Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Ақжолтай батыр

Шортанбай Қанайұлы

 

 Атақты ер Ағыбай Шұбыртпалы,

Белгілі сарбаздарын шұбыртқаны.

Ағыбай, Қошқарбай мен ер Бұхарбай,

Бұларды соңына ерткен Кене ханы.

 

Мал үшін ерлік құрған емес,

Салғаны жанды ортаға елдің қамы.

Солардың біреуінен сөз бастаймын,

Әлеумет құлақ салса бұған тағы.

 

Жау шабу мирас қалған Абылайдан,

Бұл әдет Кенесары, Наурызбайдан.

Кененің жауға шапқан бас батыры,

Бастайын аз әңгіме Ағыбайдан.

 

Батыры Кенекеңнің өңшең саңлақ,

Әр елден жүйрік атты алған тандап.

Арқаның алпыс тарау бойын өрлеп,

Жақсы атпен жігіттері жүрді алшаңдап.

 

Дұшпанға анталаған ұстатпады,

Кенекең талай шапты, бір шаппады.

Әруақты Кенесары, Наурызбайға,

Жорытқанда карсы келіп жан батпады.

 

Ағыбай – аға батыр үлкен жасы,

Жөн айтар Кенекеңнің замандасы.

Қай жерде жақсы ат болса жи деп еді,

Барады бастан асып жау айласы.

 

Жігітін жаман атқа мінгізбеген,

Кенекең алты Алаштан ат іздеген.

Аттанып бір жорыққа Ағыбайы,

Ат іздеп жасақ үшін күн-түн кезген.

Сұйық жал, қаншыр мойын, күміс қүйрық,

Кең танау, омыраулы, тіп-тік иық.

Бір ел бар деп естіді күншығыста,

Жылқысы аса сұлу, мінсіз жүйрік.

 

Бір адам Ағыбайға мақтайды кеп,

«Жорғасы судай желіп, шаппайды», – деп.

Біреу емес, мақтайды бірқатар жан,

«Биесі жабы тұқым таппайды», – деп.

 

Ағыбай ыңғайланды: «Барайын», – деп,

«Сол елді болса да алыс табайын», – деп.

Аттанып сәурік пенен байтал әкеп,

«Жүйріктен өсім-тұқым алайын», – деп.

 

Ағыбай бұл сапарға ыңғайланды,

Қасына жеті жолдас ертіп алды.

Жүйріктен өсім-тұқым алайын деп,

Бет қойып Күншығысқа кете барды.

 

Сол кезде жер ортасы келген жасқа,

Жан-жаққа сапар шеккен бұдан басқа.

Аз жүрді, көп жүрді ме – белгісі жок,

Келіпті Қызылқайнар, Тектұрмасқа.

 

Тектұрмас самал, салқын мұнары бар,

Атарлық арқар, бөкен, құланы бар.

Жолаушы, жолшы керуен қонатұғын,

Түбінде Қызылқайнар бұлағы бар.

 

Жігіттер, тындасаңыз, мінеки кеп:

Келетін бұл бұлаққа жолшы да көп.

Келіп-кетер адамы көп болған соң,

Қойыпты Қызылқайнар, Тектұрмас деп.

 

Келеді ер Ағыбай өрге салып,

Қорықсын адамзаттан бұлар нағып.

Ұмтыла күн ішінде жүрді бұлар,

Қарауылды аламыз деп ерте барып.

 

Астында бусандырып мінген атын,

Тастамай батырлықтың салтанатын.

Ат қаңтарып, суытып жата кетті,

Келіп Қызылқайнарға таңға жақын.

 

Оянды таң атқан соң көзін ашып,

Жатсын ба жамандарша ұйқы басып.

Басына Қарауылдың Таңбай шықты,

Өзгесі ыстық қылды, бақыр асып.

 

Жолдастар ыстық қылды, асып бақыр,

Отырды от басында өзге батыр.

Ер Таңбай Қарауылға қарап тұрса,

Елсізден бір атты адам келе жатыр.

 

Аттыны келе жатқан Таңбай көрді,

Таңырқап: «Не қылған жан мынау?» – деді.

«Елсізден бір атты адам келеді», – деп,

Ойдағы Ағыбайға хабар берді.

 

Батыр айтты: «Келе ме бері таман?

Кетті ме жын көрініп әлде саған?

Елсізде жапа-жалғыз келе жатқан,

Япыр-ай, оның өзі неткен адам?».

 

«Осы жер ел жоқ, күн жоқ жапан дала,

Тектұрмас сан біздейге болған пана.

Бет бұрмай осы араға келе ме екен,

Шықтағы Қарауылға қайыра қара».

 

Ер Таңбай Қарауылға кайта барды,

Жалғызға келе жатқан көзін салды.

Келді де Ағыбайға хабар айтты:

«Осы жерге тұп-тура келіп қалды».

 

Келді деп осы жерге хабар айтты,

Бұларды неткен жан деп таңырқатты.

Қолында ырғай шоқпар, сойылы бар,

Кезеңнен шыға келді ақсұр атты.

 

Айтқанша, ақсұр атпен шыға келді,

Өрімдей жап-жас жігіт, бұлар көрді.

Жіңішке, ұзын бойлы, тіп-тік, сида,

Отырған батырларға сәлем берді.

 

Иіліп сәлем берді бұларға кеп,

Тұлғасын Ағыбай да ұнатты бек.

Қасына кеп, танығандай амандасты:

«Есенсіз бе, ер Ағыбай-ағеке», – деп.

 

Сөйлесе сөйлер сөзге сондай епті,

Айтқан жоқ мұнан басқа бір сөз тіпті.

Түсіп атын, басына іле тастап,

Жеңін жастық кылды да, жата кетті.

 

Етегін төсек қылып қалды ұйықтап,

Именіп бұлар қорқып қалды тоқтап.

Қорқады бір кісіден сегіз батыр,

Ерлігін елден арнап шыққан баптап.

 

Ағыбай ойлап отыр әрбір ойды,

Жіңішке бала жігіт сида бойлы.

Өздері асқан етін жеді-дағы,

Тағы да оған дәмді істеп қойды.

 

Ұйқысы түрегелді әбден қанып,

Бұлақтан дәрет алды, түзге барып.

Бір ауыз жөн сұраған жауабы жоқ,

Алдына асқан дәмін берді салып.

 

Отырып дәмін ішті асып-саспай,

Бұрылып басқа жаққа қадам баспай.

Бұларға қарамады мойнын бұрып,

Батырлар бір сөз айтпай қалды отырып.

Бір ауыз тым болмаса хош деместен

Әлгі келген жағына кетті жүріп.

 

Ағыбай айтты: «Мынау не қылған жан?

Мен мұның мінезіне қаламын таң.

Мынаның жайын білмей үйге барсам,

Өлімнен артық маған үлкен арман».

 

Атына бұ да мінді: «Барайын, – деп,

Мұндайдың көріп едім талайын», – деп.

«Мынаның жайын білмей бос қалғанша,

Қасына еріп өліп қалайын», – деп.

 

Атына мінді Ағыбай қайрат етіп,

Қарамай әлгі жігіт қалған кетіп.

Аяндап кетіп бара жатыр екен,

Артынан қуа шауып келді жетіп.

 

Бұларға Ағыбай жолықты кез,

Жан емес жолдас болған сыр-мінездес.

«Жарайды, Ағыбай аға, қош келіпсіз»,

Деді де жүріп кетті айтпай бір сөз.

 

Келеді екі батыр – жан батпайды,

қарысып бірін-бірі ұнатпайды.

Елсізде жолдас болған екі батыр,

Екеуі бір-біріне тіл қатпайды.

 

Астында қинамайды мінген атын,

Тастамас батырлықтың салтанатын.

Алдынан екеуінің жусап тұрған,

Бір құлан тұра қашты кешке жақын.

 

Құланды екі батыр қуып кетті,

Атына қамшы басып екпіндетті.

Ағыбай тозаңына ере алмады,

Ұзатпай жас батырың барып жетті.

 

Құланға құрық салды ағындатып,

Секіргенде қайыра қалды тартып.

Ауыз омыртқа үзіліп салмағымен,

Жығылып қара жерде қалды жатып.

 

Бала айтты: «Ағыбайым, тез түсе қал,

Арам өліп кетпесін, бауыздай сал.

Айнала қабырғадан іре-дағы,

Өзге етін керек қылмай, қазысын ал».

 

Қазысын алды-дағы жүре берді,

Кеш батып, бір бұлаққа бұлар келді.

Атынан түсті-дағы әлгі бала,

Даладан етегімен тезек терді.

 

Ағыбай о да қарап тұрсын неғып,

Қам қылды дәм істерлік түрін танып.

Реттеп бағанағы тамақтарын,

О дағы бақыр асты шақпақ шағып.

 

Ыстығын істеп ішті күн батқанша,

Ат суып демін алды ел жатқанша.

Аттарын мықтап тұсап қоя беріп,

Екеуі қалады ұйықтап таң атқанша.

 

Таң атып, тағы жүрді екі батыр,

Еш нәрсе ойламады болып қапыл.

Қамысы шытырмандай жөнсіз қалың,

Жағалап бір өзенді келе жатыр.

 

Барар жер мағлұм емес, бұларға алыс,

Толқиды сумен бірге қалың камыс.

Жағалап сол өзенді келе жатса,

Ақырып түрегелді бір жолбарыс.

 

Ағыбай сескенді де шошып қалып,

Айнымай әлгі бала тұра қалып.

Ышқынып қарсы келіп шапшығанда,

Шоқпармен сыңар қолдан қалды салып.

 

Шоқпармен жолбарысты бір-ақ қақты,

Бір ұрғанда-ақ өлген иттей домалатты.

Екі көз екпінімен шығып кетіп,

Жығылып шекесінен жерді қапты.

 

Сескенді ер Ағыбай мұны көріп,

Бұлар атынан түскенше қалған өліп.

«Айнала қабырғадан іре-дағы,

Ал, – деді, – бауыр жүнін екі бөліп».

 

Ағыбай айтқанының қылды бәрін,

Білмейді онан басқа не қыларын.

Баланың қайратына жан пар келмес,

Батырдың қорқып көңілі болды жарым.

 

Үкімі бұл баланың сондай қатты,

Жолдас боп он шақты күн дәмін татты.

Екеуі кешке шейін жүрді-дағы,

Кеш болып, бір бұлаққа тағы жатты.

 

Ағыбай ұнатпайды бала түрін,

Шыбықтай бала жігіт көзге көрім.

Бұл күні күндегідей көп жатқан жоқ,

Ертерек жүріп кетті таңнан бұрын.

 

Әңгіме, бұларда жоқ ойын-күлкі,

Бұл күнде ұйықтаған жоқ тыныш ұйқы.

Жағалап бір өзенді келе жатса,

Кездесті қарсы алдынан қалың жылқы.

 

Жолдасы қасындағы жері де жат,

Жас бала жаннан асқан асыл болат.

Жылқының бір ретті ортасында,

Жайылған жүзден артық шабдар қасқа ат.

 

Бала айтты: «Немене көрген күнім,

Болмаған сабаз едім ешбір мінім.

Жануар өңшең бірдей шалқасқалар,

Менікі бола-тұғын бар ма күнің?».

 

Ағыбай келе жатыр, не біледі,

Атына қамшы басып тебінеді.

Ақты боз елең-алаң болған шақта,

Алдынан бір қалың ел көрінеді.

 

Ағыбай: «Түстім, – дейді, – қандай жолға?

Тәңірім-ай, сапарымды өзің онда».

Арасы екеуінің бір шакырымдай,

Көрінді елден оқшау екі орда.

 

Ертерек елді енді көрді батыр,

Уайым ойламайды болып ғапыл.

Күрсініп ақсұр атқа қамшы басып,

Бет қойып төменгі үйге келе жатыр.

 

Ағыбай келе жатыр қасын жанап,

Ергені бала жігіт жаңа талап.

Ішінен ақ орданың шықты-дағы,

Бір әйел тура жүрді қарсы қарап.

 

Алдынан әйел келді жылап-еңіреп:

«Бейшара-ау, жалғыздықтан тарттың бейнет.

«Көзіме енді көрінсе өлтірем», – деп,

Кайрайды қатты тісін әлгі жендет.

 

Бейшара, мұнда келіп не көресің?

Жеткені ажалыңның, енді өлесің.

Жалғызым, ақыретте табысалық,

Жалғаннан сапар шегіп жөнелесің».

 

Атынан түсе қалды анадай кеп,

Кернеп тұр байқағанға ашуы кеп.

Батырға осы арада бір сөз айтты:

«Бар болса бер, Ағыбай, қанжарың», – деп.

«Осы жерде тілектес боп сіз тұрыңыз,

Кешікпей, аман болсам, шығармын тез.

Егер де үйден шықпай өліп кетсем,

Бас сақтар ақсұр атпен қам қылыныз».

 

Соны айтып әлгі бала қалды кетіп,

Ойлайды қалды екен деп әлде нетіп.

Үйге бала кіргенде қатты қорқып,

Тер ақты Ағыбайдан дір-дір етіп.

 

Сөйтті де, ол ойлайды болып қашпақ,

Шошыған соң жүректі қайтып баспақ!

Сыйынып тәуекелге тұрды-дағы,

Баланы кетемін деп қайтып тастап.

 

Тұрғаны жанды қиып осы жолға,

«Ең әрісі өлермін, – деп, – түссем қолға».

Бала үйге кірген соң көп кешікпей,

Шықырлап шыр айналды әлгі ақ орда.

 

Ағыбай әр сапарда болған жолы,

Тұрғаны сабырлық қып қайрат молы.

Аздан соң бала үйден шыға келді,

Қан болып қанжары мен екі қолы.

 

Бала айтты: «Отырмысың, Ағыбайым,

Менің көп айтылмаған сізге жайым.

Жанға қас дұшпанымнан кұтқарды Алла,

Отырмай атыңа мін, «Ақжолтайым».

 

Атқа мініп, төменгі үйге келді,

Алдынан қатыны зар еңірейді.

Бейшара зар еңіреп жылап тұрып,

«Залымның халі-жайы қалай?» – дейді.

 

«Сұм залым жұртты жеңген баяғыда,

Шіріткен жан біткенді таяғына.

Ақжолтай Ағыбаймен жолдас болып,

Түсірдім ішек-қарнын аяғына».

 

Бұл бала мұны айтады гүл-гүл жайнап,

Жұрт жылап қуанып жүр ия, Құдайлап.

«Төсек сал жолы кұтты батырыма,

Астын жұмсақ, жастығын жақсы жайлап».

 

Қуанып байғұс катын төсек салды,

Біреуден-біреу естіп хабар алды.

Жұрт шулап абыр-сабыр, қуанып жүр,

Төсекте ер Ағыбай ұйықтап қалды.

 

Ұйқы ұйықтап тұрды батыр кешке таман,

Қуанған көрсе халық жақсы-жаман.

Аллаға шүкірлік деп қуанып жүр,

Дұшпаннан құтылған соң есен-аман.

 

Бұл елге рақым етті бар Құдайым,

Көп айтып қуанышын не қылайын.

Ас ішіп әңгімеге айналған соң,

Сұрады енді Ағыбай бала жайын.

 

Бала айтты: «Ей, батырым, қара маған,

Жаман көп ешнәрсеге жарамаған.

Жөн айтпай дәл он бес күн жолдас болдым,

Айтайын мен жөнімді енді саған.

 

Тындасаң, менің жайым бір үлкен кеп,

Кебімді мен отырмын қозғайын деп.

Бай екен менің әкем өзі жалғыз,

Дәулеті көп мейлінше, перзенті жоқ.

 

Әкемнің жалғыз болған ғазиз басы,

Ағады бала десе көзден жасы.

Өзінде бала да жоқ, бауыр да жоқ,

Бар екен бір туысқан қарындасы.

 

Бұл адам дәулеті мол, болған мықты,

Көрмеген туып қорлық жаннан тіпті.

Жаралған жат жұрттыққа қарындасын,

Бір елге жасы жетіп ұзатыпты.

 

Әкеме жалғыздықтын сызы батты,

Қайғыртып бас кемдігі жабырқатты.

Әкемнің әлгі ұзатқан қарындасы,

Жүкті боп, барған жерде бір ұл тапты.

 

Әкемнің дәулеті мол, көңілі сынық,

Қайғырған бас кемдіктен болып мұңлық.

Балада қыздан туған қиық жоқ деп,

Жиенін алды асырап бала қылып.

 

Әкемнің жиен жүрді баласы боп,

Алып жүрек арыстандай қуатты бек.

Жүкті боп өз шешем де мені тапты,

Жиеннің жолы құтты, акжолтай боп.

 

Ешкімге тигізбейді жиен өзін,

Малы көп жасырғандай жердің жүзін.

Көп малдан сыймай жатқан айдап беріп,

Жиенге әперіпті бір бай қызын.

 

Көп қылып енші берді және тағы,

Қондырып бөлек ауыл қойған шағы.

Бар шығар ең кем болса екі мындай,

Көп жылқы сонікі еді бағанағы.

 

Бұл жиен мықты болды арыстандай,

Жері жоқ кейін қалған еш жарыстан.

Қызы сұлу, орыны онан да артық,

Маған да қыз әперді бір алыстан.

 

Әкеміз сонан кейін дүние салды,

Қисапсыз мал, артында екі ұл қалды.

Қанша мал садақа қып ат шаптырып,

Қондырдық кұтты орнына байғұс шалды.

Адамға не істетпейді дәулет молдық,

Ойым жоқ көрем деген жаннан зорлық.

Мен кенже, жиен үлкен ағам болып,

Сонымен біразырақ дәурен сүрдік.

 

Жиеннің діні қатты қара тастан,

Адамға кайыры жоқ бала жастан.

Бетіне ешбір адам қарамайтын,

Мейлінше батыр болды жаннан асқан.

 

Бұл жиен батыр болды кайраты артып,

Екпіні соққан желдей көкті шарпып.

Қанағат өз малына бірде қылмай,

Менің көп бар малымды алды тартып.

 

Жиеннен мен осындай көрдім қорлық,

Қайратын жаратар ма Тәңірім мол қып.

Қолымды өз малыма бір батырмай,

Есіктегі иттен жаман көрдім қорлық.

 

Осындай күйге түстім, сорым қалың,

Болмады бір басымда ықтиярым.

Еш адам бұл теріс деп сөз айтпайды,

Себебі жеңіп алған жанның бәрін.

 

Қараңыз сұм жиеннің ақылына,

Қайырынсыз, қатал іске батылына.

Қоймайды малды алғанмен қара басқыр,

Қызықты менің тағы қатыныма.

 

Сөйтті де қатыныма қолын салды,

Көнбесе аласұрып ашуланды.

Қойнымнан жатқан жерде сүйретіп ап,

Еріксіз үйіне апарып жатып алды.

 

Мен түстім осындайлық үлкен кепке,

Жазылмас душарластым қайғы-дертке.

«Байына көңілі аландай береді», – деп,

Мені де ниет қыпты өлтірмекке.

 

Қатыным бұл ойынан хабар берген,

Пітнә ит қайраты мол жұртты жеңген.

Шыбын жан, мал мен жардан тәтті болып,

Бір түнде ақсұр атпен қаштым елден.

 

Бір түнде ақсұр атпен кеттім қашып,

Қолға түссем өлем деп жаман сасып.

Жол жүріп бірнеше күн тыным алмай,

Жапанда жата кеттім ұйқы басып.

 

Жапанға жата кеттім қашып барып.

Алладан медет сұрап, жылап, налып.

Тыным алып аз ұйықтап кеткен екем,

Түсімде жетіп келді әкем ғаріп.

 

Түсімде жетіп келді әкем пақыр,

«Ей, балам, бұл жерде ұйықтап болма ғапыл.

Жанында жеті жігіт жолдасы бар,

Ағыбай Тектұрмаста келіп жатыр.

 

Жүр, балам, осы араның жолыменен,

Олар да жүріп келді түніменен.

Ақжолтай жолы кұтты батыр еді,

Жолдас бол, тез бар, балам, оныменен.

 

Ағыбай душарласса болып несіп,

Екеуін жолдас болсаң желдей есіп.

Қанжарын екі жүзді қару қылсаң,

Аласың дұшпаныңнын басын кесіп».

 

Қуанып сол түсімнен түрегелдім,

Шын көрсет пазылынды Тәңірім, дедім.

Әкемнің түсімдегі сөзін сынап,

Ертерек жетейін деп атқа міндім.

 

Әкемнің түсіндегі сөзі шын боп,

Отырған бұлақтағы сізді көрдім.

Қуанып, Құдай тілек берер дедім,

Айтқаны әкем пақыр келер дедім.

Сырымды бұған айтып ұқтырмайын,

Артымнан батыр болса ерер дедім.

 

Мен сізден қанжарды алдым жаннан кешіп,

Барсам, жатыр ұйықтап көңілі өсіп.

