Бабаларымыздың мұрасын ұлықтайық
Айқожа ишан Темірұлының 250 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдары

Аса қадірлі қонақтар!
Құрметті достар!
Бабаларымыздың мұрасын ұлықтайық деген ниетіміз қабыл болып, бүгін Айқожа ишанның мешітінің, медресесі мен асханасымен қоса басқа да ғұрыптық құрылымдардан тұратын үлкен кешеннің ашылу салтанаты аясында ұйымдастырылған ғылыми конференцияның өз дәрежесінде өтетініне сенімдімін. Бұл жиынның ерекшелігі теолог ғалымдармен бірге қазақ даласына ислам дінінің қалқаны болған ұлық міндетті атқару үшін қасиетті Қаратаудың етегінен таудың тасындай шашырап кеткен Арқа, Теріскей, кейіннен тағдырдың салуымен Қытай, Ауған асып кеткен қожалардың өткені мен бүгінінің, шежіресін жинап жүрген зерттеушілер де қатысып отыр!
Расында да бабалардың жүріп өткен ізіне түсіп, олардың ізгілік жолына үңілу өте тағлымды деп айта аламын. 250 жылдық мерейтойымен қатар келген Айқожа ишан мұрасын түбіне дейін зерттейік деген оймен біздер де біраз жерлерді аралап келдік. Бабаларымыз өткен жолмен жүріп өттік. Шәкірт Айқожаның ізі қалған Самарқанға, Бұқараға, Қоқанға, Қашқарияға, Ауғанстанға, Гератқа жол түсті. Гераттан ары қарай Карух елді мекені бар. Ислам шайх Карухий 1747 жылы Карухта медресе ашқан, атамыз 1790 жылы сол жерге барып 1800 жылдарға дейін он жыл білім алған. Ишан бабамыздың оқыған жерін, медресесін көрдік. Сол жерде отырып құран бағыштап, намаз оқыдық. Біз үшін мұның бәрі өте әсерлі, тағлымды болды.
Конференцияға біздің бабамыздың ұстазы Ислам шайх ұрпақтарынан Ауғанстаннан Mohammad Islam Shikhul Islami, Atiq Karokhi Atiqullah, Өзбекстанның Самарқанд облысы Тайлақ ауданы Жұмабозор деген жерінен Ишан Баба мен оның ұлы ғалым Ислам шайх ұрпақтарының бірі Мехрижиддин Амонов қатысып отыр.
Осы күндері шығыстанушы ғалым Әшірбек Муминовтың профессорлар Тьерри Зарконе мен Неждет Тосун мырзалардың Түркістанға сапары қатар келіп, Айқожа ишанның басына құран оқып кетуге уақыт тапқанына қуаныштымыз. Суфизмді зерттеуші ғалымдар үшін маңызды сапар болды деп ойлаймыз.
Осыдан бірнеше ай бұрын басталған ізденісіміздің алғашқы нәтижесі ретінде сөзімізге арқау болғанымен, әлі де атқаратын жұмыстардың жеткілікті екенін айтқым келеді. Ислам нұрын шашқан баба жолын жалғастыра береміз, Айқожа ишанның мұрасын ғылыми айналымға енгізіп, араға уақыт салып өздеріңізбен тағы да ғылыми-тәжірибелік конференцияларда бас қосамыз деген ниетіміз бар. Қазіргі күнде әулетте сақталған шағатай, араб, парсы тілдеріндегі ескі кітаптарды аударып, қайта басып шығару ойымызда бар.
Бұл әрине, тек қана бір әулеттің мұрасы. Бұл ізденістеріміз, ізгілік жолындағы, ұлтымыздың рухани байлығын насихаттаудағы бірлескен жұмысымыздың басы болмақ.
Талғат Әзімханұлы Әшімов, Айқожа ишан ұрпағы
Құрметті конференцияға қатысушылар!
Аса құрметті ғылым жолында, дін жолында жүрген азаматтар!
Алдымен бүгінгі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының сәтті өтетініне сенімдіміз. Конференцияның алға қойған ғылыми мақсаты орындалуына күмән жоқ. Осында жиналған ғалымдарды көріп көңілім толып отыр.
