Шығыстанушының шығар биігі алда
(Шығыстанушы-ғалым Әшірбек Муминов туралы)
Осыдан оншақты жыл бұрын Қазақстан халқы ассамблеясының жобасы аясында Ыстық көл жағалауында үлкен шара өтті. Бұл кездесудің ортасында, қырғыздардың қадірлі қонағы ретінде Мұрат Мұхтарұлы Әуезов те болды. Әңгіме барысында Мұрат аға шығыстанушы Әшірбек Муминов атты ғалымның телефонын беріп, жолығуға болатынын айтты. Ол жылдары дәстүрлі ислам дініміз туралы көп айтыла бермейтін, ал ислам ағартушыларының мұралары қалың көпшілікке жете қоймаған кезі еді. Содан да болар осы саланың білгір маманы – Әшірбек Құрбанұлымен танысуға асықтым.
Ол кезде ғалым Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында директорының орынбасары болып қызмет атқарады екен. Сабақты ине сәтімен келіп, республикалық басылымда ғалыммен сұхбатымыз жарық көрді. Осы кездесуден кейін хабарымыз үзіліп, мен жұмыс бабымен Алматыдан Астанаға кеттім. Бір хабарласқанымда Әшірбек Муминов Жапонияда жүр екен. Енді бірінде немістің Рур университетінде профессор Штефан Райхмут жетекшілігімен екі жылдық докторантурада оқып жүргенін білдім. Содан бері ғалымың аты естілген жерде елең ете қалып, оның ғылыми жетістіктерін қадағалап, тілектес болып жүруімнің бір себебі бар. Ол, Әшірбек Құрбанұлының зерттеу тақырыбының өте тартымдылығында еді. Яғни, бізді қызықтыратын, Орта Азиядағы ислам тарихы мен қазіргі ахуалы – ғалымның зерттеулерінің негізін құрайды.
Арада көп өтпей қазақ руханиятында үлкен орыны бар оқиға болды. Әшірбек белгілі қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтың ата-тегі туралы үлкен еңбегін жариялады. Бұл ғалым тарапынан үлкен ізденістің нәтижесі болды. Өз әулетінің шежіресін жазып, ата-баба алдындағы борышын өтеген Мұрат Мұхтарұлының бұл қадамы да қоғамда, әсіресе қожалар арасында үлкен резонанс тудырды. Біріншіден қожалар тақырыбы ғылыми айналымға еніп, оның дәстүрлі дінімізді айқындап, өзіндік келбетімізді сақтауға да мол үлесі болды. Соңғы ғасырларда қуғындалып, мұрасы жоғалуға жақын қалғанда қазақстандағы қожалар әулеті өз шежірелерін аңыз-әпсаналарын түгендеп, тарих, таным бағытындағы зерттеулерге жол ашты. Бұның басында, қалыптасқан қоғамдық пікірді өзгертіп, ата-тек тану мәселелеріне кең мағына беріп, ғылымдағы орынын айқындады.
«Бүтін дүниенің адамы»
Бірде өзбек тарихшысы Бахтияр Бабаджанов әріптесі туралы былайша пікірін айтқан еді. «Әшірбек бірінші болып 1989 жылы ғылымда орта ғасырлық дін ағартушылары туралы тақырыпты бірінші болып көтерген ғалым. Ол кезде барша түркіге ортақ дәстүрімізге лайықталған исламды жоққа сайып, ресми ғылыми айналымға түспеген кезі еді. Ел ақсақалдарының қолдауымен насаб-намаларды жинақтап, оны еуропалық ғалымдармен бірлесе отырып, орыс-ағылшын тілдеріне аударып, екі томдық етіп басып шығарған да Әшірбек еді. Ол Орта Азиядағы ислам мәдениеті, фикх және ислам заңнамасын жақсы меңгерген ғалым. Біз оны өзіміздің ғалым деп айтамыз. Сіздерде «біздікі» дейсіздер, бірақ Әшірбектей ілімдардың мемлекеті болмайды. Ғалым – бүтін дүниенің адамы. Ол жақын досым, жақсы көремін, кәсібіміз ортақ болған соң жиі мәслихат құрып тұрамыз» деген-ді.
Бахтияр аканың «өзіміздің» дейтін себебі бар. Әшірбек Муминов – 1959 жылы 18 шілдеде Ташкентте дүниеге келді. Мектепті алтын медальмен бітірген соң, ТашГу-дің шығыс тілдері факультетінің араб тілі бөліміне оқуға түсіп, 1982 жылы филолог-арабист, араб және ағылшын тілдері мен әдебиетінің оқытушысы» мамандығын алады. Университеттен кейін өзбек ғылыми академиясында ғылыми жұмыстармен айналысады. Кеңестер одағы Ғылым академиясы исламтануға ден қойғанда таңдау Әшірбекке түсіп, СССР Ғылым академиясының шығыстану институтының Ленинградтық бөліміне аспирантураға жібереді.1987-1990 жылдары академик И.Ю.Крачковскийдің араб кабинетінде С.М.Прозоровтың жетекшілігімен ғылыми жұмысына кіріседі. 1991 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетіне, араға жылдар салып, 2013 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің дінтану кафедрасына меңгершісі болып қызметке келеді. Бұл кезде ғалымның зерттеу аясы айшықталып, қомақты еңбектері әлемдік шығыстану саласында өз бағасын алып үлгірген-ді. Әшірбек Муминов – кодикология и палеография, Орта Азиядағы шығыс қолжазбалары және эпиграфика, Орта Азиядағы Әбу Ханифа діни-құқықтық жүйесі, теологиялық пікрлер мен қасиетті жерлер мен әулиелерге зиярат ету сияқты мәселелердің білгір маманы ретінде ислам танушы ғалымдардың көшбасшысына айналды.
Қызыл Шами Дамулланың іздері
Үстіміздегі жылдың сәуірінде Санкт-Петербург қаласындағы Еуропа университетінде Кеңестік кезеңдегі ислам тарихы туралы халықаралық конференция өтті. Девин ДеВиз, Шихалиев Шамиль, Владимир Бобровников, Михаель Кемпер, Paolo Sartori, Сергей Абашин, Алексей Хисматулин, Альфрид Бустанов, Бахтияр Бабаджанов сияқты ғалымдардың басын қосқан жиынға Әшірбекке еріп мен де бардым. «Еріп бардым» деуімнің мәні бар. Себебі, жайшылықта аттылыға сәлем бермейтін ғалымдармен танысып, бір мезетте атақты шығыстанушылармен сұхбаттас болудың тамаша мүмкіндігі Әшірбектің арқасында болды десем артық айтпағаным болар. Осы сапарда Әшірбек Құрбанұлының ұстазы, шығыстанушы академик С.М. Прозоровпен, және Ресей ғалымдары Сергей Абашин, Ефим Резван және ташкенттік шығыстанушы Бахтияр Бабаджановпен кең отырып сөйлесудің сәті түссе, ал басқа да жоғарыда аттары аталған ғалымдардың пікірін біліп, бүгінгі күнгі ислам мәселелеріне қанығудың мол мүмкіндігі болды. Конференцияда Әшірбек Құрбанұлы бояуы кеппеген «Ханафитский мазхаб в истории Центральной Азии» кітабын таныстырып, Шами Дамулла туралы зерттеуін талқыға салды. Шами Дамулла деген атпен белгілі – Са‘ид ибн Мухаммад ибн ‘Абд ал-Вахид б. ‘Али ал-‘Асали аш-Шами ад-Димашки ат-Тараблуси (1867-1932), конференцияға тақырып болып отырған коммунистік қоғам кезіндегі белгілі тұлға. Ғалым өз зерттеуінде оның жеке өмір шығармашылығы мен оның шәкірттерінің қызметіне тоқталып, Ташкентте сосын барлық Орта Азия елдеріндегі діни ахуалға ықпалы болғанын білдірді. Саралай келе, оның ықпалы исламның орта азиялық дәстүрлі формасын жоққа шығару, тек қана Құран мен хадистерді негізге ала отырып, оның фундаментальді жағына мән беріп, реформаланған исламды түсіндірді. Діни білім беру саласында тек араб тілдерін ғана оқытып, ханафит мектебінің беделді кітаптарымен қоса, ескі дәстүрлі парсы және түркі мәтіндерін жоққа шығарып отырды. Бұл жүйе кеңестер кезіндегі Орта Азия мұсылмандарының діни басқарамасында орын алып, оның ізін жалғастырушылары да осы жолдан танбағаннын айтты. Бұл әрине, кеңестік кеңістіктің діни ахуалына қатысты тұжырым еді.
«Кун коллекциясы» қайда?
Ғалым сөзінің қортындысында Дамулланың большевиктер тарапынан қолдау тапқанын, 1932 жылғы өлді деген деректі жоқ шығаратын мәліметтерін барын айтып, оның ұштығы Мәскеу мұрағаттарынан шығатынын, елуінші жылдары дүниеден өткенін айтып, сонда жерленген болуы керек деп болжам жасады. Бұл тұлғаға ерекше тоқталуымыздың себебі қазіргі салафизм идеясы кеңестер кезінде негізі қаланып, дәстүрлі мазхабымыздан айыруда да қызылдардың ізі жатқанының дәлелі еді.
Әшірбек Муминов орта ғасырлық ислам ағартушыларының мұрасын зерттеп, үзіліп қалған алтын арқауымызды жалғастыруды алға қойған ғалым. Біздің бұрынғы өткен ғұлама ілімдарларымыздың, ата-бабаларымыздың мұрасын зерделей келе, күні кешеге дейін қазақ жеріндегі медреселерде оқытқан еңбектерді қалпына келтіре отырып, сенімді бекітіп, дінімізді толықтыру керек дейді. Түркі дүниесінде беделі болған дін ағартушыларының мұрасын меңгере отырып, ата-бабаларымыздың ұстанған жолын жалғау үшін ізденіс үстінде. Дені қазақтың ойындағысын айтып, жоғалтқанына жеткізгені үшін де ғалымның беделі жоғары. Академиялық ғылымда аты бар, дүниежүзі шығыстанушылары мойындап, әрбір пікіріне құлақ түретін ғалым Әшірбек Муминовты «бүтін дүниенің адамы» деп, әріптесі дәл айтқан екен деп ойладым.
Нева жағалауында өткен күндері қазақ ғылымы үшін маңызды оқиға өтті. Астанадан келген топ Ресей ҒА Шығыс қолжазбалары институтында болып, ғылыми кеңеске қатысты. Сол кеңесте Л.Н.Гумилев атындағы университет пен аталмыш институттың арасында шәкірт алмасу және ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу бойынша келісімге қол қойылды. Бұл өте маңызды шара еді. Ғылыми ортада «Кун коллекциясы» деп аталатын, әлі ғылыми айналымға енбеген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің барлық құжаттары осы институтта жатыр. Ресей шығыстанушысы Александр Кун 1968-1882 жылдары Түркістан генерал-губернаторлығында ірі шенеуік болып қызмет еткен. Түркістан өлкесіндегі 15 жылдық қызметінде жүріп, қазіргі күні 300 мұрағаттық істің басын құрайтын, 4000 мыңдай тарихи құжаттарды өзімен ала кеткен. Енді осы құжаттарды зерттеуге қол жеткізіп, ғылыми айналымға қосуға ат салысуға біздің жас ғалымдарымызға мүмкіндік ашпақ ниеті ғалымның қамдап келген шаруаларының бірі екен.
Одан кейінгі кездесуіміз институттың Араб кабинетінде өтті. Әл елдерде жүрген атақты ғалымдар, С.М.Прозоровтың шәкірттері сұхбат құрып, атқарылып жатқан жұмыстары жайын айтып жатты. Осы отырыста олардың ұстазына құрметін, Ұстаздың шәкіртіне ықыласын байқадық. Қазақстандықтарды үлкен құрметпен қарсы алған ресейлік ғалымдардың ортақ істі бірлесе атқаруға дайын екендігі тағы қуантты.
Көмусіз жатқан сүйектер – сүйекке таңба емес пе?!
Ресей Ғылым академиясының Шығыс қолжазбалары институты мен іргесін Петр патшаның өзі қалаған Кунсткамера мұражайының арасы жап-жақын. Неваның қос жағалауын қосып отырған көпірден өтсеңіз болды, қол созымдай ғана жерде. Мұнда қазақтың дәстүрі мен ежелгі тарихына ерекше ден қойып, қазақ даласын аралап, зерттеп жүрген ғалым, мұражай директорының орынбасары Ефим Резван жұмыс істейді екен. Амандаса барғанымызда, Әшірбек Муминовты құшақ жая қарсы алып, өткен жазда ғана Қазақстандағы соңғы экспедицияның нәтижесімен таныстырды. Тек ғылыми алаңда кездесетін әріптестер емес, етене жақын достар ретінде де ғалымдарыдң әңгімелері жарасты. Астанаға ұшар алдындағы аз уақыттың айналасында ғана тілдескенімізге қарамастан, мол мағлұматты беріп үлгерген Ефим Резван құдай қаласа, Түркістан өңіріне тағы да сапарлап келетін айтты. Сөздің реті келіп қалғанда осы мұражайда болуы мүмкін-ау деген оймен Кенесарының басы туралы сұрап қалдық. Ефим Резван бүкпесіз жауап берді, «Сіздің елдің басқа да батырларының сүйектері бар, ал Кенесарының бас сүйегі мұнда жоқ» деді.
Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін, жоғалтқанын іздеу заңды нәрсе. Бірақ, оның ішінде ардың ісі деп мән беріп, символға айналған қазақтың жоғының бірі – хан Кененің бас сүйегі. Рас, ізі шықпай жатыр. Дегенмен, кімдікі болса да сүйекті көмусіз қалдырмаған халықпыз. Кунсткамераның жертөлесінде жатқан әрбір бас – артындағы ұрпағының сүйегіне таңба болып түспесі үшін оны алдыру керек. Мұндай сауапты істе Әшірбек сынды ғалымдардың беделі мен пікіріне құлақ түрген жөн. Отарлыққа қарсы шығып шейіт болғандардың бәрі батыр, бәрі де ханның басындай қастерлі. Олардың аруақтары риза болса, көп ұзамай Хан Кененің сүйегіне қолымыз жетер. Қазақы дәстүріміздегі ислами сеніміміздің қыр-сырып зерттеп, оның құдіретін сезінген ғалым да осы ойды құптайды. Тек қолға алар белсенді жандар болса…
Нева жағалуындағы аз күнде тағы бір қазына жайлы естідім. Ол кезінде қазақ хандарының бірі орыс патшасына сыйға берген күміс сандыққа салынған құнды қолжазбалардың дерегі еді. «Күміс сандығы сіздерге тарту, ішіндегі қолжазбаларымызға қалай қолымыз жетеді?» дегенге, жауап таппадық. Кім біледі, еліміздің жас ғалымдары жұмыстарын бастаса, іздегендері алдарынан шығар.
Бүгінде Әшірбек Муминовтың да шәкірттері жетіліп, оларда шығыстану ісін жаңа сапаға көтерді. Қазақ тарихының орта ғасырлық шежіресін жинақтап, орта ғасырлық түркі ғалымдарының мұрасын зерттеп, олардың ислам дамуындағы үлесін айқындау арқылы өз сенімізді ұлықтауға үлес қосқан академиялық ғалымдардың бірегейі Әшірбек Құрбанұлының шет жердегі бір сапарының сыры осындай еді.
Айгүл УАЙСОВА
Ғалым еңбектерінің бір парасы: Насап-нама. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Орта Азиядағы ислам дінінің таралуы және қасиетті әулеттер: Ысқақ Бабтың мұрасы нарративтік және шежірелік дәстүрлерде. 2-том. XIX-XXIғ. XII-XVI ғасырлардағы шығармалардан үзінділер. ‘Абд ал-Кадир ибн Мухаммад-Амин. Маджма‘ ал-ансаб ва-л-ашджар. Алтын Орда тарихына қатысты материалдар. I том. XVIII-XX ғғ. Сопылық шығармалардың каталогы. ӨР ҒА Әбу Райхан ал-Бируни атындағы Шығыстану институты жинағы. «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының араб графикасындағы қолжазбалар каталогы. Сафи ад-Дин Орын Қoйлаки. Насаб-нама. Ауыз әдебиеті тарихи дереккөз ретінде, Әбу Ханифаның образы Орта Азияның тарихи-биографиялық әдебиетінде, Маңғыстаудағы араб графикасындағы ескерткіштер Қазақстан тарихы мәдениетінің дереккөзі ретінде. VI-VIII/XII-XIVғ.Сырдария аймағындағы ханафиттер, Бұхарадағы Ходжа Мұхаммад Парстың вакф кітапханасы, Ибн ал-Фувати Орта Азияның тарихы жайлы, Орта Азиядағы исламдану процесін зертеудің жаңа жолдары, «Зайырлы исламның» қалыптасуындағы Шами-дамулла және оның ролі, Ғұламалар және исламдағы радикалдық, Орта Азиядағы ислам: көшпелі ортадағы ерекшеліктер, Мұхаммаджан Хиндустани (1892–1989) және оның дәуірінің діни ортасы, Дукчи-Ишанның кітапханасы // Манакиб-и Дукчи Ишан (Докчи Ишанның жасырын ғұмыры – 1898 жылғы Әндіжандағы көтерілістің жетекшісі). Қазақстандық қожалар// Shigis (Восток). Матуриди кезеңі және ислам ғұламалары, Түркістанды исламдандырудың Қокандық версиясы, Ортағасырлық Орта Азиядағы ғұламалар түсінігіндегі зайырлық пен дін, Абд ал-Гафур Туркистани және оның сапарлары жайлы әңгімелер, 1917-1943 жж. Өзбекстандағы мұсылмандық білім. ‘Абд ар-Рахим-баб, Арслан-баб, Исхак-баб, Исхидж-баб, Мухаммад Парса, Мовароуннаҳр ҳанафий фиқҳы, Орта Азиядағы дәстүрлі және заманауи каламдық мектептер, Ясауиа мектебінің пайда болуы, Йасауиа мектебінің тарихын зерттеудегі жаңа бағыттар.