарияның төмен жағы – кіші жүздікі. Мына ұлы, орта, кіші деген ұғымдардың өзі соған байланысты. Енді келіп бұларды бір-біріне байлау керек қой, сол арқылы әлеуметтік проблемаларды азайту керек. Міне, осы кезде қожекеңдер жақсы қызмет атқарды. Мәселен орта жүздің пайда болуын қалай түсіндіреді? Баяғыда дейді Жанарыс деген ақсақал болған екен, екі бірдей әйелі болған екен, баладан зар болып отырған екен дейді. Содан күндердің күнінде 6 қожа келіп қалды дейді. Жанарыстың үйіне жанталасып 6 қожаны күтті дейді, алтауына алты қой сойыпты дейді.Содан қожекеңдер кетерінде риза болып, Жанарысқа риза болып, 6 ұл көріңдер деп алтауы бата беріп кетті дейді. Содан Қарақожа бастаған алты қожа туды дейді. Содан Қара қожадан арғын қалғандарынан найман, керей, уақ деп тарқатып алып кетеді. Бұл шежіре қожалардың жасаған шежіресі, 15 ғасырда, қазақ хандығы құрылған дәуірде қожалардың ұйымдасуға қатысқандығының бір көрінісі. Өйткені қарап отырсаңыз, арғынның тарихы бөлек ұлы ғұндарға барады, найманның тарихы бөлек, керейдің тарихы бөлек, қыпшақтың тарихы – Дешті-Қыпшақ бөлек, енді осылардың барлығын қосу үшін жанағыдай шежіре жасалды, қожалардың қатысқандығын Қара қожа, Ақ қожа, Дара қожа барлық атаулары көрінді.
Енді айтып отырмын ғой, сол 19 ғасырдың ортасында жақсы жұмыс жасалды,сол 20 ғасырдың басына дейін совет үкіметіне келгенге дейін, жақсы жұмыс жүргізіліп отырды. Соның арқасында біз Исламнан тайған жоқпыз. совет үкіметі заманында арқаның қазағымын ғой мен Қарағандының қазағымын, Қарағандыдағы қазақтың сандық үлесі енді 10 пайызға,Теміртау сияқты қалаларда 4 пайызға дейін түсті. Қарағандыда интернатта оқимыз, көшеде автобуска мінсек, бір қазақ көріп қалсақ бір туысыңды көргендей қуанып қаламыз. Сол заманның өзінде біздің молдаларымыз, ораза-айтымызды үзілген ен жоқ. Басқа мейрамдардың көпшілігі ұмытылды, бірақ Құрбан айтын, аруақтарға дұға оқуды, жаназа оқуды ұмытқан жоқпыз. Соның барлығы сол қожа әулеттерінің қаншама қуғын көрсе де неше түрлі зорлық- зобыр көрсе де өз қызметін адал істегенінің арқасы.
Айгүл УАЙСОВА
Рахмет!Алла разы болсын сизге? Кожалардын маныздылыгы туралы баяндауыныззга….
Бала кезимде акемнин тамактагы «суйек»деген созди емес,»жилик»деген созди дурыс орынды колдану керектигине кенес бергени есиме тусти.Канка деп керемет астарлы тенеу бергениниз тамаша асерли ангимеге аркау болыпты…
Сондай да сандырақ бола ма екен? Әлемдегі 200 ұлттың ешқайсысында қожа жоқ, қайта солардың біразы бізден күшті, бізден бақытты, бізден сауатты, бізден табысты, бізден ғылымы-өнері артық болып отыр ғой! Қазір қазақ руға бөлінетін заманда емес, қазақ болатын заманда жасап жатырмыз. Егер қожалар қазақ болғысы келмесе өзі білсін, арабтар да алыста емес, бірақ біз болмасақ қазақ болмас еді деп былжырамаасын! Нағыз сауатсыз дүмше ғана солай айтуы мүмкін)) Қожанасырды айтпағанда қожадан шыққан қазаққа әйгілі ұлы тұлға бар ма? Әуезов ол Абайдың туындысы. Қалғанын айтамын да?