Тарихтан белгілі өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдардың аяғынан бастап Кеңес үкіметінің солақай саясатынан сол замандағы қазақ халқының білімді, прогресшіл, алдыңғы қатардағы бетке ұстар азаматтары қуғынға ұшырап, абақтыға қамалып, атылып, жер аударылды. Қарапайым қара халық Өзбекстан асып, Тәжікстан, Ауғанстан асып босқыншылыққа ұшырды. Шығыстағы, оңтүстік – шығыстағылар қазақтар Қытай асты. Бас аяғы бес- алты жылдың ішінде қазақ босқыншылық пен ашаршылықтың салдарынан қырылып қалды. Сол ақтаңдақтың кесірі біздің Жаңақорған жеріндегі қыста Сырдың бойын жайлап, жазда қарт Қаратаудың бөктерін жайлаған тыныш жатқан халықтың да басына нәубет болып келді. Алдымен малды байлардың малын тәркіледі, одан ескіше оқыған, сауатты қожа-молдаларға тиісті. Оның салдарын көрдік. Бүгін 250 жылдығын тойлап, құран бағышталып жатқан Айқожа ишанның ұрпақтарыда сол нәубетті басынан кешірді.
Менің атам Әлшекей күйші орта дәулетті адам болған. Ол кісі де қудалауға ұшырап, сексеннен асқан шағында, сонау Тәжікстан асты, сүйегі сол жерде қалды. Осыдан он жылдай бұрын Тәжікстанға арнайы барып, басына белгі салып келдік. Одан «Тәжікстандағы қазақтар» деген кітаптың шығуына демеуші болдық. Оны жазған қазақстаннан шыққан тәжік азаматы, Тәжік–Қазақ достық қоғамының сол кездегі төрағасы, профессор Әбдусаттар Нуралиев. Ол кісі КазГУ-ді Ақселеу Сейдімбекпен қатар бітірген екен. Пандемияның кезінде қайтыс болды.
Кітапта Тәжікстандағы қазақтардың қоныстану, көшіп, қону тарихына талдау жасап, бізге беймәлім деректерді, материалдарды оқырманға ұсынған. Тіпті сонау Моғолстан дәуіріндегі Мұхаммед Хайдар Дулатидің жазғандарынан алып сол тәжік-өзбек жеріндегі Құрама, Лақай халықтарын өзіміздің қаңлы, қоңырат, қыпшақ және т.б. ірі тайпалар құрайтынын білдім. Сол кітапқа белгілі журналист, Айгүл Уайсованың Айқожа ұрпақтарының бірі қажы Әлмұхаммед пен оның баласы Сұлтанахмет туралы деректері де берілген. Жалпы Айқожа ишанның ұрпақтарымен тағдырлас екенімізді сонда білдім. Бұдан басқа белгілі тарихшы тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазіретәлі Тұрсұнның редакциясымен 2022 жылы шыққан «Мемлекеттік террор мен қуған-сүргіннен туған жерін тастап, Қазақстаннан тыс жерлерге (Өзбекстан, Тәжікстан) ауа көшкендердің архивтік құжаттары мен естеліктер жинағы» кітапта көрсетілгендей (95-беттен бастап) Сәруар ишанның да өте беделді діни-қоғам қайраткері, Тәжікстан асып, кейін ұсталып, «ақтаңдақтың» құрбаны болғанына көзім жетті.
Осыдан отыз жылдай уақыт бұрын, ол кезде университетті енді бітіріп, еңбекке араласа бастаған шағымда әкем Жидебай бастаған екі-үш кісіні жеңіл көлікпен алып, Ақтастағы мешітке келіп едім. Сол кезде осы Айқожа ишанға арналып, құдайы тамақ берілді. Алматыдан ғалымдар келді, академик Мұхаметжан Қаратаев пен Серік Қирабаев ағаларымызды сонда көріп едік. Ресейде оқыған мен үшін бұл әрине тосын нәрсе болды.