Қанжарды қақ жүректен салдым-дағы,

Сілтедім төмен карай қарнына есіп.

 

Қарнын қақ бөлді де қанжар жарды,

Шошынып ұйқысынан сонда оянды.

Шошынып, қару іздеп, қорбаң қағып,

Менің кеп білегімнен ұстай алды.

 

Ұстап алып, лақтыруға ыңғайланды,

Ұстадым керегеден қорғап жанды.

Қолымнан жұлқылай келіп тартқан шақта,

Теңселіп ак орда үй шыр айналды.

 

Орнынан тұрайын деп ұмтылғанда,

Ішек-қарны аяғына түсе қалды.

Ұстаған білегімнен қолы босап,

Сылқ етіп өлерше боп кете барды.

 

Ей, батырым, осындай менің жайым,

Құтқарды сұм залымнан бір Құдайым.

Алдыңнан толысынша мал айдап кет,

Бұл малды сенен аяп не қылайын.

 

Кәпірден жаман қорлық көргенім бек,

Зарынан жұрт қорыққан уайым жеп.

Көп жылқы бағанағы сол иттікі,

Бір жақта менің жылқым онан да көп.

 

Ақжолтай, Ағыбайым, сенің атың,

Жайылған жер жүзіне салтанатың.

Ақ ордадан шығып келіп, зар еңіреген,

Көргенің бағанағы біздің қатын».

 

Сыр айтты бала бұған жайлап,

Ағыбай көп отырды артын ойлап.

Топтан тоғыз тұлпарды таңдап алды,

Жылқының не қылмақшы бәрін айдап.

 

Біреуі сол тоғыздың Ақауыз ат,

Порымы жануардың жылқыдан жат.

«Сауға», – деп ер Наурызбай сұрап алды,

Жүрісі, сүйегімен бәрі де ұнап.

 

Сол кезде бұл тұлпардың төрт-бес жасы,

Дәл бір кез, қырым ет жоқ кесер басы.

Қақпан бел, қамыс құлақ белдемелі,

Ағаштың бәлігіндей қабырғасы.

 

Төрт елі қабырғасы енді, жалпақ,

Шіреген шақпақ еті, бұты талтақ.

Үстіне кісі мінсе қоразданып,

Қарайды жан-жағына жалтақ-жалтақ.

 

Шапқанда қанды көбік алдын жауып,

Қояды басын тартсаң шайқап-шайқап.

Сыртылдап шын қызғанда құйысқаны,

Лоқымас жар, су келсе онан тайқып.

Шапқанда кұс секілді көрінеді,

Алдынан оның қарап тұрсаң байқап.

 

Өзге аттан жүріп кетсе адымы алыс,

Қанаты қабырғаңда кере қарыс.

Екпіні пысқырғанда үй жыққандай,

Танауын десең болар бейне талыс.

 

Кез келген иесіне Ақауыз ат,

Арқада әз Наурызбай жүрді алшақтап.

Ежелгі ата-баба кегі үшін,

Жортатын Абылайлап, ұранын сап.

 

Жортқанда Ақауызды аңқылдатып,

Қолында ақ семсерін жарқылдатып,

Зәресін алған талай сұм дұшпанның,

Асықтай өшіккенді аспанға атып.

 

Ақауыз Наурызбайдың серігі еді,

Сауға қып Ағыбай беріп еді.

Астында Ақауыз жүрген шақта,

Ер Науан жеңілмейтін берік еді.

 

Бұл сөзді оқып едім жазған хаттан,

Тексерттім өзгерісте табиғаттан.

Өтірік, ертек сөзді өлең қылып,

Ақын көп беталдына еткен мақтан.

 

Әлеумет, бұл сөз анық, ертегі емес,

Таралған үлкендерден осы кеңес.

Кездескен шежіреде ердің сөзін,

Құлағын естігенде қағады елес.

 

Тарқаттым Ағыбайдың мына тойын,

Шу қылған қызықпенен Шудың бойын.

Аманат жан ұяда тыныш тұрса,

Аудармақ баспа сөзге ендігі ойым.

 

Ағыбай сан ажалдан кеткен аман,

Ат қойған «Ақжолтай» деп барлық ғалам.

Жамиғат, айтушыны айып етпе,

Осымен сөз аяғы бітті тәмам.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button