Егіндібұлақ өңірінің қожасы Бегім мысық әулие жайында

Жанар РАМАЗАНОВА, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті журналистика кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Ерте кезеңде Қазақ елінің оңтүстігіне шоғырланған қожа ұрпағы уақыт өте келе ислам дініне біржола мойынсұнған көшпелі дала халқының ортасына кеңінен сіңісе бастағаны тарихтан белгілі. Ел арасына мұсылман дінін таратуға ерекше үлес қосқан қожа ұрпағының бірі, ертеректе Егіндібұлақ өңіріне келіп өмір сүрген Бегім мысық (шын аты – Бегім шайқы, кейде Бегімсейіт деп те аталады) әулие екен. Кейбір кітап, шежіреде бабамыздың аты аталғанымен, толық мақала, зерттеу жазылмаған. Ел аузында оның әулиелігі жөнінде аңыз-әңгіме де көп айтылады. Қасиетті Балқантаудың баурайында туып-өскен 50-60 түтін өздерін «Бегім мысық әулие» атанған қожаның тікелей ұрпағымыз деп есептейді.
Жалпы, «қожалар» дегеніміз кімдер? «Қожалар – Орта Азияда ислам дінін таратуда белсенділік танытқан әулеттер. Қожалардың арғы тегі бойынша Мұхамет пайғамбардан кейінгі халифалар Әбу Бәкір ас-Сыдық, Омар, Оспан және Әли Әбу Тәліп ұрпағы болып есептеледі» [1, 12].
Ал қазақ арасындағы қожалар Шәмші Ахмет және Шаһабүзірік баба деген екі үлкен салаға бөлінеді. Шежіреші Мәшһүр Жүсіптің жазбасы бойынша, Бегім шайқы (бала күнгі есімі – Бегімсейіт) – осы Шаһабүзірік бабаның ұрпағы. Сол Шаһабүзіріктен Арыстан баб, Қожа Ахмет Йасауи тарайды. Шаһабүзіріктің кіндігінен Тұрсын қожа, Шәмші қожа, Қалдар қожа, Ұлан қожа, Жиен қожа туады. Шежіре бойынша Ұлан қожадан Әбілқадыр, одан Бегім шайқы туады екен.
Осы Ұлан қожа ұрпағы, негізінен, Егіндібұлақ, Қарқаралы өңірін мекендесе, басқа аудан, қалаларда да кездесіп қалады. Себебі бұрынғы кезде олар бір ауылда ағайындасып отырмаған. Өзінің қожалық міндетін, ислам дінін тарату үшін, қазіргі тілмен айтқанда, миссионерлік қызметін атқарып, әр жаққа тарап кеткен. Мешітте имам, медреседе ұстаз болған.
Біз сөз етіп отырған Бегім шайқы бабамыз Орта жүздің төбе биі – Қаз дауысты Қазыбекпен мәңгі достасып, үзеңгілес болған деседі. Әбілқадырұлы Бегім шайқы 1667-1764 жылдары шамасында өмір сүрген. Қаз дауысты Қазыбек би қайтыс болған жылы жаз шыға өзі де бақилық болған. Түркістанда, Әзірет Сұлтан кесенесінің маңына жерленген. Сол қасиетті жерде мәңгілік мекен тапқан хан, би, әулиенің тізімінде есімі жазылған.
Шынында, Бегім шайқы қожа өз заманында діни білімді, көріпкел – болашақты болжаушы, әулие, қожа әулетінен шыққан тарихи тұлға болыпты. Бала оқытып, науқас емдеген. Қаз дауысты Қазыбек бимен түйдей құрдас, пікірлес, үзеңгілес досы болған.
Қазыбек би бабамыз Сарыарқаға көшер кезінде Бегімсейіттің әкесіне барып, оның баласын Арқаға өзімен бірге алып кеткісі келетінін айтқан екен. «Басқа бес баламның бірін ал, өзім үміт күтіп отырған кенжем Бегімді бере алмаймын», – депті. Бірақ Қазыбек кетпей бірнеше күн қона жатыпты.
Әкесі: «Менің баламды қайтесің?», – деп сұрайды. «Ұрпағыма дін үйрететін, өзім қайтқанда жаназамды шығаратын адам керек, ол – осы Бегім», – деген екен. Алайда әкесі баласын қимайды. Содан сұраушы бір жұма күтіп, ақыры болмаған соң, кетпек болып үзеңгіге аяғын сала бергенде, Бегімнің әкесінің бойы шымыр ете түссе керек.
«Мынау тегін қазақ болмады, тілегін орындамасам болмас», – деп үй иесі: «Баламның өз ықтияры болса, барсын. Ақысын жеме. Өзіңе аманат», – деп тапсырған екен.
1728 жылы қаракесектер Арқаға көшіп, Қазыбек баба өз ұрпағын Балқантау, Қаратау, Арқалық, Шілдебай, Айрық, Едірей деген құнарлы жерлерге әкеліп қоныстандырады. Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, бұл жерлерде басқа рулар қоныстанған екен, бірақ Төбе би оларды ығыстырып, ұрпағына құнарлы жер әперген. Мәселен, өзінің Айрық пен Едірейді таңдап алу себебі – бұл жақтағы далаға қыста қырбық қар ғана түседі. Мал қолға қарамай, тебіндеп шығатын болған. Жаз жайлауы Нұра өзенінің басынан басталып, сонау Атбасар, Ерейментауға дейін жеткен. Күзеуі боса болмаса, Далба таулары болған екен [2].
Бірде Қазыбек би бастаған бір топ адам келе жатқан ескі соқпақта бір мысық өліп жатыр екен. Оның өлгеніне біраз уақыт болса керек, өйткені үстін шаң басып, қабырғасы жабысып қалыпты.
Сонда Қазыбек би бабамыз кенет: «– Иә, Бегім, дұға оқы да, мына мысықты жұрттың көзінше тірілт», – депті.
Оның не қажеті бар дегенге, Қазыбек би: «Мен бұл жерге текке келген жоқпын. Мына мысықты тірілтесің, оған сенің оқуың жетеді. Алланың берген құдіретін көрсет!», – дейді.
Бегім шайқы бабамыз Қазыбек бидің сұсты түрін көріп, атынан түсіп дұға оқиды. Сол-ақ екен, өліп жатқан мысық орнынан тұрып мияулап, қозы көш жерге барып қайта құлапты. Мұны көрген жұрт аң-таң болып, зәресі ұшыпты.
Сонда Қазыбек би: «Алланың құдіретін, міне, көрдіңдер. Бұл Бегім тегін адам емес, Алланың сүйген құлы. Бүгіннен бастап оны «Бегім мысық әулие» деп атаңдар. Оның әулие екенін өз көздеріңмен көрдіңдер», – депті. Бегім шайқының «Бегім мысық» деп аталуына осы оқиғаның себепкер болғанын ел іші әлі де жыр қылып айтып жүр [3].
Тағы бір аңызда былай делінеді. «Бегім мысық әулие» Қазыбек би бабамен құрдас екен. Өзі – қожа. Жұт жылында даладағы киікті дұғамен қайтарып, халықты сол киіктердің сүтімен аштықтан аман алып қалыпты.
Бегім мысық Қазыбек биге келіп: «Мен даладағы киіктерді сауғыздым, сен де әулиемін деп жүрсің, соныңды көрсетші», – депті.
Бірде Бегім мысық жолаушылап келе жатқанда, соңына қарақшылар түсіпті. Қашып келе жатып Бегім мысық бір шұңқырға түсіп кетіпті. Қуғыншылар оны таба алмай қалады. Ертеңіне Қазыбек би баба одан: «Сен кеше не көрдің?», – деп сұрапты. Бегім мысық болған оқиғаны айтады.
Сонда Қазыбек би күліп: «Сен менімен көп дауласушы едің. Сен менің кіндігіме түсіп кеттің, атымды атамағанда аман қалмайтын едің», – деген екен.
Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз көзі тірісінде осылайша әулие атанып, қасиетті көрінген. Қазыбек бидің жас кезінде «Жаназамды шығарады» деп алып келген тілегі қабыл болып, Бегім шайқы қожа оның жаназасына келіп, өз аманатын орындаған екен. Сол 1764 жылдың қараша-желтоқсан айында Қазыбек би бабаның ауылы Жақсы Далбаның Қарағайлы бұлақ деген жерінде күзекте отырыпты.
Қайтыс боларда Қазыбек би бабадан: «Жаназаңызды кімге шығартамыз?», – деп сұраған екен балалары. «Іздемеңдер, Шығыс жақтан өзі келеді», – депті әулие. Шығыс деп отырғаны Далбаның күн шығысындағы Бегім мысық мекен еткен Балқантау екен. Арасы шамамен жүз шақырымдай. Қараша айының соңында Қазыбек би әулие қайтқанда күн суытып, бұрқасын болған екен. Бір мезетте сақал-мұртын қырау басқан бір адам: «О, құрдасым қайдасың?», – деп киіз үйге кіріп келіпті.
Бұл хабар бермесе де, алыстан келіп тұрған Бегім мысық еді. Сөре таста жатқан табытқа қамшы үйіріп, төрт рет тартып жіберген екен. Тағы қамшы үйіргенде қолын Бекболат ұстай алып: «Әкемде кеткен өшіңіз, иә болмаса, хақыңыз болса бізден алыңыз. Мәйітті қорламаңыз», – депті.
Сонда Бегім мысық: «Балам-ай, қолымды бекер ұстадың ғой. Жеті рет тартсам, құрдасымның қасиеті жеті ұрпағына кетер еді. Енді төрт ұрпағымен шектелетін болды ғой», – дейді. Шынында, бабаның ел ұстаған ұрпағы Бекболат – Тіленші – Алшынбай – Қақабаймен тәмамдалады.
Содан Бегім шайқы: «Түркістанға сәлем айтыңдар. Бие байлар кезде мен де барып қалармын», – деп жүріп кетіпті. Айтқаны дәл келіп, жаз шыға әулие бабамыз қайтыс болыпты. Киелі топырақ – Түркістан шаһарында, Әзірет Сұлтан кесенесінің маңына жерленгенін жоғарыда айтып өттік.
Қорыта айтқанда, «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» (Абай), «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген қағиданың қай-қайсысының мағынасына үңіліп, түсіне білгенге түбінде бірлікке, ынтымаққа шақырған ой жатыр. Қазақ халқының қазақтығын, елдің елдігін сақтап келген де, сақтайтын да – осындай қанатты сөздер. Қожа әулетінің тарихында Балқантау өңірінің баурайында Бегім мысық секілді танымал тұлға болғанын бүгінгі ұрпағы ұмытпай біле жүрсін. Сондықтан ынтымақ пен бірлікті қашанда ту етіп ұстаған бабалар есімін ұлықтау, ізгілікті ісін жалғастыру – бүгінгі ұрпақтың парызы!
Пайдаланылған әдебиеттер
- «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы. 6-том. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2004. – 696 б.
- Бегім мысық (Бегімшайқы) әулие // «Орталық Қазақстан» газеті, 08.07.2021.
- 3. Ұлы пайғамбар және ұрп
ақтары. Шежіре-кітап. 2-бас. – Астана: Парыз, 2009. – 360 б
АЙҚОЖА ИШАН ТЕМІРҰЛЫНЫҢ 250 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «АЙҚОЖА ИШАН ЖӘНЕ СЫР БОЙЫНДАҒЫ ТАСАВВУФ ИЕЛЕРІНІҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ МЕН ҚИЛЫ ТАҒДЫРЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫНАН





