Ғақлиат

Ислам өркениеті және білім мен ғылым

Ислам және оның сеніміндегі мұсылмандар туралы сөз болғанда кейбіреулердің, әсіресе Батыстың көз алдына бір қолында автоматы, бір қолында гранатасы бар, сақал-мұрты өскен, кір-қожалақ біреулерді көз алдына елестетеді жасырын емес. Сол себепті де, олардың түсінігінде «ислам терроризмі», «ислам экстремизмі», «ислам шовинизмі», «панисламизм», «меджехеттер», «шахидтер» және тағы басқа да осы тақылеттес сөздер кең етек алған. Олардың пайымдауынша Ислам әлемі ғылым мен білімге көп көңіл бөліп, мән бермейтін, мәдениеті мен әдебиеті жоқ, өркениеті өспеген әлем. Исламдағы барлық құндылықтар батыстан келген құндылықтар. Шын мәнінде Ислам әлемі ғылым мен білімді және оның жетістіктерін жоғары бағалап, өркениетке өзгелерден бұрын мойын созған әлем. Батыстың ғылымы мен білімі, мәдениеті мен өркениеті негізгі бастауын осы Ислам әлемінен, Шығыстан алғанын айқындайтын айшықты дәлелдер аз емес. Қазіргі таңдағы ғылымның дамуына Батыстың қосқан үлесі қаншалықты бұлтартпас шындық болса, Батыстың осындай деңгейге көтеріліп, ғылым мен технология саласында көптеген жаңалықтарға қол жеткізуіне мұсылман ғалымдарының қосқан үлесі өте зор. К.В.Бодлейдің айтқанындай қазіргі Батыс мәдениеті ренессансқа, ренессанс өз кезегінде Исламға қарыздар.

ҚҰРАН КӘРІМ СҮРЕЛЕРІ МЕН АЯТТАРЫНЫҢ ЖӘНЕ ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ (М.С.А)  ХАЛЫҚТЫ ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМГЕ ТАРТУЫ

Ал енді осы Исламның ғылым мен білімге қандай мән беріп, осы салада жаңалық ашқан ғалымдарды қалай бағалайтынын бір сәт еске түсіріп көрейік. Бұл мәселе туралы сөз қозғағанда бірінші кезекте әрине ең соңғы Пайғамбар, Пайғамбарлардың Пайғамбары Мұхаммед саллаллаһу аләйһи уасәлламның  айтқан сөздері, өсиеттері мен хадистерінің және ақиқаттың ақ кітабы, әлемде теңдесі жоқ және болмайтында кітап- Құран Кәрімнің сүрелері мен аяттарының еріксіз еске түсетіні баршамызға аян. Құранның алғашқы аяты «Иқра» яғни «Оқы» деп түскен. Бұл бұйрық тек Құранды ғана емес, әлемді оқу, адамды оқу, әлемнің жаратылыс сырларын оқып, ғаламды зерттеп-зерделей оқу дегені еді. Пайғамбарымыз (с.а.у) ғылым- білімді жай ғана оқу емес «ғылымға үйрену-әрбір мұсылман ер кісіге де, әрбір мұсылман әйелге де парыз» деп ғылым үйренуді әйел-еркек деп бөлмей, әрбір мұсылман баласына парыз етіп қойды. Киелі Құранның ең бір ерекшелігі – білімге, оқып-үйренуге, ұстаздыққа көп мән беретіндігі. Көптеген сүрелерден ғылым мен ғалымдарға деген құрмет айқын аңғарылады. Мысалы, дүниенің бұзылмай тұруының  төрт себебі бар, оның біріншісі-ғалымдардың ілімінен, екіншісі-патшалардың әділдігінен, үшіншісі-сақылардың сақылығынан, төртіншісі- мұсылмандардың дұғасынан дей келіп, бірінші кезекке ғалымдардың ілімін қояды. Ілім жолы – қиын жол, бұл жолда сабырлы бол,сонда ғана ілімге ие боласың. Алла Тағала мұсылманның білімді болғанын қалайды дейді. Ілім – гауһар, ал оның досы – ізденуде дегенді де еске сала кетеді.Дін мен ғылымды байланыстыра келіп Діннің апаты пасық ғалымнан, залым патшадан, шешім шығарушы шала молдадан болмақ дейді.

Құранда Құдайдың адамдарды жаратқанда ілім алу қабілетін қоса дарытқаны айтылады. Сондай-ақ бұл қасиетті кітапта  білімсіздерге қарағанда ғалымдардың Аллаға әлдеқайда сүйкімді және жақын екендігі аз айтылмайды. Құранда Алла зейінділер мен білімділердің дәрежесін әлдеқайда жоғары бағалайды.Сен айт: «Білімділер мен білмейтіндер тең бола ма? – мұны тек ақыл иелері ғана ғибрат етеді» – дейді. (Зумар сүресі 39. 9 аят).Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің көптеген өсиеттері мен хадистерінде ғылым мен білім алудың маңыздылығын жоғары қойып, білім алуға, ғылымүйренуге ұмтылудың қажеттілігін айтып, баса талап етеді.Бір өсиетінде «Егер қажет болса, дінсіздерден де білім ал» десе, ал енді бірінде «Қытайға барып білім алу керек болса да, ғылымға ұмтыл» деген екен.«Ілімімен адамдарға пайда келтіретін ғалым мыңдаған тақуа сопыдан да артық» деген сөзі де оның ғалымдарды айрықша жоғары бағалағаны емес пе?

Пайғамбарымыздың (с.а.у) бір хадисінде садақа берудің сауаптылығын айта келіп, садақа берген адамға сауаптың әртүрлі деңгейде еселеп қайтатынын, атап айтқанда оның бірінші дәрежесінде мысалы, жетім-жесірге берген садақаң 10  есе, кедейлерге берген садақаң 70 есе, жақын мұқтаж мұсылмандарға берген садақаң 700 есе ,ал оқу -білім үйреніп, ғылыммен шұғылданып жүрген ғалымдарға берген садақаң 7 мың есе қайтады деп бәріненде ғылым мен білімді және онымен шұғылданып жүрген ғалымдарды жоғары бағалайды. Реті келгенде айта кететін бір жайт белгілі ғалым Майкл Харт өзінің «100 великих людей» деген кітабында Мұхаммед Пайғамбарды (с.а.у) Иисус Христос, Моисей, Будда, Конфуций, Исаак Ньютон,Альберт Эйнштейн, Луи Пастер және басқада ғалымдар, оқымыстылар, қоғам қайраткерлері мен ұлы тұлғалардың ішінде бірінші кезекке қоюы Батыстың Исламның ұлы тұлғалары мен ғылыми құндылықтарын жоғары бағалайтындығының айғағы. Кітап 1978,1992,1998 және 2000 жылдары төрт рет қайта басылып шықты.VӀӀ ғасырда өмір сүріп, мұсылмандардың алғашқы төрт халифасының бірі болған Әзіреті Әліде (Әли ибн Абу Талиб) білім мен ғылымды жоғары бағалап өткен. Ұлы Әмір Темірдің немересі Мырза Ұлұғбектің (1394-1449ж.) айтуынша Әзіреті Әлі Әбутәліпұлы жан-жақты білімі бар, грек тіліндегі жәдігерліктерді оқи алатын, ірі ғалым да, ақын да, тәржімашы ғалым да, батыр да болған. Ә.  Дербісәлиевтің 1992 жылы жарыққа шыққан «Араб әдебиеті» оқу құралында Әзіреті Әлінің білімділігі, шешендігімен қатар, көзсіз батырлығы да айтылады. Жастық шағын Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у) жанында өткізген ол, Пайғамбарымызбен бірге талай жорықтарға қатысып, майдан даласындаға жаужүректілігі үшін «Сайфл- ислам» – «исламның қылышы» деген атақ алған дейді. Оның шығармалары бірнеше дүркін Бейрутте, Каирде, Делиде, Тегеранда және басқада қалаларда басылып шыққан. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) оның ілімін жоғары бағалап «Мен ілімнің шаһары болсам, Әлі – шаһардың дарбазасы» – деген.

Еңбегін ер Әлінің ғылымдағы,

Ғалымдар мойындаған бұрын бәрі.

Мұхаммед ғылымдағы қала болса,

Қаланың қақпасы де Әзіреті Әлі. (Т.Айнабеков. 2003ж.)

Әзіреті Әлі өзінің «Жауһарлар тізбегі» кітабында (өзбекшеге тәржімелеген Әлишер Науаи, өзбекшеден қазақшаға тәржімелеген  Тұрсынәлі Айнабекұлы 2003ж)

Ілім өлсе, шарафатты дінде сында,

Үйренуге бару шарт шын машынға.

Ғұламалар безентер дінді әр жылда

Көңіліңде сәулең болса сенде тыңда – дей келіп, бұл шұмақта Мұхаммед (с.а.у) хадисінде айтылған « Ілім іздеп Қытайға барсаңда артық болмас» деген тұжырымын дамыта түседі.Әзіреті Әлінің ел ішінде «ілімнің қақпасы» аталып кеткендігінің рас-өтірігін сынау мақсатында жерлестері оған он адамды кезекпен жібереді.Олардың бәрі Әзірет Әліге бір ғана «Білім артық па, байлық артықпа?» деген сұрақ қоюға келіскен. Егер осы сұраққа он түрлі жауап берсе ғана оның халифалығын, ғалымдығын мойындамақ болған. Сонда Әзірет Әлі әр адам қойған сұраққа әртүрлі дәйектемелермен былай деп жауап берген екен:

  • Білім артық, өйткені, ол пайғамбарлардан қалған мирас, байлық-бақылдардан қалған мұра.
  • Білім артық, білімдінің жанында адал достар көп болады, ал бай адамның қасында амал достар көп болады.
  • Білім артық, ол досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды арттырады.
  • Білім артық, оны қанша жұмсағанмен азаймайды. Байлықты жұмсай берсең, бір күні түгесіледі.
  • Білім артық, оны ұры-қарыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниеңді сырт көздерден қорғаштаумен өтесің.
  • Білімің көп болса ел саған қызығады, байлығың көп болса ел сені қызғанады, білімнің артық болатыны сол.
  • Білім артық, білімің көп болғанымен есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп тұруың керек.
  • Білім қанша көп болса да іріп-шіріп кетпейді, дүние мал болса бүлінеді, сондықтан білім артық.
  • Білім артық, ол кісілігің мен кішілігіңді арттырады. Байлық болса сараңдық пен қомағайлығыңды арттырады.
  • Шынайы білімді адам орнымен сөйлейді, ізеттілігі де артады. Байлығы мол адам оған мастанып мақтанады, астамшылық көрсетеді, сондықтан білім артық деген екен.(Мырзагелді Кемел «Абзалдың әліппесі» «Аңсар» 2006ж).

Әзіреті Әлінің хикметтері мен насихаттарында ғылым мен білімге байланысты мынадай сөздер көптеп кездеседі: «Ілім – адам баласына ең ұлы мұра», «Білмегеніңізді үйренуден ұялмаңыз», «Ілімге амал қылмаған ғалым – надандар қатарына кіреді», «Дүниеде жақсы білім тек ойланып -толғану арқылы ғана болады», «Діннің опырылуы- ғалымдардың өлімі нәтижесінде дүниеге келеді», «Ілімдегі мәртебе – мәртебелердің ең биігі болар», «Кісіні еске алуда оның ілімі мен білімі, ақыл-ойы себеп болады», «Ғалымның айыбы асып тасып  лепіруінде болар», «Әлсіз ғалымдардың құралы-арызқойлық болар» және т.б. Өкініштісі  келтірілгендердің ішінде ғұламаның соңғы екі насихатын біздің кейбір ғалымдарымыз көп қолданып жататыны.

Жоғарыда келтірілгендерден көңілге түйетініміз Пайғамбарымыздан (с.а.у) бастап, оның халифтері, сахабалары мен олардың жолын жалғастырушылардың халықты ғылым-білімге тартып, «Ғылым дамыған кезде Ислам да дамиды» деп жастарды үнемі білім үйренуге, ғылым іздеуге шақырып отырғандығы. Осындай шақыруға үн қатқан мұсылман ғалымдары да қарап қалмай, ғылым мен білімде өте жоғары жетістікерге жетті. Өткенге көз салсақ ғылым дамуының көш басында мұсылман ғалымдары тұрғанын байқар едік. Қазіргі ғылымның, оның ішінде Батыс ғалымдарының таңғажайып жетістіктері Ислам білімі мен өркениетінен бастау  алған,Ислам  ғылымы мен  мәдениетіне қарап бойын  түзеген  десек,ешбір қателеспеген  болар  едік.Себебі,Абу Али Ибн Сина,Әл-Фараби,Хорезми,Бируни,Ұлықбек және т.б көптеген мұсылман ғалымдарының ғылыми  еңбектерін  Европа  ғалымдары  күні кешеге дейін басшылыққа  алып  келгені  баршамызға белгілі.“Ислам білімі мен ғылымы”, “Ислам мәдениеті мен өркениеті” дегенде Ұлы жаратушы  Аллатағаламыздың  Пайғамбарлардың  Пайғамбары,ең соңғы Пайғамбар Мұхаммедке (с.а.у)түсірген ең қасиетті,ең теңдессіз,теңдесіде болмайтын  Құран  Кәрімді  еске  алмау  мүмкін  емес.Бірінші  сүресінен бастап  соңғы сүресіне  дейін  білім  мен  ғылым,мәдениет  пен өркениет,адалдық  пен  әділділік,имандылық  пен  ибалық,сыйластық пен сыпайылық  және  тағы  басқада  толып  жатқан  адами құндылықтар жазылған кітапты Ұлы жаратушымыздың  мұсылмандарға түсіруі біз үшін үлкен бақыт, зор мақтаныш.Осындай  қасиетті  кітап  Құран  мен  ғылымның бірлігін  біздің  келешегіміз  бен  болашағымыз жастарға түсіндіріп,ұғындыру біздің  қасиетті  борышымыз.Бір  қарағанда,бір-біріне қарама-қайшы  көрінетін  ғылым  мен  діннің  бірін-бірі  толықтырып айқындай түсетін, келісімге келіп,үйлесілімділікке  үндеп, бірлестік тауып жатқан  жақтары  өте  көп.Себебі,Исламның  біріктіруші  фактор  ретіндегі рөлі  өте жоғары.Мысалы, бір саяси ұйым бірнеше  мыңдаған,әрі  кетсе бірнеше  миллиондаған  адамды  ғана  біріктірсе,Ислам 2 милиардқа  жуық адамды  біріктіріп  отыр.Планетамыздағы  әрбір  үшінші  адам мұсылман.  Қазіргі  ашылып  жатқан  ғылыми  жаңалықтардың  осыдан XXII-XIVғасыр бұрын  түскен  қасиетті  Құран  Кәрімде  жазылуы   Құран  мен  ғылымның өте  жақын  екендігін,қасиетті  кітаптың  ғылыми  жетістіктерге  толы екендігін  көрсетеді.Бұған  белгілі  Исламтанушы  Қайрат  Жолдыбайұлының “Имами гүл”кітабынан  мысалдар  келтіруге  болады.Мысалы,өсімдіктердің  аталық-аналық  ұрықтарға  бөлінетіндігі  соңғы ғасырларда  ғана белгілі болған  болса,ал  Құран  Кәрімде  он  төрт  ғасыр  бұрын  былай деп  жазылған: »Жерден  өсіп-өнетін  барлық  өсімдіктерді,өздеріңдіжәне сендердің т.б білмейтін  нәрселердің  жұп-жұп  қып  жаратқан Алла қандай пәк» (Ясин сүресі,36аят). Бізге  ең  жақын  бес-алты  галактидан  басқа  барлық  галактикалар  бізден  өз  қашықтықтарына  сай  жылдамдықпен  ұзап  жатқанын 1929 жылы  астроном  Э.Хаббл  (Hubble) зерттеп  тапқан  болатын. Бұл  жағдай  Құран Кәрімде  былай  деп  көрсетілген. ‘‘Аспанды  құдіретімізбен  біз    жараттық  және   оларды  үнемі  кеңейтудеміз’’(Зарият сүресі, 47 аят).Ғалымдардың  дәлелдеуі  бойынша   ғаламдағы  заттардың  бір-бірінен  ұзап,алшақтап  жатқаны  Құран  аятында  «үнемі  кеңейтудеміз» де айтылып  тұрған  жоқ  па?    Батыс  әлемі (Коперник,Галилео  Галилей)  Жердің  домалақтығын ,кейіннен  эллипс  тәрізді  сопақша  келетіндігін  және   оның  өз-өзін  және  Күнді айналатындығын  ХVI ғасырда  жазған  болса, бұл  туралы  Құранның  Зумар  және  Назиғат  сүрелерінде  былай  деп  келтіріледі. ‘‘Түнді  күндіздің  үстіне, күндізді  түннің  үстіне орайды’’(Зумар  сүресі, 5 аят). Араб  тілінде ‘‘такуир’’сөзі  домалақ  нәрсенің   сыртына  бір  нәрсені  орау, байлау  деген  мағынаны  білдіреді .Сол  себепті, жер  шар  тәріздес  болғандықтан   күн  мен  түн  үшін  ‘‘орайды’’сөзі  қолданылып  отыр.Жер пішінінің  аздап  сопақтау  (эллипс ) тәрізді  екендігі   ‘‘Назиғат ’’ сүресінде  былай  келтіріледі: ‘‘Содан  кейін  жерді  түйе  құсының  жұмыртқасы  пішініне  келтірді’’ (Назиғат  сүресі,  30аят)  Неміс  ғалымы  Алфред  Вегенер  ХХ  ғасырдың  басында  таулар  мен  жер  бетіндегі  құрлықтардың  бастапқыда  біртұтас   болғаны, кейіннен  олар  түрлі  бағыттарда  жылжып, бір-бірінен   бөлінгені  туралы  тұжырымдаған  болса, ол  туралы  Құран  Кәрімде 13 ғасыр  бұрын  мына  төмендегідей  мазмұнда  айтылып   кеткен   болатын: ‘‘Тауларды  көріп, оларды  тапжылмай  тұр  деп ойлап   қаласың. Ал  олар  болса  бұлттардың  көшуі тәріздес  жылжуда’’(Нәміл сүресі, 88аят). Теңіздердің  бір-біріне  араласпауы   Құран   Кәрімде  былайша  баяндалады: Аллатағала  екі  теңізді  ағызды, олар  бір-бірімен  қабысады,бірақ  араларында  перде   болғандықтан  бір-бірімен  араласпайды(Рахмат  сүресі,29аят)   Осы  құбылысты   ХХ ғасырдың  екінші  жартысында  (1962 ж.) бірнеше  жыл бойы  зертеп, нәтижесінде  оның  1400  жыл  бұрын  Құран аяттарында  жазылып  қойғанын  мойындаған  аты  әлемге  әйгілі  ғалым  Жак  Ив  Кусто  былай  деп  жазады. …Смысл  этого  явления  совершенно  ясно  описан  в  Священной  Книге  Ислама-в Коране,ниспослонном  человечеству  около  1400  лет  назад.Когда  я  узнал  об  этом,я  поверил,что  Коран-это ‘‘Слова  Аллаха’’.Я  выбрал  Ислам,истинную  релегию  Единого  Бога-Творца .Духовный  же потенциал, заложенный   в  мусульманстве,дал  мне  силы  преодолеть  боль,котрорую  я  испытал  после  потери  моего  сына  (Жак  Ив Кусто,www.islam.ru)  Тәржіма  барысында  оның   мазмұнына  өзгеріс  енбесін  деген  оймен оның  орыс  тіліндегі  нұсқасы   өзгеріссіз  беріліп  отыр. Адам  баласының  ана   құрсағындағы  даму  кезеңдері,дүниеге  келуі,сәбидің  жынысын  анықтау  тәрізді  құбылыстарды  ғалымдар  соңғы  жылдары  ғана  анықтап  жатса,бұл  құбылыстар  қасиетті  Құран Кәрімде  бұдан  14ғасыр бұрын  мынадай нұсқада  жазылған  екен  “Расында біз адамды  нағыз (сүзілген) балшықтан  жараттық. Сосын  оны шәуеттің  бір тамшысы күйінде мықты  жерге (жатырға) орналастырдық.Сосын ол  тамшыны алаңаға ( жабысқан  ұрықтанған  клеткаға) ,сосын оны мудғаға(бір тістем ет көрнісіндегі  жаратылысқа),сосын мудғаны  сүйектерге  айналдырдық,сосын сүйектерді  етпен  қаптадық, сосын оны  басқа  бір  жаратылыс  жасадық.Алла ең керемет жаратушы’’(Муминун  сүресі, 12-14аят) Қазіргі  эмбриология  ғылымының  жетістігі  бойынша ұрық  бір  аталық және бір  аналық  клеткадан  өсіп  дамиды.Құранда  бұл  ақиқат  былайша  баян етіледі: “Адам баласы өзін (еш сұрақ алынбастан) басы  бос  қоя  берілемін деп ойлайма?   Ол  әу  баста  тамызылған  бір  тамшы  шәует емес пе еді.Сонымен бірге, заманауи  эмбриология  жаңа    пайа  болған   сәбидің   ұл  болуы  ана   ағзасындағы  Х  хромосома  мен  аталық  клеткадағы   У  хромосоманың , ал  қыз  болуы  Х     хромосомасымен  бірігуі  нәтижесінде  пайда  болады  дейді .Себебі, адам ағзасындағы  46 хромосоманың  екеуі  ғана  жыныс  хромосомалары  деп  аталады  да,бұл  екі  хромосома  еркектерде  ХУ,ал  әйелдерде  ХХ ретінде   белгіленеді.  У хромосома еркектік,ал Х хромосомасы әйелдік гендерді тасиды.Бұл құбылыс VII-ғасырда түскен Құран Кәрімде сәбидің жынысы құрсаққа құйылған аталық(ХУ)хромосомадан жаратылатыны былайша айтылады: “Ол(Алла Тағала)еркек пен ұрғашы жұбын ытқып шыққан ер кісінің шәуетінен жаратты”(Нәжім сүресі,45-46аят). Адам ұрығы дамуының Құран аяттарында өте дәлдікпен жазылғанын мойындай отырып,Торонта университеті  “Анатомия және эмбриология” кафедрасының профессоры Кейт Мур өзінің “Клиническая анатомия” ,“Развитие человека “ және  “До нашего рождения”деген әлемнің сегіз тіліне аударылып жазылған кітаптарында былай дейді:  “…как мог Мухаммед (с.а.у),так точно описать эмбрион и фазы его развития 1400 лет тому назад,если ученые смогли узнат об этом лишь 30лет тому назад.”……Эти факты стали доказательством того,что Мухаммед(с.а.у) является послаником Аллаха.Я не столкнулся с какими-либо трудностями,признавая то,что Коран это слова Аллаха,и решил написать исламское дополнение к третьему изданию  своей книги “Pазвитие человека”(Коран и современная наука)Бұдан артық қандай мойындау керек.   Жоғарыда келтірілгендерден басқа Құран Кәрімдегі ғылым мен білімге байланысты аяттар мен сүрелердің шынайлығын  мойындап,тіптен Ислам дінін қабылдаған аты әлемге әйгілі батыс пен шығыс ғалымдары(араларында Нобель сыйлығының иегерлері де бар)аз емес.Олардыңқатарына С.Харт,Жан Поуль Роул,Виктор Имбердес,доктор М.Букайле,профессор Шрейдер Родвел,И.В.Гете,Л.Н.Толстой,А.С.Пушкин,А.И.Бунин,НАSAастрономы, профессор Армстронг,профессор Т.В.Персо,профессор Джо Ли Симпсон, профессор Альфред Кронер, профессор Палмар,медицина докторы Али Сельман Беруа және  тағы басқалар.Келтірілгендердің ішінде Нобель сыйлғының  иегері В.Н.Бунин Құранның ақиқаттығын, Алланың барлығын мойындап,мұсылман болады.Оның:

«Проклят тот,кто великий Корон не слышит,

Проклят тот,кто учас для молитвы и битв,

Кто для жизни не дышит,как бесплодный чеджас»

-деуі соның дәлелі. Орыстар пір тұтқан тума талант А.С,Пушкиннің Исламға бас иіп, Құранға еліктеуі,Ислам жөнінде бірнеше өлеңдер жазуы қасиетті Құранды мойындағандығы. Пушкинтанушы ғалым В.Филоненконың айтуы бойынша “ақын Ислам діні жайында қалам тербеу арқылы өзіне керекті дүниетанымы мен философиялық өмір толғаныстарына және басқада  көптеген сауалдарға қасиетті Құраннан ғана тиісті жауап ала алғанын айтады”.Олда қасиетті Құранды мойындай отырып былай дейді.

«…Творцу молитесь;он могучий;Он правит ветром в знойный день,

На небо насылает тучи;дает земле древесну сень.

Он  Милосерд;Он Магомету открыл Сияющий Корон,

Да  притечем  и мы ко свету и да падает с очей туман».

Атақты Л.Н Толостой “мені мейірімді Мұхаммедтің (с.а.у)үмметі деп біліңіздер”-десе, немістің классик ақыны И.Г.Гете де «Адамзат баласы хазіреті Мұхаммедке (с.а.у) қарыздар» деп ұлағатты сөз айтқан.(Жас қазақ үні,2010). И.Г.Гете сонымен бірге «Шығыста жеті жұлдыз бар меннен артық»-деп Физули, Шамси, Сайхали, Науаи, Сағди, Фердауси және Хожа Хафиз еңбектерін мойындап, үлгі тұтқанында жасырмайды.

       ИСЛАМ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ БАТЫС ҒЫЛЫМЫНЫҢ  ДАМУЫНА ЫҚПАЛЫ НЕМЕСЕ БАТЫСТЫҢ ШЫҒЫСТАН  ҮЙРЕНУІ.

Бүкіл әлемде ғылымға қарсы теріс  көзқарас қалыптасып тұрғанда Ислам ғылымы мен білімі зор қарқынмен қанатын кеңге жайып дамып жатты.Оның дамуы өмірдің барлық саласынан көрініс тапты. Бұл кезең Ислам ғылымы мен білімі дамуының «Алтын ғасыры» деп аталатын VII-XVII ғасырлар еді. Аталған 10ғасырда Ислам әлемі ғылымда мол тәжірибе жинақтап,алдына жан салдырған жоқ.Себебі, мұсылмандар елінде дін мен ғылым егіз ұғымдай бірге дамып,бірін-бірі толықтырып отырды,ғылымдінге,дін ғылымның дамуына кедергі келтірмеді,зиянын тигізбеді.Қайта ғылым мен білімде жаңалық ашып,өнер мен әдебиетте табысқа жеткендер құрметке ие болып жатты.Бұл кезеңде Батыс ғалымдары шіркеу инкивизициясының қатал үкімімен қудаланып, түрмеге жабылып,дарға асылып,тірідей отқа жағылып жатқан болатын.Солардың қатарында поляк ғалымы Николай Коперник (1473-1543ж.),ұлы итальян ғалымдары Джордано Бруно(1548-1600ж.) және Галилео Галилеи(1564-1642ж.), нидерланд ғалымы Андреас Везалий (1514-1564ж.)және т.б. болды.Дін иелері оларды діннен безгендер, құдай ісіне қарсы келгендер деп айыптады.

Құран аяттары мен хадистерінің ғалымдар жаңалығына арқау болғанын айттық.Сол сияқты Батыс ғалымдарының ашқан жаңалықтарыда  ислам ғылымынан бастау алды, сол бастамаларды жетілдіріп ,толықтырып отырды, кейде тіпті иеленіп те кетті.Енді ислам білімі мен ғылымының                 «Алтын ғасырында» мұсылман ғалымдары ашқан жаңалықтардың бірсыпырасына тоқтала кетсек ашылған жаңалықтар жан-жақты болып,өмірдің барлық саласын қамтыды.

Медицинада Әбу Әли ибн Синаның (980-1037ж.лат.транскрипциясы-Авиценна) алатын  орны ерекше. Бұхара қаласының жанындағы Афшана ауылында туылған.Ортағасырлық ғалым,дәрігер,философ.Ғылыми жетістіктері үшін «Әлемнің екінші ғалымы», «Шығыстың Аристотелі» атанған.Оның «Дауа кітабы» Ислам әлемінің ғана емес,Европа медицинасыныңда негізін қалап «Медициналық ханзада», «Шейх-ур-райс» деген ұлы есімге ие болды.Оның «Дәрігерлік ғылымның каноны»кітабы Европа тілдерінде бірнеше рет қайта басылып «Медицинаның Библиясы» атанып кетті.Гиппократ дәрінің 200 түрін,үнді тәбибтері 800түрін пайдаланса, Әбу Әли ибн Сина дәуірінде дәрінің 2600-ден астам түрі қолданылды. «Медицина» терминінің де«медет-сина»,                                    «Әбу Әли ибн Сина медет берген»-деп Авиценанның есімімен байланыстырылуыда кездейсоқ емес.

Дамаск ғалымы Алааддин Ибнун Нафис(1210-1288ж) әлемде бірінші болып кіші кан айналу шеңберін және жүректің төрт камералы екенін жазды. Оның ашқан жаңалығын Европалықтар 300жылдан астам уақыттан кейін қайталады.

Кайр ғалымы Аммир ибн Али аль-Маусили X ғасырдың өзінде офтальмалогия саласында ірі табысқа жетіп, көзге операция жасап «Аммир операциясы» деген ұғым қалдырса , Андалусиялық (Испания) дәрігер ибн Рушд (лат.Averroes1126-1198ж) офтальмалогиямен қатар,ислам құқығы, математика саласында ірі табыстарға жетті.

Ислам ғалымдары Рази VIII-IX ғасырдың өзінде (864-925ж) қызылша,қызба ауруларына анықтама берсе,Ибрагим Джессар X ғасырда алапес ауруының таралу жолдарын анықтап,емдеу жолдарын ұсынды.Ал,Ибн Хатиб         (1313-1374ж) тырысқақ ауруының жұқпалы екендігін дәлелдеді.

Фатех Сұлтан Мехмет (1389-1459ж) микробтардың болатынын жазса,ал Комбур Весим атты ғалым (1761жылы қайтыс болған) туберкулез ауруының микробын анықтады.Неміс ғалымы Роберт Кох бұл індеттің қоздырғышын 1882 жылы ғана анықтауға қол жеткізді.

Мұсылман ғалымдары медицина ғылымының ғана емес алгебра, геогрофия және химия ғылымдарында негізін алғашқы болып қалады. Алгебраның – «аль жабр» географияның- «жағрапия»,химияның – «аль химия» тәрізді мұсылман сөздерінен өрбігені сөзіміздің дәлелі іспеттес.

Алгебраның негізін Аль-Хорезми (780-850 ж.) VII-VIII ғасырларда қалады. Ол алгебра пәні бойынша ең алғаш жазылған «Аль-Джабр уа-ль-Мукабиле» кітабының авторы «Аль-Джабр» сөзі батыс ғалымдарының айтуына қарай өзгерістерге ұшырап «Алгебра» болып кетті. Оның бұл кітабында геометриялық теңдеулер мен тригонометриялық таблицаларда орын алады.

Әбу Райхан әл-Бируни (973-1048ж. Қарақалпастан,Бируни қаласы). Орта Азиялық энциклопедист ғалым. Негізгі еңбектері ғылымның математика, астрономия, физика, геология және т.б. салаларын қамтиды.Ол дүниенің гелиоцентрлік жүйесін Коперниктен 500 жыл бұрын, ал денелердің жерге қарай тартылуын Галилей мен Ньютоннан 600 жыл бұрын болжаған.

Мұсылман ғалымдарының ішінде Беттани (858-929ж) деген ғалым тригонометрияның негізін қаласа, Абул- Вафа (940-998ж) деген ғалым тригонометрияға тангенс, котангенс,косеканс деген терминдерді енгізді.

Сонымен бірге И.Ньютон (1642-1727ж) ашты деген бином формуласын алгебраға алғаш енгізгенде мұсылман ғалымы Омар Хайям (1040-1123ж) болатын.Ньютонның меншігіне саналып келген дифференциальды есептеу тәсілін одан әлдеқайда бұрын Сабит бин Гурр қолданған екен. Сонымен бірге геометриялық алгебраны да алғаш рет көпшілік ойлайтындай Декарт емес, Сабит бин Гурр қолданыпты.

Қәзіргі таңда мұсылман ғалымдарының математика,алгебра және жалпы есептеу жүйесіндегі жаңалықтарын мойындағандықтан және қолдануға ыңғайлылықтан болар бүкіл Әлем бойынша жер шарынан бастап  Ғарыштық кеңістікке дейінгі аралықта 0,1,2,3,4,5,6,7,8,9 тәрізді араб цифрлары қолданылады.

Француздың “chiffre”, немістің “ziffer”,ағылшынның “cipher”, сонымен бірге ағылшындар мен француздардың “zero” сөздері арабтардың «сифр»-«бос» деген сөзінен шыққан.

Жалпы мұсылман ғалымдарының математика, алгебра, геометрия, тригонометрия ғылымына сіңірген еңбектері туралы  батыстың белгілі ғалымы проф. Жан Рислер: «Біздің өркендеу дәуіріміздің математикадағы ұстаздары мұсылмандар болды» десе, француз ғалымы проф. Э.Ф. Гаутье «Европа өркениеті алгебра ғана емес, математиканың басқада салаларыда   мұсылман ғалымдарының ашқан жаңалықтарымен толықты» – деп зор толғаныспен  мойындады.

Мұсылман ғалымдары география ғылымындада табыссыз болған жоқ. Атап айтар болсақ  Мұхаммад ибн Абдуль-Азиз аш-Шариф аль-Идриси (1100-1165ж.) әлемге ірі ғалым-географ ретінде танылды.Ол әлемнің біраз  бөлігін шарлаған жиһанкез болды.Навигациялық приборларды ойлап тауып, Жер шарының картасын жасады.Ибн Батути (1304-1369ж.) барлық континенттер мен материктерді аралап  географиялық және тарихи құндылықтарға қол  жеткізсе, Эвли Челебидің (1611-1682ж) ғылыми жазбалары  география ғылымының дамуына зор үлес қосты.Бірнеше ғасыр бұрын Бируни Америка туралы болжам жасаса, Пири Раис(1465-1554ж) өзінің «Китаби-Бахриия» атты  еңбегінде Американың бар екендігіне толық сенім білдірді. Идриси(1100-1166ж.) атты мұсылман ғалымы осыдан 850 жыл бұрын қазіргі заманғы картаға  ұқсастығы жағынан өте жақын келетін әлемнің географиялық картасын құрастырып шықты.Христофор Колумб (1446-1506ж.) өзінің ғылыми жазбаларында Атлант мұхитында құрлықтардың бар екендігін  мұсылман ғалымдарынан білгендігін баяндаған.

Мұсылмандардың химия ғылымындағы табыстары туралы сөз қозғағанда Джабир бин Хайянды (721-805ж.) еске алмау мүмкін емес. Себебі, ол бүкіл Әлемге «Химияның Атасы» ретінде танымал болды. Британ энциклопедиясында ол химия ғылымының негізін қалаушы деп келтірілген. Джорданоның оны Әлемдік деңгейдегі данышпандар қатарына қосып  қоюы да тегін емес.Оның аталған саладағы жетістіктері  Пристли (1733-1804ж.) және Лавуазьена (1743-1749ж) тәрізді танымал ғалымдарға қарағанда әлдеқайда жоғары. Ол химия ғылымына кристалдану, еру,қайта айдау тәрізді түсініктер енгізді.

Химия ғылымының дамуына парсы  ғалымы Абу Бакр ар-Развидің де (864-925ж) сіңірген еңбегі мол. Ол ең бірінші болып күкірт қышқылы мен таза спирт алуға қол жеткізді. Ол  химиялық заттарды  фильтрлеу,дистилляциялау, коагуляциялау жолдарын анықтады.Алғаш рет заттарды минеральды, өсімдік және жануар тектес тәрізді топтарға бөлді.Мұсылман ғалымы Башир, Европалық ғалым Брантқа қарағанда фосфорды әлдеқайқа  бұрын анықтады. Олар химиялық заттардан оқ-дәрі жасап, оны зеңбірік арқылы қолдану жолдарын ұсынды. Алғашқы пневматикалық зеңбіректі де Фатех Сұлтан Мехмет  1432- 1481 ойлап тапты.

Келтірілген ғылым салаларынан басқа мұсылман ғалымдары анатомия, биология, ас-трономия, физика, тригонометрия, архитектура, философия және басқада ғылым салаларында зор табыстарға жетіп, Батыс ғалымдарын әлдеқайда артта қалдырды.

ОРТА АЗИЯ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН ДАЛАСЫНДА ӨМІР СҮРГЕН  ҒАЛЫМДАРДЫҢ ӘЛЕМДІК ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМНІҢ  ДАМУЫНА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ.

Батыс оқымыстыларының Әлемдік Ислам өркениеті ғана емес, Орта Азия мен Қазақ даласының мұсылман ғалымдарынан да көп үйренуіне тура келді. Өздерінің ғылыми еңбектерімен Европалықтарды таң қалдырған Орта Азия және Қазақстан даласында өмір сүрген ғалымдардың қатарында мынадай ғалымдарды зор мақтанышпен айтуға болады: Абд әл- Ғафур әл Кердери (1166ж.ө) Абу әр- Раззақ Самарқанди(1413-1482ж), Ала әд Дин Ато Мәлік Жуайни (1226- 1283ж.), Ала әд- Дин Байлақ әл Қыпшақи (XII-XIII ғ) , Арыстан Баб ( шамамен VII- VIII ғасырларда) Ахмад әл- Испиджаби (Xғ- 1087ж) Ахмед Иугінеки (XII- XIIIғ),Әбу Абд Алла әл- Баласағуни (1040- 1112ж), Әбу-л- Фадл әл- Қарши (1230- ө.ж.б.), Әбу-Л- Хасан әл- Исфиджаби (т.-ө.ж.б). Әбу. Наср- әл- Фараби (870-950ж),  Әбу Райхан әл- Бируни (1048-1050ж), Әбу Таһир Мұхаммед Тарази (т-ө.ж.б), Әлам әд- Дин әл- Жауһари (X-XIIғ) , Захир әд- Дин Мұхаммед Бабыр (1483- 1530ж), Баласағуни Жүсіп (1020- ө.ж.б.), Дауд Түркістани (т.-ө.ж.б)  Жамаләд-  Дин ат- Турки (т.-ө.ж.б), Жамал әд- Дин Саид ат. Түркістани (т.-ө.ж.б), Қадырғали Жалайыри (1555- 1607ж), Қожа Ахмет Иассауи (1103- 1163ж), Махмут Қашқари (1029-ө.ж.б.), Мұхаммед Хайдар Дулати (1499- 1551ж.) Ұлықбек (лақап аты) шын есімі Мұхаммед Тарағай (XIII-XIVғ). Хафиз (XVI- XVIIғ) және т.б.

Бұл ғалымдардың  еңбектері де Европалық оқымыстылар  үшін білімнің кәусар бұлағына айналды. Олардан үйреніп, үлгі тұтты,еңбектерін пайдаланды.Жазған оқұлықтары мен еңбектері шет тілдерге аударылып,олардың кітапханаларының төрінен кең орын алды.

Келтірілгендердің ішінен Әбу- Наср әл- Фарабиді (870-950ж.) алатын болсақ, қазақ даласынан шыққан ұлы ғалым, философ, математик, астролог. Ол түркі ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүріатанған ғұлама. Оның еңбектерін шығыс ғұламалары ғана емес Роджер Бэкон, Леонардо до Винчи тәрізді Европа ғалымдары да көп пайдаланған. Ол сәуленің жиналу, сыну, таралу заңдылықтарын тапқан. Ә.Н. әл- Фарабидің шұғыла туралы түсінігі Европа ғылымына 17 ғасырда ғана мәлім болды. Оны неміс астрономы И. Кеплер арабшадан аударып «фокус» деп атады. Ғұлама тарихта тұңғыш рет Шолпан планетасының Күннің бетін басып өтетінін бақылаған. Әлемдік деңгейдегі ғалым болғандықтан 1100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілді.

Ахмед Иүгінекидің философиялық ойларға толы, «Ақиқат сыйы» атты кітабы Стамбұлдағы Айя– София, Анкарадағы Маариф кітапханасында және Берлин ғылым академиясында сақтаулы.

Жетісулық ғалым Жүсіп Баласағуни (1020 – ө.ж.б)   астрономия, астрология,  философия, медицина, әдебиеттану және т.б ғылым салаларының дамуына зор үлес қосты. Оның «Құтты білік» атты еңбегі бірнеше тілдерде жазылып, Вена қаласындағы Корольдік кітапханада неміс тіліндегі аудармасы Инсбурк қаласында, түрік тіліндегі аудармасы Стамбұлда сақтаулы. Оны орыс ғалымдары В.В. Радлов, Н.Гребнев, С.Иванов орыс тіліне тәржіма жасады.

Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар атырабының ғалымы Ғаббас әл- Жауһари( 9 ғасырдың 1- жартысы ) астрономия, математика ғылымдары-мен айналысты. Ол басқа ғалымдармен бірге Бағдат обсервоториясы мен «Даналық үйінің»  негізін қалады.Ол Шығыс математиктері ішінде ең бірінші болып Евклидтің параллель аксиомасын сынға алып, жеке ұйғарым жасады.

Қазақ даласы мен Орта Азия өлкесінен шыққан тағы бір математиктің бірі Жамал әд- Дин Саид ат- Түркістани(т.-ө.ж.б.). Түркістан қаласында білім алған.  1312 жылы «Китаб әл- Алаййя» (Жоғары математика кітабі)  трактатын жазған. Кітаптің арабша қолжазбасы Ресейдің Шығыстану институты Санкт- Петербург бөлімшесінің кітапханасында сақтаулы.

Бүкіл түркі дүниесі пір тұтқан ғұлама ғалым, философ, ақын, әулие Қожа Ахмет Иассауи (1103-1163ж). Исфиджаб (Сайрам) қаласында туылып, Иассы (Түркістан) қаласында өмір сүрген. «Диуани хикмет» («Даналық кітабы»). «Рашахат- ул айн-ил хайат» еңбектерін  жазған. Оның еңбектері «Сйраж ул- Кулуб» жинағының құрамында Москвадағы орталық мемлекеттік архивте және Стамбұл, Ташкент, Москва кітапханаларында сақтаулы. Ғұламаның еңбектеріне ағылшын ғалымы Дж. С. Тримингиэм, түрік ғалымдары Мұхаммед Фуад Куприлизаде, Кемал Ераслан, орыс  ғалымдары А.Н. Самойлович, Е.Г.Бертельс., В.В.Бартольд., В.А.Гордиевский және басқа ғалымдар қызығушылық танытып, зерттеулер жүргізген.

Тарих ғалымның дамуына зор үлес қосқан ғалымдардың қатарына Мұхаммед Хайдар Дулатиді (1499-1551ж) жатқызуға болады. Ол Қазақстан мен Орта Азия, Моғолстан тарихын, әсіресе дулат тайпасының тарихын жақсы білді. Оның «Тарих-и Рашиди» атты еңбегі Кашмирде, Орта Азия, Үндістан мен Иранда бірнеше тілдерге аударылып басылып шықты. Оның аталаған еңбегін В.В.Вельяминов- Зернов орыс тіліне аударса, Д.Росс ағылшын тіліне аударып бастырды. Ғалымның 500 жылдық мерейтойының Ташкент қаласында Халықаралық деңгейде аталып өтілуі, оны әлем ғалымдарының мойындағаны  деп түсіну керек. Орта Азиядан шыққан ұлы астроном әрі математик Ұлықбек (лақап аты) шын есімі Мұхаммед Тарағай (1394- 1449ж) Орта Азия халықтарының ғылымы мен мәдениетін бүкіл дүние жүзіне танытты. Ол Самарқанд қаласында астрономиялық мектеп ұйымдастырып, сол заманда ешбір елде теңдесі жоқ обсерватория салдырды. Оның басты еңбегі «Зидж-и- Ждид и Гургани» болды. Ғұлама бұл еңбегінде 1018 жұлдыздың орналасуы туралы мәлімет беріп, оларға каталог жасады. Европа ғалымдары ХV ғасырда Ұлықбек бастаған ғалымдар еңбегінен астрономиялық тұрғыдан баға жетпес мәліметтер алып өз еңбектерінде пайдаланды. Ғалымның аталған еңбегі 1665жылы  Оксфордта басылып шығып, зор қолданысқа ие болды. Ұлықбек еңбектерінің екі нұсқасы Стамбұлда, Лондондағы «Индия оффис» кітапханасы мен Британ мұзейінде сақтаулы тұр.

Бұл келтірілгендер өздерінің ғылыми еңбектерімен Әлемдік ғылымның көш басында тұрып, ғылым мен білімнің әлемдік деңгейдегі дамуына оң ықпал етіп, зор үлес қосқан мұсылман ғалымдарының бір парасы ғана. Шағын мақалада олардың барлығының аттарын атап, түстерін түстеп жату мүмкін емес. XIX-XX ғасырлардан бастап, Ислам ғылымы мен  өркениеті тоқырауға ұшырап артта қалды дейтіндермен де келісе кету қиын. Осы кезеңдерде  жалпы мұсылман емес, қазақ даласында туып өскен ғалымдарымыздың өзі Алаштың атын шығарып, ұлтымыздың ұлықтығын әлемге паш етті.XVIII-XIX ғасырларда Мұхаммед Салық Бабажанов, Шоқан Уалиханов, Ыбрай Алтынсарин, Абай Құнанбаевтар ұлт ғылымының басында тұрса, XX ғасырда Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Әлихан Бөкейханов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Халел Досмұхамедов, Санжар Асфендияров, Мұхамеджан  Тынышбаев, Мұстафа Шоқай, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлекей Марғұлан және тағы басқа көптеген ғалымдар қазақ ғылымының іргетасын қалады. Олардың жазғанеңбектері мен ғылыми тұжырымдары бірнеше шет тілдерге аударылып, әлемдік деңгейдегі кітапханалардан орнықты орын тепті.

Қазақ ағартушылыры мен ғалымдарының көпшілігі алғашқыда ескіше, діни білім алып, соңынан ғылыми жетістіктерге жеткен еді.Сол себепті, олар қазақ жастарын діни имандылыққа, ғылым- білім үйренуге қатар шақырады. Ұлы ағартушы, этнограф, фолоклоршы ғалымымыз Ыбырай Алтынсарин жастарды білімге шақырған үндеуін:

«Бір Аллаға сиынып, кел балалар оқылық,

Оқығанда көңілге ықыласпен тоқылық…….» немесе

«Істің болар қайыры, бастасаңыз Аллалап» -дейді.

Қазақтың бас ақыны, ұлы ақыны, философ ақыны Абай Құнанбайұлыда бір өлеңінде

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз еш уақытта жалған болмас»- десе, енді бірінде: «Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сенде сүй ол Алланы жаннан тәтті »- деп Алланың, Пайғамбардың (с.а.у)жолында болуға үндесе, «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр…» және тағы басқада өлеңдерінде халықты білімге, ғылымға және еңбекке үндейді. Ғылым мен  діннің арақатынасын сөз еткенде Абай «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүниеде жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қаж ешбір ғибадат орнына бармайды»- деп ғылым мен діннің бір- бірінен ажырамас, айнымас егіз ұғым екенін айқындап, айғақтай түседі.

Ғылымды дінге қарсы қойып, ғылымды «жасампаз», ол дінді «апиын», «ғылымның жауы» деген солақай сенімді ту етіп ұстанған қоғамда ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың қаламынан «Дін ғылымның анасы» деген өлең туындаған екен. Ол онда:

«Дін- ғылымның анасы,

Дін- ғылымның әкесі

Ғылым- діннің баласы,

Дін- ғылымның көкесі

Ғылымда бар, дінде бар

…Қол құсырып құдайға

Ғылым мен дін бірге бар»- деп дін мен ғылымның құстың қос қанатындай бірге екендігін, бірінсіз -бірінің биікке ұшып, алысқа самғай алмайтынын еске салады.(Н. Үркімбай «Жұлдызды аспан»).

ИСЛАМ ҒЫЛЫМЫ МЕН БІЛІМІНІҢ КЕЛЕШЕГІ.

Әлемдік ғылымың бастауында болып, Батыс ғалымдарын ғылымның каусар бұлағынан сусындатқан Ислам ғылымы мен өркениетін соңғы кездері дамымай саябырсып қалды, тоқырауға ұшырады дейтіндер шыға бастады. Саябырсыған болсасаябырсыған болар бірақ, тоқырауға ұшырап тоқтап қалды дегенмен келісе салуға болмас. Себебі, мұсылман ғалымдарының әліде болса ғылым мен білімнің дамуына қосып жатқан үлесі аз емес.

Батыс ғалымдары оқымыстылардың Әлемдік ғылым мен білімге қосқан үлесін тек бір ғана көрсеткіш Альфред Нобель сыйлығының иегері болуымен бағалайды. Ғалымдар үлесін Нобель сыйлығы бойынша бағалай келе, олар әртүрлі дін өкілдерінің аталған сыйлықтағы пайыздық санын былайша келтіреді де, протестанттар- 64%, еврейлер- 22%, католиктер- 11% дейді. Келтірілген дін өкілдері барлық Нобель сыйлығы иегерлерінің 97 пайызын құрайтынын тілге тиек етеді. Сонда инновациялық технологияны жетілдіріп қана қоймай, оны өндіріске енгізуде алдына жан салдырмай ғарыштап дамып келе жатқан Жапония, Индонезия, Сингапур, Малазия, Оңтүстік Корея әрқайсысының халқы 1,5 млрд, болатын Қытай, Индия және Ислам елдерінің оқымыстылары түк бітірмегені ме, дәрменсіз болғаны ма? Оған кім сенеді. Аталған елдер ғалымдарының ғылыми жетістіктерін күнделікті тұрмыстарында зор нәтижелілікпен қолданып жүргеннен кейін, ол елдердің ғылымы мардымсыз дегенге ешкім де илана қоймас.

Нобель сыйлығының иегерлері арасында мұсылмандар тым аз, барлығы 6-ақ адам дейді де, олардың қатарына мыналарды жатқызады: Ясир Арафат, Анвар Садад,Эль –Барадей Мұхаммед,Юнус Мухаммед,  Эбади ханум және Абдус Салам.Неге екені белгісіз бұлардың қатарына Түркиялық Орхан Памук мен Мысырлық Нагиб Махфузды кіргізбей қояды. Бұлардың қатарына неге Барак Хусейн Обаманы қоспасқа, протестанттар отбасында тәрбиеленгенмен, арғы тегі Африкалық мұсылман емес пе? Бүгінгі таңдағы Нобель сыйлығының ең жас иегері Пәкістан қызы Малала Юсафзайдың есімін де зор мақтанышпен айтуға болады. Ол бұл сыйлықты небәрі 17 жасында алған.

Жоғарыда келтірілгендер Нобель сыйлығын тағайындауда субьективтілікке көп жол берілетінін және тым саясаттанып кеткенін көрсетеді. Бұрынғы Кеңес Үкіметінің өкілдері А.И. Солженицин мен М.С. Горбачевтің Нобель сыйлығын алуы, аталған сыйлықты тағайындаудың саясиланғандығының дәлелі демеске негіз жоқ. Әйтпесе, сүттей ұйып отырған, планетамыздағы ең ірі мемлекет КСРО- ы ыдыратқан (біріктірген емес) адамға Нобель сыйлығының берілуін қалай түсіндіруге болады? Сол себепті мұсылман ғалымдары бізде Нобель сыйлығының иегері аз екен деп, ешкімге жалтақтап- жәутеңдемей, бүрісіп- бүгіжіктемей, бойларын тік ұстап өздеріндегі бар құндылықтарын мақтана көрсетіп, ғылымның дамуына қосар үлесін үдемелетіп, оданда әрі үдете түсуі тиіс. Батыс пен Нобель сыйлығын ғылым жетістігінің негізгі стандарты, қатып қалған қағидасы, айнымайтын аксиомасы деуден аулақ болған жөн. Өткен ғасырдың соңында Нобель сыйлығының иегері, аты әлемге әйгілі физик Абдус Салам Ислам Ғылыми Қорын құрып, оның жарғылық қорын мұнай өндіруші Араб елдерінің есебінен 1 млрд. доллардан астам мөлшерде толықтыра отырып ғылымды жандандыру жолын қарастырған болатын.Өкінішке орай игі бастамаәртүрлі себептермен аяқсызқалды.Сол бастаманы қайта жандандырып ,оның жарғылық капиталын құруға,Ислам елдері ғана емес ғалымдары Нобель сыйлығын салыстырмалы түрде аз алатын Азия мен Африкадан Қытай, Индия, Жапония, Индонезия, Сингапур, Малазия, Сауд Арабиясы, Мысыр, Кувейт Катар, Біріккен Араб Әмірлігі, Иран, Қазақстан, Өзбекстан және басқада елдерді тартуға болады. Нәтижесінде «Азия мен Африка елдерінің ғылыми қоры» құрылып, сол қордан Нобель сыйлығына балама бола алатын сыйлық тағайындауға болатын еді. Сыйлық аты қор мүшелерімен ақылдаса, келісе келе немесе дауысқа салу нәтижесіндеӘбу Әли Ибн Сина атындағы Аль- Фараби атындағы және тағы басқа болуы мүмкін.

Енді бірнеше ғасырлар бойы Ислам білімі мен ғылымының «Алтын ғасырын» бастан өткізген елдердің соңғы кездері артта қалуына келетін болсақ, оның басты себептеріне мұсылмандардың соңғы ғасырларда Құран қағидаларынан алшақтап, Батысқа еліктей бастауын, Құранның білім мен ғылымға байланысты аяттары мен хадистерін өскелең заман талабына сай дұрыс тәпсірлеп, жорамалдай алмауын, бір- біріне қарсы әртүрлі діни ағымдардың пайда болуын жатқызуға болады. Кейбіреулері ғылым мен білімнің барлығы Құран аяттары мен хадистерінде жазылып қойған немесе мұсылман ғалымдары оны басқалардан әлдеқашан бұрын ашып қойған деген тоқкөңіл, тоқпейіл түсінікте болды. Олар діннен алшақтаса ғылым мен білімнен де алшақтап қалатынын түсінген жоқ. Үлкен ғалым және ірі ойшылдың бірі Шарль Мисмар: «Егер басқа релегия өкілдерінің білімі артқан сайын діни сенімдері азаятын болса, ал мұсылмандардың білімі артқан сайын діни сенімдері нығая түседі-» деген болатын. Өкінішке орай, кейбір мұсылмандардың ішінде осы қағиданы кері түсінетіндері де бар.

Сонымен бірге Орта Азия мен Қазақ даласының мәдени, ғылыми ошағы болған Отырардың моңғол- татар шапқыншылығынан қирап, ғылыми жәдігерлерінің талан- таражға түсуін, ғасырлар бой мұсылмандардың ғылыми орталығы болған Бағдат шаһарының да осындай тағдырды бастап кешіруін, мұсылман елдері ішінде ғана емес, жалпы Европада үлкен ғылыми орталыққа айналған Испаниядағы Андалусия, Толеда, Кордаваның «крест жорығына» бірнеше қайтара ұшырап мұсылмандардың уысынан шығып кетуін, соңғы кездері мұсылмандардың әртүрлі діни ағымдарға бөлініп, өзара қақтығыстарға баруын, соның салдарынан олардың әлеуметтік жағдайының тым нашарлап кетуін және тағы басқада себептерді жатқызуға болады. «Орнында бар оңалар»- дегендей, ғылым мен білімге бейімділік мұсылмандардың негізінде, қанында бар қасиет. Оған кешегі өткен тарих куә, мұсылмандардың бүкіл әлемді аузына қаратып, ғылым мен білімде жеткен жетістіктері куә. Сол жетістіктердің қайта қайталанар уақытыда алыс емес. Ислам әлемі сол жетістіктерге жету жолдарын қарастыруда.

Осы бағытта Қазақстанның өзінде жүргізіліп жатқан шаралар ауыз толтырыпайтарлықтай. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың тікелей басшылығымен Еліміздегі ғылым- білім жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар, саланың Халықаралықдеңгейдегі интеграциялануы, Назарбаев университеті,Назарбаев зияткерлік мектептері тәрізді Әлемдік білім жүйесінің стандарттарына сай келетін университеттер мен мектептердің ашылуы, жаңа мектептер салынып олардың заманауи қондырғылармен жабдықталуы, мектеп оқушыларының Халықаралық Олимпиядаларда жүлделі орындар иеленуі, студенттердің «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерде білім алуы, ғылым- білім ордаларының материалдық- техникалық базасын нығайтып, осы саланы қаржыландыру деңгейінің жыл өткен сайын арта түсуі және басқа да толып жатқан шаралар өз нәтижелерін берері, сөзсіз.

Білім іздеп, ғылыммен шұғылданып жүрген жастарымыздың ата- бабаларымыздың даңқты жолын қуып, осы салада зор табыстарға жететініне сеніміміз мол. Өйткені білім іздеу, ғылыммен шұғылдану әрбір мұсылманның парызы «Бесіктен беиітке дейін білім іздеңдер» деген Пайғамбарымыздың (с.а.у) ұлы хадисі мұсылмандарды сол биіктен көрінуге міндеттейтінін бір сәтте жадымыздан шығармағанымыз абзал.

Батырбек Айтжанов, ғылым докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы  Журналистер Одағының мүшесі.

 

Телефон: 8701 113 4114       жұмыс телефоны: +7 727 233 92 12.                                                                                                                                                +7 727 233 37 75

e – mail:  afnrcv@mail.ru                                          batirdos@mail.ru

 

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button