Бұл – ар-намысты бейбітшілік үшін үн

Иран – жаһандық үстемдікке қарсы күрестің асқақ үні
2025 жылғы 13 маусымнан бастап, Иран Ислам Республикасы тағы да әлемге өзін-өзі қорғай алатын қуаты ғана емес, әділет, тәуелсіздік және зұлымдыққа қарсы тұру негізінде халықаралық дискурс қалыптастыра алатын қабілеті бар екенін дәлелдеді. Сионистік режим Иранның ядролық инфрақұрылымын жою және ұлттық рухты әлсірету мақсатында бастаған соғысы сәтсіз аяқталып қана қоймай, Иранның ислам әлеміндегі ойлау мен мәдениет көшбасшысы ретіндегі орнын бекіткен шешуші кезеңге айналды.
Иранның жауабы жылдам, дәл, ақылды әрі батыл болды. Жүздеген ирандық зымыран мен дрон сионистік режимнің маңызды әскери нысандарын нысанаға алды, «Темір күмбездің» бұзылмайтындығы жөніндегі аңызды жоққа шығарды. Жау Америка Құрама Штаттарының логистикалық және барлау қолдауына сүйене отырып, Исфахан, Құм және Теһрандағы кейбір аймақтарды бомбалады. Алайда, ол мақсатына жете алмады, керісінше, мұсылман халықтары мен еркін ойлы елдер арасында Иранға деген жаңа ынтымақ пен құрмет толқыны пайда болды.
Мәдени қарсылық дипломатиясы: Елшіліктен тыс кеңістік
Бүгінгі Иранның дипломатиясы енді дәстүрлі саяси шеңберлермен шектелмейді. Бұл дипломатия мәдениетке, исламдық болмысқа және езілгендерді қорғауға негізделген. Иранның Палестинаны қолдауы – жай саяси ұстаным емес, бұл – тарихи әрі имани міндеттің жалғасы. Мәдениет, БАҚ, ғылым мен әдебиетті пайдалана отырып, Иран әлемге өзін жаңа қырынан көрсетті: бұл – ымыраға емес, құндылықтарға сүйенетін ел; санкциялар мен ақпараттық қысымдарға қарамастан, XXI ғасырда әділет жолының алдыңғы шебінде тұрған мемлекет.
Қазақстан: Орталық Азиядағы исламдық оянудың жаңғырығы
Аймақтағы соңғы оқиғалар Қазақстанның мұсылман халқы үшін де үлкен әсер қалдырды. Ислам өркениетінде терең тамыры бар бұл елдің халқы Палестинадағы жағдайды алаңдаушылықпен және жанашырлықпен бақылауда. Қазақстандағы зиялы және дін өкілдері – студенттерден бастап мәдени белсенділерге, ғалымдар мен оқытушыларға дейін – бүгінде Иранның тәуелсіз әрі адами-этикалық басқару үлгісіне ерекше назар аударып отыр.
Иран Ислам Республикасының Астанада және Қазақстанның басқа қалаларында ұйымдастыратын бағдарламалары мен конференциялары енді тек мәдени шаралар ғана емес; бұл – екі халықтың арасындағы мәдени, рухани және зияткерлік ынтымақтастықтың символдық мәлімдемелері.
Рухани жеңіс: Иран – Ислам әлемінің жаңа тірек нүктесі
Иранның бұл қарсы тұрудағы жеңісі жай ғана әскери жетістік немесе жауап шабуыл емес; бұл – бір идеяның үстемдік құруының белгісі. Бұл идея –әділетке, адам абыройын қорғауға және үстемдікке қарсы табандылыққа негізделген. Иран осы жолда жасаған әрбір қадамы мәдени ықпалдың құралына айналуда. Бүгінгі Иранның дауысы – соғыс емес, ар-ожданы бар бейбітшілік үшін күрестің үні. Бұл үн Ливаннан Малайзияға, Дамаскіден Алматыға дейін миллиондаған мұсылман жүрегінен орын тапты.
Қазақстанда да көзқарастар жаңа бір үлгіге бағытталуда – мұнда қарсыласу тек әскери тактика емес, мәдени және өркениеттік қағида ретінде қарастырылады. Иран аймақтық ойыншы болудан асып, жаһандық дискурсқа ықпал ететін маңызды бір әрекет иесіне айналды.
Иранның үні – тізе бүкпейтін бейбітшіліктің үні
Бүгінгі Иран тек соғыс алаңында емес, ой, мәдениет және моральдық дипломатия саласында да шешуші рөл атқаруда. Ұлы державалардың мүдделері қылмыстарға үнсіздікпен айқындалатын заманда, Иранның үні – шындықтың үні. Бұл – ар-намысты бейбітшілік үшін үн, қорлыққа негізделген ымыра емес.
Бұл үн – ояу халықтардың, соның ішінде қазақ мұсылман халқының құлағына жетіп, ислам әлемінің тәуелсіз, адал және еркін болашағына шабыт беретін үн.
Әли Акбар Талеби Матин, Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі






