Ғалымның хаты

Сөзге абай болсақ…

Ауданбай қажы Ахметжанұлы

Жалпы жанды жаратылысты Алла тағала ұжым болып, бірлесе өмір сүруге бейімдеп жаратқан. Бұған бәріміз білетін құмырсқа қауымының бір илеуде мыңдап-миллиондап тұратын өмір сүру дағдысын үлгі ретінде қабылдаса болады ғой ойлаймын. Мысалы, сіз таза ауамен дем алуға тысқа шықсаңыз, алдымен «маңайда басқа біреу бар ма?» деген ниетпен жан-жағыңа қарайсыз. Егер біреуді көрсеңіз, танысаңыз да, танымасаңыз да онымен сәлемдесесіз де, жанына жайғасасыз. Танымасаңыз – жөн сұрасып, танысып шүйіркелесіз. Бұл – адам баласының негізіне Жаратушының бірге салған қасиеті. Міне, адамның осы ерекшелігі пендені әртүрлі себептермен бірлесе өмір сүруге жетелейді. Қауым болып өмір сүре бастағаннан кейін жеке адамдардың қалауымен қатар, қауымның мүшелерінің ортақ қалауы да туындайды. Осы ортақ мүддені іс жүзіне асыруға жеке адамның мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан көпшіліктің немесе ұжымның ортақ мүддесін қорғауға арнайы адам қажет болады. Осы адамды басшы дейміз. «Ей, мүміндер! Сендер Аллаға бойұсыныңдар, пайғамбарға бойұсыныңдар, әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де. Егер бір нәрсе үстінде талас-тартыста қалсаңдар, Аллаға және пайғамбарға жүгініңдер. Егер сендер Аллаға, ақырет күніне сенетін болсаңдар, осылай істеу әрі қайырлы, әрі жақсы нәтижелі болмақ» («Ниса» сүресі, 59-аят).

Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «егер екі адам бірге жолға шықсаңдар, біреуің басшы болыңдар» десе, Анас ибн Малик Пайғамбарымыздың (с.а.у) былай деп айтқанын баяндаған: «Тыңдаңдар, бойұсыныңдар, тіпті егер сендердің үстеріңнен басы мейіздей болған хабашилік құл билік жасаса да». Басшы үнемі әділ бола бермейді. Әлбетте, егер ол Пайғамбар болмаса немесе сол Пайғамбардың тәрбиесін көрмесе, ол басшыға қателесу тән болады. Ол тіпті шектен шығып, зұлымдық жасауы да мүмкін. Алайда бұл да басшыға  бойұсынбаудың негізгі себебі бола алмайды. Пайғамбар (с.а.у.) келешек үмметі үшін қатты алаңдаған. Өйткені, үмметтің иман дәрежесі әлсіреп, болашақта әділ басшылардың азаюын Алла Оған (с.а.у) білдірген еді. Міне, сол кезде талас-тартысқа түспей, ауызбіршілік танытуды, басшыға толықтай мойынсұнып, үммет бірлігін сақтаудың бәрінен де маңызды екендігін өз өсиеттерінде қайта-қайта шегелеп айта берген. Әйтпесе, үммет қасіретке жолығып, береке-бірлігі мен тұтастығын жоғалтатындығы анық. Пайғамбардың сырын сақтаушы әйгілі сахаба Абу Хұзайфа (р.а.) Алла Елшісінен (с.а.у.) мынандай сөзді естідім деп риуаят етеді. Алла Елшісі (с.а.у.) айтты: «Сендерге менен кейін басшылар келеді. Олар  менің жолыммен жүрмейді. Менің сүннетімді ұстанбайды. Олар адам болмысында жүректері шайтанның жүректері сияқты сендердің араларындағы ер кісілерден болады». Абу Хузайфа сол кезде:  Егер мен сол күнге өмірім жетсе не істеймін? деп сұрағанымда, ол маған: «Тыңдау керек, әрі басшыларға бойұсыну керек. Тіпті ол арқаңнан ұрып, малыңды тартып алып жатса да, сен оны тыңда әрі бойұсын»,  деп бұйырды (Имам Муслим №1984). Салама ибн Иазид ал-Джуғфи (а.р.б) бірде Алла Елшісінен (с.а.у): «Я, Алланың Пайғамбары! Егер біздің міндеттерімізді орындауымызды талап ететін, бірақ өздерінің міндеттерін орындамайтын адамдар бізге билік жасаса, бізге не істеуді бұйырасың?» деп сұрады. Пайғамбар (с.а.у.) одан теріс бұрылды. Ол өзінің сұрағын екі үш рет қайталады. Әркез Пайғамбар (с.а.у.) одан теріс қарай берді. Сонда Ашғас ибн Қайс оның қолынан тартты. Осы кезде Пайғамбар (с.а.у.): «Басшыларыңды тыңдаңдар және оған бойұсыныңдар, өйткені олар өздерінің жүгін, ал сендер өздеріңдікін алып жүресіңдер» деді (Имам Муслим). Ал Ибн Масғуд Пайғамбардың (с.а.у.) былай деп айтқанын жеткізген. «Менен кейін озбырлық және сендер қоштамайтын көптеген нәрселер пайда болады». Сонда Одан: «Я, Алланың Елшісі, сол уақытты көретіндерімізге не істеуді бұйырасың? деп сұрағанда, Ол: «Өздеріңнің міндеттеріңді орындаңдар және Алладан өздеріңе тиісті болған нәрселерді қайтаруыңды тілеңдер», – деп жауап берді (Бұхари, Муслим). Осы тәріздес бірқатар өсиеттерінде Алла Елшісі (с.а.у.) үмметінің келешегіне қатты алаңдаушылық танытқан. Кесімді түрде үмметтің басына қандай ахуал түссе де басшыға бойұсынып, ауызбіршілік танытуды бұйырған. Басшылар залым, әділетсіз болса да  қылыш асынып шығудан, наразылық білдіруден қайтарған. Ол басшының әділетсіздігін айтып, шеруге шығудан, тіпті оның жаман қасиетін айтып, ел арасында өсек таратудан да тыйған. Өйткені, Пайғамбардың (с.а.у.) кесіп айтқан сүннеттерінің өзіндік  даналығы бар. Ол туралы Ибн Қаим тамаша бір мысал келтіреді: «Әр жерде пенденің иманына және амалдарына сәйкес басшы берген Алланың даналығын қарашы! Ақиқатында әр елдің амалдарының қандай екендігін басқарып отырған басшыларынан білуге болады. Егер бір ел тура жолмен жүріп, әділдікті ту еткен болса, әділ де тура басшылар ол елді басқарады. Ал, керісінше, күнә-қылмысты, алдау мен озбырлықты әдетке айналдырған қауым болса, ол елдің басшылары да істерінде зұлым болып келеді. Сондай-ақ, адамдар Алланың хақысын беруде сараңдық танытатын болса, Алла оларға ақыларына сараңдық танытатын басшыларды сайлайды. Әлсіздердің ақысын жеушілерге Алла олардың ақысын жейтін басшыларды үстем етеді. Кембағалдардан тартып алынған дүниеге Алла олардың әмірлеріне әртүрлі заңмен, көпе-көрнеу салық түрлерімен күшпен тартып әпереді. Әр елдің істерінің нәтижесі басшылардың бейнесінде көрінеді. Алланың даналығы осы, бұзық басшыларға тек бұзық, азған елге ғана үкім жүргізуге мүмкіншілік береді», «Басшы Алланың жердегі көлеңкесі сияқты. Оған қарсы шығу Алланың тағдырына қарсы шыққанмен бірдей болады. Басшысын түзегісі келіп, сол үшін де шеруге шығып, ел ішін бүлдіруді мақсат тұтпау керек. Ол өзін түзеумен арпалысуы керек». Бұл даналықты  қазақ өзінің дүниетанымында «Халық соқыр болса, патша қыли болады» деген бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. «Бұл – Пайғамбардың сүннеті» деп терең ұғынып, жеткілікті мән бермеген кісінің жағдайы шариғатта өте аянышты күймен аяқталады. Бұл сүннеттің күштілігі де сол – басшыға мойынсұнбай ел ішіне іріткі салушыларды Алла Елшісі (с.а.у.) тіпті өлтіруді де бұйырған еді. Алайда бұл сөздің барлығы басшы ел ортасында ойына келгенін істей берсін деген мағынаны бермейді. Керісінше, шариғат басшыға да тоқтам қойып, насихат етуді бұйырады. Алла Елшісінің (с.а.у.) бүкіл дін ісін қамтыған «Дін насихат» өсиетінде: кімге деп сұрағанда, басшыны да меңзегені бар. Яғни, басшыға да шынайы ықылас білдіріп, жанашырлық, адалдық танытып – насихат айтуды, жол көрсетіп отыруды міндеттейді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына хадис шәріпінде:«Сұлтан (патша) – Алланың жер бетіндегі саясы. Кім оны (патшаны) құрметтесе, Алла оны құрметтейді. Ал, оны қорлағанды Алла қорлайды», деп айтылады. Зийәд ибн Қусайб: «Бірде, мен Әбу Бакратпен бірге жұп-жұқа киіммен құтпа айтып тұрған Ибн Амирдің мінберінің жанында отырғанымда Әбу Биләл: «Бұзақылардың киімін киетін біздің әмірімізге қараңдар!» деп (басшының киіміне бола оның абыройын төкпек болды). Сонда, Әбу Бакрат дереу оған: «Үндеме! Өйткені, мен Алла Елшісінің (с.а.у.): «Кім Алла жерде патша еткен әмірді қорласа, Алла оны қорлайды» дегенін естігенмін» дейді. Басшыға бағынбау туралы айтқанда, ел құрметтеген даналарымыздың бірі Әлекең «Алаштың баласы аман қалар ма, жоқ па? Болжап болмайды. Қорқамын жалпы жұрттың қараңғылығынан, басшы боламын деп, тонын айналдырып киіп, жұрт тілегін өзінің соқыр тиынына айырбастағандардан» деуімен елдің басшыға бағыну сеніміне селкем түсірген сықылды.

Көпшілік болған соң арасында ақылдылары да, шешендері мен көсемдері де, терең білімді ғалымдары мен елдің қамын ойлайтын жомарттары да, сөз зергерлері де, сонымен қатар қақ-соқпен ісі жоқ, бала-шағасының нәпақасын еңбегімен айырған, Аллаға құлшылығынан жаңылмайтын қарапайым пенделер де көп болады. Осылардың арасында адами қасиетке жат қылықтарға бой алдыратындар да кездеседі. Бұл тағдырдың жазуы ма, әлде тәрбиеден кеткен ағаттықтан ба, немесе нәпсісін тәрбиелей алмағанынан ба? Бұл туралы Алланың кәләмі Құран кәрім мен Пайғамбарымыз (с.а.у.) сүннәлары және даналар не дейді?  Соған назар аударайық.

«Бақара» с. 73-а. «Содан кейін оларға: «Сойылған сиырдың бір мүшесімен мәйітті ұрыңдар, сонда өліге жан бітіп, өзін өлтірген қылмыскерді айтып береді», дедік. Міне, Алла өлілерді осылай тірілтеді және ақылға салып ойланар деп, сендерге осындай мұғжизаларын көрсетеді», 75-76-а. «(Уа мүміндер! Алла қанша нығметке бөлесе де, сол нығыметтердің қадырын біліп, шүкіршілік етпеген ондай қауым сендерге илана қалады деп үміттенесіңдер ме?! Расында олардың бір тобы (яғни, дін ғалымдары) Алланың сөзін тыңдайды, оның шынымен Алланың сөзі екенін түсінеді, алайда содан кейін оны (дұрыс мағынасын біліп тұрса да) әдейі бұрмалап (өздерінше тәпсірлеп, қолайларына жағатындай етіп) өзгеріске ұшырататын еді», «Олар, мүміндермен  жолыға қалса: «Біз де иман келтірдік», дейді. Ал өздері оңаша қалғанда:«Бұларың не?!Алланың сендерге білдіргендерін (ақырғы пайғамбардың сипаттарын, ерекшеліктерін) Раббаларыңның алдында өздеріңе қарсы дәлел ретінде қолдансын деп, ел-жұртқа жайып жүрсіңдер ме? деседі. Ақылға салып ойланбайсыңдар ма?».

«Юнус» с. 100-а. «Алланың рұқсатынсыз бірде-бір жан иманға келмейді. Ал ақылға салып ойланбайтындарға келсек, Алла оларға (шайтанды айдап салады да) күпірлікпен жазалайды».

«Жәсия» с. 5-а. «Сондай-ақ түн мен күннің бір ұзарып, бір қысқарып, алма кезек алмасуында, Алланың аспаннан ризық түсіріп (яғни жауын жаудырып), сол арқылы өлі жерге жан бітіруінде және желдерді мың құбылтып (әр түрлі бағытта һәм сипатта) соқтыруында ақылға салып ойлана білетін қауым үшін көптеген  дәлелдер мен  анық белгілер бар».

«Нәжім» с. 2-4-а. «Жолдастарың (Мұхаммед (с.а.у.) адаспады да, ауытқымады. Ол өз ойынан сөйлемейді. Сөйлегені көкейіне салынған уахи ғана».

«Нәпсісіне ерген адам адасады. Енді жатса да, тұрса да оның жолдасы шайтан болады»( Қожа Ахмет Йассауи).

Бір ғылыми деректе, Алашорда Ұлт кеңесінің тұңғыш төрағасы Әлихан, тегі неміс В. Радловқа «сіз қазақтың құқықсыз екенін биік орталарда айта жүріңіз» деп қолқа салғанда, ол «Құдай әрбір ұлтқа түрлі тағдырды бұйырады. Сіздер бұған көндігулеріңіз керек» депті. Мұны естігеннен кейін Әлекең Радловты көрсе, не кілт бұрылады екен, не ол кіргенде шығып кетеді екен. Бұл не? Бұл – принцип. Бұл – «Ғалым бүйтіп айтпайды, сенің қасыңда отыру – ұлтымды қадірлемегендік» деген протест, қарсылық. Шіркін, бәріміз ұлтымызды Әлекеңше қадірлесек, халықтың бір-біріне деген сыйластығы, Алладан өзіне не тілесе, бауырларына да соны тілейтін мейірімділік сезімдері тереңірек оянып, ара қатынастары жақсарар ма еді?!

Абай хакімнің әкесі Құнанбайдың (жатқан жері жайлы болсын) амалдары мен айтқан сөздерінде қаншама қарама-қайшылық болса да, ол кісі ақыл иесі ғой, оның мына сөзі: «Ел ішіндегі ағайын араздық, тасадан тас ату, мүйіздеп жарға итеру, жығылмаса аяқтан шалу қарапайым халықтан емес, бақталастық билік пен мансапқа қызығатын атқамінер, ел мықтыларынан шығып жүр емес пе?» дегенде надандық сөзін пайдалану аясының тікелей кімге қатысты екенін ашық айтып тұр ғой. Атап-атап айтылған топтың басында Құнекең өзі тұрса да, кімге қатысты екенін ол тап басып, тура айтқан жоқ па? Мұндай даналық – Құнанбайға ғана тән қасиет. Даналыққа әділдік өз деңгейінде  әсер ете алмағанда немесе дана әділдікті сақтай алмай, нәпсінің жетегінде кеткен жағдайда дананың өз ортасына тигізетін зияны Құнекеңнің өмір жолынан көрініс тапқан ғой деген ойға әкеледі.

            «Исра» с. 70-а: «Біз, расында адам баласын ардақты қылып, көптеген нығметке бөледік: оларға құрлықта да, теңізде де мініс көліктер нәсіп еттік. Таза әрі жағымды азықтарды ризық етіп бердік. Сондай-ақ оларды жаратқандарымыздың көбінен әлдеқайда үстем қылдық».

Мұхаммед (с.а.у.): «Үмметімнің екі жаман мінезге ұшырауларынан қатты қорқамын. Бұлар – нәпсіге еру және өлімді ұмытып, дүниенің соңынан қуу» деді. (Хадис шәриф – Бәриқа),  «Көркем мінез, Алланың мінезі. Ал Алланың ұлы мінезі: жұмсақтық, сабыр, айыптарды жасыру және құлдары тарапынан істелген күнәнің жазасын кешіктіру тәрізді үстем сипаттар». (Хадисты Тәбәрәни және Кәбир аусатында риуаят еткен), «Мен көркем мінездерді толықтастыру үшін жіберілдім» (Хадисті Мәлик Муаттада риуаят еткен). «Әй Алла! Жаратылысымды көркем еткенің сияқты, мінезімді де көркем ет!» деп дұға ететін (Хадисті Имам Ахмад ибн Ханбәл риуаят етті.)

«Ұлт – биліктегілермен емес, қарапайым тұрғындарымен бағаланады»  Не́льсон Холи́лала Манде́ла, ЮАР президенті. Сократтың даналығы Сократ білімдерінің шектеулілігін түсінеді, өйткені ол білетін нәрсені ғана біледі және көп нәрсені білуге ​​ешқандай болжам жасамайды. Сократтың теориясы мен трактаттары ретінде тікелей жазылмағанымен, Платонның жазбаларынан даналыққа қатысты өзінің философиясын түсінеміз. «Апология» шығармасында Платон «Сократ даналығының» ең шынайы элементін түсінуге әсер ететін Сократтың өмірі мен сынақтарын сипаттайды: «Біз өзіміздің надандығымыз туралы хабардар болғанымыз сияқты даналығымыз да бар».

Ғалым, саңлақ саһаба Әли (р.а.) «Ақылдың орны жүректе, нұры – мида» дегеніндей, ақыл мен жүректің байланысын да жоққа шығаруға болмас.

Құран кәрімнің «Әли-Имран» с. 190-а. «Ақыл иелері ғана үгіт алады»,  деп,  адамды меңзеген. Адамның басқа жаратылыстан ардақты, әлдеқайда үстем болуы ондағы басқа жаратылыста жоқ, ақылы мен әділеттілігінің арқасында. Даналарымыз Алла тағаланың адамнан басқа жаратылысқа бермеген ақылы мен әділдігіне ерекше орын берген.

Ақыл туралы қысқаша түсінік     

  Ғалымдар ақыл-ойды пайым және парасат деңгейінде қарастырған. Пайым – ақылдың табиғи күші, ол әрбір адамға тән. Парасат ойдың мүлдем жаңа таным-білімдерді қорыта алатын және шындықтың аса терең мәнін танып біле алатын жоғары жасампаздық қабілеті деген. Ақыл-ойдың дамуының ең жоғарғы дәрежесі – даналық (өмірлік тәжірибеге сүйенетін терең ақыл).

Бір парсы кемеңгерінен: «Адамның ақылдылығы неден?» деп сұрайды. Кемеңгер: «Ақылды адамда оны ақылды етіп көрсететін жеті белгі бар: Ол – өзіне зәбір берген адамның күнәсін кешіре біледі. Өзінен жағдайы төмен адамға жақсылық жасап, өзінен жоғары адамға кішіпейілдік білдіріп, әр кезде Раббысын еске алып (зікір етіп) жүреді. Ол анық біліп тұрса ғана айтады және сөзі пайдалы болуы үшін ол сөзді қай уақытта айтуы керек екенін жақсы біледі. Егер бір қиындыққа тап болса, көмекті Алла тағаладан сұрайды. Сондай-ақ, надан адамның да жеті белгісі бар: Адамдарға тұрпайылық (қатігездік) танытып, оларды ренжітіп жүреді. Өзінен жағдайы төмендерге қысым көрсетіп, билік иелері мен әмірлердің алдында менмендік танытады. Сөйлегенде білмей сөйлеп, айтуға тиісті кезде үнсіз қалады. Қиындыққа тап келсе, шыдай алмай өзін құртуға дейін барады. Қайырымдылық істерден теріс айналады», деп түсіндірген.

Адам үшін мінездің маңызы өте жоғары. Мінездің негізі: білім, ашу және шауһат-құмарлық күштері мен үшеуінің арасында тұратын әділдік күші.

Гарвард университеті заң факультетінің кіре берісіне қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 135-аяты жазылған тақтайша ілініп қойылған екен. Бұл аятта әділдіктің ең үздік түрі сипатталған: «Әй мүміндер! Әділдікте мықты тұрып, егер өздеріңнің, әке-шешелеріңнің және жақындарыңның зиянына болса да, Алла үшін айғақ болыңдар; бай немесе кедей болса да. Өйткені Алла, екеуіне де тым жақын (Олардың халін біледі). Нәпсіге еріп, әділдіктен ауытқымаңдар. Егер тілдеріңді бұрып, шындықты бұрмаласаңдар, шәксіз Алла не істегендеріңді толық білуші».

Әділеттілік – біреудің әрекетін әділ адамның әрекеттерімен салыстыру. Бірақ әділдік түсінігі әр дәуірде әртүрлі болады. Бұл орайда, шариғат ғылымының білгірі, Имам Ғазалидің  өмірдегі кейбір маңызды амалдардың тәртібі туралы  еңбегін еске алу қажет шығар. Әділдік күші ашуды, шауһат-құмарлықты, білім күштерін ақыл мен шариғат шеңбері аясында ұстауды білдіреді. Әділдікті ақылдың шешімін орындататын тұлға деп таныса болады.

Білім күшінің қасиеті ақ пен қараны, халал мен харамды, жақсы мен жаманды ажырата білуімен өлшенеді.  Ашу күшінің игілігі ашу-ызаны ақылмен тежеу және басқара білуінде. Ашу күшінің әділ болуынан батырлық қасиеті туады. Ал мөлшерінен асуы ашушаңдыққа әкеліп, ашу қысқан сәтте естен айырып, қылмысқа – жазықсыз адам өлтіруге, қинауға, зорлауға себепкер болса, төмендеуі қорқақтыққа әкеледі.

Батырлық қасиеті дегеніміз не?

Батырлық адамгершіліктен, жауапкершіліктен туады. Сол сәтте сіздің ғана қолыңыздан келетін, бірақ сізге де қаупі зор амалдан қорқып, тартынып қалмай, басқаны құтқарсаңыз – сіз батырсыз. Мысалы, адам суға батып барады делік, маңайда сізден басқа ешкім жоқ болса, суға батып бара жатқанның аман қалуы сізге ғана байланысты. Бірақ суға батып бара жатқан адам сізге жармасып, еркінен тыс екі қолыңыздан құшақтап алып сізді өзімен бірге суға батыру қаупі де жоғары. Міне, осы қауіпті амалға барып, суға кетіп бара жатқан адамды құтқарған адам – нағыз батыр. Немесе, трассада қатты жылдамдықпен келе жатқан машинаның алдынан жас бала оқыс шыға келгенде, машина тоқтап үлгермей, баланы қағып өтетін сәт жиі кездеседі. Осы сәтке куә болған азамат баланы жолдан алып үлгеремін деген үмітпен  жолға ұмтылады. Бұл –  қас-қағым сәт қана. Егер осы сәтте баланы жолдан алып үлгерсе –  баланың да, өзінің де өмірін сақтағаны. Егер үлгермесе, баламен бірге өзінің де опат болу қаупі өте жоғары. Міне, өзгеге қайырымдылық үшін өз өмірін қауіпке тіккен адам – батыр. Қолына найза алып, садақ ұстағанның бәрі батыр емес, жауға жалғыз шауып, дара ерлік көрсеткен – батыр. Батырлық – өз қарақан басынан бұрын, ел қамын ойлау, өз жанұясынан Отанының мүддесін биік қою. Батырлық – сол сәтте басқаның (оқиға болған сәтте ол жерде ешкім жоқ) қолынан келмейтін қауіпті іске бару. Міне, батырлық – өз өміріне төнген қауіптен қорықпай, басқаға жақсылық жасауға ұмтылу. Әлді-күштілер – батыр емес. Оларға Алланың берген және алдына қойған мақсатына жетемін деп тер төккен үздіксіз жаттығуының нәтижесінде қол жеткізген дене әлділігі. Олардың мақсатына қол жеткізуге төккен тері мен төзімділігі – мақтауға лайық амал.

Заман өзгерген сайын пенденің өмір сүру салт-дәстүріне де, түсінігіне де, адамның ақыл-парасатының өсуіне әкеледі. Халықтың батырлық туралы ерте кездегі түсінігі мен қазіргі уақыттағы түсінігінің арасы жер мен көктей. Ертеректе халқымыз барымта алуды батырлықтың белгісі ретінде қарастырған. Заң басқа – заман басқа уақытта халқымыздың барымтаны батырлыққа теңеуін түсінуге болатын шығар. Ол заманда заңның нашарлығынан ба, халықтың қазіргі сот жүйесінің міндеттерін атқаратын билердің шығарған билігі орындалмаған жағдайда қазіргі сот билігін міндетті түрде орындататын сот орындаушысы сияқты билердің шешкен билігін орындатушы жүйенің болмауынан ба, билердің шешкен билігінің орындалуы төмен болғандықтан ба? Басқаға кеткен ақысына барымта алу және пайдасы үшін неғұрлым алыс жердің тұрғындарының малын барымталау ел арасына көп тараған әдетке айналған.

Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кенті мен Атасу станциясы аралығындағы екі төбе Ақпан және Бәйеш аталады. Бәйеш бастап түркімендерден барымта алады. Барымта алуға барғандарды мал иелері біліп қалып, арасында төбелес шықса –  барымташылардың кімдер екенін білдірмеу үшін бір-бірінің аттарын атамайтын жазылмаған заң болған.  Барымташылардың мал алғанын білген түркімендер қуып жетіп, ұрыс шығарғанда түркімендер арасынан бір адам қаза болып, барымташылардың біреуі байқамай Бәйештің атын атайды. Осыдан  барымташылардың басшысының аты Бәйеш екенін білген түркімендер жыл өткеннен кейін келіп, Бәйештің аулын жүз адаммен қоршап, еркек кіндіктілерді екі-екіден қосақтап бір атқа мінгізіп, ауылдан күншілік жерге шығарып алып, арасынан Бәйешті тауып өлтіріп, қалғанын жаяу қалдырып кетеді. Міне, ешқандай өзара қарым-қатынасы, алық-берігі жоқ түркімендерден мал алып, оның үстіне кісісін  өлтіру нағыз қарақшылық  емес пе?! Анығын Алла  біледі. Жоғарыда аталған барымтаға себеп болатын амалдардың ең бастысы, ол кездегі ел мен елдің, мемлекет пен мемлекеттің арасында ресми бекітілген, күзетілетін, бейсауат жүргіншілерді өткізбейтін шекаралардың болмауы, оңай олжаға қызықтыратын «күлшелі бала» болғандықтан ба, барымта есе қайтарудың да, пайда табудың да, атақ шығарудың да қоздырушысына  айналған заман болатын.  Барымташының оспадар ісін батырлыққа балап, атын төбеге қойдық. «Заманына қарай амалы» демекші, ұрлық жасау қарқын алған заманда бұл өзін-өзі ақтаған амал болып есептеліп, барымташылар да батыр атанған болар.

Бір еске алатын оқиға – болыс Шоң мырзаға елдің жақсы-жайсаңдары жиналып, ел арасында батыр атанған «барымташы – Шәріппайды жер аудартыңыз» деген арыз айтады. Шоң мырзаның алдына ел жиналғандағы әдеті әрлі-берлі жүріп, сөзін үш қайтара айтады екен. Осы әдетімен жаңағы жақсылардың өтінішіне тура жауап бермей, «егер Шәріппайды жер аударттырсақ, Қаракесек, Қуандыққа бие сауғыза ма, торсығын керегенің басына ілдірмей ме?» дегенде, Шәріппайды жер аудартуды өтінгендер аузын жауыпты. Сол заманда жаңағы аты аталған Шәріппай секілді батыр атанғандар жүректілігінің, дене әлділігі мен қаруды епті пайдалана білуінің арқасында он-онбес адамға тайсалмай қарсы шыға алатындығынан батыр атанған. Бұл жерде адамның қарсыласының көптігінен жасқанбай, «мерт боламын-ау» деген  қорқыныш  ойламаған жүректілігі – батыр деп атауға лайық.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button