Ырыс
Ерте, ерте, ертеде егде тартқан бір адам үйіне жаяу қайтып келе жатады. Жарты жолға жеткенде, кеш батып, қараңғы түседі. Түнейтін жер іздеп, жыртқыш аңдардан қауіптеніп, жапанда өскен алып ағаштың басына шығады.
Түннің бір уағында ағаш түбінен қыңсылаған дауыс естіледі. Біреу-біреуді өлтіріп қойды ма деп, төменге көз тастайды. Сөйтсе, қыңсылап жатқан бір ауру кәрі түлкі екен.
Сол сәтте аузында тістеген жемтігі бар арыстан шыға келеді. Түлкінің қыңсылаған даусы арыстанды көргенде сап тиылады. Арыстан аузындағы аңның бір бөлігін жеп болып, қалғанын тастап кетеді. Сөйтіп, ол кәрі түлкіге бұйырады.
Сонда әлгі ағаш басында отырған адам екі алақанын жайып, еңіреп жылайды. «О, кәрі түлкіге ырыс берген Алла тағалам! Мені де осындай ырысқа бөлей көрші! Жалынамын!» дейді.
Біраз уақыт өткен соң, қайдан екені белгісіз, бір жерден: «Ей, ақымақ адам! Ауру кәрі түлкідей ырыс күткенше, арыстан болып ырыс таратпайсың ба?!» деген дауыс естіледі.
Елорданың шапағаты
Бұрыңғы Таран ауылында жел тұрса, жарық сөнеді. Жарық сөне қалса, сонау тоқсаныншы жылдардың жарықсыз түндері еріксіз еске түсіп, сол бір қиын кезеңді бастан кешіп отырғандай боласың.
Ел-жұрттың еті үйренген. Бұтақ басындағы жапырақтың сыбдыры естілсе дайындыққа кіріседі. «Әттең, түрік телехикаясының жалғасын көре алмайтын болдық қой!» деп сандарын соғады.
Астана күні мерекесінің қарсаңында ауылға барып қайтайық деп шештік. Бүкілхалықтық мейрам емес пе?! Жолда кетіп барамыз. Алыстан ауылдың қарасы көрінді. Күнбатыс жақтан жел уілдей соға бастады. Демалысымыз демалыс болмайтын болды-ау, бүгін кешке тым-тырыс боп отыратын шығармыз деп ойладық.
Абырой болғанда, сол күні жойқын соққан желге қарамай, жарық сөнген жоқ. Астана күніне арналған шетелдік әншілердің концертін көріп тамашаладық. Қысқасы, адам құсап демалдық.
Елордамыздың шапағаты сонау мыңнан астам шақырым жерге тиіп жеткенге қуандық…
Аңсатқан жұмақ
Өзіммен-өзім оңаша қалған сәттерде ішкі дүниеме, сан-алуан ойлар сапырылысып, сыңсып жатқан санама үңіліп қарағандай боламын…
Дүн-дүниенің додаға түсіп, түрлі мүдделер қайшыласып жатқан мына дәуірде «жұмағын» жоғалтқан жұмыр басты пенде сықылдымын.
Адамдық құндылықты арқау еткен Қожа Ахмет Ясауи іспетті бабамыз, Хәкім Абай сынды данамыз жоқ арамызда.
«Кемелділік» қайда-а-а?!
Бұрын «кемелділік» деген күрделі ұғым Тәңіртаудың ұшар басындай көрінетін. Бұл ұғымның қазір мәні өзгерген, қалыбы ауысқан сияқты: Абай атамыз айтқан «толық адамы» мен кәдуілгі «семіз адамды» ажырату оңай болмай қалды-ау, бұ заманда…
Рухани өзегімнен алыстап, қасиетті жәннаттан қайтадан шығарылғандай хал кешемін. Өзгеден бұрын өзімді алдап, өз еркіммен «жәннатта» ұзап шыққандай боламын. Басқа дүниені көру үшін. Алданған күйіме қарамай, өзімді алдап жұбатамын.
Қайдан келгенімді, қайда барарымды сезіп-білсем де, білмегендей сыңай танытатыным тағы бар. Бейуақтағы ұйқыдан ояна алмай жатқандаймын.
Жәннатқа бейім жаралған жан-жүйем қабығы қалың жаңғақтың ішіне тығылып, күндей жарық ақиқатты көре алмай, зұлмат қараңғылықтың тұтқынына айналған тәрізді.
Кім біледі, жұмағымды ұрлатып, жұмақтағы сұлулықтан ажырап қалған шығармын.
Інжілдік сарынмен жазған Джон Мильтонның «Жоғалған жұмағын» айтып отырғам жоқ, әлбетте. Бабаларымыз бен даналарымыздың жүректе ұялатып, әлмисақтан аңсатқан жәннатты, жұмақты аңсатқан рухты айтамын.
Бар қайырдың басы осы емес пе?
Қайыршының сынағы
Бір шығыс ойшылының айтқаны бар:
«Бәріміз күнкөрістің қамы үшін жүрміз…
Напақа табудың, тіпті байлыққа қол жеткізудің табиғи түрде үш жолы бар: өндіріс, сауда және ауыл шаруашылығы. Менің пайымдауымша, елге қызмет ету арқылы дүние-байлыққа қол жеткізу – табиғи түрде баюдың жолы емес. Кімде-кім қызметкерлік міндетін пайда табудың көзіне айналдырса, ел алдында нақ қайыршының өзі болады. Өйткені елге қызмет етем деп лауазымды жұмысқа кіріскен адам елді ғана ойлайды, ұлты үшін ғана отқа түседі…»
Түбі тапсаң да сыналасың, жоғалтсаң да.
Мінез қалыптаспай, көкірек толмай байлықтың да, мансаптың да қайыры жоқ сыңайлы…
Қыранның қайғысы
«Қанатына оқ тиіп жараланған қыраннан сұрапты…» деп басталады бір әңгіме:
– Неге сонша жылайсың? Қанатыңа шаншылған жебе жаныңа қатты батты ма?
– Сол жебеден жыласам өкінбес едім, – депті сұсты қыран. – Қарасаңшы, жебенің жалаушасы досымның қауырсынынан жасалыпты. Жаныңа қалай батпайды, қалай жыламайсың?!
Қанаты талмас талай қырандарға бөтен жұрттан емес, өзіміздің ауылдан оқ атылды. Қайсар жандар қапыда қалып, ит-құсқа жем болды. Қырандар азайды, қарғалар көбейді.
О заманның қайыры, бұ заманның қадірі кетті.
Қырандар үнсіз, сауысқандар шықылықтап қоймайды…
Екі түрлі иілу
Әділ әкімнің иілгені – елге басын игені.
Әлсіз әкімнің иілгені – елден именгені.
Беу, қайырлы дүние!