Ғақлиат

Салт-дәстүрімізді білеміз бе?

  Ауданбай қажы Ахметжанұлы.

 

Пенде, заманның да, жеке өмірінде де кездескен жетістіктері мен  кемшілігін ой елегінен өткізіп, жақсылығына тұщынып,  кемшілігінен безініп, қиыншылықтарынан шығар жол іздесе, ол келешекке жол көрсетуші десе болады. Ал, өткенді сараламағанның келешегі бұлыңғыр, тұманда адасқан адамның кейпін киеді. Өткенді   санамызға сіңіретін, Құран аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисіне қайшылық келтірмейтін халқымыздың ғасырлар бойы ұстанған ұстанымының жиынтығын «Салт пен дәстүр» деп атайды.

Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінде жазылғандай, «Неке қиғанда қамқоршысы (ата-анасы) және екі мұсылман еркек немесе бір мұсылман еркек пен екі әйелдің куәгерлік етуі дұрыс болады», «Куәгерсіз неке қиғызғандар – зинашылар», «некенің дұрыс болу шартының негізгісі – жариялылық» хадистерін оқығанымда, қызға құда түскеннен кейін, олар есейгенде (Абай 16 жасында барған),  қалыңдығының  аулына «ұрын бару» салты ойыма түсті. Мен, «Қалыңдық жігіттің  босағасын аттағаннан кейін ғана некелері қиылады» деп түсінетінмін. Ұрын бару салтында болашақ жұбайлар жеке болатындықтан құдалық, келісім жариялылық саналып, некені алмастырады ма деп ойлап, өзім араласып жүрген жетпіс-сексеннен жастан асқандардан сұрастырсам, олар, «Ұрын барудың» жөн-жобасы түгіл, оның мағынасын да білмеді.  Бұл салт, ертеректе ел арасында  тараған және Алланың кәләмі Құран мен Пайғамбар (с.ғ.с) хадисіне қайшы келмейтін салт қой, дұрыс өткізу тәртібін қайдан табуға болады деп, ойланғанымда ойыма, Мұқтар Омарқанұлы Әуез тегінің «Абай жолы» романы ойыма түсіп, содан іздейінші деп романды қайта оқыдым.  Ертеде оқығанда мән бермеген екенмін, «Ұрын бару» туралы жазылған жері есімде қалмапты. «Алла жатқан жерін жайлы, тәнін рахатта, жәнін жаннатта қылғыр» Мұқаң романында, «Ұрын баруды» тәптіштеп жазыпты. Ел арасында,  оны «ұрын келу, жыртыс сала келу, есік кере келу, қол ұстасу» деп те атайды екен.

Абай, қайын жұрты қаз дауысты Қазыбектің немересі, атақты Алшынбайдың ұлы Түсіптің аулына ұрын барғанда, Қазыбектен   тарағандар қырық шақты үй бірге қоныстанып, құдаларға арнап үш ақ үй, оның ішінде күйеуге арнап ерекше шатырдай аппақ үй тігіпті.

Алшынбайға, бала қайындату, ұрын жіберу осал қам емес.

Құдасына, Ұлжан – Абайдың анасы, отыз шақты кісімен, солардың ішінде Абай мен Ербол бастаған жастар он екі кісі болып барды. Ұлжан, Алшынбайға арналған қалыңмалдың басы ілу салтына, кесек күміс бесік жамбы атап, жыртыс, ақша, толып жатқан ырымнан басқа, жетпіс жылқы, отыз түйе апарды. Әдеп бойынша құданың аулына, үлкендер жастардан бір түс бұрын барды. Күйеу мен жолдастарын қарсы ала келген қыз-келіншектер: «Абай қайсы, бәріңнің киімдеріңнің бірдейі несі» дегендеріне, «қайын жұрт – Болат қожадан  салты, күйеудің әдебі» деп, Абайға қоржыннан алып, басына үкілі тымақ, үстіне қызыл манат шапан, аяғына биік өкше етік кигізді. Қыз-келіншектерге ере келген балалар, «күйеу атымен күл тасы» әдетімен, күйеулердің аттарына  екіден, үштен мінгесіп,  шаба-шаба жөнелді. Күйеуге арналған үйге кіріп, шымылдық құрылған биік төсектің алдына отырған Абайдың айналасына балдыздары, құрбы қыздары, қайынбикелері отырған соң, кекселеу қыздармен араласып, Абаймен бірге келген жастар да жайғасты. Тосып алушылардан үш келіншек үйге кіріп, «шымылдық, шымылдықты түсір!» дегенде Абайдың қасындағы қыз шымылдықты түсірді. Сөйткенше, әлгілер есік ашып: «Кіріңіз, кіріңіздер» деп сыртқа дауыстады да,  күйеулерге қарап: «Ал, балалар! Үлкендер! Енелерің келеді» деді. Абай мен жастар, үлкендерге иба қылып орындарынан тұрды. Үйге, Абайдың үлкен енесі – Алшынбайдың әйелі, енесі – Түсіптің әйелі кіргенде келіншектер: «Ал, шешелер, көрімдік! Көрімдік кәне! Болмаса  балаларды көрсетпейміз, беті ұялады!» деп, шымылдықтың шетін ұстады. «Алыңдар» деп, үлкен бәйбіше қолына шашуын алды.   Шымылдық ашылғанда, күйеу мен маңындағылар иіліп, тәжім қып тұрған. Үлкен бәйбіше «Өмір жасың ұзақ болсын! Алла жарылқасын, қарағым» деп шашу шашты. «Қадамың құтты болсын! Қызығың ұзақ болсын, қарағым Абай!» деп енесі де тілеу тіледі де, енелер Абайдың бетінен сүйіп шығып кетті. Күйеулер шайын ішкен соң, олардан бөлініп кеткен үлкенірек жігіттер мен ауылдың қыз-келіншектері, әнші-күйшілер келіп, той-думан басталды. Бірақ, бұлардың арасында қалыңдық жоқ. Екі жақтан табысқан ата-аналар, күйеу мен қалыңдықты  жолықтырмай, әуелі салттың үлкені осы келудің тойын өткізді. Осылай Абай, келген күні ғана емес, тағы екі күн қалыңдығын көре алмады. Той үшінші күні ғана болды. Бұл күні Абай отырған үйге келушілерде жік болмады. Келгендерге сәлем етуге, Абай мен Ерболды: «Ал, тұр; Ал, келіп қалды; Ойбай ана кісілерді қара» деумен әлденеше рет тұрғызды. Той тойшыл қауым ас ішіп болған кезде түске қарай басталды.  Оған дейін күйеу үйінде үздіксіз ән шырқалып, мәз-мейрам күлкі, дамылсыз шашу шашылды. Еркектер, күйеумен қоса атқа қонып, тойға тігілген үйлерге беттеді. Той қонақтарын, қолдарына  қос табақ алып, тізгінді тісімен тістеп жорға мінген жігіттер күтті. Дүрілдеп той өтті. Кешке күйеудің үйіне, Алшынбай, Ұлжан бастаған екі жақтың үлкендері, құдалары мен халық жиналып, үй лық толды. Абайларды шымылдық үлкендерден бөліп тұрды. Босаға жақта отырған келіншектер түрегеліп, шымылдықтың шетін есікке қарай созған сәтте, тыстан бір топ қыздардың ортасында, басына қызыл жібек шапан жамылып, бетін түгел бүркеген қалыңдық кірді де, Абайдан төмен отырды. Ас ішілді, отырған молла неке оқыды. Салқын су құйылған кесе төрдегі жұртты жағалап Абайға ұсынылды. Абай ұрттады да, Ділдаға  берді. Осыдан кейін жібек  мата арқылы: «қол ұстату, шаш сипау» рәсімдері өткен соң, үлкендер жастарға «Қайырлы болсын!  Құтты болсын!» деп бата  беріп, тарады. Үйдегілер сейіле бере, қыздың жеңгесі Абайға, «біз төсек жайлайық, сен тысқа сейілдеп кел» деді. Үйге кірген Абайдың шешкен сырт киімін ілген жеңге, Абай мәсісін шешерде «Етік тартар» дәстүрін орындап, сый алды. Абай төсекке жатқан соң жеңге шамды тысқа ала шықты да, есік ашып, Ділдәні шымылдықтың ішіне, Абайдың төсегіне кіргізді.

Осы түннің ертеңіне: «зор салт, өмір белі, ұрын баруды  атқарған» үлкендер, он күннен, ал жастар, он бес күннен соң еліне қайтты.

Салтты білуге көпшілік қызығар деп романда жазылғанды аз ғана қысқарттым.  Алла бәріңе разы болсын. Әмин.

Нұр-Сұлтан қаласы. 2019 ж.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button