Көзге біткен бес қара,
Әр жерде жүр шаң беріп,
Жақынымен дауласар,
Ұрладың деп мал көріп.
Залымды залым қуаттап,
Қара ісінен құтқарар,
«Ынтымақ» деп жан беріп.
Бұл заманның адамы,
Ұстасады көре алмай,
Аз болса бөліп бере алмай.
Шындық кетті қазақтан,
Ант сөзіне сене алмай.
Дауласады алты жыл,
«Қоям ба, деп, жеңе алмай».
Бірге туған қарындас,
Отырады үйінде,
Бірін-бірі көре алмай.
Қас болып тұр жақының,
Су сықылды ағады,
Жаманға айтқан ақылың.
Уәдеменен бермейді,
Аласы болсаң ақыңды.
Күнде дәрет алады
Тақуа болса қатының.
Сеніп кетпе, ерлерім,
Оның да байқа ақырын!
Ақ жаулықпен көркейер,
Абыройлы болса алғаның.
Жаман болса жолдасың,
Қатардан кейін қалғаның.
Жаман иттен құтылмай,
Жақсы бір қолға тұтылмай,
Ақырында мақшарға,
Қорлықпенен барғаның.