Ал дінге келсек. Атам қазақтың әр ауылында қожа болған, дінді насихаттаушы, сүндетке отырғызушы тек сол кісілер болатын. Аталарымыз Айқожа ишанның ұрпақтарын пір тұтып, пірге қолын берген. Алдында атып кеттім ғой тағдырласпыз деп. Біздің аталарымызбен, әкелерімізбен қатар жүрген, Айқожа ишанның ұрпақтарының бірі Шәзатхан қожаның баласы Тәжіхан ағамыз арнайы Сунақатада ауыл мешітінің имамы. Осы кісілердің аталары өмір бойы Киікші руы өкілдерінің қожасы болып, атадан балаға мирас болып, дәстүрлі дінімізді насихаттап келеді. Бұл қазіргідей әртүрлі ағымда, әртүрлі саясатты насихаттап жүрген дін өкілдерінен әлдеқайда артық, біз үшін өте құнды.
Біле білген адамға біздің басты құндылықтарымыздың бірі осы дәстүрлі ата дініміз.
Былтыр Әлшекей бабамыздың 175 жылдығын республика көлемінде атап өттік. Биыл Айқожа ишанның 250 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Алда 2028 жылы кәмпескенің басталғанына 100 жыл толады. Бұл нәрселер халықтың жадынан бірте-бірте өше береді. Осындай тұлғаларды немесе халықтың көрген нәубетін ешқашан ұмытпайтындай етуіміз керек. Еврейлер Холокостты қалай бүкіл адамзат баласының қасіреті қыла білді. Болмаса армян халқы түріктерден көрген геноцидін неге ұмытпайды, қалай оны әлемге мойындата білді?
Бізде солай ашаршылықты, босқыншылықты келер ұрпақтың жадында мәңгі қалдырумыз керек, осындай болды деп әлемді мойындатуымыз керек.
Мысалы Әлшекей туралы кітаптар жазылды, күйлері оркестрге түсті, 175 жылдығына орай былтыр Алматы, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Қызылорда, Петропавл қалаларында оркестрмен концерттері өтті. Бірақ біз кітап оқымайтын ұрпаққа тап болдық, дәстүрлі музыканы тыңдамайтын ұрпаққа тап болдық. Тик-ток, инстаграмм деген сияқты арзан дүние ұрпақтын санасын жаулап алды. Бірақ сериалдар көреді. Кино идеология құралы есебінде әлі құнын жоя қойған жоқ. Қазақ киносы әр жанрдың басын бір шалып жүр, қауқарсыз кино, сын көтермес сериалдар, арзан комедиялар жетіп жатыр. Бірақ дін туралы, діни тұлғалар туралы кино әлі жоқ. Бұл дегеніміз ұлттық діни идеология жоқ деген сөз. Еврейдің Ильф пен Петров деген екі күлдіргі жазушысы «12 үстел» деген кітабында «Дін – апиын» – деді, олар жәйдан-жәй айтқан жоқ. Ұлттық идеология қалыптастыруда дәстүрлі музыканы, дәстүрлі дінімізді, салт-дәстүрлерімізді аттап кете алмаймыз. Оларсыз ұлттық идея жоқ. Ұлттық идеясыз ұлттың болашағы жоқ. Қазір ұлттық идеология өз деңгейінде қалыптасқан жоқ. Оған өздеріңіз куәсіздер.
Бүгінгі конференцияға айтар ұсынысым, Айқожа ишан немесе оның ұрпақтары туралы босқыншылықты, ашаршылықты қамтып кинофильм түсірілсе өте керемет болар еді. «Оян қазақ» деп Міржақып туралы, Қорқыт туралы кинолар түсірілді ғой. Осы бағытта жұмыс істелінсе дінге, дін таратушыларға деген көзқарас өзгерер еді. Сонда ғана сәлде болса тарихи әділеттілікке қол жеткіземіз. Сценарий жазуға осында отырған тарихшы ғалымдар өз кеңестерін аямас деп ойлаймын. Осындағы қалталы меценат жігіттердің құлағына алтын сырға.
Оңғарбай ДӘНЕБЕКОВ, қоғам қайраткері
Айқожа ишан Темірұлының 250 жылдығына арналған «Айқожа ишан және Сыр бойындағы тасаввуф иелерінің функционалдық қызметтері мен қилы тағдыры» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдары





